М.МАҒАУИН: АБАЙ ТОЙЫ

Қазақ Ордасының ең соңғы ханы Кенесары шәйіт болғаннан соң отарлық түнегіне батқан, бір жүз елу жыл бойы басыбайлы күн кешкен, дербес мемлекетінен айрылумен қатар, уақыт оза келе қисапсыз қазаға ұшыраған, ұлттық санасы да көмескіленіп, ата дәстүрі аяқ асты қалған, арысының атына тыйым салынып, жаны шырқырап, рухы тұншыққан алаш жұрты 1991 жылы 16-желтоқсанда келген тәуелсіздіктен соң дүр сілкінді. Қайтадан туған Қазақ республикасын ең алдымен, ертеңге жібермей, дәл сол күні Түркия таныды. Келесі күндерде берісі Иран мен Пәкстан, арысы Америка Құрама Штаттары болып, әлемнің ең ұлы елдері – Қазақстанның дербес, тәуелсіз мемлекет екендігіне ден қойды. Небәрі екі-үш ай өтер-өтпесте, 3-наурыз күні жаңа ұлысымыз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Енді ешқандай күмән қалған жоқ: алаш баласы қайтадан ел болыпты! Арғы замандарда Түрік қағандығы, Қарахан ұлысы, Алтын Орда сияқты құдыретті мемлекеттердің ұйтқысы болған, бергі ғасырларда Қазақ Ордасы деген қуатты мемлекет құрған, XІX ғасырдың ортасында жаппай отарлық кепке түскен жұртымыздың тәуелсіздік туын қайта көтеруі – мына біз жасаған заманға дөп келіпті. Әлихан мен Ахаң аңсаған және осы жолда басын жойған, Міржақып, Сұлтанмахмұт пен Мағжан зар тұтқан және сол жолға барын берген, қайраты қабын, кеудесі биік, намысы зор қаншама ұрпақ қан жұтып, арыстандай алпарысса да ұшығын көре алмай кеткен азаттық – бізге – құлдық өмірге көндіккен, басқаша тіршілік туралы ойдың өзінен қорқатын, асса, келер ғасырдың ортасында ғана әлденендей бір сәуле себездар деп үміттенетін, боркемік, бойкүйез біздің лекке бұйырыпты. Тиесілі ме еді бізге осындай ертегілік бақыт? Әлбетте. Бұл тәуелсіздік – бабаларымыздың соңғы екі жарым мың жыл бойы төгілген қанының төлеуі болатын, аталарымыздың соңғы жүз елу жыл бойы езілген жүрегінің лүпілі, жаншылған намысының серпімі, қапаста үзілген өмірінің қарымтасы болатын, құрсақта жатқан, жаңа ғана кіндігі кесілген, қаз тұрған, ендігі жылы, ендігі ғасыр, одан соңғы замандарда дүниеге келетін сәбилердің көз жасы болатын. 1991 жылы желтоқсанда Тәңірі сыйлаған тәуелсіздік – алаш жұртының үздіксіз түрде тура жиырма бес ғасыр салтанат құрған мемлекеттік тарихының жаңа бір түйіні ғана. Өшкені жанып, өлгені тірілген өзгеше түйін. Алтай тауынан Хазар теңізіне дейін, Сібірдің қалың орманынан Мәуреннахрдың қызыл құмына дейінгі аралықты алып жатқан, жер көлемі бойынша әлемдегі ең алып тоғыз мемлекеттің қатарына қосылған Қазақстанда 16-желтоқсан күні кеште жұрттың бәрі көшеге шығуға  тиіс еді, қадыр түніндей қасиетті сағаттар халықты қуанышқа бөлеп, ертеңгі 17-желтоқсан – аруаққа ақсарбас шалған, азаматқа аманат артқан, ұрпаққа ақ тілек айтқан ұлы дүбір мерекеге ұласуға тиіс еді. Жоғарыдан келетін нұсқауға үйренген жұртымыз олай жасай алмады. Әрине, қуанды, тәубаға келді, шүкіршілік айтты. Бірақ осының бәрі – мемлекеттік дәрежеде емес, от басы деңгейінде болды. Әлбетте, бір шаңырақ емес, мыңдаған шаңырақ. Бүкіл алаштың мерейі тасыды. Бірақ өкіметтің емес. Өкімет абдыраған дағдарыс үстінде тұрды. Адалын айтсақ, республика тәуелсіздігін жариялаудың өзі – амалсыздың ісі болатын. “Интернационалдық” парламент ең соңғы күн емес, ең соңғы сағат та емес, ең соңғы минут, секундта әрең илікті. Басқа амал таппаған. Шынында да, Империя тарап кетті, мал иесі – Ресей федерациясының өзі  басқалардан дербестігін айғақтады, жалғыз Қазақстан – СССР – Советтік Социалистік Республикалар Одағы деген атақты ұстап тұра алмайды ғой, “Да…”-ға ауыз бармайды, ал “Нет!” – дегенде… қайтпек керек? Көсемдеріміздің қиналған жері осы болды. Әрине, көп ұзамай, біздің партиялық номенклатура да төбеден ешкім тежеп отырмайтын тұрмыстың артықшылық жақтарын пайымдап білді,  нәтижесін көріп отырмыз – Алаштың азаттығы Арамның қызметіне көшті. Тәуелсіздік тұғырына көлеңке түсті. Бостандық таңы атқанда жадырап ашылған жұрт енді жабырқау күй кешіп жатыр, ал түнере түксиіп, тітірене күпсиген қауым бар игілікке ие болған, жалғанды жалпағынан басып жүр, ұлт мүддесі, ел қамы қайда, құдайдың өзін босағадан әрі ысырып тастады. Бұл, әрине, туған ұл мен есіктегі құлдың орны ауысып кеткен бүгінгі хал. Ал тәуелсіздік лебі көкірегіне нұр төккен алғашқы жылғы алаш мерейі өзгеше болды. Сол мерейдің, қуаныш пен тәубаның ең үлкен көрінісі – ұлттық мереке дәрежесіне көтерілген атаулы тойлар еді. Абылай ханның асығыспен, мезгілінен бұрын өткізілген 280 жылдық тойы, Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шақшақ Жәнібек батырлардың, Бұқар жыраудың, Ақан-Серінің, Мағжан ақынның мерейлі астары, Салқам Жәңгірдің моңғол-қазақ соғысындағы ұлы жеңісінің 350 жылдығы, бұлардан басқа, аруақ шақырып, ту көтеріп, әртүрлі дәрежеде, әрбір аймақта өткізілген атаулы мерекелер –  бәр-бәрісі бір-ақ той – Алаш жұрты аңсап жеткен Тәуелсіздік тойы болатын. Міне, осы қатардағы, елдің елдігін танытатын, аруақты тірілтіп, абыройды көтеретін, өткеннің кемтігін толтырып, жаңаның жобасын  нұсқайтын ұлы тойлардың бірі, бірі емес, бірегейі Абай тойы болуға тиіс еді.

 

1

Абайдың 150 жылдық тойына алдынала ерекше көңіл бөлінуі, нақты бағыт-бағдар, ұйымдастыру шаралары – ақынның ұлылығына ғана бас ұру емес, алыс жұрттарға халқымыздың ақыл-парасатын таныту, елдің елдігін әйгілеу мақсатынан туындаса керек. Әлбетте, Атамыздың ерек бітіміне дау жоқ, бірақ әділін айту керек, Абай тойының аса биік өреде өтуіне жол ашылды: нақтылап айтқанда, мерекелік шаралар ЮНЕСКО қамқорлығының аясында атқарылатын болды, шет елдерде, оның ішінде: ежелгі мәдениет ордасы Қытай Халық Республикасында – оның астанасы Бежінде, Еуропадағы жаңа мәдениеттің ошағы Францияда – оның астанасы Парижде, бір туған бауырымыз Түрік елінде – оның ұйтқысы Ыстамбұл мен астанасы Анкарадан бастап, үлкен кент Ізмір мен шағын шаһар Салихлиге дейінгі қаншама жерде, – Батыс, Шығыс және Орта Шығыстағы осы үш ұлы мемлекетте кеңінен тойланумен қатар, ұлысымызбен дипломатиялық қатынасы бар, достық пейілдегі тағы қаншама жұртта атап өтуге жол ашылды; Жидебайдағы Абайдың басына қазақта болмаған күмбез тұрғызу үшін қыруар қаржы бөлінді, Алматыдағы салтанат, Семейдегі той, Шыңғыстаудағы ас өз алдына. Мерекелі мекенге баратын жол, ауылға және той алаңына қатысты әртүрлі тұрмыстық мәселелер мен басқадай да ділгір шаруалар – бәрі ақшаға тіреледі. Шет елдерден қазақ мәдениетіне, қазақ қауымына қатысы бар жүздеген мейман келуге тиіс. Оның сыртында Абай шығармаларын әлем тілдеріне тәржімалау, түпнұсқада жаңа басылымдарын жүзеге асыру, зерттеу, тану… Қаншама жұмыс. Көптігіне – көлемін, оған қиындығын қосыңыз.

Той барысында осы қыруар істің ешқайсысы ұмыт қалған жоқ. Оның үстіне, барлық жағдай жасалған, тек мүмкіндікті пайдалана біл. Біздің іс басындағы шенеуніктер әулеті бәрін де атқарды, бірақ қалай? Бәрін де пайдаланды – қайтіп, неменеге? Рас, той өтті, дабырасы ғарышқа жетті – сол беті мұнарға сіңіп кетті ме, артында қандай із, қандай тағылым, үлгі қалды? Абай болашағын ойлап: “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!…” –  деп күңірене толғаған жұрты, “Біріңді, қазақ, бірің дос, – Көрмесең, істің бәрі бос!” – деп өсиет айтқан халқы қандай жағдайда екен, сол замандағы “өңшең қырт, бас қаңғырттар” не күйде, “асқа, тойға баратұғын” қауымның көңіл ауаны қандай? “Ояз шықты, сияз бар!..” – деп алқынып, қапылып жүрген, “лау деп, үй деп дікілдеп” қамшы үйірген атшабардан тұқым қалды ма? Қыран құстың алдына күйкентай мен қарғаны салатын  күпілдектер әлі бар ма? “Бас-басына  би болған өңкей қиқым” ұлы тойдың берекесін кетірген жоқ па? Өз заманы үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де даналығы мен ұлықтығы жұмбақ болып отырған Абай бұл сауалдардың бәріне жауапты өткен ғасырда айтып кеткен. Біз тек қайталап қана шығамыз. Соның өзіне шама жетсе. Шет жағалап қана айтамыз. Соның өзіне “болыс-екем” қитығып жүрмесе. Бірақ амал жоқ, айтуға тура келеді. Абай атамның біз жетпесек те, бүгінгі балаларымыз жететін, келер ұрпақ көретін 200 жылдық тойы қарсаңында қаперге алынар деген үмітпен.

Біз Кімді, Нені, Кім үшін, Не үшін тойладық – ең әуелі осы жағын байыптауымыз ләзім. Әлбетте, тойдың ең басты тұғыры – Абай мұрасы. Тойға қатысты барлық іс – осы Ұлы мұрадан бастау алса керек еді. Ең үлкен мақсат – осы Мұраны қастерлеп, алдымен қазақ арасына тарату, тереңдей түсінуге мүмкіндік жасау, одан соң шет жұрттарға шығару, жан-жаққа танылуына жол ашу – түптеп келгенде, қазаққа өзінің Ірілігін әйгілеп, алыс-жақын ағайынға Абайы бар елдің Аруақты екенін көрсету болса керек еді. Абай атымен өтетін ұлттық мереке біздің қайта туған халқымыздың мерейін көтеріп, жаңа мемлекетіміздің рухани өрісін кеңейтуге, тарихымызды танытып, елдігімізді әйгілеуге тиіс еді. Бұдан соңғы мәнді іс – ақынның басына дүрбе тұрғызу, атаулы музейін ашу, елдің әр тарабындағы үлкен қалаларда еңселі ескерткіштер орнату болса керек-ті. Ал Шың­ғыстаудағы үлкен Ас – үшінші қатардағы мәселе, жалпыхалықтық мерекенің қорытынды түйіні ғана. Әлбетте, Абай Асы – біздің ұлттық сыпатымызды, сән-салтанат, озық дәстүрлерімізді шет жұрттық меймандарға танытып, дидар таспасына түсіріліп, әлемге таралатын, бүгінгі ұрпаққа үлгі, келер ұрпаққа өнеге ретінде ұсынылатын өзгеше бір рәсім болса керек еді. Төмендегі орындаушылар той өткен соң бәрі де ойдағыдай болды деп мағлұмат бергеніне тағы да күмән жоқ. Ал халықтың көзі бар. Санасы да, сезімі де бар. Соның бәрінен ұяты күштірек екен. Әлгі бір анекдоттағыдай: “ұқсауын ұқсайды, айтуға болмайды”. Мен қаншама жұртпен жүздескенде, республиканың әр тарабындағы, әртүрлі қызмет, дәрежедегі қаншама азаматпен сөйлескенде, Абай тойына риза болған бір кісі көрмедім. Бірақ бәрі де, қайтеміз енді, солай болды, өкпемізді айтсақ, өзімізге айтайық, әйтеуір Атамыздың аты дабылдап жатты ғой, ананы-мынаны тергіштей берсек, аруаққа шет болар деседі. Республикалық баспасөз де тойды мадақтап, таңдай қаққаннан аса алмады. Ұят үстіне парыз қосылды ғой деймін. Ол парыз, біздің редактор ағайын­дардың совет заманында қалыптасқан ұғымынша, бәрін боямалау дегенге саяды. Ал шын парыз – ақиқатын айту. Сонда ғана ар – таза, аруақ – риза болады.

 

2

Абай тойы шет елдерде басталды. Тәуелсіздік арқасы. Бұдан бұрын, жарым дүниені уысында ұстаған, Кремльдегі түшкірік әлемнің екінші бір шетіне  күркіреп жететін Совет заманының өзінде, қандай дәрежедегі болмасын қазақ қайраткерінің мерейлі күндері сырт аймақта аталып көрген емес. Енді ұлы ақынның тұғырлы мерекесі халықаралық мәдени-қоғамдық ұйым ЮНЕСКО шеңберінде ілтипатқа алынып, Шығыстағы үш мың жылдық цивилизация ошағы Қытайда, Еуропаның жаңа мәдениет ордасы Францияда, бірге туған бауыр, түрік әлемінің ұйтқысы Түркияда, сонымен қатар, қазақ диаспорасы, қазақ елшілігі бар тағы қаншама елде кеңінен аталып өтуі – Абайдың ұлылығына ғана тағзым емес, сол Абайды туғызған халыққа ықылас, ең бастысы – тәуелсіз жаңа республикаға деген құрмет белгісі болатын. Яғни, шет елдердегі Абай күндері ұлы ақынды насихаттау аясында қазақ елін, қазақ халқын, оның рухани қуаты мен өрелі ақыл-ойын да таныту, ұғып-білу жолына септесуге тиіс еді. Өте ауқымды әрі қиын шаруа.

Ұлан-ғайыр асқа мемлекеттік  мән берілген себепті, бұл істің ұйымдастырылуы, жөн-жобасы, сандық көрсеткіші ойдағыдай болды деп атап көрсету қажет. Қыруар қаржы шығарылды.  Шығыстағы көрші де, Батыстағы ағайын да, Түстіктегі туыс та ел есігін айқара ашты, оң пейілін, ақ ниетін көрсетті. Мәдениет министрлігі ме, басқадай мәртебелі мекемелер де, әйтеуір құдай беріп, бар билікті көтеріп алған шенеуніктер қауымы да, былыққан әлдебір оқу орынының абитуриенттер қабылдайтын кездегі емтихан комиссиясы сияқты, апыр-жұпыр болды. Нәтижесінде… дабыры мол, даңқы кем, айқайы бар, абыройы жоқ, жүгірісі көп, жөргемі аз… өзгеше бір құбылыс өріс алды. Арнайы делегация мәртебесімен қазақтың көк туы астында алыс шет елдерге қарай лек-легімен қаптай ұшқан кісілеріміздің жүзден тоқсан сегізі не Абайға, не қазаққа ешқандай қатысы жоқ, сейілқор, бейсауат ағайындар еді. Біреудің құдасы, біреудің жекжаты, енді біреудің сыбайласы, немесе ашына, ойнасы… Ұлы астаналар, шет жұртта, – ресми жиын, бейресми кездесу кезінде, той иесі ұлы ақынымыз туралы екі ауыз сөздің басын қосып айта алатын, есі дұрыс кісі табылмаған жағдайлар болыпты. Мәселен, Бежін сапарында. Жазушылар одағының, амалсыздан тізімге қосылған жалғыз өкілі (және әкімшілік тарабындағы – бір, үлкендермен туыстас тағы екі кісі) болмаса, қаламгер аталатын қауым бұл салқар шеруден қасақана, саналы түрде шетқақпай қалған еді. Неге десеңіз… Іс басында отырған шенеуніктер бұл тойдың тұрғысы – алыпсатар саудагер емес, жемқор алпауыт емес, пәленше-екемнің жиен, нағашысы емес, Ақын екенін, ол Ақынның аты Абай екенін, бұл мерекеге ең алдымен қазақ зиялысы, оның ішінде Абайдың қаламгерлік жолын ұстанған рухани балаларының да қатысы барын ұмытып кетіпті. Керек десеңіз, Семей, Абай ауданында өтетін салтанатқа да, рас, тақыр-таза емес, бірді-екілі басшы қаламгерлер ғана жіберілмек екен, Жазушылар одағының Абай атына арналған племумындағы айқайдан соң тізім кеңейіп, тағы біраз мүскінге кеңшілік жасалыпты… Абай тойы, әсіресе оның шет елдердегі көріністері – ұлттың абырой-намысына қатысты, мемлекеттік мәні бар іс екенін пайымдайтын зерде, зерде емес, саңылау, сызық атымен жоқ, тым құрса, кәдімгі жабайы түйсік болсайшы. Қу бастан қуырдақ  дәмететін, өңештен өткен қара тастың өзін қорытып жіберетін, алушы табылса, екі теңгеге әкесінің қурап қалған сүйегін де сатып жіберетін бүгінгі әкімшілік Абай тойын да жемдорбаға айналдырды. Бес жыл бойғы дайындық кезінде, тұтас алты айға созылған мереке үстінде Той қорына қаншама миллион қаржы түсті, бұл миллиондар қандай мақсатқа, қалай жұмсалды – ол жағына есебіміз жетпейді. Тек шет елдік сапарлардың өзін ғана сырттай байыптап қарағанда, кешегі советтік заманның көзі тірі мұрагері – шенеуніктер әулетінің бүгінгі жасап отырған тіршілігінің сыр-сыпаты анық аңғарылады. Абай күндерін Бежінде, Парижде, Ыстамбұлда және басқа да шет жұрттық мәдениет ошақтарында өткізу мақсаты неге саяды? Нешінші рет айтасыз, осындай да сұрақ бола ма екен дерсіз. Мақсат айқын – Абайды таныту, Абай арқылы Қазақты таныту, Қазақ арқылы бүгінгі тәуелсіз республиканы таныту дерсіз. Тіпті де олай емес екен. Абай тойы – перде ғана. Негізгі мақсат – Дүние бетін беріп тұрғанда барып қалу, көріп қалу… керіп қалу. Сондықтан да шет елдердегі Абай күндері ақын мерекесі, мәдениет мерекесі емес, шенеуніктер шеруіне айналды (Мен осы мақаланың алғашқы нұсқасында бұл сорақы, ұятты жағдаят туралы таратыңқырап жазған едім, баспаға өткізер ең соңғы сәтте, тым ұсақтап кетпейін деп, іркіп қалғам. Бұл қалыс үзіктер біржола жойылмай, Алматыдағы архивімде жатса керек. Сірә, қайта көтеріп қажеті де болмас. Алайда, кейінгі жұрттың жады үшін, осы былықты шеруге ұйытқы болған екі сабаздың есім-жөндерін айта кету парыз сияқты: сол замандағы Мәдениет министрі Талғат Мамашев пен Баспасөз министрі Қуаныш Сұлтанов… – 16.VI.2019.).

Абай тойын ата-баба аруағын көтеретін, ұлттың рухын тірілтетін, республиканың әдеби, мәдени өрісін кеңейтетін қайталанбас мүмкіндік, айрықша құбылыс емес, кәдімгі, атқорадағы жем құйылған түпсіз астау деп қарағанымыз тек Ыстамбұл, Бежін, Париж ғана емес, басқа шет аймақтардағы мерекелік салтанатқа көзқарастан да айқын танылды. Мұның ең үздік мысалы – Астраханьдағы тойға қатысымыз.

Еділдің бергі бетінде, ежелгі Алтын Орда ұйығында іргесі бүтін қалың қазақ отыр. Ежелгі астанамыз Сарай қаласының орны бар; өзі жоғалса да, ізі қалған, ұрпағы үзілмеген тағы қаншама қонысымыз тұр, ұлы күйшіміз Құрманғазының сүйегі де осы жерде. Бұл облыстағы қазақ екі ауданда жалпы халықтың тең жарымын, тағы екі ауданда қомақты бөлігін құрайды, ұзын саны жүз қырық мың. Бас көтерген ұлдары, билікке жеткен азаматы бар бір қауым ел. Осы, ата-мекен жұртында отырса да, Ресей шегінде қалған, бергі бетпен байланысын үзбеген, ниеті оң, жүрегі таза жұрт енді Атамыздың тойы болады деп әбігерге түседі ғой. Облыстық әкімшілік алдына мәселе қояды, қаншама қаражат бөлгізіп алады, өз орталарындағы іскер, дәулетті жігіттер арнайы пұл шығарады, тиесілі мерекелік шаралардың бәрін атқарып, жайқын Еділдің жағасында бұрын бұл өңірде болмаған дүбірлі той өткізуге мүмкіндік алады, іргедегі ұлы Отан – Қазақстаннан келуге тиіс мәртебелі делегацияға қымбат тарту-таралғы әзірлейді. Міне, осы жағдайдан бейхабар, яғни, тойдың болмағын емес, бермегін білмеген біздің жұрт ал кеп кергісін. Аналар арнайы кісі жібереді, хат әкеледі, мұндағылар босаға аузынан әрең қабылдайды, ерін ұшымен сөйлеп, дүдәмалмен шығарып салады. Той мезгілі тақағанда андағылар үсті-үстіне қатынас жазады, телеграмма салады – жым-жырт. Қайта-қайта телефон шалады – қабылдау бөлмесіндегі дәнекерші қыздан аспайды, асса – шенеунігімнің уақыты тығыз, жұмысы көп, адамша сөйлеспейді. Ақыры, той иелері Астрахань әкімшілігінің әлдеқалай төтенше жағдайда Мәскеуге, Кремльдің өзіне тура шығатын бірдеңе деген үкімет телефонымен біздің Үлкен үйге түседі ғой. Біздің бүгінгі ЦК-да әлі отырған баяғы ЦК-ның жауапты қызметкері ашу шақырыпты. Қақылдап қоймадыңдар ғой дейді. Ал, бармаймыз, не қыласың дейді. Мен үшін той өткізбе дейді. Бұлданба, әрмен кет дейді. Мен осы әңгімені Хажы-Тархандағы ағайындардың өз аузынан естідім. Сәтінде айтар сөз таппаған едім. Қазір ойлаймын. Әттеген-ай, бар қате сол ағайындардың өзінде жатыр ғой. Келген қонаққа тәбәрік ретінде күміс аяқ, алтын қасық тартамыз десе ғой, біздің ЦК-дағы кердең шенеуніктер ”Мен барам, мен барам!“ – деп, таласа-тармаса ұмтылатын еді. ”Білмеген – у ішеді“ – деген осы. Бұл – екі жаққа да қатысты сөз. Әйткенмен, той иелері екі мәрте у ішкен. Біріншісінде, адал ас, ақ пейіліне, аңсаған қызығына сай қонақ келтіре алмай пұшайман болса, екіншісінде облыстық әкімшілік, аймақтағы, қазақ емес қалған қауым алдында жерге қараған. Сонша дүрілдегенде Қазақстаннан атаулы делегация келмеуі қалай деген сөз – сұрақ түрінде айтылмаса да, көңілде тұрған; досқа таба, дұшпанға күлкі дейді мұндайды. Қапиядан жол тапқыш жұртымыз Алматыдағы қазақ қауымдастығынан барған екі кісіні алға тарта берсе керек. Екеуі де жақсы кісі.  Жиында көсіліп сөйлей алмаса да. Өйткені… Абайды жақсы білетіні – орысша білмейді  екен,  ал орысша жақсы білетініні Абайды білмейді екен…

Десе де, Хажы Тархандағы Абай ұрпағы кеуделі. Қызық та, мерей де өздерінде. Дәл өздеріндей жүз қырық мың қалмақ іргелі елміз, дербес республикамыз деп отырғанда, ежелгі иелігін сақтаған алаш ұлы неге еңсесін түсірсін. Еділдің жағасына ақшаңқан киіз үйлер тігілген, Хажы-Тархан өңірі ғана емес, ұлы дарияның басынан, арғы, бергі бетінен қаншама қазақ жиналған, ат шапқан, балуан күрескен, теңге алысып, қыз қуысқан; сырттан тамаша­лаған, тойлы ауылды көріп, мұндағы қазақтың мерей-салтанатына сұқтанған, дастарқанға отырып, дәм татқан орыс пен татар, ноғай мен қалмақ, қондырау мен қарағас жаңа бір әлем ашқандай қайран қалған; бұдан бес жүз жыл бұрын құлаған Алтын Орда заманының рухы қайта тіріліп, ұлан-асыр бір мереке болған! Мен Абай күндеріндегі ең елеулі оқиғалар қатарында осы Еділ – Хажы-Тархан тойын атар едім.

Ресей шегінде қалған бәсіре мекеніміз Орынбор мен Омбыда өткізілген мерекелік шаралар, ежелгі түрік қонысы, бүгінгі қазақ өлкесі Баян-Өлгийдегі той мен салтанат та осы аймақтарда отырған қазақ қауымының еңсесін көтеріп тастаса керек, көршілес, қолтықтас жұрттарға артта үлкен ел жатқанын әйгілесе керек. Біраз жұрт базар аралап, палау жеп қайтқан Өзбекстандағы күндер, біраз жұрт майлы қабырға сыдырып, бозаға тойып қайтқан Қырғызстандағы мерекелік шаралар да Абай тұлғасына, қазақ мерейіне қызмет еткені күмәнсіз. Қаншама шет жұрттағы қазақ елшіліктері ұйымдастырған Абай күндері де өткенімізді әйгілеп, бүгінімізді танытуға үлес қосты. Керек десеңіз, шенеуніктер шеруіне айналған Париж, Бежін, Ыстамбұл-Анкара-Ізмір сапарларының өзі айрықша мәнді. Сырттай қарағанда бәрі де тамаша көрінсе керек. Қазақтың атын шығарса керек. Абайдың 150 жылдық мерекесі пәлен де түген елдерде өткен деп тарихқа жазылса керек. Бәрі де рас. Шүкір, тәуба. Бәрі жақсы. Абайдың аты дабылдады, қазақтың аруағы шалқыды. Жан тебірентер, қайталанбас оқиға. Десе де, іш ашиды – мүмкіндік мол еді, соның ұқсатымы аз болды. Ұқсатты, тек басқа тарапқа. Мәртебе Абайдікі, мерей Қазақтікі, ал қуаныш, абырой жалпы жұртқа тиесілі болды десек, игілік, нәпақа – шенеуніктер үлесінде кетті. Ішті-жеді, шашты-төкті, ұрлады-жырлады. Алда тұрған 100 жылдық – Мұхтар Әуезов тойы да осы үлгімен кетеріне күмән жоқ. Абай түзете алмаған арам мен сұмды біз түзете алмаймыз. Айтсақ – арылу ғана. Қағазға жазған сөз өшпеуші еді – Атамның 200 жылдық тойында кәдеге жарамаса да, еске алынар деп жазып отырмыз.

 

3

Абай тойы дегенде, астана Алматыдағы салтанат айрықша болды. Және той қорытындысында, бұдан соңғы ақпарат пен безбенде атаусыз қалған да осы Алматы тойы. Астана байтақтағы мереке бастан-аяқ ақылды ұйымдастырылды, сәнді өтті, ауқымды болды, нәтижесінде бүкілхалықтық думанға айналды.

Алматыдағы той ақындар сайысынан басталды. Аты – бұрынғы, заты – бүгінгі, өнер арзандаған заманда айрықша өріс тауып отырған, не ән-әуені жоқ, не мән-мағынасы жоқ, әридай мен әләулайдан құралған, татымсыз өлеңшілердің шалағай сөз қағысы емес, нағыз жыр жарысы. Ежелгі шығыс үлгісіндегі мүшәйра. Елімізге танымал үлкенді-кішілі ақын түгел қатысса керек. Бәйге алған өлеңдер артынан басылып та шықты. Жаманы жоқ. Бәрі де жақсы. Сонымен қатар, Абай атына, Абай тойына лайықты, өзгеше жыр тумағанын де мойындаған жөн. Әлде, басқаша ұйымдастыру керек пе еді. Жақсы өлеңнің көбі сыртта қалды, іріктеуден өтпеді деседі. Бұл – өкпе шығар. Бірақ қазылар алқасы ақындардан емес, әдебиетші (сыншы, ғалым) мен прозашылардан құрылғаны жөн бе еді деп ойлайсыз. Жасырын болды, жабық болды деген – бос сөз. Әмәнда, қазақ араласқан істе құпия болмайды. Ақсақалды ағаңыз бәйгеге қол созып отырса, жасы кіші баланың алдында қалай жығып бересіз. Сірә, бәйгенің ашық болғаны жөн еді. Және бір күн емес, екі-үш күнге созылса. Оған көп қаражат та шықпайды. Өлеңшілердің шәлдірік айтысы тура бір жылға созылды ғой. Солардың біреуінің ғана алған бәйгесі ”қатардағы“ қырық ақынға бөліп беруге жарайтын еді. Осы орайда, мүшәйраның бас жүлдесіне автомобиль тігілгенін артық көргендер болды. Бұл да өресіздік белгісі, өнердің қадыры кеткендігінің көрінісі. Баяғыда Орынбай, Жанақ, Шөжелер жалғыз өлеңінің төлеміне үйірлі жылқы айдаған. Мұсылмандық шығыста дорбасымен алтын, мал-басымен қоныс алған. Әлбетте, өлең бәйгесінде маңдайы жарылған ақын “Абай тойында озды” деген, мөр басылып    куәландырған бір жапырақ қатырма қағаз алса да мәртебелі болар еді, риза болар еді. Бірақ әләулай мен әридайға шашылған мал төрт тармағы тең жорға өлеңге неге бұйырмауы керек. Бар парық малмен есептелсе, мүшәйраға әлденеше машина тігілуі қажет болады. Абайдың “Сегіз аяғының” құнын тұтас автопарк өтей алмайды. Мәселе бүгінгі өлеңнің сапалы болуында, соған орай таңдаудан өтіп, марапат жасалуында.

Ендігі бір ұлағатты іс – Ұлттық академияда өткізілген ғылым мерекесі – халықаралық кеңес. Бұл жиынның мәні – шет елдік оқымыстылардың Абай туралы толғамдарында жатыр. Кім келді, кім қалды деп түгендемейік, сол болған ағайындардың өзінің сөзінен көп жай аңғарылса керек. Бірер ғана мысал.

“Абай – қазақ халқының рухани көсемі. Ол – Түркиядағы түріктердің де ұлы перзенті”, – дейді белгілі қоғам қайраткері Намық Кәмал Зейбек. “Абай – Батыс пен Шығыс аралығындағы алтын көпір болды”, – дейді атақты ғалым, алмандық отандасымыз Баймырза Хайыт. Абайдың ұлылығы, қазақ сөз өнерінің биік деңгейі, бағдар-болашағы осындай сөздерден танылады. Өкінішке қарай, бұл кеңесте жасалған баяндамалар мен айтылған сөздер өз кезінде де, соңында да жарыққа, жарияға шықпады. Осы беті қалса, желге ұшқаны, өтпеген, болмаған есепті.

Тойдың ең бір мерейлі, жүрек лүпілдеген, көңіл шалқыған күні – 8- тамыз, Алматы, Абай даңғылы бойындағы салтанат деп білем. Астананы қақ жарып өтетін бас көше алдын ала күрделі жөндеуден өткізілді, жаңғырды, екі өңіріндегі ағашына дейін мерекелік түрге енді. Той мезгілінен бірер күн бұрын қасқа даңғылда дарылдақ жүріс тоқталды, бұлың-бұлыңда, кең алаңқайларда қатар-қатарымен, топ-тобымен ақшаңқан киіз үйлер тігілді: астана таза қазақы кейіпке түскен еді. Мерекелік шеру Республика сарайы, Абай ескерткіші түбінен басталды. Үкіленген қара нар маң-маң басып, құйрық-жалы сүзілген арғымақтар ойқастап, ұлы ақынның өз кейпіндегі, ол ғұмыр кешкен замандағы игі жақсылар суретіндегі ақсақал-қарасақал, сән қуған қыз-бозбала, қазаққа етене еуропалық зиялылар, жұртты жарыққа үндеген қазақ ағартушылары – арнайы жабдықталған жайдақ арбаларда баяу жылжыған ұлы шеру – Абай заманының театрланған, ұбақ-шұбақ сәнді көші – Абайдың ұлылығын, Абайды туғызған халықтың дарқан­дығын, Абайдың бүгінгі ұрпағының болмыс-бітімін, бағдар-болашағын айғақтаған тірі сурет, асқақ жыр сияқты болды. Абай ескерткіші мен Әуезов ескерткіші аралығында, шығыстан батысқа, батыстан шығысқа әлденеше мәрте шеру тартқан  көш салтанаты – үлкен мерекенің бір ғана көрінісі. Ұлы даңғыл бойына тігілген киіз үйлерде қазақы қонақасылар беріліп, ағайын-туған жұрт өзара қауқылдасып жатса, айрықша безендірілген ашық алаңдарда жамиғатқа арналған ойын-сауық дүрілдеп, қазақы ән мен күй аспанға шықты; ең ғажабы – осыншама қызыққа, сән-салтанатқа мейірленген бала-шаға, үлкенді-кішілі  мың сан жұрттың көңіл ауаны, жайдарман жүрісі, көтеріңкі рухы болатын. Абай даңғылындағы салтанатқа куәгер болған әрбір қазақ Абайдың ұлылығын ғана танып қойған жоқ, өзінің ірілігін де пайымдағандай еді. Сәскеден түн ортасына дейін созылған ұлы мерекеде жұртымыз ішпей-жемей мас болды, қызыққа тоймады, тәуелсіздік нәтижесін көзімен көрді, ал жас балалар енді елу жылдан соң болатын 200 жылдық ұлы тойда естелік айтатындай ұлағатты көрініс, өзгеше үлгіні көкірегіне түйді.

Абай тойының ең үлкен ресми салтанаты – 9-тамыз күні Республика сарайында өткерілген мерекелік кешке жиырма бес елдің арнайы өкілдері қатысыпты, бұлардың ішінде біраз жұрттың мансабы зор мемлекет қайраткерлері және қандас республикалардың бірінші басшылары бар. Абай туралы ел атынан  Республика президенті Нұрсұлтан  Назарбаев баяндама жасады, бүкіл дүние мәдени қауымдастығы атынан ЮНЕСКО-ның бас төрағасы Федерико Майор мырза сөз сөйледі. Тәуелсіз, жаңа республикаға, ұлт кемеңгерінің тойына келген тілектес шет жұрт өкілдері, кеуделі ел ағалары оң пейілдерін білдірді. Абай тойы – жай ғана атаулы мереке емес, қазақ рухының, қазақ еркіндігінің мерей-салтанатына айналды. Жиын өнер  шеберлерінің концертіне ұласты, кешіне шет елдік мәртебелі меймандар мен өз жұртымыздың игі жақсыларының  басы  қосылған, мол дастарқанды, ойын-сауықты, арнайы қонақасы атқарылды.

Осымен-ақ тоқтауға болар еді. Бірақ біз тоқтамаймыз. Біз – қазақпыз. Өткеннің бәрі – кіріспе ғана. Отыз күн ойын. Енді қырық күн тойымыз бар. Ас бар, бәйге бар, күрес бар, сайыс бар… Тәуба, мың жыл бойы осылай тойлап келеміз, мың жыл бойы тойлай береміз. Тәуба, біз – қазақпыз. Дәп солай жасамасақ, кәпір болып кетеміз. Атамыз қалдырған дәстүр, салт осындай.

Ертеңіне той жаңа басталды, бар қызық алда деп Семейге – Шыңғыстауға қарай үдере аттандық.

 

4

Мекеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуап етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан, 150 жылдық тойға аттанған қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін?! Қаны бар қазақ үшін Абай тойын көрдім деген сөздің өзі мақтаныш, мәртебе емес пе! Айлап жүрген жоқ, түйеге мінген жоқ, аптапқа күйген жоқ, қарақшы бәдәуилердің шапқынына ұшы­рамады – шар тараптан құйылып, астана Алматыда тоғысқан, мұндағы қызыққа тоймай, думанды Семейде жалғастырған, енді ұлы ақынның кіндік топырағына бет бұрған мың сан жұрт Шыңғыстауға, Қарауылтөбенің ығындағы Мереке байтағына төгілді. Ғажап көрініс! Шет елдік мәртебелі мейманға дүниенің сән-сәулетін түгел көрсе де, кең далада күн кешкен бұла халықтың бүгінгі емес, кешегі тұрмыс-тіршілігі, әдет-салты таңсық. Сол тіршілік, өзгеше өмір кейпі дәл бүгінгі күні қайта тіріліп, қарсы алдынан шыққанда Батыс пен Шығыс, кәпір мен мұсылман  түгел сұқтанғаны күмәнсіз. Абай ауылында, Қарауылтөбе түбінде кең жазыққа қаз-қатар тізіліп, текшелене үйірілген бір мыңнан астам ақбоз орда тігіліпті. Айдынды, сәнді. Мерекелі, сәулетті. Жат жұртты таңырқатса, қараған қазақтың көзіне жас келердей. Еліңнің кешегі дарқан күнінің жоралғысы, ертеңгі ұлттық болмысыңның нақты елесі. Мейірленбес жөнің жоқ.

Сәскеге таман Жидебайда Ақынның аруағына тағзым рәсімі өткерілді. Қаншама қаржы шығарылып, қаншама күш жұмсалған қиындықпен Абайдың басына тұрғызылған мемориалдық кешен айдынды да әсем. Астында – амфитеатр, болашақта әлде музей, әлде кітапхана қызметін атқармақ орама қуыс, ұзын төрт  бұрышты жайпақ төбешік түріндегі, биіктігі құрық бойы кең тұрғысы бар, үстіде – Маңғыстаудың ақ тасынан қырлап өрілген зәулім қос күмбез, үлкені – Абай, кішірегі – Шәкерім. Әлбетте, Абай – дара, күмбез де дара болуға тиіс еді, халқымыздың мың жылдық ұлттық сәулетшілік дәстүрі бар, Әзірет-Сұлтан тұр, Жошы хан, Алаша хан тұр, шешім таза ұлттық, мұсылмандық тұрғыда болуға тиіс еді, оның бәрін Алаштың санасы жарқырап ашылатын келер заманға – Абайдың 250 жылдық, немесе 300 жылдық тойының үлесіне қалдырайық, әзірше осының өзіне тәуба дейік,  ризашылық білдіріп, қанағат жасайық, аяз бен аптапқа қарамай, көлденең кесел, бөгесінге мойымай, қолдарындағы шалағай сызба қағазды нақты көрініске айналдырған бас шебер Сайын Тоқтамысқа алла разы болсын айтайық, біткен іске сыншы көп, барымызды бағалайық.

Абай кешенінің ашылу салтанатына арналған, ашық аспан астындағы ұлы жиынға Республика Президенті бастаған, алыс-жақыннан жеткен сан мың қазақ, шет жұрттардан арнайы келген жүздеген құрметті қонақ, ЮНЕСКО -ның бас төрағасы, Татарстан Президенті және басқа да биік мәртебелі меймандар қатынасты. Ең алдымен Абай рухына, Мұхамед пайғамбар, бүкіл мұсылман қауымының рухына бағышталған құран оқылды. Жүрек елжіреген тәуба мен мерейден соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сөз сөйледі, Абай тағылымы, ұлттық мұрат, бүгінгі бағдар турасында  айта келе, Ақын аруағына тағзым етіп:  “Ұлы Абайдың киелі мерейханасы – рухани қағбамыз алдында: баршамыздың игілігіміз бен бақытымыз жолында, ұлы ұстазым өсиет еткендей, ыстық қайрат, нұрлы  ақыл, жылы жүрекпен қызмет етуге серт беремін!“ – деді. Аталы сөз. Тек қаз-қалпында орнына келгей!

Бұл екі ортада кешен түбінде театрландырылған көріністер басталған еді. Бұдан соң Абай рухына үлкен-кіші, кәрі-жас, бала-шаға, – жалпы жұрттың жаппай тәуап етуі басталған. Ұлы Мұхаң жазған “Абай жолы” эпопеясының ең соңғы сөздері – “Абайдың жаңа бір ғұмырын  қабыл алып отырған Халық-Ата, Халық-Ана – осы еді“, – деген сөз еске түсті.

Бұл – 11-тамыз – ұлыстың ұлы күні, жұма, Алматы шеруінен бастап санасақ, жүз елу  жылдық ресми тойдың төртінші тәулігі еді.

Сол күні түскі сағат үште Қарауылтөбенің түбіне қатарласа тігілген 1200 киіз үйде неше мың сан адам дастарқанға отырған сәтте құран-хатым түсірілді, үлкен ас берілді. Күн бесінге ауғанда Қарауылтөбенің етегінде мерекелік ұлттық ойындар басталды. Қыз қуу, теңге алу, жиырма шақырымдық бәйге. Кеш гала-концертке ұласыпты.

12-тамыз – асқаралы астың соңғы күні балуан күрес болған, жорға жарысы және қазақтың ас пен тойының түйінді мәйегі – аламан бәйге өткізілген.

Той тарқады. Сонымен, ұлы Абайдың мың, – бір мың емес, сан мың жылдық ғұмырының алғашқы бөлігі – Қазақ тәуелсіздігімен межеленген 150 жылдық кезеңі аяқталды. Бір жарым ғасырлық бұл ұлан-асыр мерекеде Абай алаш ұлы болумен қатар, адамзат ұлы ретінде көрінді. Абай – әуелден-ақ ерекше жаратылған, қырық жасында әлемдік ой мен сананың биігіне, сыр мен сезімнің тереңіне жеткен; соны ұғып, түгендеп жатқанымыз – біздің айрықша зерденің емес, қирап отырғанда ғайыптан басқа қонған бақ – тәуелсіздіктің арқасы. Абай өзінің ұлылығымен қазақты танытты. Алаштың асып туған перзенті екен. Қандай құрметке де лайық екен. Сол Абайға біз лайық бола алдық па? Ұлт алдындағы, ұлы перзент алдындағы парызымызды ұғынып, қарызымызды өтей алдық па? Білімдар, қаламгер қауым қашанда игі тілек үстінде. Олардың бар қаруы – сөз. Бірақ сөздің құны кеткен заманда қаламгердің бағасы да көк тиын екен. Үй арасына да өтпей қалды. Ал той жабдығын атқарысқан үлкенді-кішілі әкім, ұлық, шенеунік атаулының бәрі демейік, жартысы, тіпті, ширегі демейік, тым құрса оннан бірі өзінің міндеті мен парызын білсе, бар пейілі емес, жарым пейілі ғана адалдық жағында тұрса, той өзінің қазақы, нағыз ұлттық өрелі межесіне жететін еді. Бар мүмкіндік – Абайдың, яғни Алаштың мүддесі мен мерейіне қызмет ететін еді. Мен Абай тойында кеткен қапылыстардың көпшілігін мұндағы Мәдениет министрлігі мен андағы облыстық әкімшілік деңгейінен басталатын дүмшелер мен дүлейлерден деп білем.

Абай тойы алаш жұртының елдігін, ежелгі салттан айрылмағанын танытты. Сонымен қатар, тіпті, кейінгі, советтік жетпіс жылдың өзінде қаяу түссе де, қақырап сөгілмеген, көлеңке шалса да, қатардан қалмаған көптеген әдет-дәстүрлеріміз – соңғы үш-төрт жыл орайында өрге шыққан, билікке жеткен, діні күмәнді, тілі мақау, оқуы теріс, білімі жаңсақ жаңа бір толқынның немқұрайды кердеңдігі, тіпті, жатырқауық жаулығы нәтижесінде аяқасты болып бара жатқанын көрдік. Бұл жағдай тойдың қонақ қабылдау, кісі сыйлау, сый-сияпат, таралғы-тарту сияқты ішкі сыпатынан ғана емес, ұлы мерекенің сыртқы тұрпатынан, барлық ұйымдастыру жұмысынан, ұлттық ойындар мен ат шабыстан, бәйге үлестен – ұлы дүбірдің бүкіл болмыс-бітісінен айқын аңғарылды. Егер осы беті кете берсе, ешқандай түзету жасалмаса, қазақтың ас пен тойы өзінің әуелдегі қасиетінен айрылып қана қоймайды, не қазақ емес, не орыс емес, не кәпір, не мұсылман емес, тасыр менмендік пен рабайсыз дарақылық жайлаған өзгеше қойыртпаққа, абыройсыз, әдеп-үлгісіз даңғыраққа айналмақ. Арада тағы біраз заман өткен соң: “Надан қазақтың мұндай ескі тойының керегі жоқ“, – дейміз де, біржола жабамыз. Кәпірлер еліндегі сияқты, Үлкен жиналыс пен жаппай ішіс қана қалады. Мәңгүрттер де риза, маскүнемдер де риза. Ең бастысы – ұлттың рухы жойылады. Әуел бастан керегі де осы болатын.

 

5

Ас пен тойдың дабырасы сауын айтудан, ал сән-салтанаты қонақ қабылдаудан басталады.

Сауын – алыс-жақын жұртқа той болмақ, ас өткерілмек жақсы хабарды білдіру, сол мерекеге сай мейман шақыру. Ұлы дүбір астардың жайы тура бір жыл бұрын мағ­лұмданған, қос-қос атпен шабуылдап, арнайы жаушылар жүрген. Қазіргі, қатынас құралдары жетілген, зымыран заманда біз үнемі кешеуілдеп қалатын болдық. Уақытында хабарланбаған себепті, Абай тойы ЮНЕСКО-ның іждағатына ілінбей қалыпты, ақыры ең жоғары дәрежедегі өтініш-тілек нәтижесінде санатқа қосылдық. Енді арада бір жылдан соң өткерілмек Жамбыл есімі – XX ғасырдың алып жыршысының тойы біз қанша дүрілдесек те, бұл тізімде жоқ; әлемге танылған Мұхтар Әуезовтің өзі ЮНЕСКО тізіміне Абай тойы күндерінде әрең ілінді. Бұл жерде мәселе біздің алыптардың түр-тұлғасында емес, әрмен мен гүржінің өз еліне еңбегі сіңген, сыртта онша танылмаған, біздің орта деңгейімізге жетер-жетпес қайраткері осы Халықаралық мәдени ұйым аясында құрметпен тойланып жатады, бар кілтипан біздің түске жақын ғана маңырайтын  қойдан қоңыр салғырттығымызда жатыр.

Сонымен, қандай да бір тізімге еніңіз, енбеңіз, – республикалық дәрежеде той өткізетін болған соң, алыс-жақын жерден тиесілі меймандарды шақыруға тура келеді. Бұл арада білік қана емес, намыс пен кісілік те керек болады екен.

Тәуба, Абай тойының биік дәрежесіне сай, шақырылған меймандардың мәртебе-мансабы өте жоғары болды. Әлемдік мәдени-рухани бірлестік ЮНЕСКО-ның бас төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының арнайы өкілі, бауырлас, қандас, діндес  елдердің бірінші басшылары, алыс-жақын жұрттардың туын ұстаған ұлықтар. Бәрі де келді. Әзірбайжан Президенті, Қырғызстан Президенті, Татарстан Президенті, Өзбекстан… премьер-министрі, Башқұртстан вице-премьері, Түркия президентінің бас кеңесшісі, Иранның  Сыртқы істер министрі, Пәкстан Мемлекеттік министрі келді; осы орайда Татарстан Президентінің барлық нөкерлері, өз елінің әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен бірге Шыңғыстауға,  Абайдың басына дейін барып қайтуы жаппай ризашылық туғызса, ата қуып келгенде ең жақын бауырымыз Өзбекстан Президентінің тым құрса Алматыда бой көрсетпеуі түсініксіздеу болды, ал Түркменбашыға дауа жоғы жалпы жұртқа белгілі. Аталмыш, тілі, діні бір ағайындармен қатар, ұлы тойда берідегі Ресей мен Украина, Беларусь, Әрменстан мен Гүржістан, Тәжікстан мен Молдова, жері шалғай болса да жүрегі жақын Мажарстан, ұлы көршімсіз Қытай елдерінің биік дәрежелі қайраткерлері, Алмания, Мысыр, Үндістан, Франция сияқты өрелі жұрттардың үлгілі өкілдері болды. Ұзын саны жиырма бес елден арнайы делегация келіпті. Бұл деген – Абай тойы ұлттық, мемлекеттік һәм халықаралық  ұлан-асыр мереке дәрежесінде өткерілді деген сөз.

Өкіметтік деңгейдегі өкілдер Абай тойы меймандарының мәртебелі ғана емес, сәулетті, білікті тобы десек, бұдан соңғы, мерекелік комиссия дейсіз бе, Мәдениет министрлігі, немесе тиесілі әкімшілік дейсіз бе, әйтеуір қазанның құлағында отырған ресми кісі, мекемелер тарапынан жасалған шақыртулардың ақылға сыйымды жүйесін таба алмадық. Жүйе бар, ол – таныстық, білістік, іліктік деп қана аталады. Мұндай жең ұшынан жалғасу – осы іскер сабаздардың өздерінің отбасы тойына жарасар еді, ал Абай тойына келген таныс, біліс, тілектес қауым – сол Абайдың өзіне, сол Абайды туғызған халыққа тікелей ілігі бар тұлғалар, бері дегенде осы ұлы мерекеге  ат салысқан, немесе белгілі бір қауым, топ бетке  ұстаған азаматтар болуға тиіс еді. “Көмейің барда қылғып қал“, “қурай болса да қыстыра кет” ұранымен төңірегінің бәрін жалмап жатқан біздің имансыздар шет жұрттардағы Абай тойына туған-туыс, ілік-шатыс, ашына-ойнастарын жіберсе, сырттан шақырылған меймандар да осыған жақын жүйе бойынша іріктелді. Нәтижесінде, бұрыннан босағаны тоздырған бірер кісі болмаса, не жақын жұрттан, не қашық жұрттан әлемге жетпесе де, өз еліне танымал дерліктей, басқасын былай қойғанда, қазақ жұртымен, қазақ руханиятымен әлденендей бір жақындығы, туыстығы, тым құрса таныстығы бар әдебиет, мәдениет қайраткерлерін көре алмадық. Алыс болмаса да, жақын көршілерімізде Абайды насихаттаған, одан берідегі қазақ әдебиетіне жұғысқан ақын, жазушы, аудармашылар  жоқ емес еді, олар да   шақырылмай қалды, риясыз көңілге қаяу түсті. Алыстағы ағайындар ішінде бүкіл  ғұмырын қазаққа арнаған, ұлы Абайды бір миллиард кісі сөйлейтін ханзу тіліне аударған, Абай туралы мәнді зерттеу еңбектер жазған, Абайға қатысты әлденеше кітап шығарған Хабай бауырымызға мезгілінде шақыру жіберілмегені ұят болды. Тегі бір Түркияға кемі бірер жүз шақыру қағаз кеткенде, Абай өлеңдерін түрік тіліне аударған дарынды ақын әрі зерделі ғалым Әли Аббас Шынардың ұмыт қалуы таң қаларлық жағдай. Әли бауырымыз осындағы үлкен  ағаларының түртпегімен кеш те болса шақыру алды, Түркия – өркениетке енген ел, артық машақатсыз асығыс аттанып, тойға үлгерді, “тізімде жоқ” болып, Шыңғыстауға әрең ілінді, артық сияпат көрмесе де, Атасының басына барып қайтты; ал Хабай бауырымызға келсек, әкімдеріміз көргенсіз болса да, халқымыз кәделі, арада он ай өткенде Шыңғыстауға арнайы шақырылып, жұртының құрметіне куә болыпты – ризашылық айтасыз ба, өкініш білдіресіз бе; ең дұрысы – қате қапияда кетіпті деп, барға тәуба қылу. Бірақ тәуба емес, реніш ететін келеңсіз істер көп болды. Түркиядан келген төрт саудагерді есепке қоспасақ, Абай деп аңырап, елім деп еңіреп келген бүкіл қазақ диаспорасы ел ақтаған жетімектің кебін құшты. Моңғолдан бір топ зиялы жетті, Қытай-Шыңжаңнан ол жақтағы қазақ үшін ғана емес, бұл жақтағы қазақ, яғни, бүкіл ұлт мәдениеті жолында тер төгіп жатқан қайраткер азаматтарымыз келді. Біреулері тізімде болмай шығып, Семейге жете алмай қалды, жеткендері онда тентіреп жүріп, әрең орналасса, жалпы жұртпен бірге жапа шексе, мұнда, қайтар жолда мейманханадан орын таба алмай, далада қалды, ақыры, ағайын, туысы бар, бес-он тиын ақшасы бар, шалдықса да жығылмай, аман-есен елдеріне қайтыпты. Алыстан жеткен ағайындар сондай болғанда, бүгін ТМД деп аталатын жақын төңіректен келген жаны сірі қазақтар жарылқанды деп ойламаңыз, шет жұртты айтасыз, өзіміздің ұлыс ішінен, басқа облыстардан келген жүйкесі берік қазақтар қалай қабылданды, қайда жатып, қайда  тұрды – мен тойға барып қайтқан атыраулық та, ақтөбелік те ағайындарды көрдім, қыстап  сұрасаңыз да  дымын шығармайды, әлгі анекдоттағы “ұқсауын ұқсайды, айтуға болмайды” дегендей, “е-е, өз тойымыз ғой, өз еліміз ғой”… деп күмілжи береді. Қазақы мінез. Сын айтсақ, аруаққа шет болар деген жаңсақ  ұғым да жоқ емес. Бірақ бұл орайдағы сөз – аруақ туралы емес, аруақ аттағандар туралы. Біз қанша жасырғанмен, құдай көріп отыр. Бағасын беріп, сыбағасын сайлап қойды. Бұқар жырау тойын ырың-жырың жасаған арамдардың ақыры немен тынғанын білетін жұрт бұған күмәнданбаса керек.

Шала қазақ  шалапайлардың билігіне берілген Семей жұртының осы ең ұлы той кезіндегі қонақ қабылдау, мейман күту жосығы – аса рабайсыз қалыпта болды. Қазақ тұрыпты, кәпірдің салтына жұғыспайды. Жаңа заман дәстүрінде де жоқ нәрсе.

Әлбетте, той – ұлан-асыр, мейман – қара құрым, шаруа – опыр-топыр; қандай жетік ұйымдастырғанда да, олқы іс, жетімсіз жағдаяттар ұшырасуы кәдік, қазақтың ас пен тойында реніш-өкпе болмай тұрмайды. Кемшілік, мін қай істе де ұшырасуы ықтимал. Бірақ күнә мен кеселдің жөні бөлек. Қазақтың ас пен тойы – көл-көсір дастарқан, ойын-сауық, соның бәрі шалқыған көңіл аясында өткерілген. Бұл сөз ең алдымен мереке өткізуші ауыл иелеріне қатысты.

Арғы заманда алты алашқа, беріде үш алашқа, немесе ат жетер жерге сауын айтқанда, жеке адамдар емес, ағайын жұрттың ниет білдірмек, үлкен-кішісі түгел шақырылған, арнап келген жамиғат түгел қабылданып, алдын ала белгіленген үйлерге таратып түсірілген; ас пен той иелерінің ең үлкен қаупі – сауын айтылған жұрттың кейбірі келмей қалып, орта толмай ма деген секем, ал меймандар саны межеден асып кетсе, үлкен қуаныш, бұл жағдай да алдын ала ескерілген; қайткенде де, асқа келген адам атаулы – сыйлы қонақ, ағайын жұрт елшісі, бүгінгі салтанаттың куәгері, ертеңгі мерейіңді алыс аймаққа таратушы, бір сөзбен айтқанда, құдайдай құрметтелуге тиіс өзгеше мейман.

Қазір басқа заман, алыстағы ағайын үлкен мерекелерге арнайы шақырусыз бармайды, ал шақырумен барғандар құрметпен қарсыланады, жатын жайға орналастырылып, тиесілі ықылас-пейіл аясында той тойлауға кіріседі. Соңғы төрт-бес жыл орайындағы, Абай тойындай ғаламат-асыр болмаса да, бүкіл қазақтық, ұлттық деңгейде өткерілген, біз көрген ең кәделі мерекелер – Қашаған ақын асында, Шақшақ Жәнібек асында, Ақан-Сері асында, Мағжан асында, біз көрмеген, жалпы жұрт қызықтап, мейірленген тағы қаншама атаулы дүбірде, баспалдақтан түскен мейманды құшақ жайып, қуанышпен қарсы алатын, алдын ала белгіленген мейманхана, үй-жайларға түсіретін, бөліп-бөліп әкетіп, екеу-үшеуден, бес-алтаудан тиесілі бір ортада, ауыл азаматтары болып қаумалап отырып,  келелі кеңес, ән-күй, ойын-сауық аясында мол дастарқан тартатын, одан ары мерекелік бағдарлама бойынша жалпыға ортақ, қайталанбас  қызықтар басталатын; шақырылған кісілердің кейбірі келе алмай қалып, той иелерінің мейманға таласқанын көрдік, бір отаудан соң бір отау қолқалап, кешті таңға қосқанды көрдік, бір азаматтың соңында, олар да ел азаматы, бірақ той иесі – күтуші бес-алты жігіттің жүргенін көрдік… Екі-үш күнгі қызығымыз өткен  ғұмырды екі-үш есе көбейтіп, денге ден қосып, қазақ екенімізге, құдайдың  бергеніне тәуба айтып, мейірленіп, шалқып-толқып қайтушы едік.

Әлбетте, Абай тойына шақырылған кісі саны он есе, бірақ тігілген үй саны да он есе, ал шығарылған шығын жүз, екі жүз есе артық; абыр-сабыр көп болар, бірақ ықылас-пейілдің өлшемі, мөлшері бар ма? Той иесінің міндет-парызын айтпағанда, кісілік әдеп, кәдімгі, күнделікті тұрмыс, қатынастағы ұят-аятты сақтау соншама қиын ба? Қиын екен, қымбат екен.

Семей – Шыңғыстауға, Абай асына арнайы барған жұрттың ішінде жетімі де, сорлысы да жоқ еді, ашы, жалаңашы жоқ еді, пайда таппақ, қайыр сұрамақ ниетпен шыққан ешкімді естімеп едік, бірақ той барысында алаштың арқа сүйер азаматтары – атақты жазушы мен ғұлама ғалым, оқымысты ұстаз бен еңбегі сіңген қайраткер – бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қазақ елінің рухани өзегі, ұстын-тірегі болып отырған, жұрт  тұлғасы азаматтар бөтен елдің жұртында қалған кіріптар тұтқынның күнін кешті, ұят істерге куә болып, арға тиетін сөздер естіді. Семей әуежайынан басталған,  одан әрі мейманханаға орналасу кезінде етек алып, бұдан соң қала ортасындағы мерекелік шаралар кезінде мүлде божыраған барлық істі – ұйымдастыру барысындағы барлық берекесіздікті тізіп тауысу мүмкін емес. Басқа жұртты қайтеміз, тойы тойланып отырған ұлы Абайдың өз кіндігінен тараған тікелей ұрпақтары Семей мейманханасында орын тимей, неше сағат сарылып отырғанын, кешке қарай, облыс әкімі ұйым­дастырған банкетке шақырылмай қалғанын, қонақасы тұрсын, қара шайдан тарыққанын айтудың өзі жеткілікті болса керек. Тағы бір ақсақалдардың “тізімнен табылмай” тарыққанын, мейманханадағы, ұйымдастыру тобындағы қатын-қалаш пен текешіктерден жеку мен сөгіс естігенін айтпай-ақ қояйық. Абай тойының соңғы бөлігіне иелік еткен “новые казахи”, яғни жаңа мәңгүрттердің өз тілімен айтқанда, суматоха и белиберда, біздің тілмен адамша айтқанда, қарбалас қойыртпақ Семей қаласында, соңғы меже – Шыңғыстауға аттанар кезде және жол үстінде жұртты біржола қажытса,  қонақтарды Қарауылдағы қарсы алу, яғни арпыл мен айқай, одан соңғы орын таппаған, үй іздеген сандалыс, босаға  күзеткен телміріс бәрінен де асып түсті.

Әлбетте, босаға аттаған соң, ешкім де аш қалған жоқ. Еті бар, арағы тіпті мол. Көпшілік болмаса да, кейбір ауылдарда көңіл де жомарт болған сияқты. Бірақ тұтастай алғанда, бар қазақ деп айтпайық, Шыңғыстау деп дараламайық, бүкіл Семей жұртының шаршап, тоза бастағаны, ұлы тойды мереке емес, жаза деп ұққаны, қуанышпен атқаруды емес, тезірек құтылуды ғана ойлағаны көрініп тұрды. Басшыдан ба, басқадан ба – ол екінші қатардағы мәселе, даусыз ақиқат – тойға қатысқан жалпы жұрт  ауыл иелеріне ренжіп қайтты. Әйтеуір, көңілге медеу – арнайы, ресми шақырумен келген биік мәртебелі меймандар жәбір-жапа шекпесе керек. Шынында да, ЮНЕСКО-ның бас төрағасына, немесе Татарстан Президентіне аудандық, иә облыстық әкімшіліктің атшабар өкілі “Сені мен шақырғам жоқ! Әйда, ұнамаса жүре бер! Осы қазір кет!“ – деп ақырып, әкіреңдеп жатса, бұл қазақта не қасиет қалмақ. Тәуба.  Ондай сөз айтылмады. Айтсақ – өзімізге айттық. Бабаларымыз мұндайда: “Бас жарылса, бөрік астында, қол сынса, жең ішінде“ – деген. Бас жарылмады, қол сынбады, түскен сызат, іскен жара бүйрек, бауыр мен жүректе – тіпті, рентгенмен қарағанның өзінде көрінбейтін жерде кетті. Қазақтан бөтен жұрт білмек түгілі,  сезбей де қалды.

Бір заманда, үлкенді-кішілі жиын, той, дүбірлі астарда жұрт ақынды көреміз, серіні, салды көреміз деп жапырлайды екен. Ояз келе жатқанда барлық халық ана бір шеттен ән шырқаған Біржанға ауып кетіп, оның аяғы не болғаны тарихтан белгілі. Ақын, жазушыға жасалатын құрметтің шет-жағасын, алыстан болса да, бүгінгі біз де көрдік. Ал мынау    ұлы тойда заманның да, адамның да өзгергеніне тікелей куә болдық. Қазір ел құрметтісі – ақын емес, әкім екен. Қазақ әкімін бұрын да сыйлаған. Құнанбайды    сыйламаса құдай атар еді ғой. Қазақ қай заманда да ұлығын  ұлық тұтқан. Өйтпесе, ұлысы тозып  кетер еді ғой. Советтік заман қатардағы партиялық басшының өзін көсем дәрежесіне жеткізіп  қойды. Құрмет тұтпасаң, өкіметке қарсысың. Бірақ сол, біз көрген жердің өзінде әкімін сыйлап отырып, ақынын қорламайтын еді. Біз ақынды қорлағанды, ақынды қорлай отырып, әкімге құлдық ұрғанды көрдік. Құлдық  ұрғанда, білігіне, атына, затына қанық әкім болса ғой. Жоқ, атын естімеген, мансап-дәрежесін білмеген. Ауылға пәлен деген әкім (министр, орынбасар…) келіпті деген сөз жетсе болды, барлық жұрт ұлықты көреміз деп солай қарай ұмтылады. Маған бұрнадан таныман бір үйде өз шаңырағына түскен қонақтарға асып отырған етін қазанымен қоса көтере жүгіріпті. Қожанасыр атам айтқандай, өзі жалғыз-ақ қазан екен, құдайы қонақтар, ішінде Абай туралы арнайы кітап жазған үлкен ғалым, ірілі-уақты тағы бірнеше жазарман бар, түн ортасы ауғанда жаңағы қолды болған қазанның түбінде қайтқан бірдеңелерді талғажау етіп, аш жатқан. Мәселе онда емес. Түсте ет жеген екен. Таңертең тағы да  шай ішкен. Мәселе ішім-жемде емес. Мәселе ақынның елеусіз қалуында. Әкім – сыйға лайық. Әкімін  сыйламаған ел тозып кетеді. Бірақ ақынын сыйламаған ел тозбай-ақ тірі мүрдеге айналмақ. Абай тойында – тек, тек ас қана емес, әлденеше айға созылған барлық мерекелік шараларда ақын атаулының, яғни, әдебиетші, жазушы, ғалым, оқымысты атаулының соншалық сыйсыз болуы – біздің қоғамда орын ала бастаған қатерлі дерттің алғашқы бір ауыр көрінісі деп білуге тиіспіз.

Ұлттың рухани тұлғасы болып келген қазақ зиялы­ларының сол ұлттың ең ұлы мерекесінде аяқасты қалуы, адам қатарында саналмауы – бір ғана сәтке, бір ғана жағдайға тиесілі, шетін оқиға емес, қоғам өмірінде, республика тіршілігінде қалыптасуға бет алған, сөз жүзінде емес, іс жүзінде орныққан, бұрын-соңды жер-әлемде болмаған, біз жасап, біз негіздеп отырған өзгеше құбылыс. Бұл рабайсыз мінез, сыйықсыз рәсімнің мән-мағнасы тереңде жатыр.

Ежелден мәлім, қоғам дамуының патшалық алмасқан, немесе, бетбұрыс, төңкерісті кезеңдерінде билік жаңа әулетке көшеді, жаңа бір тап үстемдікке жетеді: жаңа әулет, жаңа тап өзінің өкімін күшейту үшін, қоғам өмірінің барлық саласында дара билік жүргізу үшін бұрынғы әулет, тапты түп-тұяғымен құртып жіберетін болған, бұл құбылыстың арыдағы мысалы – Шыңғыс хан тұқымы жеңіске жеткеннен соңғы Мәуреннахрдағы хорезмшахтар әулетінің, Дәшті-Қыпшақтағы ежелгі хандар әулетінің түп-тамырымен жойылуы, Шәйбани ханның Орта Азиядағы Ақсақ Темір ұрпақтарын бесіктегі баласына дейін түгел қырып тастауы, берідегі мысалы – біржола құрту мәселесі билеуші әулет қана емес, қоғамдық үмбет, таптық қатпар деңгейінде түбегейлі іске асырылған Октябрь төңкерісі. Біздің 1991 жылғы 16-желтоқсандағы ұлттық тәуелсіздіктен соң мемлекет билігін ұстап қалған бұрынғы компартиялық номенклатура, өзінің өкімін біржола тиянақтау, ел мен жерге мәңгі-бақи ие болып қалу  мақсатымен, арада бірер жыл өтер-өтпесте Прихватизация революциясын жүзеге асырды, шексіз билікке, кенеусіз байлыққа ие болды; қоғам дамуы мен тарих шеруі талай рет алдыға тартқандай, кез келген  ауқымды төңкеріс азамат соғысына ұласпақ, бұл соғыстың қарулы, қантөгісті болуы шарт емес, қоғам тозған, халық қалжыраған Советтік кеңістікке осы, біршама, салыс­тырмалы түрде жеңіл жол бұйырыпты, біз сол қалыптан үзіп шықпадық, қантөгіссіз революция туғызған мәжбүр азамат соғысы да қантөгіссіз жүзеге аса бастады; халық байлығын зорлықпен иеленіп алған, тіпті, Батыс өлшемімен есептегеннің өзінде аса ірі капитал иесіне айналған жаңа номенклатура мен банк озбырлығы, жеке пайдаға көшірілген мемлекеттік құрылымдар, жер қазынасын, ел байлығын шетелдіктерге оннан бір, жүзден бір бағасына жымқырып сату арқылы табылған айырым миллиондар, қиял жеткісіз парақорлық пен жеміт жемқорлық нәтижесінде қалып­тасқан “заңды ұры” – жаңа алпауыттар тобы өз билігін біршама тиянақтап, байлығын баянды ету үшін алаш ұлтының бас көтерер азаматын тегіс тапап, жаныштау  бағдарында, ақылға, санаға, қоғамға әсер етпек қайда, өз бастарының қайғысы, күнделікті ит тірлік қамынан аса алмайтын, жарлы-жақыбай ғана емес, дәрменсіз сорлы кебіне түсіру бағдарында жүйелі түрде жұмыс  жасай бастады. Ұлт зиялысының бүгінгі қазақ қоғамындағы кембағал жағдайы – аспаннан түскен кедейлік нәтижесі ғана емес, алпауыттар өкімімен өткерілген таптық тазарту, аластау және жаныштау саясатының көрінісі. Бұл саясат Абай тойының шет жұрттарда басталып Семей, Шыңғыс­тауда аяқталған барлық кезеңінде де айқын аңдалып отырды. Ақын тойында осылай болып жатса, басқа жағдай, басқа жерде не күтеріміз айтпаса да түсінікті.

Қазір ойлап отырмын. Осы, Абай тойы туралы мақаланы жазбауым керек екен. Тойды ұмытып, Абай туралы да, басқа мәселелер төңірегінде де басқа бір орайда сөз қозғауым жөн екен. Бірақ той үстінде көргеніміз бен түйгеніміз ішке сыймады. Пендешілік емес, адамшылық пен арға, алаштың ата салтына қатысты іс деп білдік. Тартынсақ та тоқтай алмадық. Өйткені, әңгіме Абай тойы емес, жалпы қазақ тойы, қазақтың асы мен ата дәстүрі турасында.

 

6

Кейінгі білгіштер осының бәрінің қажеті жоқ дейді. Артық дейді. Шығын дейді. Кәпірский көзқарас. Дүбірсіз ас, дастарқансыз той бола ма. Ат шабылмаса, балуан күреспесе мереке бола ма. Бәлкім, болар. Бірақ ол – қазақы той емес. Қазақша жасамау керек дейді жаңағы озық ойлы білгіштер. Бұл – Октябрь революциясының бірдеңе жылдығына арналған Кремльдегі жиналысты теледидардан ғана көрген адамның сөзі. Теледидардан соң олар да тойлаған. Оңашада еркін сілтеген, көздері тұмандап, бастары қалтақтап отырып, “Шумел камышты” айтқан. Сол “Шумел камыштан” аулақ болайық десеңіз – әңгіме басқа. Бірақ біздің ұлтынан жеріген жаңа поколение білгіштер қазақтың тойын орыстың арағымен шатыстырады. Арақ жоқ кезде қалай той өткізген деп таң қалады. Таң қалмайды, тойдың болғанына, тіпті, қазақтың өзінің болғанына күмәнданады. Енді мына жетілген замандағы тойда арақты азайту керек  демейді, сол тойдың өзінің керегі жоқ дейді. Әрине, жалпы  жұрт қалап отырған тойды тоқтата алмайды, сондықтан өзгерістер енгізіп, сол тойды жақсартпақ болады. Семей-Шыңғыстаудағы ас осындай, кердең көзқарастың тәжірибе ошағына айналыпты.

Ата Қазақтың асы мен тойы – әлем халықтарының ешқайсысының дәстүр-салтында ұшыраспайтын өзгеше бір рәсім. Дала – кең, жұрт – бұла, халық – бай. Қазақ мерекесі – сән мен салтанаттың, береке мен бірліктің, өнер мен мерейдің көрінісі болды. Өткен ғасырда қазақ жерінде болған орыс және батыс зиялылары қазақтың өзгеше тұрпатты ұлттық мерекесі – ас пен тойдың болмыс-бітісіне қайран қалған, бүгінгі бізге қиялдай көрінетін, ғажайып суретке толы қаншама куәлік жазбалар қалдырған, ас пен тойды қазақтың жомарт дарқандығы, күші мен қуатының, өнері мен ақыл-парасатының өлшем-көрсеткіші ретінде қабылдаған. Ежелгі хан көтеру рәсімінен соңғы отыз күн ойын, қырық күн тойды айтпағанда, ел аузында аңызға айналған Абылайдың асы, Өскенбай мен Сағынайдың асы сияқты ұлы мерекелерді нақты сыпаттап шығуға бүгінгі біздің қиялымыз да, қарымымыз да жетпейді. Ескілікті жақсы білген Мұхтар Әуезов Бөжей асының өзін емес, қонақ қабылдау рәсімін ғана сыпаттаумен шектелді, әлбетте, қаламгерлік қуаты жетпегеннен емес, “феодализмді дәріптеді, ескілікті көкседі” деген кінәдан жасқанғаннан. Бағзыда Шоқан қағазға түсірген Көкетай ханның асы – эпикалық әсірелеу емес, шынайы сыпаттағы асқақ бейнелеу ғана. Жұртымыздың өз дәстүрінен айнымаған замандағы дулы мерекелерін сол қалпында қабылдауға, сеніп, мейірленіп, сүйінуге дәл қазіргі біздің ой-санамыз да, сезім-түйсігіміз, білім-танымымыз да жете қоймайды. Ғасырдың алғашқы жартысындағы, Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтан кейінгі ең шынайы жазушымыз Сабыр Шәріпов өзінің “Бағаналы елінің жайы” деген суреттеме мақаласында мынандай деректер келтіреді.

“Бағаналы байлары бірінен бірі асырам деп асты бәсекемен беретін.

1860 жылы Ерден Сандыбайұлына Ерден көлінде ас берілгенде Ақмола губерниясы, Торғай облысы һәм Сырдария облысы түгелімен шақырылған. Бұл асқа  500  үй тігілген. 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бас бәйгесі жүз жылқы болған. Бас бәйгені Торғай облысының қазағы Жатай деген адамның көк ала байталы алған. 2-ші атқа 50 жылқы, 3-шіге 30 жылқы, төртіншіге 25 жылқы, 5,6,7,8,9-аттарға он бес жылқыдан 10,11,12,13,14,15-аттарға он жылқыдан, 16-25 атқа жеті жылқыдан, одан соңғы бес атқа бес жылқыдан. Өлең айтқан 25 ақын 25 жылқы алған. Бұл асқа шыққан шығынның барлығы 620 жылқы, 200 қой. Осы Ерденге осындай қылып, үш рет ас берген. Үшеуіндегі шығын барлық жолы 620 жылқы, 200 қой және 500 үйде  екі-екіден 1000 саба қымыз болған.

1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына ас берген. Мұнда бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, бір ақ отау, он түйе берген. Бұл бәйгені Алтай  Аққошқардың аты алған. Бұл астың барлық шығыны 700 жылқы, 300 қой, 30 түйе.

1874 жылы Лабақ Қуат баласының асы болған. 300 жылқы, 500 қой сойылған. Жүз атқа бәйге болған. Бас бәйгесі 100 жылқы, бір отау, 9 нар, 9 ат, тоғыз құндыз. Асқа 700 үй тігілген. Барлық шығыны жылқыға кескенде 950 жылқы болады.

1863 жылы Дүзен Сандыбай баласына үш қайтара ас берілген: а) құдай жолына Бағаналы еліне ас берудің жобасын жасауға жиналғанда, 50 жылқы, 100 қой сойылған. Жүз ат шауып, 20 атқа бәйге болған. Бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, бір нар, қалғандарына 127 жылқы; б) толық асқа 150 жылқы, 200 қой сойылып, 100 атқа бәйге берілген.  Бас бәйге 100 жылқы, 1000 қой, 1000 сом ақша, 9 түйе. Бас бәйгені Бағаналы Ақмірдің аты алған. Барлық шығыны 800 жылқы, 1200 қой, үшінші қабат осындай шығынымен тағы да ас берілген.

1913 жылы Негізбай Қыдыралы баласына… 1890 жылы Өте Сансызбай ұлына… 1912 жылы Бейіс Бұзаубайұлына… 1918 жылы Байсымақтың асы…1917 жылы Зілқараның асы”…

(Сабыр Шәріпов. Шығармалар жинағы, А., 1982, ІІ том, 295-296-беттер).

Шыңғыстаудағы Абай мерекесі осының бәрінен асып түсті, арыдағы алаштың Хан көтеру тойына, берідегі Абылайдың асына жетті. Ал 150 жылдық мерейтойды барлық ауқым, аймағымен, болмыс-бітісі, мән-мағнасы тұрғысынан  алып қарағанда, Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға, ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі құбылыс деп  бағалауға тиіспіз. Осыған  шүкіршілік етейік. Абай тойындағы бар жақсылық – ұлттық дәстүр көрінісі және мемлекеттік тәуелсіздік арқасы деп білуге тиіспіз. Осыған ден қояйық.

1996.

malim.kz