Қ.ӘЛІМ: АБАЙ ӘНДЕРІНІҢ ӘЛДИІ

Абай әндерін сағынасыз ба? Ұлы музаның сиқырына бағынасыз ба? Жақұт сөздерден інжу-маржан тағынасыз ба? Шыныңызды айтыңызшы, өз жүрегіңіздің ән-күмбіріне тылсым бір сәттерде, оңашада табынасыз ба?! Әлде...

Әлде... Әнсіз ғұмыр сүресіз бе? Көңіліңізде көгершін-ән қалық­тамайтын шығар, бәлкім! Бекер, бекер екен бәрі... Кеудені күмбір билемесе, құр қуыс қой, бәтір-ау! Мұндайда мұң торлаған ойыңды, дел-сал болған бойыңды не құдірет жөнге келтіре алады дейсіз! Ұнжырға түсіп беймазаланып, кіреуке мұңға малынып, сары уайымға салынып, маужыраңқы күйге көміліп жүре бергеніңіз дұрыс па? Тастаңыз! Сілкініңіз! Серпіліңіз! Бір ғана ем – әнмен дүркіреңіз! Қапы­лыста ыңылдап ән салыңыз! Абай әндерін жүрек басына босамай­тындай етіп, байлаңыз! Қане, «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы...», – деп іштей-ғана сы­зыл­тыңызшы... Дүр-дүние дүр сілкініп, махаббат маздағынан от шашырап қоя береді... Байқа, өртеп жібермесінші өзіңді... Бір аңсарың бар шығар жүрегіңде... Қызарған беттен бәрі байқалып қалды-ау...

Пәлі, өмір шырағы ән екен! «Астана» концерт залының түңілігі «Көзімнің қарасы» ға­жап сазымен желпініп кетті. Бү­гінгі кеш тізгінінің тамыршы­лары Гүлмира Нәлібай мен Дарын Олжабай бас­тауымен күллі зал іші ән буына балқыды. Кәдімгі жылдар бойы байыппен дайындалған алып хор секілді, жүрек сүзгісінен жыр жамыратып жатыр... «Бітпейді іштегі, Ғашықтық жарасы». Іңкәр­лік лебі ләззат шоғын үрлеп ала жөнелді... Оңайлықпен басылмас. Күн күйбеңі жайына қал­ды. Көңіл терезесіне сығалап күн асылғандай. Бал сезім кір­ленген әйнекті жалтырата жуа бастағандай ма? Ән бітіп, зал тынғанда масайраған кәрі жү­рек­тің өзі: «Ех, өмір неткен сұ­лусың!» – деп мөлт ете қалған жа­нарын бұрып әкетті-ау... Ән – көз жасы екен ғой! Көз жасы текке тамбайды... Бір құпиясы бар шығар. Әр жүректе бір жарылыс жасалды. Мында мыңға тарта тыңдаушы отыр... Осы әнді енді өзі сызылтқан, аққудайын сыланған Қарақат Әбілдинада не арман бар?

«...Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл» – Алтынай Жорабаева әннен қа­нат байлап алыпты. Өзі ұшып жүр... Әр жүректі құшып жүр... Қайран да қайран қызыл тіл саф тазалығымен тамсанта бер­сінші. Ұлтқа қалтқысыз қыз­мет етсінші... «Айтамын ептеп, Сө­зімді ұғар елім жоқ...» Ән – ой тамызығы!.. О, ғажап, бей­күнә бір тыңдарман тұңғыш рет қазақ­ша тілін сындырды. Ән – сиқыршы таяқ па!

Абайдың қара сөздері бүлдір­шіндердің бүрме еріндерін бал жалағандай етіп тәтті тамсантты. Лақылдата лағыл ақыл тө­гілді. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнер­сіз иттің ісі. Әуелі құдайға сы­йы­нып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Екі қолға – бір кү­рек. Алақан қызынды. Әр қара сөздің тамылжыған тәмсілі бар, қайратқа шапақтайтын шы­быртқысы бар. Осалсың ба, жон арқаңды тоса бер... Мықтысың ба, еліңді ұйықтан, тұйықтап сүй­реп шығар. Не отырыс, қай­раттан, жігерлен! Айтқыш қой Абай атам!

Абай сөзі – өмірдің өзі! Ән­ші – жүректің көзі! Екеуі де құ­лақтың құрышын қандырады. Бас бәйгеден атыңды оздырады. Бірінсіз біріне өмір тұл. Әне, Р.Стам­ғазиев, Г.Ақүрпекова, С.Нұрмағанбетова, М.Арапбаева ... өмір мәнін үндеп жүр. Ең соңынан «Құрмет» орденді әнші Гүлбаршын Тергеубекова тамылжытты. Ол осы «Абай әндері!» жобасының авторы, продюсері. Бұрын «Қасымның әндері-ай!» жобасымен тамсантқан.

«Абай әндері!» көктем демі­мен алабұртқан Алматыдан бораны әлі бұғалықталмаған ел астанасына күні кеше келіп қанат қақты. Сызды жүрек, бүріскен қабақ жадырап, түскен еңсе тіктелді. Аязды жеңген Абайым-ай! Сырт­та тамшы тықылы... Еріген көңіл – ел ертеңіне алаңдаулы. Көктемді қанатына ілестірген осы «Абай әндері!» шіркін-ай, күллі облыстарды адақтап шықса ғой дейсің. Тағы бір мөлтек ой, Абай сөздеріне жазылған ән­дер баршылық (Ә.Еспаев, Н.Ті­лендиев, Е.Хасанғалиев, Т.Ша­пай,т.б.), дегенмен биылғы мерейтой жылы да мол жемісті болса екен. Сөз бар сәулелі, ән табылса қанекей, әуенді. Қосар­ланып, бұлақ көзіндей таза, сың­ғырлап ақса игі.

...«Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас». Са­ғы­­натының бар ма еді? Са­ғы­нып кеттің бе? Сіз осы, қас-қа­ғым­да өмірді өліп-өшіп сүй­гі­ңіз келгенінің сырын шын­­дап аңғардыңыз ба? Бұл не­нің құдіреті, өзі! Қуан, шат­тан, ел­жіре, мейірлен, сүй, құш – қа­сың­да Абай баба келе жатқанға ұқ­сайды ғой...

 

Қайсар ӘЛІМ