Таяуда әдебиетші ғалым Серікбай Қосан фейсбук парақшасында менің адресіме «жиендік» жасады, уәдені бұзды деген орынсыз сөздер айтыпты. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әңгіме Абайдың «Жаңа закон» атты өлеңі туралы болып отыр. Оны Серікбай мырза 2007 жылдан бері меншіктеген, білем. Менің өлеңімді Асан Омаров ақпарат беттерінде жариялап жіберіпті деген өкпесі қара қазандай автор: «Өлеңді 5-наурыз күні «Жас алашта» жариялап, бір жерінде менің аты-жөнімді немкетті түрде сүйкеп өтіпсіз. Еңбегіңізде менің кейбір ойларым, дерек-пікірлерімнің ізі сайрап жатыр. Сіз қанша бүркемелегеніңізбен көрініп тұр» депті.
Мұны оқыған кез келген жан, әсіресе, жастар жағы, Абайды зерттеушілер арасында да алаяқ, қу, пысықтар бар екен-ау деп жағасын ұстары сөзсіз. Сондықтан еріксіз қолға қалам алып отырмын.
Ақиқатында, менің өлеңді тауып алып, жария етуіме Сіздің ешбір қатысыңыз жоқ, Секе. Құдай куә, Сіз маған бір шумақ та жіберген жоқсыз, мен алған жоқпын. Компьютерде сақтаулы дедің. Солай ғой. Енді көмегін, ықыласын аямаған кісідей «тіксініп қалдым» дегеніңіз қалай? Не үшін? Ең болмағанда, туынды қайда жарияланғаны туралы тіс жардыңыз ба?
Менің тіксініп қалғаным мынау: өзіңе қоңырау шалғанымда «тұтас өлең менде, бірер ай күте тұрыңыз, бұйыртса жіберем» дедің. Бірақ ай өтті хабар жоқ. Тағы бір хабарласқанда «Жаңа закон» өлеңін араб қарпінен кириллицаға алғаш түсірген мен едім» деп сендірдің. «О, бұл зор еңбек, ескерем!» дегенді сонда айтқам. Бірақ проф. Ы. Дүйсенбаевтың мақаласынан 4-5 шумақты көргенімде сәтте: «Пәлі, Секең жалған айтқан ба, өлең қазіргі қаріпке баяғыда түсіпті ғой» деп сенер-сенбесімді білмей, біртүрлі күй кештім. Бірақ бетіңе айтып салуды ұят көрдім. Телефон нөміріңді өшіріп, байланысты доғарумен тындым.
Қолды бір сілтеп, Абай өлеңін өз бетімше іздеуге кіріскенімде, бір күні белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай кездесті, құрдасқа «Жаңа законды» қалай табам деуім мұң екен, ол: «Сол да қиын ба, өлең 1970, бәлкім, 1971 жылы «Жалында» жарық көрген» десін. Міне, менің өлеңді тапқан тарихым осы, тағы бір айтайын, бұл мәселеде өзіңнен маған титтей де көмек тиген емес.
Мен соңғы екі жылда Абай шығармаларының хронологиясы деген мәселені тынбай зерттеп-зерделеген пақырмын. Сондықтан «Жаңа закон» жырын Абай қай жылы, қандай жағдайда жазған дегенді оңай анықтадым. Ешкімнен пікір ұрламадым, небары 4-5 күннің ішінде түсіндірмесін жазып, «Абай.кз» сияқты ақпарат құралдарына жарияладым да жібердім. Болды, бітті. Неге мен айлап, жылдап күтіп отыруым керек, әлде, біреуден рұқсат алуға тиістімін бе? Мәні мен мағынасы қолдың саусағындай анық «Жаңа закон» 12 жылдай менің қолымда депсің, осыны оқып, аң-таңмын: «Сағыздай созғаны, бұл несі-ей?» деп. Біз титтей деректі тірнектеп жинап әуреміз.
Қорыта айтқанда, Абайдың «Жаңа закон» өлеңі 1971 жылғы «Жалын» журналынан, ал жетіспей тұрған үш шумағы, интернетке рахмет, кезінде марқұм проф. Ысқақ Дүйсенбаев жазған мақаладан алынды (ғалым «Жаңа закон» өлеңінен 4-5 шумақты «бұл туынды Абайдікі емес» деп дәлелдеуге келтірген болатын). Өлеңді тапқаныма Сіздің еш қырынан қатысыңыз жоқ, демек, жиендік жасадың деуіңіз орынсыз, шындыққа жанаспайды.
Секе, Сіз үш сауал жолдаған екенсіз, енді соларға келейін. Біріншісі – «Әлкей Марғұлан 70-жылдары тапқан өлеңді қалайша ғылыми айналымға алғаш енгізіп отырсыз?» – деген. Айналайын-ау, «айналымға түсті» деп туынды кімдікі екені толықтай дәлелденіп, халық игілігіне пайдаланылғанда айтады. Мына жарты ғасыр ұмыт болған «Жаңа законды» зерттеуші атанып жүрген менің өзім өліп-талып әрең таптым. Қайдағы ғылыми айналым? Қолжазба ат төбеліндей ғалымдар қолында жүрсе, біреу оны меншіктеп алса, онан жаманы жоқ, тіпті қиянатқа парапар құбылыс бұл.
Екінші сауалда: «Не үшін Әлкей Марғұланның тапқан жаңалығы сіздің «сүбелі олжаңыз» болуы керек?» деп дүңк еткізіпсің. Күлейін бе, жылайын ба, бұлайша бұрмалауың қай сасқаның, Секе? Абай ақындық қызметке не үшін белсене кіріскен, жаңа бағыттағы поэзия қалыптастыруды қандай жағдайда қолға алған дегенге сәулесін түсіретін, осыны ұғынудың алтын кілті есепті тамаша өлең қалайша бір кісінің ғана «сүбелі олжасы» болмақ?!
Соңғы сауалың «Сіз өлеңнің үш шумағы кем дегенсіз, ол шумақтарды қайдан таптыңыз?» – деген. Оған жоғарыда «интернеттегі Ы.Дүйсенбаевтың мақаласынан таптым» деген нақтылы жауап берілді.
Сонымен, зерттемекті «ынталы жүрек, шын көңілмен» емес, біреудің еңбегін пайдаланып, сенсация қуып, я болмаса өзгедей қулық-сұмдықпен қолға алған адамға Абай жабық. Ақталмақ сөзімді осымен сабақтаймын.
Серікбай мырза, Абай өлеңін кім ашты, кім тапты? Бұл мәселе емес, сол сияқты «Жаңа закон» өлеңін тауып, түсіндірме беру жұмыстың тек жүзден біріндей бөлігі. Абайды таныту мен насихаттау ісі терең тоқырауда. Бұл пікір менікі емес, қарапайым халықтікі. Билік назарын осыған аударсақ ше. Естимін, Тұрағұлдың 262 бет жаңа естелігі табылған, бірақ пәленбай жыл ескерусіз жатыр. Өстіп, «Абайға абай болайық» деген алдаумен түк бітірмей, қаперсіз ғапылдықпен жүре берсек, онда не болдық? Абайын аяламаған қоғам қайдан оңады, қайтіп рухани індет тамырына балта шабады...
Ілкіде айттым, Абайдың екі томдық жинағын жаңа форматта, тың үлгіде даярлап үлгердім. Әр өлеңге түсінік берілді, хронологиясы түзелді дегендей үйреншікті Толық жинақ танымастай өзгерді. Соңғы 1995 жылғы толық жинақта Абайдың төл өлеңдері саны 173 болса, жаңа жинақта бұл көрсеткіш 195-ке жеткені соның бір дәлелі. Әрбірінің өз тарихы бар.
Егер қаржы көзі табылып, жаңа жинақ жарық көрсе, даудың көкесі сонда боларын сеземін, оған даярмын да. Осы мақаланы соны ойлап жазып отырмын. Серікбай інім, арамыздағы әншейінгі түсінбестікке бола ренжи көрмеңіз. Өзіңді қабілетті зерттеуші, ақын деп ертеден білемін, сыйлаймын, осы жазған жауап хатымды да дұрыс қабылдар деген сенімдемін.
Құрметпен, Асан Омаров.
Семей қаласы.