АБАЙ - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БРЕНДІ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мемлекет басшысы өз мақаласында келелі ой, өнегелі ұсыныс, көреген білімі арқылы Абайды және оның ұрпаққа мұра болып қалған тәрбиесінің зор құндылықтары мен Абайдың рухын тану, оның даналық сөздерін бойға сіңіру арқылы елдің ел болатындығын айқын атап көрсетті.

Сондай-ақ, жас ұрпақтың өз ұлтын Абайша сүюін, қазағын, халқын төрге жетелеуді үйрену керектігін баса айтты. Ұрпағымызды Абай өнегесімен тәрбиелеп, ұлы ақынның мұрасын насихаттау – әрбір қаны қазақтың борышы деп білемін. Президентше айтсам, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру міндетіміз болып қалмақ.

Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күнге дейін құндылығын жойған емес. Тарқатып айтсам, колледжімізде ұлы Абайды ұлықтауға арналған іс-шаралар өткізу әрдайым басты назарда. Соның бір дәлелі Қазалы аграрлы техникалық колледжінің ұжымы Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойын 2019-2020 оқу жылының қыркүйек айынан бастауы.

Гуманитарлық пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Тіл- әр ұлттың ең ұлы анасы» атты пән апталығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жәния Ысмағұлдың «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» атты әдеби-музыкалық сазды кешінің өткізілуі мен колледждің І курс студенті Еркін Ақнұрдың сонау Ләйлімнен бастау алып, Президент жалғаған Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасына қатысуын айтуға болады. Абай шығармаларынан мәнерлеп оқу эстафетасы Абай жылы аясында жалғаса береді.

Біздер жаңа жиырма бірінші ғасырдың болашақ мамандарын даярлайтын педагогтар Абай мұраларын бүгінгі жастарымыздың терең зерделей алуына жол ашуымыз керек. Абайды таныту арқылы қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін таныта алатынымыз айдан анық.



Рита ЫСҚАҚОВА, 

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы,

Қызылорда облысы