Кешегі қиял – бүгінгі шындыққа айналғаны қашан. Бұрындары адам баласының көкке құстай самғауы санадан тыс мифологиямен тең-тұғын. Қазір адамзат ғарышты игеріп қана қоймай, Марс ғаламшарына көшудің қам-қарекетін ойластыруда. Уақыт өткен сайын жасырын дүниенің құпиясы ашылып, жұмбақ атаулының сиреп бара жатқанын байқаймыз. Бірақ осы технократиялық заманда плюралистік идеялардың алға шығуы біраз нәрсені аңғартса керек. Бұл бірінші кезекте ұлттық бірегейлікке қатысты. Өтпелі кезеңде қазаққа мұтылмау үшін қайтпек керек?
Міне, осы тақырыпты Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, саясаттанушы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбековпен бірге қаузаған едік.
Өркениетті қоғамда сана бірінші тұрады
- Бүгінгі технологиялық революция дәуірінде құндылықтар өлшемі өзгерді. Сананы тұрмыс билеген заманда, рухтың жұтаңдайтыны рас. Ал адамның жан сарайын байытуда, мәдениеттің орны әсте бөлек. Қазіргі музейлердің қоғам алдындағы рөлі қандай?
- «Сананы тұрмыс билеген заманда» дегенге өзгерту енгізгім келеді. Студент кезімізде сабақты нашарлау оқып жүрсек немесе кейін еңбекке араласқан жылдарымызда, жас журналистпіз, сонда жазған дүниеміз дұрыс шықпай жатса, осының бәрінде «сананы тұрмыс билейді» деп әзілдеп, қалжыңдаушы едік. Бұл - Маркс, Энгельс және Лениннің ілімімен көзін ашқан, компартия тәрбиелеген, сол кездегі замандастарым үшін қалыпты жағдай. Біздің бар білетініміз материалистік ілім болды. Материя бірінші, сана екінші орында деп үйретті бізді. Шын мәнінде, өркениетті қоғамда тұрмыс сананы билей алмайды. Қарны аш, жүдеп жадаған ортада адам тұрмыстың құлына айналады. Ал дамыған мәдениетті қоғамда сана бірінші кезекте тұрады. Ұлы Абай мен Шәкәрім де сананы алдыға қойған. «Жан - негізгі билеуші, тән – терезе», - дейді Шәкәрім. Яғни тән – терезе болса, соның барлығын жан басқару керек деген қорытындыға келеді. Осы жағынан келгенде, еліміздің өткен шежіресінің бір-бір кірпіші сияқты музейлердің алатын орны ерекше. Оны толық елестету үшін бір ғана Абай музейіне келу арқылы XIX ғасырдағы Абай заманымен танысуға болады. Хакімнің дәуірі қазақтың отарлыққа белшесінен батып, құлдық бұғаудың алқымнан аяусыз қысқан кезі. Хандық билік жойылып, аға сұлтандық енгізіледі. 1868 жылғы реформада қазақ жері алты облысқа бөлінді. Болыстық билеудің дәурені жүрді. Бұл қазақты бір-біріне айдап салудың кезеңі еді. Осы туралы Абай «Көк тұман - алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде толғанған. Сондықтан музей ел тарихын тануға септесетін бірден-бір орын деп ойлаймын. Мәселен, бізде Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Көкбай, Шәкір Әбенов сынды халық ақындарының мұрасы арқылы кез келген жан көзін ашып, ұлттың өткен жылнамасынан мағлұмат алады.
- Абайдың қорық-музейі Шығыстағы ең ірі мәдени ошақтардың бірегейі. Оның аймақтағы бөлімшелерінің жұмысы біріздендірілді ме?
- Мұражай 1940 жылы Абайдың 95 жылдық мерейтойына орай ашылды. Оның қайнарында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов пен ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаев сынды ұлы тұлғалар тұр. Содан бері музей үнемі даму жолында. Келер жылы құрылғанына 78 жыл толады. Бұл аралықта оның жаңғыруына бірнеше ұрпақ маңдай терін төкті. Әсіресе, алғашқы директоры болған, көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановты ерекше айтуымыз керек. Оның Абайдың ақындық айналасы, текстологиясы жөніндегі зерттеулері шын мәнінде абайтануға қосқан зор үлес болып табылады. Қазір музейдің сегіз бөлімі бар. Семейден шыққаннан, сонау Үржар ауданындағы Мақаншыға дейінгі аралықты жүріп отырса, алдымен Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі мұражайымен таныстырады. Одан ары Жидебайда Абайдың музей-үйі, Шәкәрімнің «Саят қорасы», осылай жалғаса келіп Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының мұражайымен тәмамдалады. Бұлардың барлығы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің құрамында болғандықтан, ортақ жоспармен жұмыс істейді.
«Ар ілімі» адамзатқа ортақ
- Биыл Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі, Алаш арысы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы аталып өтті. Ұлт қайраткерінің есімі лайықты деңгейде ардақталды ма?
- Былтыр Тәуелсіздік мейрамына орай 14 желтоқсанда «Әрқашан ұмытылмасқа» деген Шәкәрімге арналған үлкен көрме ашылған еді. Бұдан кейін Shakarim.kz атты сайт іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Шәкәрім университетімен бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Тағы бір атқарылған үлкен шаруа - Жидебайдағы Шәкәрімнің «Саят қорасы» экспозициясы музей болып жаңғыртылды. Бұрын жаздың аптап ыстығында және қыстың қытымыр аязында онда аялдау қиынға соғатын. Осы ескеріліп, жылу жүйесі тартылды. Қазір ол үш экспозициялық залға қанат жайды. Қабырғасы саз балшыққа ұқсас, Шыңғыстағы түпнұсқадан айнымай қалды.
- Шәкәрім философиялық трактаттарында «Ар іліміне» ерекше тоқталған. Алаяқтар мен жемқорлар саңсыған бүгінгі кезеңде де «Ар» мәселесі өзектілігін жоймағандай. Бұл туралы не ойлайсыз?
- Кеңестік дәуірде қазіргідей еркіндік болған жоқ. Қазақ өзінің тілін, салт-дәстүрін жоғалта бастаса, Наурызды тойлауды қоятын болса, үлкендерін сыйламаса, онда ол - ұлттың жойылғаны. Сол жойылудың аз-ақ алдында ғана тұрды. Біздің тіліміз театрлардың сахналары мен әртістердің көмейінде ғана қалған жағдай болды. Жаратушының мейірімі түсіп, 1991 жылы Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Бірақ 90-шы жылдарда басталған дүрбелең, сол кездегі жас ұрпаққа «Ар ілімін» оқымақ түгілі ойлануға мұрсат бермеді. Қарапайым ұяттың өзі жоғалды. Атеистік идеологиядан арылмаған қоғам болды. Өзімнің түсінігімде - адам мен ар деген егіз ұғым. Адамның хайуаннан айырмашылығы - сана мен ар-ұятта.
- Бәлкім қызметке қабылдамас бұрын, «Ар ілімі» бойынша үміткерлерден сынақ алу керек шығар? Бұған қандай ой қосасыз?
- Шәкәрімді «Ар ілімін» ұлтқа жеткізуші деп білемін. Шын мәнінде, «Ар ілімі» адамзатқа ортақ. Немістің немесе орыстың ар-ұяты деген жоқ. Басқаға зиян келтірмеу керек. Мұқағали айтады: «Тіпті көлеңкеңді де түсірме басқаға». Адам неғұрлым ғылым мен өнерге ден қойса, сонда ғана арды жоғары ұстайды деп есептеймін. Сонымен қатар ар-ұяттың қайнары ана тілде жатыр деген пайымға келемін. «Ар ілімінен» емтихан алу қалай болатынын білмеймін, алайда ана тілін әркім білуі тиіс. Өйткені өз тілінен бейхабар адамдардың ойлау қабілеті де басқаша бейтаныс, яғни жат.
- Алаш жұрты 70 жыл қызыл империяның бұғауында болды. Тәуелсіз ел болғанымен сананың құлдыққа байланғанына 30 жылға таяды. Санадағы шегенделген шекараны бұзуға Абай септесе ала ма?
- 90-шы жылдан бері елжанды азаматтар «Отарсыздану туралы» Заң керек деп мәселе көтеріп келеді. Өйткені қазір жер атауларына қатысты бірқатар мәселе қозғалып жатыр. Мәселен, Семей мен Өскеменнің ортасында елді мекендердің атауы Привольное, Азовское, Таврическое, Макеевка, Донское, Саратовка, Отрадное, Украинка және Герасимовка деп жалғасып кете береді. Сонда бұл жерлердің байырғы атауы болмаған ба? Санап шықсам, 11 елді мекеннің атауы көмескіленген екен. Мұны Қасым Қайсеновтің мерейтойына бара жатқанда байқадым. Отарсыздану дегенде, жер атаулары, тіл және ұлт мәртебесі жеке-жеке қаралу керек деп есептеймін. Тарихқа зер салсақ, халқымыз өткен ғасырдың 17-ші, 30-шы және одан арғы жылдары талай нәубетті басынан өткізді. Содан болса керек, ұлтымыздың бойында «үрей синдромы» пайда болды. Әбден азапқа салынып, тар жол, тайғақ кешкен халықта қорқыныш болмай қайтсін. Ал енді тәуелсіздікке жетіп, жеке ту тіккенде, кейбір ел азаматтарының іс-әрекеті ақылға қонбайды. «Бұл - біздің тарихымыз» дейді. Бірақ тарих екен деп, қазаққа зиян деректерді қайта қозғаудың не қажет бар?! Келешекте адам факторы алдыға шығады. Яғни, адамды сыйлау керек. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос», - деп Абай бекер айтпаған.
«Абай сөзінің сәулесі»
-Қарымды қаламгер екеніңіз оқырмандарға мәлім. Оған қолыңыздан шыққан «У» - роман-эссесі, «ОтАсу» роман-дилогиясы, «Шуақ» новеллалар мен әңгімелер жинағы, «Алаш - АЛЖИР» екі томдығы және орыс тіліндегі «Неповторимое многоцветье» кітабы дәлел. Енді қандай туындымен оқырманды қуантпақсыз?
- «Абай сөзінің сәулесі» деген кітапты жазып жатырмын. Алатауда 4010 метрлік Абай шыңы бар. Осы шыңға жерден тұрып көз жеткізудің өзі қиын. Ал абайтанудың шыңына жету - оңай шаруа емес. Сол себепті алдымен Абай сәулесін ұғу қажет. Оның сәулесі біздің санамызда. Ұлы ақынның әрбір сөзінен біздің санамыз ашыла түспек. Абай көкірегіміздегі қараңғылыққа жарық түсіреді. Сондықтан «Абай сөзінің сәулесі» ойландырады мені.
- Владимир Познер өз хабарында Марсель Прустың сауалнамасына жүгінетіні белгілі. Осы ретте өзіңізге Шәкәрімнің «Білімділерге бес сауалын» жолдауды жөн санадық. Жауаптарды қысқаша қайырсаңыз?!
- Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?
- Адамсыз тіршіліктің мәні болмас еді. Бірақ адам тіршіліктің бір түйірі ғана. Сондықтан қоршаған ортаны құрметтеуі және үйлесімді өмір сүруі тиіс.
- Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
- Бізден өмірге келу мен келмеуді ешкім сұрамайды. Ұлы Абай айтпақшы: «Ақыл, қайрат, жүректі» басшылыққа ала отырып, жұмыс істеу керек. Алайда екеуіне жүректің төрелік еткені ләзім.
- Адамға өлген соң, мейлі не жөнмен болсын, рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?
- Әлбетте, жақсылық та, жамандық та алдан шығады. Өзің ғана емес, ұрпағына нұры немесе сұғы тиеді.
- Ең жақсы адам не қылған кісі?
- Адам екенін ешқашан естен шығармаған Адам.
- Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бар ма, бұзылып бара жатыр ма?
- Өте қиын сауал. Қазір адамшылық пен астамшылық айқасы жүріп жатыр. Кім жеңеді, уақыт көрсетеді.
Сұхбаттасқан: Жақсылық Мұратқали
Шығыс Қазақстан Облыстық "Дидар" газеті