Ү. ИБРАЕВА: ДАНЫШПАН АҚЫННЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Абай  қазақ әдебиетіндегі маңдай алды ақын екені, таңдаулы туындылары дүниежүзі  поэзиясының озық үлгілерімен деңгейлес тұрғаны ақиқат. Абай поэзиясы ақын  өзі өмір сүрген тұтас бір тарихи дәуірді жан-жақты, барынша толық бейнелеп береді. Сол замандағы қоғамдық өмір салтының, ұғым-түсініктердің бірнеше ғасыр бойы қалыптасқанын, түп-тамыры арыда жатқанын ескерсек, Абай поэзиясы қоғамның дамуындағы бір елеулі кезеңді бейнелеу арқылы халықтың тағдырын, ұлттық мінез-құлқын тарихи тұрғыдан кең арнада алып, өткен жолын да танытарлықтай етіп көрсете білді.

Абайдың бүгінде белгілі 176 өлені, 46 қара сөзі, үш поэмасы және  16 әні мен 3 күйі бар.

Абайдың ақындық өнер мен өлең жайлы көзқарасын танытатын «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңімен ашылады.

Өлең   – сөздің патшасы,  сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп- тегіс жұмыр келсін айналасы.

Ақын шынайы поэзияның негізгі белгілерін көрсете отырып, қажетті алғы шарттарды да белгілеп береді. Абай – ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты тақырыбын қазақ әдебиетінде тұнғыш жырлаған ақын. Өлеңге қойылатын көркемдіктің негізгі заңдылықтарын көрсетіп, жаңа эстетикалық  норма жариялайды. Абайдың өз лирикасында, осы аталып көрсетілген көркемдік шарттары толық сақталды.

Абайдың лирикасы тақырып, идеялық мазмұны жағынан бай, әрқилы өмір құбылыстарын қамтиды. Абай лирикасында жырланған негізгі тақырыптар: халық тағдыры, қоғамдық-саяси, философиялық, табиғат, көңіл-күй, махаббат, сатиралық және ғылым-білім тақырыбы.

Өзінің теңдесі жоқ сырлы өлеңдері арқылы Абай қазақ поэзиясын  мазмұн жағынан байытып, түр жағынан әрлеп, жаңа сапаға көтерді.

А. Байтұрсынов «Сөздің көркем, шырайлы болуына ой шеберлігі керек, ал ұнамды дәмді болуына сыншылдық, маңызды, мағыналы болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де бар. Сондықтан өлендері толық мінсіз болып келген»  - деп баға берсе, Қ.Жұбанов «Абай ойшыл ақын. Өлеңінен пікір кернеп тұр. Оның сезімі де ойшыл сезім. Сондықтан, Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі, грамматикасы, өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бәрі бірге қосылып негізгі күйді шығарады. Тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады» деп көрсетеді.

Абай ақын мен ақындыққа қатысты талаптарын, ең алдымен маңайындағы ақын шәкірттеріне үйретуден бастады. Абай тудырған сыншыл реализм дәстүрі ең алдымен Абайдың ақындық ортасынан бастау алады.

Мақсұтым тіл ұстартып, өлең шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілің ашпақ.

Үлгі алсын деймін, ойлы жас жігіттер,

 Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Абай ақын шәкірттеріне үнемі ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Абай тағылымы арқылы шәкірттері өз таланттарын шындап қана қоймай, ұстаздарының ұлылығын барған сайын асқақтата түсті.

«Болыс болдым, мінеки...» – Абайдың 1889 жылы жазылған өлеңі. Көркемдік, суретшілік, сыншылдық жағынан ерекше толық шыққан шығарма. Бар малын шашып, пара беріп болыс болған пенденің әлеуметтік – психологиялық портреті беріледі. Өлеңнің көркемдік ерекшелігі жайында М.Әуезов былай дейді: «Ақын сатиралық ең бір өтімді, дәлелді және өмір шындығына  ерекше жақын, төте жолын алған жауыздығын өз аузымен тегіс түгендетіп, өзіне айтқызу Абайдың жаңадан дәл басып тапқан шебер әдісі.  Психологиялық ерекше толық портрет болудың үстіне, болыстың кескіні сол болыстың өзі жасаған автопортрет болып шығуы бұл өлеңді ерекше реалистік дәлдікке жеткізеді.

Абайдың өлеңдері махаббат, ғашықтық тақырыбына арналған «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» т.б. жырлары бар.

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл.

«Желсіз түнде жарық ай» (1898ж.) өлеңінде Абай махаббат сырын табиғат көрінісімен байланыстыра жырлайды. Түнгі табиғаттың әсем көрінісін поэзия тілімен өрнектеген ақын, өлеңнің ортасында оңаша жолыққан екі ғашықтың ішкі әлеміне ауысады. Табиғаттағы тылсым көңіл-күй мен екі жастың сезімі алмаса келіп, өлеңге ерекше көрік береді.

«Қызарып, сұрланып» (1890ж.) өлеңі махаббат психологиясын аса сезінген ақындық шеберлікті танытады. Жасырын кеште алғаш жолыққан екі ғашықтың сөз таба алмай, алабұртқан сезімі шынайы суреттелген реалистік шығарма. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» екі шумақтан тұратын ғашықтық тақырыбына арналған лирикалық шығармасы.

Абай лирикасының ауқымды бір саласы ағартушылық тақырыпқа арналған өлеңдерімен жалғасады. Білім, ғылым, еңбек, өнер сияқты ұғымдар Абай поэзиясында кеңінен қамтылып отырды.

Қазақ жастарына нақыл сөз болып тараған атақты шығармалары «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге». Ағартушы ақын қоғамға қажетті, қадірлі адам болудың шарттарын жырлайды. Жастарға дұрыс жол нұсқап көрсетеді. «Сегіз аяқ» Абайдың ойшылдық, сыршылдық, үлгіде туған терең толғауы.  Өлеңнің түрі – өзгеше. Әр шумақ сегіз тармақтан құралады, соңғы екі тармақ нақылдармен қорытындалып отырады (өлең 1889ж.жазылған).

Абайдың қара сөздері 1890-1898 жылдар аралығында жазылған. Жалпы саны 46. 46-шы сөз тақырыбы жағынан өзгеше, қазақтың шығу тарихына арналады. Абайдың қара сөздері жайында М.Әуезов былай деп жазады: «Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем  прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптасты. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді».

Ақынның қара сөздері он-он бір тақырыпқа бөлінген. Бірінші қара сөзінде Абай жазудағы мақсатын баяндайды. Тақырып жағынан алғанда 3-ші сөз өзгеше. Бұнда қазақ даласындағы әкімдер мен тергеуші билер, соттар жайын айтады. 6, 8, 9, 10, 14, 23, 26, 29, 33, 39, 40, 41, 42, 43 сөздерінде Абай ел мінезіне тоқталады. Тақырыбы өзгеше сөздің бірі – 7-сөз. Ол жас баланың психологиясын еске алып талдайды. Дін мен мораль мәселерін 12, 13, 27, 35, 36, 38, 45-сөздерінде қарастырады. Көлемі мен мазмұны жағынан ең үлкен орын алатын 38-ші сөз. Абай қара сөздерінде заманындағы жағдайды, тарихи шындықты, халықтық сананы толық ашып көрсетеді.

Абай 40 жасынан бастап, ақындыққа біржола бет бұрады. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде тарайды. Көз тірісінде, 1889 жылы «Жаз», «Болыс болдым, мінеки» деген екі өлеңі «Дала уалаяты» газетіне өз атымен емес, Көкбай Жанатайұлының атымен басылады. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы өзі қайтыс болғаннан кейін, інісі Кәкітай, баласы Турағұлдың қамқорлығымен 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Бораганскийдің баспаханасында басылып шықты. Жинақта Абайдың тұнғыш өмірбаяны беріледі. Өлеңдері тақырып бойынша 17 бөлімге жүйеленеді. Жинаққа Абайдың 145 өлеңі мен 2 поэмасы кіріп, және фотосуреті берілген. XX  ғасырдың 20-жылдарынан бастап ақын жинақтарын шығару қолға алынды.

Қорыта келе, ойшылдың теңіздей тұңғиық туындылары ұлт жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз. Себебі, ақын жазған өлеңнің әр шумағынан, әр жолынан өлшеусіз өнеге алуға болады.

 

Үмітқайша Ибраева,

Абайдың мемлекеттік  «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің

 аға ғылыми қызметкері