Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ашылған күніне орай Семей қаласында Қазақстанның аса көрнекті тұлғалары Қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Абай халық жүрегінде» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Көрмеге Абай музейінің алғаш құрылыған кезінен бергі жинақталған архивтік деректерден бастап, түрлі құжаттар, тарихи фотосуреттер, А.Құнанбайұлына арналған әр жылдардағы мерейтойындағы қаулылар, Б.Байысовтың, Ә.Молдабаевтың, көпес Р.Ершовтың үйлерінің суреттері, ақын ұрпақтарының, абайтанушы ғалымдар М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановтың еңбектері, альбомдар, газеттер, медальдар, значоктар, кітаптар және музейге сыйға берілген жәдігерлер қойылды.
Абай Алаштың ғана емес Адамзаттың Абайы екені даусыз. Сексен жылға жуық уақыттың ішінде Абай музейі рухани зерде орталығы ретінде абайтануға, Абайдың ақындық дәстүрін дәріптеуге зор үлес қосып, ұлы ақын мұрасын жан-жақты насихаттап келе жатқандығы көрмеде көрініс тапқан.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
мемлекеттік қорық-музейінің
баспасөз қызметі