"ЗАМАНДЫ ҚАЙ ЖАН БИЛЕМЕК?..."

 

«Тоты құс түсті көбелек» – заман мен адам қарым-қатынасы туралы толғау. Абай оны өмірінің соңғы кезеңінде (1902) шығарған. Үш шумақ өлең өзегі – заманды кім билемек деген түйткілде. Фәни өзгермелі, алдамшы, онда қай қағида салтанат құруы керек? Сананы тұрмыс билесін бе, әлде тұрмысты сана билесін бе? Жалпыадамзаттық мәңгілік сауал осы. Абай осы хақында айтқан даналық ой-танымды дұрыс түсіне алсақ ғанибет болары сөзсіз.

Заманды билемек өзімізге мәлім қоғамды билемектен өзгерек (соңғыны төменіректе сөз етеміз).  Көкірегі ояу, саналы адам тәннің, яғни нәпсінің ырқына көнбей, керісінше, оны өзі билеп, басқармақ. Абай «толық адам», «кәміл мұсылман» дейтіні осы жан. Нәпсіні ауыздықтай алған, кәмәлат шыңына жеткен кімдер? Олар: пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. «Тасдиқ» трактатында (қазіргіше 38-сөз) Абай осыларды атап айтады, яғни заманды билеу осы төрт топ өкілдерінің еншісі екенін білдіреді. 

Осымен, өлеңге зер салайық. Алғашқы шумақта асылымыз Абай: 

Тоты құс түсті көбелек,
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек, – деп көбелек пен бәйшешек образы арқылы табиғат заңы – түрлену, өсу, өшу мен ауысу екенін шебер өрнекпен жеткізеді. Адам да сол табиғат заңына бағынышты: балалық шақ, орта жас, ақырында кәрілік жетпек. Заман – соққан желдей құбылмалы, ал ғұмыр – қамшының сабындай қысқа. Алла адамзатты не үшін жаратты? Оған не керек, не бітірмек? Бұл турасында Абай былай дейді: 

Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Қарекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек. 

Зейін қоя оқысақ, үш қасиетті (жүрек, қайрат, ақыл) көреміз: сүймек – жүрек ісі, қам-қарекет қылмақ – қайраттан шығады, ойлап сөйлемек – ақылдың ісі. Осы үш қасиет әр адамның өмірін сипаттай алады. Бірақ, толық адам болу шарты – үш қасиетті бірдей ұстау һәм ақыл мен қайратты жүрекке бас ұрғызу. Сонда ғана сана тұрмысты билейді, екінші түрде айтсақ, шындық (екінші аты – әділет) салтанат құрады. Қайрат – ізгілікке, ал ақыл – ғылымға қызметші болады. Бірақ өмірде есті кісі аз, заманға күйлеген жаман көп. Неге? Оған себеп мынау: Алла пендесіне ерік те берген. Ол таңдау еркі: өмір сүрлеуінің бірі – жан тілеуі, екіншісі – тән тілеуі. Екеудің қайсын таңдауы, яғни заманамен қарым-қатынасы – әркімнің өзін-өзі тануы мен жетілу деңгейіне тәуелді. Абай діттеген, сірә да, осы ақиқат. Себебі, кемеңгер өлеңнің соңын:

Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, – деп тиянақтаған. Осынау астарлы жолдарға байыппен тоқталайық.

«Әркімді заман сүйремек» дейтіні, әр адам өз заманының перзенті. Заманнан тыс, қоғамнан оқшау қалу мүмкін емес. Заманның жақсы-жаманды қалыбына, үрдісіне көнесің де көндігесің. 

Олай болса, заманды қай жан билемек? 

Кімде кім нәпсісін жеңсе, сол кісі заманды да жеңеді. Өйткені, тән мен заман сипаты ортақ. Екеуінде де тұрақтап қалған, опалы дәнеңе жоқ.  Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, сондай-ақ, Абай, шәкірті Шәкәрім ғұламалар – заманға бағынбаған, керісінше, оны билеген жандар. Сондықтан адамзаттың рухани ұстаздары дейміз. Жүрегі «Бір Құдайым» деп соққан кім кімді де замана илемек түгілі, сүйреуге де дәрменсіз. Жүрегіне  иманигүл қонақтаған адам өлсе де тура жолдан таймақ емес. 

Енді «Заманға жаман күйлемек» деген өлең жолына көшейік. Кешегі советтік дәуірдің бірінші жарымында Абайдың: «Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды» және «Олар сендім десе де, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді» (34-сөз) дегені толық расқа шықты. Күллі қоғам «Құдай жоқ» десіп бұлт етті. Сананы тұрмыс, жанды нәпсі еркінше биледі. Сонан не болды? Замана көпшілікті теріше «иледі». Түрме жүйесі – ГУЛАГ-қа миллиондар тоғытылды. Құдай жазасы, әмірі деген, міне, осы. «Тұрмыс сананы билейді» деп ұрандатқан сол тұста ұлтын сүйген санаулы жандар ғана заманға қарсы жүзді. Бұл жерде үлкені Шәкәрім болған алаш арыстарын  меңзеп отырмыз. Сөйтіп, «Замана оны илемек» деген түбі терең сөз. Оның астарынан кешегі дәуір шындығын көре аламыз.

Қоғамды кім билемек, екінші түрде айтқанда, елді кім бағады?  Сабыр етсеңіз, осыған да тоқтала кетейік. Абайды көп толғандырған мәселенің бірі осы. Мысалға «Ескендір» поэмасында менмен патшаның жаугершілік әрекеті мен мінезін қатты сынға алған (отаршыл патшалық Ресейдің жаулап алу әрекетіне қарсылығын осылай білдірген).  Мұсылмандық Шығыста Ескендір Зұлқарнайын абыройлы тұлға, оны алғаш рет «қан ішер, даңғой» әрі «мақтан сүйгіш, қызғаншақ» деп шенеген біздің Абай. Тойымсыз, араны үлкен «кәпір көздің» құлына айналған пенде ретінде суреттеген поэмасын Абай былайша сабақтайды:

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.

Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп.
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар
«Антұрғаннан Құдайым сақтасын!» – деп.       

Ескендір патша – рухани ұстаз тәрбиесін көрмеген есер, нәпсісін тия алмаған дәрменсіз. Абай оқырманға осыны ұқтырған. Енді ертеректе жазылған «Сәулең болса кеудеңде» (1889) өлеңіне көз салайық. Онда ақын:

Единица – жақсысы
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл? – дейді. «Единица» – көпті қостаушы емес, ерген елін адалдық, дұрыстық жолға салатын парасат иесі. Бұл өлеңді жазып отырған Абай ескі замандағы қайраткер тұлғалар ісіне қанық. Мысалға Қазақ хандығын құрған Керей, Жәнібек, Қасым, іргесін бекіткен Есім, Тәуке, қазаққа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды сыйлаған Абылай сынды хандар, қала берді, «Тобықтыны ел қылған» Кеңгірбай, өз әкесі Құнанбай – әрбірі  «Ел қамын жеген Едіге» еді. Абай: «Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл?» деп, ел басқару өнерінің мән-маңызын дөп басып айтқан, бірақ «Единица кім?» деген сұрақтың басы ашық қалады.

Оның жауабын әл-Фараби «Қайырымды қала басшысының қасиеттері туралы» деген еңбегінде берген дүр. Бабамыз бірінші басшы, яғни «единица» бойында он екі қасиет ұштасуы шарт дейді. Олар: істің мән-жайын тез ұғып алатын алғырлық; ешнәрсені ұмытпай жадында сақтайтын  зерделілік; ойына түйгеннің бәрін анық жеткізе білетін шешендік; өнер-білімге іңкәрлік; барға қанағатшылдық; шыншылдық; жаңалыққа құштарлық; кеңпейілділік; әділетшілдік; сабырлылық; қылмыс атаулыға қаталдық; жасқануды білмейтін батылдық. 

Бірақ, бір адамда барлық жақсы қасиеттер болмақ емес. Сондықтан әл-Фараби өз идеясын былайша қорытқан: «Егер осы қасиеттер бір топ адамның бастарына бөлек-бөлек біткен болса, ...онда осы адамдар өзара келіскен жағдайда, бәрі де қайырымды басшылар болмақ». Бұл сөзді қоғамды көп болып, бас біріктіріп басқару моделі, яғни қазіргі парламенттік жүйе үлгісі деп түсінген жөн. Үлгілі билік – қоғамның даму заңдарын танып-біледі және сол заңдарды іске асырады. Сол сияқты тізгінді президент, мейлі, парламент ұстасын, биліктің әлеумет жағында болуы, Алла разылығы үшін адамшылық идеяны басшылыққа алуы маңызды. Ел басшысы қарапайым көпті ұшпаққа шығарып, бақытқа кенелтуі де, ерген елін тоз-тоз қылып сорлатуы да бек мүмкін. Оған жер бетіндегі мемлекеттер мен империялар тарихы куә. Кешегі Совет Одағы тарихында тақта отырып, кімнің қалай жұмыс істегені,  қай ұлттың мүддесін ұшпаққа шығарғаны көпке аян. Туған ұлтты сүюден, халыққа қамқоршы болудан биік мақсат әсте жоқ. 

«Ұлтты сүю» дегеннен шығады, 1868 жылғы «Жаңа низам» заңы қазақ халқын қалай деформациялағанын Абай өз көзімен көрді. Көріп қана қойған жоқ, сол құбылысты бақылап, зерттеп алып, қарсы әрекетке көшті. Кейіннен табылған «Жаңа закон» атты көлемді өлеңінде Абай:

Орысқа қарағалы көп жыл болған,
Бір де еркек жоқ ел үшін еңбек қылған.
... Қылмаған бұрын қазақ мұндай істі,
Мұндай қылық мінеки басқа түсті (1879), – дейді. «Қазақты оятсам, ел қылсам» деген ой алғаш туған. Жыр осының куәсі! Адасқан халқын тура жолға салатын «единица» болу міндетін Абай 1880 жылдардан өз мойнына алғаны хақ. Бірақ ел бағудан бас тартады: «Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз (дұрысы –дауасыз) дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын» (1-сөз) деп. Неге? Өйткені, отаршыл билікке езгідегі халықтың өсіп-өркендеуі керек емесін жақсы білді.  

 «Тоты құс түсті көбелек» өлеңіне қайтып оралайық. 

Өлең Абай «Тасдиқ» трактатын аяқтаған тұста жазылған, мұны ескеру керек-ақ. «Абай – қазақ ақсақалы ғана» деп қоймайтын бір «сыншы» шіркіннің құлағына алтын сырға, әйгілі трактат әулие хакімнің әлемдік руханият – жантану іліміне  қосқан сүбелі үлесі, қазақтың «ноу-хауы» деуге лайық ғажайып дүние. Заманды билеудің мәнісі – адам санасы деңгейін нәпсіні ауыздықтау деңгейіне дейін көтеру. Адам жетілуінің нысанасы – Құдайды тану. Сол танымның ең биік мақсаты – Құдайға ғашықтық. Аталған трактат Абай пайымы, міне, осылар деуімізге ғылыми негіз. 

Хакім Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам. Өзіңді таны, өзіңді-өзің жетілдір! Асыл мұраны осы өсиеті көктей өтеді. «Тоты құс түсті көбелек» те – түбі терең өлең, яғни адамгершілік ілімі қабырғасына қаланған кірпіштің бірі екені сөзсіз.

Түйін. Қоғам дамуының заңдылығын ашқан Абайдың көсемдік сөздері бүгінгі таңда да  өзекті. Әркім өзі дұрыс дегенді істеуі керек және бақытқа өз жолымен жетсе игі. Дамудың табиғи моделі осы, демократия талабы да осыған саяды. Егер билік вертикальды болса, жеке адам да, бүкіл қоғам да таңдау еркімен қоштасады. Бұл Құдайдың табиғи заңы бұзылды деген сөз.  Иә, тікемен халықты басқару оңай. Бірақ жасандының аты жасанды, бұл модель «Бақытты етеміз!» деп қалай сүйресе де, бақытты бола алмадық. Керісінше парақорлар, жемқорлар, күллі «замана илегендер» қоғадай қаулады. Еш нәрсеге бас ауыртпай, мәңгі жасайтындай, жас баланың санасымен өмір сүру салтын ғылым «тобырлық психология» десе, Абай «уайымсыз салғырттық» деген. Осы ахуал да түзелсін, заманды билейтін есті жандар көбейсін. Тап қазір Абайдан алар басты ғибрат осы болса керек.  

Асан Омаров