АБАЙТАНУ ЖӘНЕ АБАЙТАНУДЫҢ БҮГІНГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ұлы ақынның мұрасын зерттеп, танып-білу мақсатында жоғарғы оқу орындарында алғаш рет арнаулы пән ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында 1942-43 оқу жылдарында  М.О.Әуезовтың ұйымдастыруымен Абайдың әдеби мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеу басталған болатын. Абайдың шығармашылық байланысы, жаңа қазақ әдебиетінің көшбасшылық қалыпасу жолы батыс және шығыс әдебиетінің әлеуметтік ағартушылық, патриоттық идеяларын бойына сіңіре білген ақынның мақсаты да осы.

 

«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы Қазақстан-Ресей университетінің жанынан ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылды. Абайдың ақындық айналасы, шығармашылығы, Абай жинаған мұралар негізінде қазақ этнографиясымен тығыз байланыса қалыптасқан бұл орталық кеңейіп, екі залға ұлғайды.

Тәуелсіз еліміз үшін руханиятқа аса қажет болып отырған «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының бастамасымен «Абайтану курсы», «Ұлылар мекеніне саяхат», «Абай биігі - ұлт биігі», «Әнді сүйсең менше сүй» бағдарламалары Астана үшін де ел руханияты үшін де аса қажет бастамаға айналды. Аталған университетте екі бөлмелі экспозицилық зал, 3 мыңға жуық тарихи жәдігерлер мен деректі фильмдер жиналып, жеті мыңның үстінде қала жұртшылығы мен студенттер қатысқаны да тарих қойнауына енгізілді десе де болады. Төрт жыл ішінде тұрақты дәстүрге айналған «Ұлылар мекеніне саяхат» бастамасы бойынша 147 адамды Семей жеріне апарып, Ұлылар мекеніне экскурсиялық-танымдық саяхат ұйымдастырған осы орталық екені аян. Семей мемлекеттік телерадио кешені қорынан Абайға байланысты 14 деректі фильм көшіріліп әкелінді. Оның ішінде Шәкәрім, Мұхтар, Қайым Мұхамедханов шығармашылығы да бар. Яғни, ешқандай тапсырмасыз-ақ, үкіметтің қолдауын күтіп, қол қусырып отырмай-ақ, қарапайым халықтың қолдауы мен Абайтануға қажет өтініштерін орындау нәтижесінде осындай нәтижеге қол жеткізді. 2010 жылдан бастап бірнеше бағытта алыс-жақын шет елдермен, әрі еліміздің барлық өңірлерімен тығыз байланыста Абайды насихаттау, дәріптеу мәселесімен үздіксіз айналысып отырған жалғыз орталық.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша Абайтану 2012 жылдан бастап жеке пән ретінде мектеп бағдарламаларына енгізілді, бірақ, оқулығы не әдістемелік құралы қалыптасқан жоқ. Ең өкініштісі, М.Әуезов қалыптастырып кеткен Абайтану ғылымын тек зиялы қауым мен ғалымдар аясында зерттеп келеміз. Ал, жастардың Абайын, мектеп оқушыларының Абайын, баланың тілінде жеткізе алмай келеміз. Сондықтан да күні бүгінге дейін Абайтану оқулығы мен бағдарламасын, әдістемелік құралын жүйелі түрде қалыптастыра алмай келеміз. Осындай олқылықты толтырған «Абайтану» орталығы қала мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары мен мектеп оқушыларына әдістемелік құрал ретінде де, Абайтану пәні ретінде де үздіксіз қала мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Соның нәтижесінде Астана қаласындағы оқу орындарының басшыларының сұранысы бойынша 36 сағатқа негізделген «Абайтану» курсы жүргізіле бастады. Арнайы курсқа Астана қаласындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары мен колледждердің ұстаздары қосымша білім алды. Аптасына үш рет өткізілген сабақ барысында М.Әуезовтың 70 жыл бұрынғы курстық бағдарламасын қайта жандандырып, Абайдың өмірі, шығармашылығы, зерттелуіне байланысты тақырыптар қамтылған болатын.

Аз уақыттың ішінде танымал болған  бұл орталық  өткен жылдың маусым айынан бастап Қазақстан-Ресей университетінің жабылуына байланысты өз жұмысын тоқтатты.

«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы орналасқан Қазақстан-Ресей университетінің жабылуына байланысты кәзіргі уақытта Астана қаласындағы «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» компаниясының құрамында жұмысын жалғастырмақ ниетте. «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» бұған дейін де Абайтану жинақтары мен әліппесін шығарған белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовпен бірге, Абайтанумен айналысып келе жатқан ұжым.

Болашақта Абайтану зерттеу институты мен ғылыми кітапханасын қалыптастыру, Абай шығармалары мен Абайтану оқулығын  интерактивтік технология бағытымен насихаттау көзделіп отыр.

Астана қаласына жан-жақтан келетін шет мемлекеттердің өкілдеріне бірден-бір көрсететін Ұлт ұстазы Абай орталығына Германия, Корея, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Татарстан, т.б. елдерден қонақтар келді. Абай шығармашылығы бүгінге дейін 100-ге жуық шет тілдеріне аударылып, Қазақтың мәдениеті мен әдебиетін әлемдік деңгейге көтерді. Әлемдік деңгейде өткізілетін ЭКСПО-17 бағдарламасында бірден-бір шет елдерге көрсетілетін Қазақтың бренді Абай екені анық.  

Өз жұмысын ақтай алатын «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне экскурсиялық саяхат жасау, мектеп бағдарламасына сәйкес оқулықтар шығару, Абайтанушылардың қатарын толықтыру, Абайтанудың мектеп бағдарламасындағы орнын қалыптастыру мақсатында елеулі жұмыстар атқару үшін Орталықтың өз алдына жеке мекеме болып қалыптасуы уақыттың өзі мойындатып отырған заңдылық.

Абай шығармашылығын әлем мойындап, даналығына бас иіп жатқан тұста ел тәуелсіздігін алған жиырма жылдан артық уақыт ішінде елордасы Астанадан Абайға жеке бір орталық ашуға құлық танытпай отырғанымыз өкінішті.

Ғұмырын Абай шығармашылығына арнаған Мұхтар Әуезовтің алдын көрген шәкірттерінің ішінде қалған жалғыз тұяқ бұл күнде Мекемтас Мырзахметов екен. Мекемтас Мырзахметов ғұмырын Абайтануға арнаған, Абайдың шығармашылығы мен өмірі, өлеңдеріндегі әр сөйлемді жете зерттеп, Абайтанудың зерттелу ғылымын кезең-кезеңге бөліп, сала-сала бойынша зерделеп қолымызға берді. Ұлы ақынның бір өлеңін, немесе қара сөздерін, пәлсапалық кейбір ойларын ғана зерттеп жүрген мерзімдік абайтанушылардың - Абайтанудың зерттелу дәуірінің үш кезеңін көрген (М.Әуезов кезеңі, М.Әуезовтен кейінгі кезең, бүгінгі Абайтану) нағыз ғалым Мекемтас Мырзахметовтен үйренері көп.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым ағаның, «Абайтануды кешегі кеңестік көзқарастан арылтып, бүгінгі жаңа тәуелсіз еліміздің нағыз, толық Абайын қалыптастыруымыз қажет» дегенін негізге ала отырып, уақыт күттірмей Ұлы ақынның жұмбағын ашуға кірісуіміз керек. Әйтпесе, заңғар жазушы М.Әуезовтен тікелей сабақ алған Мекемтастан бір күні айырылып қалсақ, Абайтану саласындағы сан жұмбақтың шешуін таба алмай,  сан соғып өкінетін боламыз. Онсыз да Қайым Мұхамедхановтың ортамызда жүргенде қадірін білмедік. Ғалымның жылдар бойы тірнектеп жазған  құнды еңбектерін әлі де толық жариялай алмай келеміз.

Абай шығармаларының басылуын өзі көрген жоқ. Бірен-саран өлеңдері болмаса Абайдың көзі тірісінде «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы деген адам ақынның атын атамай бастырады. «Жаз», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдері 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбай Жанатаевтың атымен жарық көреді.

Сондықтан да жазып айтқан, жатша шығарған өлеңдері бізге жетпеген. Кейіннен Абай өлеңдерін жинаған кісілер Абайдың өлеңінің атын ғана айтып, немесе бір жол өлеңмен ғана сақталып қалған. Тоғжанға арналған «Сап-сап көңілім, сап көңілім» өлеңі соңғы кезде табылды. 1882 жылы Лермонтовтан аударған тұңғыш аудармасы «Бородино» да түгел емес. Бізге белгілі көлемі 20 жолдық нұсқасы ғана сақталған. 1896 жылдан бастап, 1916 жылға дейін Абайдың өлеңін көшіріп ұқыптап жүрген Мүрсейіт молда сол уақыттың «баспаханасы» болды. Соңғы кезде кәсіпке айналдырып 7-8 молда көшірген. Көшіргендер бір өлең үшін бір қойдың құнындай ақы алатын болған.

Елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда өлеңнің бір данасын ала кететін болған. Бұл қазақ жастарының арасында Абай өлеңінің бағалы болғандығын көрсетеді.

Абайдың көзі тірісінде баспа жүзін көрген екі өлеңінен кейін Абай өлеңдерінің тұңғыш толық жинағы ақын дүниеден озғаннан кейін 1909 жылы Сант-Петербургтағы Ілияс Бораганский баспасынан жарық көреді.

Абайтану шежіресінде алтын әріппен жазылған бұл оқиғаны Абайдың немере інісі – Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде былай баяндайды. «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып, «сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Абай өлеңдерін бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расходына екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып Омбы қаласына кеттім деп хат жазды. Одан кейін «Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп барамын» деп тағы да хат жазады. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді; «Қазан қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. Петербургтағы баспаханамен шарт жасастым, тез 200 сом ақша перевод ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспатабақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жібереді, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, Петербургке жөнелтеді. Осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлеңдер жинағы 1909 жылы үш жылда зорға жарыққа шығады. Мүрсейіт қолжазбасының негізінде жарық көрген 5339 жол өлеңінің 1090 жолы аударма болатын. Алғашқы басылымға кірмей қалған 17 өлеңі кейінгі зерттеушілердің еңбегімен кейінгі басылымдарда толықтырылып берілді.

Мұхтар Әуезовтың Абайтануға қосқан үлесі нәтижесінде ақынның кейінгі шыққан 1933, 1939, 1945 жылдардағы баспасындағы жинау, түзу нәтижесінде қара сөздерден басқа 10708 жол өлең қосылды. Сонымен Абайдың толық жинағын өзінен қалған архив болмағанның өзінде ғылыми зерттеулер мен іздеулердің арқасында бүгінге жеткен, қара сөздерден басқа 7133 жол еңбегі белгілі болды. 

Абай мұрасының баспадан кітап болып шығуына қалтқысыз қамқорлық жасаған – Әлихан Бөкейханов болса, өлеңдерін жинақтап бастыруға зор үлес қосқан Мүрсейіт Бікеұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Тұрағұл Абайұлы еді.

Әуелде мұны Семейден шығаруды ұйғарған Әлихан Бөкейханов ақынның өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы алғаш көлемді мақала жазған. Абай дүниеден озған соң, екі жылдан кейін «Семипалатинский листок» газетіне «Қазанама» жариялайды. Сол газетте Абай өлеңдерінің жинақ болып басылатыны жайлы айтылады. Солай десе де, Абай жинағы басылып шықпай қалады. Оның себебі – Әлихан Бөкейханов 1906 жылы 8 қаңтарда Семейге сьезге қатыспақ болып, Керекуден келе жатқан жолында Тұзқала деген жерде тұтқынға алынады. Қайтарып апарып Кереку түрмесіне жабады. Осы жолы ұсталған кезде оның портфелінде Абай өлеңдері жинағының қолжазбасы болады. Көп кешікпей айғақ болмағандықтан босайды. Халықтық тұлғаға айналған Әлиханды патша үкіметі үнемі қырына алып, 1908 жылы қайта қамауға алады. Іске ілініп, қудаланып жүріп те Абай өлеңдері баспада жатқанын естен шығармайды. Сөйтіп 1909 жылы жарық көреді. Көптен күткен  Абайдың тұңғыш жинағының жарық көруін алғаш рет Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар жазады.

Абайтанудың тарихында Абайға арналған алғашқы тексеру, түсініп, тану 1914 жылы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланысты еске алу «Әл-шархият» жиналысынан басталады. Осы жиналыста алғаш рет Абайдың шығармашылығы мен өмірі жөнінде Қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Назипа Құлжанова баяндама жасайды. Ұлы Абайдың қадір қасиетін, атағын жұртшылыққа жария етудегі алғашқы қадам жасап, тұңғыш кешті ұйымдастырушы - журналист, ағартушы, қазақтың оқымысты қызы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың еңбегі ерекше еді.

Кез келген ақынды тану ең алдымен өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеуден басталады. Абай мұраларының сақталуына кепіл болған адамдар – Ғабитхан, Кішкене молда, Самарбай, Дайырбай молдалар, т.б. да жинастырған. Солардың ішінде ерекше еңбегі бар адам – Мүрсейіт Бікеұлы. Абай сөзін керек еткендер Мүрсейітке тапсырма беріп отырған. Сол кездегі қалыптаспаған емлеге байланысты көшірмеде кемшіліктердің кетіп отыруы осы күнге дейін Абай шығармашылығын зерттеуге кеселін тигізіп келеді.

Абайтануды зерттеу Мұхтар Әуезовтің бастамасымен революциядан кейін ғана қолға алынып, Абайтанушылардың қатары өсті.  Абайтануға еңбек сіңірген Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхамедханов, Рабиға Сыздықова, Мекемтас Мырзахметов сынды көптеген тұлғалар айқындалды.

Абай шығармалары шет мемлекеттеріне де белгілі. Ақынның жеке өлеңдері 100-ге жуық елдердің тілдеріне аударылып, сан мәрте жеке кітап болып басылды. Абайдың бүгінге жеткен 176-78 өлеңі үш поэмасы, 50-ге жуық аудармасы, 45 қара сөзі, 27-ге тарта өлеңіне ән жазған сазгерлігі белгілі. Қазақ тәуелсіздігін әлем таныған бүгінгі заманда Түркия, Германия, Ресей, Қытай, Корея, т.б. мемлекеттерде Абай ескерткіштері, мен Абай атындағы көшелер, Абай орталықтары бар.

Әлемдік деңгейде өткізілетін ЭКСПО-17 бағдарламасында бірден-бір шет елдерге көрсетілетін Қазақтың бренді Абай екені анық. 

«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы орналасқан Қазақстан-Ресей университетінің жабылуына байланысты кәзіргі уақытта Астана қаласындағы «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» компаниясының құрамында жұмыс істеп келеді. «Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясы» бұған дейін де Абайтану жинақтары мен әліппесін шығарған белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовпен бірге, Абайтанумен айналысып келе жатқан ұжым.

Болашағы зор «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының ауқымын кеңейтіп, Абайтану ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми кітапханасын қалыптастыру көзделіп отыр. Ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту бағыты бойынша жұмыс атқаратын болашағы зор Абайтану ғылыми-зерттеу институты алдағы уақытта елімізде абайтанушы ғалымдар қалыптастыратыны сөзсіз.

Осы мақсатта қала әкіміне жазған өтініш негізінде 2014 ж. маусым айында «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жеке ғимаратын салу жөнінде жер телімін беру мүмкіндіктері қарастырылған. Орталыққа берілетін жер телімі қалалық жер жоспарлау бөлімінің сызбасымен белгіленіп, бақылауға алынған. Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде  Абайтануға жер беру мәселесі қарастырылған болатын. Бүгінде ол кісінің қызмет ауыстыруына байланысты осы мәселе әлі созалаңға салынып келеді.

Осы уақыт ішінде «Абайтану» орталығына берілетін жер телімін Абай есімін жамылып, қатысы жоқ болса да, коммерциялық мақсатта пайдалануға ұмтылып жүргендер де жоқ емес.

Қалай десек те, Абайтану саласында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде атқарылатын жұмыстардың маңыздылығы мен көлемі жағынан жыл сайын ұлғайып жатқаны, өз алдына жеке Абайтану институтының ашылу қажеттігін туғызып отыр. 

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,

«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі

Астана қаласы.