Р. БЕРДІБАЙ: ҰЛЫЛЫҚҚА ЖАРТЫКЕШ ТҮСІНІК ЖҮРМЕЙДІ

Абай мұрасын танып-білудің ғылыми тәсілдері, методологиялық таяныштары анықталды деп айту қиын. Алдағы жұмыстардың жемісті болуы зерттеушілеріміздің жаңа көзқарас қалыптастырып, жасанды догмалар қыспағынан құтылуына байланысты. Жылдар бойында Абайтануды белгілі бір шеңберден шығармай келген жалған қисындардың кейбіреулерін айта кетейік.

Ондаған жылдар бойында қоғамдық ғылымдарда жетекші кағидалардың бірі болып есептелген, тарих пен мәдениеттің барлық мәселелерін таптық көзқарас тұрғысынан қарап тексеретін дағды Абай мұрасын жан-жақты қарастыруға тежеуіш болып келді. Мұндай көзқарас шығармаларды талдағанда бір жақты қорытындыларға апарды. «Абай еңбекші халықтың жақтаушысы» деген тұжырым қаншалықгы ақиқат секілді естілгенімен, тұтас дүниені қақ, бөлгендей жартыкеш түсінікке соқтырмай қоймайтьн еді. Абайдың өскен ортасын, әулетін, өмірде араласқан адамдарын олардың анық шындығына сәйкес алып қарамай, алдын-ала белгіленген схемаға салу пайда болған. Мәселені осылайша қою ақын шығармаларының шалқар мағынасын бір халық көлемімен шектеп, кең салыстырулар жасауға мүмкіндік бермейтін. Ал «таптық көзқарас» теориясына жанаспайтын көптеген өлендер, соның ішінде дінге қатысты туындылар, арнайы сөз болмайтын еді. Абайдың ақындық өнеріне әсер еткен халық ақындарының да таптык көзқарасы қатты «тексеруге» түсетін. Абайдың өз шығармаларын былай қойып, ұлы ақын туралы жазылған зерттеулер мен көркем шығармалар да осы тұрғыдан қаралған. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабының алғашқы нұсқасында Абайдың жас кезінде Дулат ақын өлеңдерін қызығып тыңдағанын суреттейтін тұс солақай сынға ұшырағаны есімізде. Сондай жадағай белсенділердің шабуылынан құтылу үшін, жазушы романның келесі басылымында Дулат ақынның атын «Барлас» деп өзгертуге мәжбүр болғаны белгілі. Ислам дінінің куғындалуы өршіп тұрған кезенде ақынның «алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңін ауызға алуға мүмкіндік болмағаны түсінікті. Ендеше ақын мұрасын зерттеушілікте бұдан былайғы жерде адамзаттық кұндылықтардьі іздеу негізгі нысана етіп алынуы ләзім.

Қазақ тарихын да, әдебиеті мен мәдениетін де барша байланыстарымен қамтып тексеруге орасан залал келтірген қисынның тағы бірі — күллі кұбылыстарды еуропоцентризм тұрғысынан қараушылық еді. Бұл әңгіменің де тарихы ұзақ. Оның түпкі себебін қысқа қайырып айтсақ, ол Еуропа елдерінің акыл-ой үстемдігін дәледдеуге саятын. Тарихтың, мәдениеттің әрбір ескерткішін өзіміздің түсінігімізбен емес, еуропалық көзқараспен бағалауға тиіс болып келдік. Еуропа халықтарының, соның ішінде орыс халқының жетістіктерін бірыңғай дәріптеу, Азия елдерін мәнгілік артта қалған, жаңалыққа, жасампаздыққа кабілетсіз кертартпа, тек озық жұрттардан үйрену арқасында қатарға қосыла алады деп дәлелдеу бұл «теорияның» түп қазығы болатын. Осы себептен Абай өлендерін сипаттағанда, еуропа-орыс әдебиетінен қаншалықты тәсір алғандығы алдымен сөз болатын еді. Қазақтың төл әдебиетінің сан ғасырлық тәжірибесінің, шығыс поэзиясының ақын шығармашылығына тигізген орасан ыкпалы туралы мәселе кейінгі кезекке ысырылып қалатын. Көрші жатқан Қытай, іргелес Үндістан мүлде аталмай, ежелден мәдени қарым-қатынасы күшті араб, парсы әлемімен рухани байланыс сырлары там-тұмдап қана айтылатын. Бұл айтылғаңдардан туатын қорытынды — Абай шығармаларының кадір-касиетін сөз еткенде, Еуропаның мәдени дәстүрін асырып, казақтың төл құндылыктарын жасырып көрсетіп келген біржақтылықтан құлан-таза арылу ғана шындықты табиғи қалпында түсінуге мүмкіндік береді. Бұл бір күннің міндеті емес, ұзақ жылдарда жалпы жұртшылықтың, соның ішінде ақын, жазушылар мен ғалымдардың санасына сіңірілген жасқаншақтық, жалтақтық әдет зардабын жою жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізілуге тиіс. Абайтануды кең көлемге шығарудың кажетті методологиялық жолдарының бірі осы демекпіз.

Соңғы кезге дейін Абай шығармаларының кемінде бір жарым мың жылдық дәстүрі бар көне түрік әдебиетімен тығыз байланысы тіпті сөз болмай келді. Абай мұрасының бірегей білгірі, аса көрнекті жазушы әрі ғалым Мұхтар Әуезов ақын нәрленген рухани бұлақтардың бірі деп казактың халықтық әдебиетін көрсеткен еді. Бұл пікірді еңдігі жерде кеңейтіп, қазақтың халықтық әдебиетіне түрік халықтары жасаған аса бай жазбаша және фольклорлық ескерткіштерді қоса айтуымыз қажет болады. Өте ертедегі дәуірлерге бармай-ақ сонау V-VIII ғасырларда өмір кешкен Түрік қағанаты кезінің аса құнды жәдігері — Орхон жазуларынан бергі әдеби, тарихи жаратындылардың әр тараптан Абайға мәлім болғанын ескермеуте болмайды. Ортаазиялық түрік тілінде дүниеге келген көптеген кітаптар мен қолжазбалар, аудармалар ұлы акынның ең көп танысқан мәнбелері деп қарауға болады. Абай өзінің медреседе оқып жүрген кезінде шығыстың бір топ ұлы шайырларының есімін зор құрметпен атап, солардан медет тілеген ғой! Сол шайырлар парсы және түрік тілдерінде жазатындар еді. Осының ішінде ұлы өзбек ақыны Әлішер Науайының шығармаларымен Абай неғұрлым танысырақ болған тәрізді. Сан ғасырлық тарихы бар парсы, араб жазба әдебиетінің нұсқалары ол заманда ортаазиялық түрік (өзбек) тіліне түгелге жуық тәржімаланған болатын. «Бабурнаманы» оқығанын Абайдың өзі де бір еңбегінде атап өткен ғой. Түрік тілінде жазылған тарихтар мен шежірелерді, аңыздар мен әпсаналарды ұлы ақын жас кезінен бастап жүйелі оқығаны күмәнсіз. Түрік тілінде сопылық поэзияның негізін салған, аты дүниеге кең тараған Ахмет Яссауи мен Абай назымының арасындағы байланыстар мүлде тексерілмей келді. Яссауидың хикметтерін окымақ түгілі атын атаудың өзі кылмыс саналатын кездерде бұл мәселенің қолға алынбауы табиғи болатын. Бұрын өткен қазақ ақындары мен жырауларының Абай поэтикасына қаншалық ықпал еткені де аса күрделі проблеманың бірі. Мұның бәрі түрік тіліндегі жазба ескерткіштер тағылымы тексерілуі керектігін көрсетеді. «Абай және түрік халықтарының фольклоры мен жазба әдебиеті» деген — өзінің маңызы жағынан дара бөлініп айтылатын тақырыптардың бірі. Абайтану терендеген сайын жаңа құжаттар табылатынына сенеміз. Бұл да акынның рухани әлемінің көкжиегін кеңейтуге жол ашатын келешегі кең бағыт болып саналады.

Абай және ислам дәуірінің әдебиеті. Болашақтағы Абайтанудың ең құнттап қолға алатын проблемасының күрделі бір тармағы осы екенін де методологиялық жағынан дәлелді санаймыз. Ұлы ақынға шығыс әдебиетінің тәсірі болды деу мәселенің бергі жағы. Сол тәсірдің қандай шығармада қаншалыкты көрінетініне дейін ыждағатты ізденістер жүргізілуі шарт. Ол үшін ислам дінінің тарихына, араб, парсы, түрік халықтарының тіліне жетік мамандар керектігі өзінен-өзі түсінікті. Абай мен ислам арасыңдағы күрделі байланыстарды зерттеуге дайындықсыз бару жеміс бермек емес.

Ақырында Абайтанудың көп ретте біржақты қаралып келуінің тағы бір себебі — ақынның поэзиялық мұрасы ғана көбірек сөз болып, оның ойшылдық, философиялық қырлары назардан тыс қалғандығынан. Осы алшақтықтың олқысын толтыру оңай емес. Ол үшін шығыс философиясының та­рихына ғана емес, юнан (грек), буддизм, христиан білімпаздарының еңбектерін қамти қарайтындай білім керек болады. Ақын Абай мен ойшыл Абайды бөле-жара талдамай, тұтас қалпында тексергенде ғана ғылымның биік талаптарына сай еңбектер тумақ.

Бұл айтылғандардан шығатын бір түйін Абай мұрасын әлемдік өркениет көлемінде зерттеу кажеттігі болмақ. Ақын, философтың шын тұлғасы мен әлемдік орнын сонда ғана неғұрлым анығырақ, толығырақ білуге жол ашылады.

Осы кезге дейінгі зерттеулерде Абайдың казақ топырағында тендесі жоқ ұлы ақын екендігі көп те құп сөз болғанын ешкім жоқка шығармайды. Бірақ Абай мұрасы бұл қалып, өлшемге әсте де сыймайтынын көрмеуге болмайды. Соңғы кездегі кейбір зерттеулерде Абайдың қазақ мәдениеті тарихындағы ренессанстық тұлға екені айтыла бастады. Мұндай пікірлер Ақжан Машановтың «Фараби және Абай», Ғарифолла Есімовтің «Хакім Абай» атты кітаптарында және баска кейбір мақалаларда кездеседі. Осы анықтама Абайдың шын Абайлық келбетін тануға бастайтын сындарлы пікір болып көрінеді.

Абайды өз заманының шындығын, кайшылығын кең суреттеген, халықты еңбекке, оқуға, бірлікке шақырған, ел басына душар болған әлеуметтік қырсықтарды білген, көптеген көркемдік сауалдардың жауабын айтқан, халқының өзгеге кіріптар халіне жаны ауырған, жұртшылық пиғылын түзеуді көздеген ғаламдық деңгейдегі ұлы ақын деп бағалау дұрыс-ақ. Дегенмен мұндай сипаттаманың сыртында да Абай тағылымы мен дәстүрі дерлік көп шындықтар қалып қоятыны шүбәсіз. Біздің ұғуымызша, Абайдың неғұрлым толық бейнесі оның ренессанстық, қайта өрлеу дәуіріне тән белгілерін ашқанда ғана айқыңдалмақ.

Ренессанс, кайта өрлеу деген термиңдерге жатырқай қараудың керегі жоқ. Бұл құбылыс дүниенің әр бұрышында әр кезеңде орын алып келгені ғылымда дәлелденген нәрсе. Академик Конрад өзінің «Запад и Восток» деген кітабында ортаазиялық ренессанстың тарихы мен ерекшелігін дәлелдеп берген еді. Құрметті ғалым IX-XV ғасырларда Орта Азияда ғылым мен әдебиетте аса көрнекті ренессанстық тұлғалар болғанын, олардың еңбегі өздерінен кейінгі әлем мәдениетіне игі әсер еткенін көрсеткен.

Ғылыми әдебиетте кайта өрлеу, ренессансқа хас сипаттар анықталған. Тақырыбымызға қатысты болғандықтан, көптен бері қанықты сондай белгілерді еске салудың кажеттігі бар. Соның бірі көне заманның ақыл-ой байлығын кайта жаңғыртып, жаңа заман кәдесіне жарату болса керек. Абайдың өз заманының жағдайын терең білуімен қатар, шығыс пен батыстың небір ойшылдары еңбегін оқып, соларға өзінің көзқарасын білдіріп отыруы, ислам, христиан, буддалық діндердің негіздеріне ой жүгіртуі, жалпы адамзаттың мәдени даму жолдарының зандылықтарын сөз еткен Еуропа оқы-мыстыларының кітаптарына көңіл бөлуі, жаһанға аты жайылған ақындардың көркемдік жетістіктерін меңгеруі — мұның бәрі кайта өрлеу дәуірінің кайраткеріне тән әрекеттер. Мұның өзі жаһанның білім қазынасын қорытып, халық кажетіне жаратсам деген талаптан туған титандық істер. Ең қымбаттысы сол — Абай ешқашан да окыған-білгенінің жалаң кұптаушысы, насихаттаушысы болып қалмай, соларды сын таразысына салып, күдіксіз шындық дегендеріне ғана тоқталған. Батыс пен Шығыстың сан акын, жазушы, тарихшылары мінсіз патша деп сипаттап, үлгі етіп ұсынған, көптеген шығармалардың орталық каһарманы етіп көрсеткен ертедегі Ескендір Зұлқарнайын турасында да Абай өз көзқарасын батыл білдірді. Қазақ ақыны өзгелер данышпан қолбасы, қайырымды мемлекет қайраткері етіп дәріптеген тарихи тұлғаны дүниеге тоймаған, обыр, озбыр етіп суреттейді. Бұл да ақынның бұрынғы мен кейінгінің небір оқиғаларын тек әділет, халық мүддесі тұрғысынан қарап бағалағанын байқатады. Абайдың қара сөздеріне ықылым замандардың адамшылық, ар, ұят, намыс, мейірімділік, мәрттік секілді жалпы адамзаттық құндылықтар жайында қалдырған асыл сөздері мен ойларының қазақ жағдайына лайықталып қорытылған синтез қорытындысы берілгендей. Абай шығармаларында сонау X ғасырларда жасаған данышпан бабамыз, әлемнің екінші ұстазы атанған энциклопедист, ғұлама философ Әбунасыр әл-Фарабидің ойларымен үндестік сезілетінін ардақты ғалымымыз Ақжан Машанов өзінің «Фараби және Абай» деген зерттеуінде дәлелдеп бергені қоғамдық ғылымдағы жаңа сөздердің бірі. Арнайы тексеруші табылса Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн мен Абайдың дидактикалық, ғибраттық ойлары арасында қаншама орайластық жатқанын көретіні кумәнсіз.

Адам атын ардақтау, оны дүниенің тұтқасы деп мадақ ету, адам, кабілетінің молдығына сену қайта өрлеу, ренессанс әдебиетін айрықша көрсететін алтын желілердің бірі болатын. Абай шығармашылығының басты мұратын алып қарасақ, адамның жан-жақты жетілуін арман ету сарыны күшті естілетінін көреміз. Кейде тікелей үгіт, ақыл айту, кеңесу түрінде берілетін назым-өлең мен нәсір-қарасөзінің сарқатын арнасы адамның мұң-мұқтажын жырлау болып табылады. Ақынның ақыл, қайрат, сезімді қатар ұстайтын «кәміл адамды» ұлық тұтуы адамзат тарихында сан ойшылдар қайталап айтқан ғибраттардың жаңғырған қайталамасы… Адам тәрбиесі, елдің даму бағдарына, әдебиетке, өнерге, тарихқа, салт-санаға, әдеп-әдетке деген жаңа көзқарастың бәрі де халық тағдырын терең ойлағандықтан, «қуатты ойдан бас құрап» шыккан лебіздер. Адамзат тарихының бел-белестерін шолып, қасіреттер мен қайшылықтардың қайдан туатынын, ел мінезі қалай етсе түзелетінін ұдайы ойлаған данышпан бірде сөз ұғатын жандардың аздығына нала болса, екінші жерде надандық пен зұлымдыкты сынаса, тағы бірде жанашырлық сөзін айтады, неден үйреніп, не нәрседен жирену керек екеніне дейін түсіндіреді. Өз кезіндегі кемшіліктерді сынаған, елді жақсылықтарға шақырған шығармаларының жалпы аты адамшылық толғауы десе болады.

Келтірілген мысалдар мен тұжырымдар Абай мұрасын жалпы адамзат көлеміңде ғана қарап парықтауға болатынын, демек Абай есімі әлемдік деңгейдегі ұлылар мен ойшылдар қатарында тұратынын сипаттайды. Бүгінде ақын шығармаларының дүние жүзі халықтарының тіліне аударылып, сол елдердің көркемдік қазынасына қосылып келе жатқаны — мұның айқын дәлелі.

 

Рахманқұл Бердібай

1995 

 Бердібай Рахманқұл. Ел боламыз десек… – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2000. – 232-237-беттер.  

abai-inst.kz