А.ҚАЛШАБЕК: "КИТАБ ТАСДИҚ" – АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ КВИНТЭССЕНЦИЯСЫ


Әуелі басы былай басталып еді: «Жүз жылдың жүзі болды Абай мұрасын азық қып келе жатқанымызға. Әлі де тамырын қопарып, танып болдық деп айта алмаймыз. Жұмбақ жанның сыры шын мәнінде оңай болмай шықты. Сөзімізге тұздық қылғалы отырған туындының бірі – «Китаб тасдиқ». Аталмыш шығарманың  біз осы күнге дейін түпнұсқа мәтінін оқымай, тек аудармасымен алданып келіппіз. Былайша айтқанда, Мүрсейіт қолжазбасынан бермен қарай Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының түпнұсқасы қазақ оқырманына жетпеген. Тек қазақ тіліндегі тәржімәні місе тұтып, оны түпнұсқаға тең көріп жүре бергенбіз. Яғни, бақырды алтынға балағанбыз.  Абай сонда «Китаб тасдиқ» шығармасын қай тілде жазған? Шағатай тілінде. Яки мұсылман-түрки, яки қадымша, яки китаби тілде. Бәрі бір нәрсе. Қазақтың әдеби тілін түрлендірген Абай тек «Китаб тасдиқ» туындысын осылай өзгеше тілмен жазған. Себебі «Китаб тасдиқ» – көркем шығарма емес, ғылыми еңбек болатын.  Ал, шағатай тілі – бүкіл түрік жұрты мың жыл бойы қолданған ортақ тіл еді. Ғылыми һәм әдеби. Ол өрнекпен кезінде Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, Бұрһанеддин Рабғузи, Сәйф Сараий, Қадырғали Жайлайырилар жазды. «Китаб тасдиқ» – осы күнге дейін бағы ашылмай келе жатқан туынды.  Оның бағы ашылуы үшін ең әуелі оның түпнұсқасы жариялануы керек қой. Түпнұсқа сонау баяғы архив сөрелеріндегі  Мүрсейіт қолжазбасының ішінде  шаң басып, жатып қалды. Содан бері шығарма А.Байтұрсыновтың жаңаша араб әліпбиімен де, кейінгі латын һәм кирилл алфавитімен де жарық жүзіне шыққан жоқ. Ал, біз оқып жүрген қазақша аударма туындыға өз аты қойылмай, осы күнге дейін «38 қара сөз» деген лақап атпен жүр. Өте ыңғайсыз, ұят нәрсе екен. Абайдан ұят, ұрпақтан ұят. Абайдың авторлық құқы әбден аяқ асты болып келіпті. Авторлық құқын даулап, сотқа жүгінетін Абай жоқ. Жә, ашынғаннан айтылып жатқан сөз.  Ештен де кеш жақсы деген.  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы осы мәселеге өз үлесін қоспаққа талпынып отыр. Осы жолдар авторы осыдан төрт-бес жыл бұрын өзінің бір талапты шәкіртіне «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасындағы көркемдік, танымдық мәселелер» атты дипломдық жұмыс берді. Ол шәкірттің аты-жөні – Әзімхан Исабек. Әзімхан қазір білдей магистрант. Ол өзінің дипломдық жұмысын сәтті қорғап, осы тақырыпты енді магистрлік диссертация  ретінде зерттеп жүр. Жақында ол белгілі арабтанушы ғалым Абдулла Жолдасбен бірге Абайдың «Китаб тасдиқ» туындысының траснкрипциясын  жасап шықты. Жасап шықты деп айтуға ғана оңай. Бір жері өшіп, бір жері көгеріп, сарғайған парақтардан Абайдың әрбір сөзін, әрбір әрпін танып, оқып шығу оңайға түскен жоқ. Онша-мұнша оқылмаған тұстары да бар әзірше. Транскрипция М.Әуезовтің мұражай үйіндегі Мүрсейіт қолжазбасына сүйеніп жасалды (ЛММА. Кипр-1, №351). Қолжазбаны қолға түсіруге қол ұшын берген мұражай директоры Диар Қонаевқа  айтар алғысымыз шексіз. Алда  атқарылар істер шаш-етектен. Сөйтсе де,  осы бір маңызы елеулі  жаңалықты ел-жұртпен бөлісуді жөн көріп, мәтінді жариялауға беріп отырмыз. Оқырман Абайдың тасада қалған туындысын оқып, рахаттанып, ләззәт алсын деген оймен. Ғасыр қойнауынан аршып алынған Абай атамыздың мұрасын бүгінгі ұрпақ тосырқап, жатырқамай қабылдайды деген үміттеміз. Кезінде атақты профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «Абайдың ең қиын-қыстау ойларының бірі 38-інші қара сөзі. Бұған әзірге ешкімнің тісі батпай жүр» деген еді (Ә.Қоңыратбаев. Қазақ эпосы және түркология //Фараби және Абай. Ғылым, Алматы, 329 б). Бәлкім  осы басылым тіс батырудың алғашқы баспалдағы болар (Абайдан ұят, ұрпақтан ұят... Qamshy. Kz. 8.10.2019; Тасада қалған туынды. Abaialemi. Kz. 9.10.2019).

«Китаб тасдиқты» осылай  жария ғып, елге жеткізіп едік.  Одан бері төрт айдың жүзі болды.  Мүрсейіт Бікіұлы ақсақалдың қолжазбасымен тынбай жұмыс жасадық. Алғашқыда шағатай (ескі түрік) тілімен жазылған қолжазбаны көріп абдырып қалған едік. Ондайды оқып жүрмегеннен кейін түсінікті нәрсе ғой. Төте жазуды төтесінен оқитын Қытай елінен келген бауырларымыз да бұл жазуды оқи алмайтын боп шықты. Таза араб тілін  суша сіміретін кейбір молдаларамыз да «бұл жазуға тісіміз батпайды» деп, тізгінді кейін тартты. Сөйтсек бұл шағатайыңыз бөлек нәрсе екен. Ақыры мың болғыр имам Абдулла Жолдас ағамыз оқып берді ғой.  Абдулла ағамыздың  «Китаб тасдиқты» оқығаны бізге Вильгельм Томсеннің 1893 жылы Орхон ескерткіштерін оқығаннан кем әсер еткен жоқ. Ата мұрасынан әбден алыстап, жатырқап қалғамыз ғой. Содан қолжазбаның ну орманына кіріп кеттік. Ақыры ежелеп оқу дәрежесіне жеттік. Бұл  үлкен дәреже еді. Есесіне Абайдың түпнұсқа мәтінін оқыдық. Түпнұсқа оқумен авторға қатты жақындайсың. Абайды сезінесің. Жазуды сезінесің. Әрбір әріп, дыбысты сезінесің. Ол әр әріп, әр сөзден, әр дыбыстан заман лебі еседі, тарих суреті елес береді. Өйткені, сіз басқа заманда бөтен тарих кешіп жатқан, жаңа ой-өрісті жансыз.  Алғашқы нұсқадан бөлек қаншама өзгерістер жасалды. Бірақ араб графикасымен жазылған шағатай нұсқасындағы мәтінді кирил графикасындағы 2020 жылғы қазіргі қазақ тіліне толық, идеал қалыпта көшіру мүмкін емес екенін аңдағандай болдық. Бірақ көп жақындадық деп ойлаймыз. Ақыры өзімізше соңғы нұсқа жасадық.  Кейбір филологиялық ерекшеліктер:

1. Абай қолданған әліпби ескі (қадим) түрік алфавиті. Немесе шағатай. Бұл алфавиттің ерекшелігі: араб графикасының парсыланған нұсқасы деуге келеді. Онда араб әліпбиінде жоқ г, ч, п әріптері бар. Бұл әріптер араб тілінде  жоқ дыбыстарды парсы тілінде белгілеу үшін кіргізілген. «Китаб тасдиқ» шығармасында автор бұл әріптерді сол парсы сөздерін белгілеу үшін қолданған. Мысалы, шығармада г-әрпі (йадгар,  гул),   п-әрпі (пайғамбар,  пəк), ч-әрпі бар сөздер (гарчи) бар.

2. Лексикалық құрамы туралы. Араб, парсы сөздері бар. Әсіресе араб сөздерінің үлес салмағы басым. Шығармада арабтың 280 сөзі қолданыс тапқан. Ол сөздердің көбі термин сөздер. Сондай-ақ, парсыша: йадгар, үмід,   мола, баһра, раст,   хəмма, пайғамбар, бəндə, хұда, һəмишə, гул, намаз, руза, зинһар, жуанмəрд, күнəкəр, һунəр, ишан, дуст, пəк, гарчи, дария; латынша: икра, машина, фабрика; ескі грек тілінде (бір сөз бар): електір, ескі түрікше:гүзəл, кібік, чалма сөздері бар. Абайдың «Ктаб тасдиқ» шығармасының жалпы 310 сөзден тұратын сөздігі жасалды. Оны жасауда Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі Исатай Батыр атсалысты (Сөздік жасау барысында қолданған әдебиеттер: 1.Арабско-русский словарь, Камалак, Ташкент (84 мың сөз), 1994; 2.Древнетюркский словарь, Наука, Ленинградское отделение, Ленинград, 1969 (20 мың сөз); 3.Араб-фарс-узбек  сөзларнинг изохлы луғаты, Ташкент, 1992; 4.Орысша-қазақша сөздік. Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясы, Алматы, 1-2 томдар (65 мың сөз), 1978, 1981).

3.Шығарма тілі j  – тобына жататын (сөз басында ж орнына й дыбысы келетін түр) формада жазылған. Сөз басында ж әрпінің келуі негізі түрік тілінің қыпшақ тобына, и әрпінің келуі қарлұқ тобына тән нәрсе. Ал, сөйте тұра «Китаб тасдиқ» шығармасында сөз басында ж әрпі емес, и әрпінің келу себебі – автор бұл шығарманы жазғанда ортақ түрік әдеби тілінде (яғни, шағатай тілінде) жазған. Ал, ортақ түрік әдеби тілінде оғыз, ұйғыр (қарлұқ), қыпшақ тілдік нұсқалардың бәрінің де үлесі бар.  Мысалы: өзгә деген оғыз сөзі мен қыпшақ тобындағы басқа сөзінің қолданылуы. Йоқ деген қарлұқ тілдік формасы мен жоқ тәрізді қыпшақ сөзінің қатар қолданыс табуы. Бұның бәрі ортақ әдеби тіл нормасы аясында (контекстінде) болып жатқан қалыпты құбылыстар.

4. Шығармада ш дыбысының орнына ч дыбысы қолданылады: қалайча (қалайша), өлчәулі (өлшеулі), үчүн (үшүн), елчі (елші), тынычдық (тынышдық), барча (барша), әнчейін (әншейін), чалма (шалма), жаманчылық (жаманшылық) т.б. Тағы с әрпінің орнына ш әрпінің: іш (іс), баш (бас); т әрпінің орнына д әрпінің:  даратған (таратқан) қолданылатын  жерлері бар.

5. Еріндік дыбыстар езулік дыбыстардың орнын басқан жерлер бар: үйүр (үйір), танұмақлық(танымақлық),  салындұрұб (салындырыб), жасұнда (жасында), табынұб (табынып), бойұмұздағы (бойымыздағы), дауұссыз (дауыссыз),  сауұтсыз (сауытсыз) т.б. 

6. Шығармада шағатай тіліне тән шылаулар түрікше: бірлән (мен), кібік (сияқты), арабша: уа (және), ләкин (бірақ), парсыша: хəмма (барша) еркін қолданылады (Тілдік талдау барысында мына еңбекті пайдаландық: Р.Сыздықова, М.Қойгелдиев. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы, Қазақ университеті, 1991).

Абайдың «Китаб тасдиқта» қолданған тілін таза шағатай тілі деп  айтуға болмайды. Себебі онда қазіргі  қазақ тілінің элементтері де кездеседі. Ең дұрысы шығарма тілін түрік әдеби тілінің ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы қолданыс тапқан түрі деуге болады. Шағатай тілінің өзі әр кезеңде түрлі трансформацияға ұшырағаны белгілі. Ежелгі үлгілерден Ж.Баласағұнидің «Қутадғу білік», Бабырдың «Бабырнама», Бұрһанеддин Рабғузидің «Қисас-ул-әнбия Рабғузи», Қадырғали Жалайыридің «Жамиғат тауарих» еңбектерінің ішінде салыстырып қарағанда өрнегі ең жақыны Рабғузидің «Қисас-ул-әнбия Рабғузи» шығармасы деп ойлаймыз. 

Енді «Китаб тасдиқтың» ішкі әлеміне кішкене шолу жасап көрейік. «Китаб тасдиқ» –  Абайдың ең басты шығармасы. Бұл туралы Көкбай Жанатайұлы жақсы айтқан: «Абайдың жалпы, діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «ғақлиат тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да сол сөзіне жиналып келіп қорытылған сияқты. Кейде жазылған дін жайындағы өлеңдер болса, түгелімен сол сөздің жеке-жеке пікірлерінен туған сияқты» дейді. (Абай туралы естеліктер. Алматы, Қаламгер, 2018, 212 б). Көкбай шығармаға өте жоғары баға беріп отыр. Яғни, «Китаб тасдиқ» –  Абай шығармасының квинтэссенциясы деп тұр ғой ол. Бір артық кемі жоқ баға. Бізде шығарманың ішкі сыры туралы айтқанда Көкбайдың осы сөзін қазық қып, ұстай алсақ ғана болғаны деп ойлаймыз.

Абай «Китаб тасдиқ» шығармасында: Аллаһ, иман, Ислам, адам тәрбиесі (мінез-құлық), жаратылыс әлем сыры, тәркі дүниелік (сопылық элементтер), толық адам ілімі (жуанмәрдлік), өнер (эстетика), білім жүйесі, заманауи технология, намаз т.б. туралы ойлар қозғайды.

Осының бәрінің басы – Жаратушы. АллаҺ Таъала. Абай: «Сонан соң ғана Аллаһ Таъаланы танұмақлық, өзін танұмақлық, дүниәні  танымақлық, өзі адамлығын бұзмай жәлбу манфаъат, дәфғу музарратларны  айурмақлық секілді ъилм-білімні үйрәнса біләр деб үмід  қылмақға болады, болмаса йоқ, аның болмаса чала» дейді. Жартушыны, дүниені һәм өзіңді тану. Адамның жаратылғандағы бар тындырмақшы болғаны осы нәрселер ғана екен. Қалғаны ше? Біздің миымызды торлаған нәрселер жүдә көп сияқты еді ғой?! Олар әлгі үшеуін танымақ жолындағы қажетті нәрселер ғана екен. Бар болғаны сол.  Ия, Абай осылай бұл шығармада дүниені түбірімен қопарып көрмекші болған. Оған барын салды. Ми сөлін сықты десе болады. Өйткені, шығарма «хақиқат сүйүб, чынды білмәк құмарың бар болса» деген шартпен жазылған еді. Әуелі Жартаушыдан бастады:«Сіз: «Әмәнту билләһи кәмә һуә  би әсмайһи уа сифатиһи»  дедіңіз» дейді. Құдайды есім сипаттарымен тануға шақырады. Әр нәрсені тану үшін оның сипатына қарау керек. Жүрер жол сол. Олай болмаса Конт айтқан: мифология да, философия да, эмпирика да сізге жәрдем бере алмайды. Контқа сенсек Құдай бізге со күйі жұмбақ нәрсе боп қалар еді. Құдай да бізге жұмбақ боп қалмас үшін өзінің есім сипаттарын білдірген. Абайдың да: «Әгәрда ол сифатлар бірлән таърифламасак бізге маърифатуллаһ қыйұн болады. Біз Аллаһ Таъаланы Өзінің білінгәні қадар ғана біләміз» дегені содан. Артынан кәләмшілер өрнегіне салып, шамасының жеткенінше Аллаһ есім сипаттарын шолып өтеді. Себебі: «Аллаһ Таъала – өлчәусіз, бізнің ъақлмыз – өлчәулі. Өлчәулі бірлән өлчәусізні біләргә болмайды» дейді данышпан. Осы зор таным. Яғни, өлшеулімен өлшеусізді тану. Өлшеусізге өлшеуліні тану сөз болып па?! Құдайды танымаған өзін танымайды. Әлемді  танымайды. Абай өзін қайтіп таныпты:

«Адам баласын құрт, құс, өзге хайуан сифатында йаратмай, бұл гүзәл  сифатда қылыб, екі аяқға бастырыб, басын жоғары тұрғызыб, дүниәні көздерлік қылыб, өзге хайуанлар секілді тамақны өз басыманан алдырмай, ыңғайлы екі қолды басқа хызмат қылдырыб, аузына қолы ас бергәнда не ічіб, не жегәнін білмай қалмасун деб, йүсін алыб, ләззатланғандай қылыб, ауыз үстіне мұрұнды қойұб, аның үстінән тазалығын байқарлық екі көз беріб, ол көзлерге нәзіклігінән зарардан қорғаб тұрарлық қабақ беріб, ол қабақларны ачұб-жауұб тұрғанда қажалмасұн деб кірфік жасаб, маңлай тері тура көзгә ақбасұн деб, қаға беруге қас беріб, йүзіне көрүк қылыб, бірінің қолұнан келмәсдай ісді көбдесіб бітірмақға, біреуі ойұн бірәуіне ұқтұрарлық тіліне сөз беріб, йаратмақлығы мухаббат емәс ба? Кім өзіңе мұхаббат қылса, саған да оған мұхаббат қылмақ қарыз емәс бә?». Өстіп таныпты. Конт өстіп танымапты. Абай енді әлемді қалай ақтарып қарайды:

«Ъақыл көзіман қара: күн қыздырұб, теңіздән бұлут чығарады екән. Ол бұлутлардан йаңбыр йауыб, жер йүзінда нечә түрлі дәнлерді өсіріб,  жемісләрні өндүрүб,  көзге көрік, көңілге рахат, гул-бәйчәчакларні, ағач-йафрақларны, қант-қамысларын өндүруб, нечә түрлі нәбататларны өстіріб, хайуанлар сақлатыб, бұлақлар ағұзұб, өзән болыб, өзәнләр ағыб, дария болыб, хайуанларға, құсқа, малға сусын, балықларға орұн болып жатыр екан. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенүн; гүлләр гүлін, құслар жүнүн, етін, жұмыртқасын; хайуанлар етін, сүтін, күчін, көркін, терісін; сулар балығын; балықлар икрасын, һәтта ара балын, балауызын; құрт  ифәкін – һәммасы адам баласының файдасына йасалыб, һеч бірінде бұл менікі дерлік бірнәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық. Мілиұн хикмәтмәнан йасалған машина, фабрика  адам баласының рахаты, файдасы үчүн йасалса, бұл Йасаучы мухаббат бірлән адам баласын сүйгәнлігі емас ба? Кім сені сүйсе, оны сүймак қарыз емәс ба? Адам баласы қанағатсызлықманан бұл хайуанларның тұқымұн құрұтыб, алдұңғұлар артқыларға жәбір қылмасұн деб, малны адам баласының өзінің қорғанына қорғалатыб, өзге хайуанларға бірін ұшқұр қанатына, бірін күчті қуатына, бірін екі аяғына сүйентіб, бірін биүк жартасқа, бірін терәң тұңғұйұқға, қалың орманға қорғалатып һәм һәрбірін өсүб-өнбекке құмар қылыб, жас күнінде кічкена уақтында шафқат  сихры  бірлән басларын байлаб, қамқұр қылыб қоймақлығы – адам баласына өсүб-өніб, теңлік алсын емас, бәлки адам баласының үзілмәс нәсіліне, таусылмас азық болсын деганлік. Жә, бул хикмәтләрінан һәммасынан  һәм мархамат һәм ъадалат заһир  тұр екан.

Біз ортамызда бұл мархамат, ъадалатны иманның шартынан хисаб қылмаймыз. Аның учүн муслим болғанда Аллаһқа тәслим болыб, Аның йолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі айманан күннан артұқ мағлұм тұрған жоқ ба? Фиълы Һұданың һеч бірін де қарар қылмаймыз, өзгәләрда болғанұн жек көрмәйміз, өзіміз тұтбаймыз, бұл хиянатчылық емас ба? Хйанатчылыққа бір қарар тұрған адам –  йа мұсылман емәс, ең болмаса  чала мұсылман». Міне, нағыз иман. Нағыз таным. Абайдыңкі абстрактылы иман емес, реалды иман. Оған дұрыс таным жолымен келіп отыр. Заһир һәм батнды хауас салиммен көрген жан осылай сөйлер болар. Абайда  схолостика деген нәрсе жоқ. Һәм тұманды мифология яки тар шеңберлі фанатизм жоқ. Осындайға ұрынғандар көп болды. Сондай бір жөнсіз тәркі дүниелікке ұрынғандарды Абай орынды сынайды: «күллі адам тәркі дүния болыб, «һу»  деп тариқатқа кірсе, дүниа ойран болса керак. Бұларны кім асырайды, малны кім бағады, дұшманды кім тоқтатады, киімні кім тоқиды, астықны кім егаді? Дүниадағы Аллаһның бәндәларі учін жаратқан қазиналарын  кім ізлейді? Харами, мәкруһи бұлай тұрсұн Һұдай Таъаланың  қуатың бірлән, ижтиһадің, ъақлыңманан тауыб, рахатын көрмегіңа бола жаратқан, берган ниъматларына, андын көрмәк хұзурға  суық көз бірлән қараб, ескерусіз тастаб кетбәк ъақлға, әдәбка , бәлки инсафқа дұрыст ма?». Абайда нұрлы ақыл қатты жұмыс істеген ғой. Исламда тәркі дүние жоқ. Екі дүниеге бірдей қарайды. Соңғы біраз ғасырларда мұсылмандар сол тәркі дүние боламыз деп көп нәрседен айырылды. Тәркі дүние болсаң дүние де сені тәркі етеді. ХХ ғасырда оған көзіміз әбден жетті. Әсіресе қазақ  торға түскен торғайдың күйін кешіп, мүшкіл халге түсті. Жаңа заман тарихын орта ғасырлар ғұрфында қарсы алдық. Бәрінен болмаса да көбінен айырылдық. Қоғам, саясат, білім-ғылым, тұрмыс, экономика, мәдениет т.б. салаларында қатты артта қалдық. Әлем көшінің алдында емес шаң жұтып, артында қалдық. Қазақты да біржақты кінәлау дұрыс емес. Ел сондай бір тарихи тығырыққа тірелді. Абай сол тарихи коллизия тамырын тамыршыдай дөп басты. Екі дүние ара-қатынасын анық көрді. Құран бір жақта, әлем бір жақта, қазақ бір жақта қалғанын түсінді. Фәниді бахи контекстінде қарауда шала мұсылман боп жүргенімізді айтты. Құлшылық деп құлшылықтың көлеңкесін түсініп жүрген екенбіз. Яғни, әуелі іргетасты (фундаментті) жөндеу керек еді. «Китаб тасдиқ» деп шығарма жазуы содан. Растау керек еді. Нені? Бәрін. Бүкіл болмысты. Ой-өрісті. Күнкөрісті. Намазды айтады. Жілік-жілік қып талдайды. Енді бірде атақты американдық өнертапқыш Никола Тесла туралы әңгіме өрбітеді. Шығармадағы «адам баласына файдалы іс чығармақлығына йағни електірианы  тауыб, асманнан жайды бұрұб» дегені соны меңзейді. Н.Тесла сонау ХХ ғасыр басында (1900) найзағайдан электр тогын алуға болатыны жайында әңгіме қозғаған ғалым. Ғылыми гипотезасына патент де алып үлгерген (патент №685957,  5 қараша 1901 жыл). Абай одан да хабардар боп тұр ғой. Сөйтіп «Китаб тасдиқ» ішінде електрия да жүр. Иманға електрияның да қатысы бар екен. Н.Тесла – ХХ ғасыр өркениетінің негізін қалаған адам. Ол – ХХІ ғасырдағы Стив Джобс. Өркениетсіз өмір жоқ. Иманға да тиер зардап орасан. Иман мен өркениет ет пен тері. Содан иманын уайымдаған Абай ондай өркениетке жету үшін білім реформасын жасау керектігін айтады:  

«Уа йәна  пайғамбарымыз саллаллаһу ъаләйһи уә сәлләм  «ақырзаманна бір йыллық, бір күн болар» деганда сахаби-карамлар «бұл бір йыллық бір күнде намаз нечеу болар» деп сұрағанда, «аның фатуасын сол заманның ъалимлары білар» деген сөзінен бір ғибратланыб қарасаң, замана өзгеру бірлән  қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады. Бұл күндегі тахсилғулум  ескі мадрасалар  ъұрфында  болыб, бул заманға файдасы жоқ болды. Соған қарай Ғұсманияда мактаб харбия, мактаб рушдиялар салыныб, жаңа низамға  айналған. Мұндағылар узақ йыллар ғұмыр өткізүб, ъилмны файдасыз ұзақ бахсләрмәнан күнүн өткүзіб, маъишат  дүниәдан надан бір ессіз адам болыб чығады да, һеч бір хәракатка лайақаты жоқ болған соң адам аулауға, адам алдауға салынадылар. Көбінәса бұндай ессізләрнің насихаты  да тәсирсіз болады. Дүниәнің мағмурлығы бір түрлі ъақлға нұр беріб тұратұғын нәрса. Жоқчылығнің адамны хайуанландырыб жібәратұғыны да бар. Бәлки, дүниәні уа ъилмын білмәй қалмақлық – бір үлкен зарарлы наданлық, ол Құранда сөгілгән».  Міне, Абайға өркениет не үшін керек боп тұрғаны. Адам аулауға емес, білім аулауға түсу. Осындай білім реформасы керек бізге. Құры бахс білім емес. Мектепте оқушыға Ньютонның заңымен бірге Құдайдың заңын да білмек ләзім. Фәни бахи сонда тоғысады. Анық, дұрыс, пайдалы информация алған бала ғана дені дұрыс тұлға болып қалыптасады. Абайдың толық адам туралы ойлары осыны меңзейді: «Енді біліңләр, ей фәрзәндлар! Һұдай Таъаланың жолы ниһайатсыз болады. Аның ниһайтына һечкім жетбейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басды, ол таза мұсылман, толық адам делінеді». Абайдың толық адам формуласы осы.

Абай – қазақ ой-санасының реформаторы. Анық болды осы нәрсе. Бүй деу үшін жүз жыл өтті. Абайды дұрыстап тани алмадық. О баста Абайдың ақиқат бағасын М.Әуезов пен Ж.Аймауытов берген болатын. Оны біз түсіне алмадық. Енді түсінсек те жаман емес. Ол баға мынау: «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге Құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды». Рас сөз. «Китаб тасдиқ» –  сол Абайдың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиет сөзі. Ендігі міндет. Абайды дұрыс танып, зерделеу. Оны жалған бояулармен бүркемелемеу. Абайдан жасанды пұт жасамау. Керісінше онымен сұхбат құру. Одан тағлым алу.  Өйткені, Абай – ақиқаттың ұшқыны. Онымен ойнауға болмайды. Ойнасаң  ол сені  өртеп жібереді.

Енді, Әзімхан Исабекке келейік. Ә.Исабек осы еңбегімен үлкен ғылыми жаңалық ашып отыр. Қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап, оны ғылыми нысана етіп алып отыр. Бір жұмысқа бұл аз емес. Әзімхан осымен өзінің магистрлік диссертациясын аяқтап келеді. Мынау еңбек сол диссертацияның кітап түріндегі нұсқасы.  Жас шәкірт барынша, қолынан келгенінше аянбай еңбек етті. Жетпегені бар. Толып-піспеген жері бар. Ол заңдылық. Бірақ ең бастысы ол өсіп-жетілу үстінде. Мен ғылыми жетекші ретінде Әзімханға: «Мынау үлкен жұмыс. Енді сен оны егер докторантураға түссең, толықтырып «Шағатай әдебиеті және Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы» деген тақырып ретінде жалғастыр» дедім. Шәкіртімнің аман болса ол еңбекті де абыроймен атқарып шығатынына  сенімдімін.

Сол нұрлы күндер шуағына бірге шомылуды жазсын!

 

 Ақжол Қалшабек

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент,