Әзірге 1879-1883 жылдар Абайда бос. Жасы 33-те, тұла бойын жастық қайрат, ақындық тегеурін кернеген ақын қолына қалам алмағаны қалай? Бес жыл бойы үнсіз қалғаны несі? «Апырай» демеске шараң жоқ. «Абай, сөз жоқ, талай шығармалар жазған, бірақ, олар, сірә да, адасып жүр» деген топшылау өз өзінен туады. Соның бірі – «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі. Ол барлық Абай жинақтарында «1885 жылғы» деп көрсетілген. Негізі, өлең 1880-жылдардың басында туылған. Неге? Себебі, өлеңнің рухы, сипаты ақын дамуының 1885 жылғы эволюциясына (бұл ел мінезін сынау басқышы) тән емес әрі тұрмыстық жағдаятқа да қайшы келеді. Оған дәлеліміз қайсы?
Айғақ іздеп алысқа ат айдаудың қажеті шамалы. Керек дерек шығармада тұр. Онда Абай:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? –
дейді. Ақын «қолымды мезгілінен кеш сермедім» және «ғылымнан махрұм қалдым» деуімен 1880-81 жылғы хәлін айтқан. Яғни әлі оқымысты емес. Орыс тілін еркін меңгеріп, енді нәрлі ғылымға бас қойып, оның пайдасына көзі жеткен кезі. Төрт жыл өткенде бұлай демесі айдан анық. «Сонымен, – дейді М.Әуезов, – 1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, Абай дүниеден көп мағлұматы бар кісі болады. Әр нәрсе туралы ғылым, философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар қырағы озғын азамат болып, жекеленіп шыға бастайды» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. – 52-бет). Көрдіңіз бе, Абайдың мезгілінен кеш қалған хәлі түбегейлі өзгерген. 1884-85 жылдары «қолымды кеш сермедім» және «ғылымнан махрұм қалдым» деуге ешқандай негіз де, қисын да жоқ. Ақын бес жыл бойы білім қайнарынан сусындаған хәлін несіне жасырсын.
Қорыта айтқанда, Мұхаң «озғын азамат болып, жекеленіп шыға бастайды» демекші, 1885 жылы жасы қырықтағы Абай оқымысты Абай. Ғылым қамалын алып, өзіндік университетті тәмам еткені растық. Осы фактінің өзінен-ақ «Жасымда ғылым бар деп» өлеңі 1881 жылғы екені қолмен ұстағандай анық.
Дей тұрсақ та, бірер қосымша уәж, дәйектерге көз тігелік.
Көпке аян, 1885 жылдың мамыр айында өткен Қарамола сиязында Абай төбе би сайланды және жаңа заң жобасын жазып шықты. Тап осы жылы ақын ел мінезін сынауға, жалпы әлеуметтік тартысқа «ызалы ашумен, қайсар қайрат, өнімді қажырмен араласады» (Әуезов).
Енді жазылу мерзімі тексеріліп отырған өлеңге көз тігейік. Оны Абай:
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім, –
деген түйінмен қорытады. Қайшылық көкесі осы. Жаңа айттық, 1885 жылы оқымысты Абайдың «түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім» демесі анық. Ал, мұны төрт жыл бұрын өзін әлі елдің көсемі деп сезінбеген Абай айтқан сөз деп қабылдар болсақ, әңгіме мүлде басқа. Бір жағынан, елге мән-жайды ұқтыруға, екінші жағынан, өзін ақтап алуға бейілді болғаны сол шақ.
Келесі дәйек, сол 1885 жылдың тамыз айында Құнанбай дүние салды (сол себепті өлкетану музейіне деп жиналған этнографиялық көп дүниені қалаға Долгополов апарған). Күз айлары да шұғыл істерге толы болған: Қожа ауылын Шыңғыстау ішінен Бөріліге көшіру қат-қабат, қарбалас келді. Неге десеңіз, бұған шейін Бөріліде қыстаған Әйгерімді Аралтөбеге көшіріп, онда жаңадан там, қора соғуға тура келген.
Сөйтіп, соңғы дәйектен Абайдың қалаға қатынай алмағанына көз жеткіземіз.
Егер «Жасымда ғылым бар деп» өлеңі шынымен де 1885 жылғы болса, онда 1886 жылғы қос өлеңмен («Ғылым таппай мақтанба» мен «Интернатта оқып жүр») арада ортақ сарын байқалса керек-ті. Үндес дерлік ештеңе жоқ. Бұл да – мерзімдес еместігінің елеулі белгісі.
Олай болса, «Абайдың бұл өлеңі 1885 жылы балалары орыс мектебінде оқуда жүрген кезде жазылған», – деген түсініктеме қайдан, ол соңғы ақиқат па? Аңдап көрейік.
Әбдірахман (Әбіш) орысша мектеп табалдырығын 1881 жылы, ал Мағауия 1883 жылы аттаған (бірақ ол бір жыл ауырып қалып, екінші класта 1885 жылы оқыған). М.Әуезовке жүгінейік: «Сол 35-40 жастың арасында өзі кітап қарастыра бастауымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласындағы уездік школға оқуға береді» (Аталған монография, 50-бет). Бұл жерде Мұхаң 1881-1885 жылдар арасында Әбіштің бесжылдық орыс школын оқып тауысқанын айтқан. Олай болса, «Жасымда ғылым бар деп» өлеңін неге Әбіш оқыған жылмен емес, тек Мағаштікімен байланыстыруға тиістіміз?
Айта өтері, сүйікті баласы Әбішті уездік орысша школаға беруге Абай ерекше қадір тұтқан оқымысты досы Михаэлис түрткі болған. Бірақ Тобықты елінде Абайға қайтіп соқтығарын білмей жүрген атқамінер топтың көктен іздегені жерден табылып, олар «Абай баласын орысша оқытып, елді бұзғалы жүр, жастарды шоқындыру басы бұл» деген қаңқудың көрігін қыздырып бағады. Негізі, өлең ақынның сол шуылдақ пен кертартпа құбылысқа қарсы дауысы (төрт-бес жыл өткенде халықтың орыс мектебіне деген көзқарасы көп өзгерді. Өйткені, патша өкіметі ояздық, облыстық әкімшілік кеңселерге тілмаш, ұсақ чиновниктер даярлау қамында интернатты көптеп ашты). Тоқ етері, өлеңінде:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, –
дегенді Абай Әбішті оқуға бергенде айтқан (бұл жерде «медресе» орыстың «школа» сөзінің баламасы, барлық Абай балалары школада оқыған).
Сөйтіп, шығарманың дерегі оның жазылу мерзімі «1885 жыл» дегенді растамайды. Өлең туылғанда Кәкітай 12, ал Тұрағұл 6 жаста ғана. Сондықтан тек шығарма дерегіне сүйенген жөн. Қай жағынан келсек те, «Жасымда ғылым бар деп» өлеңі Абайдың үйрену мен еліктеу кезінікі, яғни ол 1881-82 жылдың қысында жазылған деуге ғылыми негіз жеткілікті. Шығарма нәрлі білім алудың аяғы емес, басында туылған. Принциптік айырма осы арада.
Қаламы төселудің алғашқы тәжірибесі
Мұхтар Әуезов 1883 жылға дейінгі Абай ақындығы жайында былай деп жазады: «Сап, сап, көңілім» мен «Қансонарданың» арасында он-он бес жыл бойында ақынның тағы да өлеңдері болмауға мүмкін емес» (Абай Құнанбайұлы. Монография. – 98-бет). Расы, осындай үлкен үзіліс болуы мүмкін бе? Ұзақ он бес жылдай уақыт өлеңнен бос қалғаны қалай? Осының жауабын, яғни болмауға мүмкін емес шығармаларды іздестіруден бұрын Абай ақындық жолда жинаған бір тәжірибені сөз етелік.
Бұл қазақтың әйгілі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанына қатысты тәжірибе. Абайдың оқымысты інісі, дүниеден ерте қайтқан Халиолла (Халел) Өскенбаев жазғы демалысында елге келгенде халық жырлары мен эпосын жинаған. Бұл жайлы Н.Потанин, Н.Ядринцев сияқты орыс зиялылары дерек береді. 1860 жылдардың соңында Халел жинаған мұраның бірі –«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» эпостық жыры (бұл нұсқа Жанақ ақындікі делінеді). Оны Абай төңірегіндегі Бейсенбай ақын толық біледі екен, одан руы керей Уәйіс үйреніп, кейін М.Әуезов осы Уәйістен жазып алыпты. Сөйтіп, Халиолланың кітап-қағаздары арасында он жылдай жатып қалған көне жырға Абай қайтадан жан бітірген.
Кезінде қос академик – Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан көне жырды Абай қайта өңдеп, жазып шыққан деп пайымдаған. М.Әуезов: «Абайдың таңдап алғаны – Жанақтың айтқаны, өзі жазған нұсқаға негіз болған – осы Жанақ нұсқасы», – десе, Ә.Марғұлан Абай көне жырдың әр түрлі нұсқаларын салыстырып, іріктеп, оларды өзара үйлестіріп, аса көркем нұсқасын жазып шыққанын айта келе: «Өзге ақыннан гөрі Абай тамаша етіп, көркем тілмен, тарихи сюжетін әдемі сақтап, сарындарын ойға қонымды етіп жазған», – деп түйін түйеді (Абай энциклопедиясы, 361-бет).
Аңдап қарасақ, Абай көне эпосқа алғаш 1879-80 жылдары көз салған. Осы кездерде ақын ел жұмысынан босады әрі ғылым сарасына ден қойды. Оған Мұхаңның: «Абай жырды жасырақ кезінде араб әрпімен көркем етіп жазған» дегені жанама дәлел. Абай 1884 жылы жырдың сыртына орыс әрпімен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» деп жазып, атақты ғалым Г.Потанинге сыйға тартқан көрінеді. Жолданған сыйдың адресін орыс тілінде «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.», – деп көрсеткен екен. Жырдың енді бір данасы Орыс географиялық қоғамына Н.Коншин тапсырған Абай жинағымен бірге сақталыпты (сонда, 361-бет).
Келтірілген дерек-дәйектерге зер салар болсақ, Абай «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» эпосымен айналысқан уақыт 1879-1883 жылдар аралығы деген тұжырым туады. Кітап, қағаздарға, оның ішінде Халел мұрасына шұқшия үңілуге алғаш мүмкіндік алғаны тек осы аралық. Оған күмән келтіру қиын.
Сөйтіп, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырын өңдеу барысында Абайдың дастан жазуға қаламы төселген дейміз. «Масғұт» және «Әзімнің әңгімесі» атты төл дастандарын қолға алуы, сірә да, соның оң әсері. Ендеше сол поэмалардың жазылу мерзімін тексеруге ойысалық.