ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР - Б.ИСИН ТУЫНДЫЛАРЫНДА

27 қараша күні Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі және Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Суретші Болат Исин туындыларындағы жазушылар шығармашылығы» көрмесінің ашылуы өткізілді.

Кескіндемеші, акварельші және ағашты көркем өңдеуші шебер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Б.Исин Абай шаңырағымен шығармашылық байланыста жұмыс жасап, 2002-2003 жылдары Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының және 2006 жылы Жидебайдағы «Шәкәрімнің Саят қорасы» музейін безендірушісі ретінде музей экспозициясын жасақтаған мамандардың бірі.

Көрмеде дара өнер иесі Болат Исиннің қазақтың бас ақыны Абайдың және оның ақын шәкірттері Шәкәрімнің, Әсет Найманбайұлы мен Төлеу Көбдікұлының, жазушылар Мұхтар Әуезов пен Оралхан Бөкейдің, Алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановтың шығармаларының желісі бойынша салған кескіндемелік және акварельдік туындылары көрермендер назарына ұсынылды.

Аталған көрменің ашылу рәсіміне қатысқан Семей қаласындағы мәдениет және өнер мекемелерінің мамандары, суретшілер және қаламыздағы оқу орындарының студенттері М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің ІІІ курс студенті А.Баяхметованың орындауындағы Абайдың «Татьянаға хат» әнін тыңдап, көрмеден орын алған Абайдың және оның айналасына қатысты иллюстрациялар мен өңіріміздегі тарихи тұлғалардың шығармашылығы хақындағы таңдаулы картиналарды тамашалады.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің баспасөз қызметі