«МҰХТАР МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ» АЙМАҚТЫҚ БАЙҚАУЫ

Бүгін Абай шаңырағында қазақ әдебиетінің классик жазушысы, қарымды қаламгер Мұхтар Әуезовтің туған күніне орай дәстүрлі «Мұхтар мұрасы – адамзат қазынасы»  аймақтық байқауы өтті.

Шараның ашылу салтанатында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бастамасы бойынша жарық көрген Мұхтар Әуезовтің таңдаулы повестерінің бірі - «Көксерек», кемеңгер жазушының  інісі Ахмет Әуезовтің «Жас Мұхтар», жазушы Ғабит Зұлхаровтың «Әуезов және Аягөз» кітаптарының таныстырылымы өтті.

Сайыс екі бағыттан тұрды. Бірінші «Мәнерлеп оқу» бағытында қатысушылар Мұхтар Әуезов шығармаларынан үзінді оқыды, екінші «Ақындар мүшәйрасында» жас ақындарымыз кемеңгер жазушыға арналған өлеңдерін жұртшылыққа паш етті.

Байқау қорытындысы бойынша «Мәнерлеп оқу» бағытында: №47 мектептің  оқушысы Сембаева Ақнұр 1-орын, «Знаменка» мектебінің оқушысы Файзуллаев Ернат 2-орын, №22 лицейдің оқушысы Қуанышева Әйгерім және Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын  көпбейінді гимназияның  оқушысы Ахметова Ақерке 3-орынды иеленді.

«Ақындар мүшәйрасы» бағытында: Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның оқушысы Баекенова Дильназ 1-орын, №22 лицейдің оқушысы Маршурупов Ерасыл 2-орын, №36 мектептің оқушысы Тоқтамыс Әйгерім  3-орынды қанжығасына байлады.

Байқаудың әділ-қазылар алқасының құрамында: Абай қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева, Халықтық ақындар орталығының жетекшісі Д.Омарбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, М.Төлебаев атындығы музыкалық училищесінің режиссура пәнінің оқытушы Б.Қамзин, Білім бөлімінің әдіскері Н.Байсарина, Абай қорық-музейінің Ғылыми хатшысы Ш.Садықова және Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкері Р.Елекенова болды.

Байқауға қала және қала маңындағы мектептердің 70-ке жуық оқушылары қатысып, сайыстың жеңімпаздары дипломдар және бағалы сыйлықтармен  марапатталды.

Абай қорық-музейінің баспасөз қызметі