Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі,
Мені мен менікінің мағынасы екі.
“Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
“Менікі” өлсе өлсін, оған бекі
Абай
***
Кеңес дәуіріндегі өмір сүрген зиялы қауым ішіндегі сана-ойы бұзылмаған, таза тұлға. Жастайынан Мұхамедханның (1937 жылы желтоқсанның 2-сі күні атылып кеткен) көк үйінде (Семей қаласы) Алаш қайраткерлері бас қосып, солардың ықпалымен өскен Қайым осы мақсатты өзінің өмір сүру құбылысы етті. Сырттай кеңестік қоғамда өмір сүргенімен, ол кеңестік жүйені, оның идеологиясын мойындамады. Зерттеушілік қызметі де, өмір сүру формасы да соны дәлелдейді. Ол бұл бағытта Абайды, «Алаштың» (Алаш қайраткерлерін айтады – ред.) аңсарын және сол «Алаштың» көзі тірі екендігіне кепілдік беретін Мұхтар Әуезовті ғұмырлық нысанасы етті. Сондықтан ол Абайды зерттей отырып, Әуезовтің жетекшілігін нысанаға ала отырып, рухани бостандығын дәлелдеп кетті.
Абайтану ғылымын індете зерттеп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ғалым Қайым атамыз алғашқы Абай мұражайының негізін қалаушы ретінде де белгілі тұлға. Көп жылдар Абайдың түпнұсқалық сөзінің тазалығына тексталогиялық талдау жасап, зерттеп-зерделей келе толағай табыстарға жетті. Қазақ ғылымындағы тексталогия саласын толыққанды, жан-жақты зерттеген ғалым.
Қайым Мұхамедханұлы «Абай» және «абайтану» ұғымдарын бір-бірінен ажырамас тұтастықта үнемі біздің құлағымызға құйды, жадымызға сіңірді. Абай қазақтың тілі, ділі, әдебиеті, мәдениеті, рухы, ұлттық санасы сияқты тиянақты түсініктерді көз алдымызға әкеледі. Ендеше Абай туралы сөз тұтас қазақ руханияты ұғымына ұласып кетері хақ. 1889 жылдан бері баспасөзде Абай жөнінде жазылған дүниелер қолымызда, мәселе – сапалықғылымдық тағылымында. Елбасының соңғы екі сұхбаты бүгінгі таңдағы қазақ дүниетанымының деңгей-дәрежесін де, болмыс-бітімін де айқындап берді. Оның біріншісі – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулетпен сұхбат. Қазақ әдебиетінің қазіргі даму жағдайы қандай? Елдің бәрі қазақ әдебиеті жоқ, тоқырау заманын бастан кешіп жатырмыз дегенде осының мән-мағынасын толық ашып берген Президентіміз болды. Екінші – Мереке Құлкеновпен «Ана тілі» газетіндегі сұхбатта «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп аталатын тілдің даму бағдары мен оның болашағы туралы мәселені үлкен бір теориялық әрі практикалық дәрежеге көтерді.
Қарт Семейде дүние есігін ашқан тұлғаның әкесі Мұхамедхан өз заманының көзіқарақты зиялысы болған. Әдебиетке өткен ғасырдың отызыншы жылдары келген. Бастапқыда, өлеңдер, драмалық шығармалар жазып, белгілі шетел жазушыларын аударады. Кейін Семейдегі Абай мұражайын ашқан, және алғашқы директорларының бірі болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Көрнекті тұлғаның өмірлік мұраты – Хакім бабамыздың шығармаларымен, соның айналасындағы ақындық дәстүрмен қатар өрілген. Көкбай, Мағауия, Ақылбай туралы сүбелі мақалалар жазды. 1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Осы еңбегі үшін тұтқынға алынып, ауыр азап көреді. Сонда да мойымай, лагерьден келгеннен кейін сол тақырыпты қайта жалғастырады. Шәкәрім ақталғанда ақын мұраларын зерттеп, әдеби айналымға енгізеді. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырып шығарды.
Қайым Мұхаметханұлының ғалымдық тұлғасында орта ғасырлардағы оқымыстыларға тән әмбебаптық көріністері мол еді. Сондай кең қарымдылығына өз еңбектерінің ғана шеңберінде назар салайық. Өзекті желісі мен үзілмес тіні абайтану екені белгілі. Мұнда іргелі және қолданбалы сипаттарды тоғыстырушылық жөнімен, талдаулардың түбегейлі орнықтылығы жөнімен, жаңа бағытқа қарышты қадам жасағандығы жөнімен “Абай заманының ақындары” (“Абай айналасының ақындары”), “Абайдың ақындық мектебі”, “Абай шығармаларының текстологиясы” сияқты монографиялары менмұндалап көзге бірден түседі. Әдебиет тарихына Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Мұқа Әділханұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Уәйіс Шондыбаев, Кәкітай Ысқақов, Тайыр Жомартбаев, Иманбазар Қазанғапұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы сияқты дарындардың мұраларын тікелей жалғыз өзі әкеп қосты. Абайдың оншақты өлеңі Қайым Мұхаметханұлының жинап тапсыруымен академиялық басылымда жарық көрді.
Осы дәрежедегі туындылардың үлкен шоғыры “Абай мұрагерлері” жинағын құраған. Алаш ардагерлерін ақтаңдақтардан арылтып, мәртебелі орындарына оралту ісіне Қайым Мұхаметханұлының қосқан үлесі қандай екендігін осы жинақтағы ғұмырнамалық, өнернамалық очерктер куәландырады. Мысалы, ол Шәкәрім шығармашылығын ақтау мәселесіне қозғау салып, 1987 жылы Колбинге дәйекті негіздемелік материал жолдаған болатын. 1960 жылдан бастап Шәкәрімнің баласы Ахат екеуі бірлесе атқарған жанқиярлық қимыл-әрекеттер аз болған жоқ.
Қайым Мұхаметханұлының зерттеушілік ізденістері нәтижесінде әдебиет пен көркемөнердің және қоғамдық-саяси тарихтың мазмұнын байытқан өлшеусіз қымбат қазыналар, мұрағаттық құжаттар – өз алдына бір төбе. Мысалы, атақты қиссашы, ақын Ақылбек Сабалдың 43 мың жолдық өлеңмен жазылған өмірбаянын, 376 дәптерге толтырылған қарасөздерін тауып, Әдебиет және өнер институтында ғылыми хабарлама жасағаны мәлім. Академик Ахмет Жұбанов өзінің “Замана бұлбұлдары”, “Ғасырлар пернесі” монографияларында Мәди Бәпиұлы мен Естай Беркімбаев туралы құнды деректерді Қайым Мұхаметханұлы бергендігін ризалықпен атап көрсеткен. Кезінде Мұхтар Әуезовтің тапсырмасы бойынша “Абай жолы” романына да қажетті деректерді тауып, Мұхаңның көңілінен шығып отырғандығы және бар. (Мысалы, төртінші кітапта Сармолланың қастандықпен өлтірілу уақиғасына байланысты “табыт қағу”, т.б.). Бұл жайды айғақтайтын ондаған хат 1951 жылы Қайым Мұхаметханұлы тұтқындалғанда тергеушілердің қолында кетіп, кейін қайтарылмай мүлде із-түссіз жоғалған.
Абайтану ғылымының зерттеу объектісі үнемі молайып, көкжиегі кеңейе түсуі керек. Ұлы Әуезов негізін салып берген абайтану ғылымының Қайым Мұхамедханов араласпаған тармағы жоқ. Біз де шағын баяндамамызда қордаланған мәселелерді түпкілікті шешіп тастау міндетін өз алдымызға қойған жоқпыз. Қайталап айта беруге, үнемі зерттеушілер көз ауласында болуға тиісті мәселе – текстология, мәтінтану. Әбден тексеріліп, қалыпқа түскен мәтінсіз байсалды ғылыми тұжырымға келу мүмкін емес. Данышпан Абай қапысыз айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» Ақынның биік идеялық-эстетикалық принциптері өрнектелген. Дей тұрғанмен, «сөз түзелді» дегенде бастапқы қалыптағы мәтін ұғымының да есепке алынғандығын жадымыздан шығармайық. Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай текстінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ.
Екі томдық шыққаннан соң да [1995 ж. – А.Е.] өзінің сөзінің өтпегеніне Қайым Мұхамедханов қынжылып, талай айтып еді. «Екі жүз елу сөзді түзеттім, жүз жиырма сөзге түсінік жаздым, бірақ баспаға берген кезде «өздерінше түзеткен», – деп қиналатын.
Руханияттың өзегі болып табылатын әдеби-мәдени-саяси құбылыстар Қайымға бала күннен етене жақын болған. Әкесі Мұхаметхан ұлт зиялыларымен қатар жүріп елге танылған болатын. Абай шығармашылығын өте жоғары бағалаған. "Айқап”, "Абай”, "Қазақ”, "Шолпан”, "Сана”, "Сарыарқа”, "Таң” сияқты газет-журналдарды үй кітапханасына алғызып, оқып отырған. Шаңырағында өзі ерекше құрметтейтін Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов сан мәрте қонақ болған. Осындай ортада өскен зерек, зейінді бала Қайымның ұлтшыл, ойшыл болып ер жетуі табиғи құбылыс еді.
Қайым Мұхамедханов – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері.
Келесі мәселе – Абай шәкірттері, Абайдың ақындық мектебі. Бұл – Қайым Мұхамедханов ұстазымыздың басты тақырыбы. Абайдың ақындық мектебі сияқты құбылыс – қазақ әдебиетін былай қойғанда, әлем әдебиетінде де ұшыраспайтын сирек құбылыс. М. Әуезов жазады: «Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай – әрине, олардың басшысы, ұстаз болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға ақын мен іні ақындардың екі буынынан құралатын болса, ең алдымен сол әдебиеттік мектепте басшы ақынның бағыты, стилі, өзгеше идеялар, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтық көркемдік жаңалықтары – қысқасын айтқанда, барлық қасиеттері әр алуан бой көрсететін болады». М. Әуезов негіздеп, қалыптастырған Абай шәкірттері жөніндегі ғылыми тұжырым көпе-көрнеу бұрмаланып, қаншама қиянпұрыс пікірлер айтылмады?!
Қайымның шәкірті, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қайымның аруағы разы болмай Әуезовтың, Әуезовтың аруағы разы болмай Абайдың аруағы разы болмайды! Бұл үш тұлғаны тұтас алып зерттеп, танығанда ғана олардың құпиясы ашылмақ» - деп ұстаз өмірінің әр кезеңдеріне шолу жасадыҚайымның ұстаз, ғалым, қайраткер ретіндегі қырларына ерекше тоқталды. Абайға деген жанкешті еңбегін, ұстаз аманатына деген адалдығын жан-жақты талдап айтып өтті.
Ол «Абайдың ақындық мектебі» (диссертациялық кеңес стенограммаларында «Абайдың әдеби мектебі» деп те аталады) деген сол тұстағы даулы диссертациялық еңбекке арқау етіп, Абай заманындағы жәдидтік қозғалысты, ұлт-азаттық қозғалысты, «Алаштың» аңсарын, қазақтың рухани бостандыққа ұмтылған талпынысын үнемі алдыңғы қатарға шығарып, талқылап отырды. Сол арқылы ол Кенесары, Абылай секілді тұлғалардың кейіпкерлік бейнелерін әдеби талқылауға арқау етті. Мәселен, 1951 жылы «Абайдың ақындық мектебі» деген кандидаттық диссертация қорғады. Қорғау барысында «Абайдың ақындық мектебі жоқ, Қайым Мұхамедханов пантүркистік, панисламистік идеяларды насихаттап отыр. Кеңес үкіметіне мылтық алып күрескен адамдарды ұрпақ санасына жағымды жағынан сіңіріп отыр. Бұл - Әуезовтің «Алашорда» тұсындағы бағыты мен бағдарын қолдау. Оны зерттеуге мәжбүр етіп отырған - Әуезов» деген пікірлер айтылды. Осының кесірінен Қайым Мұхамедхановтың диссертациясы сызылып тасталды да, өзі 25 жылға түрмеге кесілді. Сондағы таққан басты айыптары Абайдың ақындық мектебінің болғандығы туралы ғылыми еңбегі емес, Мұхтар Әуезовтің жеке басы болды. «Егер осы тақырыпты ұсынған, жаздырған, оған жетекшілік еткен Мұхтар Әуезов деп мойындасаң, қамақтан шығарамыз. Диссертацияңды қалпына келтіреміз. Абай мұражайының директоры ретінде қайта тағайындаймыз» деген уәде берді. Тергеу барысында ол қинаудың барлық сатысынан өтті. Сонда да пікірінен бас тартпаған. «Сонда өз обалың өзіңе деп 25 жылды арқалатып жіберді» дейтін еді маған – деді Тұрсын Жұртбай азаттық радиосына берген сұхбатында.
Ақын Қайым дүние азабынан ширыққан, түңіле дал болған, қайсарлана жігерленген көңіл әуенін де жеріне жеткізе жырлай алған. Мысалы:
Жай жүрсем, табалады “ұтылды” деп,
Қатты жүрсем, күндеді “құтырды” деп,
Орта жүрсем, онда да көре алмады,
“Бұл өзі ақылды адам сықылды” деп.
Қ. Мұхамедханов 1951 жылы «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. М. Әуезов пен оның шәкірті Қ. Мұхамедхановты кінәлап, тырнақ астынан кір іздегендер: «Абайдың ақындық мектебі» деген не? Ол қандай мектеп? ... Орыс әдебиетінде жоқ мектеп бізге қайдан келген?!», – деп бет қаратпаса, кейбірі: «Бұл ақындық мектеп тек Абай аулында болғаны ғой!», – деп келемеждеді. Бұл – ғылыми айтыс емес, Қайым ағамыздың ұстазы, кемеңгер М. Әуезовке тура бағытталған дөрекі шабуыл еді. «Жаптым жала, жақтым күйенің» «нәтижесінде» Мұхамедханов Карлагтың қаншеңгел тырнағына ілінді.
Тар қапастан құтылғаннан соң қайсар ғалым 1958 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» деп ат қойып, кандидаттық диссертациясын қайта қорғады. Екі диссертация нұсқасын салыстырып оқып қана қоймай, ежіктеп оқу шарт. Негізгі діңгекті ойдан ауытқымағынымен кей тұстарда шегініске барып, айтпақ ойларын бүркемелеуге мәжбүр болды. Тумысынан алған жолынан қайтпайтын, қандай қиыншылыққа кездессе де шындықтан ауытқымауды зерттеушілік жұмысының басты кредосы етіп алған Қайым Мұхамедханұлы таңдаған тақырыбына өле-өлгенше адалдығын дәлелдеп кетті. Абай ұлттық идеяның жүйе ретінде қалыптасуының бастауында тұр. Сондықтан да Абайдың әдебиет мектебі, ақындық дәстүрі ұғымдары мазмұн жағынан көкжиегін кеңейтіп, ғылыми-теориялық маңызды салаға ұласа алды. Абайдың ізбасарлары, шәкірттері ұлттық сезімнің ұлттық санаға ұласып, шырқау биікке бағыт алған шығармашылық еңбектерімен қызмет жасап, ХХ ғасырдың бас шенінде қазақ әдебиеті арқалаған зіл-батпан салмақты қайыспай көтерген ренессанстық тұлғалармен қарым-қатынаста маңдай терлерін төкті. Бір сөзбен түйіндегенде, Абайдың әдебиет мектебі ақын-шәкірттері, ақындық айналасы ұғымдары қазақ әдебиеттану ғылымына қайта оралды.
Абай мектебі – қазақ әдебиетіндегі үлкен мектеп, ол үшін ғалым 1951 жылы қуғынға ұшырып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Ғалым Абай бейнесін мүсіндеу өнерінде ақынның образын тазалығын сақтау үшін күресіп, Абайдың алғашқы баспасы – И. Бораганскийдің есімін қайтарып, «Абай» журналын қайта жандандырды. Абай және оның әдеби ортасы бойынша бірегей мұрағаттық құжаттарды сақтап, шежіре құрастырды. Абай және оның замандастары туралы естеліктерін жазып, Абай ұрпақтарымен жақын араласты.
Президенттің Абай мұрасына қатысты сұңғыла пікірлері – өркениетті қалыпқа түскен жүйелі құбылыс. Қашанда болмасын Абай жөнінде үнемі айтып келе жатыр. «Абайды таныту арқылы әлемге қазақ елін танытамыз, Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс», – деген толғамы біздің құлағымызға жеткелі қашан, тек ұғар құлақ болса. Ұлықбек Есдәулетпен сұхбатында: «Абайдың нақылы, Жамбылдың жырынсыз өскен ұрпақ уызына жари қоя ма?!, – деген. Әдебиетіміздің киесі де, иесі де өзі ғой», – дегені кімге ой салмайды, кімді тебірентпейді? Тек ынтамен тыңдап, таза ниетпен қабылдай алсақ, мұнан артық орамды ой айту мүмкін бе?! Әлем таныған Абайды ұлықтау, оның шығармашылығын ұмытпау болашақ ұрпаққа парыз.
Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.
Президентіміз Қасымжомарт Тоқаев "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында: «Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді.
Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор. Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.
Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.
Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында. Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.
Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі».
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», - деген болатын.
Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпы адамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл – классикалық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр. Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Абай қара сөздерінің басты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек. Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс.
Айтқожина Шұға Махметқызы
Қарағанды қ., №95 мектеп гимназияның тарих пәні мұғалімі