Ақиқатқа сараң қоғамда ағынан ақтарыла айтқың-ақ келеді. Айтасың да?! Кім-кімге қақпақ болғандай... Үстел үстінде үзеңгі бауың үзілердей шірене гөй-гөйлейсің?! Сыртыңды сынайсың, ішіңді мінейсің. Сөйтесің де айналаңа аңтарыла қарайсың. Тілің – тәуір, тірлігің – кәуір. Осы қазақтың сөзуарлығына дауа бар ма? Көргеніне емес, естігеніне иланатын елдің әдетіне жорисың-ау онысын тағы! Жазалайын десең, жалғызың. Опа бермес істің илеуіне түсіп, қарекет етерде қара басып қалатыны несі, бізді? Сондай да «қара шалдың қабағына бір қарасашы» деп нұқып жібергің-ақ келеді?!
Қазыналы қара шал!? Қасиетіңнен айналайын! Даналығыңа дала бойлар ма? Тамырым шірігенде, табаным үсігенде табаға қалдырмадың. Тағдырым солай, талқаным бітті дегенде талап бердің. Тасым өрге емес, етекке домалағанда еңсемді көтердің. Жырыңнан жұпар аңқыттың, қара сөзіңмен қадірімді арттырдың. Пендешілік пәнін сүйіп оқитын жер тұрғынының жауырын жаздың, жүрек көзін аштың. Болашағыма бастаухат болдың. Ал мен ше, соны біле тұра міз бақпадым? Кішілігің мен кісілігіңнен кесірлендім! Өзімдікін жөн көрдім, өзенімді лайладым. Ақылыңды алсам ақыретіме жетерлік байлыққа батар едім-ау?!
Батырып айтса, басымызды алып қашамыз. Ашып айтса, аласапыран күй кешеміз. Тигізіп айтса, тілдей жөнелеміз. Ол рас, несін бұқпантайлаймыз. Өнеріміз жалаңаштанды. Тіліміз алашұбар. Рухымыз тақыр кедей. Болмысымыз жадағай. Заман алмағайып. Мысықкөмбе тірлік. Жасымыз жасықпыз, қартымыз ақылға қауқарсызбыз. Экран беті толған ток-шоу. Бәрі рейтингке жұмыс жасайды. Былайша айтқанда, бұрынғының ұяты бүгінгінің – тренді. Дүние қалып-кескінін өзгертті. Қарға аунаған түлкідей түрленгіш. Адасса атының жершілдігіне сенетін қазақ едік қой. Ол да қалды жайына.
Енді, бұл өткелектен бізді кім алып шығады? Әлде сұрақты не алып шығады деп қоюым керек пе еді?! Қалай десеңіз де екеуіне берілетін жауап жалғыз. Ол – Абай. Көбең тартқан көңіліңді көлдей шалқытатын да, шел басқан шешіміңді шегендейтін де сол дана. Қателігіңіздің тоқтамы қара сөзіңде тұр. Өмір – бағдаршамы. Ертеңіңіз үшін ерінбей оқып көріңіз. Әркім Абайды әртүрлі таниды. Әрбір сөз өз егесін тапса дейміз. Абай айтады: «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға». Мен айтамын: «жо-жоқ, жалының бар да жайпа, сәл иілсең бағыңды біреу баса-көктеп кетеді. Абайдың дәуірі айналып келмейді енді?». Данышпан сәл тыныстап: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп қайта түртпектейді. «Құдай бергеннің қызығын көрмесем, қу жалған кімге дәрі, кімге шікірә болмақ. Уақыт талабы сол. Өткеннен емес, бүгіннен сабақ ал» деймін есігімді тарс жауып. Сонда хакім аса бір асқақ сабырлықпен: «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге» деп тәмамдайды ойлы сөзін. Күндегі ісі осы. Дүдәмал ой кеудеңде көгенделіп маңырайды-ай келіп. Дәретін көмген мысықтай жасаған кінәңнің бетін бүркей салатындай емес. Өкінішің өте көп. Абайды қайта парақтайсың. Амалсыздан емес, амалы сол.
Шіркіннің әр сөзі санаулы, саяқ, әйткенмен әділ. Қазақ жақсы көреді де, жасқанады да. Сөзінің салты солай. Немістер әйгілі Гётені жерге тигізбей мақтайды. Ағылшындар Шекспирдің шекпенінен шыққан туындыларды айтқанда таңды таңға ұрады. Ал көршіміз қытай халқы Конфуцийдің алтын ережелерін Құранның аятындай қадір тұтатыны бар. Тіпті кейбір шенеуніктері қабырғаға іліп, қажетіне жарататын көрінеді. Ал біз ше? Құмырсқаның илеуіндей тар түсініктің айналасындамыз. Абай сілемінен алыстап кеттік. «Құдайдан қорық, адамнан ұял» теоремасы әр бастықтың кабинетінде ілулі тұрса қандай ғанибет! Әдеттегі жұмысына кірісерде сол қабырғадағы нақылға бір көз тастаса жетіп жатыр. Бойына сіңеді, жігерін қайрайды. «Таңдайыма түскен дәм, маңдайыма біткен бақ» деп лепірген тақыр түсінігіне, ашкөздікке салынған аранына тығын болары сөзсіз. Дәтке қуат, жанға суат берер дәрумен де сонда жатыр.
Біз осы күнге дейін бәріне сендік, Абайдан басқа. Бұрмаланған тарихқа сендік. Олқылығы көп оқулыққа сендік. Тіреуінің арқасында көкірегін көтерген көкелерге сендік. Өткендер жайлы өтірік айттық. Қадірше айтқанда, «санасы – жыр, дәстүрі – ет, салты – қымыз» қазақ едік. Енді, санасы – батыс, ғұрыпы – араб, салты – орыс шала-жансар біреуге айналдық. Оралханның «Атау-кересі» ойыма оралып отырғаны. Көңілге тисе де айтайықшы. Біз де жоғарыдағы ағалардың барлығына сендік. Ақ – дегенін алғыс көрдік, қара – дегенін қарғысқа баладық. Қытықтаса күлдік, шымшыса жыладық. Көз жасымызды көрсетпей боздадық, көрсетсек ұят болады дедік. Маңдайымыздан сипағанын мәртебе көрдік. Қайығымыз суға кетіп, өзіміз аман қалғанымызға шүкір дестік. Халық кімді жақтарын білмей әуре. Қоғам бүтіндей тұлғаға зәру. Жаман мен жақсыны айырудан қалды. Кімнің ығына жығыларын, қайсысының сөзіне сенерін білмей әлек. Ақ қағаздан қара нүктені көрдік, ал қараңғыда баяу тұтанған жарықты өшіруге асықтық. Соның бәрі Абайды білмегеннің зияны. Біз сорымызды сырттан іздейміз, ал оның ішімізде жатқанын сезсекші?!
Сөз зергері Зейнолла Қабдоллов «Әуезовті мақтамау керек, Әуезовпен мақтану керек» депті бір сөзінде. Есті пікір. Бізге Абаймен мақтанатын кез жетті. Мәселен, адамның ізінен толқын пайда болады екен. Бұл бір физикалық құбылыс. Рухани энергия. Қазақтың ырымдарына ғылыми көзқарастан туған толғам. Жақсының ізімен жүрсең бойыңа ізгіліктің нұры жайылады. Қазақтың «басқан ізінен садақа кет» дейтіні сол. Еңдеше, бізге Абайдың ізімен жүретін уақыт келді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Осы ғой бізге керегі!
Жазушы Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетіне осыншама қордалы дүниелер қалдыра отырып, Абайдың тобығынан келмейтінін айтады. Соны оқып, қайран қалғанмын. Ұлыны мойындау өзіңнің де біліміңді таразылайды екен ғой. Неткен, ілтипат! Неткен, құрмет! Бірде ұстазым: М.Мағауиннің жарық көрмеген диссертациясы бар, «Абай және оның төңірегіндегілер» деген. 1984 жылы қорғалу керек болатын, әйтсе де Шәкәрім бабамыз ақталмаған соң ақыры аяқсыз қалды. Сонда Абайдан дәріс алған алыптар хақында баян етіледі. Төңірегіңдегілерді мықтылармен қала. Өзің де мықты боласың» деген болатын. Көбі осы ұйғарымға ұюлы шығар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Бұдан асырып айта алсамшы.
Абайды алғаш зерттеушілердің бірі де бірегейі Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» дейді. Ақын 1913-1914 жылдары «Айқапта» жауапты хатшы болып жүрген кезінде жазған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» атты мақаласында «қазақ тіліндегі ерекше үлгі» деп хакімнің өлеңдерін атаған. Сондағысы «Сегіз аяқты» меңзесе керек. «Ағайын бек көп, айтамын ептеп. Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным!». Біз мұнда өлеңнің құрылымына емес, трагедиясына тоқталып отырмыз. Шымырлап бойға жайылған сұрапыл өлең. Жайсаң нұрын мұқым қазақ даласына шашып жатқан алып күннің сәулесі секілді. Абай жаққан сәуле.
«Қайғысызға қанша оқылса жатталма!» Бұл Жұмекеңнің жырындағы бір тармақ қана. Біздің көңілді селт еткізген жол. Өлеңінің жүрексіз пендеге жүк болмасын ойлаған ақын тілегі. Дәл солай, Абайдың да нақылы мұңсызға жұқпайды. Қайғысыз деп отырғанымыз махаббат машақатын тартқан, не болмаса дүрия дүние алақанынан сусып кеткен пенденің назы емес. Рухы жүдеу, болмысын тұт басқан темірдей, кебек кеуде иесі. Біз, сөз соңын Жарасқан Әбдіраштың жұрт біле бермейтін жырымен тәмамдасақ: «Абайы жоқ халықтың – Құдайы жоқ».
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»