«Сегіз аяқ» [1] — бүтін бітім. Жүйелі бүтіндік. Абайтану ғылымында «Сегіз аяқ» хақында айтылған ойлардың маңызы зор. «Сегіз аяқтың» «ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белгідей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарма» [2, 143] екендігі туралы М.Әуезов берген биік баға бүгінге дейін аласарған емес. Академик З.Ахметов «Сегіз аяқтың» мазмұнына да, пішініне де терең бойлап пікір түйеді. Ғалым өлең өзегінен «өмірді көрегендікпен тани білу, шындық пен әділеттілікті сарыла іздеу, халықты «түзу жолға», мәдени, прогрестік даму жолына, шығуға бағыттау сияқты аса маңызды идеялар айқын танылатынынa» [3, 57] көз жеткізеді, ал әнмен айтылғанда оны «басталуы бар, шарықтау шегі бар, аяқталуы бар симфониялық поэма түріндегі шығарма» [3, 223], — деп біледі. C.Мұқанов [4], Қ.Жұмалиев [5], Ж.Ысмағұлов [6] еңбектерінде негізделген ойлардың маңызы үлкен.Абайтанудың қазіргі кезеңінде «Сегіз аяқтың» мазмұнын, тақырыбы мен идеясын түзуші факторлар жүйесінің өзегінде бүркеулі, жасырын жатқан, тілдік бірліктердің лексикалық, грамматикалық мағыналарынан тыс тұрған біртұтас образдар қызметінен туындайтын мәннің сыны мен сырын сараптау Абайдың ақындық даналығын жаңа қырынан және жаңа деңгейде тануға мүмкіндік береді.
Өнер туындыларының жүйесінде жасырын мәннің болатыны туралы ой әу бастан бар. Бұл ой көркем әдебиетке, әдеби шығармаға тікелей қатысты. Суреткердің белгілі өмір құбылыстары туралы айтқысы келген ойын өз шығармасында түгел, шашау шығармай баяндау мүмкіншілігі шектеулі. Өйткені өмірдің шындық құбылыстарының қыры да, сыры да мол. Суреткер өмірдің шындық құбылыстарын қанша толық суреттеуге ұмтылғанмен, көптеген жайлардың шығарма желісінен тыс қалатыны анық. Ал шығарма жүйесінде көрініс тапқан шындық құбылыстар және оларды қабылдаудан туатын әсер мен түсінік шығарма желісінен тыс қалған жайларға мегзейтін сәттер де болады. Ондай жайлардың мәнін ұғу, түсіну — қабылдаушының санасының тереңінде ғана өтетін өте күрделі, сөйте тұра нәзік шығармашылық процесс. Бүгінгі заманғы эстетикалық қабылдау теориясы, көркем рецепция мен герменевтика үшін өнер туындысының жасырын, имплицитті мәнін ғана емес, анық мағынасы мен ашық мазмұнын дұрыс тану мен жете түсінудің өзі мейлінше өзекті, көкейкесті мәселелердің қатарына жатады.
Өнер туындысын қабылдау (тану, білу, түсіну) теориялық тұрғыда алғаш Аристотель еңбектерінде пайымдалғаны белгілі. Содан бергі дәуірлерде бұл салада неше түрлі теориялар, бағыттар өріс алды. Қазақ әдебиеттану ғылымында да құнды теориялық ойлар қоры жинақталды. Алайда өнер туындысының жасырын мағынасы мен мәні қазақ әдебиеттануында белгілі бір кезеңнің әдебиеті, белгілі бір автордың шығармашылығы немесе белгілі бір көркем шығарма негізінде эстетикалық қабылдау теориясы, көркем рецепция мен герменевтика қағидалары тұрғысынан арнайы қарастырылған емес.
Әдебиеттану дегеніміздің өзі әдебиетті тану, түсіну, бағалау (қабылдау) және сол танылған нәрсені баяндау екенінде сөз жоқ. Ал көркем әдебиет немесе нақты әдеби шығарманың бүтін жүйесіндегі немесе сол бүтіннің бір бөлшегіндегі жасырын, бүркеулі мәнді тану мен түсінудің жөні бөлек. Бұл жерде, әрине, бүтіндік ұғымының мәнісі төрт құбыласы түгел кемелдікпен байланысты анықталады. Айтылған жайлардан «Сегіз аяқтың» әдебиеттану ғылымында пайымдалуы мен бағалануының қазіргі деңгейінде әлі де қарастырылмаған, қарастырылса да толық шешімін таппаған бірқатар мәселелер бары белгілі болады. Ақын шығармасы мәтінінің микро- және макроқұрылымдық бірліктері, олардың мәні, өзара байланысу жолдары, тұтастығы, даралығы осындай мәселелердің қатарына жатады. Осы тұрғыдан қарағанда, «Сегіз аяқтың» бар аяғы емес, бір аяғының мәнін пайымдаудың өзінде тереңге бойлаудың қиындығы анық байқалады. Ондағы әр тармақ өлеңнің тереңдегі мәніне мегзейтін әрі сол мәннің мәнісін ашатын ұғымның тірегі қызметін атқарады.
«Сегіз аяқтың» мағыналық-құрылымдық жүйесіндегі жалқы және жалпы, нақты және образды құбылыстар мен ұғымдардың арақатынасын, олардың өзара байланыстарын пайымдау ақын шығармаларының мағыналық болмысын тануға бастайды. Ақын шығармаcының мағыналық болмысын тану оны құрамдас бөліктерге ажыратып, даралауды, сөйтіп әр бөліктің мағынасын, мазмұнын, мәнін анықтауды талап етеді. Алайда олардың өзара байланыстарының, өзара қатынастарының сырын ашпайынша, тұтас шығарманың мәні мен мәнісін білу қиын. Өлеңдегі сөздің, сөз тіркестерінің, тармақтардың нақты және жасырын мағынасын аңғару өлеңнің поэтикалық мағынасын танудың психолингвистикалық, психопоэтикалық мәселелерімен тығыз байланысты. Ал сөз, сөз тіркесі, тармақ деңгейінде жасалған образ бен образдылықтың мағынасын тану өте күрделі, oны нақты анықтау өте қиын. Олардың бірқатарын тілдің бейнелеу құралдарының тобында (троп, фигура, т.б.) қабылдап, қарастыру мүмкін емес. Өйткені олар белгілі бір құбылыстың нақты мағынасын білдірмейді, күрделі образды, образды бейнені білдіреді. Оның құрамдас бөліктерінің аясындағы жалпы мен жалқы, деректі мен дерексіз, тура және бұрма мағыналық қатарлардың өзара қатынасы, жанасуы мен қиысуы, қабысуы мен матасуы, ақырында көркемдік заңдылықтарына сай жинақталуы нәтижесінде пайда болған образды ұғым сыры оны қабылдау деңгейінде, яғни қабылдаушының санасында ғана біршама айқындалады. Алайда оны қабылдаушының, пайымдаушының санасындағы бейнелі ұғым ретінде тілдік құралдармен нақты түсіндіру бағытындағы ізденістер нәтижесі әрдайым ойдағыдай болып шықпайды. Мұндай жағдайда белгілі бір құбылыстың мағынасынан тілдік құралдар арқылы айқын жеткізуге болмайтын мән тудыру жолындағы автордың ойлау қызметінің сатылары мен кезеңдерін, тетіктерін сараптауға тура келеді.
Ақын «Сегіз аяғында» өмір құбылыстарын қапысыз танып, терең ашып көрсетумен шектелмей, оларға өз бағасын да әділ айтады. Өмірдің шындық құбылыстарын көру, қабылдау, білу, түсіну және пайымдау арасындағы сабақтастықтар сан салалы. Көрген жайды білу, білген жайды түсіну, түсінген нәрсені пайымдау — шығармашылық еңбек үдерісінің өзара тығыз бірліктегі сатылары. Ал пайымдау мен бағалау арасындағы сабақтастық шығармашылық ойлаудың нәтижелілігін қамтамасыз етеді. Пайымдау мен бағалау да, олардың арасындағы сабақтастық та көрегендік пен білімпаздыққа, тәжірибеге, шығармашылық құзіреттілікке тәуелді. Абайдың шығармашылық еңбегінің жүйесінде өмірлік тәжірибенің, таным байлығының, көрегендік пен білімпаздықтың орны айрықша зор. Көргені мен білгенінің мәнін түсінудің де, оны белгілі бір дүниетаным тұрғысынан талдап пайымдау мен бағалаудың, көркемдік жинақтаудың да жөні бөлек. Ақынның көркемдік ойлауының осы сатыларының бәрі де келісті. Қабылдау, пайымдау мен бағалау, жинақтау мен даралау тығыз байланысты және белгілі бір дүниетаным жүйесінде ғана олардың көркемдік қызметіне, мәні мен мағынасына терең бойлауға болады. Осындай тереңдіктегі ақындық танымнан туған көркемдік құбылысты ғылыми тұрғыда пайымдау мен бағалау ол туралы жалпы ой айтудан әлдеқайда биік.
Белгілі бір шығарманы белгілі деңгейде қабылдау, ол жайында сөз айту, пікір білдіру, мазмұн мен пішін жарастығына сипаттама беру әркімнің де қолынан келуі мүмкін. Ал әдеби шығарма туралы, оның мазмұны мен мәнінің тереңіне бойлап сөз айтудың, пікір білдірудің ғылыми пайымдау деңгейіне көтерілетіні де бар, көтеріле алмайтыны да бар. Пікір білдіру, сөз айту тиянақты талдауға, талдаудан кейінгі жинақтауға негізделмеген болса, онда одан пайымдаудың ізі де табылмайды. Пайымдау талдауға, бағалау жинақтауға негізделгенде ғана ой негізді, пікір дәлелді бола алмақ. Талдау, жинақтау, пайымдау, бағалау дегеніміздің өзі мәнге негізделеді. Мәннің тереңіне бойламайынша, талдау да, жинақтау да, пайымдау да, бағалау да үстірт болып шығады. Абайдың шығармашылығына осы тұрғыдан келген дұрыс. Ақын шығармаларының мағыналық бірліктері мен мәнінің тұтастығынан туындайтын поэтикалық жүйе осыны талап етеді.
Мағына, мазмұн — тіл білімінде ғана емес, гуманитарлық ғылым салаларының бәрінде де ұдайы зерттеліп келе жатқан күрделі де іргелі құбылыстардың бірі. Тура мағына, бұрма мағына, ауыспалы мағына, астарлы мағына, жасырын мағына, көп мағына, негізгі мағына, қосалқы мағына, эстетикалық мағына, көркемдік мағына жайында әдебиеттану ғылымында да аз айтылған жоқ. Мағынаны қабылдау, түсіну, пайымдау процестері аясындағы ізденістер де кең қанат жайып келеді. Әдеби шығарманың мазмұны, оның құрамдас бөліктері жайында іргелі ойлар қоры бары рас. Алайда әдеби шығарма мәтінінің, оның бірліктерінің мағынасы, мазмұны, мәні айналасында анықталмаған мәселелер аз емес.
Абайдың көркемдік әлемінде көрініс тапқан құбылыстардың мағынасы, мазмұны, мәні көп қатпарлы, көбінесе, жасырынулы болып келеді. Мұның өзі ақын шығармаларының онтологиялық қырларының көптігін білдіреді. Ал әдеби шығарманың онтологиялық көпқырлылығы оның мағыналық-құрылымдық жүйесінің бүтіндігінен, кемелдігінен туындап жатады. Оны табу, анықтау, түсіну, пайымдау, бағалау оңай емес. Көркем әдебиет әлеміндегі астарлы, ауыспалы, символдық мағынаны танып, білу қиын болғанда, жасырынулы, бүркемелі мәнді табу мен тану — қиынның қиыны. Өйткені мұның жолдары, әдістері мен тәсілдері, ілгеріде айтылғандай, теориялық деңгейде жеткілікті негізделген емес. Соған орай әр зерттеуші, әр оқырман, әр қабылдаушы әдебиет, әдеби шығарма әлеміндегі нақты ашық мәнді де, жасырын мәнді де өзінше, өз дүниетанымы деңгейінде пайымдайды. Сол себепті көп жағдайларда шығарма мәтінінің немесе оның белгілі бір мағыналық-құрылымдық бірлігінің нақты мазмұны, астарлы мағынасы ашылғанмен, жасырын мәні айқындалмаған күйі қала береді.
Тыңдаушыларына, оқушыларына ұсынып отырған мағынаның ашық, анық және жасырын бөліктерінің арасалмағын ақынның өзі мөлшерлейтінінде сөз жоқ. Бұл жерде тыңдаушылардың, оқушылардың қабылдау, түсіну деңгейлері ескерілетінін есте ұстаған дұрыс. Екінші жағынан, ақынның сөздерінің, ойларының мағынасы мен мәні оның өз тұсындағы тыңдаушыларына мейлінше түсінікті болуы ғажап емес. Сонымен бірге Абайдың сөзі де, ойы да терең мағыналы. Оны әр тыңдаушы, әр оқушы өзінше ғана қабылдап, өзінше ғана түсінеді. Тіпті бір тыңдаушының немесе бір оқушының өзі оны өмірінің түрлі жағдайында, түрлі кезінде түрліше түсінуі мүмкін. Осы ретте ақын айтып отырған сөздің де, бейнелеп отырған суреттің де мағынасы мен мәні қабылдаушының санасында сан құбылып, бір мағынадан екінші мағына, бір мәннен басқа бір мән туындап тарала беретініне көз жеткізуге болады.
Екі сөзден тұратын «Алыстан сермеп» тармағының мазмұны мен мағынасы, мәні арасында үлкен айырмашылық бар. Тармақтың тілдік бірліктерінің лексикалық, грамматикалық мағыналарын білу оның мазмұнын түсінудің, мәнін паймымдаудың жеткілікті кепілі бола алмайды. Жалпы, Абай шығармаларының тілдік бірліктерінің жалпы не жалқы мағынасынан поэтикалық мағынада ашылатын мән әлдеқайда көрнекті. Сондықтан ақын шығармаларының көркемдік жүйесіндегі образды құрылым арқылы ашылатын поэтикалық ойдың маңызы өлшеусіз жоғары. Бұл жерде жасырынулы мәннің құрылымдық бірліктерінің өзара, сондай-ақ шендес, шектес, тектес құбылыстармен арақатынасы арқылы ашылатын образ бен образдылықтың атқаратын қызметі айрықша мәнді.
Абайдың «Сегіз аяғында» сөздің образдылығы, мағыналық-құрылымдық бірліктің образдылығы, жасырын мәннің образдылығы, жасырын мағыналық-құрылымның образдылығы, өлең мәтінінің образдылығы және осылардың өзара байланыстары, бірлігі мен тұтастығы секілді мәселелерді бір-бірінен бөле-жармай, өзара байланыста қарастыру шарт. Сөз нысаны болып отырған мән, оның образдылығы көпдеңгейлі: тиісті мазмұнды белгілі дәрежеде толықтырады, жетілдіреді, кей тұстарда берілген мазмұнмен тең дәрежедегі құбылыс деңгейіне дейін көтеріледі, сөйтіп мәтіннің белгілі бір бірлігінің нақты мазмұнымен жарыса өріледі, енді бірде мазмұнға қайшы келіп жатады, мазмұнмен тең түсетін жағдайлар да болады. Сонымен қатар мәннің мәтін жүйесіндегі тілдік бірліктердің мағынасы мегзейтін образ арқылы ғана анықталатын сырлары да болады. Сондықтан ақынның «Сегіз аяғының» әр шумаған, әр сегіз аяқты біртұтас көркемдік жүйе ретінде пайымдауға тура келеді. Рас, зерттеуші де, оқырман да, қабылдаушы да мазмұн мен мағынаны қатар, егіз, тұтасқан күйінде қабылдайды. Алайда мазмұн әр сегіз аяқтың тармақтарындағы сөздердің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық қызметінен туатын мағыналарынан түзіледі. «Алыстан» сөзінің лексикалық, грамматикалық мағынасы әркімге де түсінікті: белгілі бір нәрсенің атын білдіреді. Сөз және сол сөз атын білдіретін нәрсе, зат, құбылыс арасындағы қатынас сипатынан мағына туады. Қарапайым қабылдаушы үшін оны түсіндірудің қажеті жоқ. Ал зейін қойып қарағысы келген адам «алыстан» сөзінен алдымен «қашықтық» ұғымын табар еді. Көп жағдайда зерттеушілер де осы түсінікпен шектелуді жеткілікті деп біледі. Бұл түсінік белгілі бір құбылыстың сыртқы, нақты негізін ғана білдіреді.
Тыңдаушы немесе оқушы белгілі бір тілдік бірлік атын білдіретін белгілі бір нәрсенің, құбылыстың мағынасын оның сыртқы, нақты негізімен байланыстыратыны анық. Түсінік осылай туады. Мұның маңызы зор. Бірақ осы түсінікпен шектеліп қалған жағдайда құбылыстың ішкі шынайы мәні ашылмаған күйі қала бермек. «Алыстан» сөзінің өлең тармағындағы, өлең мәтінінің белгілі бір бірлігіндегі нақты мағынасының негізінде ондағы поэтикалық мәнді тап басып, нақты көрсету мүмкін емес. «Сермеу» туралы да осыны айтуға болады.
Өлең жолындағы «сермеу» сөзіне қатысты қабылдаушының ойында іс-қимылдың бірнеше сұлбасы елес береді: «қол сермеу», «құлаш сермеу», «аяқ сермеу», «семсер сермеу», «сойыл сермеу», «қанат сермеу», т.б. Осы елесте белгілі бір мағына бар сияқты болып көрінеді. Бірақ осы мағынаны анық түсіну мүмкін емес. Өйткені одан сөздің лексикалық, грамматикалық мағынасынан басқа белгілі бір нақты, бағыты анық, бағдары айқын мағына табылмайды. Бір-бірімен жөн-жосықсыз араласып, бағдарсыз ағып жатқан елестер ғана бар. Хаос. Сөздің лексикалық, грамматикалық мағынасында да елес бар, бірақ оған сәйкес анық мән жоқ. Мағынаның елесі табылғандай болғанмен, оған лайықты анық мән табу қиын. Бұл жерде, әрине, белгілі бір мәнге міндетті түрде белгілі бір мағынаның сәйкес келуі керектігі туралы ой тумауға тиісті. Сонымен қатар белгілі бір мағына белгілі бір мәнді ғана білдіретіні туралы ойдан да аулақ болған дұрыс. Белгілі бір мағынаның бір емес, бірнеше мәнді білдіруі тілде, сөз өнерінде ежелден бар. Белгілі бір мәнді жеткізудің, білдірудің тілдік құралдары да түрліше.
Берілген кеңістік шегінде көрсетілген «сермеу» түрлерінің әрқайсысы белгілі бір нақты құбылыстың (іс-қимылдың) атын білдіреді. «Сегіз аяқтағы» «сермеудің» мәні бұлардың бірінің де мағынасымен жақындаспайды. Белгілі бір қимылдың атауы ретінде көрсетілген «сермеу» түрлерінің мағынасы белгілі бір дәрежеде түсінікті сияқты. Бірақ осы мағына қандай заттың, құбылыстың қандай қызметін, қимылын білдіріп тұрғанын анықтау оңай емес. Қимылдың атауының мағынасы мен мәні арасындағы қатынастың табиғатын білу де қиын. Осы жерде Г.Фрегенің белгілі бір мәннің белгілі бір мағынаға қатыстылығына көз жеткізудің мүмкін еместігі туралы пікірі ойға оралады [7, 27]. Неміс ғалымының белгілі атаудың мәнін түсінуге болғанмен, атаудың пәні туралы ештеңе білмеуіміз мүмкін екендігі туралы ойында да негіз бар сияқты [7, 28].
Тілдік бірліктер деңгейінде жоғарыда тізілген «сермеулердің» бәрін ой таразысының бір басына, өлең тармағындағы «алыстан сермеуді» екінші басына тартқанда да ақынның «сермеуінің» мағынасын ашар, оған балама болар дерлік ұғымға жету қиын. Тілдік бірліктерді, олардың лексикалық, грамматикалық мағыналарын сараптап келгенде, ақынның «сермеуінің» бір емес, бірнеше мағынасы барын топшылап бағамдауға болғанмен, оны дәл анықтауға, нақтылауға мүмкіншілік жоқ. Соған орай ақын ойының мәнін түсіну де оңайға соқпайды.
«Сегіз аяқтағы» «сермеудің» де, «алыстан сермеудің» де иесі – тіл, кәдімгі сөйлейтін қызыл тіл. Тіл «сермейді», тіпті «алыстан сермейді» дегенді нақты шындық құбылыстар аясында түсіну де, түсіндіру де қиын. Оның үстіне тілдің нені «сермейтінін» анықтаудың мүмкіншілігі де жоққа тән. Сөз де, ой да мінсіз. Солай дегенмен де айтылмай, ашылмай қалған әлде бірдеңе бар сияқты сезіледі. Оның өзі де сөздің мағынасынан емес, ақынның сол мағынаға өзінің тарапынан берген субъективтік мәнінен туындайтын секілді. Сондақтан ақынның осы сөзіне қандай мағына бергенін, одан қандай мән тапқанын білу қиынға түседі. Біз іздеп отырған, білгіміз, түсінгіміз келіп отырған мән мен мағынаға қатысты ештеңе айтылмағандай. Ақынның тілі «алыстан сермеп, жүректен тербеп» тұрғанына қарамастан, осы ретте тіпті «үнсіз». Сөздің мәні осы «үнсіздікте» тұрғандай болатыны да рас. Осы жерде Хайдеггердің «тілдің үнсіздікке негізделетіні» [8] туралы қағидасында да қисын барын аңғаруға болады. Расында, ақынның сөзінің мәні сөз арқылы белгілі болатын заттың, оның сынының, қимылының сипатында емес, сөздің пәні мен нысанында да емес. Ақын сөзінің мәні субъективті, ол ақынның ақыл-ой әлемінде, Бердяев айтқандай, «рухта» [9, гл.1]. Осы пікірлердің негізі әл-Фарабидің: «Ақыл-парасат күшінде алынатын ақылмен пайымдалушы мәндердің бейнелері материядағы формалардан бәрінен де алыс жатады: …олардың ақыл-парасат күшіндегі болмысының материядағы форманың болмысымен ұқсастығы өте аз болады» [10, 61],- деген қағидасына келіп саяды. Екінші ұстаз көрсетіп отырған «ақылмен пайымдалушы мәндердің бейнелері» қатарында халықтың дәстүрлі дүниетанымы, мәдениеті категориялары үлгілерінің «бейнелері» де бар.
Халықтың дәстүрлі мәдениеті әдеби шығармада тілдік бірліктердің қызметі арқылы көрініс табады. Ал ұлттық тілдің қорынан тиісті бірліктерді, лайықты баяндау және бейнелеу құралдарын таңдап, талғап алу мен қолданудың ұстанымдары тілдік емес, мәдени-әлеуметтік құбылыстардың қатарына жатады. Мәнді мәдени-әлеуметтік құбылыстар деңгейіндегі қарым-қатынас тілдік қарам-қатынастан биік тұрады. Өйткені мәнді мәдени-әлеуметтік, әл-Фарабише айтқанда, «ақылмен пайымдалушы мәндердің бейнелері» деңгейіндегі қарам-қатынас тілдік қарам-қатынастан тыс жүзеге асады. Абайдың «алыстан сермеуі» негізіндегі мән де мәтіннің тілдік бірліктерінен тыс тұрған бейнелерді, образдарды пайымдау арқылы танылады. Халықтың дәстүрлі мәдениетінің категориялары аясындағы әдет, салт, ұғым, мінез, көзқарас деңгейлерінде, сондай-ақ тілсіз ұғысудың түрлі құралдары мен жолдары арқылы көрініске, суретке, образға айналған ахуал, жағдайлардың мәнісін пайымдаудан осындай тұжырым туады.
Қалай дегенде де, «сермеу» мен «алыстан сермеудің» мәні мен мағынасын затты формалардан, олардың затты мағыналарынан емес, «сөйлеу» қызметімен шектес, бірақ нақты тілдік құралдардан тыс, «ақылмен пайымдалушы мәндердің бейнелерінен» іздеу қажеттігі туады. Сөйтіп құбылыстың атауы↔мағынасы↔мәні арасындағы қатынастың сипатын ақыл-парасат күшімен парықтауға тура келеді.
«Сермеудің» тура емес, метафоралық қатынаста қолданылуы, бұрма мағынасы негізінде деректі, нақты құбылыстың емес, дерексіз құбылыстың образы, метаобраз жасалған, метаобраздан метамағына туған. Өлеңнің бір тармағы деңгейінің өзінде өзара шектес, сабақтас, байланысты мән мен мағынаның тұтас бір жүйесі бар. Оны түзуші бірліктердің табиғаты да күрделі, түрліше және түрлі ғылым салалары аясында ғана анықталуы мүмкін. Сондықтан ақын сөзінің мәні мен мағынасы бір немесе бірнеше ғылым шегінде емес, әл-Фарабидің ілгеріде көрсетілген теориясына [10, 61] бақсақ, метағылым шегінде ғана белгілі болмақ. Оны көңіл көзімен айқын көруге, оймен нақтылауға болмайды. Абай өлеңінің онтологиялық табиғаты ілгеріде көрсетілген бірліктердің байланыстары, арақатынастары негізінде туатын поэтикалық мәннің осындай жасырын, айтылмаған, жұмбақ сырымен ерекшеленеді. Ал жасырын мән, жұмбақ сыр зерттеушінің, оқырманның, аудармашының белгілі мазмұнды қабылдауы мен пайымдауындағы ассоциациялық, рефлексивті реңктегі ойлау қызметі нәтижесінде ғана біршама белгілі болады. Мұндай ойлау субъективті емес, интерсубъективті. Интерсубъективті ойлау пәндерінің сипаты мен мәні әр қабылдаушы мен әр пайымдаушының рухани таным байлығының деңгейі мен дәрежесіне сәйкес, санасында ғана сәулеленеді. Осы тұрғыдан келгенде, мазмұн, мағына, мән арасындағы алшақтықты, поэтикалық мәннің жасырын, жұмбақ сырын қабылдаушы мен пайымдаушы өздерінің түсіне білу мүмкіншіліктері шегінде ғана екшей алмақ. Соған орай әр қабылдаушының пайымдауында, түсінігінде субъективтік сипат басым болып келеді. Ал түсінген жайды лайықты пайымдау мен бағалау тұтас талдау әдісін талап етеді. Оның тереңіне бойлай алмаған адам ғылыми жүйеде ойлай алмайды. Ғылыми жүйеде құбылысты саралап талдаудағы мақсат, ұстаным қандай анық болса, оның ішкі сыны мен сыртқы сипатын, олардың өзара байланыстарын анықтау, сөйтіп белгілі болған жайларды өзара тығыз бірлікте пайымдау сондай негізді болмақ.
«Сегіз аяқты» орыс тіліне аударушылардың бірі (Озеров) оның бірінші тармағын «Издали зовет» деп аударады. Мұны аударма ғана емес, өлең жолын аудармашының қабылдауы, түсінуі деп білгеніміз жөн. Осыны қазақ тіліне кері аударатын болсақ, одан «алыстан шақырады» деген мағына шығады. Аластан шақырудың жұртшылыққа белгілі екі түрлі жолы бар: а) алыстан айқайлап шақыру; ә) алыстан қол бұлғап шақыру. Аудармашы «алыстан сермеп» пен «алыстан қол бұлғау» арасындағы айырмашылықты аңғармай, оларды бір-біріне балама бірліктер ретінде қабылдағанға ұқсайды. Алыстан қол бұлғаудан «алыстан қол бұлғап шақыру» туралы мағына туатыны рас. Бұл ойды тілдік құрал арқылы емес, «тілсіз тілдесу құралы» арқылы туған деп білген парыз. Бірақ «Алыстан сермеп» бір басқа да, «алыстан қол бұлғап» бір басқа. «Алыстан қол бұлғау» белгісі шақыру мағынасын білдіреді. Ал «алыстан қол сермеу» бұған кері мағынаны білдіреді. Олардың арасында ешқандай мағыналық жақындық болуы мүмкін емес. Осы реттен келгенде, аудармашының өлеңдегі «алыстан сермеу» сөзінің мағынасын «алыстан қол бұлғау» мағынасында жаңсақ қабылдағаны белгілі болады. Соның нәтижесінде ақын сөзіндегі мағына да, мән де бұзылған. Әйтсе де бұл зерттеушінің немесе оқырманның, не болмаса аудармашының дайындығының төмендігінен, шектеулілігінен ғана емес, ақынның сөзі мен ойының кемел поэтикалық табиғатынан туындайтын ерекшеліктермен де сабақтасып жатыр.
«Алыстан сермеуде» бір емес, бірнеше құбылыстың сұлбасы, бір емес, бірнеше мағынаның сілемі, бірнеше мән қатары бірдей көрініс тапқан. Солардың қатарында «алыстан орағыту», «алыстан парлау», «алыстан құйылу» мағыналарымен ұштасып жатқан мән бар. Біздіңше, «алыстан сермеудің» мәнісін осы бағыттан іздеу дұрыс болмақ. «Сегіз аяқтың» мәтін түзуші мағыналық-құрылымдық бірлігін тұтас алып қарайық:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған,
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл [1, 117].
Мағыналық-құрылымдық бірліктегі істің, қимылдың иесі — тіл. Бірақ істі, қимылды білдіретін сөздердің бәрі тілдің белгілі бір сипаттарын, сынын көзге елестетеді. Тілдік бірліктердің пішінін, нақты мағынасын қумай, семантикалық-синтаксистік қызметін негізге алғанда, олардың бәрі «тілдің» сынын сипаттайды, оның ерекше қырларын анықтайды. Ал енді соның өзін іштей мағыналық-құрылымдық жаратылыстарына қарай саралайтын болсақ, істі, қимылды білдіретін тілдік бірліктердің, олар арқылы елес беретін болмыстағы шындық құбылыстардың өзара байланыстарында көпқырлылық, көп сатылы қатынастар қатпары бары байқалады. Алғашқы үш тармақтың үшіншісі білдіретін іс, қимыл белгілі бір басымдыққа, тұрлаулы сипатқа ие екені, ал әуелгі екі тармақтағы іс, қимыл жарыса келіп, осы басым, тұрлаулы сипаты бар іс, қимылдың орындалу амалын, қимыл-сынын білдіретіні, оны пысықтап тұрғаны белгілі болады. Келесі үш тармақтың лингвопоэтикалық құрылымы да осындай. Әр үш тармақта көрініс тапқан мазмұн мен мағына қатар жарысып келіп, «тілдің» ерекше қасиеттерін бедерлейді. Ал енді әр үш тармақтың алдыңғы екеуінің әрқайсысы әр үшінші тармақтың мағыналық-құрылымдық болмысымен тікелей байланысады. Солай бола тұра сегіз аяқ шумақтың алдыңғы алтауы бірдей «тілмен», логикалық мазмұны жағынан, жеке-жеке тікелей байланысқа түсуге қабілетті: алыстан сермейтін де тіл; жүректен тербейтін де тіл; шымырлап бойға жайылатын да тіл, т.б. Әр үш тармақтың өзі де өзіндік тұтасқан мағыналық-құрылымдық жүйесімен іс-қимылдың, сын-сипаттың иесімен, яғни, «тілмен» тікелей байланысқа түсе алады. Осының бәрі «Сегіз аяқтың» поэтикалық құрылымының айрықша табиғатын танытады. Құрылым жүйесі осынша әмбебап, сан қырлы болып келгенде, шумақтағы әр тармақтың, әр суреттің мәні терең жасырынулы күйде қала береді. Тілдің «алыстан сермеуі, жүректен тербеуі, шымырлап бойға жайылғаны…» — бәрі де жұмбақ. Бәрінің де мәні судағы балық сияқты: бейнесін, елесін көру қиын болмағанмен, ұстау оңай емес. Олардың дәстүрлі мәдениет кеңістігіндегі өзара қатынастары нәтижесінде пайда болатын көпқырлы мағыналық бірліктердің тұтастығынан күрделі метафоралық мағына туады. Құрылымдық-мағыналық бірліктер, осылайша, көп қырлы, көп сатылы, көп қатпарлы көркемдік мағынаның полифониялық жүйесіне айналады. Біз іздеп отырған мән осылардың тұтастығы нәтижесінде елес беретін образды құрылым сипаты арқылы ашылады.
Алдыңғы үш тармақтағы іс-қимылдар тобынан кейінгі үш тармақтағы іс-қимылдардың қатары қалың, тығыз, серпінді. Алдыңғы жағдайдағы «сермеу», «тербеу», «бойға жайылу» секілді қимыл-қозалыстарда «тілдің», анығырақ айтқанда, сөйлеушінің сөз арқылы тыңдаушының ішкі әлемінде туғызған күйінің «әдептен озбаған», сырлы, сазды қалпы сезіледі. Мұның қайбір қырлары сөз өнерінің, әсіресе, шешендік өнердің табиғаты туралы теориялық қағидалар аясында анықталады. Осы тұста Аристотельдің, М.Т.Цицеронның, әл-Фарабидің, А.Байтұрсыновтың шешендік өнердің сатылары, кезеңдері [тыңдаушының ықыласын аудару (ұсынба), ойын толқыту (толқытпа), бойын қыздыру (қыздырма), балқыту (балқытпа)] , т.б. туралы айтқан пікірлерін еске алу артық емес [11, 26-30]. Абай айтып отырған «алыстан сермеу», «жүректен тербеу», «шымырлап бойға жайылу» тіл өнері қызметінің осы сатыларына сай тыңдаушының ішкі күйінің өзгеру кезеңдерінің сипатын білдіреді. Осы кезеңдерге сай шешеннің сөзінің тыңдаушыларына әсер ету процесі, тыңдаушының шешен сөзін қабылдау процесі үстінде көрініс беретін катарсис (Аристотель) Абай айтып отырған «алыстан сермеудің», «жүректен тербеудің», «шымырлап бойға жайылудың» нәтижесі екені туралы ой туады. Ақынның «қызыл тілінің» бір қыры осы бағыттан ашылады: «қызыл тілдің» (тіл өнерінің) тыңдаушыларының ойы мен сезіміне көркемдік-эстетикалық әсері процесс күйінде көрініс табады. «Алыстан сермеу», «жүректен тербеу», «шымырлап бойға жайылу» осы күрделі процесс түріндегі көріністің образын, оның құрылымдық жүйесін білдіреді.
Кейінгі образды құрылымның сипаты басқаша. Онда қимыл, іс өз қарқынының, өз екпінінің шырқау шегінен көрінгендей болады. Алайда бұл жерде де қимылдың, істің қарқынын, екпінін сезуге болғанмен, оның мәніне, мәнісіне жету қиын. Тілдің «қиуадан шабуы» дегеннен қандай мағына ұғуға болады, ол мағынаны қалай сипаттаған дұрыс – оны ешкім дәл түсіндіріп бере алмайды. Тілдің «қисынын табуы» жайында да осыны айтуға болады. Ал енді тілдің «тағыны жетіп қайыруы» қазіргі қазақтардың көбісіне түсініксіз. Бұлардың астарындағы мағынаны түсіну, сөйтіп ақынның ұсынар ойының мәнін ұғу үшін қазақ халқының байырғы дүниетанымын, дәстүрлі мәдениетін, соған орай ойлау, ой толғау дәстүрін, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, кәсібіне байланысты ұстанымдарын түгел білуге тура келеді.
«Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» дегенде, халықтың Абай тұсындағы мәдениетінен хабары бар адамның көз алдына тұтас бір сурет келуі мүмкін. Оның құрамдас бөліктері мынадай болып елестемек: қашқан тағы; оны қайыру үшін қуа шапқан қуғыншы; қуғыншының ептілігі, айлашылдығы (қиуадан шабады; қисынын табады). Халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігінде «қашаған қуу», «қашаған қайыру» деген болған. Жылқы баққан халық мұны жақсы біледі. Көп жылқының ішінде мойнына құрық салдырмайтын, құрық салудан, бұғалық тастаудан қашып, әккі болған қашағандары болады. Өзіне бір қауіп сезе қалғанда, олар үйірінен безе қашып, тағыша шығандап кетеді. Ондай қашағанды қуудың да өз тәсілдері болған. Артына түсе қуған қуғыншы, астындағы аты асқан жүйрік болмаса, оған жете алмаған. Халықтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінде «тағыны қуу» сөзі түз тағыларымен де байланысты айтылады. Екі жағдайда да қашушы бар, екі жағдайда да қуғыншы бар. Жүйрікке мінген қуғыншы қашқан хайуанды (қашағанды немесе түз тағысын) қуа шапқанда, жолсыз, жөнсіз шаба бермейді, ақылға, айлаға жүгінеді. Тағының артынан тікелей немесе қыя қуу бар, алыстан орағыту да болады. Қашқан тағының бет бағдарын, жер жағдайын аңғарған айласы асық қуғыншы алыстан орағытады, тікелей емес, қыялап та шабады. Қашқан тағы мұндайда қуғыншының өзінің бір қапталынан қалай сап ете қалғанын байқамай да қалады. Тағыны осындай амал-айламен қисынын тауып қайыру ертеден бар. Біздің ойымызша, ақынның «қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» деген образды сөзіне халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі осы көрініс негіз болған.
Ақын халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі екі жүйріктің бірінің екіншісінен өнер оздырған, айла арттырған, ақыл асырған қисыншыл болмысының образын таңдап алып, тіл өнерінің құдіретін сонымен шендестіреді, сол арқылы тілдің, сөз өнерінің барынша асыл қасиетін, сөйлеушінің тыңдаушыға эстетикалық әсерінің қуатын бейнелі суреттейді, құбылыстың сыртқы суреті мен ішкі мағынасын одан тыс тұрған басқа бір бүтін көріністің, жағдайдың, ахуалдың тұтасқан образы арқылы ұсынады. Нәтижесінде ойдың суреттілігі, сөздің көркемдігі, мазмұн мен пішіннің «тас бұлақтың суындай өңкей келісіммен жарасуы» мейлінше келісті, керемет шығармашылық үлгінің түзілуіне алып келеді. Бұл шығарманың мәтінінен (текстен, контекстен, подтекстен) тумайды, мәтін жүйесіндегі образ бен образдылықтың дәстүрлі мәдениет кеңістігіндегі өзара және шектес, шендес, тектес құбылыстармен тоғысуы нәтижесінде оқушының, қабылдаушының ойында пайда болатын поэтикалық түсініктен туады. Бұл өмір шындығының мәтін жүйесіндегі көрінісі емес, өмір шындығын көркемдік жинақтау мен даралаудағы ақындық ойлаудың, ақындық шеберлік пен тамаша көркемдіктің өзегінен өніп шығатын поэтикалық мәннің үлгісі болып табылады.
Белгілі көркемдік бейнелеу құралы арқылы туатын образдың мағынасы нұсқайтын мәннің белгісіздігі өлеңнің авторының, айтушысының ішкі күйі мен тыңдаушысының ішкі күйі арасындағы тебіреністі хәлді бір арнаға түсіріп, олардың өзара жарасымын арттыра түседі. Әрине, айтушы өз сөзінің тыңдаушыға әсерін сезбей, білмей сөйлемейді. Өлең сөздегі мазмұн байлығы, логикалық жүйенің қуаты, эмоциялық күй тыңдаушыға әсер етпей қоймайды. Шығарма өзегіндегі эмоциялық күй, тебіреністі хәл неғұрлым шынайы, неғұрлым терең болса, оның тыңдаушыға әсері де соғұрлым қуатты болып шығады. Бұл өз кезегінде өлең сөздің айрықша бейнелі бүтін жүйесіндегі мән мен мағынаны пайымдаудың өрісін кеңейте түседі. Өлең өзегінде жасырын жататын мән мен мағына осындай айрықша және күрделі бүтін жүйенің көркемдік қызметі нәтижесінде пайда болады.
Аталған жүйені түзуші құбылыстарды, шартты түрде, сандық және сапалық деп екіге бөлуге болады. Сандық көрсеткіштер тілдік бірліктерден тұрады. Сапалық көрсеткіштер мазмұндық бірліктерден тұрады. Олардың әрқайсысының табиғатын жете білудің қажеттігі даусыз. Бірақ сандық көрсеткіштерді білу сапалық көрсеткіштердің мәнін білудің алғышарттарының бірі қызметін ғана атқарады. Ал сапалық көрсеткіштердің сырын білу сандық көрсеткіштердің мәнін жете тануға мүмкіндік береді. Сондықтан сандық көрсеткіштердің мазмұнын, сапалық көрсеткіштердің пішінін өзара бірлікте танып, білудің маңызы зор. Өйткені өлең өріміндегі жасырын мәннің өзі осы көрсеткіштердің өзара бірлігі мен тұтастығының қызметі нәтижесінде туатын образ, көрініс, оқиға суреті, ахуал арқылы танылмақ. Келісті көркемдікке жетудің бір жолы осындай.
Әл-Фараби «тамаша көркемдікке ие болу» өнердің екі мақсатының бірі екендігін көрсетеді. Ғұламаның пікірінше, «тек тамаша көркемдікке жетуді мақсат ететін өнер философия немесе, абсолюттік мағынада айтқанда, даналық деп аталады» [10, 35]. Абай өзінің ақындық өнерінде «тамаша көркемдікке жетуді мақсат» еткен және адамзат мүмкіншілігі шегінде сол «тамаша көркемдікке» толық жеткен. Соған орай Абайдың ақындық өнерін — даналық өнер, Абайдың ақындық танымын даналық таным деген дұрыс болмақ. Ақынның даналық танымындағы әр сөздің, әр мағынаның қиюын тауып, қисынын келтіріп түсіндіру «тағыны жетіп қайырудан» қиын болмаса, оңай емес. Ақынның «қиуадан» сөзінің мағынасын аудармашылардың «Хивадан» деп жүргені осындай қиындықтарға байланысты.
«Сегіз аяқтың» келесі өлеңі (шумағы) де тіл туралы. Бірінші өлеңде (шумақта) тіл «сөйлеймін десе, өзі біледі». Оған мұндай ерік беріп отырған — ақынның лирикалық «мені». Өлең (шумақ) тілдің осындай еркімен, еркіндігімен түйінделеді. Осы қалпында өзінше толық, мазмұн мен түрдің келісімінен кемістік табылмайды. Өлеңнің тууына негіз болған шындық құбылыс, одан туған эмоциялық күй өз алдына дербес тұтастығымен ерекшеленеді. Анығырақ айтқанда, өлең (шумақ) «тілдің сөйлеуін» қолдаған, қалаған эмоциялық реңкпен аяқталады. Ақындық ой толық тиянақталған. Басқа мағыналық құрылымдық бірлікке тәуелді, бағыныңқы емес.
Екінші өлеңнің (шумақтың) түйінінде әуелгі өлеңнің (шумақтың) түйініндегі эмоциялық мәнге тәуелсіз, мүлде басқа күйдің сарыны бар. Тілдің алдыңғы өлеңде (шумақта) көрініс тапқан еркіндігі мына жерде негізге алынбайды.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ — ойға олақ [1, 117],-
дегенде, ақын бастапқы тақырыптық сазға қайшы басқа сазға ауысады. Алғашқы өлеңнің (шумақтың) түйінді ойының мағынасы мен кейінгі өлеңнің (шумақтың) түйінді ойының мағынасы екі түрлі, бір-біріне бағынышты да емес, бірінен бірі басыңқы да емес. Араларында сабақтастық, ыңғайластық, себеп-салдарлық қатынас жоқ. Бірін-бірі жоққа шығарғандай қарама-қайшылық бар. Қарама-қайшылықтардың арасында да сабақтастық, тұтастық болатыны рас. Бірақ мына қарама-қайшылықтардың болмысынан ондай тұтастық көзге түспейді. Осының негізінде мынадай пікір өріліп шығады: «Сегіз аяқтың» алғашқы екі өлеңіндегі ( шумағындағы) екі түрлі түйінді ой ақынның бір тақырып, бір құбылыс туралы екі түрлі толғанысты күйінен туған. Мұндай екі түрлі күй ақынның ақындық толғанысына негіз, шығармашылық ой өзегінің тууына себеп болған шындық құбылыстардың сарындарының да екі түрлі екендігін аңғартады.
Екінші өлең (шумақ) жүйесіндегі көңіл күйдің туу себебін білдіретін -шындық құбылыстың мәні тыңдаушының болмысымен байланысты белгілі болады. Алдыңғы жағдайда «қызыл тілдің» қасиеті немесе сөйлеушінің шешендігі туралы ғана айтылса, ендігі тұста тыңдаушы тұлғасы бой көтереді. Алдыңғы өлеңде сөйлеуші немесе «қызыл тіл» теңдессіз келісті, керемет болғанда, кейінгі өлеңде тыңдаушы сөздің не сәнін, не мәнін ұқпайтын, адам айтса нанғысыз надан болып шығады. Осылайша, қиыннан қиыстырып сөйлейтін ер данасы, «толғауы тоқсан қызыл тіл» және «соқыр, мылқау» тыңдаушы арақатынасында «надан» тақырыбы туады:
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл, кердең наданның.
Көп айтса, көнді,
Жұрт айтса, болды,
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз [1, 117].
Басында ми, өзінде ой болмайтын адам жоқ. Жан болған соң, әркімде-ақ азды-көпті ми бар, адам болған соң, әркімде-ақ жақсылы-жаманды ой бар. Ақынның жоқтап отырған «миы» мен «ойы» басқа. Мидың жоқтығы да, ойдың жоқтығы да образды. Олардың мағынасы да, мәні де көп қырлы. Сөйлеушінің асыл сөзін ұғу үшін тыңдаушының «бойында қайрат», «ойында көз» болуы да толығымен астарлы, ауыспалы мағынада айтылып тұр. Тыңдаушыдан табылмай отырған «ми» мен «ой», «бойдағы қайрат», «ойдағы көз» жайын парықтағанда, осы шартты мағыналар жүйесінен туатын мәннің поэтикалық қызметіне сүйенген абзал. Ақынның өзі сипаттап отырған тыңдаушысын бір сөзбен «надан» деп білуінің себебі де осы жаймен сабақтас анықталады.
«Теңіздің сыры тамшыдан танылады», — деген ойды білдіреді қазақ халқының даналығы. Осы ойды жинақтап, жалпыландырғанда, бүтіннің мәні бөлшектен танылатыны туралы теңдессіз терең қағида алдымыздан шығады. Тамшыдан теңіздің сырын тану, теңіздің сырынан тамшының мәнін білу туралы осы ойда үлкен философиялық концепция бар десек, артық емес. Мағынаны, мәнді тану, түсіну туралы герменевтикалық теорияның арғы-бергі тарихындағы өзекті қағидалардың өзегі қазақ халқының осы бір даналық тұжырымының аясына сыйып кетеді. «Сегіз аяқтың» әр сегіз аяқ шумағы — өз алдына бүтін, біртұтас құбылыс. Бұдан да гөрі түсінікті айтқанда, «Сегіз аяқтың» әр сегіз шумағы — бір өлең. «Сегіз аяқтың» мағыналық-құрылымдық сипатының осы ерекшелігі оның бір өлең емес, мазмұны тектес, пішіні бір, бірақ әрқайсысының өзіне лайықты болмыс-бітімі анық, толық бір топ өлеңдердің циклы деп бағалауға болар еді.
Мағыналық-құрылымдық бірлік пен тұтастық, тақырыпшалар мен тақырыптың, сөз бен образ-сөздің нақты мағынасы мен шартты мағынасы, ашық мағынасы мен жасырын мағынасы, жалқы мағынасы мен жалпы мағынасы арасындағы көп қырлы байланыстардың байлығы сегіз тармақтан тұратын әр өлеңнің көркемдік мәнінің әдеттегі түсініктен әлдеқайда тереңдігін білдіреді. Осы айтылған жайларды негізге алғанда, Абайдың белгілі бір поэтикалық ойын танып, білу, түсіну үшін, оның шығармашылық мұрасын, тарихи және мәдени ортасын түгел білуге тура келеді. Бұған «Сегіз аяқ» құрамындағы өлеңдердің әрқайсысын жеке алып қарастырғанда да көз жеткізуге болады.
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым.
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас [1, 122].
Ақын жартастың образын жасаған. Образдан тіршіліктегі қарапайым, тұрмыстық сипаттағы көрініс елес береді. Сегіз жол өлеңнің мазмұны толық, пішіні жарасымды. Ой аяқталған. Мағынасы анық. Түсінікті. Бірақ лайықты білімі, «бойында қайраты», «ойында көзі» бар тыңдаушы немесе оқушы ақынның айтпағы басқа екенін сезбей қалмайды. Шығарманы түсіну барысында мұның маңызы зор. Ақынның шығармасын қабылдаудың осы деңгейінде мынадай жайлар анықталады: а) берілген сегіз жол өлеңнің мағынасы өмірдің нақты шындық құбылыстарына сай ашылады; ә) нақты шындық құбылыстарға сай ашылатын мағынаға лайықты мән белгісіз; б) ақынның айтқысы келген ойы затты шындық оқиғаларға сай ашылатын мағынадан басқа; в) ақынның айтқысы келген ойы жасырынулы.
Жасырынулы ойды анықтаудың, ақынның жасырған жұмбағын шешудің төрт түрлі деңгейін көрсетуге болады. Бірінші – берілген сегіз жол өлеңнің өз деңгейі. Оны, жоғарыда айтылғандай, «теңіздің сырын танытатын тамшы», бүтіннің бөлшегі деңгейінде сипаттауға болады. Бұл деңгейде өлең жұмбақ өлең сипатында қабылданады. Оның шешуін, мағынасын, мәнін әр тыңдаушы немесе оқушы өзінше шешіп, өзінше түсінеді. Екінші деңгей — осы сегіз жол өлеңді «Сегіз аяқтың» мағыналық, құрылымдық тұтастығы аясында қабылдау. Үшінші деңгей – оны ақынның бүтін шығармашылығы аясында пайымдау. Осының бірі бөлшекті бүтіннің аясында пайымдау дегенді білдіреді. Бүтіннің сырын білмей, бөлшектің мәнін ұғу мүмкін болмайтыны сияқты, бөлшектің мәнін ұқпайынша, бүтіннің сырын тану да мүмкін емес. Әуелдегі жасырын мағына, бүркеулі мән берілген жолдарды ақынның бүтіндей шығармашылығы жүйесінде немесе тұтастай «Сегіз аяқтың» өз деңгейінде алып қарағанда ашылады: жартастың мәні, айқайдың мәні, жаңғырықтың мәні – бәрі де осы тұрғыда ғана танылады. Осы деңгейдің болмысына ден қойған жағдайда, ондағы бөлшектердің, бөлшектер мен бүтіннің арасындағы байланыстардың бәрі де логикалық қисындар негізінде жүзеге асатыны белгілі болады. Ал осы бүтіннің бөлшектерінің сипатына назар аударғанда, олардың тілдік бірліктер ғана емес, күрделі, тұтасқан образдар, образды көріністер, қат-қабат мағыналар, мәндер жүйесі екені туралы ұғым туады. Төртінші деңгей осы сегіз аяқ өлеңдегі жасырынулы ойдың жұмбағын ақынның дүниетанымы, мәдени ортасы аясында пайымдаумен анықталады. Мұның мәнісін Құран кәрімнің аяттары негізінде түсінуге болады: «Дыбыстағанда, үнді, айғайды ғана естіп, түсінбейтін біреу тәрізді; саңырау, сақау және соқыр. Сонда олар еш нәрсені аңғармайды» [Құран: 2:171], «Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді» [Құран: 7:179], «Оларды тура жолға шақырсаңдар, олар естімейді. Олардың саған қарағанын көресің. Бірақ олар сені көрмейді» [Құран: 7:198]. Осы аяттардағы сурет пен ақын суреттеп отырған жартастың бейнесі арасында айырмашылық жоқ десек, оның ешқандай артықшылығы да жоқ. Себебі жартас та саңырау, сақау, соқыр, ешнәрсені аңғармайды, байқамайды. Құран аяттарында құбылыстың аты мен заты белгілі, нақты, тура мағынада сипатталған. «Сегіз аяқта» осы нақты, затты құбылыс дерексізденіп (абстракцияланып), ешнәрсені байқамайтын жартас түрінде жұмбақталады. Ақынның жартасының архетипі, осылайша, Құраннан табылады. «Сегіз аяқта» бейнеленген жартастың жұмбақ сырын Құран негізінде ғана толық шешуге болады. Ақынның поэтикалық ойының, шығармашылық ойлауының, ақын шығармасындағы мән мен мағына поэтикасының көп қырлы, терең сырлы болмысының бір көрінісі осы деңгейде ашылады.
Ақынның «Сегіз аяғындағы» мән мен мағына поэтикасы жалпы мен жалқы, бүтін мен бөлшек арасындағы байланыстар сырын ашу мен танудың нәтижесінде туатын образды тұтастық арқылы түсінікті болмақ.
Жанғара Дәдебаев
ӘДЕБИЕТ
1. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. — І том. — Алматы, 1977.
2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. — ХХ том. — Алматы, 1985.
3. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. — Алматы, 1995.
4. Мұқанов С. Абай Құнанбаев // Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. — ХҮІ том. — Алматы, 1980. – 169-391-б.
5. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. — ІІ том. — Алматы, 1960.
6. Ысмағұлов Ж. Абай: Даналық дәрістері. — Алматы, 2007.
7. Фреге Г. Смысл и значение // http://www.philoslphy.ru
8. Хайдеггер М. О сущности истины /Перевод З.Н.Зайцевой //
9. Бердяев Н. Смысл творчества // http://www.publicant.ru
10. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. — Алматы, 1975.
abai-inst.kz