Зере ОРАЗАЛИНА: ӘРХАМ КӘКІТАЙҰЛЫ ЫСҚАҚОВ

Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов

(1885-1963)

 

  Абай мұражайының негізін салушылардың бірі, оның алғашқы ғылыми қызметкері Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов 1885 жылы Шыңғыстау өңірінде, Ақшоқы қыстауында дүниеге келген.

  Әрхамның атасы Ысқақ -  ұлы  Абайдың туған інісі, әкесі Кәкітай – Абайдың тұңғыш жинағын шығарушы, ақынның ең алғашқы өмірбаянын жазып, қазақтың әдебиеттану іліміне өшпес із қалдырған. Осындай ғажайып ақындық ортада өмірге келген Әрхам Кәкітайұлының өзі де соңына мол мұра қалдырған ерекше тұлға еді.

  Әрхам Кәкітайұлы туғаннан кейін атасы Ысқақ оны қырқынан шыққан соң өз бауырына салып, бие сүтімен асырапты. Сондықтан жұрт оны Ысқақтың кенжесі атандырып, Әрхамның басқа іні-қарындастарынан жолы үлкен, сыйлы  болыпты.

  Атасы Ысқақ Абайдың ұйғаруымен және халықтың қалауымен үш рет, 9 жыл қатарынан болыс болып, ел билеп, халқына сыйлы болған. Одан кейін өз шаруашылығымен айналысып, дүниеден ерте кеткен ағасы Құдайбердінің бала-шағасын жеткізуге, олардың шаруашылықтарын дөңгелетуге үлкен еңбек сіңірген.

  Әрхам тоғыз жасқа келгенде, атасы Ысқақ оны медресеге оқуға береді, ол медреседе 4-5 жыл білім алып, арабша, түрікше кітаптарды өз бетімен оқитын дәрежеге жетеді. Мінаш Әрхамқызы өзінің естеліктерінде әкесінің құран аяттарының мағынасын өздеріне түсіндіріп отыратындығын айтады.

  Абай мен Ысқақ ауылдарының арасы жақын болғандықтан, Әрхам жасынан Абай аулына үйір болады.  Абай туралы естеліктерде айтылғандай, Абай ауылы әнші-күйші, скрипка, сырнай, домбыра тартушы өнерпаздардың, ақын-жыршылардың, дойбы, тоғызқұмалақ ойыншыларының думанды орны болған, Әрхам солардан үйреніп, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарының шебері болады, Абайдың өлеңдері мен әндерін жаттап өседі, домбыра шертіп, ән салады, өлең шығарады. Абайдан орысша үйренеді.

  Әрхамның әр нәрсеге талабы барын байқаған Абай оған түрікше жазылған хикая, бәйіт, жыр кітаптарын оқытып, ұқпаған жерлерін түсіндіреді, тойға, қонаққа барса, қасынан тастамайды. Абай дүниеден өткен кезде 19 жаста болған естияр, әрі бес-алты жылдай тәрбиесінде болған Әрхам Кәкітайұлы ұлы ақынның кейінгі өмірі, мінез-құлқы, әдеті, жазу-сызуы, ел ортасында айтқан өсиеті, насихатын көзімен көріп, құлағымен естіп, куәсі болғандықтан, ақын туралы, оның өмірі мен ортасы туралы қаншама құнды деректердің қайнар көзі болды.

  Әлқисса, әкесі Кәкітай балаларын Семейден орысша оқуға бермек болады. Әуелде атасы Әрхамды оқуға жіберуге келіседі. Бірақ дәл жолға аттанар кезде: «Әрхаш оқуға бармайды, денсаулығы болса жоқ, әрі орысша оқу деген біздің тұқымға жақпайды, оқыған Халиолла, Әбіштер  дүниеден ерте кетті, аулақта қайтыс болды. Оқытқыш болсаң, өз балаларыңды оқытып ал», - деп, Әрхамды оқуға жібермей қояды. Оны өз қасында шаруашылық жүргізуге, егін егіп, шөп шабу, мал өсіру, оны семіртіп сату сияқты істерге баулиды. Осы үйренген өнері Әрхамға таусылмас азық болады.

  Атасы Әрхамды ерте үйлендіреді, Керей руынан шыққан Жаманбай деген адамның Гүлжамила деген қызына құда түсіп алып береді. Зайыбы Гүлжамила Әрхамнан 2-3 жастай үлкен болады. Гүлжамиладан Зүбайда, Халит, Сәбит, Шағатай, Сайда деген балалары туады. Гүлжамила соңғы баласынан кейін сырқаттанып, Қорғанбай деген жердегі бір емшіге қаралып жүреді. Содан бір күні бір таныстарының үйінде болған тойда сырнай тартып, сандуғаштай сайраған бір бойжеткенге көзі түсіп ұнатады. Кім екенін сұрастырса, Бибікен деген ауылнайдың жалғыз қызы, анасын жалғыз тастамаймын, деп тұрмысқа шықпай отыр, аты – Сақыпжамал, - деседі.

  Үйге келген соң Гүлжамила анамыз Әрхамға өзінің Уақ жерінен бір сұлу қызды көріп, ұнатқанын, егер сол қызға үйленсе, басына бостандық беретінін, өзінің науқастығын, енді жанын күтуі керектігін айтады. Бұл 1921 жыл, кеңес өкіметі түпкілікті орнаған кез екен. Әрхам оған: онда құдалыққа өзің жүр, қазір жаңа заман, екі әйел алуға болмайды,- дейді. Сонымен екеуі сол ауылға барып, құда түсіп, мән-жайды түсіндіріп, Гүлжәмила оған: сен менің сіңлім боласың, мен саған әпке боламын, дейді. Осылайша Сақыпжамал Көрпебайқызы Ысқақ ауылына келін болып түседі.  Гүлжамила мен Сақыпжамал бірін-бірі сыйлап, әй-шай деспей, апа-сіңлі болып өмір кешеді. Сақыпжамалдан - Зәкен (Ахметзәкен). Ләйла, Мінаш (Мінәуара) , Азат, Гүлнәр, Еркін атты балалар дүниеге келеді. Сонымен Әрхам Кәкітайұлының 6 ұл, 5 қызы, барлығы он бір баласы болған.

  Абай дүниеден өткеннен кейінгі кезеңде, 1920 жылға дейін, Әрхам ел арасының дау-шарына кіріспей, мансап қумай, өзінің күнкөрістік шаруашылығын қарап, малын бағып, кәсібін істеп жүреді. Кеңес өкіметі келіп орныққанда, 1921 жылдан бастап губерниялық азық-түлік комитетінің қарамағында гуртоправ болып жұмыс істейді.

  1921-1922 жылдары Семей облысында кеңес өкіметі түпкілікті орнап, ауылдық, аудандық кеңестер құрыла бастайды. Күні кеше байдың есігінде жүрген кедей, жалшы адамдар азаттық алып, өзі үшін, елі үшін еңбектену, қоғам өміріне араласу,ел басқару мүмкіндігін иеленеді.

  Семейде губревком жұмысқа кірісіп, оған қазақтың оқыған, зиялы азаматтары  басшылық етіп, жұртты отырықшылыққа, егін егу, қала салу жұмыстарын жүргізуге шақырып, үгіт жүргізе бастайды. Солардың арасында Әрхамның өз інісі Даниял, Мұхтар Әуезовтер болады. Одар өздерінің ақыл-кеңестерін аямай, Әрхамдардың осы ауқымды іске араласуын сұрайды. Содан кейін Әрхам Ысқақов, Мұхтар Әуезовтың ағалары Рәзақ, Смайылхан, тағы да басқа бірнеше еті тірі азаматтармен ақылдасып, кеңесіп, егін салып, шаруашылық жүргізуді ұйғарады да, ең алдымен жердің қолайлы болуын, судың мол көзі болуын ойластырады. Сондықтан олар 1924 жылы Бақанас, Байқошқар өзені бойынан, Абай ауданы мен Шұбартау ауданының шегінде, керей, найман, тобықты руларының түйіскен шекарасындағы жайлаудан жер алып, егін егіп, қала салмақшы болады.

  Бұл оқиға жөнінде әдебиетші Әсет Медеуқанұлы өзінің «Абай аманаты» атты кітабында жариялаған «Бақанас бойында» деп аталған Әрхам Ысқақовтың қолжазбасында егжей-тегжейлі баяндалған.

  Сонымен олар өз ойларын Мұхтар Әуезовпен бөлісіп, тек бір міні - бұл жердің Семей қаласынан 300 шақырым қашықта екенін және жолдың 60 шақырымдай бөлігі тау бөктері арасымен өтетінін айтса, ол бұл жер оңаша, шаруаға қолайлы, ешкім бөгет жасамайды, дейді. Сонымен бұлар өздерімен бірге аттанатын адамдарды ұйымдастыру міндетін мойнына алса, ал Мұхтар Әуезов үкіметтен рұқсат алып беру, жер кестіріп беру, керекті машиналар, саймандар тауып беру міндетін өз мойнына алады. 

  Әлқисса, олар уағда бойынша алпыс үй кедей-келімсек адамдардың басын құрап, приговор жасап, қол қойып, ауылдық кеңеске растатып, Мұхтар Әуезовке жеткізеді. Ол бұл құжатты Губерниялық жер бөліміне бекіткізіп, рұқсат қағаз әпереді.

  1924 жылдың сәуір айында жаңағы адамдар Бақанасқа көшеді.  Әрхам бұл істе өзінің шаруасына  пайдаланып  жүрген бүкіл құрал-саймандарын, шөп шабатын, егін оратын машиналарын, соқа-саймандарын, тіпті балға, шот, қайлаға дейін, ортаға салады.Олар сол жаққа көшіп жеткенде Мұхтар Әуезов те жер өлшейтін маман – землемерді ертіп оларға келеді. Мұхтарлар 20 күндей болып, жер бөліп беру мәселесін шешіп, Семейге қайтады.

  Сонымен бұл адамдар қарқынды еңбек етіп, екі ай шамасында тұратын үйлерін салып, шөп шауып, малдарына қыстық азық жинап алады. Тоған салу, егін егу жұмыстарын күзде бастамақ болады. Сол Бақанас өзенінің төменгі бойында Шұбартау елінің Есенбай ауылы арық қазып, суармалы егін салады екен. Олардың су жүргізуші тоғанбасыларын шақырып, ақылдасып, елу-алпыс адам жұмысқа шығып, өзеннің күншығыс жағасындағы тік жартасты қақ жарып арық қазады. Құралдары қарапайым: лом, қайла, шот қана болса да, бір шақырым жердің тасын тіліп түскендей жарып, арық қазып шығады. Арықтың бұдан әрі су жүретін ұзына бойын техник әкеп қазбақ болып, жұмысты тоқтатып, орындалған жұмысты ауылдық кеңеске көрсетіп, растатып, Семейге барып округтік жер бөліміне техник маман сұрап өтініш береді. Жер бөлімі бұл адамдардың осы жұмысты бар ынтасымен  орындап жатқанына көзі жетіп, көп ұзатпай техник маманды жібереді. Ол маман қазылған арық жүйесін көріп, орындалған жұмысты дұрыс деп тауып, қалған қазылатын жерді өлшеп, меже қағып, ұзындығы 12,5 км, ені 1,5 м арық қазу жоспарын сызып, жұмсалатын қаржы сметасын жаңа жылға дейін жасап беруге уағда беріп Семейге қайтып кетеді.

  1925 жылы Әрхамдар орталарынан уәкіл сайлап, Семейге аттандырады. Техник барлық құжаттарды жасап бітірген екен, оны губерниялық жер бөліміне апарғанда, олар бұл жұмысты мақұлдап, бұлардың ұйымына «Мелиоративтік кооперация» деген ат беріп, 6500 сом мөлшерінде ұзақ мерзімді несие (ссуда) босаттырады. Сол жолы бұлар арық қазу жұмысына басшылық жасайтын техник пен 6500 сом қаржы алып, елге табыспен оралады.

  Техник екі айдай мерзімде ұзындығы 12,5 км арық қаздырып бітіріп, су жүргізіп, суды пайдалану тәртібін үйретіп, Семейге қайтады.

  Сол 1925 жылы олар арық суымен егін салып, суарылған бидайдың әр гектарынан 30-40 центнерден өнім алады. Алтын бидайға қолы жеткен ел енді оны ұнға айналдырып, нан жеуді ойласады. Сондықтан Семейге бір адам жіберіп, Ертіс бойынан кезінде су диірменін орнатқан таныс орыспен келісіп, күніне 15-20 центнер ұн тартатын су диірменін әкеп арық бойына орнаттырады.

  Ендігі бір қиындық – бұлардың мекенінің қаладан қашықтығы, киім-кешек, шай, тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарға мұқтаждық болады. Оны шешу үшін Жидебайда ашылған кооперативтің бір бөлімшесімен келісіп, Бақанас бөлімшесі деген атпен сауда дүкенін аштырады. Мұндағы сауда жұмысы тез өркендеп, жалғыз осы алпыс үй ғана емес, бұл-шайға мұқтаж болып отырған көршілес керей, найман елдерінің адамдары да кооперативке мүше болып кіріп, сауданы күшейтіп, Бақанас пен Жидебай арасында тұрақты жол қатынасы орнайды.    

  Бала оқытуды алғашқы жылдың өзінде-ақ бастап, бір қазақ мұғалімін жұмысқа алып, кең бөлмеде оқытады. Мінаш апай өз естелігінде ол адамның аты-жөнін Құсман Райымханов деп атап айтады. Руы – Бәкең, оқыған азамат, сол жаққа әкесі Райымхан, інісі Нұғман да көшіп барыпты. Құсман Райымханов сол Бақанас мектебінде Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін еңбек етеді. Балаларға сапалы білім бергені үшін Шыңғыстау ауданында тұңғыш рет Ленин орденімен наградталған ұстаз. Ұлы Отан соғысында қан майданда қаза тапқан.

  Көшіп келіп қоныстанушылар көбейеді. Енді жастарға білім беру мәселесі өткір қойылғандықтан, Әрхам Кәкітайұлы өз қаражатына 60-70 бала білім алатын мектеп, мұғалімге пәтер үй салдырып береді. Семейдің оқу бөлімімен сөйлесіп, бір орыс мұғалімін сұрап алады. Сонымен 1925-26 оқу жылы мектепте бір қазақ, бір орыс мұғалімі 63 балаға білім береді.

                     Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?

                     Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей,-

деп Абай атамыз айтқандай, жұмыстары өркендеп, бала-шағалары оқып, ақ нанға кенелген ел енді жеміс-көкөністі қажет етті. Сондықтан Семейден көкөніс өсіруді жақсы білетін адам әкеліп, арықтың бауырынан қара топырақты жерді таңдап алып, картоп, қауын, қарбыз, сарымсақ, басқа да көкөністерді егіп, әйелдерді осы шаруаға үйретеді. Мектеп жанынан бала күтетін жай салып, балаларды бағып-күтуге екі-үш жасамыс әйелдерді тағайындайды.

  Ендігі бір қиындық – сиыр сауып, сүт өндіріп, май, тағы да басқа сүт тағамдарын баптау қажет болғандықтан, облыстық маслопром мекемесімен келісіп, май зауытын ашады, оған Балқыбек деген шалғынды, суы мол жерді тағайындап, соған отырықшы елден және көршілес керей, найман елінен 500 сиыр жинап, сауылатын болады, Бұдан өндірілген майға фактория иелік жасап, ат-арбамен Семей май зауытына жеткізіп, сатып, құнын сиыр иелеріне ақшадай, заттай төлеп отыратын болады.

  Міне, Әрхам Ысқақов осылайша бес жыл табысты еңбек етеді. Салынған қала көркейіп, ел тойынып, жұмыстарының игілігін көріп, көңілдері орныққан кезде бір қолы жүйрік белсенді біреу: «Құнанбайдың ұрпағы ел билеп, байып отыр» ,- деп жоғары орындарға арыз түсіреді. Сонымен Әрхам Кәкітайұлын бір-ақ түнде тұтқындап, Семейдің түрмесіне апарып қамап қояды. Ертеңінде мұны естіген 60 үйлі кедейден сөзге шешен, істің жайын білетін 60 адам Семейге жетіп: «Әрхамды қамасаңдар, бізді де қамаңдар, аш-жалаңаш кедейді отырықшы ел етіп, еңбекке баулып, бар мал-мүлкін ортаға салғанына жазықты ма? Қазірде бар мүліктің иесі – біз, бәрімізге ортақ»,- деп түрменің алдынан кетпей жатып алыпты. Олар халықтың тегеуірініне шыдамай Әрхам Ысқақовты түрмеден босатады. Бірақ Бақанасқа бармайсың деп, Көкпекті ауданындағы Үшкөмей деген жерге жіберіп, сондағы «Союзмясо» деген мекеменің малын баққызатын гуртоправ қылып тағайындайды.

  «Бақанас бойында» атты естелігінде Әрхам Ысқақов: «Мен осы жұмыста 5 жыл істеп, өзіммен туысқан Біләл деген інім ауыр науқас болып лажсыздан Семей қаласына кеттім»,- дейді. Ал шын мәнісінде оның осы өзі ұйымдастырған табысты шаруашылықтан кету себебі мана айтылғандай «жау» іздеген «көреген» белсенділердің арызы салдарынан болып отыр.Тың дала төсіне түрен салып, халықты отырықшылыққа баулып, адал еңбектің нәтижесін көрсетіп, қаншама адамның тұрмысын түзеп, ауыл мәдениетін өркендететін мектеп салып, мектепте сабақ беретін мұғалімге үй салып беріп, жұмысына жағдай жасап, қыруар игілікті істі тындырған Әрхам Ысқақовты жау деген адамдардың өздерінің істеп жүргені жаулық емей немене? Қазір барлық мұрағаттар ашылып жатыр ғой, сондай адамдардың бетпердесін ашып, олардың жазбаларын халыққа көрсетсе ғой, шіркін дейсің. Әрине, ол бәлкім, болашақтың еншісінде болар...

                     «Шын тілеу, ақ ниетпен барып едім,

                     Жолына мал мен басты салып едім,

                     Әр түрлі мәдениет белгісі орнап,

                     Елім-ай, ретке келіп қалып едің,-

деп күйінсе де, шет жерде жүргенімде, тілімді алып, соңымнан ерген ағайынның аштықта қырылмай тірі қалғаны өзіме үлкен демеу болды деп отыратын»,- деп жазады Мінәш Әрхамқызы.

  Әлқисса, Әрхам Ысқақұлы жаңа айтылған Үшкөмейде де ұзақ тұрақтай алмайды. Мұхтар Әуезов сенімді адам жіберіп, бүгін түннен қалмай Семейге жетсін және кеткенін ешкім білмейтін болсын, деп хабар береді.Сонымен  ол ешкімге, тіпті өзінің үй-ішіне де сездірмей Семейге кетеді. Семейде оны бейтаныс біреу қарсы алып, Ташкент поезына отырғызып, ол жақта інілеріңіз қарсы алады, дейді. Ташкент поезынан түскен Әрхамды бір өзбек қарсы алып, есек жегілген, дөңгелегі шаңырақтай арбаның ығына әкеліп, үстіне ала шапан, басына тақия кигізіп, аяғындағы етігін шешкізіп, қапқа салып, жалаң аяғына галош кигізеді.  Ештеңе ұқпай аңырған Әрхам Кәкітайұлына алдыңа қара дегендей нұсқап, иегін көтереді.

  «Әкем: алдыма қарасам, қол созым жерде Дәку (інісі) бір кісімен күле сөйлесіп, қарсы қарап тұр екен. Шашын қайырғандай қолын сілтеп, «жүре беріңіз» дегендей ишара жасады. Жымиып күліп тұр екен. Өзбек те мені аяғымнан көтеріп биік арбаға отырғызып, ала жөнелді. Сонда қол созым жердегі бауырыма кездесіп, сөйлесе, амандаса алмаған тағдырыма налып, қатты күйзеліп, жыладым»,- дейтін әкем»,- деп жазады Мінәш Әрхамқызы.

  Сонымен жаңағы арбалы өзбек Әрхамды Ташкенттің бір түкпіріндегі колхозға әкеледі. Бір кішірек қорған ішіндегі бір қабырғасы жоқ үйге кіргізіп. Әрхамға «Мынау тұрағыңыз, бөтен адамдармен сөйлеспеңіз, пәрәнжа киген әйелге жоламаңыз. Мен осы «Қызыл партизан» колхозының бастығымын. Сіз маған есепші боласыз. Түркістаннан келген қазақсыз. Мынау сіздің құжаттарыңыз. Бұл жерге бейсауат ешкім келмейді. Келген кісі болса, онымен орысша сөйлесіңіз»,- деп, басқа да ақыл-кеңесін айтып, өз үйінен көрпе-жастық әкеп беріп кетіп қалады. Жолдан шаршап, шөлдеп қалжыраған Әрхам атамыз сол түні көз ілмей таң атқызып, ертемен тұрып, ағып жатқан арық суына беті-қолын жуып, су ішіп, есін жинап отырғанда, бастығы таба нан, жүзім, өрік-мейізі бар, бір ақ шәйнек ыстық шай, кішкентай кесе алып келеді. Әрхам Кәкітайұлы осылайша басқа түскен күйге үйреніп, еш хат-хабарсыз , қызметін атқарып жатады. Күндердің бір күні Түркістаннан орысша жазылған хат келеді. Онда қысқаша аман-саулық айтып, сағынып жүрмін, жақында барып қалармын, анаң Бибікен, депті.

  Бір түнде із-түзсіз жоғалған Әрхам Кәкітайұлын зайыбы Сақыпжамалдың анасы Бибікен іздеуге шығады. Семейге жетіп, Мұхтар Әуезовтен  бе, әлде басқа таныс адамнан  ба, Әрхамның жағдайын біліп, дүние-байлығын сатып, алтын теңгелерге айырбастап, оларды желеткесіне, артығын іш киімдеріне тігіп, поезбен Ташкентке келеді. Ондағы туысы Уәлит ол кісіні вокзалдан қарсы алып, Әрхамға қажетті заттардың бәрін сатып әперіп, жағдайды түсіндіріп, ол кісіні тағы да өзбек ағайынның арбасына отырғызып, жолға шығарып салады. Анасы Әрхамның жанында 4-5 күн болып, елге қайтады. Елге оралған соң анасы қызына: «Мен ерімнен өлі айрылдым, сен тірі айырылып отырма, Әрхамнан жаның артық емес, қысылған кезеңде жанында бол, балаларды өзім қараймын»,- десе, қызы: «Мен мына Мінәшті тастап кете алмаймын, екеуімізді апарсаңыз, барайын»,- депті. Мінәшқа нағашы әжесі өзі апарған шағидан көйлек тігіп, шашын 12 өрім қылып өріп, басына тақия кигізеді. Бұл оларды Ташкентте қарсы алатын Зипа, Айнамкөз дейтін әйелге беретін белгі екен. Ол кісі Дәниял Ысқақовпен, Мұхтар Әуезовпен бірге оқыған екен. Содан Әрхамның зайыбы Сақыпжамал қызы Мінәшті қолынан жетелеп, Ташкент вокзалынан түсіп әрі-бері жүрсе, пәрәнжі жамылған бір әйел:  «Әкесіне тартқан қызды жетектеген апай, менің соңымнан еріңіз»,- депті.  Өзбек ағайын анасы мен Мінәшті «Қызыл партизан» колхозына жеткізеді. Нағашы әжесі елге қайтып келген соң өзінің Қорғанбайдағы ағаш үйін бұзғызып, Жаңасемейден, Ертістің жағасынан 6 бөлмелі үй салғызады. Қайнысы Қамза Бейсенбаев та көшіп келіп, жанынан үй салады. Бибікен ананың мақсаты – егер заман түзеліп, Әрхам көшіп келетін болса, күшік күйеу болып отырмасын, Семейде өзінің меншік үйі болсын деген екен.

  Бұл арада Әрхам Кәкітайұлының інісі Біләл түрмедегі тергеу азабына шыдамай өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болады. Қаңғып қалған әйелі Жәмеш пен балалары Зипа мен Шыңғыстайды Бибікен ана тағы да Ташкентке, Әрхамға жеткізеді. Олар елден жырақта, қауіп-қатерден аулақта естерін жинап, тоғайып, тұрмыстары түзеле бастайды, Әрхам отбасында Еркін атты ұл туып,  зайыбы Сақыпжамал , оны балалары болмай жүрген бауыры Құсайын мен келіні Марғұбаның бауырына салады. Осылай бұлар қорлық-зорлық көрмей, бір-біріне сүйеніп тыныш өмір сүріп жатқан шақта, 1934 жылы Біләлдің зайыбы Жәмеш ауырып қайтыс болады. Көп ұзамай, Әрхамның зайыбы Сақыпжамал да шұғыл ауырып, небары 6-7 күн ғана жатып, қайтыс болады. Үш үйлі жан жат жерде ұлардай шулап қалады. Бұл арада Бибікен ана тағы да жетіп, Құсайынды үй-ішімен, Азат пен Гүлнәрді қоса, Семейге алып кетеді. Уәлиттің зайыбы Халила жақын жерден, Термезден келіп, Мінәшті Термезге әкетеді. Зипа мен Шыңғыстайды Алматыға, Дәниялға жеткізбек болып жүргенде, Зипа адасып, ұшты-күйді жоғалып кетеді. Ол тек 1992 жылы ғана табылады, бірақ қатты сырқат екен, күйеуі оған туыстарымен хабарласуға рұқсат бермепті. Солайша Зипа көп ұзамай қайтыс болады.

  Содан 1935 жылы Әрхам Кәкітайұлы баласы  Мінәшті жетелеп, Алматыға келеді. Онда Алатау бөктерінде жер үйде тұрады, Ахметжан Қозыбағаровпен көрші тұрады. Сол кезде Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша Абайдың «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Бойы бұлғаң»,»Татьяна сөзі», «Онегинге хат», «Қор болды жаным», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма»,  «Қарашада өмір тұр», «Қараңғы түнде тау қалғып» тағы да басқа әндерін айтып, жаттап, Л. Хамиди мен Ерзаковичке тұңғыш рет нотаға түсіртеді.

Дәниял Кәкітайұлы Алматыда, Құрманғазы көшесінде Мұхтар Әуезовпен көрші тұрған. Сол шақта оның үйі толған жетім балалар: Шағатай, Шыңғыстай, Сайда, Зәкен, өз балалары Динар, Роза, Марат ұзын ас үстелінің жанында қаздай тізіліп отырушы еді, деп жазады Мінәш апай. Бірақ бұл жағдай да ұзаққа созылмай, Дәниял Кәкітайұлы аяқ астынан түрмеге қамалып, зайыбы да тұтқындалып, балаларын зайыбының бірге туған апайы келіп Ташкентке алып кетеді.

1936 жылдың аяғына таман Әрхам Кәкітайұлы тағы да із-түзсіз жоғалып кетеді. Өгей шешесі Хадиша Мінәшті Семейдегі Ахметбек атасының үйіне әкеп тастап, өзі кетіп қалады. Ахметбек -  Кәкітаймен бірге туған, Ысқақтың кенжесі. 

Әрхамның інілері Дәниял, Біләл, Мүбәрак, Медғаттар қанқұйлы 1937 жылдың жазықсыз құрбандары болды.

Әрхам Кәкітайұлы бұл арада Оңтүстік Қазақстанның Луговая станциясына таяу «Қызыл шаруа» деген колхозына есепші болып орналасып, Сәбит, Шағатайды сол жерге апарып, бастарын қосыпты. Бірақ бұл жер де оларға көп уақыт қоныс бола алмайды. Балалардың өгей шешесі қайтыс болып, сонда жерленеді. Әрхам Кәкітайұлы тағы да Мінәшті жетелеп, Мерке ауданында тұратын Зікірия деген нағашысының үйіне апарады. Меркеде Мұхтар Әуезовтің ағасы Рәзақ тұрады екен. Оның зайыбы Әлима – Әзімбайдың қызы. Осылайша Мінәш апамыз екі үйдің ортасында жүргенде, Әрхам Кәкітайұлы тағы да қатерден ықтап кетіп, Мінәшті Павлодарда тұратын, Кәкітайдың кенже қызы Бәзила келіп алып кетеді. Сонымен, Әрхам Кәкітайұлы өзі бір жақта, бала-шағасы бытырап жан-жақта, сергелдеңмен өмір сүріп жатқан кезде, күн туып, ақ түйенің қарны жарылғандай ғаламат қуанышты оқиға болып, Әрхам Кәкітайұлына Мұхтар Әуезовтен сүйінші  жеделхат келеді. Онда: «Тез келіңіз, Абай мұражайы ашылатын болды»,- деген екен. Әрхам Кәкітайұлы жүрегі орнығып, Семейге келеді. Тегінде Әрхам Кәкітайұлы Мұхтар Әуезовпен ылғи да байланысын үзбей, хабарлас болып отырған.

Сонымен, Семей облыстық атқару комитеті 1939 жылы, Абайдың туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында,  Әрхам Ысқақовты арнайы шақыртып, Абай мерекесіне дайындық жұмысына белсене ат салысуды тапсырады.

Өміріне төнген қатерден, жер аудару, атылу, қудалану, жазықсыз жазалану қаупінен құтылып, «көңілде алаң басылып», арқасы кеңіген Әрхам Кәкітайұлы енді алаңсыз шығармашылық қызметке кіріседі.

Ұлы Абайдың туғанына 95 жыл толуына арнап Әрхам Кәкітайұлы "Зағипа" атты дастан жазады. Онда Абайдың қазақ қыздарының бостандығы жолындағы еткен еңбегі суреттелген. Дастанға Абайдың өмірінде болған бір оқиға алынған.

Кеңгірбай бидің бесінші ұрпағы, кезінде мыңғырған мал мен ұланғайыр жердің иесі болған, кейіннен мал тайып кедейленген Әбдінің Зағипа деген сұлу қызы болады. Сол ауылда кірме болып жүрген, дәулет бітіп байыған Төлеген деген адам Әбдіге сүйенсем, жер мен судан тарықпас едім, деп Зағипаны баласына айтттырып, құда түсіп, қарғыбау ретінде жүз қой береді. Төлегеннің баласы басы таз, өзі ынжық, нашар адам болады. Зағипа әкесінің ұйғарған адамын көріп, күні-түні зар жылап, қайғыға батады. Төлегенге керегі - жер мен су, Әбдіге керегі - мал, олар Зағипаның зарына құлақ аспайды.

Бұл арада Абайдың ағасы Тәңірберді болыс Әбдінің аулында сияз өткізбек болады. Бұл алқалы жиынға әкесінің тапсырмасы болуы керек, Абай да келеді. Зағипа шырқырап, Абай ағасына өлеңмен мұңын шағып хат жазады. Абай Әбдіні шақырып алып, Зағипаны зарлатпа, өз бауыр етің - балаңа қалай жаның ашымайды, - десе, Әбді оған көнбейді. Одан кейін Абай Төлегенді шақыртып, мына құдалықтан бас тарт, малыңды қайтартып берейін, десе, Төлеген: мен малымды жаятын жерім болмай, көрінгеннен қаққы көріп жүрген соң, жуан ауыл ғой деп осыларға арқа сүйемек болдым. Егер құдалықтан бас тартсам, жігітектің тентектері маған күн көрсете ме, келінім кетсе кете берсін, мен осы жерде отыра берем, дейді.

Абай Зағипаға кісі жіберіп: "Мен Әбдіден де, Төлегеннен де,  арылдым, олар айтқанды ұғатын емес. Егер өзі шыдаса, орыс ұлықтарына арыз берсін, заң бойынша ер жеткен қыздың еркі өзінде болады, дейді. Зағипа оған: мен бәрібір тірі алам емеспін, ұлыққа арызды өзі жазып жіберсін, мен қолымды қояйын. Әйелдік қылып екі айтады демесін, жақсылығын өлгенше ұмытпаспын, мені қорлыққа тастамасын, дейді. Абай Семейдің мировой судьясына Зағипаның атынан арыз жазып, почташы атшабарын жіберіп, жауабын тосып алып қайт деп тапсырады. Бір жұма шамасында болысқа: қызға қорлық еткізбесін, босатып сүйгеніне берсін деген бұйрық келеді.

Тәңірберді Әбдіні шақырып алып, бұйрықты көрсетсе, Әбді көнбейді. Тәңірберді оның айтқан  сөздерін түгел жаздырып, болысқа қарсы келді деп акт жасатып, мировой судьяға қайта жібереді. Мұны естіген Әбді актіні Семей ұлығына жеткізбеу үшін екі жігітті аттандырады. Атшабар Қамысбай Семейге жақындағанда алдынан Мұқыр өзенінің жарынан  екі кісі қарсы шығып, Қамысбайға  шоқпар жұмсап, оның мойнына асқан былғары сумкасының ішіндегі барлық қағазды сол арада өртеп жібереді де, ал, Қамысбай, жаның өзіңе олжа, бізді көрдім деме деп тастап жүріп кетеді. Қамысбай оларды танып қалады, олар жігітектің белгілі ұрылары Әділхан мен Құйылыс екен. Қамысбай Семейге барып, басының жарылғанын көрсетіп, екі ұры почтаны тартып алып, өртеп жібергенін айтады. Ояз оның жанына екі стражник қосып беріп, болысқа бұйрық жазып, бұл адамдарды тез мұнда жеткіз деп әмір береді. Бұлар Қарауылдағы съезге келіп жетеді. Тәңірберді өзінің кандидаты Орманды қасына 2 кісі және мына 2 стражник пен Қамысбайды қосып, сол түнде Әділхан мен Құйылысты ұстап әкелуге жібереді.

Барғандар Әділхан мен Құйылысты ұстап алып, қайтарда жолдағы Әбдінің аулына келіп түсіп, мал сойғызып дамылдайды. Бұл шақта Әбді Жігітектің Базаралы, Бөжей, Қасқарау және тағы да басқа адамдарына кісі жібереді. Көп адам жиналып, тез ақылдасып, стражниктер мен болыс адамдары ет жеп жатқанда, Әділхан мен Құйылысты босатып алып кетеді.

Орман мен Қамысбай ұрыны тартып әкеткен 10 кісіні таныдық дейді. Оған бұрынғы екі ұрыны қосады, сонымен Жігітектің 12 адамын бұзық, үкіметке қарсы шықты деп айыптап, акт жасап. болыс, би, старшындарға қол қойдырып, мөрлерін басқызып оязға жібереді. Тез арада қасына 10 казак-орыс ертіп урядник келіп, Базаралы, Балағаз, Әбді, Уәйіс, Әділхан, Құйылыс бастаған 12 адамды ұстыа, елді қырып-жойып ойрандап қайтады. Семей мировой соты сол 12 адамды Сібірге айдалуға тиіс деп тауып, Омбыдан бекіттіріп айдауға жібереді.

Зағипа қайғыдан сарғайып, зарланып жылап жатып қайтыс болады.

Дастанға негіз болған оқиға осындай. Бұл дастан Әрхамның Абай шәкірті екенін дәлелдейтін туынды. Дастан қазақ өлеңіне Абай енгізген алты тармақты шумақтармен жазылған. Ұйқас формасы Абайдың "Бойы бұлғаң", "Ем таба алмай" сынды өлеңдерінің формасымен (а,а,ә, б,б,ә) жазылған, тек ол өлеңдерден сәл өзгешелігі - барлық жолдардағы буындарының саны бірдей, 7-8-ден келеді. Дастан "Алғысөзбен" ашылады.

                     Қартаң ой қайраттанып бойды тербеп,

                     Талпынды бір қияға құлаш сермеп.

                     Буалдыр бұрынғы өткен бұлдыр күнді,

                     Ақынға жастар жүрді айтып бер деп...

                     ... Ұмыт боп бара жатқан осы әңгіме,

                     Жазуға тура келді білгенше өңдеп,- дейді автор.

Дастан оқушыны бірден айтылатын оқиғаға кірістіреді.

                     Хан менен би қазаққа,

                     Тарттырған талай азапты,                                

                              Нашарға атар таң болмай.

                     Елден қамқор ұл туып,

                     Әділдікті ол қуып,

                               Жан ашырлық жан болмай,

                     Әйелді малға сататын,

                     Әйел зарға бататын,

                               Ол бір қырсық жол еді.

                     Сүйгеніне бара алмай,

                     Басына ерік ала алмай,

                               Зарланған әйел көп елі...

                     Кеңгірбай бидің нәсілі,

                     Олжайдың нағыз асылы,

                               Ел ағасы Әбдінің,

                     Зағипа деген қызы бар,

                     Ай мен күндей жүзі бар,

                               Аузында еді әркімнің,- деп басталады . Одан кейін Әбді мен Төлегеннің құдаласуы баяндалады.

                     Зағыш көріп күйеуін,

                     Біліп соған тиерін,

                               Нұр жүзі күл боп сөнеді...

                     ...Ас ішпей жылап күн-түні,

                     Жан қиналған зарлы үні

                               Жүйесін көптің босатты.

                     Атқа мінген азамат,

                     Естіді барша жамағат,

                               Жақсы бір қызға қош айтты....

                     ...Болса да Абай әлі жас,

                     Үлгі айтып елге болған бас,

                               Түзулік жолды жақтаған.

                     Зағипаның зар үнін,

                     Зарлауда өткен тар күнін

                               Абайға біреу даттаған.

Абай Әбдіні шақыртып алып:

                     Ішіңнен шыққан балаң ғой,

                     Зарланғаны жаман ғой,

                               Дәтің қалай шыдайды.

                     Адамдық емес қыз сатқан,

                     Теңіне бер ұнатқан,

                               Қарғатпа әруақ құдайды! - дейді. Оған Әбді көнбей:

                     Жалғыз мен бе қыз сатқан,

                     Талайлар қызын жылатқан

                               Дедің бе мені жөндеймін? - деп ашуланады. 

Абай енді Төлегенді шақыртып, Зағипаны бұл құдалықтан азат етуді сұрайды. Оған Төлеген:

                     Құдалықтан айнысам,

                     Малымды алып бой бұрсам,

                              Әбдіге жақпас ол ісім.

                     Малыма салар құрығын,

                     Басыма салар сырығын,

                               Қастасқан жауы болармын,

                     Елден көшіп кете алмай,

                     Сізге келіп жете алмай,

                               Арылмас сорға қалармын,- дейді.

Төлегеннің сөзі шын екенін, қауіптенуінің орынды екенін көрген Абай:

                     Бергізсем арыз оязға,

                     Тапсырар істі сиязға,

                               Билерге келер жұмысы,

                     Бар күшті соған салайын,

                     Серікке ертіп алайын,

  Оңдалар сонда қыз ісі,- деп,  Әбдінің аулына барады. Жанашыр ағасы келгеніне Зағипа қатты қуанады. Абай Зағипаға Әбдінің де, Төлегеннің де өз сөзіне көнбегендігін айтып:

                               Арыз бер ояз ұлыққа. 

                     Арызыңды биге жібертем,

                     Сонда өзіңе сөз берем,

                               Таймасаң айтқан сертіңнен,

                     Қайратты соған салайын,

                     Көндіріп биді алайын,

                               Құтқарам сонда дертіңнен,- дейді. Оған Зағипа:

                     Өзіңіз жаз арызды,

                     Ұмытпан еткен қарызды,

                               Әйелдік қылар демеңіз.

                     Сатылып малға күң болған,

                     Бостандыққа мұң болған,

                               Нашарды сүйеп жебеңіз,- дейді. Сонымен Абай оязға Зағипаның атынан арыз жазып, түсінікті болсын деп орысша жазады. Мөлшерлі уақыты жеткенде, ояздан арыз қайтып келеді.

                     Қызға зорлық жүрмесін,

                     Сияз жасап тергесін,

                               Босатсын болса наразы,- делінген екен.

Әбді мұны естіп шамданып, қызына кісі салып, жаудың тіліне ермесін, арыз бергем жоқ, деп айтсын, дейді. Оған Зағипа көнбейді. Онан кейін Әбді туыстарын жинап, осыны істетіп отырған Абай, ол маған бұл құдалықтан бас тарт деген, оны өлтірейік, дейді. Туыстары көнбей, кісі өлтіру оңай емес, әуелі билерге барып, солардың аузын алайық, қызыл көрсе қызығар, егер оған мүмкіндік болмаса, Абайға кісі салайық, десіп тарасады. Бұл арада:

                     Би шақырды қызды деп,

                     Қалдырма деді сізді деп,

                               Атшабар келді шапқылап.

                     Бармауыңа болмайды,

                     Қарсылыққа қоймайды,

                               Бүгіннен қалмай жүресің!

                     Ояздан келген бұйрық-ты,

                     Би жиналып үй тікті,

                               Сау қоймайды, білесің.

Әбді тағы да ағайындарын жиғызып, ақылдасады. Баруға бел буады. Би алдына барғанда, арыз бергенім жоқ деп айтсын деп, қызына шешесін жібереді. Ананың аты - Ана ғой, анасы қызына:

                     Әкеңнің жауыз мінезін,

                     Зағышым, өзің білесің,

                               Көндір дейді балаңды.

                     Сор үшін туған қарағым,

                     Не болар енді заманың,

                               Өлтірем дейді анаңды.

                     Сөзіне айтқан көнген бол,

                     "Көндім",- деп уәде берген бол,

                               Барған соң өзің білерсің,

                     Би алдына аман жет,

                     Бас сақтайтын амал ет,

                               Ұлықтың бетін көрерсің...

                     Оңыңнан тусын жұлдызың,

                     Көтерілсін дәм-тұзың,

                               Жолың болсын, қарағым.

                     Қандай қорлық көрсем де,

                     Таяққа шіріп өлсем де,

                               Шыдаймын шытпай қабағым,- дейді сорлы ана.

Әйелі қайтып кеп, Зағипа көнді деген соң, Әбді қуанып, қызын үлде мен бүлдеге бөлеп, жорға мінгізіп, салтанатпен сиязға ертіп келеді. Қыздың араша тілеп, оязға арыз беруі - бұрын-соңды болып көрмеген уақиға болғандықтан, халық көп жиналады. Төрде тоғыз би, болыс, тілмаш бәрі жиналған, Зағипаны ортаға шығарып, бостандық сұрап, оязға арыз бергенің рас па, деп сұрайды.

                     - Арызды рас бергенім,

                     Аяусыз зорлық көргенім,

                               Мал орнына сатқаны.

                     Күйеуді бермек көріңіз,

                     Ылайық десең көбіңіз,

                               Әкемнің елден тапқаны.

                     Өлсем де оған тимеймін,

                     Бас кессе де сүймеймін,

                               Көз жасыма қараңыз.

                     Кеудемнен қайғы зар шығар,

                     Мен секілді бар шығар,

                               Сіздердің де балаңыз,- деп Зағипа тайсалмай жауап береді. Тілмаш қағаздарды ақтарып, ояздан келген жарлықты оқиды. Онда қызға бостандық берілсін депті. Төбе би Байғұлақ:

                               Кім қарсы дейсің жарлыққа,

                     Төлеген малы төленсін,

                     Қыздың басы теңелсін,

                               Үлгі болсын бар жұртқа,- деп тоқтамын айтады.Жігітек биі Жабай бұған намыстанып, ашуға мініп, кісендеп қызды байлаңдар, тентегімді өзім тыямын,- деп кәрленеді. Оған Абай:        

                     - Байқап сөйле, ей Жабай,

                     Құтырғаның бұл қалай,

                               Өткен сенің заманың,- дейді. Бұл арада Қаражан би килігіп:

                     Ұлыққа істер шара жоқ,

                     Қарсыласар шама жоқ,

                               Байғұлақ сөзі алынсын,

                     Қызға ерік берілсін,

                     Төлеген малы өнілсін,

                               Құдалық бекер қалынсын,- дейді.

Басқа билер құптап,  қолдарын қойып, мөрлерін басып, Зағипаға азаттық береді. Билікке қарсы тұрмауы үшін Әбдіден қолхат алады.

                     Келісіп бұған би, болыс,

                     Мақұлдап оны хатшы орыс,

                               Шақыртып көпке естірді.

                     Сұрланған жүзі құбылып,

                     Ауызға жүрек тығылып,

                               Зағипаға ес кірді.

                     Қызғалдақтай қызарып,

                     Екі көзде нұр жанып,

                               Айтты алғыс Абай ағаға.

Дегені болмай қалған Әбді үйіне келген соң тағы да жақындарын жинап, ақылдасып, ертең Семейге почта жібереді, егер билердің қағазы мировойға тисе, жұмыс бекітіліп қалады,сондықтан қағазды ол жаққа жеткізбеу керек, ол үшін бөтенге сездірмей, үш кісі ғана барып, қағазды тартып алайық деп бәтуаласады. Сонымен Әбдінің өзі, одан кейін жігітектің белгілі ұрылары Әділхан мен Құйылыс түн қатып жолға шығады. Олар Мұқыр жарына тығылып, почташыны күтеді. Беттерін орамалмен таңып, сойылдарын жұмсап, бастан ұрып, почташының мойнындағы сөмкесінен қағазды тартып алып, жағып жібереді де, тайып тұрады. 

Почташы есін жиып, атын тауып мініп, оязға тура кетеді. Оған мән-жайды баяндап, почтаның таланғанын шағады. Ояз қаһарланып, урядникті шақырып, Шыңғыста почта таланған көрінеді, бұл - патшаға қарсылық, жауды талқан ет, деп әмір береді. Урядник жанына әскер ертіп, жолға аттанады. Тігілген үйге келіп түскен соң, болыс-билерді жинап, почташы Қамысбайдан жауап алады. Талаған жауды айтпасаң, өзіңді Сібірге айдаймын, дейді. Ол почтаны талаған Құйылыс, Әбді, Әділхан деп, шындықты айтады. Содан елу кісі жиналып, Әбдінің аулына барады.Әскерлер бастап жүреді. Ауылдағы бас көтерер ер адамдар тауға қашып тығылады. Қашқынды таппасаңдар, сендерді айдап кетеміз деп, бәрің соған серіксіңдер деп, ауылда қалған кемпір-шал, әйелдер мен балаларға ақырады. Олар үш күнге мұрсат сұрап, қашқындарды тауып беруге уағда етеді. Олар Әбдіге кісі жіберіп, бар елді күйдірмесін, ел керек болса келсін, деп хабар береді. Олар өзара ақылдасып, қолмен қылған жұмысты баспен көтерейік, ағайынды күйдірмейік, деп елге қайтып келеді. Оларды Сібірге айдап жібереді.

                     Айдалып бұлар кеткен соң,

                     Тентектік басқа жеткен соң,

                               Абайдан көрді жаласын.

                     Айдатты деп бауырын,

                     Жылатты деп қауымын,

                               Жігітектің баласын...

                     Жау көбейді Абайға,

                     Созылды арты талайға,

                               Неше түрлі күш көрді.

                     "Моласындай бақсының,

                     Жалғыз қалдым, дәп шыным",-

                               Дегендей айтар іс көрді...

                     Бұдан бұрын жетпіс жыл,

                     Өткен істі етіп жыр,

                               Тарттым жастың алдына...

                     Келгені осы-ақ шамамның,   

                     Бұрынғы өткен заманның

                               Хал-жайын естіп қаныңдар! - деп ақын өз дастанын аяқтайды.

"Әкем ақын еді... Бірақ "дарияның қасынан құдық қазба" дегендей, ата жолын қуып, баспа орындарына ұсынбаған.  Мақтан, даурықпасы жоқ, өте ұстамды, сыпайы еді. Тек 1961 жылы  күйеу баласының (Әбіш Жиреншин) ұйымдастыруымен "Зағипа" атты Абай атаның әділдігін сипаттайтын поэмасы баспадан шықты",- деп жазады Мінаш Әрхамқызы.

Абай мұражайының қолжазба қорында осы дастанның "Теңдіктің қорғаушысы Абай туралы поэма" деп аталатын қолжазба нұсқасы бар. Қолжазба латын қарпімен жазылған, аяғы жоқ, кезінде мен бұл дастанды қазіргі әліпбимен транскрипциялағам, ол мұражай қорында болуы керек. Қолжазба:

                     Төртеуі қайтты еліне,

                     Шақырған келді көбіне,

                               Құрбанға шалар тоқтыдай.

                     Мойындарын ұсынып,

                     Болар іске түсініп,

                               Өлімді күткен адамдай,- деген шумақпен аяқталады.

Қолжазба нұсқа мен баспадан шыққан поэманы салыстырсақ біршама өзгерістер, қысқартулар кездеседі.Мәселен:

"Зағипаның айтқан көп өлеңдерінің ел аузында қалған бір аузы мынау: мысал үшін:

                     Қонады бозша торғай жар басына,

                     Мінеді орыс-ноғай арбасына.

                     Лайық ақ сұңқарға тұйғын едім,

                     Іліндім Төлегеннің қарғасына.

Сол кездегі жастардың Зағипа жайында айтқаны:

                     Әбдінің бір қызы бар Зағипа атты,

                     Қалқаның сөзі шекер-балдан тәтті.

                     Айнаның ішіндегі бөпесіндей,

                     Қойнына қу шұбардың қайтып жатты".

Дастан мазмұнына нұқсан келтірмейтін осындай біраз қысқартулар баршылық.

1940 жылы Абайдың туғанына 95 жыл толуы аталып өтеді, енді ақынның 100 жылдығына дайындық басталады.

1941 жылы  Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туған сұсты кезең басталады. Ер азаматтар жауға қарсы аттанады, олардың орнын әйелдер, балалар, еңкейген қариялар басып, еңбек майданына шығады. Әрхам Ысқақов өзінің шығармашылық еңбегімен, жалынды жырларымен халықты жауға қарсы күреске үндейді. Мысалға "Екпінді" (қазіргі "Семей таңы") газетінің 1942 жылғы 8 наурыздағы санында жарияланған "Ер анаға" атты өлеңін келтірейік:

                     Қарындас, ана, жеңге, қыз бен келін,

                     Сенімді сүйенішім, асқар белім.

                     Ерлерді жау жоюға аттандырдың,

                     Қызмет ет, сол орында, толтыр кемін.

                               Азаттық, бостандықтың қас дұшпаны,

                               Сұмдарға қара жүрек қайнап кегің.

                               Еңбек ет, жан аяма Отан үшін,

                               Орында аманатын кемеңгердің.

                     Өрлесін бостандығың күндей шалқып,

                     Мерейің аса берсін бағың артып.

                     Ел атын ер шығарар еңбек еткен,

                     Пайдалан техниканы түгел сарқып.

                               Бағыңды жеңіп алған сақта жаудан,

                               Қимылдар күнің туды көкті шарпып.

                               Ерлермен тізе қосып, қират жауды,

                               Күйресін сұм фашистер қалмай тамтық.

Әрхам Кәкітайұлы Жеңіске жететінімізге кәміл сенді, халықты майданға кеткен ер азаматтарды жоқтатпай, олардың орнында еңбек етіп, жауды талқандауға шақырды, майданда жүрген жауынгер інілеріне өзінің өлеңмен жазған хаттарымен дем беріп, жігер беріп отырды.

Сондай жалынды өлеңдерінің бірі - майданда жүрген Жәрдем Тілековке жолданған хаты.

                     Сүйікті сүйенішім, Жәкіш інім,

                     Ұстазым көзімді ашқан, берген білім.

                     Дұғагөй кәрі ағаңның сәлемін ал.

                     Жүректен, сағыныштан айтқан шынын.

                               Музейге өзің жиған қымбатты зат,

                               Тарихта жоғалмастай қалдырған ат.

                               Өтсе де жүз мың жылдар ұмытпайды,

                               Көрсек деп сағынады сау-сәламат.

                     Қолыңмен өзің еккен тоғай мен гүл,

                     Бас изеп бір-біріне, айтысып сыр.

                     Сау қайтсын бізді өсірген азамат деп

                     Тұрғандай, жоқ болса да айтарлық тіл.

                               Кітаптар, әдебиет, шкаф толы,

                               Ғалымы жер жүзінің жазған оны.

                               Азамат бізді оқитын сау келсін деп,

                               Тұрғандай көтеріліп саған қолы.

                     Абай тұр ақ батасын бергендей боп,

                     Ұрпағын сөзін ұққан көргендей боп.

                     Қолынан аттандырған қаһарманы,

                     Жауды жеңіп қайтады деп сенгендей боп.

                               Хан Абылай, Қабанбай, қарт Бөгенбай,

                               Оғын қардай жаудырған ер Көгенбай.

                               Солардың жолын берсін, бауырым, саған,

                               Жауынан қайтқан емес ол кек алмай.

                     Ер туса, ұлан-байтақ ел көгермек,

                     Елінен шын бата алған ер көгермек.

                     Қырағы қызыл қыран, қымбатты ерім,

                     Сендер қайтсаң, құлпырып жер көгермек.

                               Фашисті жер жүзінен өшіріп қайт,

                               Ағызып қанын судай, көшіріп қайт.

                               Қолға ұстап қызыл туды қарсы аламыз,

                               Бақытын туған елдің өсіріп қайт.

                     Музейде қарақшы боп отыр ағаң,

                     Үй-іші, бала-шаға түгел аман.

                     Қайырлы ғұмырыңды Хақтан сұрап,

                     Хат жаздым, осы-ақ болды келген шамам.

 

Әрхам Кәкітайұлы. 1942 жыл. Семей. Абай музейі.

Өлең мазмұнынан Жәрдем Тілековтың Абай мұражайының ашылуына, оның қорының құрылып қалыптасуына көп еңбек сіңіргендігі көрінеді. Бұл кісі жазушы адам еді. Мен бала кезімде ол кісінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ел өмірін суреттеген "Шалғай шепте" атты романын оқыған едім. Және де өлең мазмұнынан көрінгендей, ол кісі Абай мұражайының директоры болған шығар. Бейсауат адам мұражайға ағаш, гүл екпейді ғой. Және де кезінде біздің бір  әдеби кешімізде сөз сөйлеген Қайым Мұхаметханов мен бұл мұражайдың сегізінші директорымын, деген еді.

Осы өлең хатқа Жәрдем Тілеков те майданнан өлеңмен жауап жолдапты. Көп жері ескіріп, өшіп қалғандықтан, Мінәш Әрхамқызы бірер шумағын ғана келтіріпті.

 

Әрхам ағаға 

 

                     Шығыста хатыңды алып, ақын інің,

                     Теңіздей тасқындатсын асыл жырын.

                     Сәлемін Жәкішіңнің қабыл алшы,

                     Тегінде ақын білер ақын сырын,

                               Ендеше ... өскен ғасырымын,

                               Ардақты адам атты асылымын.

                               Майданда жауды оқпен, сөзбен атқан,

                               Жайықтың Махамбеттей батырымын...

 

Хабаровск. 1942 жыл. Март.

 

1944 жылдары Әрхам Кәкітайұлы Абай, Ақсуат аудандарын аралап, облыстық ақындар айтысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Сол айтыста өзі Абай ауданы атынан айтысады.

                     Бұл елден Абай сынды дана туған,

                     Нарманбет, Көкбай бұлбұл және туған.

                     Байкөкше, Барақбайлар дара туған...

                     Мен қалған осылардың сарқытымын,

                     Еншіге аз ғана сөз ала туған,- деп толғайды ақын.

Осы айтыстың тағы бір айғағы - Абай мұражайы қорында сақтаулы тұрған Абайдың сағаты. Оны мұражай қорына Ақсуат ауданының тұрғыны Кәрім Өтеуов арада 40 жылдай уақыт өткеннен кейін тапсырған көрінеді. Сол айтыс кезінде Әрхам Ысқақов жанындағы серіктерімен осы Кәрім Өтеуовтің үйіне түседі. Үй иелерінің ыстық ықыласына қатты риза болған Әрхам Кәкітайұлы өзі тағып жүрген Абайдың сағатын ескерткішке сыйға тартқан екен.

1945 жылы біздің жауынгерлеріміз Жеңіске жетіп, елге оралады. Бейбіт өмір басталады. Халқымыз Абайдың 100 жылдық торқалы тойын зор табыспен өткізеді.

Сол жылы, той өткеннен кейін Әрхам Кәкітайұлы Сыртқы Қасқабұлақ басынан  тоған алып, тоғай егіп, көкөніс салатын орын даярлайды. Өзі ол шақта Қасқабұлақ колхозында есепші болатын. Сонымен қатар шпалдан нөмірлетіп,  қиғызып, ағаш үй салмақ болып, есік-терезе, төбе жабатын қаңылтырын, шатырына дейін даярлатады. Бұл істі Аханаев Үбіғали деген адам да қостап, ол да сол жерден ағаш үй салмақ болады. Колхоз бастығы Әрхам Кәкітайұлының осы Қасқабұлақ басын көркейтіп, үлгілі, атаулы орын жасамақ болған игі ниетін теріс түсінді ме, әлде пендешілік, іштарлық биледі ме, анығын Алла біледі, оған: "Бұл колхоз жері, ата қонысты иемденіп, үй салып алатын заманың жоқ",- деп, әрі заң орындары да араласып, Әрхам Кәкітайұлының ақ ниетін аяқасты етеді. Тындырмақ болған өнегелі ісіне кедергі келтірген ағайындарына өкпелеп, Әрхам Кәкітайұлы Аякөз қаласына көщіп кетіп, дайын тұрған материалдардан алты бөлмелі үй салғызып, 1953 жылға дейін сонда тұрады. Әрхам Кәкітайұлы сол 1953 жылы елге көшіп келіп, ұлы Шағатайдың үйіне орналасады.

 "Көңлі әлденеге орнықпай, бірде Семейге, бірде Жидебай басына барып, үйге жиі ақсақалдар жиналып, әңгіме-дүкен құрып отыратын, Бір күні, Ермұса, Балтеке, Кенжетілеу, Бәшейдің Мұхтары, Ахметбек, Ораз, Өмірзақ, Жанболат т.б. он-он бес адам жиналып, бір әбігер әңгіме құрды да, тездеп бір-бір атқа қонып Жидебай жаққа жөнелді. Осы кеңестің ішінде болған жолдасым Нұрғалыдан "бұл не әбігер, әкемдер асығыс қайда кетті",- деп сұрадым. Абай атамның сүйегін қазып алып Алматы ма, Семейге ме, апарып қойып, басына ескерткіш орнатпақ екен. Соған бола Жидебайға біреулер келген бе, әлде аудан басшылары ма, бір әңгіме бар. Соған Абай сүйегін көшіруге наразылық білдіріп, өз пікірлерін айтпақ екен. Маған жоғары орынға осы наразылықтарын орыс тілінде, қазақ тілінде жазып даярла деп, Әрхаш ағам тапсырып кетті деді. Әкем Жидебайдан келген соң, Нұрғалы жазған арыздың қазақшасын өз қолымен арабша жазды да тездеп Алматыға кетті",- деп жазады Мінәш Әрхамқызы.

Иә, бұл кезде Кеңес Үкіметі полигон үшін Абыралы ауданын таратып көшіргені белгілі.  Сондай күн Абай ауданына да тумақшы еді. Әрхам атамыз бастатқан ауыл ақсақалдарының жігері мен қайраты, көзсіз ерлігі ғана Абай ауданын бытырап кетуден аман сақтап қалды. Ел басына тағы да ауыр күн туған осы кезеңдегі бұл адамдардың ерлігін ешқашан естен шығармау керек. Өйткені Абайдың денесін Семей қаласына жерлеп, үстінен ескерткіш орнатып, ал аудан адамдарын тоз-тоз қылып көшіріп, жерін полигонның емін-еркін атқылауына бермек болған одақтық жоспар осы адамдардың көзсіз ерлігі арқасында іске аспай қалды. Олар ең алдымен Абайдың денесін беруден бас тартты. Күні кеше ғана соғыс жылдары елімізге жер аударылған бауырлас шешен ағайындар өз еліне қайтарда осы араға аманат жерленген адамдарының мәйіттерін сандыққа салып, қастерлеп өздерімен ала кеткенін айтып, өздері де солай ететін ниетін жеткізді. Халық қаншама уақыт алаңдап, ұлы бабасының зиратын күзетіп, сапырылысқан үлкен жорықтай кезең болды.

"Әйтеуір әкем Алматыдан көңілді оралды. Арызға қол қойған "батырлар" ақсақалдар бас қосып, сабырлы әңгімелесіп, жайшылықтағыдай жайдары отырысты. Бірақ әкем сабыр таппай, анда-мында барып жүріп, Жидебай басына "оқу үйінің меңгерушісі" деген бұйрық алып, көшіп барып орнығып отырды",- дейді Мінәш Әрхамқызы.

"Сол жылдың күзінде Абай елі коммунистерінің конференциясы болып, Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сужиков жолдас үш жарым сағат сөз сөйлеп, жұртты зор қуанышқа кенелтті.

Сужиков СОКП-ның Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелерімен келісіп қайтқанын әңгімеледі. "Қазақ халқының тарихына тікелей қатысы бар ауданды көшіріп, халықаралық әңгіме көтеруге барудың қажеттігі жоқтығын" айтқандарына баса назар аударды... Абайдың денесі Семейге әкетілмейтін боп, ауданның көшірілмейтініне разы болған делегаттар жоғарғы үкімет басшыларына ұзақ уақыт қол соғып, қошамет көрсетті",- деп жазған жазушы К.Оразалин (Оразалин К. Абай ауылына саяхат. Алматы, Жалын, 1994. 163-164 беттер) осы кез турасында.

Абай туралы көкіректегі алаңы осылайша басылған Әрхам Кәкітайұлы енді қайтадан өз жұмысына алаңсыз кіріседі.

Абайды көріп, білгені бар, көкейге тоқып түйгені бар  Әрхам Кәкітайұлы 1939 жылдан бастап, «көз жұмғанша дүниеден» Абайды зерттеу, насихаттау ісімен айналысады, Абай туралы, оның айналасы туралы білгісі келген көзі ашық жастар үшін Әрхамның өзі бір үлкен  мектеп іспетті болады.

Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының  ірге тасын қаласып, шаңырағын көтеруде, мұражайдың қалыпты жұмыс жүргізуіне Әрхам Кәкітайұлы үлкен еңбек сіңірді. Абай мұражайы ашылған соң 1940 жылдан 1948 жылға дейін Әрхам Ысқақов ғылыми қызметкер лауазымында жар құлағы жастыққа тимей, мұражайды өркендету жолында тынымсыз еңбек етті. Мұражай қорын байыту, Абай туралы, Абайға қатысты  материалдар жинау ісіне Әрхам Кәкітайұлы зор еңбек сіңірді. Оның Абайды зерттеу ісіндегі тындырған жұмысы -  маңызын ешқашан жоғалтпайтын, уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін асыл қазына деп айтсақ, еш қателеспейміз.

Ең алдымен, Әрхам Ысқақов ақынды көзімен көрген Мүсірәлі, Қорамжан, Смайылхан, Дәулетияр, Құсайын, Төлеу, тағы да басқа Абай замандастарының естеліктерін жинап, жазып алды, Сол еңбектің арқасында мұражайға 70-тен астам бағалы естеліктер жинақталып, бұл естеліктер мұражайдың қолжазба қорының негізін салды.

Екіншіден, Абайдың ақын-әнші шәкірттерінің, туыстарының өмірбаяндарын жазып, олардың ел аузында шашырап жүрген шығармаларын  қағаз бетіне түсірді. Ақылбайдың «Зұлыс» дастаны, Көкбай, Төлеу, Қуандық тағы басқа Абай замандастарының шығармалары мұражай қорына Әрхам еңбегімен келіп түскен. Төлеу Көбдіковтің «Төлеу ақынның 60 жасқа келгенде туған ұлымен айтыстым деген өлеңі», «Төлеу ақынның өз ақылынан ақыл сұрағаны», тағы да басқа бірталай жарияланбаған шығармалары Әрхам Ысқақовтың қолжазбасында Абай мұражайында сақтаулы тұр.

Үшіншіден, Абай оқып, ертекші досы Баймағамбетке айтып беріп, халыққа Баймағамбет арқылы кең таралған орыс, Батыс Европа классиктерінің шығармаларын да Әрхам Ысқақов жазып алып, мұражай қорына тапсырып отырған.

Төртіншіден, Әрхам қазақ тұрмысында кең қолданылған мүліктерді, заттарды жинап, жетпейтіндерін Абай аулының үлгісімен жасаттырып, мұражай қорына тапсырып отырған. Сөзіміздің айғағындай, 1947 жылғы 23 желтоқсанда жасалған еңбек шартында (Абай мұражайы қоры, 19-папка,75 -бет) Әрхам Ысқақов үш сырмақ, бір алаша және бір киіз жасаттыруға шарт жасаған. 1948 жылғы 6 мамырда жасалған еңбек шартында ( Абай мұражайы қоры,19 -папка, 78 -бет) тобықты руының  Абай дәуірінде қолданған үлгісімен жастық тысының 5 кестесін жасаттыруға міндеттелген.

1948 жылғы 11 қарашада жасалған еңбек шартында ( Абай мұражайы қоры, 19-папка, 47-бет) Әрхам Ысқақовты Шымкент, Ташкент, Луговая, Пахта-Арал, Жамбылға іссапарға жіберу туралы айтылған. Абайдың сол жерлерде тұратын туыс-жақындары Ғабдолжәлел Ырыздықбаев, Мүкәрам, Кәмалия, Мәкен, Ұлықбек, Ақыш және тағы басқалардан Абай туралы әңгімелер, естеліктер, оған қатысты заттар мен материалдарды сұрастыру жүктелген. Іссапар барысында Әрхам Кәкітайұлы олардың қолдарында сақталған Абайға қатысты заттар мен ақын   туралы естеліктер мен құжаттарды есепке алуға, мұражайға керекті материалдарды сыйға немесе сатып алуға, Абайдың туыстарымен   ақын туралы естелік жазуға шарт жасасуға міндеттелді. Құны 500 сомнан асатын заттар не құжаттар кездессе, оларды мұражайға хабарлауға тиістігі  ескертілген.

Абай мұражайының мұрағат қорында Әрхам Ысқақовтың өз қолымен жазылған, осы іссапардың жоспары бар:

1) Ташкентке барып, ондағы журнал, газеттерден Абай туралы мақалалар іздеу, Мүрсейіт қолжазбасын қарау, кілем, жібек т.т. әкелу, онда Абайдың немере келіні тұрады, оған жолығу;

2) Пахта-Аралда тұратын Абайдың туыстары Ғабдолжәлел Шаймерденов пен Медеуқан Ырзықбаевқа жолығу, Халиолланың өмірі туралы шығарылған жоқтауды жазып алу;

3) Шымкентте Кәмалияға жолығып, естеліктерін жазып алу;

4) Жамбылдағы туыстары - Абайдың немересі Мәкен мен Еркежанның бауыры Ұлықбекке жолығу;

5) Луговойға бару, онда Ақыш, Абайдың келіні Дәмежан, құдасы Мағзұм, Қабышқа жолығу жоспарланған.

Осы іссапардан оралғанда Әрхам Кәкітайұлы үлкен уникумдық экспонат - Ұлықбекте сақталған Абайдың шапанын әкеледі. Америка президентінің орынбасары, вице-президент Уоллес Семейге келгенде облыстық атқару комитетіндегілер шапанды мәртебелі қонаққа көрсетеміз деп мұражайдан сұратып алып, оны сол қонаққа сыйлап беріп жібереді. Мұражайдың сол кездегі директоры Аужановтың бұл туралы жазған мәлімдемесінен трагикомедиялық жағдайды көреміз.

 Әрхам Ысқақовтың осы іссапарының нәтижесінде үлкен бір қолжазба жинақ дайындалып, Абайға қатысты баға жетпес құнды материалдар мұражай қорына түсті. Соның бір бұлтартпас айғағындай болатын бір құжат – Абайдың келіні Кәмалия Әубәкірованың мұражайға ұсынған шоты. Бұл құжатта Кәмалияның мұражай қорына  Абайдың протез тістері мен тоғызқұмалақ ойынын өткізгені айтылған. Аталмыш құнды заттар  Абайдың Жидабайдағы мұражай үйінің экспозициясында сақтаулы тұр.

Бесіншіден, Абайдың жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдеріне орай Қазақстанның ұлы суретшісі Әбілхан Қастеев салған, ақынның туып-өскен, өмір сүрген жерінің табиғатын суреттеген туындылары мұражай экспозициясында көрмеде тұр. Осы жұмыстарда салу үшін Ә.Қастеев елуінші жылдары Абай еліне келгенде Әрхам Ысқақов суретшіге ақынның туған жерін аралатып, бірге жүріп көрсеткен. Бәлкім, осы пейзаждарды салу  кезінде оған ақыл-кеңес беруі де мүмкін ғой...

Сондай-ақ мұражай экспозициясында тұрған, көрермендердің қызыға тамашалайтын көзайымына айналған, ақынның Жидебайдағы қыстауының, сегіз және төрт қанатты киіз үйлерінің макеттерін суретші Долгунин осы Әрхам Ысқақовтың естеліктері бойынша жасаған.

Жидебайдағы мұражай-үйді жабдықтауда да Әрхам Кәкітайұлының естеліктері молынан пайдаланылды.

Тағы бір орасан зор еңбегі - Әрхам Кәкітайұлы ширек ғасырдай көзінің майын тауысып еңбектеніп, ізденіп, «Абайдың өмір жолы (ақын өмірінен естігенім, білгенім және көргенім)» деп аталатын көлемді еңбек жазып, біздерге қалдырды (машинкаға басылған  195 бет, оның 18 беті - кісі, жер, су аттарына, кей оқиғаларға берілген түсіндірмелер). Шығарма мынадай тараулардан тұрады:

1. Ақынның балалық шағы.

2. Ақынның жастық шағы,

3. Отау иесі.

4. Өмір талқысында.

5. Халық қамқоры.

6. Өмір соққысы.

7. Соңғы сапар.

8. Ақынның мұрасы.

Осы тарауларға қысқаша тоқтала кетейік.

Кітаптың бірінші тарауында автор Құнанбайдың қоныстарын атап, олардың табиғатын суреттейді. Абайдың дүниеге келу тарихын, оның азан шақырып қойылған Ибраһим аты қалып, Абай атану себебін баяндайды. Ғабитхан молданың Құнанбай ауылына келу тарихы айтылады. Құнанбай балаларының одан оқып, мұсылманша хат тануы сөз болады. Абай одан кейін Семейдегі Ахмет-Риза медресесіне түсіп, сонымен қатар қалалық приходтық мектепте білім алғандығы туралы айтылады.

«Ақынның жастық шағы» деп аталатын екінші тарауда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясымен ұқсастықтар кездеседі, әсіресе Абайдың оқудан ауылға қайтып келу эпизодында. Бұл таңданарлық нәрсе емес, екі автордың да сол арада әңгімелеп отырғаны - бір оқиға, бір адам. Бұл тарауда сондай-ақ Халиолланы оқуға жіберу тарихы айтылады. Құнанбайдың Абайды ел билеу жұмысына баули бастауы суреттеледі.

«Құнанбай жас Абайды шу дегеннен ауыр жұмысқа салмайды. Барып кел, айтып келден бастап,  баласының өз тапсырмасын қалай орындауын бақылап, ойындағыдай нәтиже беретініне көзі жеткен соң өзі шешетін ірі дау, қиын тартыс, аңдысып айтысып, арбасып отыратын келелі кеңеске бірге ертіп барып, бөлтірігін қозы жеуге үйреткен қасқырдай баулып, әдіс-тәсілге көзін қандырып, бойын үйретеді. Өзі басқарып отырған ұлықтың жұмыстарына қатыстырады. Өзімен әріптес, дос-жора жолдастарымен таныстырмақшы болады. Сол мақсатпен Қарқаралы дуанына қызмет бабымен баратын болғанда, Құнанбай Абайды да ертіп апарады»,- деп жазады автор.

Сонымен қатар осы тарауда Алшынбай туралы айтылып, оған мінездеме бергенде автор халық жадында сақталған өлеңдерді ұтымды түрде қолданады. Мысалы, Қалдыбай қожаға Тіленші би (Алшынбайдың әкесі):сен ылғи кісіні мақтап өлең айтасың, мені бір ауыз өлеңмен әрі мақтап, әрі жамандап өлең айт, дегенде Қалдыбай былай депті:

            Тіленші, Бекболаттан туған ұлсың,

            Базарда бағаң артық қымбат пұлсың.

            Кейде олай, кейде бұлай мінезің бар,

            Жүгіндей ақ түйенің аума құлсың.

                     Қайырымың бар еді жоқ-жарлыға,

                     Беруші ең ер құнын келсе алдыға.

                      Әулиесіп фақырға көп күлуші ең,

                     Қатының - ақсақ, балаң – таз келді алдыңа,- деген.

Бурақан бір топта Алшынбайға кездесіп, сәлем бергенде, Алшынбай: «Әй, қожа, сен маған неге жоламай қойдың, елдің берген сыйын мен де беремін»,- дегенде Бурақан:

            Алшеке, аузың берер, қолың бермес,

            Өтірікші құдайдың жүзін көрмес.

            Әуелден үлкен ауыз – сіздің ауыз,

            Өзі алмаса, өзгеге беруші емес,- депті.

Сондай-ақ бұл тарауда Бөжей мен Майбасар арасындағы оқиға тарихы айтылады.

Үшінші, «Отау иесі» атты тарауда Құнанбай мен Абай Қарқаралыға келгеннен соңғы оқиғалар, Бөжей мен Майбасар арасының шиеленісіп ушығуы баяндалады. Мұсақұл соғысы суреттеледі. Құнанбай мен Мұса Шормановтың ара қатынасы, Мұсаның көмегімен Құнанбайдың қылмысты ісі қысқартылып қалғаны суреттеледі.

Сондай-ақ бұл тарауда Абайдың үйлену оқиғасы баяндалады.Құнанбайдың үш баласын қатар, бір-ақ үйлендіріп, енші беріп, отау тіктіргені айтылады. Абайдың орысша оқуына Халиолланың көмегі баяндалады.

«Өмір талқысында» деп аталатын төртінші тарауда Абайдың ағасы Тәңірбердінің болыс болуы айтылады. Құнанбайдың Нұрғанымға үйлену тарихы сөз болады. Ысқақ болыс болып, оған Абай ақыл-кеңесін беріп, басшылық жасап отырды делінеді. Естелікте Абайдың өзінің де болыс болғаны айтылмайды, ал Абайдың да болыс болғандығын айғақтайтын құжаттар мұражай қорында сақтаулы тұр.

Олжабай-Шөкей оқиғасы айтылып, Абайдың әйел теңдігі үшін күресі  көрсетіледі.

Тарауда сондай-ақ Оспан туралы мәліметтер, оның отбасы жағдайы, Күнтудың болыстыққа өтіп кету тарихы, осыдан өрбіген жаулық, араздық  суреттеледі.

Бұл тарауда Халиолла мен Шоқан байланысы сөз болады. Мәселен:

«Халиолла Шоқанның басшылығымен оқыған сабағын түсініп, өте жақсы деген баға алып, зейінді, зерек деген атаққа жетеді. Халиолланың болашағы зор екенін байқаған Шоқан сабағынан бос мерзімде әдебиетпен таныстыра бастайды. Оны ұғына бастаған соң жылдан-жылға жоғары жетектеп, орыс жазушы, ғалымдарының шығармаларын оқытып, ұқпағанын айтып түсіндіріп ұстаздық етеді»,- деп жазады автор. Бұл жазылғанды дәлелдейтін дерек әзірге кезікпей келеді. Бірақ Халиолланың Шоқанның інілері Махмұттармен бірге оқығаны шындық. Бұл жөніндегі мұрағат деректері мұражай қорында бар, әрі баспасөзде де жарияланған. Әрі Г. Потанинге Халиолла жайында айтқан да – Махмұт.Сондай-ақ Халиоллаға жазылған үш хаттың Шоқанның жазбалары сақталған папкадан табылуы да аз сыр айтпайды.

Сондай-ақ бұл тарауда Абайдың Әйгерімге үйлену тарихы айтылады.

Қарамола съезіндегі оқиғалар суреттеліп, сол туралы Мүсірәлі қарттың естелік әңгімесі келтіріледі.

Абай мен Көкбай достығының тарихы айтылады.

Абайдың өз балалары Ғабдырахим, Мағауия, Күлбаданды Семейдегі приходтық мектепке оқуға бергені айтылады.

«Халық қаһарманы» деп аталатын бесінші тарауда Оспан мен Оразбайдың жаулығы баядалады.

Халиолланың Тінібайдың қызы Айғанымға  ғашық болу оқиғасы айтылады. Тек осы жерінде, неге екені белгісіз, автор Тінібайды Құнанбайдың құдасы емес, күйеу баласы деп көрсетеді. «Байлыққа қолы жеткен Тінібай атақ іздеп Құнанбайдың Ұлжаннан туған Мәкеш деген қызын тоқалдыққа алып, Мәкештен Ғалиәкпар, Ғалиасқар деген екі ұл туыпты»,- дейді автор.

Халиолланың өлімі туралы айтылып, Смағұлдың осы жөніндегі естелігі келтіріледі.

Көктума деген жерде өткен съезд жайында баяндалып, онда Абайдың төбе би болып сайланғаны айтылады.

Абай мен Нүркенің достығы, Мұқаның пана іздеп Абай аулына бару тарихы айтылады.

Әрхам Кәкітайұлы да М. Әуезов сияқты Абай мен революционер-демократ Е. П. Михаэлистің алғаш жүздесуін Гоголь атындағы кітапханада болып еді дейді.

Тарауда Мағауияның үйлену тарихы, оның ел ішіндегі даулы мәселелерді шешуге араласа бастағаны суреттеледі.

Абайдың бұл шақта шығармашылық жұмысқа, аудармаларға көңіл бөлуі, өз шәкірттерін баулып, бағыт-бағдар сілтеп, қателіктерін көрсетіп, түзетіп отырғаны айтылады.

Алтыншы, «Өмір соққысы» деп аталатын тарауда Құнанбайдың 71 жасқа келгенде  Мекеге қажыға аттануы, онда қазақ мұсылмандары үшін «текие» деп аталатын қонақ үй салдырғаны айтылады.

Оспан қазасы, Абайдың Жидебайға орналасу оқиғасы әңгімеленеді. Оспан өлгеннен кейін  Абайдың баласы Ақылбай Әзімбайлың азғыруымен Еркежанға үйленбек болды, деп айтады автор. Бұл мәселе Абай туралы басқа бірде-бір деректе кездеспейді. Сондықтан бұл дерек сын көзбен қарауды қажет етеді.

Бұл тарауда Әбіштің сырқаттануы және дүниеден өтуі айтылады.

Тарауда Мұқыр съезі кезінде Абайға жасалған қастандық, керей, найманның игі жақсыларының бітістірмек әрекеті сөз болады. Оразбай баласы Медеуді жіберіп, ол Абай аулында үш күн қонақ болып жатып, татуласып қайтады және ол ақша әкелді, делінеді. Кейіннен мұрағаттан табылған, Абайдың сенатқа жазған хаты бұл деректі теріске шығарады.

«Соңғы сапар» деп аталатын жетінші тарауда үш черкестің Абай еліне келуі айтылады. Абайдың қолөнерге қамқорлығы суреттеледі. Ұлт ойындарына қатты көңіл бөлгені сөз болады.

Абайдың шәкірттерін орысша сөйлеуге, оқуға баулығаны туралы айтылады. Өмірі орыс мектебінің есігін ашып көрмесе де, Абайдың көмегімен орысша үйренген көршілері Хабидолла, Махмет, Сүлеймен, Мүрсейіт, Солтабайдың Ысқағы деген адамдардың есімдері аталады. Және де осылардың ішінде Солтабайдың Ысқағы орыс мектебін бітіріп, Оспанның хатшысы (іс жүргізушісі) болғандығы туралы мұрағат дерегі бар. Мұражай экспозициясында бұл адамның Оспанмен, Дүтбаймен бірге түскен фотосуреті қойылған.

Бұл тарауда Абайдың күнделікті мінезінің көптеген қызықты деректері келтіріледі.

«Абайдың мінезіндегі бір ерекшелік – сәлем беріп кіріп жатқан адамдардың бетіне қадала қарап шығады. Ассалаумағалейкүм деп айтпайды, Олар отырысымен неге келгенін , не жұмысы бар екенін сұрайды. Оған дұрыс жауап қайтарған  кісі болса, яки бір қажетті іспен келгенін айтса, жұмысын қолма-қол бітіріп, көңлін тындырып болады да, ал, ана оңаша үйге бар, тамақ іш дейді.

Егер кібіртіктеп, сізге сәлем бергелі келіп едім десе, бар, тамақ іш деп қонақ үйге жібереді. Қанша көп жатса да оны қумайды, бірақ енді қайта келіп, сізде шаруам бар еді дегенге қолын бір-ақ сілтейді, сөзін тыңдамайды.

Екінші бір мінезі: бір адам сөз сөйлесе бар ынтасын қоя тыңдайды. Ол сөйлеп болғанша бір ауыз сөз қоспайды. Егер сөзі дәмді болса оған сұрақ қойып әңгімелеседі, дәмсіз болса, болды, тоқтат деп қайрып тастайды. Еш адамды жақындығына, байлығына, абырой-атағына қарай бағаламайды. Айтқан сөз, еткен ісіне қарап оған тиісті сыбағады бағасын береді. Ол адам нашар деп кемітпейді»,- деп жазады.

Бұл екінші мінезі Абайдың:

            Сөзіне қарап кісіні ал,

            Кісіге қарап сөз алма,- деген өз қағидасын өзі берік ұстағанын білдіреді.

Шығармада Абайдың күнделікті әдеттері, киетін киімдері туралы да құнды деректер беріледі. Мәселен, "бар киген киімі көйлек, штан, басына қазақша сырып тіккен тақия киеді. Егер үй салқын болса, арқасына жеңіл шапан жамылады. Басқадай киім кимейді»,- дейді. Немесе, «Абайдың шай ішетін ыдысы стакан, шайды қант салып шайқап суытып, екі стакан ғана шай ішеді, 3-4-тей бауырсақ, тоңазытып туралған 2-3 жапырақтай ет жейді. Шайды жинап алысымен столға таза дастархан жайғызып, Абайдың өзі оқып отыратын кітабі, ақ қағазы, қарындашы қойылады. Олармен қатар беті ашық, сырты шойын қара сағат,  ұсақ жазған әріптерді  ірі көрсететін томпақ шыны, насыбай салған қара шақша тұрады. Бірақ, оларды көп қолданбайды, керек болғанда ғана бетін ашып қарап қояды»,- деп жазады.

Түскі сағат 12 болғанда отырған адамдардың бәрін шығарып жіберіп, шымылдықты түсіртіп сол отырған орнына жатып бір сағат ұйықтап тұрады.

Содан кейін 1 стакан қымыз яки айран ішеді. Сағат 2 шамасында ет келеді... Абай аса көп жемейді, орташа ғана жеп тоқтайды. Түстен кейін жұмыспен келушілер тарағанда қоналқаға қалғандар  қонақ үйге барып орналасады, жаз күндерінде Абай көлеңкеге сырмақ, кілем төсетіп үйден шығып отырады. Күндегі әдеті бойынша мал баққандар, бие сауғандар, үй шаруасын істейтін әйел, еркек, қыз-келіншек, бозбалалар Абайдың айналасына келе бастайды. Абай олардың аздаған болса білетұғын өнерлерін байқап тапсырма береді... Өзі де солармен бірге қызықтасып күліп рахаттанып отырады. Олардың жаңылғаны, қателескені болса, айтып түзеп береді.

Шам жаға үйге кіріп, шай ішіп болған соң үйдегілерді шығарып жіберіп, оңаша қалып кітап оқуға кіріседі. Анда-санда қағазға жазып қойып отырады. Содан түндегі ет піскенде 4-5 жапырақтай ет жеп, бір тостағандай сорпа ішеді. 

Абай түнде көп ұйықтамайды, шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып, кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Аздан кейін щамды өшіріп жатып қалады, аздан кейін тағы шам жағып кітап оқып отырады.

Абай күндіз оқуға, жазуға көп көңіл бөлмейді. Кейбір кезі келіп қалғанда ғана бір-екі бет өлең яки қарасөз жазып тастайды.Көбінесе кітап оқуы, жазуы шам жаққаннан кейін ғана қарайтын әдеті болуы керек».

Одан кейін автор 1903 жылы Абай үйінің тінтілуі туралы айтады. Бұл оқиғаны дәлелдейтін мұрағат деректері Абай мұражайының ғылыми қызметкері, марқұм Мұздыбай Бейсенбаевтың «Жұлдыз» журналында (1982 жылғы № 4) жарияланған «Ұлы өмірдің белестері» атты еңбегінде егжей-тегжейлі айтылған, оқырманды сол дерекке сілтеймін.

Одан кейін автор Мағауияның өмірін, отбасы жағдайын баяндайды. Оның өлімі, халықтың Абай қайғысына ортақтасуы,  сол ауыр қайғыдан Абайдың көз жұмуы туралы айтылады.

Абайдың қырқын Семейде Бекбай Байысовтың үйінде өткізген түні Абайдың баласы Ақылбай дүниеден өтеді.

Туындының «Ақынның мұрасы» деп аталатын соңғы тарауында Абайдың інісі Кәкітай, баласы Турағұл, немересі Әубәкірдің Абай мұрасын жинап, баспаға даярлау жолындағы атқарған үлкен еңбегі  баяндалады.

«Абайдың жылы өткен соң Кәкітай мен Турағұл Абайдың өлеңін, қарасөзін жинап бастыруға талаптанды. Өзі тірі күнінде Абай жазғандарын реттеп кітап қып жиғызбаған. Бір-екі бет қағазға жазып, ел қолына тарап кеткен. Көшіріп, жазып алып, қайсы біреулері жаттап алатын болған. Сол бытырап кеткен өлеңдерді жинау, оны реттеу оңай болған жоқ. Пәленшеде пәлендей өлеңі мен  қарасөзі бар еді-ау деп іздеп тауып алатын болды. Немесе пәленше жатқа білуші еді деп сұрап жазып алып жүрді. Ол, өлең мен қарасөзі бар деген адамдардың өзі жақсы сақтамаған. Мысалы, өз көзім көрген бір жағдай:

Кәкітай бір күні мен Жидебайға барамын, сен маған ер деді. Екеуіміз салт атпен жүріп отырып түс кезінде Абай қорасына жетіп едік, Кәкітай ол ауылға соқпай, Жидебайдың күнбатыс жағында мешіт, медресе салып имам болып тұрған Кішкене молланың баласы Махмұт молланың ауылына тартты. Махмұт Кәкітаймен құрбылас болатын. Кәкітайдың алдынан шығып, атын ұстап, құрметтеп үйіне кіргізді. Союға мал әкеліп, шай қайнат деп әйеліне бұйырып жатты. Сонда Кәкәтай, әй, Махмұт, «Вадим» қайда, әуелі соны алып кел деді. Махмұт сасқалақтап абдырасып, сандығын ақтарып жүріп, ортасы жыртылған 5-6 беттей тозған қағаз алып келіп, Кәке, бар болғаны осы болды дегенде, Кәкітай: бұл көп өлең болатын, не болды, кидің бе, міндің бе, деді. Махмұт:

-Үлкен ұят болды, мына Құтыш деген балам ойнап жүріп жыртып, жоғалтып тастады. Өзім апарып берем деп сізге уәде еткен едім, бетім күйіп апара алмадым,- дегенде, Кәкітай ашуланып, қарайып кетті де:

- Әй, Махмұт, сені ел имам сайлап, бала оқытып, молла ғып жүр. Сен молла болмақ түгіл мұсылман емессің. Абай ағамнан көрген жақсылығыңды  әкеңнен де көрген жоқсың. Құдайдан қорықпай, Абайдың «Вадим» сияқты зор еңбегін мына қараборбай балаңа беріп, жыртқызғаның не,- деді де, дайындап қойған тамағына қарамай, атына мініп Абай аулына жүріп кетті. Осы күні Абай жинағына кіріп, арты жоқ болған «Вадим» поэмасы әуелде көлемі үлкен поэма екен»,- деп жазады автор.

Бұл келтірілген үзіндіден осы әңгіме болып отырған «Вадим», «Әзім әңгімесі» және Абайдың бізге толық жетпеген басқа да шығармаларының қандай қиыншылықтармен жиналып, халық игілігіне айналғандығын әбден анық көруге болады.

Естелікте Кәкітай мен Турағұлдың осындай қиындықпен жиналған Абай шығармаларын баспаға даярлау, бастыру жолындағы қажырлы еңбегі қызықты баяндалады.

«1906 жылы жаз шығып үй тіккенде Кәкітай абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыриыа плып, сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз деп оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Біріншісін тұтас екі бетке жазғызып, одан кейін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті.Кәкітай малын ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды.Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп кеттім деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді, Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады.Сондықтан Петербург Ленинградтағы баспаханалармен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша  перевод ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын брлыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ленинградқа жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Ленинградтағы әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі мол болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазды».

Одан кейін автор әкесі Кәкітайдан естіген біраз естеліктерді келтіріп, шығармасын аяқтайды.

Әрхам Кәкітайұлы  ұзақ жылдар бойы көзінің майын тауысып жазған осы үлкен еңбегін жарыққа шығарып, қалың оқырман қауымның назарына ұсынбақ болады. "Абай жолы" роман-эпопеясы оқырман жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарға ие болып, шет тілдерге аударылып, әлемнің көптеген елдеріне әйгілі болып жатқанда,  сол роман-эпопеяның бас кейіпкері ұлы ақын Абай, оның заманы, ортасы, ақындық айналасы, өмірі оқырмандарды қызықтырып, олардың  назарын аударып жатқанда, Абай туралы ірілі-ұсақты зерттеу еңбектер көптеп жарық көріп жатқанда, автордың бұл асыл ойының еш оғаштығы жоқ еді.

Сонымен, Әрхам Кәкітайұлы шығармасын өзі туған інісіндей жақсы көретін, інісі Даниялмен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен Мұхтар Әуезовке алып келеді. Бірақ та, өкінішке орай,  ойы іске аспайды. М. Әуезов  Әрхам Кәкітайұлына бұл еңбегіңіз мына күйінде басуға жарамайды, оның бірталай жерлерін алып тастап,  қысқартып бастыру керек дейді. Автор болса Абай өмірі туралы қаншама құнды деректері бар, өзі көзімен көрген, куә болған оқиғалар жазылған туындысын "құлағын кесіп шұнтитып, құйрығын кесіп құнтитып" бастыруға келіспей, өзіне қалдырып кетіңіз деген Әуезовтің сөзіне көнбей, еңбегін үйіне алып қайтады. 

Бұл оқиға жөнінде Мінаш Әрхамқызы өзінің естелігінде 1960 жылдың қазан айында қатты ауырып, денсаулық жағдайымен Алматыға әкесімен бірге келгенін, дәрігерлер операциясыз болмайды деп қорытынды бергендігін айтады. Әкесі мен жездесі Әбіш Жиреншин екеуі әр жерлерге қоңырау шалып отырады. Әкесі Мінаш апайға киін, Мұхтардың үйіне барамыз дейді. Ол бұд сөзге Мұхтар аға дәрігер емес, ол кісіні босқа неге әуреледіңіз деп ренжиді. Әкесі оған: сен жөнінде емес, бір жұмыспен Мұхтар өзі шақыртып отыр деген соң, Мінаш апай киініп, әкесіне еріп Мұхтар Әуезовтың үйіне барады. Ол қонақтарын қорған ішінде қарсы алып, сәлемдесіп, қарсы есіктегі кабинетіне бастап кіргізеді. Мінаш апайға жақсы көңіл бөліп, елдегі туыс-жақындардың амандығын сұрап,  балаларының жас мөлшерін, оқуын да естен шығармайды.

"Біз біраз сөйлесе тұрайық, өзің үйлерді аралай бер деп әкеме бұрылды. Арада 30-35 минуттай уақыт өткенде "кейін, дедім ғой, Әрхаш аға, кейін" деген жайсыздау сөзі құлағыма келіп, тездеп басып қастарына келдім. Әкем, даусын өзгертпесе де,  өзінің қайсарлығын байқатып, "мен қарт адаммын. Жазушы болып атақ алу мақсатым жоқ. Бұл тарихи шындық.  Көзіммен көріп, құлағыммен естіген уақиға. Бұл кейінгілер үшін қажет. Ал мен сенен жазба түрде пікір алмай кетпеймін. 3-4 күннен қалдырмай жазып бер",- деп орнынан тұрып тез қоштасып есікке беттеген соң, ағаға басымды иіп мен де қоштасып, сыртқа шықтық.Аяғын ширақ басып қақпа алдына барған әкем артына бұрылды. Мен де бұрылып қарасам Мұхтар аға бірдеңеге таңырқағандай, жайсыз екі қолын екі жағына жайып тұр екен. Әкем Мұхтар ағаға қарай адымдай басып барды да, екеуі құшақтаса кетті. Бір-біріне "жолың болсын" десіп қоштасты",- деп жазады Мінаш Әрхамқызы.

 Қайтып келе жатқанда олар бір тоғайдың көлеңкесіндегі орындыққа отырып дем алады.

"Әкем әңгіме бастап "Мұхтар өте қауіпті сырқат екен. Соны анықтап білу үшін Мәскеуге жүрмек. Менің әкем туралы жазған естелігімді баспаға беруге келіспеді. Біраз жерін алып тастаңыз дегенге мен көнбедім. Қолжазба қалпында, өзі сұрап еді, бермедім. Біздің келісе алмағанымыз, ойыңды ашық жазып бер десем, жазғысы келмейді. Енді көбейттіріп өздерің оқып жүріңдер. Есмағанбет Исмайыловтың, Қ. Сүйіншәлиевтің жақсы пікірлері бар. Бірақ, "баса көр" деп ешбір баспаға апармаңдар",- деді де тоқтай қалды. ... Қолжазбаның басылмауына Мұхтар кінәлі емес, әр істің өз кезі, өз сәті болады",- деді.

Енді Мұхтар Әуезовтің 1988 жылы Қазақ ССР-інің "Ғылым" баспасынан  жарық көрген "Абайтанудан жарияланбаған материалдар" атты кітабында жарияланған осы қолжазба туралы жазылған  "Әрхам Ысқақовтың "Абай өмірі" деген атпен жазылған қолжазбасы жөнінде пікір" деген еңбегіне біраз тоқталайық.

 . Ең алдымен автор Әрхам Кәкітайұлының осы еңбегінде Абайдың өмірбаянын жаңадан жазғанын ұнатпайды. "Бұл еңбекті авторы жай Абай өмірбаянына қосымша материалдар деп бұрынғы өзі тәрізді Абай туыстарынан шығып, естегілер берген Абайды көрген үлкенді-кішілі адамдар тәрізді жазса бір сәрі болар еді. Мынау қолжазбаның авторы Абайдың өмірбаянын жаңадан жазбақ болады. Сөйтіп Абайдың жақын атасы Өскенбай, әкесі Құнанбайдан, шеше тегінен бастап сөз қозғайды. Өзінің жазуларын Абайдың бала шағы, жас күні, ер жеткен кезі, қартайған дәуірі, ақыры өлімімен аяқтайды.

Әр кезде Абайдың айналасын, кейбір тартыс жайларын баяндайды. Абайға білікті болған алыс-жақын таныстарды тереді. Туысы жақын адамдардың барлығын санап өтеді. Осымен, қорыта айтқанда, бұл жазба жай материал емес. Абай өмірбаянына берілген қосымша деректер емес, өзінше Абайдың жаңа жазылған өмір жолы болмаққа арналған",- деп жазады автор.

Ал шын мәнісінде Абайдың өмір жолын жазғанда не тұр? Кеңес үкіметі кезінде, цензура дәуірлеп тұрған кезде де автордың қалам тербеуіне, тақырыбына шектеу қойылып па еді? Абай өмірі туралы Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та, тағы басқа қаншама қаламгерлер жазды ғой. 

Расында, арада сонан бері алпыс жылдай уақыт өтіпті. Бұл істің уақыты енді келген болар, Әрхам Кәкітайұлының бұл  туындысын мол таралыммен басып шығарып, Абайдың "қалың елі қазағы, қайран жұртының" қолына ұсынса, ғажайып ғанибет іс болар еді.

Енді М. Әуезовтің осы қолжазбаға айтқан сынына келсек.:

1) Құнанбайдың Қодарды өлтіргенін жасырады; 2) борсақтың жерін тартып алғанын атамайды; 3) Құнанбайдың Бөжейді сабағанын, Тоқмамбетке шабуыл жасағанын бүркемелейді; 4) Мұсақұлда Бөжейдің көшіне шауып, төбелес жасағанын жеңілдетеді; Жігітектің он жеті кісісін айдатқан Құнанбай емес, Тәкежан болады және айдалу себебі жігітектің өз кінәсінен деп баяндалады; 5)  Құнанбайдың пара алатыны, оны Шөже, Сүйіндіктер өлеңмен әшкерелегені жасырылады; 6) Абаймен арасында түк қайшылық болмағандай, тілмен жалағандай, жамау-жасқау жасайды. Абайды Құнанбайдың "орысшылсың" деп кінәлағаны да сиыр құйымшақталып, жоққа сайып кетеді.

"Құнанбайдың зорлықшылдығын, көпке істеген қиянатын "оның өзі істеген жоқ. Майбасар істеді" деп жалтарту тарихи зерттеуші ойды теріске, жаңсақ жолға салудың ниетінен туған",- деп тұқыртады. Бұл жолдарда СОКП ХХ съезінен кейін біршама әлсіреген, бірақ сонда да беріспей, Шәкәрім, Жүсіпбек, Ахмет. Міржақып, Мағжан  сынды алыптарымыздың шығармаларының өз халқымен табысуына кедергі келтіріп, арыз соңынан арыз жаудырып,тыйым салып, тек еліміздің тәуелсіздігінен кейін ғана халық қазынасына қосылуына бөгет жасай алмай қалған, "халық жауларын әшкерелеу" атты  зиянды теріс көзқарастың лебі сезіліп тұр емес  пе? Егер 37-ші жылдардағы ахуал болса, онсыз да қаншама ғұмырын қауіптен жылыстап кетумен өткізген Әрхам Кәкітайұлы осындай сыннан кейін қудалаудан, бәлкім темір тордан да аман қалуы неғайбыл еді.

Қолжазбадағы Абайдың өзі туралы айтылған жайттар жөнінде де М. Әуезов қатты-қатты сындар айтып, "қысқасын айтқанда, бұл еңбек Абайдың өмірі деп аталса, сол тақырыбын ақтай алмаған, көп-көп беттерінде теріске мегзеп кеткен көп қателікке толған еңбек. Ішінен іліп алар жайлар болса, Абайдың інісі Халиолланың жайындағы сияқты кейбір деректер...

Ал жалпы бұл кітап осы қалпында жоғарыдағы аталған: идеялық, тарихтық, таптық тұрғыларынан қарағанда өте мол кемшіліктері, қателері бар еңбек болғандықтан баспаға ұсынуға жарамайды",- деп қорытады.

Бұл қорытындыны жасап отырған М. Әуезов қолжазба авторына шектен тыс ауыр  талап қойып отыр деуге болады. Ол өмірінің қаншама жылын қорқынышта өткізген, сонда да мұқалмай, мұжылмай, туған елі үшін, өзі әкем деп қастерлеп өткен Абай үшін адал еңбек еткен, Абайдың өмірі туралы, айналасы туралы көп құнды деректер берген, бар білімі - медреседегі оқу мен Абай ағасынан үйренген орыс тілі, атасынан үйренген шаруашылық жүргізу әдістері ғана болған Әрхам Кәкітайұлын ірі білім ордалары - Орта Азия университетін, Ленинград университетін бітірген, ғылыммен айналысқан, "марксизм-ленинизм ілімімен қаруланған" өзімен салыстырып, өзіндей жоғары білімді адамға қойылатын талап үддесінен шықпады деп кінә тағуы тым артық сияқты.

"Абайдың Еркежанды алғанын соншалықты тамсанып тұрып, нашалана созып әңгіме етеді. Онда Абайға масқаралық, қорлық деп саналатын жала жабылады. Абайдың өзінен туған бала Ақылбай Еркежанды тоқал етіп алмақ болып жүреді. Сол жай көпке мәлім болады. Бірақ туған баласының аламын деген жесірін әкесі Абай өзі алады. Сонда Ысқақов Абайды қайда апарып қойды?" - деп кінәлайды М.Әуезов. Солай деп алып, бұл оқиғаны Ф.М.Достоевскийдің кейіпкерлері Карамазовтардың оқиғасына теңестіреді.

Біз бұл оқиғаға сол кездегі ескі көзқарас тұрғысынан қарасақ, мына жағдаяттарға баса назар аударуымыз керек болады. Ең алдымен, Ақылбай Абайдың әкесі Құнанбайдың бауырында, Абайдың інісі ретінде тәрбие алады, бұл мәселе естеліктерде, қала берді, "Абай жолы" роман-эпопеясының өзінде де айтылады. Екіншіден, Оспанның баласы болмағандықтан, Ақылбайдың балалары Әубәкір мен Бәкизат Еркежанның бауырында өскен, сондықтан балаларының анасы болып отырған адамды Ақылбайдың алмақ болғаны ескі көзқарас тұрғысынан қисынға келеді. Және де осыған итермелеп отырған Әзімбайдың егер де Ақылбай Еркежанға үйлене қалса,  Ақылбайдың ақкөңіл, сенгіш, аңқаулығын пайдаланып, Оспаннан қалған мол дәулетті ерсілі-қарсылы емін-еркін сапыруына мүмкіндік туар еді. Еркежан анамыздың өр мінезі ғана осыған жол берген жоқ.

Әрхам Ысқақов кітабында өмірде болған, өзі көзбен көріп куә болған оқиғаны айтып отыр. Сондықтан да, ол кісінің жазғанына тарихи құжат ретінде қарап, қолжазбаның бір қарпін де өзгертпей жариялаған жөн болар. Өйткені, заман солай еді ғой.

«Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып, -

демей ме Абайдың өзі де. Және де сол ойының қорытындысындай:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек

Замана оны билемек,-

дейді.

Ендеше, сол замандағы болған оқиғаны сол заманның еншісіне қалдыралық.

"Тағы бір жерде Кенесарының жайын Көкбайға Абай тапсырып жыр жаз деп айтты дейді, Бұл Көкбайдың өзі таратқан сөз",- деп жазады М.Әуезов.  Шығармаларымен, білімімен, биязы сырбаздығымен, әділет сүйгіш шыншылдығымен, тіпті бекзаттық жүріс-тұрысымен-ақ маңайындағы  жұртқа тәрбие, үлгі көрсеткен Көкбай  қалайша бұл сөзді өзі таратпақ? Көкбай ақын ондай арзан қылықтың адамы емес. Абайдың өз шәкірттерінің шығармаларына бағыт беріп, кемшіліктерін сынап, жақсы жақтарын бағалап отырғаны, оларға тақырып беретіні барлық естеліктерден, сол сияқты роман-эпопеядан да белгілі аксиома емес пе?   Сөзіміз дәлелді болуы үшін сол кезде Республикалық Абай қорының директоры, Қазақстан  Журнилистер одағының мүшесі, Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімұлы шығарған "Абайдың ақын шәкірттері" атты кітаптар топтамасының 1994 жылы басылып шыққан екінші кітабында жарияланған "Көкбайдың Абай туралы естелік әңгімесінен" үзінді келтіре кетейік:

"Бір жылы менің өзіме Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп. "осыны өлең қыл деді. Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан, бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып ел ортасына жаю жақсы өлеңшінің міндеті. Сен үйіңе барып, орнығып отырып, осыны өлең қылып кел" деді.

Сонан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім...

Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күнгі аязда салт атпен келе жатып жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бірді-бірі есімде қалмапты. Абайдың барысымен "айт" дейтіні мәлім.Сондықтан, жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім. Күн суық, қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.

Сонымен кеш болып ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан "Абылай келді ме?" деді...

Мен сұрағанына "келді" деп едім, олай болса "айт" деді.

Сонан соң мен барлық киімімді шешінбестен, отыра қалып айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның бауын шешкен жоқ едім. Тегінде "шешінейін, жайланайын" деген сөз Абайдың нашасын кетіріп, ықыласын қайтарып тастайды. Сондықтан өлеңді айта отырып, тымағымды шешіп бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, онан өлеңнің желісін үзбей отырып, сыртқы киімімді тастап, жүгімнен бірте-бірте барып қана босандым... өлеңді әнге салып айтсам да шаршаған-талғанымды білдірмей, желісін үзбей айтып отырдым. Қағазыма да қарағаным жоқ, ылғи жатқа айттым.

Алдарына келген шай ішілмей қалды. Алғашқы самаурын суып кетіп, оны алып барып, екінші рет қойып тағы әкелді.  О да суып қалды. Абай да, басқа ешкім де ішкен жоқ. Сонымен үшінші самауырын келгенде Абылай менен Кенесарының жорығын аяқтатып болып, енді Наурызбайға қарай көшіп едім. Бұған келгенде "Енеңді ұрайын, жаман ұры, ханның бағын да осы алып еді. Енді шайыңды іш" деп, Наурызбайдың жайын бұл арада тыңдағысы келмеді.

Шай ішіп жайлануға сонан соң ғана мұршам келді",- дейді Көкбай ақын (аталмыш кітаптың 137-140 беттері).

Осы айтылып отырған естелікті "бұл Көкбайдың өзі таратқан сөз" деп сілтеу еш қисынға келмейді. Бұл Көкбай ақын турасындағы барып тұрған әділетсіздік дейміз.

"Ең соңғы бір-екі сөз қолжазбаға 1957 жылдарда жағымды баға берген екі жолдас жөнінде. Олар - Есмағамбет Ысмайылов пен  Қанғали Сүйіншәлиев. Бұл жолдастардың екеуі де Ысқақовтың қолжазбасын аса үстірт аңқаулықпен және сонан да ары асқан жауапсыздықпен текке дәріптеген. Бұл жайға жеке дәлел айтудың керегі жоқ. Осы еңбектің жоғарыда аталған, бадырайып тұрған талай міндерін, терістіктерін сол жолдастардың танымағанына таң қаласың, қарның да ашады",- деп қынжылыспен аяқтайды автор өз мақаласын.

Бұл айтылған екі сыни-пікірдің көлемі шағын болғандықтан, екеуін де толықтай келтіруді жөн көрдім:

"Архам Ысқақовтың "Абайдың  өмірбаянына қосымшалар" деген еңбегі туралы.

Архам Абайды көріп, жақын білетін қариялардың бірі және Абайға жақын туыс. Соңғы 25 жыл ішінде Абайдың өмірі, шығармалары жөнінде  аса құнды деректерді, материалдарды ұқыпты түрде жинап, ғылым академиясына, жазушылар одағына, музейлерге, газет-журнал редакцияларына үнемі тапсырып келген болатын. Архам жинаған материалдардың бірталайын Абайды зерттеушілер, ақынның шығармалар жинағын баспаға дайындаушылар молынан пайдаланып келеді. Ол әсіресе Абайдың туғанына 100 жыл толуы мерекесінің түсында шыққан еңбектерден толық байқалады. Абайдың әдеби музейін түрлі заттық экспонаттармен және өмірбаяндық деректермен толықтыруда да Архамның еңбегі үлкен. Міне сол Архам Абайдың өмірбаяны, ата-тегі, замандастары туралы өзінің көптен тексеріп жинап жүрген материалдарын бір ізге салып жеке кітапша етіп жазып шыққан.

Бұл күнге дейін Абайдың өмірбаянын біздің белгілі жазушы Мұхтар Әуезов жолдас жазып келген болатын. Архам Мұхтар жазған өмірбаянды  оқып пайдалана отырып оған факты ретінде толып жатқан қосымшалар айтады.

Әлбетте Архамның бұл еңбегі ғылыми жүйеге түскен өмірбаян емес, Абайдың өмірін жан-жақты түсінуге қажетті аса құнды қосымша материалдар. Бұл әсіресе Абайды зерттеушілерге, Абайдың жеке өлең сөздерін тексерушілерге, жалпы әдебиетші, оқушылар жұртшылығына қызықты бағалы еңбек болады.

Рас, Архам Абайдың жақын туысы болғандықтан, ақынның өміріне байланысты кейбір фактілерді кейде өзіндік (субъективті) түсіндіретіні, даулы ойларды айтатыны да жоқ емес. Ондай талас тудыратын бірқатар жерлерін оқу үстінде авторға ескерттік. Бірақ мұның бәрі еңбектің жалпы құнын төмендетпейді.

Архамның бұл еңбегін Қазақстан көркем әдебиет баспасы басып шығаратын болса, Абайды тану жұмысымызға қосылған жаңа бір үлес болып табылатыны даусыз.

                                                                      Е. Исмаилов".

(Абай мұражайының мұрағат қоры, № 16 іс. 77-бет).

"Әрхам Ыскаков ақсақалдың қолындағы материал туралы пікірлер.

 

Абай туралы жазылған ақсақал қолжазбасы ұқыпты оқыған кісіге таңқаларлық бай материалға кез қылады. Ақсақалдың қолынан шыққан арабша иректің әрбір сөзінде Абай өмірін зерттеймін деушілерге пайдалы пікір, ой салар жайлар өте көп. Әсіресе, Абайдың жас шағына байланысты, оның оқуы, мінез-құлқы, әдеттері, әрнәрсеге көзқарасы,ұғымы, сән-салтанат,  ойын-сауық ермектері, сөз ұстамдылығы мен ділмарлығы т.б, көп жайлар туралы нақтылы түсініктер беріледі.

Абайды көзімен көріп, оның жолдас-жора, туған туыстарын білетін Әрхам ақсақалдың естегілер ретіндегі бұл еңбегі, ғылым үшін өте пайдалы, таптырмайтын материал есепті.

Сондықтан бұл қолжазбаны баспаға ұсынып, ғылыми редакциялар жүргізіп, жарық көрсетсе, өте орынды болар еді.

                                                                      Х. Сүйіншәлиев.

                                                                      30/УШ-1958ж."

(Абай мұражайының мұрағат қоры, №16 іс, 82-б).

Осы екі пікірдің екеуі де орынды, дұрыс пікірлер деп ойлаймыз. Бұларды зерделеп оқып шыққан адамға Мұхтар Әуезов айтқан "аса үстірт аңқаулықпен және сонан да асқан жауапсыздықпен текке дәріптеу" байқалмайды. Және ол адамдардың екеуі де үлкен ғалым  еді. Институт қабырғасында жүргенде біз осы абайтанушы ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов пен Ханғали Сүйіншәлиевтің  жазған оқулықтарын, зерттеу еңбектерін  сабақтарымызға пайдаландық, бұл адамдар біздің рухани ұстаздарымыз болған еді. Сондықтан осы адамдар турасында айтылған бұл сөздер тым артық, ұшқары айтылған деген ой туындайды. Және де бұл адамдар Әрхам Кәкітайұлының шығармасына үлкен түсінушілікпен қарап отыр, кемшіліктерін де көрсетіп отыр, үзілді-кесілді "басылмасын" демей, ғылыми редакциялау жүргізіп бастыру керек деген.

Ендеше, Әрхам Кәкітайұлының осы кітабын мол таралыммен басып шығарып, зерттеуші жұртшылыққа ұсыну осы қарапайым ғана еңбеккер адамның алдындағы ұрпақ парызы болмақ. "Әр істің өз кезі, өз сәті болады" деп сенген Әрхам Кәкітайұлының осы туындысының өз кезі мен өз сәті келген шығар, қашанғы кейіндете бермекпіз?!. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап отырған біздер енді неден жасқануымыз керек? Осы мәселе оң шешімін табуы керек.

Әлқисса, Әрхам Кәкітайұлы кітабын арқалап елге қайтады. Қайтадан күнделікті тіршілік ағынымен өмір кешіп жатады.

1961 жылғы 27 маусымда заңғар жазушы, Әрхам Кәкітайұлын сан рет төніп тұрған ажалдан, қуғын-сүргіннен арашалап қалған, Әрхам атамыздың өзі "менің оққағарым" деп зор сүйіспеншілікпен атаған Мұхтар Әуезов дүниеден өтті. Тағы да Мінәш Әрхамқызының жазбаларына үңілейік:

"1961 жылы Қарауылға "Мұхтар қайтыс болды" деген қаралы телеграмма келді. Әкем Алматы аттаныпты. Ғасырда бір туар аяулы інісінің сұлық жатқан жүзіне телміре қарап күзетте тұрыпты (фотосы бар). Дастарханын күзетіп, көңіл айтып келушілерін күтіп қырық күн отырды. Бұл ақырғы көрсеткен сый-құрметі еді. Әкем елге келгенде мұхиты суалып, шөліркеп, ерні кезеріп, өңі қоңырланып, ұрты солып келді.Алдынан шығып, есен-саулық сұраған бізге "Енді бәрі бітті, бітіп таусылды ғой, қарақтарым. Арты осы, енді қарайлайтын ештеме қалған жоқ, несін сұрайсыңдар",- деп қамыға жауап берген соң, біз ары қарай мазасын алмадық",- деп жазған.

1961 жылдың тамыз айында Абай елінің халқын дүр сілкіндіріп, серпілтіп, бір кісідей жұмылдырып, ынтымақтастырған ғажайып маңызды оқиға болады. 

Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, соңында қанқұйлы қанішер Абзал Қарасартовтың қолынан қаза тапқан, ол аздай дәстүрлі түрде жерленбей, денесі ондаған жылдар бойы құрқұдықта жатқан ақын, дана философ Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтау туралы құжатқа 1958 жылғы 29 қазанда КСРО Бас прокуроры қол қояды. Қуғын-сүргін кезінде бас сауғалап жыраққа шығып кеткен баласы Ахат 1961 жылдың жазында елге келіп, әкесінің денесін сол құрқұдықтан үш күн абайлап, асықпай сақтықпен қазып, үстіндегі көйлегін шешіп, чемоданға төсеп, сүйектер қажалмасын деп топырағын бірге салып отырыпты. Одан кейін 90-100 шақырымдай Бақанастан сол ақынның мәйітін қаншама жыл күзеткен Қабыш Кәрімқұлұлымен бірге  сүйек салынған чемоданды алақандарына салғандай аялап, салт атпен Әрхам Кәкітайұлының үйіне жеткізеді.  Бұл хабар Абай елінің халқына тез тарап, ақынның жаназасына қатысу үшін жұрт жан-жақтан толассыз ағыла бастайды. Халық Шәкәрімді Жидебайға, Абай ағасының зиратына таяу қоюды ұйғарады.   Қонағасы, жаназасын барлығын халық өзі көтереді. 

"Шәкәрім қажы жаназасына халық өте көп жиналып, таза, сәнді киініп, сапқа әйел, еркек тізіле тұрды. Сүйек шығарда шешеміз Рабиға: "Қажы-ау, алдыңнан жарылқасын" деп дауыстап жылағанда, Сарқыт та жоқтау айтып дауыс салды. Сонда қанша берік болса да, Ахат аға даусы шығып, көз жасын төккенде, жиналған халық та жаңа өліктей жыласып еді",- деп жазады Мінәш Әрхамқызы.  Бұл туралы Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында 2016 жылы жарық көрген "Ұлыларды ұлықтаған ұстаз" деген жинақтан егжей-тегжейлі білуге болады.

Әлқисса, Әрхам Кәкітайұлы сырқаттанып жатқанда балаларына "олай-бұлай болсам, еш арманым жоқ. Туған елімнің ортасында, балаларымның алдында, туған топырағымда қаламын. Маған асқақтатып биік зират салмаңдар, қарапайым, төрт бұрышты, төбесі ашық болсын, балаларым келгенде қолын созып топырағымды сипап жүреді",- дейді. Шошынып үрпиген балаларына "78 деген аз жас емес, енді қарайлайтын ештеме жоқ, қарағым, қолымнан келгенше, ата даңқына кір келтірмедім. Әруаққа шет болмадым... " - дейді.

Абай мұражайының мұрағат қорында Әрхам Кәкітайұлының "Жидебайдағы Абай қорасына елді жинастыру шаралары" атты қолжазбасы сақталған. Онда Жидебайдағы мұражай-үйдің сол кездегі жағдайынан хабардар боламыз. Көлемі шағын болғандықтан, бұл материалды тұтас келтіруді жөн көрдім.

"Жидебай қорығын айнала орналасқан Абай колхозының 13 сиыр фермасы, 1 жылқы, 1 түйе фермасы, 2 жылқы мал шаруашылығы - барлығы 17 пункт. 60-70 семья, 400-дей жан тұрады, солардың балаларын оқытатын бастауыш мектеп бар, бірақ ол елден шеткері.

1) Жидебайдан мектеп-интернат салу;

2) Абай үйіндегі колхоздың қызыл отауын шығарып, оған колхоз бөлек үй сап беріп, көшіру керек, Абай үйлерін музей заттарымен толтыру қажет;

3) Жидебай бөлімшесіне лавка, квартир үйді Абай қорасының жанынан салу керек;

4) медпункт орнату;

5) малдәрігерлік пункт;

6) Жидебайдан склад салу;

7) ұста дүкенін салу;

8) Абай үйін түзету керек.

                                                                       10/ 1У-1962 ж."

Денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып жүрген кезінің өзінде де Әрхам Кәкітайұлы Абай мұражайының жағдайын ойлап, оны көркейту үшін сол заманда орындалуы тиіс болған жұмыстарды нұсқап берді.

Әрхам Кәкітайұлының бұл көрсеткен жоспары артығымен жүзеге асты. Абайдың туғанына 125 жыл толған торқалы тойы қарсаңында Абайдың Жидебайдағы үйі (Әрхам Кәкітайұлы Абайдың қорасы деп атап отырған) жаңадан салынды. Бұл жұмысқа да кезінде Әрхам Кәкітайұлы сызып берген жоба пайдаланылды.

Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайы бүгінде Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы деп аталатын үлкен ғылым ордасына айналды.

Ұлылар мекеніне барып, даналарға тағзым етемін деушілерге жол ашық, туристік бағыт жұмыс істейді. Абай ауданы аумағында Абай, Шәкәрім, Мұхтар өмірлері мен шығармашылығына қатысты тарихи орындардың басым көпшілігіне ескерткіш белгілер орнатылған. Даналардың ұрпақтары оларды көзінің қарашығындай аялап қастерлейді.

Әрхам Кәкітайұлы 1963 жылғы 31 қаңтарда ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін 78 жасында дүниеден өтті. 

"Әкемді ел-жұрты, халқы жоқтады. Әкемді өз ортамызда қадірлі-сыйлы екенін білсек те, Қырғызстан, Қарақалпақ, Өзбекстаннан арнайы адамдар келер деп күтпеген едік",- деп жазады Мінаш апай өз естелігінде.

Абайдың өзінен білім, үлгі-өнеге алған, өмірін Абайға бағыштаған, Абай мұражайын құрушылардың бірі болған, Абайдың, оның шәкірттерінің еңбектерін жинап, болашақ ұрпаққа жеткізген осы асыл адамның өмір жолы баршаға үлгі. Ол Абай алдындағы ұрпақ парызын зор жауапкершілікпен атқарды. Енді біздер де осы адамның алдындағы өз парызымызды адал атқарып, оның ұзақ уақыт бойы көзінің майын тауысып жазған үлкен еңбегін зор таралыммен бастырып, халқына ұсынуымыз қажет, Әрхам Ысқақұлының шығармалары зерделеніп, зерттелуі керек. Бұл игілікті іс - Әрхам Ысқақұлының алдындағы ұрпақ парызы болмақ. Осы парызды абыроймен атқаралық, ағайын!