АБАЙ БАТА СҰРАҒАН ЖЕТІНШІ ӘУЛИЕ КІМ ЕДІ?..

(Сәйхали туралы)

Ақын Ақберен Елгезектің «Абай бата сұраған 7 әулие кім?» деген мақаласы көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Иә, Абайдың:

 

«Фзули, Шамси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Қожа Хафиз бу хаммаси,

Мәдет бер, иә, шағири фарияд» –

 

деп шығыс шайырларының әруағын шақырып, олардан мәдет тілеген өлең жолдары әмбеге аян. Ақын ағамыз өз жазбасында осы ұлы шайырлардың өмірі мен шығармашылығына біршама тоқталады. Бірақ, соның ішінде «Сәйхали деген шайыр туралы мағлұмат өте аз болғандықтан бұл мақалада біз ол кісі туралы толыққанды әңгіме айта алмадық» деп, жеті шайырдың бір шайырын осылайша қысқа қайырады. Бір жағы ақын ағамыздың бұл сөздері маған қазақстандық әдебиетану ғылымы мен Абайтанудың көкжиегін әлі де кеңейту керек, деген ой тастағандай болады...

 

Расында, Абай бата сұраған жетінші әулие кім еді?!.

Сәйхали туралы деректер «Абай энциклопедиясы» мен Мекемтас Мырзахметұлының «Абай лұғаты» атты еңбегінде келген. Бұл басылымдарда Сәйхалиді XV ғасырда өрім сүрген шығыс ақыны ретінде таныстырып, оның дүниенің жаралуынан бастап, Құсайын имамның 680 жылы Көрбала шелінде өлген уақытына дейінгі ұзақ дәуірдің тарихын баяндайтын «Диуана Сәйхали» деген тарихи жыр жазғанын тілге тиек етеді. Сонымен қатар бұл жырдың 1332 жылы Ташкентте, кейін Қазанда, Стамбулда баспадан шыққандығы айтылады.     

Дегенмен, біздің қолдағы деректер, жоғарыда келген мағлұматтардың қате екендігін дәлелдеп отыр. Мәселен, Сәйхали туралы «Өзбек ұлттық энциклопедиясында» мынадай тың деректерді кезіктіруге болады:

«Сайқалий (Сәйхали) – (тахаллустері – Хисари, Сабири; есімі – Сабыр) 1730-1798 жылдар аралығында өмір сүрген, ақын. Оның «Қисса-и Ибраһим», «Рангнама-и имам Мұхаммед Ханафия», «Ахтамнама», «Равзат ушшухода» сынды діни-дидактикалық дастандары бар. Ол ғазал, мұхаммас, мұсаддас, мұсамман және мәснауи жанрларында шығармалар жазған. Сайқалидың шығармаларындағы ғашықтық тақырыбындағы «Бахрам мен Гүландам» дастаны ерекше маңызға ие. Сайқали шығармалары Орта Азия, Қазақстан, Татарстанда басылған. Қолжабалары Санк-Петербург, Ташкент, Ашхабад, Душанбе, Самарқанд қалаларындағы қолжазбалар қорында сақтаулы» 

Бұдан бөлек өзбек тілінде жарық көрген «Камолат сари» еңбегінінің 4-бетінде Сәйхалидің өмір сүрген ғасырын нақтылай түсетін дерекке орын берілген:

«ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Сабыр Сайқалидің өзбек әдебиетіндегі орны ерекше. Ол өзіне дейінгі дантаншылық-қиссашылық дәстүрді дамытқан. Оның шығармалары терең пәлсапалық ойлар мен рухани тәлім-тәрбиеге құрылған».

Бұдан шығатын қорытынды, Абай жыр-атын ерттеп мінерде пір тұтып бата сұраған 7 шайырдың бірі – Сабыр Сәйхали туралы деректер қазақ тілді басылымдарда қате берілген, сондай-ақ бұл олқылықтар әманда қайта толықтыру мен түзетуді қажет етпек.   

Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ,

ҚазҰУ-дың «Әдебиеттану»

мамандығының магистранты,

жас ақын

 

ТӨРӘЛІНІҢ ТӨРЕЛІГІ

Өз жырларымен Абайды тамсандырған Шығыс шайырларының бірі – Сәйхали хақында Бауыржан Мырзақұл ініміздің фейсбуктағы жазбасы жұрттың көңілінен шығып, оқырмандарға біраз ой тастаған екен. Бірақ, жабаның төмен жақтағы пікір білдірушілер энциклопедия мен уикипедиядағы деректерге қарап, өмірде екі Сәйхали болған шығар деген ойға келіпті. (Біреуі 15 ғасырда өмір сүрсе, екіншісі 18 ғасырда жасаған). Ортағасырдағы әдеби кеңістік, негізінен, өлең сөзден тұратыны белгілі. Көпшілігі өз атымен емес, ныспысымен не тахаллусымен қалам тербеген. Басқасын былай қойғанда тіпті өмірді екі Омар Хаям өмір сүрген деген пікірлер де бар. Бірі – Нишапурлық Омар Хаям, екіншісі – зороастр дінінің өкілі Йәздік Омар Хаям. Бірақ «Сәйхали» деген атпен жазылған екі шайырды (немесе тахаллусті) кездестіру қиын...

Қазақша берілген уикипедиядағы мәліметтер қате берілген. Біріншіден – шайырдың шығармалары 14 ғасырда («Бұл жыр 1332 ж. Ташкентте, кейін Қазанда, Стамбулда баспадан шыққан») жарық көрген деп, ақын 15 ғасырда өмір сүрген көрсетілген. Бұл жердегі 1332 жыл – һижри жыл санағы, яғни ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы. Бірақ, 15 ғасырда өмір сүрген Сәйхали деген парсы ақыны туралы деректерді кездестірмедік («Парсы поэзиясының мың жылы» деген еңбекте де көрсетілмеген). Абайдың аттарын атап, шабыт шақырған шайырлардың қатарында парсы ақындарымен бірге, Физули, Науаи, Сәйхалилардың аты аталады. Сабыр Сәйхали – Бауыржан ініміз айтып өткендей, 18 ғасырда өмір сүрген түркі (өзбек емес) ақыны. Ол діни-дидактикалық тақырыпта қалам тартып, діни тұлғалардың өмірі туралы қисса-дастандарын мәснәуи қалыбымен жазып қалдырды. Сонымен бірге, әһлі ғурафа (Хақты танушы) өкілі ретінде ішкі жан-дүниесін ғазал жанрында жеткізді. Осы шығармалар жинағы «Диуани Сәйхали» деген атпен белгілі. Уикипедияда берілген «Диуана Сәйхали» қате берілген. Әсілі «Диуани Сәйхали» яғни "Сәйхали жинағы». ("Диуан" – өлеңдерін жинағын айтатыны белгілі. "Диуани Хафиз", "Диуани Науаи" ("Диуани Фони"), "Диуани Сағди" және т.б.). Сондықтан да, Абай аттарын атап, шабыт шақырған шайырлардың қатарында 18 ғасырда (анығы 1730-1798 жж.) өмір сүрген, діни-танымдық, діни-сопылық және діни-дидактикалық тақырыптарда қалам тербеген түркі ақыны Сабыр Сәйхали деп түйін жасауға болады.

Төрәлі ҚЫДЫР,

Филология ғылымдарының кандидаты,

доцент

"ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ" ГАЗЕТІНЕН