Ы.ОЖАЙ: АБАЙДЫҢ ЖАЛҒЫЗДЫҒЫ

1

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым тап шыным.

(Абай)

«Ашулансам ызалана алмаймын, күлсем қуана алмаймын…»

Адам өстіп те өмір сүреді екен-ау тегі. Кейде ішқұса қарияны ойлап жанардың боталайтыны бар. Байқап бақсаңыз мұның бәрі шын жалғыздың шегіне жетіп шерленген жан дауысы екен ғой. Сол жалғыздың өз жарасын өзі жалап, ішкі әлемтапырық халін баян еткен туындының бірі «Масғұт» поэмасы дер едік. Бұл Абайдың өз автобиографиялық поэмасы десек асылық айтқандығымыз емес.

 

...Ендігіге не сұрау бұл жалғанда?

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жібермейді,

Әйтпесе тұрмас едім осы маңда.

 

Шығарманың бел ортасынан ауған шақта ұшырасатын осы бір жалғыз шумақ өлең, поэмадағы Масғұттың емес, керісінше кемеңгердің өз тарапынан айтылған монологы іспетті. Бұл шумақ, ақынның өмірден баз кешіп, маңайынан торығып, тауаны шағылған сәттегі көңіл айнасының бір кіреуке мезетін бейнелесе керек. Кейде өнер деген жарықтық та Қыдырдың батасынан дарып, бойға бітетін ерекше бір дүние ме деген де ойға қаласыз. Сол дәргейдің шылауына түскен Масғұтқа әлгі қасиетті Қыдыр қарияның өзі келіп;

Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,

Егер де қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар», – деп үш тармақты жолдың мұратын көрсетеді емес пе?! Бір қарасаңыз, бұл да Абайдың өз тағдыр тақтасындағы «жазуы» секілді. Рас, ақыл мен дәулет молынан пішіліп берілген Абайға бұл екеуі бек азап болып жолығып, керісінше өмірдегі шын барақатын үшінші жолдан жолықтырды емес пе. Сол таңдаған қызыл гүлі ұрғашының данышпаны Ділдә еді деген де пайым жасауымызға болады. Әрине, мұнымыз енді басқа бір тақырыпқа жүк болғандықтан, сөз солығын осы жерден баса тұруымызға тура келеді. Поэмадағы «жынды су» империя идеологиясы болса, Масғұт – соған бас иіп бағынғысы келмеген нағыз қаракөктің өзі. Жалпы нас саясаттың бар мақсаты – қарашаға ойландырмау ойынын жүргізіп, сол көп тобырды қойдай иіріп жусатып отыру.

Осыған қарап отырып «жынды су» тобырдың еш айнымас қуат көзі десек те болатындай. Бір ойлап тұрсаңыз, нағыз иісалмастық пен еш нәрсеге бас қатырмау дегеніңіз де «ғажап» нәрсе ғой.

Осы бір «судан» ұртап ішіп Абай да өзінің шыбын жанын шабақтаған жалын дертті бір сәтке болсын ұмытқысы келеді.

Қайғылы, қартаң біздей шал,

Қарай берсең, қайда жоқ?

Есер, есірік болмасаң,

Тіршіліктен пайда жоқ.

Тіршіліктің мәні есерлікте екендігін біле тұрса да Абай неге олай бола алмады. Осы жерде қалай деп пәтуа шығарсақ екен? Қан-сөлі мен о бастағы тақылеті есерлікке қарсы жаратылған соң адам баласы жазмышқа бағынбай не істесін енді.

Сонымен Абайдың бұл жалғыздығын, аласұрған ащы ахуалын тәптіштеп кім түсіндіріп бере алады?

Қазақтың бүгінгі көбік сөзге малтыққан көрдемше сын өнері ме?

«Ой, кемеңгерім-ай, арысым-ай», міне, бұлттай жөңкіген мұндай желбуаз сөздерге данышпанның сом болмысы тұтас түрегеле қояр ма екен? Ең болмаса хакімнің танымдық болмысына үңіліп, ішкі сырын қалайша зерделеп үйренсек екен?!

Шығарманың көбіне өзін емес, оны жазған автордың қара басын шиедей қылатын қиястыққа Асқар Сүлейменов «Қазақтың полемикасының бытысқан-шытысқан терминологиясын алып тастасаң, түп негізінде адамның адамға деген жаулығы ғана жатады» деген сыңайдағы бір тәмсілі бар. Бұл енді сынау мен даттауға байланысты ішкі «мәдениетіміз» ғой.

Ал енді біреуді мақтап бір кеткендегі ез-түссіз кететініміз кәдімгі қызыл тілмен сомдалған бейнебір «порнография» дерсің. Рас, қарап отырып-ақ құсқың келеді. Міне, осындай көзсіз мақтан мен бақас полемикадан ненің нарқы тұнық су тағанындай мөлдіреп таныла қойсын.

2

Сонымен жалғыздық феномені, оның негізгі мағынасы қандай? Әңгіме әлхамы да осы болайын деп отыр ғой. Осы жерде философия мен теология әдіснамасын алға салып, сәл шығандап сөз шығару да керек болып тұрғаны. Ендеше бұған дейінгі бар жиған-тергенімізді осы жердегі ой талқысына салсақ па дейміз. Әрине, әнтек басқан жері, кеткен кемшілігі болса қараша қауымнан қайыра үшбу кешірім сұраймыз.

Біздің ойымызша, Құдайдың танымдық болмысы бір (1) цифрында емес, керісінше жалғыздық феноменінде тұр.

Қайталап айтамыз, бір (1) мен жалғыздың парқы қашан да екі бөлек. Абайлап байқасаңыз, жалғыздық цифрдан гөрі болмысқа, нақтырақ айтсақ мазмұнға көбірек жақын. Бұл жердегі бір цифры Құдайдың сандық сипаты болса, жалғыздық оның негізгі мәні. Осыған қарап бұларды өзара ұқсамайтын екі бөлек философиялық категориялар деп бөлсек те болады.

Мейлі, бүгінгі қазақ топырағында қоғадай қаулаған деструктивті діни топтар, мың жерден Құдай бір (таухид) деп безек қаққанмен қазақтың негізгі темірқазық түсінігі сопылық ілімінде жатыр. Иррационализм кеңістігі сопылықтың негізгі тағаны, ал Жаратушы жалғыздығының мағынасы мен мазмұны оның басты сыры. Бұл жердегі сопылық таным цифрға емес, керісінше мазмұнға ынтық. Көбіне адамның рационалды (суық ақылы) зат пен мәтіннің тек сандық сипаттағы нақтылығына ғана жүгінсе, жүрек сол мәтіннің аутенттілігіне иланады. Бұл манифест Шәкәрім трактовкасында «Бас көзімен қарама, жүрегіңнің аш көзін» болып келсе, Абайда «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» болып күрделеніп кете береді. Егер жүрекке жүгінсек, мәселенің бәрі сенімде ғана. Сенсең ғана кез келген ғажайыптың ішкі құпиясына ендей аласың. Ал сенбейді екенсің, ештеңені де пайымдай алмайсың деп бірден кесіп айтуға болады. Әрине, жүректің өзіне ғана мәлім «көретін» әм «сезетін» мұндай хикметін затшылдық (матерализм) әмәнда мойындамақ емес.

Әл-Фараби өзінің «Ғылымдардың шы­ғуы» туралы трактатында субстанция­ мен акциденция ұғымы турасында айтады. «Субстанция – зат болса , акциденция – қасиет. Біз акциденцияларды тек сезім арқылы ғана танимыз» дейді данышпанның өзі ағынан жарылып. Әл-Фарабидің бұл жердегі қолданып отырған «сезім» ұғымы иррационализм екендігі шүбәсіз.

Мұны жазып отырғандағы бар ниетіміз, жалғыздықты тануға жасалған қадамның Жаратқанға жасалған қадам екендігін оқырман қауымға аз да болсын аңдатып өту ғана.

 

 3

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейді бабатаным.

Адамның Аллаға деген махаббаты мен ынтықтығының мағынасы да осыдан шығады емес пе. Идеалға «еліктеу» мен «ұқсау» адамның негізгі мұраты. Дәлірек айтсақ, адамның Аллаға «ұқсау» дәргейі де осы ынтызарлықтан туындайды. Бірден айтайын, бұл жол біздің төл түсінігіміз бен негізгі жүлгеміз. Әрісі Халлаж Мансұр, берісі Мәшһүр-Жүсіптерге дейін жалғасқан Алланы тану жолының негізгі тағаны осы болатын.

Мұның басты мәні не десеңіз, адам Жаратқанның Сабырын тану арқылы «сабырлы», Ілімін тану арқылы «білімді», Рахымын тану арқылы «рахымды», Мейірімін тану арқылы «мейірімді» болмақ. Мінеки, адамның Аллаға «ұқсау» ұғымының негізгі мұраты да осыдан шығады. Тарихтан белгілі, Иассауидің рухани ұстазы Халлаж Мансұрдың рухани хәл биігінде әнә-л-Хақ (Мен Хақпын) деп айтқандығы естеріңізде болар. Ал, Мағжанның «Өзім  Тәңір табынамын өзіме, Сөзім  құран, бағынамын сөзіме» деп айтуының сырын да осы өлшем өресінен іздеген дұрыс. Өкінішке қарай, кешегі қызыл жүйе адам рухындағы осыбір «МЕН» ұғымын толығымен тұншықтырып, болмысты «біз» деген ұжымдық (дұрысы тобырлық) өлшемге өткізіп жіберді. Сөйтіп, «МЕН» ұғымы саналы түрде екінші орынға жылыстады. Әйгіліфранцуз ойшылы Жиль Делездің: «Теологияны антропологияға ауыстырғанда ғана адам туралы асықпай, аптықпай отырып сөйлесуге болады» пайымының айтпағы да дәл осы ғой. Әрине, жоғарыда сөз еткен Халлаждың жетілген «МЕНІН» тобырлық таным өз бойларына тоғытып еш қабылдай алған жоқ, керісінше оны қанға бөктіріп дегендеріне жетті. Сөйтіп қашанда жоғары тұруға тиіс «МЕН» (эго) шариғат пен қағидат табанында қалды.

Мұны баса салмақ салып айтып отырғанымыз, адамның «МЕНІ» анықталмай ешқашан да Алланың мәні шықпайды.

Мінеки, осы танымның орнықпау кесірінен мешіт пен шіркеудің формальді, ащырақ айтқанда «қуыршақ» құдайлары пайда болды. Әрине одан бері қаншама жылдар сусып, дәуірлер ауысса да қожа-моллалардың осы бір төбедегі түсінікті бүгін де бәлендей хош көре қоюы екіталай. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, бұл танымды төрге оздырар болса, онда олардың дені жеп отырған нанынан айырылады. Дұрысы, тобырдың ақылсыздығынан күн көріп отырған үлкен «бизнесі» толығымен құлап тынады. Екіншіден, оларға ақиқаттан гөрі мешіт пен шіркеуді садақа жәшігі ретінде сақтап отыру әлдеқайда тиімді.

Бұл арада мына бір екі айырық пікірдің арасын ашалап алғанымыз дұрыс. Бірден айта кетейік, біз айтып отырған «құдайға айналу» (абзалы құдайшылық) ұғымының перғауындық я сталиндік құдайлық менге еш қатысы жоқ.

Біз көп дүниені бер жағынан ғана қайырып, келте пайымдап жатамыз ғой. Айталық, о бастағы пайғамбарлық идеяның төл мәнін де көбіне дін төңірегінен іздеп түсіндіргіміз келеді. Негізінде пайғамбарларды жетілген жан (толық адам) мен демократтар десек те болады (Есіңізге Мұса мен перғауының екеуара ұзақ текетіресін түсіріңіз). Абзалы пайғамбарлық мазмұн, азаматтық әм зайырлы қоғам идеясының ілкі бастауы болса, керісінше, перғауындық пиғыл соған кедергі жасаушы, бүгінгі тілмен айтар болсақ автократ ұғымының архаикалық баламасы ғой.

Өкініштісі сол, осындай озбыр пиғылды көп көргендігімізден және көп бейімделгенімізден шығар, бізге ШЫН ҚҰДАЙДЫҢ образы көбіне перғауындар бейнесінің негізінде қалыптасқан. Себебі ұзақ әрі үреймен басқарылған билік табиғаты, көбіне «ұлы Жаратушының» бір сипатына ұласып кетіп отырады. Бұған мысал әрине, шаш-етектен ғой. Осыған қарап отырып-ақ әрісі перғауындардан берісі сұм патшалардан көз ашпаған жәмиғаттың осы бір жандардың басқару пәлсапасын ШЫН ЖАРАТУШЫ мазмұнына еш негізсіз теліп алғандығын байқайсыз.

«Патша құдайдың жердегі көлеңкесі» деген секілді қолдан жасалған құбыжық өтіріктер бар болғаны автократтардың арман-мұраттары ғана. Бір-ақ мысал. Эдуард Уайд Сайд өзінің «Ориентализм» кітабында мынадай бір тосын деректі келтіреді. «...Мысырды толықтай бағындыру үшін әскерінің тым аз екендігін түсінген Наполеон жергілікті муфтилер мен имамдарға аса мол тарту-таралғы үлестіру арқылы Құранды өз мүддесіне қарай түсіндіруді бұйырды. Өз кезегінде бұл әрекет ерекше нәтижесін берді» дейді.

Көрдіңіз бе, қолдан құдай жасау технологиясының қандай оп-оңай-ақ екендігін. «Бұйрығын орындамасаң болды быт-шытыңды шығаратын, ал керісінше құлдық ұрсаң болғаны барынша жарылқайды» дейтін кәдімгі пендеуи (саудагер) түсінігіміздің тағаны қайда жатқандығын енді өзіңіз бағамдай беріңіз.

Шындап келсек, мұның бәрі әлгі Шәкәрім данышпан айтатын ШЫН ҚҰДАЙҒА ешқандай қатысы жоқ (Ол құдай енді мүлде бөлек қой).Осыдан-ақ бізге көбіне құлдық ұғымының қайдан келгендігін, ол бар болғаны жердегі жебір патшалардың жанымызға еккен үрейі мен қорқынышы екендігін түсіну аса қиын емес тәрізді.

Сонымен ШЫН ҚҰДАЙДЫҢ мазмұны не болды десеңіз ол – СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН МАХАББАТ дейміз. Рас, үрей мен қорқыныш тұрған кеуде де нендей мейірімді құдай орныға қойсын...

 

 4

Жаратқанның шын құпиясы – оның жалғыздығы. Жалғыздықты түсіну арқылы адамзат баласы оның танымдық болмысына тереңдеп ендей алады. Бірақ біздің ең қорқатын, ең қашатын дүниеміз де осы ғой. Жалғыздықтың жауы не десеңіз ол коллективтік (ұжымдық) сана дер едік. Оның мия тамырындай бытысқан, тек өзіне ғана тән ойын шарттары бар. Әрине, ойын қыза түсу үшін фанаттар қарасы көп болуы керек қой. Алыс-беріс, көлгірсу, көңілтабу секілді толып жатқан саудагерлік есептен тұратын бұл ойын ережесінен екінің бірі кіндік үзіп кете алмайды. Бейнебір ұшы-қиыры жоқ қарақұрдым дерсіз.

Жалғыздық – айтқанға ғана тым оңай-ақ нәрсе.

Ал оның коллективтік қағидаларға мүлде томпақ келетін моралдық өртіне жаныңыз сірі болса шынымен-ақ шыдап көріңіз. Әгәрәки, бұл «екінің бірі, егіздің сыңары» өте алатындай соншалықты бір жеңіл өлшем болса, онда кім арзан атақтарға күйлеп, кім тобырды өз кәдесіне жарату үшін өтірік «қайраткер» болады.

Онда мына бір дөңгелек дүние тұзы кем су татыған тағамдай болар еді.

Әрине, ертеңгі шындықтар мен ақиқаттар турасында ештеңе айта алмаймын. Бірақ, бүгінгі қылмыстар ар мен ұяттың, Абай мен Алаштың атын жабылу арқылы жасалып жатқандығын ашық айтқым келеді.

Қайыра айтуға мәжбүрміз, тобырдың басты жауы жалғыздық пен индвидуализм идеясы. Себебі олар автономды ой ойлаудан өлердей қорқады. Олар қаумана көзіндегі шелді сылып тастауға емес, керісінше оны одан әрмен үстей түсуге барынша әрекет жасайды. Сондықтан шығар көбіне топталып алып шибөрі пәлсапасымен өмір сүреді. Қолдарынан келетін бар «өнерлерінің» сиқы болса мынау. Шаты айырылып кеткенше шенге жүгіру... Қай жерде жылы-жұмсақ болса, сол жерден табыла қалу... Торқалы той өткізіп өзін мақтату... Бас оздырған жалғызды көре қалса қасақана елемеуге, дараланып бара жатса, қайыра бас көтере алмастай етіп турап тастауға тырысады. Байқайсыз ба, жағымпаздықпен жан бағатындар көбіне қолынан өнер келмейтін қортықтар мен тек бейшаралар ғана екендігін.

Рас, жалғыздың бағамдайтын шындығы бөтен. Адамзаттың небір ғажайыптары мен жауһар туындыларын осы жалғыздар жасады ғой. Шыбын жаны қурайдай уілдеген Махамбет «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» десе, Абай «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деп өздерін алдарқатып сөйледі. Шындап келгенде бұлар жападан жалғыз-тұғын. Жалғыздық кермегіне шыңдалып рухани жетілім жолына түскен осы жандар

келе-келе кемелденіп, жасампаз сана өкіліне айналып кетті. Сөйтіп өздері сүйген идеалды ұлы Жаратушы секілді ғажайып туындылар «жасаушы» сыпатқа көтерілді.

Ендеше, адамның жалғыздықтан қашуын Жаратқаннан қашуы деп те пайым жасауға болады. Әрине, Абайдың «жынды суы» жалғыздыққа қарсы коллективтік сананың лаңы ғой. Абайдың соры да сол суды қотарып ішпегендігінде болып отыр ғой.

Біздің «жалғыздығымыз» турасында бірдеңе болжау қиын, бірақ Абайдың жалғыздығында Алланың мазмұны бар.

Абайдың жалғыздығында тұтас адамзат өркениеті мен азат философия суаты бар. Алаш сол құлдықты құп көрмейтін азат философия қайнарынан түлеп ұшты десек асылық айтқандығымыз емес.

Міне, біздің де алдымызда қос бұрымдай өріліп екі сүрлеу жатыр. Біріншісі, кермегі көп, мехнаты мол сүрлеу болса екіншісі, дырду мен қызықтың қайнаған мекені.

Бейне бір бұл жолдарды өмірдің өз уақыт белдеуінде орналасқан фәнидің өз «жұмағы» мен «тозағы» дерсің...

Ықылас Ожайұлы