АБАЙ МУЗЕЙІНДЕГІ МҰХТАР ӘУЕЗОВ ҚОЛТАҢБАСЫ

1940 жылы Семей қаласындағы Абай музейін ашу жұмыстарының басында кемеңгер жазушы М.Әуезовтің тұрғаны баршаға мәлім. «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ұлт қазынасынан әлемге шашу шашқан заңғар жазушының музей қорын толықтыруға қосқан үлесі қомақты. Ғылыми зерттеу жүргізу, қажетті материалдар жинау – осының барлығы ақын мұрасын ұрпаққа аманат етіп табыстау мақсатында атқарылған күрделі де, құнды жұмыстар еді. Тек музей үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін баға жетпес асыл мұра болып табылатын Абайдың 1896 жылы балалары Ақылбай, Турағұлмен және 1903 жылы отбасымен түскен фотосуреттерін музей қорына табыстаған да М.Әуезов болатын.  

Осылайша, саналы ғұмырын Абай әлемін зерттеп, зерделеуге арнаған М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы қазіргі күнде мұхтартанушы ғалымдардың зерттеу нысанына айналып отыр. Соның ішіндегі  жазушы қолтаңбасы өзіндік бір әлем болып табылады. Бұл жөнінде Т.Әкім: «М.Әуезовтің мұрағаты мен кітапханасында жеке өзінің және көптеген ақын-жазушылар мен ғылым, өнер, қоғам қайраткерлеріне сыйға тартқан кітаптарында оның авторлық қолтаңбасы бар»,- дей отырып, «Абай» романының алғашқы кітабының шығуына септігін тигізген Б.Кенжебаевқа, орыстың атақты жазушысы В.В.Ивановқа жазған жазушының авторлық қолтаңба мәтіндерін келтіреді. (Мұхтар Әуезов энциклопедиясы.- Алматы «Атамұра» баспасы, 2011.- 45-бет. Авторлық қолтаңба).

Әуезовтың Кәмен Оразалинге жазған хаты


М.Әуезовтің ұлы Мұратқа хаты-1


М.Әуезовтің ұлы Мұратқа хаты-2

М.Әуезов қолтаңбасын жинақтап, талдау жасаған келесі еңбектерді  атап өтуге болады. Ол 1997 жылы жазушының 100 жылдығына орай алғаш рет басылып шыққан «Письма родным и близким» атты хаттар жинағы. Жинаққа М.Әуезовтің 1940-1961 жылдар аралығында жазған хаттары енген.

Ал 2015 жылы филология ғылымдарының докторы, «Қазіргі мұхтартану», «Мұхтар Әуезов Ленинградта» атты ғылыми еңбектердің авторы Г.Пірәлінің «Автограф» атауымен жазушының жеке кітапханасындағы қолтаңбалар тарихына талдау жасаған кітабы жарық көрді.

Әуезовтың Фарида Халитова жазған хаты. 1-бет


Әуезовтың Фарида Халитова жазған хаты. 2-бет

Абай музейі қоры өз тарапынан жазушының қолтаңбасы түскен хаттар мен кітаптарды оқырман назарына ұсынып отыр. Бұл хаттар мен кітаптарға  түскен қолтаңба құндылығы сонда, жазбалар әлем әдебиетінің жауһарына айналған «Абай жолы» роман-эпопеясын дүниеге әкелген ұлы халықтың ұлы перзенті, жазушы М.Әуезовтің өз қолымен жазылған. Қорда жазушының түпнұсқа төрт хаты сақталған. Музейге хаттарды табыстаған жазушының ұлы – Мұрат Әуезов.

Хаттар жайында қысқаша мағлұмат берер болсақ, алғашқы хатты 1954 жылы 30 наурызда Мәскеу қаласынан ұлы Мұраттың атына жазған. Хат мәтіні «Мұратай, айналайын алтын балам!» деген сағыныш сөздерімен басталады. (КП-6256. Хат қазақ тілінде жазылған, мазмұны қысқа, толық сақталған, жарты бетке жазылған, көлемі 14х20, қағазы сарғайған).

1957 жылы 20 маусымда жазған екінші хаты да баласы Мұратқа жолданған. (КП-6255. Хат мәтіні орыс тілінде. Қысқа мазмұнды, толық сақталған, шағын бетке жазылған, бет көлемі 15х20,5).

1961 жылы жазған үшінші хаты Фарида Халитованың атына жолданған. Хатта М.Әуезов Мәскеу Мемлекеттік университеті студенті, ұлы Мұратты тапсырып, елге апаруын өтінген. (КП-6258. Хат А4 көлемдегі қағаздың екі бетіне жазылған. Хаттың сақталуы толық емес, қағаз шеттері жұқарып, жыртылған).

Келесі хат жазушының 1961 жылы 25 маусымда Мәскеу ауруханасынан жазушы, М.Әуезовпен жақсы таныс болған Абай елінің азаматы Кәмен Оразалинге жазған соңғы хаты. (КП-6257. Хат мәтіні қазақ тілінде жазылған, толық сақталған, депутаттық дәптершенің бір парағына жазылған, көлемі 13х16,5).

Жазушының музей қорында сақталған келесі қолтаңбаларын әр жылдары арнайы сыйға тартқан шығармаларының бетінен көруге болады. Олардың алғашқысы 1945, 1948 жылдары орыс тілінде жарық көрген «Абай» романы. 1945 жылы Москвадан шыққан романның бірінші бетіне «Музею Абая» қолтаңбасы қойылған. 1948 жылғы кітапта автордың «Ұлы Абайдың атындағы музейге, менің берген момын үлесім есебінде»,- деген қолтаңбасы түскен. Автор бұл екі кітапқа 1949 жылдың 25 сәуір күнімен қолтаңбасын түсіріп музейге сыйға берген. Келесі кітап 1948 жылы чех тіліндегі жарық көрген «Абай» романы.  Кітапқа «Семипалатинскому Литературному Музею им. Абая от автора», - деген мәтінмен автордың қолтаңбасы 1949 жылдың 1 тамызында жазылған. Ал 1951 жылы 28 сәуір күні «Для библиотеки музея Абая» арнайы қолтаңбасы қойылған 1950 жылы румын тілінде басылып шыққан «Абай» романын музей кітапханасына сыйға тартқан.

М.Әуезовтің қолтаңбасы түскен бұл түпнұсқа хаттар мен кітаптар музейге келушілер үлкен қызығушылықпен танысып, тамашалайтын құнды жәдігерлер қатарында.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік 

 тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

қорық-музейінің бас қор сақтаушысы

Меруерт Абламбаева