АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ – ӘЛЕМДІК БІРТУАР ТҰЛҒА

Әуелде бір суық мұз— ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық, —
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі “жақсы” демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек
(Абай Құнанбаев)

​Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында халқымыздың ұлы тұлғасына айналған Абай Құнанбайұлының мемлекеттік және халықаралық деңгейде аталып өтетін 175 жылдық мерейтойының жоғары дәрежеде өтуінің негізгі мәселелеріне тоқталған. Мемлекет басшысы бұл ауқымды іс-шараны, тойлап қана қоймай, қазақ халқының ұлттық мақтанышы ретіндегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолы мен парасатты патриотизм мектебін құрудағы құнды идеяларын бүгінгі уақытпен сабақтастырып, ұтымды үйлестіру мәселесін де қозғады.

​Қ.Тоқаев қазақ поэзиясының асқар шыңына айналған ғұлама ойшылдың мазмұнды әрі мәнерлі өлең жолдарын жаңа форматта дәріптеудің де қажеттілігін айтты. Мемлекет басшысы мақаласында өткен жылдағы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасын қолдап, бұл тиімді әдіс арқылы Абайға деген ерекше құрметті әрі өскелең ұрпақты Абай әлеміне қызықтырудың ұтымды жолы деді.

​Елбасы ауқымды іс-шараға қатысты ойларын «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүддесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» секілді бес бөлікке бөлген. Қ.Тоқаев аталған әрбір тарауда ұлы Абайдың мол мұрасын дәріптей отырып, отандық білім беру жүйесіндегі жетістігімізбен қатар кемшіліктеріміздің жетіп артылатын тұстарына да назар аударуды жөн санайды. Білім саласын жетілдіру мақсатындағы ұстаздардың білімін заманға сай дамыту керектігін қадап айтты. Елбасы: «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі. Бұл сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы кез келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды роль атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек» – деп терең білімнің негізі ұстаздық жолда екендігіне баса мән береді.

​Мақалада Президент Қ.Тоқаев қазақтың кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармаларындағы ұлт бірлігін өркендету, әділетті қоғам орнатудағы басты идеяларын ашуды мақсат тұтқан. Дарынды ақынның өнегелі өсиеттері арқылы бүгінгі жастарды ұлтжанды, білім мен ғылымға икемді, өз еліне патриот болуға тәрбиелейтін басты темірқазығы ретінде көрсетеді. Қ.Тоқаев асқар ойдың алыбы Абайдың ұлтты жаңғыртуға жол ашатын кемеңгерлігін: «Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттік берік орнығады» – деп Абай философиясының адамзат өркениеті жолындағы еңбектерін аша түседі.

​Қ.Тоқаев жаңа қоғамның жанашырын қалыптастыру үшін ұлттық қадір қасиетімізді бағалайтын ұрпақ тәрбиелеуімізге шақырады. Осы негізде халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру жұмыстарына мән беріп, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің басты қазығын Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеуді жөн санайды. Аталған бағытта ғалымдардың тың зерттеулерді қолға алып, асыл ойдың зерегіне айналған ұлы ойшылдың қазыналы ойларын көпшілікке дәріптеуді қажет деп біледі. Мемлекет басшысы Абайдың жалпыға ортақ адамдық философиясы жайлы: «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» – деп Абай туындыларының бүгінгі қоғамдық ортадағы адамдардың интеллект тұрғысынан дамуына, психологиялық қырларының қалыптасуына үлкен әсерін тигізетінін түсіндіріп өтеді.

​Президент өзінің мақаласында Абайдың классикалық үлгідегі өнегелі ойларын тек қазақтың ғана рухани қазынасы емес, әлемдік деңгейдейде ойып алар орнын көрсетуді басты мақсатымыз деп санайды. Сол себепті, ең алдымен Абайды өз ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауға шақырады. Өркениетті елдер қазақтың мәдениеті мен әдебиетін, рухани әлемін Абай секілді ұлы тұлғалар арқылы танитындығын айта келіп, оның жарқын есімін жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыра білу – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы деп есептейді.

​Қ.Тоқаев Абай Құнанбайұлының әлемдік мәдениеттің тұлғасы ретіндегі нақты қадамдарды айқындап, ұлы ақынның мол мұрасын насихаттауда 500-ден астам маңызды іс-шаралардың өтетіні жайлы айтты. Оның ішінде: тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналатынын айта келіп, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференцияның өтетінін баяндады. Аталған жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылатындығын айшықтап берді.

Шашаев Әуезхан Қадіржанұлы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
директорының орынбасары, Жетекші ғылыми қызметкер т.ғ.к.,

Тылахметова Анар Советханқызы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының кіші ғылыми қызметкері