ШӘКӘРІМ ҚАЖЫ «САЯТ ҚОРАСЫНА» ҚАЙТА ОРАЛДЫ

Дүние ғылымына, ар іліміне, әлемдік фәлсәфаға Шақпақтағы «Саят қорада» жатып-ақ сусаған Шәкәрім қажы өмірі әлі күнге дейін көпке жұмбақ, ашылмаған тұңғиық. Архивтер мен музейлерді, ақынның туған өлкесін түгел шарлап, шарқ ұрып жүрген шәкәрімтанушылар да негіз боп қалған сызылған деректерден сырғыған сыр ағытқысы келіп тұрады. Бірақ көзкөргендердің жоқтығы, ақын мұрасының талқандалып, өртенуі, кеңестік идеологияның қыспағына байланысты кей болжамдар тегіс түгесіліп отырады. Ақиқат ақынның өз өлеңдерінде ғана сақталып қалды:

«Жапанда жалғыз жаттым елден жырақ, 
Көп іші болмаған соң маған тұрақ,
Жасымнан сүйген өмірім – оңашалық,
Қартайып, алжып тұр ғой деме, шырақ!» - деген екен ұлтымыздың ұлы тұлғасы. Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы естеліктер қалдырған кенже ұлы Ахаттың мақалалары бүгінгі күннің басты құжаттары саналып отыр. 1925-ші жылы Шақпақ тауының күнгейінде бой көтерген саят қора маңында шошала, айналдыра салынған пішен қора, ат қорасы болған екен. Бұл жерде ақынның мәңгі өлмес туындылары, тарихи – философиялық, поэзиялық шығармалары дүниеге келген, - дейді ұлы Ахат өзінің естеліктерінде. 


Абай ауданының орталығынан 100-120 шақырым жердегі Саят қора саз кірпіштен (саманнан) салынғандықтан бұрынғы қалпын жоғалтқан. Ол жерде қазір төрт қабырғаның сұлбасы ғана сақталған-ды. Тағы бір қиындығы Шәкәрім өмірін тануға ынтызар жас ұрпақ үшін аталған мекен тым қашықта орналасқан. Тек 2006 жылы Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің Жидебайдағы бөлімінде «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициялық залы ашылған болатын. Тарихи ескерткіштің бұл жердегі нысаны биыл күрделі жөндеуден өтті. Осы орайда «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбекұлы былай дейді:

− Биыл Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойына орай «Саят қора» күрделі жөндеуден өтіп, реэкспозиция жасалды. Бұл жұмыстар «Саят қораның» тақырыптық мазмұнын байытып, экспонаттар қатарын толықтыруға, ақын өміріне «терең бойлауға» мүмкіндік береді. Жалпы құрылыс шілде айының соңында аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар экспонаттар әкелінді. Олардың ішінде ат әбзелдері, жабайы аң терілері, шежіре мен танымдық материалдар, сол заманның тұрмыстық заттары бар. Әсіресе, Шәкәрім бабамыздың замануи материалдан сомдалған келбеті жұртшылық көңілінен шықса керек.

Сонымен бұл музейдің де алдағы уақытта келушілер үшін мән-мағынасы зор мәдени орын болары сөзсіз. Шәкәрім қажының өз «Саят қорасына» оралғаны қуантады. Музей кіреберісі қайта қаланып, жаңаша бой көтерді. Ұзындығы 14 метр, ені 4,5 метрді құрайтын қоспа ғимараттың биіктігі 4,7 метр. Бұл нысан шындығында жаңашыл-танымдық сипатқа ие. Шәкәрімтану ғылымының бір пұшпағын көтерген мәдени орталық іспеттес. Жаңаша сипатқа ие музей Шәкәрім Құдайбердіұлының мұраларын зерттеуде елеулі үлес қосары анық.

Нұржан Байтөс, 
Жидебайдағы Абай музей-үйінің жетекшісі.