Біздің данышпан ақынымыз Абай Құнанбаев шығармашылығындағы ең өзекті тақырыптардың бірі — қазақ жастарына білім беру, оқыту ісі екені рас. Жастарды оқытудағы мақсат не, балаларына білім бермек болған ата-ананың, үлкендердің көздегені не еді, ал оқуға ұмтылған сол жастардың өздерінің діттегені, алға қойған арман-мұраты қайда жатыр – міне, тура осындай мәселелер ұлы Абайды көп толғандырғаны, барынша тебіренткені даусыз. Мұны ойшыл ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» атты өлеңдерінен байқаймыз. Алдымен, ақын өз басындағы кешігушіліктен бастайды:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім…
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім [1, 72],-
дейді. Дейді-дағы балаларын оқытуға, оларға жан-жақты білім беру шараларына айрықша ден қойғандығын ашық айтады, баланы оқытуды жек көрмегендігін паш етеді. Әсіресе, осы орайда ақын білім алатын жастардың ішкі ниет-пығылына баса назар аударған.
Ал, ақынның өзінің бала кезден алған оқу деңгейіне келсек, мынандай жайлардың куәсі боламыз. Болашақ ұлы ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы көзі қарақты, заманының байыпты, аңғарымпаз кісісі болған екен. Ол кісі жайлы оның көзін көрген адамдар аса құнды пікірлер айтып кеткен. Солардың арасында, біздіңше, ХІХ ғасырдың орта шенінде Польшаның тәуелсіздігі үшін патшалық Ресейге қарсы көтеріліске қатысып, ақырында жараланып қолға түсіп, әуелі өлім жазасына кесіліп, онысы соңыныан өмірлік каторгаға ауыстырылған сөйтіп, қазақ даласына жер ауып, айдалып келген Вильно университетінің филология факультетін бітірген, Европаша білімді поляк жұртының ақылды перзенті Адольф Янушкевичтің жазбалары айрықша назар аударады. Мәселен, ол Абайдың әкесі Құнанбай туралы 1848 жылдың 11 июнінде(маусым) былай деген: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да(Барақты айтып отыр. М.Ү.) – дала өңіріне аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген» [2, 75]. Міне, бұдан төңіректегі жай адамдарды былай қойғанда атышулы Барақ сұлтан секілді билеушілердің өзі Құнанбайды пір тұтқандығы аңғарылады. Ал, А.Янушкевич Құнанбайдың тікелей өзі туралы 1848 жылдың 15 авгусында(тамыз) былайша баяндайды: «Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабілеті таң қаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» 2, 188]. Осынау естелік жолдарынан өзімізше мынандай есептеу жасай алар едік: демек, А.Янушкевич 1848 жылы Құнанбайды көріп, осындай баға беріп жатқан уақытта 1845 жылы дүниеге келген сәби, болашақ данышпан ақын Абай небәрі екі-үш жастарда ғана екен ғой.
Заманының көреген, сұңғыла адамы атанған Құнанбай Өскенбайұлының баласы Абайдың сауатты, уақытқа сай шалымды адам болуына зор көңіл бөлмеуі мүмкін де емес қой! Көпті көрген Құнанбайдың алыстағыны алдын ала болжап отыратындығы жөнінде тағы мынандай да дерек бар: «…әкесі Абайға өзгеше қарады, ол(Құнанбай. М.Ү.) болашақ ақыл иесі дарынды баланы ерте таныды, менің орнымды басса, менің жолымды қуып, туымды ұстаса осы Абай ұстайды деген сенім өте күшті болды. Сондықтан оны өз мүддесіне сай етіп тәрбиелеу мақсатын көздеген Құнанбай Абайды 10 жасынан ауылдағы Ғабитқан молдаға оқытты. Одан соң Семей қаласындағы Ахмет Риза деген имамның медресесіне оқуға түсірді. Абай медреседе 3 жыл оқыды… Абайдың тасқындаған ақылы, алдына қойған әлеуметтік мақсаты бұл оқуды қанағат тұта алмады, ол өзіне біткен ерекше талабы арқасында, парсының тағы басқа шығыс халықтарының тілін үйрене бастады, осының арқасында Абай шығыстың асыл қазынасы саналған поэзиясымен танысты, Абай ерте күннен-ақ шығыстың атақты ақындарын оқып білді. 14 жасында 1859 жылы:
Физули,Шәмси,Сәйхали,
Науаи, Сәғди, Фердауси,
Хожа – хафиз бу һәммәси!
Мәдет бер я шағри, Фәрияд, -
деп, олардан өзінің ақындық өнеріне мәдет сұрады. Ол тұңғыш жазған осы бір ауыз өлеңін шығыс классиктеріне арнады. Шығыс елдерінің тілін зерттеді, үйренді…. Абай шығыспен қатар орыс халқының тілін үйренуді зор арман етті, еңсесі орыс халқына ауды, орыстың мәдениетімен танысуды көксеген Абай бұл тілегіне зейін сала, белсене кірісті… жасырын бір жағынан орыс мектебіне оқуға кірді, аз уақыт оқыса да өзіне біткен ақылдылық, даналық, зеректік арқасында орыс тілін тез үйренді»[2, 14-16]. Мұнан өзге бір деректерде Абай орыс тілін үйрену үшін Семейдегі христиан дінінің әдепкі жөн-жосығын, әліппесін ұқтыратын шіркеу жанындағы приходская школада біршама оқыған делінеді. Олай болу себебі, әкесі Құнанбайдың ендігі замана аяқ алысының орыс тілімен, орыс басшылығымен жүзеге асатындығын күні бұрын бажайлауында еді. Осылайша, Құнанбай би үміт еткен баласының шас шағынан бастап-ақ, орыс оқуын меңгеруіне, жан-жақты білім алуына жағдай жасап баққан.
Расында да сол кездегі қазақ тағдыр-талайының қалай бұрылып бара жатқандығын аңғарған есті жандардың қай-қайсысының да бұлай етпеске шарасы да жоқ еді. Өйткені, әуелім, Абайдың әкесі Құнанбай қажы дүниеге келген 1804 жылдың өзінде қазақ елі мен жерін батысы мен шығысын тұтастыра құшағына ала, ұшы-қиыры жоқ алапат сахараға мылтығын кезене, пушка-зеңбіректерін сүйрете өңмендей ұмтылған Ресей отаршылдығы өрттей өршіп, бет қаратпай жалындап тұрған болатын. Енді, 1845 жылы Абай дүние есігін ашқан тұста патшалық империя оңтүстікте Алатау етегіне жетіп, қырғыздырды алдап-арбап, Кенесары Қасымовты ұстауға қам жасап жатты. Арысы бүкіл Орта Азияны тұншықтырып, Үнді мұхитына шығуды көкседі. Бұндай зымиян-сұрқия, салдар-зардабы ұзаққа сілтейтін шаруаны(кампания) құлай қолға алғаны соншалықты, қулығына құрық бойламайтын ресейлік шенеуніктер қазақ даласында орыс-түзем мектептерін ашып жергілікті жұрттардың балаларын тілмаштыққа дайындау ісіне кірісіп те кеткен-ді. Нақ бір мәдениет таратып, шарапат жасап жатқандай әсер тастады. Бірақ, екі-төрт сатылы мектептен асырып, жоғары білім беруді мақсат еткен жоқ. Жоғары білімділер көбейіп, отар елдің оянып кетуінен қатты қорықты. Бар есіл-дерті орыс ұлықтары мен тұрғылықты халықтың бай-бағыландары арасында олардың сөздерін бір-біріне аударып беретін тілмаштар дайындау ғана болды. Соған орай ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жастарының да ой-арманы «я тілмаш, я адвокат» болудан ары аспады. Дәл осы көңіл-күй Абайдың «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде барынша көрініс тапты:
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға
Тырысар келсе шамасы…
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?..
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы [1, 99-100].
Ұлы Абай, ең алдымен, адамның ішкі жан сарайы таза болуы шарт деп санаған. Көзінің жеткені сол – шамшыл, өркөкірек, менмен жандардан еш жақсылық шықпайды, тіпті, ол дүниенің оқуын тауысса да.
Сондықтан да ғұлама ақын өзінің атақты өлеңі «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде ол пікірін бұдан ары тереңдете түскен:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз… [1, 92]
Алдымен, адамды құртатын бес түрлі бәлені атайды. Олар: өсекшілдік, өтірікшілдік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық. Сонымен қатар, дана Абай жан баласын алға бастыратын, атын асқақтататын асыл қасиеттерді де санамалап атап берген. Олар: талаптылық, еңбеккершілік, терең ойлылық, қанағатшылдық және рақымшылдық. Құдай өзі кешірсін, осы жерде біздің өз тарапымыздан қосып айтарымыз: ғылым тапсаң да мақтанба, ісіп-кеппе, одыраңдама! Өйткені, кеуіп-керілдім дегенше кетілдің, біттің. Ел соқыр емес қой: көріп қояды, сезіп қояды. Сосын, қанша ғажайыппын десең де маңайыңа ешкім жуымайды, түршігеді, ақырында жалғыз қаласың, өле кетсең көметін адам табылмайды.
Ал, қамшының сабындай қысқа тірлігіңде мұндай сұмдыққа ұшырамаудың дауасы мен ем-домын, алдын алудың жол-жобасын тағы да данышпан Абай көрегендікпен дәл меңзеген. Ондай болу қайда, ол менің қолымнан келмейдіге салынып, күні бұрын күңіреніп, қара аспанды суға алдырып бір істі бастамай жатып, түңілушілік жас адамға жараспайды, қандай қиын шаруа болмасын адам талаптанып, күш-қайратын салып көру керек деген ой түйеді.
Жамандық көрсең нәфритлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз [1, 92-93].
Ақынның пайымдауынша, жоғарыдағыдай тура сол бес асыл, көркем қасиетті бойына жиған, көкейіне түйген «жаңа өспірім, көкөрім талай қазақ баласы» талаптанып білім алса, жанбай жатып сөнбей, білгендердің сөзіне махаббатпен ерсе, кемел адам деңгейіне жетер ме еді!? Шынында да жаһандық-адамзаттық тәжірибе аңғартқандай, кемелділік пен ақылға кенендік әрқашан да жан-жағына жарық-сәуле шашып, жұртты тек жақсылыққа бастаған. Байыптай түссек, «ЖАҚСЫЛЫҚ» деген сөздің өзі аясы кең бе дейміз.
Шамасы, оған дүниеауи қол жеткен өнертабыстың, өнегелі мінез-құлық атаулының бәрі кіреді. Тек, бұл қалың көптің, белгілі бір ұлттың үміт-тілегімен ұштасса, халықтың игілігіне жараса, соған қызмет етсе ғана жемісті болары сөзсіз.
Данышпан Абай жастарды оқуға шақырғанда осындай шоқтықты мәселелерді әрдайым жұлдыздай жарқыратып, жоғары ұстайды. Қай жолды таңдап, қай соқпақпен жүру қажеттігін, қай елмен жақын араласып, қай елдің оқуын үлгі тұтсақ ұтатындығымызды, тәп-тәуір табысқа кенелетіндігімізді нұсқаған, тіпті, талап еткен. Қателікке ұрынып қалудан, оғаш-оспадар қылықтардан сақтандырған. Айталық, ол «Интернатта оқып жүр» атты өлеңінде ол өз уағындағы бірсыпыра жастардың орыс тілін білуге ұмтылысының «Прощение» жазуға жарау мен «Я тілмаш, я адвокат» болсам деген өлермендіктен аспай жатқандығына ашынады. Ондай жастар азын-шоғын, үзіп-жұлқып алған татымсыз оқуын бұлдап, еліне кісімсінсе, бәлсінсе, «Көп қазаққа епсінсе, кімге тиер панасы» [1,99] деп налиды ақын. Демек, қарапайым шаруа баққан халықтың үмітін ақтамаған, ұлттың кәдесіне жарамаған шала оқудан(тіптен, биік болса да), зәрредей пайда жоқ! Өйтіп, «Қу менен сұм боларды ойлаған, қаны бұзық» [1,99], залым ойлы адамдар біршама оқыған-тоқығанын, жеттім-білдім дегендерін өзін дүниеге әкелген, қатарға қосқан туған халқына қарсы жұмсайды, қарақан қара басын ғана күйттейді. Тегінде, «Орыс теріс айтпайды, жаман бол деп оларды» [1,99] дейтін ақын сөзінде керемет сындарлы да салмақты мән -маңыз бар.
Шынтуайтына салсақ, орыс оқуы бола ма, немесе, өзге ұлт-ұлыстардың оқуы бола ма білім-ғылым жамандыққа жетелемесе керек. Бірақ, бір өкінішті, ақиқат жай – әуелден жаратылыс-бітімі, түп-тегі, зәу-заты, қалып-қалпы кедір-бұдыр, келіспей қалған, сүйкімсіз-сұмырай, бұзақылыққа бейім жандар қай қауымнан да табылып жатады. Әлбетте, көпшілік болғасын, миллиондардың арасынан ақылдысы да, аяры да кезіге берері анық. Олай болса, жат жұрттың жақсысын жаманынан ажырата тану – білім қуған жастардың өзіне тікелей қатысты болмақ. Себебі, ұлы Жаратушы адам баласына ақыл-ес, таразы-талғам, ми беріп қойған. Қайсысын таңдау еркі — әркімнің өзінде.
Осылайша, ғұламаһи Абай өзінің түгелге дерлік өлеңдерінде оқу-ғылым, өнер-білім, талаптылық-талапсыздық, еңбекшілдік-еріншектік, арлылық-арсыздық сияқты қадау-қадау жайттарға өте көп тоқталған. Сондай өлең-жырларында әбден сараланған, талданған, безбенделген — адам бойында ұшырасатын жақсылықтар мен жамандықтарды, енді, кезегі келген тұста қара сөздерінде одан ары дамыта, тереңдете толғайды. Өзінше бір жаңаша әдіс-амал, ою-өрнек тауып, философиялық жөнменен қорытқандай болады.
Ақырында, тұжыра келе оқудағы, білім қуып ізденудегі ұлы мақсат-мұраттың тоқ етерін айтады. Мысалы, жиырма бесінші сөзінде «…Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады… Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Бірақ осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес… Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек…» [1,458] деп, ақын кейінгі келер ұрпаққа жөн сілтеп, ақыл-кеңес беріп тұрғандай.
Және де бір қайран қаларлығы, ойшыл Абайдың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де оқу-ғылым туралы білдірген ой-толғаныстарының құнар-нәрі қазіргі тәуелсіз жаңа заманымызда өрісі кеңіп, өлшеусіз өсе түспесе, мысқалдай да кеміген жоқ. Өзіміз куәсі болып отырғандай, бүгінде ұл-қыздарымыз Европа шарлап, мұхит асып — Америка, Австралия, Жапония, Үнді, Араб мемлекеттерінде оқып жатыр. Ендігі жерде сол үміт еткен өскіндеріміз Абай атамыз айтқандай, барған елдерінің жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қайтса құба-құп. «Бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп»[1,106] мертігіп, қирап жатпауы керек. Өз қағынын өзі жеріп, ата-ана тілінен, ұлттық ділі мен исламдық дінінен безіп, сыртқа қарап ұлып тұрмасын деңіз. Өйткені, жан дүниенің, ақыл-естің мертігуінен, кемістігінен асқан зардапты, апатты қасірет болмайды! Сондықтан, оқу қуған жастарымыздың кемеңгер Абай аманаттаған қадір-қасиет, адамшылық үдесінен шыққаны абзал дейміз.
Үмбетаев Мүбәрәк
1. Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. – Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1961. – 695 бет.
2. Янушкевич Адольф. Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар. (Орыс тілінен аударған – Мұқаш Сәрсекеев). – Алматы: Жалын, 1979. – 272 бет.
http://abai-inst.kz/?p=1795