СӨЗ «БІР ДӘУРЕН КЕМДІ КҮНГЕ – БОЗБАЛАЛЫҚ» ХАҚЫНДА

Бірінші деңгейлі талдау: ОСЫ ӨЛЕҢДЕГІ АҚЫН

Ақын көтеріп отырған әлеуметтік тақырып, психологиялық сыңай, арқау шындықты шығарма намы айпаралап тұр. Бұл жайлы жаттанды үрдісте сөз жазбақты өзімізге мінәсіп көрмедік. Мағлұм жай.

Туынды құрылысы жәйлі тіптен солай. Екі қолдың саласын қайта-қайта санай бергеннен ілім барақат тауып, жүрек ләззәт алмасқа керек. Хош.

Бір айтарымыз – тақырып таңдау мәселесі. Яғни нені жазу, нені жазбау турасында. Осы тұста Абай жалпы шығармашылығында көп қателік жібермеген ақын. Дәл осы өлең тұрғысынан, ашығырақ баяндасақ, бозбалалық кімде болмайды, бәрінің басынан өтеді. Әңгіме өткенінде емес, кім бұл кезеңді қалай өткізгенінде. Айтпаса да белгілі, қай буын бозбалалығын қалай өткізсе оның келер күндері (салдары, заманы) солай болмақ, өмірі солай көмкеріліп, адамдығы солай өрбімек. Демек, кейін де ол сол кезеңнен дағдысында қалған жолымен жар құшып, бала тудырып, оны тәрбиелемек деген сөз.

Алайда, өлеңде айтылған қателіктерді дер кезінде жазбаса, азаматтар уақытылы арылмаса, кемшілік ұрпақтар сабақтастығына ұласуы, ұлт одан жуық арада арыла алмауы мүмкін еді. Бұл дерттен біз бүгінде құлан таза арылып, адалана қойғанымыз шамалы.

Бұндай тақырып жазуға тұрмай ма? Тұрғанда қандай! Көпке керек, уақыттың ұзақ сынына шыдас беретін заманға зәру тақырып.

Поязияның ұлы миссиясы, үлкен жүгі де сол адамға (адамзатқа, халыққа, көпке) қызмет ету ғой. Сол үшін де Абай сөзін түзеп, енді тыңдаушы түзел деген жоқ па? Ендеше, өзі бастан кешіп, яки көзбен көріп, жүрекпен қорытып, ақ-қарасын айырып алған елге зәру тақырып Абай назарынан тыс қалмаған. Соның үшін де жазу керекті іркілмей жазғаны.

Сосын, бір тұшынып оқитының – өлең миссиясы анық.

Шығармада автордың өзінің ақындық миссиясын жете түсінуі, ақындық жауапкершілігін, қаламгерлік қызметін жете білуі және іске асыруы ашық көрініс тапқанын байқаймыз. Өлең өнерінің басты ғылымы осы дер едім. Өлеңнің дегдарлығы да, уақыт желіне шайқалмай, заман керуенінен қалмауы да осыған байланысты.

Қараңыз, таңдаулы тақырыпты жазғанда да Абай бозбалалықты «мен былай өткіздім, ананы істедім, мынаны бүлдірдім, мынаны тындырдым» деп көр-жерді шұқылап арзандамай, келер заман ескерсе екен деген, аса зәру, ел шалыс басқан, болашақ түзеуі керек тұстарды еске алу, жай кеңес түріндегі ой дестелерімен, тұнық жүрек сөзін «бөтен сөзбен (детальмен де) былғамай», өзі арзандамай, сырын шашып, ұятқа қалмай, ой тастау сарынында, өмір қорытындысы есебінде береді. Бұл деталь талдаудағы сұңғылалық.

Міне, осы өлеңдегі, тіпті тұтас поэзиясындағы Абайдың абайлығының басы –осы. Тақырып пен детальдағы талғампаздық.

Ақынның ақындығының ең бір айқын көрінісі нені жазып, нені жазбауында жатыр. Ол ақын үшін, жалпы жазарман қауым үшін аса зәру әдет. Бұл әдет есті оқырманға да керек екенін Абай өз өлеңдерінде сомдаған. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзелінің» семантикасы да көп нәрсені меңзесе, соның бірі – осы әдет.

Қандай талғаммен, нендей мұратпен қалам алғанын Абай «Бірінші қара сөзінде»: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дейді. Яғни, Рухани жауапкершіліктің ел бағу, мал бағу, бала бағу, ғылым бағу ісінен жоғары екенін білгеннен туған мұрат.

Бүгінгі ақын өз карьерасын сол төрт бағудың бірінен іздеп жүрген жоқ па? Ал, ең ұлы қалам бағу ісі қайда қалады сонда?

Ол іс – қаламға тазалық, жазуға талғам, өмірдің мәні, елге қызмет деп түсініп, сол биікте қалам тербеу басқа да, олай қарамау – мүлде басқа! Басқа сөзбен айтсақ Абай өлеңінің карьерасына жұмыс жасады, оны бақты, баптады, сонылады, тыңнан із қосып, жаңадан ой шалып, алысқа оздыру қамын жасап, бірегейлікке талпындырды. Ал, бүгінгі біршама ақыннан, тіпті көбінен ақындық қуатын, одан туған өлеңін ертең жоқ болар өзінің керьерасына жұмыс жасатып жүргені байқалады. Яғни, өлең жұртқа танылудың, қызметте өсудің, біреудің (қыздың, бастықтың, арнаған әлде кімсенің тіпті үкіметтің, жүйенің) көңілін табудың, ат шығарып, атақ алудың құралы ретінде есебі қысқа бап. Өлеңнің суаруы, шыңауы, бір қайнауы жетпей қалатыны, ғұмыры қысқа, жарық етпе, суы көп, қоюы аз, сылдырлаған жеңіл, поэтикалық иірімі нәрсіз болатыны содан-ау деп ойлаймын. Оны әр ақынның өлеңінен ұғуға болады.

Неге, кім үшін өлең жазғанын және өзінің өлең жазу машығын (тактикасын, өлеңнің ғылымын) «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде («Сегіз аяқ» өлеңінде де) біршама кеңінен баяндайды. Оны оқып отырып өлең жазудың ермек емес екенін байқайсың. «Көкірегі сезімді, тілі орамды» келер ұрпаққа өнеге беру миссиясы барын, оның «талапты ұғар, тасыр ұқпас» күрделілігі (көбінде ойдағы сонылық, дегдарлық) болатыны сынды элементтерін байқаймыз. Бұл да ақындар түртіп алатын Абай шығармашылығының есті тұсы.

Аға буынның іні буынға қамқорлығы, үлкеннің дегдарлығы, болмыстың бекзаттана бастаған жылылығы, жанашырлық жауапкершілігі өлеңнің өн-бойынан есіп тұр. Бір паңсыну, не қомсыну, яки өзін көрсету, менін алдыға салу жоқ. Жазу стиліндегі өскелеңдік деген осы. Даралықтың тұмасы да осында. Яғни кенен кеуденің өз кемеңгерлігін қалай көрсетіп, қазынасын қалай үлестіруінде. Бұл жерде де автордан ақындық шеберлік үлгісін көреміз.

Өлең соңындағы «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп, жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық» деуі де сол ақындықтың миссиясын, жауапкершілігін, қызметін жете түсінген жүрек мақсұты.

Бұл өлең де сол жерлерде жазылған мұрат, мақсұттарға сәйкес түсіп тұр. Бұл шығарма ең әуелі осынысымен құнды.

Осы араға аз сөз қыстырсақ, бүгінде күнде көргенін керекті-керексіз жаза беретін ақындардың, тіпті өзінің сезімінің ұйқаспен жазылған шежіресі мен ойының ұйқасты жазбасын оқып отырып, көпке қандай керегі болды екен деп бас қатырасың, адамзатқа, заманға неге керек екенін таппайсың! Келер ұрпаққа да көк тиынға керегі жоқ тақырыпты шиырлап отырған ақындардың ақындық жауапкершілік, ақындық міндет, ақындық миссия дегенді қалай қабылдағанын түсіну қиын.

 

Екінші деңгейлі талдау: ӨЛЕҢНІҢ ТІЛІ

 

Шынтуайтында, бұл өлеңде айтылған бергі ойларды әмме жұрт біледі және күнделікті айтып жүргені. Алайда, сөз құдіретін, қазақ сөз жасамы мен тіл орамының керемет мүмкіндігін шамасы қаптал жетіп еркінше пайдаланған ақын Абай оны соны тіркеспен тірілтіп айтады. Осындай білгендік, көргенділік, дегдарлық ніл сіңгенінің арқасында күнделікті әркімнің аузынан шығар жадағай сөз жалт-жұлт етіп құбылып, басқаша түлеп, жаңа тұрғыдан қылаң бергенде, сана жатырқай қарайды, кейде Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) айтпақтай бірден қорыта қоймайды. Сонан да оқырман қанша есті болса да Абай сөзі (тілі) «...басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады». Дегенмен есті көңіл ден қойса жатсынбай құп аларлықтай тіл орамымен, тіркес дестесімен береді. Көзіңнің алдынан көптің көкейінде бар жатық ой жүлгесі жүні жылтырап, қарға неше аунап әбден құлпырған сөз түлкісі боп құйрығын бұлаңдатып, көзіңмен көңіліңді қоса елең еткізіп өтіп бара жатқанда осы еңбектің иесіне (авторға) айызың қанып, еріксіз тәнті боласың!

Айтып айтпай не керек, жастық дәуреннің аз ғана күндік қызық екенін, бозбалалықтың да өтпелі «кемді күндік» «ғұмырын» кім білмейді. Ханға аян болғанындай қарашаға да мәлім жай ғана өмір ақпараты. Ой қабыл алып, ақыл құптарлық тұжырым. Дегенмен, Абайдай ой қуаты жоқ адам осы ойды болбыр тіркеспен, бошалаң сөйлеммен берері – анық. Ал, Абай «Бір дәурен кемді күнге – боз балалық» дейді.

Ал, ары таманнан, деталь жүгелесек...

Өлең ілкі жолдың атымен аталады. Ұзын. Бірақ, көп танымға жетелеп тұрған бір ауыз сөздей жинақы. «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық». Әр сөз өз орнын дәл тауып тұр, олай-былай жылжымақ емес. Олай етсең сөздің сәйкесі кетіп, ой қиюы қашып, ішкі иірім бошалаңдап, тіркес тәлтіректейтін түрі бар. Аса сәтті поэтикалық иірім сомдаған сөз тұлғасы. Еріксіз мойындатады. Ақындық қаптал шаманың құдіреті де осында жатыр-ау дейсің.

Басқалай айтып көрелік, «Бозбалалық – аз күндік бір дәурен» десе де айтар ойы пәлендей аласара қоймас па еді. Жоқ, ақын үшін және түзелген оқырман үшін ой дестесі мен сөз құнары ойсырап қалатынын көріп отырмыз. Бұл тіркесте жадағайлық басым. Ел қатарлы бір сөз. Ақын мұндай тұлғада айтуды місе тұтпаған. Бұл тіркестің семантикалық мағынасын қандай сөз тұлғасымен айтып көрсең де өлең ғылымындағы ой үстеу, мағыналық темп, ұғымдық реңк жағынан абайлық тіркес әрине оқ бойы озық тұр. Міне, осыдан ақынның сөз саптаудағы, сөйлей білудегі біртуарлығы, шеберлігі аңдалады.

Қаузай түсейік, автор «жастық», «жас дәурен» демейді. «Бозбала» дейді. Неге?

Бұл жалқы сөз мағынаны сүйреп тұрған матор екенін, айтпақ ойы мен шашпақ өнегенің кілті тап осы сөзде екенін сергек ақын жүрегі дөп басып біліп тұр. Сосын да «жастыққа» қарағанда кемістігі мен шалалығы бір мысқал көп, албырттығы мен жеңілдігі молаң және сол кемшіннің бәрін жұрт көз жұмып, кешіріммен қарайтын «бозбалалықты» қабыл көріп, өлеңге ілтипаттайды. Керек болса ұйқас үшін таңдады деп айтудың өзі танымастық. Мақсатты түрде алынды деуге лайық.

Ақын пікірінде «бозбалалықтың» болуын заңдылық деп білгенімен, орнымен болуын алға тартып, күлкі күйлеген, «еһе-еһені (1911 жылғы алғашқы жинақта «епе-епе»)» әдет етуді кешірмейді. Өйткені бозбалалық – жастықтың алды, жастық – есті өмірдің басы. Оның кемшілігі жойылып, адаланбай, өмірге ес кірмек емес. Ол дегдар болмай ғұмыр абат болмақ емес. Осы ойды жеткізу үшін «бозбалалық» Абайға ауадай керек, өлең соған тіленіп тұрғанын автор жазбай танып отыр. Бұл автордың сөз сұрыптаудағы сезімталдығы.

Түзелген тыңдаушы («Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел») өлеңге алғаш назар бұрғанда ақылды бір сілкіп, жүректі шарпып өтетін ақынның ой қуатының болмашы жарқылы. Алайда, болмашы болса да көп өнеге жатқанын аңдап отырмыз. Өлеңдегі «еһе-еһе» сөзі де осындай бозбалалықтың албырттығы мен қылтың-сылтыңын басқа сөз орнын ала алмастай, бай мағыналы бір сөз. Сенбесеңіз орнына басқа бір айқындауыш не метафора (теңеу) қойып көріңіз, абайылқ тіркестей биік, сәулетті, өрісті болар ма екен...

Бұндай ақындық мінез Абай өлеңінде көптеп жүздеседі. Мұндай тіркестерді сөз иесінің синтагмалық тіркестері (автордың өзіне ғана тән сөз тіркестері) қатарына қосуға болады.

Жалпы, өлең мазмұнында сөз жинақылығы адамды тәнті етеді. Бозбалалық дәуреннің жаман тұстарын немесе кемшілік, нұқсанын бейнелейтін бірсыпыра тіркестерді көңіл шалады. Енді сол «самаратори сары алтын» тікестерге аз-кем ой бұрайық:

«Бір дәурен азды күнге». Шынында рухани және тәндік жағынан қатты өзгеріске ұшырайтын, не бүлінудің, не кісілік қалыптасудың басы болған физиологиялық және психологиялық «өтпелі кезеңді» екі ауыз сөз қамтып жатыр. Мұны көркем әдеби тілдегі әдемі сөзбен кестелеп, қадірі мен қымбатын ұлықтайды. Яғни көп адам ойсыз, ыждағатсыз, қарекетсіз уысынан шығарып алатын алтын кезеңге деген өкініш, бағаламаған көңілдерге реніш, келер күнге ескертуі бәрі сыйып жатыр.

«Көкірек зор, уайым жоқ». Негізі «уайым – ер қорғаны, есі барлық» еді. Рух зарлығы, ел қамы, заман мұңы жоқ, алайда, қолынан бәрі келетіндей лепірме сезім қай жаста болмады. Соны дәлді түсіп айтып отыр.

«Көрсе қызар, күнде асық». Албырттықтың, жүгенделмеген сезім мен шідері жоқ ақылдың ершімді сипаты.

«Сүйкімі, икемі жоқ шалдыуарлық». Жүрек толқытар ер мінезді былай қойғанда, суық ақылдың мүддесінен шығар ісі аз. Тиянағы, ақылға суат болар қылығы әлі кем, баянды ісінің жұрнағы тапшы бозбалалық нұқсаны.

«Қалжыңбассып өткізген Қайран дәурен». Қалжыңбас болғысы кеп болғансиды дейді. Көп бозбаланың бұл дәурені әр істе піспеген, шала, өмір тәжірибесі кем, өресі таяз боп өткеніне деген өкініш бар. Сипаты шынында да адам өкінерлік.

Қай-қайсысы да қандай дәл айтылған. Автор өзі сипаттап отырған кезеңге дұрыс диагноз қойған. Бәрін бірлестіре қарасаң құр гөй-гөймен еш пайдасыз өткен боз балалық дәуреннің кісі опындырар типі жасалып тұр. Яғни, ақынның ой қыраны бозбалалық аспанын арылта шарлап, өз олжасын қапылыссыз тауып айтылмыш кезеңде адам баласының жіберетін басты қателіктерінің үстінен дәл түседі. Арыдан іздеп не керек өз бозбалалығымыз-ақ осы сипаттардың қасымыздағы куәгері.

 

Абайдан кейін Абай неге тумай жатыр біздің қазақта? Абай абайлығын бір жағынан еңбектеніп тапқан кісі еді ғой.

Абай халық әр дастарқанда айтып отыратын, әркімнің аузында жүрген ойды алып құлпыртып, қалай тосын ғып береді, қалай соны ой айтады, сіз бен біздің тілімізде бар сөзден алып аз сөзге қалай ғана көп мағына, ұшан ой салады.

Енді, әр ақын «мен не жазып жүрмін және қалай жазып жүрмін», «Абай берген ой мен сөзін мен оқырманға қалай беріп жүр екенмін?» деп бір сәт өз шығармашылығын арымен тізе қоса отырып, азаматтығын шақырып, кісілігін келтіріп, ақындық жауапкершілігін қасына отырғызып, ақындық міндетімен беттестіріп, уақыттың сотының өлшеміне сауын айтып (қолы жетсе) бәрі алқа қотан отырып бір тексеріп шықса екен.

 

Үшінші деңгейлі талдау: ОЙ ОРАМ

 

Жинақылық дегеннен шығады. Автордың кәнігі өлең машығындағы аз ғана сөзге көп мағына, бірыспыра ой сыйғызуының өнегесі бұл өлеңде да сайрап жатыр. Бұл да – абайлық орам.

Мәселен;

«Той болса, тон киелік, жүр, баралық,

Бірімізді біріміз аударалық.

Ат арықтар, тон тозар, қадыр кетер,

Күлкіні онша күйлеп шуламалық», - дейді. Мұндағы той тойлау, тон кию, аударыспақ ойнау бұл үшеуі – үш ірі категория. Үш ірі символ.

Той тойлау – әр кімнің басына келер өмірдің қызықшылығы, ешкім айналып өте алмас көпке ортақ дәстүрлі өмір жоралғысының; тон кию – өзін жасау, сыртты сырлау, бой түзеу, өзін жақсы көрудің символы. Ал, бір-бірін аударып аударыспақ ойнау – ойын-сауық, сән-салтанат құру, дәурендеуге құштарлық символы.

Ақын бұл үш жағдайды «күлкіні күйлеу» деп бағалайды. Ендеше «күйлеу» деген қазақ ұғымында аңсары ауған рахатты қатты қалау, сол дітіне жетпей қоймау, тоят алғанша қайта-қайта аңсап, соған әрекет ете беруді айтады. Салстырмалы ойласақ символдық мәні бар үш іс те керекті, бірақ тым көбейсе пайдадан зияны мол істер.

Алайда, ақын түсінігінде айтылмыш істерге көп мүмкіндікті сарп етуге, мол қуат шығындап, асқын күш жұмсауға болмайды екен. Оны «ат арықтар, тон тозар, қадыр кетер, күлкіні онша күйлеп шуламалық» деп жеткізеді.

Бұнда да автор «күлкіні күйлеу» істерінің үш ірі салдарын меңзеп отыр.

Әуелгі «той күйлеудің» салдарынан «ат арықтар» дейді. Ал, ат қай кезде арықтайды? Әрине, бағымсыз қалғанда. Онда ат бағу деген не? Ол – кәсіп, тіршілік, қарекет. Аты арықтаған кісі не болады? Көліксіз болады, көліксіз кісі жолда қалады. Демек тойды көп тойлау, яғни әр кімнің басына келер, әммеге ортақ, дағдылы, сарынды істерге көп айналшықтау тіршілікте, кәсіпте, қарекет қылуда адамды жолда қалдырмақ екен. Демек, ақынның халыққа айтар ойы бозбала шағыңнан-ақ көптің дағдысындағы, сарынды (жаңалығы жоқ), болса да, болмаса да, кемерінен асырмай-ақ орташа атқарсаң да болатын, одан бір жерің кем боп қалмайтын істі көп қуып есіл өмірді қор етіп, өміріңнің ыңыршағын шығарма, күйін орталатпа, ағынан арылтып, қызылын қысыратпа деген биік ой айтады.

Тонның тозуы нені білдіреді? Оның түбі тозбай қоймайтыны, ескіруі заңды, шартты іс екенін ұғындырады. Ендеше, «тон» деген сөздің тұлғасы. Ал, семантикасы (ішкі мағынасы, сөз астары) жоғарыда айтқандай сыртын сырлау, сылаңдап бойды ғана жасау, елге сыртыңмен ұнауға қызмет ету деген сөз. Хакімнің өзінің, Шәкәрімнің, Мәшһүрдің лексиконында «сыртымен сопысынып» демеуші ме еді, тура солай. Ал, ақын мұны «тозады» деп оқырманына дабыл қағады. Яғни адамзатқа, көпке, халыққа былай тұрсын өзіңе пайдасы тимейді, керегі, кәдесі болмайды дегені. Тонмен тапқан абыройдың тон тозғанда оралмайтыны сияқты сыртымен жасаған образдың да халық алдында, жадында көп сақталмайтынын ескертеді.

Сол арқылы ақын сол дәуірдегі және келешек оқырмандарды ерте есейіп, ой жинауға, ішті қоңдандырып, руханиятқа ден қоюға, «білсем екен, көрсем екен деген адамның баласы» (хакімнің қара сөзінен) болып, «жан құмарлығымен» әуре болуға, ертең ғана шынын айтып, түкке керегі болмай, ешкімге пайдасы тимейтін іспен әуре болмауға керексіз деген ойын жеткізіп отыр.

Иә, бір-бірімен көп аударыспақ (ойнаған, алысқан, тартысқан...) адамның өз арасында «қадыр кетеді» екен. Ендеше, қадірі кетіскен адамдар не болады? Әуелі, бірін-бірі сыйламайды. Кішісі үлкенін тыңдамайды, үлкені кішісін аямайды. Содан барып, жұрттың сыйластығы сетінеп, бүтіндігі бұзылмақ. Ең соңында бәрі де ел болудан кетпек. «Ақылға бірлікті» былай қойғанда «ат ортақ, ас ортақтықтан» да кетіспек. Оның мысалын кезінде Кеңес Одағында мәдениетті дамыту деген сылтаумен сән-салтанатпен алдап, ғылымнан, білімнен, рухани кемеңгерліктен аулақтатқанын, сол арқылы ел болудан ажыратуға тырысқаны есіңізде ме?

Ақын осы арқылы «тойды» «аударыспақпен» ғана безендіру, оны көп «күйлеп», әдетке айналдыру қауіпті деген ой айтады. Яғни көпке дағдылы, сарынды өмір салтының мазмұнын тек өтер-кетер қызықшылыққа ғана құрмау керек екенін ол елдіктен кетіріп, бірлікті бүлдіріп, рухани кеселге душар ететінін жеткізеді.

Енді тамсанбай көріңіз. Бір шумақты бұлай талдап ойын ашықтағанда мағлұм болды; бұл өлеңді осы тәсілде құмнан ине іздегендей зерделесек, бір кітапқа жүк болайын деп тұр.

Шын мәнінде бұл өлеңнің әр екі жолы – бір афоризм. Расында да, ақын сөз жинақылығы, ой сонылығын өлең құнарына, ой қабаттары мен мазмұн күрделілігіне қалай адал қызмет еттіреді.

Бұны Құдай Абайға беріп, басқа ақынға қимайтын нәсіптей көрмеу лазым. Ақындық дарынды оңды ұштай білгендік әсері деп білу керек. Сол арқылы қол жеткізген ақындық қуат екенін ескеруі керек.

Соңында ақындарға аз сөзіміз мынау:

Бүгінде көп ақындарымыз тың ой айтуды, сананы тосыннан елең еткізуді өзге түгіл өзі түсінбейтін сюжеттерден, тосындығы соншалық халқымыздың сөз қолданысына мүлде жат тіркестер мен өзі де түсіндіріп бере алмайтын ұғымдардан іздеп жүр екен. Бізше ол – күрделіліктің формасы ғана, мәні емес.

Әсіресе, Абайдың осы өлеңді жазды деген жасын жасап жүргендердің және олардың алды-артындағы бірқатар ақындарымыздың бір дерті – осы.

Өз басым бұл дерттің емін Абайдан тауып отырмын.

Оразбек САПАРХАН