Зиза СЛЯМОВА: «АБАЙ» ЖУРНАЛЫНА – 100 ЖЫЛ

Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі «Абай» журналының жарық көргеніне биыл 100 жыл толып отыр. 20 ғасырдың басында жарық көріп, қазақ сахарасында өзіндік рөл атқарған «Қазақ», «Айқап», «Дала уәлаяты», «Сарыарқа» сияқты басылымдар туралы зерттеулер жасалып, алды кітап болып шыққаны мәлім. Ал «Абай» журналы туралы зерттеулер жоқтың қасы. Тек 1992 жылдан қайта жарық көре бастаған аттас журнал бетінен өткен тарихты бажайлай аласыз. 

Ағартушылық бағытты ұстаған «Абай» журналының алғашқы саны 1918 жылдың 4 ақпанында Алаш (қазіргі Семей) қаласында «Ярдам» баспасынан жарық көрді. Алғашқы саны 900 данамен шығып, шамамен 16-21 беттен тұратын төте жазумен жазылған. Журналдың алғашқы редакторы, қазақтың көркем ойында орны бөлек, сөз зергері Жүсіпбек Аймауытов болатын. Алайда журнал­дың негізін қалаушы Мұхтар Әуезов еді. Қос кемеңгер әр мақаланың соңына «Екеу» деп қол қойып отырған. Белгілі жазушы К.Оразалин өз естеліктерінде «Семейде семинарияда оқып жүрген Мұхтар 1917 жылдың жазында елге келіп, Абай атында журнал шығармақ ойы барын айтып, соған материал жинайды. Журналды Семейде асқан бай Үкібайдың Қара­жаны қаржыландырмақ екен. Қыс түсе Мұхаң сол байға Жүсіпбек Аймауытовты ертіп апарып, өзінің отбасы жағдайымен елге жүргелі отырғанын айтып, «Абай» журналын шығаруға мына жігіт бас-көз болады, маған қалай сенсеңіз, бұған да солай сеніңіз деген» деп еске алады. Журналдың әр санында жазушының бір-екі шығармасы, қазақ өміріне қатысты материалдары үзбей жарияланып тұрған. «Ғылым», «Философия жайлы», «Жапония», «Қазақ әйелі», «Бірінші жалпы жас­тар сиезі», тағы басқа сан алуан тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар журналда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Мәннан Тұрғанбаев, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедовтің өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі басылып тұрды. Журналдың алғашқы саны Абайдың шығармашылығын насихаттауға бағытталған болса, кейіннен әлеумет, саясат, экономика сияқты қоғамдық маңызы зор тақырыптарға назар аудара бастаған. Журналдың «Абай» аталу себебі неде? 1914 жылы Абайдың өмірден озғанына он жыл толуына орай қазақ зиялылары жаңа басылым шығаруды жоспарлаған екен. Бірақ әртүрлі себептермен кейінге қалдырылып отырған. Ең басты себебі 1914 жылы басталған дүниежүзілік соғыс болса керек. Журналдың бірінші санында шығарушы Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» деген бас мақала­сын жариялап:

«Журналдың атын «Абай» қойған соң әдеби жолын ғана тұтыну керек еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнағандық, Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді», деген екен. Журнал бар-жоғы 9 ай ғана шығып, 12 саны оқырман қолына тиген. Кеңестік идеология «ұлтшыл» деген айдар тағып, журналдың шығуына тыйым салады. Аз уақыт ішінде оқырман көзайымына айналған журнал қазақ өмірінің, тыныс-тіршілігінің небір өзекті мәселелерін қозғаған. Жөнсіз жаламен жабылып қалған «Абай» журналы араға 74 жыл салып 1992 жылы еліміз егемендік алған соң қайта жарық көрді. Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына дайындық ерте, 5 жыл бұрын басталды. Әр облыс өз бағдарламасын ұсынып, тойға қызу дайындық басталып кетеді. Сол кезде «Семей таңы» газетінің редакторы, жазушы Р.Мусин әріптестерімен ақылдасып, «Абай» журналын еске алып, соны қайта жаңғыртса деген ой салады. Журналды қайта жаңғырту бастамасын көтерген «Семей таңы» газетінің ардагерлері екенін жұрт­шылықтың білгені абзал. Қайта дүниеге келген журналдың бас редакторы танымал жазушы Рысхан Мусин еді. Егемендіктің алғашқы жылдары ауыр болғаны мәлім. Тіптен журналға қайта жабылып қалу қаупі төнгені де рас. Әйтсе де 1994 жылы көктемде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семейге келген сапары журналдың тағдырын түбегейлі шешіп кетті. Президенттің нұсқауымен журналға республикалық мәртебе беріліп, республикалық бюджетке алынды. Оған дейін журналдың шығуына көмек көрсеткен іскерлер тобы мен Семей зиялы қауымы екенін айта кеткен абзал. Зиялы қауым өкілдері екі жарым жыл бойы тегін мақала жазып, тіптен Ресей мұрағатынан тың деректерді өз қаражатымен барып алып келіп тұрды. Абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың жазған мақалалары журналдың абырой-беделін арттыра түсіп, үлкен сұранысқа ие болды. Автордың Абай ілімі туралы жазған мақалаларын оқырмандар асыға күтетін. Қ.Мұха­мед­ханов ұзақ жылдар «Абай» журналы редколлегиясының құрметті төрағасы болды. «Семей таңы» газе­тіндегі журналистер қауымы да журнал­дың аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысты. Ардагер журналистер Р.Мұса­ұлы, Ғ.Сапаев, Т.Ибрагимов, М.Ибраев, Қ.Мұхамедханов есімдерін құр­метпен еске аламыз. Бүгінде «Абай» журналы – республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби көркем журнал. «Әуезов әлемінен», «Түбі бір түркіміз», «Жаһан әдебие­тінің жауһарлары», «Шәкәрім шалқа­ры­нан», тағы басқа айдарлар аясында кесек дү­ниелер жарық көріп жатады. Редак­торы – журналист, ақын, абайтанушы Мұратбек Оспанов.

Елбасымыздың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында А.С.Пушкин атындағы Шы­ғыс Қазақ­стан облыстық кітап­ханасында «Абай» жур­налына – 100 жыл» атты әдеби кеш өткізілді.

Ұстаз, танымал жазушы Р.Мұ­саұлы аманат етіп тапсырып кеткен «Абай» журналының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашағы туралы бас редактор М.Оспанов ой бөлісіп, шараны сәтті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының Сахан Әкелеев бастаған әртістер тобы Абай әндерін шырқап, кездесудің сәні мен мәнін келтірді. Кездесуге келген ақын-жазушылар, журналистер, мәдениет қызметкерлері мен студент-жас­тар «Абай» журналының қилы тағдырымен таныса отырып, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ақын өсиетіне ден қойды.

Зиза СЛЯМОВА