Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ: АҚЫЛ-ОЙДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Абай жан дүниесі дегенге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев неге айрықша көңіл аударды. Ұлы ойшыл, кемеңгер ақынның 175 жылдығын атап өту үшін ғана емес, әрине. Әңгіме Абайдың жан дүниесіндегі қазақ тағдырына алаң­даған тағылымдарында. Батыс пен Шығыс өміріндегі өнер, білім, мақсат-мұрат, сенім мен үміт, әрекеттердің өркениетін зерттеп зер салған ұлы ақын қазақ­тың да сондай ел болуын көкседі. Дінді де тереңдеп таныды, тіпті ежелден келе жатқан мақал-мәтелдердің, дәстүр-салтты, күнкөрісті ақыл-ой таразысы­нан өткізіп, қазақ жанын реформалауды мақсат етті. «Құдай салды, біз көндік» деген көнбістікке көндігіп алған жұртты аяусыз сынады. Қазақ өмірі осылай жалғаса берсе, ол өркениетті түсінде де көрмей, оқшау қала беретініне қапаланды.

Абай ешуақытта өз басының жай-күйіне алаңдамаған. Оның жанын жеген жұрттың қамы болды. «Моласындай бақсының...» дегенде, өзін айтып отырған жоқ, елдік еңсені көтеруді қаперіне алмай енжар күй кеше беруге бейіл қазақты айтып отыр. «Тым болмаса кеттің ғой, мал баға алмай» деп те жанын жейді. Енді айтайықшы, Абай аңсап, армандап, айтып кеткен қазақтың жаны қаншалықты өзгерді? «Жұрт айтса болды, көп айтса көндінің» қай жағындамыз? Әлемді алаңдатқан бүгінгі алмағайып заманда мемлекетіміздің құрылымына, рухани жаңғырту мұратына тікелей септігі тиетін халықтық ең басты құндылықтары – ақыл-парасат, ар-ұят, наным, иман, қоғамдық сана мен мүдде, өркениет деп келетін дүниенің ұшар биігіне бет алысымыз Абай жан дүниесінің реформалық сұранымына жақындай түсті ме, әлде біз әлі күнге «Баяғы жартас бір жартастан» ұзап кете алмай жүрміз бе? Президенттің көкейінде дәл осы сұрақтың жүргені күмәнсіз. Абай тағылымдарына ден қоюы да сондықтан. Президент өз мақаласында: «... оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге» дейді. Абай дәуірінде таным-пайым деңгейі әлемдік айналымда болғанда қазақтың ұлы перзентін «Адамзаттың Абайы» дер еді. Сол ар­манға сірә біртабан жақындай түс­кен де сияқтымыз. «Өйткені, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев – ақынның мұрасы бүкіл адамзат баласының рухани азығы». Өзімізде де, өзге елдерде де ұлы ойышылдың 175 жылдығына орай түрлі шаралардың өтіп жатуы соған дәлел. Алайда, ақиқаттың бетіне тура қарап, құдайшылдығымызды айта ал­сақ, Абайды күллі дүниеге таныту үшін оның шығармаларын дәл мағынасында, аударып жеткізу оңай бола қоймайды. Олай екен той өтісімен бәрі сол баяғы бәз қалпында қала береді. Бірақ өткен шақта талай-талай мықтылар аударып та жатты ғой. Мандыта алмағанын бәрі­міз де білеміз. Батыс пен Шығыстың ақыл-ойға, көркемдік қуатқа толы інжу-маржандарын, философиялық пайымдарын оқып-біліп, зерделеп, тамырына дейін тереңдеп танып-талдаған, тіпті ұлы Құран ілімінің өзін ғылыми негіздей алған Абайдың жан дүниесіндегі жаңа жанартауларды сол қалпында өзге жұрттың жетесіне жеткізу әл-әзір ең бір асыл мұраттың бірі. Президент атап айтқандай, шетел қазақтың рухани және мәдени құндылықтарымен анау айтқандай таныс емес. Осыны ойлағандықтан мемлекеттің тапсырмасымен қазақтың бір шоғыр ақын-жазушыларының шығармалары әлемнің 6 тіліне аударылып, антология болып басылып шықты. Игілікті іс. Қазақ әде­биетін дүниеге насихаттаудың баға­лы шарасы. Әйтсе де, туатын сұрақ: Аударма сапасы қандай? Кейбір автор­лардың айтуынша әңгімесі көп. Соның ішінде түсініп аудармаған. Неғылса да, көш жүре түзелер. Абайға келгенде бұлай жұбату жөнге келмейді. Ел Президенті өз мақаласында Абайды қалай бағалады, қалай таныды, аударма сол үдеден шығуға тиіс. Ол үшін аса мықты деген аудармашылар ірік­телінуі қажет. Біл­генге, Абайдың әлем тіліне әлемдік дең­гейде аударылғаны – өткізілетін той­дың тарихи оқиғаларының биігі, мемлекет­тігі­міздің абыройы болатынын атап айт­пасқа болмайды.

Біз озық елдер қатарына қосыламыз дегенді жиі айтамыз. Абайдың көксе­гені де осы болды ғой. Жобасын айтты, жолын көрсетті. Оқыған елдің ғана оза алатынын меңзеді. «Ғылым таппай мақтанба» деп ескертті. Таптаурын өмірден тартынудың атын атап, түсін түстеді. Сол Абай бізге нені аманаттады. Президент өз мақаласында оларды атап айтты. Біз де қайталайық. Сонымен Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйсініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па?..

Санаңыз, 5 асыл және 5 дұшпан. Алғаш­қысын жүзеге асырып, соңғысы­нан бойды қашыра алдық па? Қа­лың қазаққа қоятын сұрақ. Қазақ ұлты­ның жаңа сапасын қалыптастыру, мем­лекеттің өркениеттілігі, интелекті ұлт мәселесі жаңа Қазақстанның тұрақты мақсат-мұратына айналып отырғанда Абай айтып қалдырған аманаттар әр қазақтың жеке жауапкершілігіне айналуы міндетті. Ұлы ақынның 175 жыл­дығы қарсаңында оны танудың шаралары барлық жерде өтіп жатқаны белгілі. Онда не айтылып, не қойып жатыр өзі? Абай ұлы ақын, ғұлама ойшыл, философ... Мынандай өлеңі бар, анадай қарасөзі бар... Білгенге әрқайсы жеке тақырып, басқосудың өткір өзегі болатын, әрқайсысының танымын танытатын Абайдың әлгі аманаттары жайы жайына қалған. Бұл идеологияның басы-қасында жүргендердің бақылауына алатын шаруасы, егер өздерінің абайтанымдық деңгейлері болса. Идеологпыз немесе зиялымыз деп жүргендер жас ұрпақты Абай тағылымына бейімдеуі үшін, олар тым құрығанда Абайдың «Толық адам» формуласын біліп, зерделей алуы тиіс. Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтынын ескеретін болсақ, Абай көрсетіп кеткен жөн-жобаға, бағыт-бағдарға осы бастан көңіл аударуды қамтамасыз ету айрықша міндет.

Абайдың жан дүние кеңістігінде жа­сам­­паздық мүддесімен атой салған жаңа жанартаулардың жарық сәулесіне жа­қын­­дай түспейінше біз ұлт ретінде қо­ғам­­ның дамуына елеулі үлес қоса алмай аб­ды­­рап қала беретініміз әбден мүмкін. Ой­­ла­найық. Ойланғанда, ұран­даумен қап­­та­ған шараларды қолпаштап, жабыла қол соғып, қарадай қара тер болудың ор­­нына Абай арқылы күллі әлемге таны­лу мүм­кіндігі, оның өрісімен өнегелі, өр­ке­­­ниет­ті ел болатынымыз жайлы ойланайық!

 

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері