ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • ӘУЕЗОВ АЙТТЫ ЕКЕН ДЕП ҚАШАНҒЫ "АДАСА" БЕРЕМІЗ?

ӘУЕЗОВ АЙТТЫ ЕКЕН ДЕП ҚАШАНҒЫ "АДАСА" БЕРЕМІЗ?

Оқылған 4251 рет

Қосылған күні: 01.12.2019

Жазылу мерзімі басқа жылмен белгіленіп кетіп, сол қалпында әлі күнге түзетілмей келе жатқан Абай өлеңдері, сенсеңіз, аз емес. Соның бірі – ұлы ақынның «Әкімбай өлгенде» («Көз жұмғанша дүниеден...) деген жоқтау-жыры. Оны Абай 30 жаста - 1875 жылы жазғаны таза шындық, алайда өлең бақандай 20 жылға ілгерілеп «1895 жылғы» деп қате белгіленіп келеді. Көпе-көрнеу қатенің түзетілер түрі және көрінбейді. Ал не етесің? Мақаламыздың арқауы міне осы ағаттық.

Сонымен, Абайдың 40 жол жоқтау жыры қай жылы, қандай жағдайда дүниеге келген? Алдымен осыған тоқталайық.

Жалғанда қуаныш пен қайғы алма-кезек емес пе?! Сүйіктісі Әйгерімді кездестірген 1874 жылы Абай алғаш рет ауыр қазаға да тап болған. Бәйбішесі Ділдәдан туған екінші ұлы Әкімбай (Хакімбай) дүниеден өтті. Әкімбай тура тоғыз жаста болған (кейбір басылымдар Әкімбай жеті жаста деп жұртты шатастырып жүр). Ол өте ақылды да сүйкімді жеткіншек болған деседі. Ақшоқыда Абай мен інісі Ысқақтың ауылдары  өте жақын орналасқан ғой. Міне, сол Ысқақтың бала көтермеген әйелі Мәніке Әкімбайды меншіктеп бауырына салып алады, ол қайтыс болғанда, әрине, осы үйден шығарылған.

«Абай жолы» эпопеясының ерке, адуынды кейіпкері Мәніке өмірде де өр мінезді, шақпа тілді бәйбіше бопты. Оның тілі мен кәрінен қорқып, жұртшылық «Әкімбай Абайдың баласы» дегенді тісінен шығармай, тек қана «Абайдың немере інісі»  десіпті. Аталмыш өлеңді алғаш рет Мұхтар Әуезов 1925 жылы, Семейде шығып тұрған «Таң» журналының екінші санында жариялап, оған берген түсінікте: «Бір немере інісі өлгенде айтқан», - дейтіні сол.

Алдыға оза айтайық, жоқтауды Абай баласы Әкімбайдың жылдық асы қарсаңында, яғни 1875 жылы жазған. Оны Ақшоқы ауылының жас келіні Әйгерімге айтқызған (ел жадында сақталуына қарағанда Әйгерім жоқтауды сөзіне сай ән-мақаммен келістіре дауыс қылып, жұртты ұйытқан сияқты).

Онда қателесу неден, төркіні қайдан? Оған белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың «Ақынның бір шығармасының тағдыры туралы» атты мақаласы сәулесін түсіреді. Кәкең әңгімесін «Ұмытпасам, 1935 жылы Мұхтар Алматыдан Семейге келді» деп бастап, Абайды көрген, ақынды жақсы білетін Абай елінің адамдарымен Мұхаң әңгіме-дүкен құрғанын баян етеді. Сол әңгіме арасында қойылған «Абайдың немере інісі кім?» деген сұраққа ақсақалдардың бірі «Тәңірбердінің Мақұлбай деген баласы өлгенде, Әйгерім Абай үйретіп берген дауысты айтып жүріпті» деп тұспалдаған екен (Абай журналы. - №1, 1996 жыл. - 20 бет). Осы мәліметке сүйенген Мұхаң «Абай жолы» эпопеясының «Еңісте» атты тарауында Әйгерім Мақұлбайды жоқтап, дауыс қылған эпизодты енгізіп, суреттеген (көркем шығармаға не қажет - бәрі сыйымды). Онда жоқтаудың «Қызыл балақ қыранның, балапанын дерт алды» деген тұсынан бастап, аяғына дейін келтірілген. Мінеки, Абай өлеңді «Мақұлбай өліміне арнап жазған» деген пайымның пайда болу жайы осы.   

Мәселе сонда, 1933 жылғы тұңғыш толық жинақта, онан соң 1939, 1945 жылғы жинақтарда «Әкімбай өлгенде» деп дұрыс аталған өлеңге 1957 жылғы жинақта «Баласы өлген анаға Абай шығарып берген жоқтау» деп жаңаша ат қойылып (Абай баласы өлген беталды бір әйелге жоқтау шығарып беретін ақын емес), 1895 жылғы өлең ретінде жарияланды. Бұл қате, Абайдың қолында өскен Әрхам Ысқақовтың айтуымен болса керек, әуелі 1961, онан соң 1968 жылғы жинақтарда түзетіліпті. Бірақ, 1977 және 1995 жылғы жинақтарды баспаға даярлаған  редакторлар, өкінішке қарай, «Мұқаң айтты, болды, бітті» деген шолақ уәжден аса алмай, «Немере інісі өлгенде айтқаны» деген ескі қатеге қайтадан ұрынған.

Абайдың «Әкімбай өлгенде» жырының қилы тағдыры, оның әлі күнге шекті адасып жүруі хақында сөзіміз осымен тәмам.

Енді жырдың мазмұнына келейік. Даудың шешімін тек сонан ғана табарымыз хақ. Бастапқы үш шумақ - Абайдың өзін өзі жұбатуы. Мұны ұғыну қиынға соқпас. Өлеңін ақын:

                                        Көз жұмғанша дүниеден,

                                        Иманын айтып кеткені-ай, -

деп бастап, үшінші шумақта:

                                        Ием қабыл алды-ау деп,

                                        Көңіліме қуат біткен-ай!

                                        Қуаттанып бақсам да,

                                        Күнәлі көңілім түйтпеді-ай, -

деп тәмамдаған (түйтпеді – төзімім жетпеді, шыдамады деген мәнде).  Бақсақ, соңғы екі жолда бүгулі астар бар. Ол – автордың өзін-өзі күнәлі сезінуі. Тарата айтсақ, бауыр еті баласына емірене алмай, бар болғаны «немере інім» деп өткен, баласы жанында тек соңғы күндер, соңғы сағатта болған әкенің күйік-зары. Алдыңғы екі шумақта өзін-өзі қанша жұбатып бақса да («Қуаттанып бақсам да») көңіл түбінде жаңағы зіл өкініш ерімей мұз боп жатыр (айта өтері, кейбір жинақта «күнәлі нәпсім түйтпеді-ай» деп басылған. Бұл қате. Қисынға жүгінсек, бұл жерде нәпсінің еш қатысы жоқ, ақын алдыңғы екі жолда көңіл күйін айтса, соңғы екі жолда соны тиянақтап отыр).

Сөйтіп, кілтипан осы арада - «Күнәлі көңілім түйтпеді-ай» деген соңғы жолда. Оны өзінің тура мағынасында қабыл алсақ жөн (Әкімбай өлімінен ауыр сабақ алған Абай енді қолындағы екі баласы Әбіш пен Мағауияға әкелік мейірімін үйіп төгеді. Екеуін де ерекше қамқорлыққа бөлеп өткені баршаға аян ақиқат).

Бастапқы үш шумақ ақынның өзін жұбатуы болса, ортаңғы  шумақтар дәстүрлі үлгідегі жоқтау. «Қызыл балақ қыранның, Балапанын дерт алды» деп басталатын көне жырға тән теңеулер осы арада (Әйгерімнің осы тұстан бастап, дауыс қылған ғой).

Жоқтаудың соңындағы қос шумақ:

                                       Артына белгі қалдырмай,

                                       Бауыры қатты тас өлім.

                                       Жыламайын десең де,

                                       Шыдарлық па осы өлім?

                                       Орамды тілді ауыздым,

                                       Ақылға жүйрік маңыздым.

                                       Көп жасамай тез кетіп,

                                       Көзімнің жасын ағыздың, -

дегеннің әке-жүректен төгілген ащы зар мен шер екеніне кім таласар екен.  

Сөйтіп, аталмыш жыр Абайдың жанына жақын көретін, бірақ жүрек жылуын көрсете алмаған туған баласына арнап жазған күйініші. Өлеңнің мазмұны, көріп отырмыз, мұны еш күмән-күдік қалмастай паш етеді. 

Айтпақшы, жоқтау жыр жайлы «Абай» энциклопедиясының 279-бетінде: «Әкімбай - ақынның Ділдәдан туған баласы, 9 жасында (1865—74) дүние салған. Өлеңнің мазмұны да осы тұжырымды айғақтағандай», - деп дұрыс айтып, бірақ кітаптың 161-бетінде: «...Ағасы Тәңірбердінің баласы Мақұлбай өлгенде Әйгерімге айтқызған жоқтау» деп бұрыс кетіпті. Әттеген-ай. Бірізділіктің жоқтығы қалың жұртшылықты әлі күнге шатастырып келеді. 

Бәлкім, Мақұлбай өлгенде Абай бүгінгі күнге жетпеген жоқтау сөзін жазса жазған шығар, оны Әйгерім дауыс қылып айтса айтқан шығар.  Бірақ, оның Әкімбайға арналған жоқтауға қатысы қанша? Соңғының Мақұлбайға телінуі ешқандайда сын көтермейді, еш адамды сендіре де алмайды. Өзіңіз де ойлаңыз, 1892-93 жылдары  Абай мен Тәңірбердінің арасы мүлде суысып кеткені басы ашық факті. Ақынның «Тәңірбердіге» деген «улы сия, ащы тілмен» жазған өлеңі соның бір куәсі. Өлеңдегі:

                                   Бай-бай десе мастанып,

                                   Мың теңгесін жастанып,

                                   Ешкім тимей өзіне,

                                   Ағайынға қастанып.

                                         Өз тамағым тоқ деп,

                                         Басымда қайғы жоқ деп,

                                         Жақыны аттан жығылса,

                                         Жаны ашымай «шоқ» деп, -

деген жолдар халықшыл ақылман Абай мен өзімшіл, өсекшіл, дүниеқоңыз Тәкежан арасына сызат, сызат емес-ау, терең жарықшақ түскені емей не?!. Сол сияқты көрші-қолаңға қара қиды да қимайтын сараң бәйбіше, жеңгесі Қаражанға қарата Абайдан «Ана тегі ондағы – өзен судың тұнығы» деген сөздің шықпасы соқырға таяқ ұстатқандай анық емес пе?!.

Қысқасы, аға мен жеңге қылығынан қажыған, көңілі әбден қалған ақынның 1895 жылы Мақұлбайға жаны егіле жоқтау арнауы ақылға сыймайтын, көкейге қонбайтын парадокс. 

Жоқтау жырдың мазмұнына қайтып оралар болсақ, оның төртінші шумағында жігіт Абай:

                      Ата тегі мұндағы –

                      Орта жүздің ұлығы, -

десе, бұл өз әкесі Құнанбайды, ал:

                      Ана тегі ондағы –

                      Өзен судың тұнығы, -

дегені бәйбішесі Ділдәнің атасы Алшынбайды айтқаны (ол - қаз дауысты Қазыбек бидің шөбересі). Бұл дәлелсіз-ақ айқын ақиқат.

Жоғарыда аты аталған Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов өзінің «Абайдың өмір жолы» деген белгілі естелігінде жоқтаудың Әкімбайға арналғанын атап айтқан.  Жалпы Абай әлденеше жоқтау жыр жазған. Әбдірахманның әйелі Мағышқа шығарып берген жоқтауы көпке аян. Сол сияқты жоқтау жырды інісі Оспан өлгенде, оның екінші әйелі Зейнепке  бергені де мәлім. Бұл жөнінде Әрхам ақсақал: «Зейнеп жоқтауды Абайға жаздырып алып айтып, елді жылатып, көпті сүйіндірді» дейді.

Сонымен, сөз етілген жоқтау кімге арналған деп жұмбаққа айналдыра бермей, шынға жығылатын, дұрысына тоқталатын уақыт жетті.    

Енді көкейде жүрген бір сөзім қалып барады. «Абайдың Әйгерімнен туған баласының аты Тұрағұл ма, әлде Турағұл ма?» деген. «Абай» журналының алғашқы сандарында жарияланған естеліктер мен қолжазба дүниелерден «Тұрағұл (Тұраш)» деп оқушы едік. Мұхтар Әуезовтің өзі де осылай  жазған. Бірақ соңғы жылдарда «Турағұл» деп жазу етек алды да кетті (Мұхаңа да сенбейміз бе, қалай?). Бұл өзі Абай - турашыл, әділетшіл, демек, Турағұл болуға тиіс деген ойжота топшылаудан туған қисын тәрізді.

Өз ойым, дұрысы – Тұрағұл. Неге? «Тұрағұл емшектен шыққанда Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын» деп сәбиді өз бауырына салып бала ғып алды», - дейді Әрхам (Ділдә Әйгерімді ә бастан «тоқал» деген, ауыл-аймақ та жас келінді тек осылай атап кетеді). Сол тоқал Әйгерім Әкімбайдың жылдық асы өтпей тұрып, жаз шыға босанған. Қаза көрген Абай да, өзге үлкендер де «Енді мына сәби жарық дүниеде ұзақ тұрса, көп жасаса» деген тілекте болуы заңды. «Тұрағұл» атауы осымен өз түсінігін табатын сияқты. Әрине, шыны бір Аллаға ғана аян.

Сөз соңы, тағы бір пысықтайық, Абайдың жас ақындық жолының куәсі - «Баласы Әкімбайға жоқтауы» деген өлеңін 1895 жылғы деуге ғылыми негіз боларлық бірде бір дәйек жоқ. Жігіт Абай шығармашылығының ерекшелігі – қай өлең болмасын өз басының тәжірибесі болып келеді. «Әкімбай өлгенде» жыры онан сырт емес. Оны өз орны – 1975 жылға шегеру осы жағынан да пайда бермекші. Жалпы шынға жақ болудан ұтпасақ, ұтылмаспыз, халайық!

Асан Омаров, зерттеуші

Abai.kz