Асан ОМАРОВ: АБАЙ КРЫЛОВТАН ҚАШАН АУДАРҒАН?

Орыстың атақты мысалшы ақыны Иван Крыловтың мысалдарын Абай  қашан аударған еді? Бұл сұраққа кім де болса «әрине, 1898 жылы аударған» деп жауап берер. Өйткені, бұл Абай жинақтарының бәрінде көрсетілген дата. Ал біздің алға қойып отырған мақсатымыз - аталған жыл емес, дұрысы - 1894 жыл екендігін дәлелдеу. Ертеден ғылыми айналымға еніп, санамызға сіңген мағлұматты қозғағанда «тыныш жатқан жыланның құйрығын басқандай» сезімге бөленесің. Бірақ бір қарағанда кішкене болып көрінетін мәселенің бүгулі үлкен астары бар. Бірден айтайық, 1898 жыл - Абай әлемінің соны көкжиегі ашылуымен айырықша, соныменен құнды. Міне аталған тақырыпты қолға алып, оны жұртшылық назарына ұсынуға осы жәйт себепкер болды.

Сонымен, қолымызда бар дәлел-дәйектер қайсы?

Алдымен ең мықты дәлеліміз - Тұрағұл Абайұлы өзінің «Әкем Абай туралы» атты белгілі естелігінде жазғанын келтірейік.  Тұраш «Крыловтың переводтарын әкем 1894 жылы Федоров деген уезной елге келгенде жасаған» деп дерек береді. Көріп отырсыздар, тайға таңба басылғандай ғып айтқан. Қырға кеңес (сияз) құруға шыққан ояздың Абайдың үйіне түсу себебі – бұл кездерде ақын Шыңғыс болысының болысы қызметінде болатын (Абайдың 1893-1895 жылдар осы қызметті атқарғаны жайлы архивтік құжат бертінде ғана табылып, жария  етілді). 

Әлбетте, оқырмандар «Егер Тұрағұл қателескен болса ше?»  деп сұрақ қоюы әбден мүмкін. Осынау күдік-күмәнді сейілту қамында бізге «Федоров деген ояз Абай ауылына ат басын қашан тіреген - 1894 пе, әлде 1898 жылы ма?» дегенді анықтауға күш салуға тура келді.

Тексерістер нәтижесінде 1897-98 жылдары Семей уезінің начальнигі (қазақы тілде – ояз) Данилов деген төре-шенеунік болғаны расталды. 1898 жылы Абай Көшбике жайлауында соққыға жығылғаннан кейін жазылған Абайдың сенатқа хаты дейтін құжат архивте сақтаулы. Сонда «оқиғаның басы-қасында болды» делінетін куәгер ояз - осы Данилов (ол жаңа аты аталған Федоровтың орнына келген). Абайтанушы Ә.Жиреншин Көшбике оқиғасын баяндай келіп: «1898 жылы, Семей уезіне қарайтын елдің болыс, билерін сайлауға уезд начальнигі Данилов шығатын болды деген хабар ел ішіне дүңк ете түседі», - деп қосымша мәлімет береді (Абай. Шығ.толық жинағы. –Алматы, 1961. -47 бет).  

Сөйтіп, 1894 жылы Абаймен кездескен «Семей уезінің начальнигі Федоров» деген Тұрағұл ақпаратының дұрыстығына көзіміз жетті.

Ол күнде жасы он тоғыздағы жігіт Тұрағұл көзі көрген оқиға жайында жаңағы сөзін былайша жалғайды: «Федоров... менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, әкеме айтты: «Сіз Крыловты перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына осы қолайлы, жеңіл ғой», - деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді».  

Осыны растайтын қосымша дерек-дәйекке келейік. Шұбартаудың керейі жас жігіт Уәйіс Шондыбайұлы (1875-1925) Абайдың шақыртуымен Шыңғыстауға келіп, ақын шәкірттер қатарына қосылған-ды. Өзі ақын әрі әнші, білімге де зейінді, ынталы азамат Тобықты елінде өткізген бірер жылда Абайдан көп тәлім алған. Абайтанушы Б.Ерденбеков өзінің «Абай және Уәйіс» атты зерттеуінде: «Бізге жеткен өлеңдерінің өзі Абайға аса жақын келіп, Уәйіс әркез ұстаз поэзиясына арқа сүйеп отырады»   - деп жазады. Дәлелге мына шумақты келтіреді:

                                  Келеке қылып шілікті,

                                  Мерт болған жоқ па терек те.

                                   Осы да мәлім емес пе,

                                   Зейіні бар зерекке.   

Бұл шумақта Уәйіс «Абайдың «Емен мен шілік» деген И.Крыловтан аудармасын меңзеген» деген Ерденбековтің пікірін толықтай құптаймыз.  Ояз Федоровтың кеңесімен 1894 жылдың жазында Абай Крылов мысалдарын қолға алған ғой, сол тұста Тұрағұл сияқты ұстаз қасында жүрген жастың бірі – осы Уәйіс болатын.  Күлдіргі әжуаға сықыған мысалдарға шәкірттер қатты қызығып, оларды Абай аударғанда-ақ жаттап алғаны сөзсіз. Уәйістің жадында жатталып қалуы соның бір айғағы. Бұл-бір. Екіншіден, келесі жылдың соңында Әбіштің мезгілсіз қазасына орай Абай ауылын төңіректеген өнерлі, талапты жастар тарап, Абай мектебі өмір сүруін тоқтатқан болатын. Осы айтылған екі дәйек те Абай Крыловтан аударма жасаған мерзім - 1894 жыл деген байлауды растауға өзіндік сәулесін түсіреді деген ойдамыз.

Бірақ, Абай Крылов мысалдарын тек осы жылы аударған екен деп ой түюге асықпаған жөн. Алғаш рет он жыл бұрынырақта, ақындық тәжірибе жинақтаған – 1880-1883 жылдары тәржімелесе керек. Ғұлама абайтанушы Мұхтар Әуезовтің сыни көзқарасы осыған меңзейді. Ол Абай аударған он үш мысалдың бесеуін («Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден», «Түлкі мен қарға») ғана жоғары бағалап, ал қалған 8 мысалды қатты сынға алған. Тіпті соңғылар «Абай аудармасы болмауы мүмкін» деген де күдік айтқан (Абай энциклопедиясы, 292-бет).  

Сегіз мысалдың Мұхаңа әлсіз көрінуі,  «Қарға мен түлкі» мысалының екі нұсқасы болуы, сондай-ақ, мысалдар арасында «Есек» деген Крыловта жоқ, мазмұны Шығыс елдерінен алынған шығарманың жүруі, әрине, кездейсоқтық бола алмайды (Абай Крыловтан алғашқы аударманы 1882-83 жылдары жасаған, оны 1894 жылы жалғастырған деген мәселені «Ақындық жолдағы тәжірибелер» атты зерттеуімізде көтермекпіз).    

1898 жылға қайтып оралайық. Абай осы жылы соққы жеді.   Сорақы оқиғадан кейінгі көңіл күйін ұлы ақын «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» деген әйгілі туындылары арқылы артқыға паш еткені көпке аян. Көңілі торыққан, оңашаны қалаған тұста Абай Крыловтың мысалдарын қолға алды деу өмір шындығына мүлде сәйкеспейді.

Ойымызды тарқата айтайық. Татардың көрнекті ғалымы Абдрахман Сағди (Ташкенттегі Орта Азия университетінде қызмет істеген) «Ақжол» деген газеттің сонау 1923 жылғы алтыншы санында жарияланған «Абай» атты көлемді мақаласында 1895-96 жылдардан кейін Абай «өлеңнің табиғатын, ішкі рухын бүтіндей өзгертіп жібереді» деп мәлімдеген болатын.   Абай шығармашылық бағытының өзгерісі, әсіресе, өзіне қамшы үйірілген 1898 жылы айқын белгі береді. Осы жылдан, анау 1891 жылы  мәдени ағартушылықтан ойшылдыққа сатылағаны сияқты, ойшылдықтың хакімдік биігіне, қазақы ұғыммен айтқанда, әулие деңгейіне көтерілгені хақ (дарын-қабілеті мейлінше толысып, кемелденген кемеңгер үшін бұл, әлбетте, заңды құбылыс).

Бір сөзбен айтқанда, хакім Абай 1898 жылдан «дененің барша қуатын» жантану ілімі мен  Құдайды таныту (теология) саласына салған. Осы жылы «Сократ хакімнің сөзі» (қазіргіше 27-қарасөз) мен  «Жан қуаты туралы» (қазіргіше 43-қарасөз) аяқтап,   «Тасдиқ» атты (қазіргіше 38-қарасөз) деген күрделі трактатын бастаған. Соңғысы 1899-1902 жылдардың татымды жемісі.

Ұлы ақын өмірінің соңғы бөлігінде ойшылдығының, жалпы кемелденуінің басын ала бұлттар торлаған ұшар қиясына шықты. Шын мәнінде жаһандық рухтың Гималайын алды, күллі адамзаттың Абайына айналды десек қате кетпейміз әсте. Осы кездерде, «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп өзі айтқандай, данышпан Абай адам жаны мен рухының соны ілімдерін қалыптастырды, әлемдік ой-санаға айырықша үлес қосты (бұл сөзіміздің куәсі – төл шығармашылығы, дәлел алып келтіруге уақыт сыйғызбайды).

Абай поэзиясына қатысты жаңағы А.Сағди: «...Әдеби өмірінің соңғы жартысы діни пікірлер һәм мәшһарға даярлану атымен суарылады» десе, бұл қарасөз мұрасына да тұп-тура келетін пікір. Бірақ  бұл бағыттағы зерттемелік жұмыстар сол 1922-23 жылдары-ақ су сепкендей басылып қалды. Советтік дәуір «жантану», «толық адам», «үш сүю» ілімдері Абайдікі деп жар салып, жер-жаһанға қуана паш етуге титтей де мүмкіндік қалдырған жоқ. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің күллі шығармашылық өмірі қылышынан қан тамған қаһарлы идеология жағдайында өтті.  Ең алдымен сақтықты ойлану шарт болды. Егер хакім Абайдың соңғы соны шығармашылық өрісі маңдай алдыға шықса, яғни жалпақ жұртқа жария болса ше? Онда «Абай – кереғар діни идеология көсемі» деген желеумен Абай жинақтарының жолы кесілуі, сонымен қатар, «М.Әуезов – панисламизмді дәріптеуші» деген сойыл-шоқпардың Мұхаңа дөп сілтенуі бек мүмкін еді.  Қысқасы, Абай философиясы, әсіресе, жаңағы хакімдік кезеңі сан алуан айла-шарғымен көлегейленді, жасырылып жабылды. Түпнұсқа есебіндегі Мүрсейіт көшірмелерінің жарық көрмеуі, қарасөздердің жаңаша нөмірленуі, «Тасдиқ» деген төл атаудың «38-қарасөз» деп өзгертілуі – сол сақтықтың салдары. Біз сөз еткен Крылов мысалдарының алға ілгерілеуі де сол қатардан.  

Ақиқатында, Абай Крыловты шәкірттері жанына топталған 1894 жылы аударғанына Мұхаң да, кейінгі абайтанушы ғалымдар да қанықтұғын. Алайда 1898 жылғы Абай өміріне тереңдеп бару, ішкі эволюциясына көз салу мүмкін емес-ті. Оған үстем идеология қатаң тыйым салды. Абайдың тылсымы қалың тұман басқандай жұмбақ хәлде қала берді. Мінеки, сөз басында «кішкене болып көрінетін мәселеде бүгулі үлкен астар бар» дегенде оқырманға жеткізбегіміз осы жайлар-ды.     

Қорыта келгенде, Абай жинақтарында Крылов мысалдары аударылған мерзімді төрт жылға кейін шегеріп, «1894 жыл» деп түзетудің уақыты жетті. Оның тасасында,тағы бір айтайық, абайтанудың аса кесек мәселесі қалып отыр. Егер қазіргі қалпында қала берсе, онда Абайдың өсу, толысу, даму кезеңдерін саты-сатылап тану, әсіресе, ұлы өмірдің хакімдік биікке шыққан соңғы бөлігін дұрыс ұғыну, түсіну қиынға соғары сөзсіз. Абай тылсымын өзіміз жақсы танып алмай тұрып, әлемге қайтіп танытпақпыз?! Қатені түзетудің ауадай қажеттігі де міне осы арада. 

Асан Омаров, зерттеуші

Abai.kz