Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы күллі адамзаттық ауқымда ойлау биігіне көтерілген дана Абай ілімін бүгінгі Қазақстан халқына жаңа ұстаныммен, бұл жолы өзіміз өмір сүріп отырған замана талабына барынша бейімдеп жеткізуді ниет тұтқан және бұл мақсатқа жоғары деңгейде қол жеткізілген. Негізгі бағдарларына қысқаша тоқталсақ:
Жаңғыру. Өткеннен қол үзбей жаңа құндылықтарға ұмтылу. Дей тұрсақ та, өткеннің бәрі таза, кіршіксіз, айрылуға қимастай ардақты емес. Сондықтан алдымен Абайдың өзін ашындырған, бүгінге дейін қыр соңымыздан қалмай келе жатқан таптаурын, жадағай, яғни жағымсыз әдеттерімізден бас тартуымыздың қажеттілігі тайға таңба басқандай айтылған.
Мақала авторының күретамырлы тұжырымдарының бірі – Абайды оқу, ақын өлеңін жаттау. Осы арада мынадай бір ұсыныс сұранып-ақ тұр. Қазіргідей қым-қуыт заманда сирек адамдар болмаса, өзінен-өзі отырып Абай сөзін жұрт жаппай жаттай қоймайтыны жасырын емес. Ендеше бұған ынталандыру, тіпті өркениетті жолдармен мәжбүрлеу тәсілдерін қолдану абзал. Оның бір жолы барлық мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа орналасуда және кейіннен мерзім сайын тапсыратын тест кезіндегі том-том заңдардың санын сәл азайтып, оның орнына Абайдың 4-5 өлеңін, қара сөздерін жатқа білу талабын енгізу. Тәжірибе көрсетіп келе жатқандай, адам сөз бен сөйлемді, мәтінді көшіріп, ең дұрысы жаттағанда ғана оның мәніне бойлай алады. Мұндай талап Президент мақаласында тағдыркешті жайт қатарында көтерілген - қасиетіңнен айналайын қазақ тілін меңгеруді орыстілді бауырларымызға ғана емес, жанымызда жүрген өзге ұлт өкілдерінің игеруіне таптырмас құрал. Демек, Абай мұрасы арқылы ұлттың жаңа сапасы қалыптаспақ.
Рас, тәуелсіздігіміздің отыз жылдық белесінде біз ғасырларға лайық белестерден өте білдік, дей тұрғанмен, белгілі себептерге байланысты негізгі күш-жігер экономикалық, саяси салаларға ойысып, темірқазығы Абай деп танылған рухани құндылықтар екінші қатарда қалып келді. Ішкі саясатта ұлттық жаңғырудан бұрын ұлтаралық келісім жоғары тұрды. Олай болуының да өміршеңдік талаптары болды. Ел тұрғындары бүтіндей бір кезең өз үкіметінің өз тілінде сөйлемеуіне де толеранттылық танытып, үнсіз түсіністікпен тосып келді. Алайда қазақ қоғамының, соның ішінде қазақ тілді қалың қауымның өзекжарды, тіпті жанайқайының тиісті орындарда қажетті деңгейде естілмей қала беруі ұлттық жаңғыруға емес, әсіресе жас буын арасында «қаңғыруға», яки алдымен торығушылық көңіл-күйге ұшырап, одан адасушылыққа, теріс әлеуметтік әрекеттерге, соның ішінде шет елдерден келген жат діни ағымдар мен идеологияға бой ұруы тәрізді барынша қатерлі бағытқа бет бұруына әкеліп соқтыруының алдын алуымыз лазым.
Бүгінгі Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас мүшесі дәрежесінде, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арыла отырып, ұлттың дамуына кедергі жасайтын өткеннің кертартпа тұстарын мансұқтау арқылы сілкіне алады. Керегемізді кері тарттырып тұрған жайттардың аз еместігі аян, олар: жең ұшынан жалғасқан жершілдік, тамыр-таныстық, ысырапшылдық пен астамшылық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Ендеше, Мемлекет басшысының осынау доктрина деңгейіндегі мақала-баяны өркениетілікке емес өзімшілдікке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылық емес пасықтыққа лақтыратын мұндай «ғұрыптардан» дереу құтылып, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салауатты өмір салтын ұстану, кәсіби өнерді игеру, «бес дұшпаныңды біліп, бес асыл іске көнуді» көздейтін ұлттық прагматизмге шақырады.
Осы арнада мемлекеттігімізді нығайтуымыз үшін халық пен биліктің бірін-бірі естіп, біртұтас болуы қажеттілігінің жариялануы жүрекке соншалық жағады. Ал, биліктің халық алдында есеп беруін жолға қоюдың бастапқы, негізгі қадамы, біздің ойымызша, алдымен жекелеген адам алдында есеп беруді қалыптастыру дер едік. Неге. Өйткені халық деген өте кең, жалпы ұғым. Халық «бізге есеп бер» деп күнде алаңға немесе кеңсеге жинала бермейтіні түсінікті. Бүгінде қоғам өмірі көрсетіп отырғанындай, белгілі бір топты, әлеуметті, яғни халықтың елеулі бөлігін толғандырып отырған қандай да бір проблемаларды жекелеген, көзі ашық, көкірегі ояу белсенді азаматтар ортаға салып жүреді. Демек, алдымен осындай санаттағы азаматтардың үніне ден қоюдың ресми тетігін орнату лазым.
Абайдың аса терең, ауқымы өте кең ұлағатының бірі – Толық адам. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған жан. Мінеки, бүгінгі біздің қоғамда ғана емес, анығы барша әлемде осы ұғым, осы өлшем азайып бара жатқаны белгілі. Десек те, жүрегі ақ халқымыз заманның ең бір қиын кездерінде осынау өмірлік философиясынан айрылмағаны қуантады және ел келешегінің кемел екендігіне қапысыз сендіреді. Мұның жарқын белгісі таяуда ғана жұртшылыққа қайғы әкелген Алматыдағы ұшақ апаты кезінде қарапайым қауымның бірауыздылықпен, ешкімнің ешқандай нұсқауын, кеңесін күтпестен-ақ полиция жасақтарына, құтқарушыларға ақысыз, ізгіліктің биік белгісін танытып ыстық ас пісіріп таратқанынан көрініп, көзімізге жас алдық. Жаздағы Арыс апаты кезінде де халқымыздың жомарт жүректілігі мен бір жұдырықтай тұтастығына жаһан куә болды.
Мемлекет басшысының мақаласындағы келесі өзекті де озық пікір – Абай жылы барысында бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдында есеп беруі. Бұл соншалық терең мағыналы жайт. Расында, біздер осы уақытқа дейін Абай өсиетіне қаншалық құлақ астық, қай шамада орындадық, нені түсініп, нені түсінбедік, қай кемшілігімізді, мінімізді, осалдығымызды түзей алдық. Міне, тура сондықтан да ұлт ұстазының алдында есеп беретін сәтіміз келді. Ол үшін, әлбетте Абай сөзін игеріп, Абай мұрасын ұғынып, абыздың жанын түсінбейінше басқа тірліктің бәрі зая болуы ықтимал.
Мұхтар Кәрібай