Бүгін 24 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» тақырыбында көрме ашылды.
Көрме аясында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен меймандары үшін Абай музейінің қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбалар, Абайдың тұмар домбырасы және ақынның 1885 жылы тарихи өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлері таныстырылды.
Сонымен қатар, аталған көрмеден Абайдың өмір сүрген кезеңі және оның айналасына қатысты тарихи тұлғалар туралы, Абайдың ақындық өнер айналасы және Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихы мен абайтану ғылымының дамуы хақында мол мағлұматтар берілді.
Аталған көрме астаналықтар үшін 24 қаңтардан 7 ақпанға дейін қызмет көрсететін болады.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің баспасөз қызметі