Роза РАҚЫМҚЫЗЫ: АБАЙ ШӘКІРТТЕРІНІҢ ӨЗ БАҒАСЫН АЛАР КЕЗІ ЖЕТТІ

 Қазақтың кемеңгер Абайы қараңғы түнекті қақ жарып туған жарық ай десек, оның сәулесіне шомылып, үлгі-өнегесімен сусындап өскен жасөспірім, көкөрім таланттар алыптың айналасындағы сансыз жұлдыздар іспетті болды. Абайдың артықшылығы – ол өлеңді ермек етіп, сөзбен сурет салып қана қойған жоқ, қазақтың бойындағы қыңырлықпен, надандықпен күресті, ұлт әдебиетіне жан бітіріп, іші-сыртын түзеді, терең ақыл-парасатымен, асқан шыншылдығымен өлең, сөзге өзгеше мән-мағына беріп, мейлінше түрлендірді. 

Абайдың ерекше таланты мен атағын ас­қақ­татып, ел ішіндегі беделін көтерген  әділдік, адал­дық, мейірбандық тәрізді адами ізгі қа­сиет­тері сол маңайдағы өнерлі жастардың ақын ай­на­ла­сына үйіріліп, оны өздеріне ұстаз тұтуына негіз болды. Бұрынғы-соңғы әдебиет­шілердің зерттеу­ле­рінен білетініміздей, Абай сол жас талаптарға ұстаздық етті, біреулеріне өлең жазуға арнайы тақырып берсе, енді біреулеріне өзі әлем әдебиетінен оқыған қызықты сюжеттерді, тарихи оқи­ғаларды әңгімелеп беріп, болашақ шығар­ма­ларына жол нұсқады. 
Жазғандарын оқып, ағалық ақыл-кеңесін, ескертулерін айтып отырды. Әділдікті сүйетін, жалғандыққа, жамандыққа жаны қас ұлы ойшыл кімге болсын әділ төрелігін айтып, қажымай-тал­май үйретті, жалықпай жетеледі. Және ол еңбегі жеміссіз де болған жоқ. М.Әуезовтің уәжіне жү­гінсек, «...Қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шы­ғып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жет­се, Абай айналасынан, Абай мектебінен шық­қан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді». 
Ақынның шәкірт-достарының өз ортасынан суы­рылып шығып, жеке-дара танылуына Абай­дың оларға әрдайым жоғары талап қоюы да себепкер болғаны анық. Өмір шындығын боя­ма­сыз әрі дәл көрсетіп, өнердің тәрбиелік мәнін ес­керуді жоғары орынға қойған ақын шәкірттеріне де осы талап тұрғысынан қарады, жасандылықтан бойларын аулақ ұстауды тапсырды.

Бұл ретте, қазақтың Абайы кез келген ұлттың беткеұстар ойшылынан оқшау әрі дара тұр. Мұның себебін әдебиетші ғалым Бауыржан Ердембековтің тілімен түсіндірер болсақ, «...Әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелеген­дер некен-саяқ кездескенімен, дәл Абай сияқ­ты бірнеше ақынның басын құрап, тақы­рып беріп, өлең жазғызып, жазғанын орта­ға салып талдап, түзеп дегендей, шын мә­нін­де, осындай әдеби іс жосығын жүзеге асырғандары кемде-кем. Өзімізге етене жақын орыс әдебиетіне назар аударсақ, А.Пуш­кин де, М.Лер­монтов та әдеби мек­теп ашып, шәкірт тәрбиелемепті. ХІХ ға­сыр­дың 50-жыл­дарында орыс әдебиетіне Н.Гогольдің әсері зор болғаны белгілі. Әйтсе де «Біз Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз» деген кейінгі қаламгерлердің қанатты сөзі жазушының тікелей шәкірттері емес, оның дәстүрін жалғастырушылардың айтқаны екенін естен шығармау керек». Басқаша айтқанда, Гогольдікі – дәстүр, бағыт та, Абайдікі – ұстаз бен шәкірт ара­сын­дағы тікелей қарым-қатынастың көрі­ні­сін байқататын тура мағынасындағы мек­теп болып шығады. 

Дей тұрғанмен де, «ұлы» халықтың бет­кеұс­тар ақын-жазушыларында кездесе бермейтін тікелей әдеби қарым-қатынас­тың айғағы болған ақындық мектеп, ақын шә­кірттер қазақ әдебиетіне, оның ішінде Абай­ға тиесілі болуы кеңестік танымның қа­лы­бына сыя бермеді. Осынау қыңыр түсі­нік­тің салдарынан Абайдың өз айнала­сы­на тигізген әсері, тағылымдық қарекет­тері тұмшалана берді. Мұның аяғы Абай­дың Көкбай, Ақылбай, Шәкәрім, Мағауия, Тұра­ғұл тәрізді аса дарынды шәкірттері мұ­ра­ларының елеусіз, ескерусіз күйде, зерт­теушілердің де, қалың көпшіліктің де назарынан тыс қалуына әкеліп соқтырды. Ал шын негізінде, Абайдан асып кетпеге­ні­мен, олардың әрқайсысы өз биігінде көрін­ген, өзінше таным-талғам, қабілет-қарым иесі болатын. Мәселен, «Мұхтар Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: «Ол кезде Абай айнала­сын­дағы бар ақынның ішінде суырып сал­ма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көк­бай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлең­деріне ие ғып шығарады", – деп Көк­байдың жай ақындардың бірі емес, талант­ты ақын екендігіне назар аудартады», – дейді Жандос Әубәкір. Әдебиетші ғалым айтпақшы, «Коммунистік идеология кезін­де Абылай хан, Кенесары мен Наурызбай ерліктеріне ыстық ықыласын білдіре отырып жырға қосқан Көкбай Жанатайұлы­ның эпикалық шығармалары жарық көру, зерттелу түгіл, тар қапасқа қамалды. Ақын­ның жеке өмірі де саяси кінәлаулардан құр қалған жоқ. Сол заманда Көкбайдың діни бағыттағы өлеңдері ақын мұрасының зерт­телуіне кедергі болды. Сөйтіп, ақынның бай әдеби мұрасы: өлеңдері мен айтыс­тары, дастан-жырлары қаншама уақыт бойы зерттелусіз қала берді. Сол сияқты, Абай­дың тұңғыш ұлы әрі ақын шәкірті Ақыл­байдың да поэмалары мен бірқақ­пайлары, жекелеген өлеңдері бүгінге то­лық жеткен жоқ. Тақырып таңдау, идеялық бағыт, көркемдік ізденістер жөнінен Абай ру­хымен үндес Ақылбай шығармалары да әдебиетшілер назарынан тыс қалып келеді. 
Абай мектебінің дәстүрін бүгінге жал­ға­ған халық ақыны, фольклоршы, ком­позитор Шәкір Әбенов те өзіндік тағдыры бар, таланты дара, бірегей тұлға еді. Есте сақтау қабілетінің ерекшелігімен дүйім жұртты таңғалдырып өткен қазына қария тоқсаннан асқан шағында да Абай мен Шәкәрімнің, Көкбай мен Әріптің, басқа да көптеген ақындардың жыр-дастандарын жатқа айтудан танбаған. Ғасырға жуық өмі­рінде тағдырдың көптеген теперішін көріп, жазықсыз қудаланған, зорлық-зомбылыққа тап болған қайсар ақын соған қа­ра­мастан талай сүбелі шығармалар қалды­рып кетті. Сондай-ақ мұның бәрі де өзіндік мазмұнымен, жанрлық, стильдік артықшылықтарымен қазақ әдебиетін мейлінше байытқан, түрленткен тағылым­ды шығармалар болды. 
Қорыта айтқанда, Абайдың ақындық мектебінің ілгері-кейінді өкілдерінің қай қайсысы да – зерттеп-зерделеуге, сый-құр­метке лайық жандар. Сондай-ақ олар­дың әдеби мұрасын саралау қазақтың сөз өнерін қай жағынан болсын байыта түсері даусыз.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

("Алаш айнасы")