АСТАНА ТОЙЫНА - АБАЙ, ШӘКӘРІМ МҰРАЛАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ

2018 жылдың 27 маусым күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен хәкім Абай мен данышпан Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығана арналған «Ұлы тұлғалар үндестігі» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

«Ұлы тұлғалар үндестігі» көрмесі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Қасиетті мекен – Шыңғыстауда дүниеге келген Абай мен Шәкәрім қазақ халқының маңдайына біткен ұлы ақындар, жаңа жазба әдебиеттің негізін қалаушылар. Қос алыптың шығармалары арқылы қазақ әдебиеті, қазақ мәдениеті шығыстың, батыстың таңдаулы ойшылдарының әлемдік философиялық идеяларымен байып, жаңа деңгейге көтерілді.

Көрмеде данышпан Абай мен ойшыл Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы және қоғамдық қызметінен сыр шертетін бірқатар құнды  деректер, жәдігерлер, Абай оқыған медресе кітаптары: «Китаб шараха алама», «Тарихи Жаудат», Ибн Халдунның мұсылман елдері және Африка елдерінің тарихы жазылған еңбектеріне орын берілген.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары көрмедегі Абайдың өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған заттарын, Абайдың ұлы Мағауияға жазған хатын, Абайдың нағашы атасы Тұрпанның ер-тоқымын, Шәкәрімнің шоқпары мен саптыаяғын, Тобықты елінде кең тараған үш ішекті домбыраны 2018 жылдың 8 шілдесіне дейін тамашалайтын болады.

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

қорық-музейінің баспасөз қызметі