АБАЙ МУЗЕЙІНЕ ОБЛЫС ӘКІМІ КЕЛДІ

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай әлемі» кітаптар топтамасының тұсаукесеріне арнайы сапарында облыс әкімі Д.К.Ахметов Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің бір бөлімі «Алаш арыстары  - Мұхтар Әуезов» музейіне келді.

Облыс әкімі Алаш қозғалысының тарихын, М.О.Әуезов шығармашылығының Семей кезеңін, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттайтын музей бөлімімен жақын танысып, ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихына қатысты мұрағат құжаттарына қанықты.

Бірінші қабаты кірпіштен, екінші қабаты ағаштан салынған тарихи ғимаратта Хакім Абай және оның балалары мен туыстары, Көкбай Жанатайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Алаш қайраткерлері жиі болып тұрған. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов өзінің мекен-жайы ретінде осы үйді құжатта көрсеткен.

2017 жылы ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін музей залдарында реэкспозиция жұмыстары жасалып, музейдің жаңа экспозициясы ашылды. Экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды. Әйгілі балауыз фигуралар сияқты бұл мүсіндерді жасауда суретшілер заманауи материалдар – керамопласт және шыныталшық қолданған.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің баспасөз қызметі