«ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА...»

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қазақ руханиятының қайнар көзіндей, төл әдебиетіміздің көрнекті қайраткерлерінің бірегейі, абайтанушы, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушы, әрі жарыққа шығарушы ғалым, тумысынан асқан дарынды, зор қабілетті, биік мәдениетті, сұңқар табиғатты текті тұлға Қайым Мұхамедхановтың туғанына 103 жыл толуына орай «Ғылым таппай мақтанба...» атты танымдық салтанатты шара ұйымдастырды.

Шара барысында Қ.Мұхамедхановтың өскен ортасы, балалық шағы, тәлім-тәрбие алған бастаулары, қоғамдық қызметін, абайтану ғылымының қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі, Абайдың ақын шәкірттері мұраларын жинақтап, ғылыми айналымға енгізудегі ғалымның өзіндік ұстанымдары кең арнада сипатталды. Және Абайдың әдеби-мемориалдық  музейінің ұйымдастырылу, қалыптасу ісіне белсене араласуы. Іргесін қалап, ісін жалғастырған, жүйелеген музей тарихындағы Қайым Мұхамедхановтың есімі мен ісі туралы баяндалды. 

Жиында Қ.Мұхамедхановтың алдын көрген, білім алған шәкірттері абайтанушы-ғалым М.Сұлтанбеков, Шәкәрім университетінің Д.Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің жетекшісі, ф.ғ.к., А.Ақтанова сөз алып ұстаз Қ.Мұхамедханов жайлы естелік әңгімелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Шәкәрім университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы А.Жүндібаева да сөз алып, университеттегі қайымтану курсының жүргізілу барысы жайлы айтты.

«Абай» өнер мектебінің шәкірттері Қ.Мұхамедхановқа арналған арнау өлеңдерін оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Шараға Қ.Мұхамедхановтың ұрпақтары, шәкірттері және сүйікті оқырмандары қатысты.

Салтанат соңында, музейде келген қонақтарға ғалымның 103 жылдығына орай ұйымдастырылған кітап көрмесі мен «Қ.Мұхамедханов – абайтанушы»  бөліміне экскурсия жүргізілді.

 

Абай музейінің баспасөз орталығы