Бүгін БАҚ-та Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада Президент Абай шығармаларының бүгінгі қоғам үшін мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар биыл ұлы ақынның 175 жылдығына орай еліміз бойынша 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында Абайдың ойынан да, тойынан да келер ұрпақ тағылым алуы тиіс, деді.
- Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады, - делінген мақалада.
Сонымен қатар, ұлы ақынның мерейтойына орай, Абай шығармаларын әлемнің 10 тіліне аударып, басып шығару жұмыстары қолға алынатын болады. Ол туралы Президент:
- Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.
Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады.
Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру қажет.
Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады, - деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеу жөнінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.