Суретте: Бірінші қатарда солдан оңға қарай үшінші отырған Смағұл Рахымұлы.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тарих доңғалағын сәл-пәл кері айналдырып, 75 жылға шегініс жасап, ұлы дүбірдің елеусіз қалған бір мезетіне тоқталғымыз келіп отыр. Ақынның 1945 жылы өткен 100 жылдық тойында әдеттегідей ат бәйгесі, балуан күресі болғаны белгілі.
Бір деректерде балуандар бәсекесінің финалында ақсуаттық Дәулен Әбікенов пен абыралылық Әшкен есімді қара күш иесінің белдесіп, әуелгісінің басым түсіп, бас жүлдеге қойылған атан түйені әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасовқа сыйға тартқаны туралы айтылады. Ал Дәулен Әбікенов бір естелігінде сол тойда өзінің бір жыл бойы арнайы дайындалған, шынжырланған балуанмен күресіп жеңгенін тілге тиек етеді, бірақ аты-жөнін көрсетпепті. Біздің айтпағымыз, Абай Құнанбайұлының 100 жылдық тойындағы балуандар күресіне Абыралы өңірінің тумасы Смағұл Рахымұлының қатысқандығы жайында. Осы уақытқа дейін беймәлім болған бұл деректі бізге Смағұл балуанның бүгінде Алматыда тұратын туған қарындасы Үміт Қапалбаева жеткізді. «Әкем Рахым Мырзахметұлы Абыралы өңіріндегі Тезекбай қыстағында бақташы, анам Шарбан Әкітайқызы сауыншы болған. Мені нағашы апам, анамның сіңлісі Сәкен Әкітайқызы тәрбиелеп өсірді. Ағам Смағұл 1918 жылы Келдібай қыстағында туған. Ресейдің Новосібір облысының Обь ауданында жұмысшылар факультетін бітірген соң бұрынғы Абыралы ауданының Қайнар ауылына жақын Көкшетау стансасындағы мектепте партия ұйымының хатшысы болған әрі мектепте математика пәнінен сабақ берген. Әкемнің бойы 2 метр, 10 сантиметр, ағамның бойы 2 метр, 15 сантиметр болған» дей келе ағасының 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойында балуандар бәсекесіне түскенін әңгімелеп берді.
Үміт Рахымқызының айтуынша, Смағұл балуандар сайысына Абыралы ауданының атынан қатысып, бірінші орынды иеленіпті. «Жүлдеге түйе тіккен екен, ағам олжасын сол жерде күш атасы Қажымұқанға сыйлапты. Ал Қажымұқан тәбәрік ретінде бетін сүртіп отырған қол орамалын беріпті. Берген кезде: «Әй, қарғам-ай, қазақтың керемет баласы екенсің, маңдайымызға сыйсаң жақсы ғой», депті Қажекең. Ағам осымен тоқтамай сол күні тағы да күресіп, жүлдеге жорға алып, оны Айтқазы ағасының жұбайы, жеңгесі Сәуле Дөнентаеваға тарту етіпті. Өкінішке қарай ағам осы күрестен кейін 7 күн тілсіз жатып, 27 жасында қыршын кетті. Шешемнің айтуынша, жауырыны қарайып кеткен екен. Көз тиген бе, сөз тиген бе, кім біледі?! Осыдан біраз жыл бұрын Қайнардың жанындағы Станса деген жерге ағамның құрметіне белгі қойдық», дейді балуанның қарындасы.
Көпшілік бейхабар болса да, Смағұл балуанның Абайдың 100 жылдығындағы тойда күрескенін Абыралы өңірінің тумалары ұмытпай айтып жүреді. «Ол кезде мен 7-8 жастағы баламын. Еміс-еміс есімде қалыпты. «Смағұл Абай тойында күресті» деп әкем айтып отыратын. Менің әкем Абайдың 100 жылдық тойында әйгілі балуан Қажымұқан түскен киіз үйдің сойыс малын қарап, көмектесіп, күтушілік қызмет атқарған еді», дейді мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Алматы облысында басшылық қызметтер атқарған, Абырарлы өңірінің тумасы Төлеужан Сәдіқұлов.
Үміт апа әңгіме соңында Абайдың 100 жылығында күрескен ағасы Смағұлдың таққан белбеуі Семейде сақталғандығын айтты. Иә, расында, құнды жәдігер Семейде сақталған екен. Шолпан Қабдуәліқызы Қапақовамен телефон арқылы сөйлескенімізде белбеудің бар екендігін, түсі жасыл, ұзындығы 3 метрге, ені жарты метрге жуықтайтындығын жеткізді. «Бұл белдікті бізге Қабдуәлі атамыз: «Ұлың Смағұлдай балуан болсын» деп ырымдап беріп еді. «Смағұл атамыз беліне екі мәрте ораушы еді» деп әкем айтып отыратын. Менің ұлым бұрындары осы белбеуді беліне 5-6 рет орап жүретін. Жарысқа қатысқанда ырымдап, белбеуді кимано ішінен киіп шыққан кездері де болды» деген Шолпан Қабдуәліқызы Смағұл мен Қабдуәлінің әкелері ағайынды екендігін тілге тиек етті.
Бір қызығы, Шолпан Қабдуәлиқызының ұлының есімі де Смағұл екен. 1996 жылы дүниеге келген Смағұл Омарбеков Семейдегі Шәкәрім университетін бітіріпті. Бесінші сыныптан мектеп бітіргенге дейін қазақ күресімен, самбо, дзюдомен шұғылданып, талай жарысқа қатысып, жүлдегер атаныпты.
Азамат ҚАСЫМ
"Егемен Қазақстан"