Ташкентте өзбекстандық кинематографтар түсірген «Абай сөзі» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Игі бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулысы аясында жүзеге асып отыр.
Өзбек тіліндегі туындыда ақынның балалық шағы мен өскен ортасы, шығармашылығы мен мұрағат құжаттары кеңінен көрсетілген. Фильм авторларының сөзінше бұл шығарма қазақ-өзбек халықтарының достығын жоғары дәрежеге көтеріп, ежелден түбі бір екі елдің арасын жалғайтын алтын желі болары анық.
Ташкент қаласындағы деректі фильмдер студиясының ұжымы Абайдың туып-өскен жері Семейге арнайы келіп, ақынның Жидебайдағы музей-үйінде болған еді. Өзбек тіліндегі «Абай сөзі» деректі фильмінің режиссері Шухрат Махмудов, сценарий авторы Розика Мергенбаева.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
қорық-музейінің баспасөз
қызметі