Рухани жаңғыру дегеніміз, өзінің атауы көрсетіп тұрғандай, – рухты жаңғырту болуы керек. Рух жаңғырса көкірек көзі ашылып, жан оянады. Ар-намыс пайда болып, қайрат шыңдалады. Ар-намыс – жан қасиеті, сондықтан жүректен шығады. Жан оянған сайын ар-намыс түзеліп, қайрат ұлғайады, адамның қабілеті артады. Әйтпесе, Абай сөзімен айтқанда «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек?» Осылай адамның ой жүйесі табиғатпен үйлесімге келеді.
Ойы ұйқыда болса, адамның өзі де ұйқыда. Қайратсыз қой мінезділер осылардың арасынан шығады. Рухани жаңғыру барысында қазір ұйқыдан ояну заманы туып отыр. Көкірегінде сезім жоқ, жаны оянбаған қайратсыз адамға «Оян қазақ» деген айғай пайдасыз – ол «баяғы жартас – сол жартас» болып қалады. Сезімсіз. Абай да «Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деді емес пе?! Көкірек көзін ашу жолы – рухани жаңғыру. Тағдыр берген бұл үлкен сыйды қолдан шығарып алмау керек. Ол үшін әрбір азамат бұл сыйдың маңызын дұрыс түсініп, шешімін халық болып қолға алуымыз. Өйтпесек, рухани жаңғыруымыз құр жаңғырық болып қалуы да мүмкін. Осылай бүгінгі қой мінезділігімізді тастап, бұрынғы ер мінезділігімізге қайта ие болуымызға мүмкіндік туады. Мәңгілік Ел сонда орнамақ.
Рухани жаңғыру туралы Абай бабамыз не деді? Енді соған келейік.
Рухани жаңғырудың бағыты көп. Соның бірі діни жол. Бұл жолдың негізгі бағытын Абай «Алла деген сөз жеңіл» атты өлеңінде берген.
Өзінің терең мағыналы теологиялық өлеңін ол былай деп бастайды:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа жол емес.
Өкінішке қарай, 1909 жылғы басылымда өлеңнің бұл алғашқы шумағының екінші жолы «Аллаға ауыз жол емес» деп, төртінші жолы «Өзгесі Хаққа қол емес» деп, «қол» мен «жол» деген сөздердің орыны ауысып, қате басылған. Бұл екі сөздің орыны ауысып кеткені туралы Абайдың баласы Кәкітай да, жазушы Ілияс Жансүгіров те («Тілші» газеті 1923 жыл, 8 май, Алматы) жазған. Кейінгі кездерде бұл қателік басқа басылымдарда қайталанып отырған, бірақ 1995 жылғы академиялық басылымда бұл сөздер түзетіліп берілген. Бірақ кейбір оқырмандар ескі басылымдарды оқып, бұл екі сөздің орнын ауыстырып алады. Осылай өлеңнің түпкі мәні өзгеріп, ақынның жеткізейін деген негізгі ойы бұрмаланып кетеді.
Шығарманың мазмұнына келетін болсақ, өлеңнің мақсаты – діннің, яғни рухани жаңғырудың негізгі мәнін түсіндіру екенін көреміз. Рухани жаңғырудың негізгі мақсаты – Ынталы жүрек, шын көңіл. Бұл қасиеттер Абайдың өзі көрсеткен рухани жаңғырудың шыңы – Түп Иеге қайтудың кепілі. Ойшыл «Өзгесі Хаққа жол емес» деп бұл ойды түсіндіріп, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты кейінгі өлеңінде және қара сөздерінде нақты дәлелдер келтіріп, аша түседі.
Абай өлеңді «Алла деген сөз жеңіл» деп бастайды. Не себептен? Себебі рухани жаңғырудың кепілі – Алланы дұрыс түйсініп-сезінуімізде. Әзірше Алланы түсінуіміз шамалы, тіпті жоқ десе де болады. Бұл туралы Абайдың өзі де «Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» (38-сөз) деді емес пе?!. Біз үшін Алла түгілі қоршаған ортаны, тіпті тіршілігіміздің өзін сезініп, санамызға сіңіру оңай шаруа емес. Біздің ой-өрісіміз тар, алған біліміміз тек ақпарат деңгейінде ғана. Оны түйсік, санаға тереңірек бойлата алмаймыз. Нәтижесінде ойымыз таяз, сөзіміз мәнсіз, мінез-құлқымыз жеңіл-желпі. Абайдың «Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат» деген сөзін ескермей, болмыстың сырына емес, сымбатына ұмтыламыз. Жақсы мен жаманды айыра алмаймыз. Сол себептен Алла деген сөздің сырын түсінбей, оны ретсіз жиі қолданып, түпкі мәніне бойламаймыз.
Алла деген сөз жеңіл болғанымен, оның мәні бүкіл болмысты қамтитын түпсіз тереңде жатыр. Алла Тағала рухани болмыста, сондықтан біздің фәнилік сөзіміз тіпті Оны сипаттауға да қауқары жоқ. Алла деген сөз жүректен шығып, аса құрметпен айтылмаса оның мәні жойылады. Болмаса – күнә. Ондай күнәдан сақтану үшін тіпті кейбір діндерде (мысалы, христианның кейбір ағымдарында) Құдайдың есімін атауға тиым да салынған.
Ал исламда Алланың тоқсан тоғыз көркем есімі берілген. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл есімдер жаралыстың негізгі көріністері. Жаратушы Өзінің жаратқандары арқылы білінеді. Жаратылғандар арқылы, яғни Алланың көркем есімдерін ой-өріске салып сезіну арқылы Ұлы Жаратушының Өзін тани аламыз. Исламдағы Алланың көркем есімдерін қайталап зікір салу дәстүрінің осындай үлкен маңызы бар. Бұл – рухани жаңғырудың шыңына көтерілудің бір жолы.
Бірақ бұл жолда қарекет, яғни Аллаға құлшылық жасау керек. Тек ауызбен айтылған сөз жеткіліксіз. Қандай қарекет болса да денемен, яғни аяқ-қолды пайдалану арқылы болады. Сондықтан Абай «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес» дейді.
Жеңіл жалаң сөз – Аллаға жету жолы емес. Ендеше ол қандай жол? Ол жол – «Ынталы жүрек, шын көңіл».
«Ынталы жүрек, шын көңіл» дегеніміз не екенін және оған қалай жетуге болатынын Абайдың «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінен табамыз.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Бұл Абайдың әйгілі үш сүюі. Алла махаббатымен жаратса, онда адамның бүкіл болмысы махаббатқа толы. Бірақ бұл ұмытылған. Оны қайта қалпына келтіру керек. Ол үшін Абай «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» дейді. Абай бұл арада махаббат емес, сүю деген сөзді қолданып отыр. Фәнилік өмірдегі адамға тек қана сүю тән. Бұл өмірде сүю арқылы адам басқа адамдармен қатынас орнатып, қоғам құрады. Бірақ мұндай сүю Алланы сүюге жеткіліксіз. Түп Иеге жету үшін Алланы жаннан, яғни басқа жандардан, тәтті сүю керек. Бұл екінші сүю – адам өмірінің мақсаты. Махаббат – Алла мен адамды байланыстыратын рухани қуат. Рухани деңгейдегі қатынасты махаббат дейтін болсақ, фәнилік деңгейдегі қатынас – сүю. Алла бізге махаббат қылса, біз де Оған махаббат қылуымыз керек. «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?», «Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?» деп Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде бұл сүюді дәлелдей түседі. Және бұл сүю «жаннан тәтті» болып, адамды сүюден жоғары тұруы керек. Мұндай дәрежеге жүректің ынтасы және Аллаға деген шын көңіл керек. Өзгесі Хаққа жол емес. Рухани жаңғыру барысында осылай ынталы жүрек шын көңіл негізгі кепіл болып, Алланы сүюге мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге, рухани жетілу барысында Аллаға деген маххабат ынта мен шын көңілді өсіріп, иман беки түседі. Осылай ынталы жүрек, шын көңіл мен иман тығыз өзара байланыста болып, бір-бірін бекіте түседі. Рухани жаңғырудың шыңында «Ынталы жүрек, шын көңіл» шыбын жан Ғазиз Жанды жаннан тәтті сүюге жетеді. Бұған жету жолын Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» береді. Болмыс Алланың бір көрінісі, ал адамзат соның негізгі бөлігі. Қарапайым адам адамзатты сүю арқылы жүрегін тазартып, рухани жаңғыру жолымен үздіксіз жетілу жолында болады.
Адамзаттың бәрін сүю бірден пайда болмайды. Әуелі жақыныңды, халқыңды, отаныңды сүюден басталады. Туған-туыс, дос-жарандар осылай адамды сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Сүйіспеншілік сезім әуелі жақын адамнан басталып, әрі қарай кеңейіп бүкіл әлемді, оны Жаратушыны қамтиды. Жақыныңды сүйіп үйренбей алыстағыны сүю мүмкін емес. Алланы сүю үшін осылай түрлі сатылардан өту керек. Бұлар рухани жетілу жолындағы деңгейлер. Жоғары мақсатқа жету жолында адамгершілік қасиеттер осылай шыңдалып, жетіледі. Үйлесімді қоғамда барлық адамдар дұрыс қарым-қатынаста. Жаратушының жаратқандарын сүю арқылы Оның Өзін сүюге үйренеміз. Бүкіл болмыс үйлесімділігі осылай жасалады. Бұл жолды ойшыл «Хақ жолы осы деп әділетті» дейді. Осылай рухани жаңғыру арқылы үйлесімді қоғам орнатуға болады.
Сонымен бірге, Түп Иеге қайту үшін Оның ризалығы керек. Қарым-қатынас керек. Қарым-қатынас орнату Оның разылығы үшін әрекет етуден, яғни қазақша айтқанда, құлшылық етуден басталады. Аллаға құлшылық ету үшін ең әуелі Оның жаратқандарына, адамзатқа қызмет ету керек. Өзара қамқорлық, мейірімділік сүйіспеншілікке әкеледі. Гуманизм дегеніміз осы. «Хақ жолы осы деп әділетті» деп, Абай гуманизмнің негізін береді. Гуманизмнің негізі адамға деген сүйіспеншілікте жатыр десек, басқа да шығармаларында «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа» деп адамды сүю арқылы Алланың хикметін сезуге болатынын айтып гуманизмнің маңызын және оның мақсатын көрсетеді. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Әкесінің баласы – адамның дұспаны, адамның баласы – бауырың» деп ол адамды жеке бас қамынан көтеріп, бүкіл адамзат деңгейіне шығарып, санасын шексіз биікке бағыттайды. Абай өмірді жеке қарабас қамы үшін емес, көпшіліктің қамы үшін жұмсауға үйретеді. Бұл – қарапайым адамға Абай берген рухани жаңғырудың жолы. Бүкіл адамзатты сүю үшін әуелі өзіңнің жақыныңды, яғни отбасы, туған-туысқаның, жолдас-жора, ұлтың, халқың, отаныңды сүйіп үйрену керек.
Абай көрсеткен рухани жаңғырудың маңызы, міне, осындай.
"Қазақ Әдебиеті" газеті