Д. ТОҚҚАРАҰЛЫ: ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ЖЫЛДАР БОЛЖАМЫ НЕНІ МЕҢЗЕЙДІ?

Ұлы Абай елі Шыңғыс топырағының төл тумасымын. 1938 жылдың 8 наурызында Абай қонысы Жидебай маңындағы Балпаң шалғынды өңірде дүниеге келгенмін.  КазПИдің түлегі, ұстаз – қаламгер, Еңбек Ардагері.

Әкем Тоққара Шоқа тегі Шыңғыстың Тоқпанбет өзені бойында дүниеге келген. Бала кезінде Абайды көрген. Шәкәрім Қажы батасын беріп, Құлке немере ағасын жерлеу кезіндегі еңбегіне үлкен ризалығын білдірген. Отан соғысы жылдарында тыл майданы Выксунск ауданы Горький облысында әскери орман шаруашылығы зауытында жұмыс істеп, 1947 жылы ғана үлкен сый-құрметпен елге оралған. Ауданда халық шаруашылығын аң терілерімен қамтамасыз етуде – қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян аулауда «Аңшылар қоғамын» құрып еңбек етіп, еңбектің зейнетін көріп 1986 жылы қайтыс болды.

«Түркі Әлемі» газетінің №10 (198) 2018 жылғы нөміріне ризашылық сезімімді білдіре отырып, қазақ елінің кең қолтық, қонақжайлығы мен елге, жерге деген сағынышын асқақтата көрсеткен мақалаларды оқып, тақым қысып, мақала ішінде бірге жүргендей серпіліп қалдым. Қолыма қалам алып сексеннің сеңгіріне шыққанда жүрегімнің қалташасында сақталып келген екі саладан тұратын құпиямды жазып отырмын. Қабыл көрсеңіздер қошаметтеріңізге шексіз рахмет айтамын.  Заман ағысы желісіндегі жаңғырудың нәтижесі, игі істердің жемісі болмақ.

 

1. ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ЖЫЛДАР

БОЛЖАМЫ НЕНІ МЕҢЗЕЙДІ?

 

 Тарих қойнауына кеткен  өткен –  2018 жыл ШҚО Абай ауданы үшін зор табыстарға жеткен жыл болды. Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың басшылығымен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 және ауданның 90 жылдық тойы жоғары деңгейде  өткізіліп, Абай Құнанбаевқа қоладан құйылған алып ескерткіш тұрғызылды. Ел мерейін өсірген бұл той - казактың ұлттық тұлғаларын биікке көтеріп, рухын асқақтатты.Той Абайдай хакім, Шәкәрімдей абыз, Мұхтардай кемеңгер туған киелі мекен Семей шаһарында іргетасын қалаған Шәкәрім университетінде «Шәкәрім мұрасы және әлемдік мәдениет» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференциямен ұласты.

Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің өмірінің соңғы отыз жыл ғұмырын ақыл мен ойды «қиын істі табуға» - ар ілімін қалыптастыруға, Тәңірінің хикметін сезуге жұмсағаны туралы жазба деректер көп жәйді аңғартады. 47 жасында қажылық сапарға жолға шығып, ағасы Абай өсиетінің байыбына орай, ғылым іздеп жаһан кезіп, еуропа елдерінің ғылымхана есігін ашқан Шыңғыстың алғашқы перзенті. Білім іздеп әрі қажылық сапардан аман – есен, зор абыроймен оралған Шәкәрімді сол күннен бастап Шыңғыс өңірінің үлкен – кішісі «Қажы», деп атаған. Өмірінің соңғы 30 жыл бойында Қажы деп атанған ғұлама, ойшыл данамыз өзінің өмірінің шектеулі кезі мен соңғы сағаттары туралы болжау айтқан уақыттың екі кезеңі болғанын өткен ғасырдың 70 жылдар соңында біріншісін әкем айтқан әңгімесінен, екіншісін Қажының өз қолымен жазған хатынан көңіліме түйген едім.

Бірінші жағдайға себепші болған – Мұхтар Әуезовтың  80 жылдық мерей тойы қарсаңында облыстық «Семей таңы», Абай аудандық «Совхоз туы» газеттерінде журналист Совет Махметовтың « Мұқаңды көрген көнекөздер»,- рубрикасында әкем Тоққара туралы «Бір дастарханнан ас іштім», «Асылдың сынығы еді» деген мақалалар жарық көрген болатын. Газетке жарияланған мақалаларды әкеме оқып беру кезінде,  Шәкәрім бабамызға қатысты осы әңгімені айтқанына да қырық жылдай уақыт болыпты. Ол уақытта мен де қырықта едім. Оқиға барысына жақынырақ келсек, өз тұрғыластары ішінде Шәкәріммен сыйлас, достық қарым-қатынаста болған адам, көтібақ руынан Құлсүлеймен (Құлке) Жиреншеұлы.

Құлке Шыңғыс өңірінде 1911-1921 жылдары болыс, би болған, ертегі, жыр, аңыз әңгімелерді көп білген. Қазақ сахарасы үшін ақылдың көзі болып табылатын оқу – білімнің маңызын терең түсініп, Абайдың өнер, білімге деген көзқарасын барынша қолдаған. Балаларын Семей қаласындағы мектеп пен гимназияларда оқытып білім алдырған. Парсыша сауаты бар, арабша сөйлеп, түркі тілдеріне жетік, шешен сөз иесі. 

Құлке қайтыс болғанда (1925) оның мәйітін немере інісі, менің әкем Тоққара Жомартұлы Семейден Шыңғыстың Тоқпанбеттегі Жиренше қонысына ат-шанамен жеткізеді. Құлкенің жаназасын Шәкәрім өзі шығарар алдында; «Марқұм Құлсүлеймен мұсылманшылығы берік, озбырлығы  жоқ, әділ, шыншылдықтың адамы, кішілік ізеттілігін сақтай білген менің аса бір қимас аталас жақыным. Мұсылмандық жолмен Құлке мәйітін арулап пәниден бақиға жөнелтудің ақ өлімі біздерге бұйырмайтын да шығар»,- деп, замандасы әрі аталас туысы аруағымен кешу сұрасып, хош айтысқандағы Қажының толқынысы, тыныш заманда, қоғамды ойпыл – тойпыл  қылған кәмпеске науқаны мен аштықтың тақап қалғанынан бей хабар  жұртты аң-таң қалдырды. Қажы сөзінің астары белгісіз бір қасіреттің жатқанын аңғартқандай жұртты қатты мұңайтты. Біз болсақ, о, тұста заман тауқыметі тудырған қиындық пен үлкен зобалаң сеңі толқыны келе жатқаныннан хабарсыз күйде едік. Қажының ақырет, жаңазасыз құрқұдықта қалатынын сезгендей күй кешкені кейінгі өмірдің баяны болды ғой, - деген әкем сөзі жүрегімнің түбінде кептеліп, қырық жылдан кейін жарияланымға шықты.

Иә, бұл Шәкәрім Қажының озбырлы заман қарақшыларының әрекетін халқына айтқан зары, сыры ғып шерткен мұңы, көрер жарығының таусылар сәтін сезінуі мен білуінің  67 жас шағындағы 1925 жылғы болжам толғанысы сияқтанады.

Екіншісі, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің Сәбит Мұқановқа жазған хатының мына үзіндісінде: «...қолымда барынан біраз ғана жазбамды жібердім, - дей келе – Тірі күнінде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардын қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл «Жан сыры», «Жаралыс сыры» басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтінемін. Қайсысы болсада «Мұтылған» деген атымен басылғаны жөн болар еді», - дегені хатта айтылған.

«Шәкәрім қажының Сәбеңе хаты» (Е.Қ. 22.03.06) мақаласында Әділғазы Қайырбеков: «...Шәкәрім де өзінің ғұмырының соңғы 30 жылын тұтастай дерлік дүние сырын ұғуға арнағанын екпін түсіре ескертуінде үлкен гәп жатыр. Енді сол еңбегінің тасқа басылып жарық көргенін армандайды. Өзінің 8 айлық қана көрер жарығы барын сезгендей, «тірі күнімде», «біліп өлсем» деген сөз тіркестерін қолданыпты», - деп қажы болжамының астарлы ойын аша түскендей сыр шашқан Әділғазы сөзі. Бұл Шәкәрім қажының көрер жарығының шектеулі ғана уақыты қалғанын сезінген 1931 жылдың  көктемі қарсаңындағы кезекті болжамы. Осыдан сегіз ай шамасы мөлшерінде  2 қазан, таңсәрңде 1931 жылы – 73 мүшел жасында Қажы жендеттер оғынан қаза тауып, мәйіті құрқұдыққа тасталады. Ол құдық Майбасардың Әйелі Әжекейге зират салған кезде қазылған.

Ахат 1961 жылы əкесі Шəкəрім Құдайбердіұлының сүйегін құрқұдықтан қазып алып, Жидебай басына жерлеуде, оған қолдау білдіріп, дабырасыз ертемен бірадамдай жұмылып, іске кіріскен Қарауылдың адамдары болатын. Көпшіліктің соншама сақтық жасауының себебі, ол уақыт Шəкерім ақталғанымен қараңғылық бұлты тарқамаған, дауыл көтерілсе, ұйтқып қара бұлт құйындай көтеріле жөнелетіндей заман болатын.

Іштей түсініскен көпшіліктің ішінен сойыс малын біреулері көтерсе, енді біреулері адамдарды Жидебайға жеткізетін көлікті ұйымдастырып, зират басында түсірілетін құран -  қатым, ас мәзірімен шұғылданды. Ауданның ірге тасын қалауға айтулы үлесі бар 40 – 50 бет – беделді ақсақалдарың ақыл – кеңесімен Қарауылдың жалынды жастар тобы да Қажы сүйегін арулап, жер ана қойнауына жерлеуге ат салысты.

Советтік дәуірдің солақай саясатының дәуірлеп тұрған кезіне партиялық биліктің ықпалынсыз ешбір нәрсе шешілмейтініне қарамастан Жидебай жеріне, Абай зираты жанына Шәкәрім сүйегін жерлеуде ерекше батылдықпен маңызы бар оң шешім алуға араласқан адамдар: Әрхам Кәкітаев, Балтақай Толғанбаев, Рахым Жандыбаев, Базарбек Науанбаев, Тоққара Жомартов, Ахметбек Мұртазин, Тәмен Бәлиев, Жәміш Жанғалиев, Ермұса Телібаев, Кенжетілеу Доланбеков, Әлімбет Қазыбеков, Шахан Дулатов, Мұхтар Бәшеев, Мәлік Тәстекеев, Телібай Қошыбаев, Рахым Күзембаев, Шымырбай Тайтөлеуов, Күлембай Отарбаев, Шәукен Әбдуалиев, Ниязбек Алдажаров, Байғозы Сақов, Ақатай Жахметовтер болды.

Бұл, бүкіл ауыл ақсақалдарының Шəкəрім бабамызды арулап тыныштық аясында мəңгілік орнына тосын əрекетке ұрындырмай жерлеудің қам – қаракеттері жолындағы үлкен ерлік істері еді.

30 жыл бойы құрқұдықта қарақшылықтың құрбаны болып жатқан Шәкәрім қажының сүйегін арулап ақ матаға орап, дәстүр салтымен 8 тамыз күні жаназа намазы оқылып, аудан халқының топырақ салуымен жерленді. Осы бағыттағы қажымас қайрат, ақыл парасаттық көрсеткен Ахат ісі әке үшін ғана емес, қазақ халқының ғылыми – танымдық жолындағы ұлы ғұлама ойшылдың қатігез заманның имансыз құбаны жолынан рухани ағарудағы жеңістің жемісі.

Данышпан Абай данамыздың 150 жылдық мерей той мерекесінің ЮНЕСКО көлемінде мерекелеу қарсаңында алып кеме үстінде қалқып келе жатқандай Абай – Шәкәрім Кесенесі бой көтеріп, осылайша аруланып қойылған Қажы ғибадатханасы Маңғыстаудың ақ тасымен көмкерілген мәңгілік мекенінде халық хошаметіне бөленді.

Досымхан Тоққараұлы

ҚР халық ағарту ісінің озаты.