Сәбит ДОСАНОВ: АДАМЗАТ БАРДА АБАЙ БАР

Ұлы тұлғалардың ұлағатты ойлары бір-бірімен әсем үйлесіп, әдемі үндесіп жатады. Соның керемет, кермиық, көркем бір көрінісі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы. Осы айтулы екі еңбектің аты мақала болғанымен заты сол атауға сыймайтын әрқайсысы аса салмақты жүк көтеріп, салиқалы, асқан парасатты ой айтқан өте ауқымды еңбек, болашаққа жол сілтеген бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газе­ті «Egemen Qazaqstanda» жария­лаған кезекті, аса елеулі ең­бегінде өзіне тән кемеңгерлік­пен тың бағыт, соны идеялар айта отырып, оралымды, ордалы ойлар айтқан «Абай және ХХІ ғасырдың» ұнағаны сонша­лық үн қосу лебімізде тілге тиек етер үзінді келтіру жеңіл болмады. Себебі әр абзац қа­на емес, әр сөйлем тұнып тұрған тұп-тұнық ой, төгіліп тұрған жыр мен сыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір мысал келтірелік. «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын». «Біз Абайдың 125 жылдық мерейтойын қоғамдық сананы жаңғыртып, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз». «Бұл тойдың үстіндегі басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. «Абай сыны – ауыр сын». «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселіміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз». Міне, осы әрі қысқа, әрі нұсқа үш қана үзік үзіндіден-ақ «Абай және ХХІ ғасыр» атты мақаланың аса маңыздылығын анық танып, жүрер жолымызды айқын көріп отырмыз.

Мемлекет басшысының «Се­мей қаласын тарихи ор­та­­лық ретінде белгілеу», «Ре­сейдегі, Франциядағы, Ұлы­бри­­таниядағы және басқа да мем­ле­кеттегі елшіліктер жанынан «Абай орталықтарын құру» идея­сы қорғасын құйылып алшы түсер асықтай көкейге қона кетті.

Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні «Адамзат барда Абай бар. Абай – дүние тұрғанша тұратын тұлға!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы онда айтылған ор­далы, озық ойларымен, жа­һан­дық мәні бар ұсыныс, идея­ла­рымен аса құнарлы, аса құн­ды еңбек, күнделікті өміріміз­дің бағытын айқындап тұрған бағ­даршам, адастырмас ақ жұлдыз.

Иә, адамзат барда – Абай бар. Абай – дүние тұрғанша тұратын тұлға!

 

Сәбит Досанов,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты