Ә.АХМЕТ: ТҰРАҒҰЛ АБАЙҰЛЫ - ҚАЗАҚ ТІЛІН ЗЕРЛЕГЕН ТҰЛҒА

 

Аңдатпа: мақалада Абайұлы Тұрағұлдың аударма еңбектерінің тілі туралы тоқталып, автордың өзіне тән тіл қолдану ерекшеліктері талданады. Әсіресе, бүгінгі таңдағы қазақ тілінің қолданысында жиі кездесе бермейтін сөздер мен сөз тіркестері көрсетіліп, олардың мағынасы ашып көрсетіледі. Және өткен ғасырда қазақ тілінде терминдердің сындырылып қолданылу ерекшелігіне де тоқталады.

 Мақала Тұрағұл Абайұлы еңбектерін зерттеудегі алғашқы ізденістердің бірі болғандықтан, абайтану, алаштану, тұрағұлтану істеріне лингвистикалық тұрғыдан зерттеу жасауға белгілі деңгейде септігі тиеді.

Түйін сөздер: абайтану, ХХ ғасырдың басы, аудармалар, термин, сөздер мен сөз тіркестері

 

Биыл ғұлама Абайдың өмірге келгеніне 175 жыл толды. Ел іші-сыртында әлем таныған Абайды еске алудың ірілі-ұсақты игі шаралары өтіп жатыр. Қалай деген күнде де осы ауқымды шаралар аясында, ұлы Абайдың нақты болмысын, ұлы ұстанымын ғылыми тұрғыда сараптап алатын «алтын дәуірдің» жеткені анық. Ұлы Абайдың мұраларын түгендеуде, ғұламаның отбасын, ұрпақтарын,  әулетін, төңірегіндегі ықпалды болған тарихи тұлғаларды жан-жақты зерттеудің маңызы зор. Бұл туралы біршама зерттелгені белгілі. Дегенмен, Абай мұраларын алғышқы болып түгендеушілердің бірі, алашорданың да белді мүшесі болған, қазақ руханиятынан ойып тұрып орын алуға тиісті бірегей тұлға, Абайдың үміт артқан ұлы – Тұрағұлдың еңбектері екшеле қойған жоқ. Тұрағұл туралы азды-көпті мақлаларды басылымдардан кезіктіруге болады. Дегенмен, ардақты қоғам қайраткерінің аты бүгінгі қазақ қоғамына бейтаныстау екенін амалсыз мойындаймыз. Тұрағұл Абайұлының өмірбаяныні Абай Энциколпедиясындағы жазылған дерекке сүйеніп жаза кетейік:

Турағұл Ибрагимов[1] (1876-1934) – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген.    Турағұл 1904 жылы Күшік-тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс сайлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған. 1917-20 жылы ол Семей өңіріндегі алаш қозғалысына белсене араласып, әр түрлі жауапты қызметтер атқарған. Турағұл бала жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан да Абайдың әрбір өлеңі қай кезде қалай жазылғанын және кімге арналғанын жақсы білген. Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петербургте бастырып шығарған.1927 жылы Қазақ АССР білім комиссариатына тапсырған толық қолжазба жинақтың ғылыми құндылығы аса жоғары дерек көздері болып табылады. Турағұлдың соңғы аталған еңбегі бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекетінің Орталық музейінде сақтаулы.

Турағұлдың Абай мұрасын жинастырып бастыруда аса құнды мағлұматтар жазып, ақын шығармаларының текстология әуелгі түпнұсқаны қалпына келтіруде абайтану ғылымына үлесі зор. Ол А.М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып («Таң» журналы, 1924, №3,4) бастырған. А. Неверовтың «Мен өмірге жерікпін» (Москва, 1927), Джек Лондонның «Балалық туралы ертегі» (1927) және «Балалы әйел не білу керек» (Москва, 1927) деген ғылыми- медициналық кітапшаны аударып, бастырып шығарған [1].

Зиялы қауым бүгінгі таңда Тұрағұлды «Әкем Абай туралы» атты естелігімен таниды. «Шелкәш» (Челкаш) атты аудармасы Б.Байғалиевтің құрастыруымен жеке кітапа болып (1993) шықты[2,3]. Сондай-ақ, абайтанушы Қайым Мұқамедхановтың бірнеше томнан тұратын «Абайдың ақын шәкірттері» атты жинағына да Тұрағұл өлеңдері мен аудармалары енген[1]. Республикалық үлкенді-кішілі басылымдар мен сайттардан Тұрағұлдың өмірі мен атқарған қызметтері туралы жазылған деректерді, мақалаларды табуға болады. Осы орайда  ағайынға Тұрағұл еңбектері туралы бір жағымды жаңалықты да қоса кеткеніміз жөн секілді.

 2018 жылдың желтоқсан айында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Алашорда» қоғамдық қорының атқарушы директоры Сұлтан Хан Жүсіптің бас болуымен ХХ ғасыр басындағы бірнеше ғалым, қайраткердің кітабын баспадан шығарды. Ф.ғ.д. Орынай Жұбаева жетекші болып істеген бұл ауқымды еңбек арқылы Елдес Омарұлының үш томдығы, Қажым Басымұлының, Ахмет Мамытұлының, Тұрағұл Абайұлының аудармалараы, зерттеулері, ғылыми мақалалары бір-бір кітап болып басылып, 5000 данамен шыққан болатын. Бұл шүйіншілі хабар сол кезде БАҚ беттерінде жарияланған болса да, аталған ғалымдар жөнінде тың зерттеулер бастала қоймаған тәрізді. Тұрағұл Абайұлының осында аталған кітабы ғалымның әдеби және ғылыми аудармалары біршама толық енген жинақ саналады. Атап айтар болсақ, аталған кітапқа автордың А.М.Горькиден аударған «Челкаш» атты әңгімесі, Джек Лондоннан аударған «Баланың ерлігі», А.Неверовтен аударған «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мәрия» әңгімелері, Г.Н.Спернаскийден аударған «Балалы әйел не білу керек», А.Б.Белицерден «Қолдағы малдың, құстың құрт ауру болмағының жайы», Пиридолин С.П. «Мал шаруасының насихаттары» т.с.с. аудармалары, «Әкем Абай туралы естелігі» енген[2, 5].

ХХ ғасыр басындағы көркем әдебиеттерден тыс, аудармалар мен құрастырылып жазылған кітаптардың тілі тұтасымен құнарлы әрі шұрайлы болып келеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлының еңбектері, Ілияс Жансүгіровтың, Бейімбет Майлинның аудармалары тұнып тұрған қазақы тіл қамбасын көзге алып келеді. Жоғарыда аты аталған Елдес Омарұлы, Ахмет Мамытұылы, Қажым Басымұлы және Тұрағұл Абайұлының еңбектерін баспадан шығару ісінің басы-қасында болып, төтеше жазумен шыққан кітаптарын түпнұсқадан оқып, қазіргі қазақ жазуына қотару барысында біздің де көзіміз осыған жетті. Мақаламызға арқау болып отырған Тұрағұл аудармаларында шешендік сөз саптаудың түр-түрі кездеседі. Абай баласы Тұрағұлдың орыстың жазба әдебиетімен қатар, ауызекі тіліне де жүйрік болғанын растайтын естеліктер бар. Атап айтар болсақ, Абайдың үзеңгілес шәкірті болған Көкбай ақынның (Жанатайұлы) естеліктерінде, бірде Абайдың орыс досымен бірге, Тұрағұл, Көкбай үшеуі сапарлас болғанда, Тұраштың[2] орысша шешен сөйлегеніне таң-тамаша болғанын айтады [3, 96]. Ал Тұрағұлдың архивтен табылған орысша қолжазбасын қолымызға алғанымызда, бірегей тұлғаның жазуының маржандай екенін көріп, тәнті болған да едік. Әрине, әлемге Абайдай ұлды әкелген әулетте туған, төңірегінде кілең ғылым мен өнердің бел ортасында жүрген қайраткерлермен дос болған, оның үстіне қазақ тілінің қаймағы бұзыла қоймаған дәуірде дәурен сүрген Тұрағұлдың тілі неге көркем болмасқа? Бұл заңды да. Дегенмен, өзіне тартып ұл туғызған Абайдың айбоз ұлының шығармашылқтағы өзіне тән стиліне үңіліп, жан-жақты зерттеулер жүргізу тұрағұлтану ісін ілгерілетуде кем болса болмайтын игі жұмыс болмақ. Біз бұл мақаламызда ақын, аудармашы Т.Абайұлының аударма еңбектерінде кездесетін бүгінгі қазақ тілі қолданысы жөнінен алғанда көнеріңкіреп бара жатқан сөздерді мүмкіндігімізше екшеп көрмекпіз.

Ең әуелі, қалам иесінің төтеше жазумен жарық көрген шағын бес кітабының қай-қайсысында да автордың аты Тұрағұл емес, «Абайдың Тұурауылы» деп жазылған. Қаламгердің азан шаырып қойған аты Тұрағұл болса, қалайша «Тұурауыл» деп жазғанында да аз-кем сыр бар болуы мүмкін. Шындықты, ақиқатты, туралықты ту еткен ғұлама Абай, тура ұл болсын деп, баласына «Тураұл» деп ат қоймасына кім кепіл? Біртіндеп дыбыстық өзгкріске ұшырап, Тұрағұл болып кетсе де, әке аманатына тумысынан адал болған Тұраш ресми басылымдарға әдейі «Абайдың Тұурауылы» деп жаздырған болуы да мүмкін. Өткен  ғасырда қазақ зиялыларының көбі түрлі-түрлі қаламаттар (бүркеншік есімдер) қолданғаны белгілі. Ал, осыған дейін біз қол жеткен материалдардан Тұрағұлдың қаламаты болуы мүмкін бүркеншік есім кезіктіре алмадық.   Бұл тұрғыдан алғанда, «Абайдың Тұурауылы» деп жазу арқылы автор өзін шығармашылықта осындай болар-болмаса өзгешелеу атауды қалаған болуы да ықтимал.  Мұның анық-қанығын ғалымдар анықтай жатар.

Тұрағұл еңбектерін ақтарып отырып, көзімі шалып қалған өзгеше сөздер мен тіркестерді естелікке алып отырдық. Кейбір сөздер қазіргі қолданыста мүлде кездеспейді. Ал, кейбір сөздер қазіргі қолданыста болғанымен, өткен ғасырдағы мағынасы басқашалау болғанына көзіміз жетеді. Сондай-ақ, кей сөздерде аймақтық, жерлік ерекшеліктер кездеседі. 

Оқырманға түсініктірек болуы үшін, біз Тұрағұл Абайұлының аудармаларында кездескен өзгеше сөздерді кесетелер арқылы көрсеттік:

 

1.    «Мал шарыуасының насыйқаттары» атты кітапта мынадай сөздер кездеседі:

  Сөздер мен тіркестер  

Мағынасы

 Кітаптағы қолданысы

Құрып (ғұрып)

Әдет

Малдың санын соғыстан бұрығы қалпына жеткізу құрып болып кетті

Сүмесін

Сүт өнімдері

... малдың қақ жартысы кемісе де сүмесіні кемімеген болып шығады

Ыңыршақ

Жаман, арық, ыңыршағы шыққан

Екі ыңыршақ атың болғанша бір семіз атың болсын

Адас ой

Дұрыс емес ой

Сүт кәсібін іргелендіремін деген адас ой екені жанның бәріне мәлім еді

Қандайлық

Қандай да бір

Қандайлық кедергіге кездессе де өлмейді

Алғыдай

Алуы мүмкін

Дәл осы заманда қай жемді тауып алғыдайсың

Бергідей

Беруі мүмкін

Сыйырдың сыртқы көркіне қарамай, ішкі сыртына қарап, қанша сүт бергідей екен, соған бақ 

Табалмағыдай

Табылмауы мүмкін

Қандай жем табылмағыдай

Төсем

Төсеніш

Астына жайлы төсем 

Жапал

Жабайы, қарапайым

Бәйге біздің қазақ пен қара шекпендінің  жапал сыйырына тиеді

Әмісе

Мүлде, еш уақытта

Оны әмісе ұмытпау керек

Байшыгеш (бәйшігеш)

Бай, ауқатты, тұрмысы жақсы.

Қаймақшы, сүт сатып алыушы - қарашекбеннің арасындағы бәйшігештер

шалғырт

 

Көзге түскен ақ шел, ноғала

... жұрт мақтаған сары ала түсінің бір алыуан шалғырты бар, ол шалғырт, ондай іске аса жетілген маманның ғана қолынан келеді

Ұшырамағыш

Ұшырағыш емес

... деріт - дербезге ұшырамағышта болды.


Кестеде көрсетілген он неше сөздің әрқайсысына бірден тоқталып жатпай-ақ, бірнешеуіне айырықша назар салайық. «Алғыдай», «бергідей», «табылмағыдай» сөздерінде «-ғыдай, -гідей» түріндегі жұрнақтар бүгінгі қазақ тілінде көп кездесе бермейді. Абай айналасындағы аймақтық айтылым болуы да ықтимал.

 Одан кейінгі бір сөз – «ұшырамағыш». Бүгінгі тідімізде «-ғыш, гіш, -қыш, -кіш» сөз тудырушы жұрнақтары бар екені белгілі. Бірақ, болымсыз «-ма, -ме»-ден кейін бұл жұрнқтар қосылып, «-мағыш, -мегіш» үлгісінде айту  қазіргі қазақ тілінде жоқ деуге болады.

«Шалғырт»  – сөздікте    «Көзге түскен ақ шел, ноғала» деп түсіндірілген. Алайда, Тұрағұл аудармсында «ноғала» мағынасында емес, қайта «артықшылығы, кереметі» мағынасында жұмсалған сияқты [4]. Кестеде келтірген мысалдағы сөйлемнен соны аңғарамыз. Ал «шалғырттың»  Көзге түскен ақ шел, ноғала мағынасын шағыр деп те қолданатынымыз белгілі. Алайда, біз сөз еткен еңбекте ол мағынадан мүлде басқа нәрсені меңзеп отыр.

Байшыгеш яғыни бәйшігеш сөзіне келер болсақ, ондай сөзді біз «Абай жолынан» жолықтырдық [4, 455]. Бір магазинде Абай керей тымағын киген, түйе жүн шекпені бар сондай бір б а й ш ы г е ш т і байқады (М. Әуезов,  Абай жолы, 455).

2.    «Баланың ерлігі» кітабында кездесетін сөздер

  Сөздер мен тіркестер 

Қазіргі мағынасы

 Кітаптағы қолданысы

Сезім

Түсінік

Қысқаша сезім бергенім артық болмас

Ыйнанған

Сенген

Жер тап қозғалмай тұрады деп ыйнанған

Шамал тақта

Ыстық белдеу

Екібатырға жақын жерлерді шамал тақта дейді.

Темір қазық

Солтүстік

Темір қазықтың астында – әмісе қыс болып қар басып жататұн жерде.

Жердің тұмсығы

Полияр шеңбері

Темір қазық, жердің сол жақ тұмсығы

 

 Бұл кітапшадан алынған бес сөздің ішінде бізге қызық сезілетіні – терістікті (солтүстікті) термірқазық деп атауы болып отыр. Ал осындағы «темірқазықты» терістік мағынасында қолданғанын өткен ғасырдың басында басқа қаламгерлер жағынан жазылған бірнеше кітаптан да кездестіруге болады. Сондай-ақ тағы да сол кездегі жазбаларда шығыс оңтүстіті «сәске» деп атау да кездеседі.

 

3.    «Балалы әйел нені біліуі керек» атты кітапта кездесетін сөздер:

  Сөздер мен тіркестер 

Қазіргі мағынасы

 Кітаптағы қолданысы

Ит тиді

Баланың аурудан шетінеуі

Ол балалардың іші өтіп құсатұн болады. сол ауырыудан өледі (ондайды біздің қазақ ійт тійді деп бақсыға тұз үшкіртіп емдегеннен басқа ем  іздемейді).

Қандайлық

Әр қандай

Ол уақытта қандайлық жұмыс болса да тоқтатқан жөн

Мақұл

Керек, тиіс мағынасында

Сарымсақ жемеу мақұл

Әуе

Ауа

Бала ұйықтаған ұуақытта күн сайын 1-2 сағат таза әуеге шық.

Құмшықтану

Қиыршықтану, кесекке айналу

Құмшықтанып езілмей қалып жүрмесін

Адас

Тура емес, қате

Адас ақыл үйретіп балаңның басын жұтады

Мүмкін қадарлы

Мүмкін болса, мүмкіндігінше

Мүмкін қадарлы басқа тамақты көбейтпей емшекті емізген артық.

Ірет

Жол, тәсіл, әдіс

Мына іретпен байқайсың.

Қадақ

Өлшем бірлігі – шамамен жарты килограм

Жалпы бала туғанда 8 қадақ шамасында болады.

Кепше

Шыт

Басына кепше не орамал байлаудың қажеті жоқ

 

 «Балалы әйел нені білу керек» атты кітабында кезіккен бұл  өзгеше сөздерге қайталай тоқталмадық. Кестеде мысалдармен түсінік  келтірілді.

Тұрағұл Абайұылының еңбектерін алғаш рет біршама толық жинау барысында қолымызға түскен еңбектерінен жоғарыдағыда көрсетілген отызшақты сөзді зиялы қауым мен оқырманға ашалап көрсетіп отырмыз. Бұдан сырт, бөлеуіш, шапанша, желіскер (желісқор), берімсек (берешек) қатарлы көптеген қазақы әрі құлаққа жағымды атаулар да кездесіп қалады. Көпшілікке түсінікті бұл сөздерді қайталай атап отырғанымыздың сбебеі, бұл атаулар автордың көркем аудармасынан емес, ғылыми аудармаларынан кезіккені үшін болып отыр. Яғыни мал тұқымын жақсартуға бағытталған еңбекте  келтірілген «желіскер» сөзін айтуға болады. Қазақ дүниетанымында жорға мен жүйрікке сұраныс көп болғанымен, бүгінгі біз «желіскер» жылқының да қазақ жұрты үшін баға жетпес байлық болғанын Тұрағл қаламынан туған еңбектер арқылы сезіне алдық. Синонимдер сөздігінде «желіскер» мен «желісқорға»: Жирен қасқа - желіскер арғымақтың тұқымы (С.Мұратбеков) деп мысал келтірілген [6].

Тұрағұлдың аудармаларында кездесетін тағы да көптеген терминдер бар. Ол теминдер А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт көшбасшылары тұрақтандырған шеттен енген сөздерді қабылдаудағы үш принсиптің үшінші тармағы – «қазақ тілінен балама табылмаған жағдайда, шет сөздерін қазақ тілінің заңдылығына сәйкес сындырып қабылдау керек» деген шарты бойынша, қазақшаға сындырылған терминдер. Автордың кітаптарында мұндай терминдер көбірек болғандықтан, барлығын санап, саралап отырмадық. Төменде осындай атау-терминдердің  бірнешеуін келтірдік:

 

Сындырылған терминдер

 

Сыйпыр

Цифр

Қалық кемесері

Халық комиссияры

мүлійен

миллион

Гүбірне

Губерния  

Кесіп

Кәсіп

Үйез

Уезд

Қара шекпен

Шаруа

Кәперәтіп

Коператив

Кітепше

Кітапша

Менүт

Минут

Секүнт

Секунд

Екібатыр

Эквадор

Пөліс

Полюс

Әпіріке

Африка

Ійгілө

Игло – ескимостардың мұздан салған үйі

Кірістійен

Християн

Әкөшерке

Акушер

Әптек

Дәріхана, аптека

 

Тұрағұл Абайұлы орыс тілінен кітаптар аударып отырып, барынша қазақы тілге икемді,  түсінікті болуына, тым қарабайыр да емес, көркемдік пен стилдік ерекшелікті сақтауға тырысқаны байқалады. Жоғарыдағы секілді сындырылған терминдер кітаптан ара-тұра кезіккенімен, автордың жалпы шығармашылығында тіл шұбарлығы мүлде байқалмайды. Кейбір ғылыми тақырыптағы аудармаларын оқығанда, әдеби шығарма оқып отырғандай күй кешеміз. Бұндай қасиет өткен ғасыр басында қазақ халқын өнер-біліммен күшейтуді қолға алған барлық зиялылардың кітаптарынан да кездеседі. Дегенмен, Абай баласының тілі өзгеше шұрайлы. «Сыйырдың сүті тілінде» деп орыс мақалын да жымын білдірмей қазақшаға  аудара кетеді автор.

Қорыта келгенде, Тұрағұл еңбектерін әдеби көркемдік жақтарынан әдебиеттанушылар ізденіс жасап, сегіз қырлы тұлғаны ғылыми тұрғыда зерттеу ісін қолға алатынына сенімдіміз. Біз қолжетімді материалдар негізінде өз тарапымыздан Тұрағұл Абайұлы аудармаларындағы өзгешелеу сөздер мен сөз тіркестеріне  белгілі деңгейде талдау жасадық. Адамзат балсының ішінде қазақ халқы  қанды қасіретті ауырырақ арқалаған өткен ғасырда тек жалған жаламан атылып кеткен, істі болған жүз мыңдаған зиялыларымыздың еңбектері жұрт болып жұмылып, түгендеуді қажет етеді. Әсіресе, адамзатқа қазақты танытқан, қазақ кеңістігінен адамзат кеңістігіне көтерілген ғұлама Абайдың 175 жылдығында Абайтану ғылымынан бөле қарауға келмейтін, аса ауқымды зерттеуді талап ететін еңбек – Абайдың Тұрағұлының еңбектері болып отыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы

2.  Тұрағұл Абайұлы (зерттеулер, мақалар, аудармалар), Алматы -2018

3.  «Жұлдыз», №1, 1992 ж. 

4.  Қуралұлы А. Қазақ дәстүрлі медениетінің энциклопедиялық сөздігі.— Алматы: «Сездік-Словарь» . 2007.

5.   М. Әуезов,  Абай жолы

6.  Синонимдер қазақша сөздік. 2015

 


[1] Турағұл Ибрагимов - Абай энциколпедиясында осылай берілген.

[2] Тұраш – замандастары Тұрағұлды солай атаған.

 

 

Ахмет Әділет

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Грамматика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, магистрант