АБАЙ - САТИРИК

Сатира терминінің шығу тарихы һәм этимологиясы хақында түрлі болжам-түсініктемелер айтылып жүр. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, ежелгі гректерде жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы Дионистің ән салып, би билеп жүрген жолсеріктерін «Saturos» деп атаған. «Сатира» сөзі осыдан шықса керек. Ал басқа бір зерттеушілердің айтуынша, бұл терминнің түп негізі латынның «Satira» – «смесь» – «аралас, әр нәрсенің қосындысы» сөзінен бастау алған деседі. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды Satura деп атапты. Әлқисса.

Күні кеше Ұлттық академиялық кітап­ханада Қазақстанның Еңбек сіңірген қайрат­кері, Президент сыйлығының лауреаты, белгілі сықақшы Көпен Әмірбектің «Абай – сати­рик» атты әдеби кеші өтті.

«Абайдың сатирик екенін әуелі Мұхтар Әуезов жазды. Кейін хакім сатирасын зерттеп, дәлелдеп жазған біздің ұстазымыз – Темірбек Қожакеев. Ол кісі үлкен еңбек жазды. Атауын да өзінің мінезі секілді айғайлатып қойды – «Абай – сатирик». Бүгінгі кештің тақырыбы да осы еңбектің негізінде алынып отыр», деп сөз бастаған Көпен Әмірбек сатираның арғы-бергі тарихына тоқтала келе: «Сатира өз ішінде түрлі жанрға бөлінеді десек, осы әзіл-сықақтың түр-түрін Абай ақын шығармашылығында жақсы пайдаланған және оны жаңғыртқан, жаңартқан, дамытқан», деп хакімнің сықақ өлеңдерін оқып, талдады.

 «Абайдың алғашқы өлеңі қалай шықты?.. Бір күні түйелердің ішінде екі аттылы келе жатыр екен. Әйел мен оның ағасы болса керек. Жауыр ат жетектеген келіншек төркіндеп келіпті. Төркіні әлгі әйелге көңілі қалмасын деп жауыр ат мінгізе салған екен. Сондағы айтқан Абайдың ауызша өлеңі:

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркініңнің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды ұрайын бірге туған.

Ақынның алғашқы өлеңі лирика ма – сатира. Міне, Абайдың бойындағы құндылық қайда жатыр».

Әдеби кеш барысында дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали Абай әндерін орындаса, мектеп оқушылары ақынның сатиралық өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кезекті әңгіме ауанында хакімнің «бірқақпайларын» сөз еткен сатирик:

«Абайдың сатирасын Темірбек Қожакеев ұс­таз үшке бөлген. Соның ішінде бір бөлі­гі тұрмыстық эпиграммалар – құрбы-құрдас­­тарына, замандастарына арналған бірқақ­пайлар. Өсекшіл, ел арасын алатайдай бүлдіріп жүрген Көжекбайға арнаған арнауында:

Шіркінде ес болсайшы сезед деген,

Әкімге өсек тасып безектеген... – дейді.

Мысық үй ішінде кез келген жерге жатпайды. Биіктеу жерге, төсек үстіне шы­ғады. Сол Кө­жек­байға Абай айтқан екен: «Көжекбай кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мына мысық сияқты» деп. Бұдан артық қандай сатира керек?!.» деп Абайдың көрген, өскен ортасына тоқталды. «Абай Біржанды қонақ қылған. Әсеттің әнін тыңдады. Дулат, Шөже, Кемпірбайларды көріп өсті. Осындай ортада өмір сүрген Абай қалайша са­ти­радан құр­алақан қалмақ. Оның Қантай мен Тон­тай деген шаншар нағашылары бол­ды. Кере­мет қуақы, усойқы, әзілкеш, айна­ласын қыран-то­пан күлкіге бөлеп жүретін наға­шылары да ақынға әсер етпей қойған жоқ».

Көпен Әмірбектің сөзіне қарағанда, Абай­дың сатирасы алғаш жазған өлеңінен бастап, «Болыс болдым мінекиге» дейін жалғасып, қо­ғамның түрлі кейіпкерлері мен мінездерін өлең­дерімен сынап, сықаған.

Егемен Қазақстан