Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығына сәйкес Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры лауазымына абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір тағайындалды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен арнайы келген өкіл А.Нұржауұлы Абай музейінің басшысы алдындағы міндеттер мен мақсаттарды таныстырып, жаңа басшының осыған дейінгі атқарған қызметтеріне тоқталды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов, республикалық «Абай» қоғамдық қорының президенті О.Кәрібжанов, қала әкімінің орынбасары А.Садырбаев, журналист Р.Нұғманбекова Абай музейінің директоры лауазымына тағайындалып отырған Ж.Мағазбекұлының алдағы уақыттағы қызметіне табыс тілеп, келер жылғы ауқымды шаралар туралы пікірін білдірді.
Сонымен қатар, жаңа директорды таныстыру шарасына қалалық мәслихаттың хатшысы Б.Ақжалов және қаламыздағы зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар А.Қадыров, Т.Қабышев, М.Иманжаппар, Р.Мұқажанова қатысты.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік мекемелерінде басшылық қызметте болған Жандос Мағазбекұлына Семей қаласындағы тарихи маңызға ие қасиетті Абай шаңырағын одан әрі дамытып, Ұлы ақын мұрасын насихаттап, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту міндеттері жүктеліп отыр.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің баспасөз қызметі