Абайдың қасында жүріп, оған тікелей әсері болған және одан жоғары бағасын алған ақындардың бірі – Байкөкше. Жалпы біз Абайды, оның өлең құдіретін айтқанда, маңындағы ақын-жыршылардан бөліп қарап, артық біткен ақындық қуатына жоғары баға бергенде қасында жүрген ақындар, жыршы-жыраулар айдың қасындағы жұлдыздай назардан тыс қалып қоятыны бар. Сондай көмескі қалып келе жатқан ақынның қатарындағы Байкөкше Балғынбайұлы (1813 – 1892) – Абайдың замандасы, оның апыл-тапыл басқан шағынан қасында болып, ерекше сыйласқан адамы.
Байкөкшенің Абаймен байланысты өлең-сөздері ғана сақталып, қалған мұрасы ұмытылған. Абайдың қасында сөз патшасы – өлеңге ерік беретін санаулы ақын болды десек, соның бірі жоғарыда айтқандай осы – Байкөкше. “Абай жолы” эпопеясын оқығанда ең алғаш жас Абайды “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырымен таныстыратын да осы Байкөкше. Ақындыққа бой түзеп, қолына қалам алған Абай, сөз жоқ, алдымен өз елінің ақыны Байкөкшені үлгі тұтты. Келе-келе ақындығын, шешендігін қадірлеп “Байкөке” деп құрметпен атады. Өкінішке орай, соған қарамастан Байкөкше ақынның есімі ұмытылып барады. Басқасы басқа, бүгінгі ақындардың қайсыбірі оның шығармалары түгіл, есімін білмейді. Солардың қайсыбірінің иә, кезінде ондай ақындар әр ауылда болды ғой дейтінін қайтерсің! Сондықтан біз көзден таса, көңілден жырақ қалып бара жатқан ақын туралы сөз қозғағанды жөн көрген едік.
Байкөкше Абайдың алдында қаймықпай сөйлеп, оның қай сынына да төтеп берген адам. Өткір тілді Байкөкше Тобықты ішіндегі аз тайпа Қабастан шыққан. Мырза-Мамай, Боранай-Қабас бір туысады. Қабастың Бекболат, Нұрболат, Тоқболат, Есболат, Жанболат есімді ұлдары 1723 жылғы ел басына күн туған аласапыран шақта ерлікпен шейіт болған. Олардан қалған бір ұрпақ Аю болса, оның Ботақара, Есдәулет деген екі ұлы болыпты. Міне, Байкөкше осы Есдәулет ұрпағы. Жоғарыда оның ақын інісінің алдында іркілмей, еркін сөйлеп, өз ойын ашық білдіре білгенін айттық қой. Соның дәлеліндей, Байкөкшенің ащы тілді бет қаратпайтын турашылдығын есіне салған Абай бірде: “Байкөке-ай, тоқпақпен ұрып жығатын қылығың бар-ау”,– дегенде Байкөкше:
Көкеңді ұрам дейсің тоқпақпен,
Жүрсің бе атаң салған соқпақпен.
Тура сөзді айтсам да кіналайсың
Жасыңда жолдас боп па ең ақымақпен, – деп жауап қайтарыпты. Осы шумақтың шығу тарихы Әрхам Ысқақұлының естелігінде басқаша айтылады. “Қи сындыратын тоқпақ ағашты Абай қолына алып Байкөкшені күтіп отырыпты. Байкөкше бір аяғымен табалдырықтан енді аттағанда, Абай ақырып: – Тоқта, бері баспа! Сол қалпыңда тұрып бір ауыз өлең айт, егер өлең айтпай бері бассаң, қол тоқпақпен басыңды жарамын”, – депті. Әрине, өзінен үлкен ақынға Абайдың өйтпесі анық. Өлеңнің мағынасына туралап шығарған ел әңгімесі болуы да ықтимал. Дұрысы – Абайдың алғашқы “тоқпақпен ұрып жығар қылығың бар-ау” деген сөзіне сая ма дейміз.
Абай тағы бірде “Байкөке-ай, көбіне тілің ащы, жасыңда жетім болып жәбірді көп көргенсің-ау”, – дегенде Байкөкше:
Аз ғана ауыл Қабаспын – туысым ол,
Мырза менен Мамайдың зорлығы мол.
Екі өкпемнен қысқан соң шая болып,
Тілім ащы болатын себебі сол, – деп ел ішіндегі әділетсіздікті тілге тиек еткен екен. Абай алдында болыс сайлауымен елге келген оязға өлеңмен айтқан арыз шағымы сақталған. Тоқсан екі жолдық ұзақ өлең-шағымды бізге сақтап жеткізуші – С.Қарамендин. Ояздың алдында айтылды дегенмен, арызды Байкөкше ақын бүкіл Тобықтыны ақыл-парасатымен жусатып-өргізіп отырған Абайға бағыштайды. Ащы тілді ақын елдің арызын айтуда Абайдан да сескенбейді:
Елді бүйтіп құрысын меңгергенің,
Аз бен көпті салмақпен теңгергенің.
Күн көргенім осы еді қызыл тілім,
Оған да сынап-мінеп жол бермедің, –деген кесек сөзді Байкөкше ғана айта алады Абайға.
Тобықты ішіндегі кіші аталардың жақ-жақ боп бөлініп, жерге таласы, барымта, ұрлық, өктемдігін жіпке тізгендей жырға қосқан ақын ел ішіндегі бұзықтардың атын атауды да ұмытпайды.
Меңгерсең елді жөндеп меңгер, Абай,
Аз бен көпті салмақпен теңгер, Абай.
Сүрінген, сүрен аттап нашарлады,
Сүйе де, сүйемелдеп дем бер, Абай.
Туысының зорлығын тияды деп,
Тілеуіңді тілеп жүр кімдер, Абай, – деп Абайға салмақ сала сөйлейді. Сонау Қараменде, Кеңгірбай, Өскенбай мен Құнанбайдан келе жатқан үлгі ел билерінің бәрінен асып туғаның шын болса, нашарға көзіңді сал, тентектің оң-терісін тексер, – деп өктем сөйлеп, шындықтың пердесін сыпырғанда, Абай көзіне жас алып, іске кіріскен екен дейді ел ішінде сақталып қалған аңызда.
Сол жылы Байкөкшенің ұсынған адамдарын Абай болыс қойып, ел ішіндегі ұры-қары, тентекті тия бастаған. Байкөкшенің оязға айтқан арыз-өлеңін Көкбай ақын орысшаға аударып тұрған. Көкбайдың өзі Байкөкшені ұстаз тұтып, қасында көп жүрген. Жергілікті шежіреші Бекен Исабаевтың айтуынша, “Байкөкше секілді жарып айтар, тура тілді ақынның Көкшеге (Көкбай ақын шыққан Тобықтының бір тармағы) жиен болуы болашақ үлкен ақын Көкбай Жанатайұлына да септігі тигендей. Көкбай жасында жиен Байкөкшенің қасына еріп, ақындығын ұштаған. Табан астында суырып салар айтқыштық және шындықты жалтармай айта білуді Көкең Байкөкшеден алып, ақындығының сара жолына айналдырған.
Ақпа ақынды сөйлетуге қашан да құмар Абай жолыққан жерде Байкөкшенің ақындығын сынай түскен екен де, Байкөкесі сөз тауып кеткенде ерекше көңілі толып, мерейі тасып қалатын болыпты. Бірде Байкөкше есіктен кіріп келгенде Абай:
Ойпаң жерге қауында шөп бітеді,
Кей адамға мал мен бас көп бітеді, – деп тоқтай қалғанда, Байкөкше іліп әкетіп:
Пысықсынған жігітті болыс қойсаң,
Қашан түсіп болғанша жеп бітеді, – деп аяқтапты.
Жалпы аяқ астынан өлең шығарту немесе басын бастап шумақтың соңын аяқтау сияқты құбылыстарды Абай шәкірттерінің ортасында күнделікті қолданып отырған. Абай мен Байкөкшенің арасындағыдай өлең жарысы ақын шәкірттер Көкбай, Әріп және Абай балаларының арасында кең өріс алған. Төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүрдің “Абай жолында” суреттелетінін еске алсаңыз, ақындық өнерді ұштай түсу үшін Абайдың ден қоя қолданған ерекше бір тәсілі екендігін аңғаруға болады...
Байкөкше Құнанбайды да ерекше сыйлаған:
Құнанбай артына үлгі қалдырыпты,
Қу құсты құладынға алдырыпты.
Қазақтың баласына тәлім беріп,
Меккеден тәкияны салдырыпты, – деп өлеңге қосса, Құнанбай дүниеден өткенде:
Көсем едің ауыр ой бастайтұғын,
Қарындасқа дау келсе саспайтұғын.
Арыстан боп жаралған асылым-ай,
Алысқанды алысқа тастайтұғын, – деп басталатын кестелі өлең жолдарымен көмкерілген жоқтауын айтады. Анадан артық туған Құнанбайдың қасиетін аса жоғары бағалап “Тірі әулие табылмас енді бізге”, – деп қамыққан да осы Байкөкше ақын.
Жасынан Байкөкшенің жанында болып, оның әрбір қимылын қалт жібермейтін Абай бірде Байкөкшенің шабыты қысып келе жатқанын тап басады. Бұл туралы Көкбай естелігінде былай дейді: “Бір мезгілде Байкөкшенің түсіне Абайдың көзі түсті де: “Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен”, – деді. Айтқанындай, сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнеледі. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауіптен өтіп өмір мұратына қолы жеткендігін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруын да өлеңге қосып, Қарамоладан жолы болып, қастық қылмақ кісілерді жеңіп қайтатынын айтады. Көрген екі түсін Байкөкше өлеңмен өзі жориды:
Көкті құшсаң, бақытың көкті шарлар,
Ақылың осы жүрген жаннан артар.
Әкелген екі нәрсең – ғылым, білім
Сөзіңді естігеннің көңілі тарқар.
Күнді құшсаң боларсың ай мен күндей,
Арқа ұранды қазаққа тегіс бірдей.
Ақ сұңқардың жаныңа лық толғаны
Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей…
Абай өзін мақтағанына емес, Байкөкшенің ақындығына риза болып, бір тоғыз сый беріп қайтарыпты деседі. Байкөкшенің көріпкелдігі айнымай келеді. Абайдың өзі де, балалары да елден асып ерекше қасиеттерімен қадірлі болған. Байкөкше – суырып салма ақын. Айтқан өлеңі сол жерде ел есінде қалса қалды, қалмаса қағазға түспей жоғалып отырған. Шежіре ақынның көп дүниесі халыққа жетпей жатқанын көрген Абай: “Байкөке! Ел қорғаған ерді айтып, кейінгі ұрпаққа із қалдырсаңшы”, – дегенде Байкөкше: “Абайжан-ай, сен сияқты сауатты болсам, бір күнде бір кітап өлең жазар едім, амал қанша, қолым қалам, тілім қағаз бола алмайды-ау!” депті. Жазушы Бейбіт Сапаралы ақынның “Әнет баба”, “Мамай батыр”, “Тоқтамыс батыр”, “Кеңгірбай би”, “Қараменде би”, “Көбей би”, “Тобышақ торы”, т.б. тарихи дастан жырлары болғанын, тілге тиек ете келіп: “Абайдың Байкөкше ақынға жаздыртқан “Кеңгірбай би” дастанында да би өмірінен деректер мол қамтылған”, – деген дерек айтады (“Қазақстан”. Ұлттық энциклопедия. 2-том. –Алматы, 1999 ж.).
Алайда, Абай төңірегіндегі естелік-әңгімелерде аталған дастандар туралы, оған Байкөкшенің қатысы туралы ештеңе айтылмайды. Қолымызда Байкөкшенің “Тобышақ торы” дастаны ғана болғандықтан, қалған көлемді шығармалары туралы пікір айтуды кейінге қалдырамыз. Бізге жеткен ақынның “Тобышақ торы” дастаны да дәстүрлі қара өлең ұйқасымен жазылған. Ақынның бұл дастаны бәйге аты туралы жазылған алғашқы шығармалардың қатарында. Аз ғана мазмұнына тоқталсақ, Барынбай дегеннің асы болып Райхан деген кедей жігіт жалғыз торысымен келіп асқа тігілген үш бәйгені де әкетеді.
Райхан айтты сонда кәрі-жасқа,
Істің артын күтіңдер, сендер саспа.
Ішің күйіп мырзалар тұз жаларсың
Бәйгені үш аламын дәл осы аста,– деген үш бәйгенің біріншісі “Найманда одан асқан палуан жоқ” дейтін Мұсатайды жер қаптырып, Райхан “Құрыш қара” деген атқа ие болады. Жүз қадам қашықтықтан биік бағананың басындағы күміс теңгені көздеп түсіріп, екінші бәйгені алады. Үшінші бәйге – екі жүз елу аттың алдында келген Тобышақ торынікі, яғни тағы Райхандікі. Дастандағы ат сыншысы Қиясбайды Байкөкше өмірден алған, Абайдың қасында жүріп, “өмірдің өзін мазақ ететін” Қиясбайы. Өйткені, ел есіндегі Қодардың немересі Көгедайұлы Қиясбай олпы-солпы киініп, тұрақ-мекенсіз ел аралап, өнер көрсетіп өмірден өткен, оның көп қасиетінің бірі – ат сыншысы. Кәріқұлақ шежіреші Б.Исабаевтың сөзіне жүгінейік: “Астындағы атын желідегі құлынға айырбастай салу ол кісінің машықты ісі екен. Ел қыдырудан тоқталмайтын жарықтық ат беріп алған құлынын алдына салып айдап жүре береді екен. Жұрттың “атқа құлын алатын Қиясбаймысың” деп сөйлеуі ертеден болған. Бірақ алғашқыда күлкі, әжуа етушілер оны Қиясекеңнің жайдан-жай істеп жүрмегенін байқайды. Сыншы Қиясбай желідегі құлынның кез-келгеніне ат айырбастамаған. Жүйріктігін танып барып айырбастайды екен атын. Соны аңғарған Тобықты жұрты Қиясекең қызыққан құлынды бермейтін, қайта ол құлынды ат қылатын болған”. “Тобышақ торы” дастанында да Қиясбайдың осы бейнесі айқын көрінеді. Ел келеке етіп тұрған торыға Қиясбай керісінше, оң баға беріп, Райханның көңілін өсіріп тастайды. Бірақ ел Қиясбайдың сыншылығын мазақ етіп: Ессіздің сөзін сөйлейді деп, Қиясбайды алжыған екен десті. Тіпті Сұпатай деген жетім баладан басқасы торыға мініп шабуға арланады. Ақыры Қиясбайдың берген сынын толтырған торы бәйгеден жалғыз дара келеді. Дастандағы сыншы Қиясбай бейнесі – Байкөкшенің өзі күнде көріп, қалжың айтып жүрген адамы.
Байкөкше ақын Райханның бағын асырған осы атты баяндауда бізге етене таныс тағы бір оқиғаны қосқан. Ол Өскенбай би асынан белгілі, қазақта бұрын болғанмен аса сирек кездесетін ойын түрі әйел жалаңаш шығып, қазыққа байланған кілем жабулы түйенің бұйдасын тісімен шешсе, түйе кілемімен соныкі. Өскенбай бидің асына қатысқан Тоғалақ руының адамы Өтепберген дегеннің естелігі жеткен. Астағы оқиға төмендегіше өрбиді. Көптен соң жиыннан тағы бір әйелдің шешініп жатқаны байқалады. Сары кідір тартып қалған қатын екен, бүркеніш жамылып, түйе қасына кеп:
Ерлер, ерлер,
Ерлер туған жерлер.
Қараймын десең де өздерің біл.
Арыстың бұл асында
Бұл бәйгені алмақ дүр, – деп бүркенішті сыпырғанда, Құнекең әйелге шапан жапқызып жібереді. Бұйданы шешкізген жоқ. Кілем жабылған інген үстіне қосып, “шешіндірген айыбымыз” деп әйелге шапан беріледі. Дәл осы оқиға “Тобышақ торы” дастанында сәл өзгешелеу автордың көркемдік қиялына қарай өңделе, түрлендіріле берілген. Майлы күйе жағылған қазыққа кілем жабылған түйе байланып, соны шешуге Тойке деген кедейдің он сегіздегі жалғыз (әдемілігіне қарап жұрт оны “Аққула” деп атаған екен) қызы шығып топқа қарсы қарап:
Су тазартар мейлі бет күйесін,
Әйтеуір әкеме бір түйе болсын, – деп тәуекел етеді.
Аққула сол арада “Ерлер! – деді,
– Бәріңіз өніп шыққан жерлер” деді
Білместерің мазақ қып келеке етіп
Білгеніңнің маңдай тері терлер еді.
“Білсеңдер, дүниеге әйел ана!
Әйелсіз дүниеге келмес бала.
Алып – анадан дегендей, ат – биеден
Әйелден неше түрлі туған дана”
Не түсті көргеніңнен ана етін,
Масқаралап күйелеп ана бетін.
Мұны қызық көруші кім де болса
Ананың білмейді екен қасиетін.
Бір кезде бесік көрдім, бала болдым,
Ер жеттік бойжеткен қыз жаңа болдым,
Тәніме көзі түскен көпшіліктің
Мінекей, бәріңе де ана болдым.
Байкөкше қыздың аузымен елде жоқ осы ойын түрін қатты сынға алады. Көкше жеріндегі осы бір сирек кездесетін анайылау ойын түріне Құнанбайдың да ырза болмағаны естеліктен байқалады. Естелікте айтылған әйел сөзін Байкөкше шығармасында өте әсерлі жымдастыра алған. Дәл осы көріністі дастанда сөз етуінде ақынның тағылымдық, тәрбиелік мақсаттағы көзқарасы айқындалады. Оқиға сюжетін Өскенбай би асынан алғандығы айқын. Бірақ сары кідір тартқан келіншектің орнына он сегіздегі Тойкенің Аққула деген қызы шығады ортаға. Дастанның соңында Райхан бәйгеден түскен олжаны қалыңмалға төлеп Аққуланы айттырып, жар етеді. Үш бәйгені де жеңіп алған Райхандай ердің ақыр соңында қызық үшін емес, тұрмыстың қиындығынан топ ортасына шығып, ер ұялтатындай ақылды сөз айтқан Аққула қызбен қосылуы дастанның сюжеттік желісін тартымды етіп, композициялық ішкі құрылысын нығайта түскен.
Байкөкше өлең сөзінің бізге жетуіне Абайдың тікелей қатысы болған. Қашанда Байкөкшедей сыр сандықтың ішіндегі өлең қоймасын ақтаруға ынтық болған Абай: “Байкөке, “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада” қазақ-қалмақ болып таласқанда, Сыр бойынан көк алалы жылқыға қалың ту алып, бөліп айдап шыққан кім еді, білесіз бе, соны айтыңызшы” деп Белібай би туралы, Тоқтамыс батыр туралы жыр айтқызған екен. Абай мен Байкөкше арасындағы осындай рухани жақындықты Ә.Жиреншин сияқты зерттеушілер басқа қырынан танып, Байкөкшені Абайдың ақын-шәкірті қатарына қосып жіберген. Солай дей тұрғанмен, хакім ақын шығармаларының бір томдық толық жинағын құрастырып, оны 1961 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шығаруға мұрындық болған сол Әбіш ағамыз аталған кітаптың түсініктемесінде Байкөкшені Абайдың қатты жақсы көргенін айғақтайды. Анығында Байкөкше Абайдың шәкірті емес, керісінше Абай жас кезінде Байкөкшеден ақындық өнердің қыр-сырын танып, кейін келе Байкөкшенің ақындығын қатты сыйлап қасына ертіп жүрген. Демек, Абайдың ақындық айналасы, ақындық ортасы дегенде Байкөкшенің аты алдымен аталатыны сондықтан. Ал біз хакім ақынның аманатын басшылыққа алып, Байкөкше ақынның артында қалған мұрасын халыққа қайтарып беруді өз міндетіміз деп білген едік.
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология ғылымдарының докторы.
Дәулет СЕЙСЕҰЛЫ, СЕМЕЙ.