Атақты қазақ ақыны Абайдың өлеңдері қазіргі уақытқа шейін үш рет бастырылып таратылған:
1-баспасы 1909 жылы Петроградта «Шарх баспаханасында» басылған;
2-баспасы 1922 жылы Қазанда Татарстан Республикасының баспаханасында бастырылған;
3-баспасы 1922 жылы Ташкентте бастырылған.
1-Баспасы ескі, емлесі ескі, ескі болғанда өте орасан. Баспа реті жөнсіз. Көп сөздері қисынсыз қате басылған, оқушы айыра алмастай жерлері көп болған екен. Қазанда бастырылған 2-баспасындағы қателер Мұхтар Әуезовтің жәрдемімен түзетіліп бастырылған екен. Бұл екінші баспасы Бернияз жолдастың даярлауымен бастырылған көрінеді. Екінші баспасының үлкендігі 207 бет.
Ташкенттегі баспасы да, 1922 жылы басылса да, Қазанда басылғанынан біраз кейінірек шыққандықтан, кітаптың 3-баспасы деп есептелген. Һәм кітаптың сыртында солай деп басылған. Бұл үшінші баспасы екіншісінің өзі яки сол Қазан баспасының түзетілгені емес. Ташкент баспасының зорлығы 293 бет. Бірақ кітаптың 3-баспасы (Ташкентте бастырылғаны) кітаптың басылуында әдемілік, қағазының жаңалығы жағынан Қазан баспасынан жақсы болып шыққан. Өлеңдері әдемі өнерден (искусстводан) саналады. Солай болған соң олардың әдемі басылуға тиіс екендігі өзінен-өзі ашық нәрсе.
Түркістан баспасөз таратушы мекемесі жергілікті халық ақындарының өлеңдерінің бұл кітапты жақсы, әдемі қып бастыруымен әуелгі кемшіліктерінің біразын жойған көрінеді. Сөздердің дұрыстығы жағынан Ташкент баспасы алда деп айтарлық. Кітаптың аяғына аңдамайтын сөздердің аңдатпалары қосылып жақсы қылынған. Қазан баспасында бұл жоқ. Бірақ бұл екі баспаның өлеңдерді бөлімдерге бөлуде, жолдарға айыруда, өлшеулерге белгілеуде бір жолмен бара алмағандықтары көрінеді. Кейбір өлеңдерде Ташкент баспасы жаңылған болса, кейбіреулерінде Қазан баспасы жаңылысқан. Солар туралы айтып өтуге тура келеді. Кейбір өлеңдердің өлшеулері, жолға айырулары Қазан баспасында Ташкент баспасына қарағанда дұрысырақ болып көрінеді.
1. Мәселен: «Бай сейілді» деп басталған 54 жолдық өлеңде:
Елде жақсы қалмады
Һәмда
Қағып елін қармады,-
сықылды 7 буындық үшінші қоспа жолдар Қазан баспасында әуелгі жолдардың астында сол жерлердің аяғына жалғанып басылған. Өлшеудің дұрысы сол болуы керек. Бұл туралы Қазан баспасы дұрыс жол ұстаған болса да, бұл өлеңдердің жолдарын мағынасы жағынан қарай бөлімдерге айыра алмаған. Мағынасы жағынан қарағанда бұл өлеңдердің жолдарының әр 6 жолы бір бөлім болып айрылып баруы керек еді. Мұнда Ташкент баспасының тұтқан жолы дұрыс. Ол солайша айырып барған. Бірақ бұлай мағынасы жағынан қарап, 6 жолды бөлімдерге айырғанда бір бөлімді ішке кіргізіп, бірін шығармай, бәлкім бір қатарда жазып, әр алты жолдың арасын кеңірек қылып бос қалдыру яки араға жұлдыз /*/ сықылды белгі қою керек еді.
2. «Ем таба алмай» деп басталған 42 жолдық өлеңдерменен 20-сан
астында «Бойы бұлғаң» деп басталған 72 жолдық өлеңдерді жолдарға бөлуде Ташкент баспасы дұрыс жол тұтқан. Мұнда өлеңдердің өлшеуі ашық, тура бір жолға қойылған. Белгілі бір тәртіпке салынған. Бірақ мұнда да мағынасы жағынан қарағанда 7 жолдан ғибрат болған бөлімдерді ашық яки жұлдызды қылу жолы тұтылмаған. Бұлардың мысалын көрсетсек мынау. Ташкент баспасында:
Ұйқы, тамақ
Қалды тым-ақ
Керегі жоқ
Ac болып.
Жай жатпағын,
Тыныш таппағын
Кеш болып.
Қазан баспасында:
Ұйқы, тамақ
Қалды тым-ақ
Керегі жоқ ас болып
Жай жатпағым,
Тыныш таппағым
Күш болып.
Бұл өлең сол рәуіште Ташкент баспасында әуелгі үш яки әуелгі екі жол 4 буындық соларға қоспа жолдар 3 буындық өлшеуге салынған. Жолдардың түсулері жағынан бұл дұрыс болғанын өзіңіз де көріп отырсыз.
Қазан баспасы мағынасы жағынан қарап бұл өлеңдерді 4-2-7 өлшеуге дейін салған. Яғни әуелгі екі жолды 4 буындық қылып, 3 жолды 7 буындық жолдан қылып бару жолын тұтқан. Бірақ ол жөнмен үнемі бара алмай, кейбір жерлерінде қателесіп қалған. «Күш болып» дегенді өз басына айырып шығарған.
3. «Сегіз аяқ» деген сөз басы астында жазылғаи 200 жолдық өлең жолға һәм бөлімдерге айрылуында Қазан баспасының тұтқан жолы дұрыс. Heгe десең, себебі мынау: Бұл өлеңдердің бөлімі 8 жолдық. Өлшеуі 5-5-8 болып барады. 8 буындық жолдар 5-5 буындық. Әр екі жолға қоспa қойылған. Және 8 буындық екі жол қосылып барады. Абайдың бұл өлшеуі солай болғанда дұрыс ретті қағидалы бір өлшем болады.
Ташкент баспасының жаңылысқандығы 8 буындық 3 қоспа жолдарды бөтен 5 буындық жолдардың қатарына қойғандығы болып табылады. Ташкент баспасындағыша қарағанда, өлеңдердің өлшеуіндегі түп қасиеті, әдемілігі жоғалады.
Сонда да Ташкент баспасында 8 жолдық бөлімді сызумен айыра баруда дұрыстық жолы тұтылған. Қазан баспасында бұлай қылынбаған.
4. «Қор болды жаным» деген 24 жолдық өлеңдерді бөлуде, жолдарға айыруда дұрыстық Ташкент баспасында. Қазан баспасы бұл орында жаңылысқан. Бірақ Ташкент баспасында 7 буындық жалғыз жолдар 5 буындықтардың астына соңғы жағына алып келіп қойғандай болса, тіпті жақсы болған болар еді.
5. «Сен мені не етесің» деп басталған 72 жолдық өлеңдерді бөлімдерге, жолдарға айыруда Қазан баспасы да, Ташкент баспасы да дұрыс жол тұта алмаған. Бұл тұрғыда Ташкент баспасы зор қателескен көрінеді. Қазандікі бұл тұрғыда дұрыстыққа жақындап қалса да, жақсылап тексеріп анық дұрыстығын таба алмаған.
Дұрыстығы мынау: Бұл өлеңдердің бөлімі бәрі де 12 жолдық болып соның өзі тағы 6 жолдықтан 2 басқа айрылады. Өлеңдердің өлшеуі дұрысында былайша: 6-4-4-3-6-8, яғни бірінші жол — 6 буын, 2-һәм 3-жолдар 4 буыннан, ортада қоспа жол 3 буын, кейінгі екі жолдардың әуелгісі еш өзгерместен 6 буын, екіншісі 8 буын болып барады. Абайда былайша өлшеу ашық бір жол қалып алынған өзгермес бір қағидаға қойылған жаңа өлшеу. Мысал үшін, мұнда дұрыс деп бір бөлімді жазып өтеміз.
Сен мені не етесің,
Мені тастап,
Өнep бастап,
Жайыңа
Және алдап, арбап
Өз бетіңмен сен кетесің,
Heгe әуре етесің.
Қосылыспай,
Басылыспай
Байыңа.
Және жаттан бай тап,
Өмір бойы қор етесің.
Мінеки, Қазан баспасы мен Ташкент баспасы арасында Абай өлеңдерін бөлімдерге, жолдарға, өлшеулерге айыруда бір жолдан барғандықтарының қалай екенін көрдіңіз. Соны көрген соң мұнда біздің басымызға бір сұрау келеді. Ол мынау: Бұл өлеңдерді Абай өзі қалай жазған, ол өзі оларды бөлімдерге, жолдарға қандай қылып айырған, оларды қандай өлшеуге салған? Қазан баспасынан бастырушыларға да, Ташкент баспасынан бастырушыларға да мәлім болмады ма екен? Абайдың өзінің түп қолжазбасы жоқ па екен?
Бір ақынның өзі үшін өлшеу мәселесі — өте керекті бір мәселе. Абай өзі көп жаңа өлшеулер тудырған көрінеді.
Абайдың қанша ән қандай түрлі өлшеулері болғанын кейін жинап айтып өтеміз, соның үшін бұл туралы енді сөзді тоқтатамыз.
II
Ақындар өлеңдері туралы айтатын сөздерді газеттерге онша толық, кең қылып айтып болмайды. Мұның орны журналдар болады. Сондықтан біздің мұнда Абайдың өлеңдерінің һәм оның ақындығын тексеруіміз қысқа болмауында шара жоқ. Біз газет бетінде қысқаша ғана тексеріп өтпекпіз.
III
Абайды жұртшылық жағынан тексеру
Ақындар өз заманы жұртшылығының жемістері болады. Ақынның миы, жүрегі өз ішінде жасаған мұхитына (айналасына) қарап істейді. Ақынның миы һәм жүрегінде болғанның бәрі, өзі ішіне алған, тұрмыстың оған берген нәрселері, ол соларды өзінің миы һәм жүрегі арқылы тілімен, яғни сөздерімен жандандырып тысқа шығарады. Ұзын сөздің қысқасы: бір халықтың көрмек тұрмысы, дүние-тіршілігі, техникасы қандай болса, ол халықтың ақындары да сондай болады. Сол тұрмыстың берген әсерлерін сөзбен жарыққа шығарып, майданға салады, яғни тіршіліктің өзін яки одан алған әсерін суреттеп жандандырады. Өзі ішінде жасаған орынның табиғат көріністері, жаратылыс сырлары әрдайым әсер беріп тұратын нәрселерден саналады.
IV
Абайдың өмірі, өткен заманы, елі ақсақалдық (феодалдық), қазақтың билік негізінде құрылған тұрмыспенен жасап келген заманы, оның өзінің өсіп-өнген елі, тіршілік еткен жері — төрт аяқты мал шаруашылығымен тіршілік қылған қазақ елі. Бұл елдің тұрмыс көмегінің, тіршілік техникасы, ғылымы, өнері һәм бар идеологиясы қандай болғаны мәлім. Мұны мұнда жазып отыруға қажет емес.
Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі.
Абай, міні, сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да сол бізге өзі арқылы өлеңдеріменен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек толқындарын шығарады. Содан артықты біз хатта Абай күшті данышпан бір ақын болғанда да, Абайдан күте алмаймыз һәм күтуге қақымыз да жоқ.
V
Тағы да айтатын бір сөз; Абай — XIX ғасырдың кейінгі жартысының адамы. Бұл заман — орыс сауда капиталының күшейген заманы. Орыс ақсүйектерінің (дворян тобының) қуат алған заманы. Өнер капиталының да басталып, өсуге бет алған дәуірі, орыс сауда капиталының һәм орыс патша үкіметінің бар күшімен қазақ елін жаншып езген заманы да сол заман. Патша үкіметінің қазақ елінің үстіне түрлі жақтан құрық салған, шу қозғатқан колонизаторлық, миссионерлік саясаты да сол замандарда күшейген. Бұл саясат қазақтың бұрынғы биігін, билеу үшін болған таластардың, ру тартыстарын қуаттандырып, жаман бір жолға кіргізіп жіберген. Қазақ елінде өзара талас, өзара дұшпандық, қастық күшейген. Төрелік, болыстық үшін партия болып таласу деген туды.
Екінші жақтан, қазақ еліне, қазақтың арасына орыс миссионерлік школдары (яғни қазақты орыстандыру, орыс дініне кіргізу үшін қызмет ететін школдар) ашыла бастап, орыс патша үкіметінің орыстық саясатының күшті жүргізіле бастаған заманы нақ Абай заманына тура келді.
Сол жоғарыда айтылған сөзімізді қысқартып, жиып айтқанда, былай болады: Кең дала, меңіреу шөл, көшпелі тұрмыс, көбірек аяқты мал шаруашылығымен күн көріс, Россия сауда капиталының, Россия патша үкіметінің әкімдігі, колонизаторлық, миссионерлік саясаты; аймақ-рулардың өзара төрелік, болыстық, ауылнайлық үшін тартыстары, бір-біріне қастық, надандық, қараңғылық, еңбексіздік, жалқаулық, бассыздық, қайратсыздық, өсекшілдік. Мінеки, Абайдың өз ішінде жасаған айналасының, елінің, тұрмысының жөні сондай еді. Абай өлеңдерінде адамға сол жолдардың беретұғын әсерлерінің бәрі де ашық көрсетіледі.
Абай — сыршыл (лирик) ақын. Оның өлеңдерінің бәрінде де қайғы бар, зар бар. Ол зарланады, ел мұңын зарланады. Өзінің білімді, сезімді болуы себепті, ел үшін қайғырады. Оның тілінен шыққан зардың бәрі өз заманында қазақ елін басып жатқан қайғы, бақытсыздықтың ұшқыны. Абай өзі мұны ашық айтып берген төмендегі 4 жолдық өлеңімен:
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Абай қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, ақындықтың үстіне Абай — қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойлаушыларының ең біріншісі. Бұл турада Абай былай дейді:
Ерте ояндым, ойландым жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ.
Абай — ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам.
Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Абайда ақыл мен жүрек бірігіп, бір түйінді жұмбақ жасаған.
Жүрек тербеп оятар баста миды,-
дейді Абай. Ол толқында толқындана ойлайды, ойлай-ойлай толқынданды.
Абай турасында жұмбақ адам. Мұны ол өзі:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла, —
деп аңғартады. Дұрысында Абайды жақсы тану үшін, бір жақтан ақылының түбіне терең бойлайтұғын тұңғиық терең адам керек. Ол:
Жүрегім менің қырық жамау,-
дейді. Мінеки, сол қырық жамау жүректің сырын шешетін жүрек керек. Сонда Абайдың кім болғандығы, қандай ақын екендігі аңдасылады. Абай өзі:
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей…
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара, бір жанмын, жаны жара
Һәм
Мен ішпеген у бар ма?
Һәм
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл, —
деп Абай бізге өзін дұрыс аңдатып береді.
Ауырмай тәнім,
Ауырады жаным
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек
Ағызды сығып жасымды,-
деген өлеңдері Абайдың заманынан асып туған бір адам болып, қаптап жатқан қараңғылықта тұншығып, қиянатқа шамданып, кемдікке ызаланғанын көрсетеді.
Абайды бұл жолға жеткізген себептер өзінің бақытсыздығы емес, бәлки Абайдың алдындағы елінің бақытсыздығы. Абайдың жүрегіне бұл қайғыларды, бұл ауруларды қойған оның жүрегін өртеген тұрмыс және жоғарыда айтылған дала тұрмысы, ел намысы, қазақтың құл болып күн көруі. Зерек, сезгіш Абайды сол ел, сол тұрмыс, сол құлдық қайнатып, ақындығын еріксіз қозғап жіберген. Абайдың:
Іште қайғы, дерт кесіп,
Көкіректі өрт қысып
Айтуға көңілім тебіренді,-
дегені соны көрсетеді. Қысқа сөз: Абай — қазақтың сол замандағы өз тұрмысы тудырған күшті, өткір бір таланты. Оның өлеңдері арқылы Абай дәуіріндегі қазақ елінің тұрмысым әм басқа да сыр-сипаттарын ашық көруге болады.
VI
Абай патша үкіметінің қазақ еліне көрсеткен саясатына зарланып былай дейді:
Орыс съезд қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Өз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Болды да партия
Ел іші жарылды
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарыңды…
Абайдың жоғарыдағы өлеңдері қазақтың болыс болғысы келіп жүрген атқамінерлерінің қандай істер істеп жүргенін, олардың сол уақыттағы рухындағы ахуалды өте жақсы қылып суреттеп, айтып береді. Бұлардың ішінен бірнеше жолды көрсетсек мынау:
Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап.
және:
Күн батқанша шабамын
Арлы-берлі далпылдап.
Етек кеткен жайылып,
Ат көтіне жалпылдап
Мінеки, сондай көріністі ашық суреттейді. Сөздеріменен болыс болдым деп, телміріп жүргендердің халдерін бізге ашып береді. Бұл өлеңнің бәрі 190 жол. Сонда қазақ болыстық талас артынан еліріп жүрген телі-тентектерінің қылып жүрген ісі һәм мінезі көз алдымызда ашық суреттеледі.
Өз заманында қазақтың ала ауыздығы, бір-біріне қастығы Абайға қандай әсер берген, сол туралы жазған көп өлеңдері ішінен төмендегі өлеңдерді ашық көрсетіп тұр.
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ
Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып.
Құда, тамыр, дос-жарың, қатын балаң
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр…
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік…
Заман ақыр жастары
Қосылмас ешбір бастары,
Біріне-бірі қастыққа
Ішіне тыққан тастары.
Абай жалпы қазақтың надандығына зарланып, соған қайғырса, ел ақындарының надандығына да қайғырып, зарланып былай дейді:
Ақындары ақылсыз надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап…
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап, біреуді алдап, біреуді арбап.
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтап құдай қарғап.
Бұл өлеңдер Абайдың ұлы жүрегінің алдымызға шашырап түскен ең ұлы бір ұшқыны емес пе? Қырық жамау жүректі Абайдың өзі түгіл басында есі бар адамның жүрегін, Абайдың сол сөздерінің өзі қырық жамау қыларлық емес пе? Бірақ Абай — өз жүрегіне ұқсас адамдарды таба алмаған адам. Абай өлеңімен өзін-өзі уатып, өлеңін өзінің жаралы жүрегіне ем қылады. Абайдың көңілі өз тұсындағы қазақ елінің істеген істерінің көбіне қуанбайды. Оны төменгі өлеңдері көрсетеді:
Еңбек жоқ, харекет жоқ, қазақ кедей…
Өз үйіңнен тоярлық қолың қысқа.
Ac берер ауылды іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа…
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Абайдың өз халқының ісіне өзінің көңілі толмағандықтан, төмендегі сөздерді ықтиярсыз айтып салады:
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар.
және:
Tvған жерді қия алмай,
Тентегі-телін тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді, —
деген сөздерді жүрегінен ықтиярсыз шығарады. Абай өлеңімен жүрегін жамайды. Абай сол жоғарыдағы улы зарларды, қанды көз жастарменен бірге халық үшін төмендегі үгіттерді айтады:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол…
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпанды білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой.
Байқап отырсақ Абай үкімет, зорлық, неше түрлі ащы сөздерді қаймықпастан айта береді. Абай дін, сопылық тұзағы, елді тонаушы надан сопы туралы да еш тыныш тұрып қала алмаған. Абай оларды мынандай деп сыпаттайды:
Кейбірі пірге қол берген
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі хажіге барып жүр,
Болмаса да хаж парыз.
Кітапты молда теріс оқыр
Дағарадай болып сәлдесі
Мал құмар көңлі бек соқыр
Бүркіттен кем бе жем жесі
Абайдың жасаған айналасы, елінің жалпы тіршілігі Абайға, мінекей, сол әсерлерді берген. Абайдың миынан, жүрегінен ықтиярсыз соларды қайнатып шығарған.
Абайды қанағаттандыра алмаған қазақтың салт-сана тұрмысы бәрі жиылып келіп дүниеден мүлде бездіруге, үмітсіздікке түсіруге де себеп болған, пессимистік жолына кіргізген.
Абай соңынан хатта бүтін дүниясына, бүтін өмір деген нәрсенің өзінен ем азаматтың бәрінен үміт үзу жолына кіреді. Ол — ардан қол сілтей бастайды:
Өмір дүние дегенің
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің
Ойлай берсең у екен.
Жүрегімді қан қылды,
Өткен адам, өлген жан,
Ақыл іздеп, ізерлеп
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған.
Мақаланың басынан бері жазып келген сөздеріміз Абайға жұртшылық жағынан қарауымыздың нәтижесі болып айтылып отыр. Абайдың өз ішінде жасаған қазақ елінің тұрмысы, салт-санасынан алғаны, мінеки, сол. Бұл тұрмыстың Абайға бергені де болса, Абай өз басында, өз жүрегінде соны ақындық қуатыменен жаңадан істеп, жаңадан суреттеп, соларды өлеңдері арқылы халыққа жариялап отыр.
Қазақ халқы өзінің Абай арқылы өзінің суретін, сипатын көп жақтан дұрыс көре алады. Сондықтан Абайды өз заманының айнасы десе де болады.
Енді алдағы мақалаларымызда Абайды өлеңінің мазмұны, рухы жағынан, ақындық қуаты жағынан, тіл, сөз қисыны жағынан қысқаша тексеріп өтпекпіз.
АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТАБИҒАТЫ ҺӘМ ІШКІ РУХЫ ЖАҒЫ ТУРАЛЫ
Біз ақынның шығарған өлеңдерінің нендей табиғатта, нендей рухта болғандығын жақсы тексеріп, бар сырын түгел ашып беру үшін, ақынның өзінің табиғаттағы жайларын жете-білу керек болады. Мұны білу үшін бірінші кезекті нық таяныш нәрсе — ақынның өмір тарихы болмақшы. Міне, соның үшін біз Абай өлеңдерінің табиғатын һәм рухы жағын тексерген уақытта Абайдың өмірімен таныс болмағанымыз үшін біздерге көп қиындықтар кездеседі.
Абайдың өмірінің жақсы тексеріліп жазылмағандығы, белгілі бір ғылым жолына салынып жазылған өмір тарихының болмауы Абай туралы жазушыларды аса зор ыңғайсыз халге түсіреді.
Абайдың өлеңіне қосылып, басылған өмір тарихы Абайға шын мағынасында сын жазамын деген жазушыларды да қанағаттандыра алмайды. Ең соңғы басылған Абай өлеңдерінде де Абайдың ескі баспасында басылған әдебиет заңын қолданбаған алғашқы жазылған өмір тарихын қайта басқан. Соңғы баспасын бастырушы жолдастар Абайдың өмір тарихын толықтырып, ғыльіми бір жолға салып бастыруы керек еді. He үшін қазақтың қалам қайраткерлері Абайдың өмір тарихын толықтырып жазуға сараңдық қылуы аса түсініксіз аянышты нәрсе.
Абайдың өлеңдерінің табиғатын һәм ішкі рухын ашық тексеру үшін демесін беретін нәрселер мыналар:
1) Абайдың өмірінде басылған өмір тарихының көрсетуі бойынша, Абай 10 жасынан былай қырда мұсылманша оқи бастаған. 13 жасына шейін Семейдегі медреседе оқыған. 14 жасында оқудан мүлде тоқтаған. Қысқасын айтқанда, Абайдың бар оқыған мұсылманша оқуы төрт жылдық қана болған. Орысшаны да Семейде болған шағында бастауыш орыс мектебінен үш ай ғана оқып шыққан. Абайдың орысша болсын, мұсылманша болсын мектептерден алған бұл мағұлматы Абайдың барлық біліміне жол ашып берді деп айтуға бола ма?
Абай үш ай ғана оқыған оқумен орыстың ірі ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Крыловтардың түпкі негізіне қалай түсінген. Олардың өлеңдерінен қалайша түпкі негізін бұлжытпай тәржіма қылуға күші жеткен.
Абайдың орысшаны жете түсіне білуі — Абай орысшаны үш ай ғана оқыған оқумен қанағаттанып қоймағанын көрсетеді. Абай мектептен тыс орысшаны толық, түсінерлік дәрежеде оқығандығы, орысшадан аударған өлеңдерінде ашық байқалады. Я болмаса Абайдың жанында дайын орысша ақындары, ашық түсіндіре білетін білімді бір адамның серік болғаны байқалады. Егер бұл айтылғандай болмаған болса, Абайды жай жабайы адамнан оқшау, өзіндік бөлек нақ данышлан адамның сыпаты барлығы ашық көрінеді. Бұлай болғанда біз Абайда талассыз данышпандық (гениальность) белгі бар деп айта аламыз. Болмаса Спенсер кітаптарын әм «Позитив философия» турасындағы кітаптарды, Дрепердің «История умственного развития Европы» деген кітаптарын анық түсініп білу үшін, аз қуат керек емес. Абайдың Кәкітай Құнанбаев тарапынан жазылған өмір тарихы бізде жоғары айтылғандарымыздың бәріне де жауап бермей қараңғы, күңгірт күйде қалдырып кетеді.
2) Абайдың өлеңдерімен бірге басылған өмір тарихында былайша жазылған: «Абай 13 жасында-ақ балалық қылмай ел ішінде жұртты өзіне қаратқан, басшылыққа бұрынғы төрелермен талас қылып жүрген әм елдің жақсылары баласынбай аузына қарай бастаған». Бұдан көрінді, Абай жасынан-ақ ірі адамдардың қатарына кіріп, халыққа басшылық, қылу үшін билермен тартыса бастағандығы, Абайдың билікке, халыққа таласуына, туған-туысқандарының да атақты, елге басшы адамдардан болғандығы да Абайды жастан ірілікке жетектеген. Туысқандарының әм өскен ортаның мақсат қылған нәрселері Абайды билік үшін таласқа кіргізуге әбден мүмкіндігі болған.
Бірақ Абайдың өлеңдерінің көбінде елге басшы боламын деген адамдарды кекеп, зарлы, улы тілмен шаншатындық бар. Абай жабайы ел адамдарындай билікке өзі ынталы адам болғандай болса, зарлы тілін тап онша қадамас еді. Бұл туралы Абайдың билікке көзқарасының қандай болғандығын өмір тарыхында толық ашып айту керек еді. Және Абайдың өмір тарыхында былайша жазылады: «Жиырма жасында Абай маңдай алды шешен болды» әм «қазақтың ескі заманы болса, бұрынғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді», — дейді. Міне, бұл сөздер Абайдың табиғаты, ішкі рухы билер сықылды болғандығын аңғартады. Жалғыз-ақ, Абайдың тілегіне бөгет болған — заман. Заман бөгет болмағанда, Абайдың тұтынған жолы әкімшілік еді дегенге келтіреді. Бұл сөздер сырт қараған кісіге Абай өлеңдерінің табиғаты, ішкі рухы соңғы кезде мүлде үмітсіздікке айналып кетуі, сол өзінің тілекті мақсаты болмағандықтан да болған шығар деген шүбәлі ой тудырып та қалады.
3) Абайдың шаһармен байланысы болған ба? Семей қаласында 2 жыл оқу оқығаннан кейін оқуды тастап елге қайтып кетеді дейді. Абайдың сол кеткеннен қаламен қатынасы мүлде үзілді мe, жоқ болмаса қаламен қатынасы жиі болып, қаладағы мұсылман яки орыс мұғалімдерімен мәжілістес, пікірлес болып жүрді ме?
Міне, бұл жағы да Абайдың өмір тарихында күңгірт, көмескі түрде айтылмай қалған. Абайдың өлеңін тексерушіге бұл да зор қиындық тудырады.
4) Абай орыс әдебиетімен әм жазушыларымен 35 жасынан былай қарай таныс болып еді. Абайды бұлармен таныс қылуға себеп болған орыстың атақты білімділері мен Михаэльс әм Гросс деген еді дейді. Абайды Пушкин, Лермонтов, Толстой, Некрасов, Достоевский, Белинский, Писарев әм бұлардан басқа да ірі ақындармен жоғарғы айтылған орыс оқымыстылары таныс қылған.
5) Абайдың тәржіма халінде: «Орыс әдебиетімем танысу Абайдың көңіліңдегі ақындығын қозғап, Абайдың өлең жазуына себеп болды» — дейді. Бұл айтылғандардың Абайдың 35 жасына шейін ешбір өлең жазбағандығы көрінеді. Шынында, Абай өлеңдерінің бірінде де 1884 жылдан бастап 1903 жыл арасында ғана жазған, яғни Абай 35 жасына жеткеннен кейін өлең жазуға кіріскен. Хатта Абайдың ақындық күшінің жарыққа шыққандығы 39 жасынан кейін басталды деп айтуға болады. Бірақ тәржіма халінің тағы бір жерінде былай дейді: «Абай 14 жасында-ақ біреуді мазақ яки қалжың қылып құрбылар ортасында өлең шығара бастаған» — дейді. Бұған қалайша түсінуге болады. 14 жасынан былай қарай жазған өлеңдері қайда? Бірінші баспасы басылғанша не үшін жас жігіт шағындағы өлеңінің бір жолы болса да кітапқа кіргізілмеген. Әлде жас шағындағы жазғандары маңызсыз-мағынасыз болғандықтан баспаға берілмеген бе? Міне, осы жоғарғы айтылғанның бәрі де Абайдың өмір тарихы толық жазылмағандықтан, Абайды басылып шыққан кітабына қарап тексерушіге аса зор жұмбақ болып шығады.
Тексеруші 14 жасынан бастап жазған бір ақынмен 39 жастан бастап жазған ақынды бір көзбен айырып баға беруіне болмайды һәм 14 жастан бастап жазған ақын мен 39 жастан бастап жазған ақын өлеңдерінің табиғаты, ішкі рухы еш уақытта бір түрлі болып келмейді.
6) Абайдың қазақ арасындағы ел ақындарымен қатысы болды ма, болған күнде олардың шығарған өлеңдеріне еліктеді ме? Еліктеген болса, олар қандай ақындар еді? Қандай типтегі кісілер еді?
7) Абайдың қазақ арасындағы дайым қатынас жасаған ел адамдары,
пікірлес замандастары кімдер болған? Олар қандай табиғаттағы адамдар еді? Бұлардың Абайға қандай әсерлері болды?
Абайдың үй-жамағатымен, тұрмыс жүзінде әйелдермен қандай байланысы бар еді?
Міне, Абай өлеңдерін тексеру үшін осы сұралған сөздердің бәріне де Абайдың өлеңдерімен қосылып басылған тәржіма халінде жауап ашық болуы керек еді. Бұл күнге дейін Абайдың басылған өлеңдерінде бұл кемшіліктер толықтырылмай келе жатыр. Әйтсе де біз Абайдың майданға түскен бар өлеңімен әзірше қанағаттанып, Абай өлеңдерінің табиғаты әм ішкі рухын шамамыз келгенше тексеріп өтуге лайық деп табамыз.
VI
Абай барлығы 5313 жол шамасында өлең жазған. Бұлардың ішінен орысшадан тәржіма қылғаны 1700 шамасында. Соңғыларын шығарып тастағанда, Абайдың нақ өз тарапынан шығарған өлеңі 3612 жол шамасында болады.
Абай өлеңдерін жыл тәртібімен қарағанда бір түрлі көрінетін нәрсе мынау:
1884 |
жылы |
38 жол |
1894 жылы |
148 жол |
1885 |
жылы |
14 жол |
1895 жылы |
138 жол |
1886 |
жылы |
701 жол |
1896 жылы |
336 жол |
1887 |
жылы |
202 жол |
1897 жылы |
390 жол |
1888 |
жылы |
64 жол |
1898 жылы |
64 жол |
1889 |
жылы |
1032 жол |
1899 жылы |
48 жол |
1890 |
жылы |
205 жол |
1900 жылы |
72 жол |
1891 |
жылы |
164 жол |
1901 жылы |
72 жол |
1892 |
жылы |
116 жол |
1902 жылы |
152 жол |
1893 |
жылы |
212 жол |
1903 жылы |
16 жол |
Абай кейбір жылдары аз жазады. Жазған өлеңдері жыл сайын я артылып, болмаса біркелкі болып отырмайды. Абайдың жыл сайын жазған өлеңдерінің жолдарының санын оқушыларға көрсетіп өтуді мақұл табамын.
Бұл көрсетілген цифрлардан Абайдың 1898 жылдан кейін өлең жазуы кенет көп кемігендігі әм әр жылда біркелкі болмағандығы көрінеді.
Абайдың былайша өлең жазуы тексерушіге зор жұмбақ ретінде болмақшы. Бұл жұмбақты шешу үшін, Абайдың толық жазылған өмір рухы болу керек.
VII
1898 жылдан кейін Абай өлеңдерінің табиғаты, ішкі рухы өзгере бастайды. Сонымен бірге Абайдың әуелгі ақындық күшінің де кеміңкіреп, жұмсарғандығы сезіледі.
Абайдың дүниеден безіп, өмірден үмітсіздену жолына кіргені 1892 жылдан бастап 1900 жылға шейін артықша күшейіп барады.
Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден, —
деген өлеңімен хатта адамзаттың өзінен тіпті безгендігін аңғартады.
«Адам бір боқ көтерген боқтың қабы»,-
деген өлеңі де 1899 жылы айтылған. Және сол жылда:
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос.
Қайғысьіз, ойсыз, мас күнің
Кімді көрсең бәрі дос.
Міне, бұл өлеңдерден аңдаспау бойынша, әлі де шыңдап та Абайдың қарттық күнінде яғни өмір бітуі жақындағанда, өлең тудыратын сезімдерден Абай жүрегі босап, басына қайғы толып, жас уақытта өлең шығаратын қуаты бүтіндей жоғалып, нашарлайтын халге жетті ме екен? Әлде, Абайдың өмірі бітуге жақындағанда, Абайдың ілхамы (шабыты М. М.) әм ақындық қуаты өз-өзінен жоғала бастады ма екен? Әлде, шынында да, махаббат қызықтың мол болған жылдары ақырын-ақырын артқа шегініп, Абайдан алыстал кетіп, сондықтан Абайдың ақындығы нашарлады ма екен деген шүбәлі ойлар еске түседі. Яки сол жылдың өзінде:
Көзіме жас бер жылайын,
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер жамап сынайын,-
дегенінше жаралы жүрегін жамайтын дауасы бітіп қалып, соңғы өлеңдері әуелгідей түр таба алмай кетті ме? Әлде:
Күйесің, жүрек күйесің
Күйгеніңнен не пайда, —
деп ақындық қуаты дәйім күшті болып тұрған күйінде де Абай өзінің күйгендігінен пайда болмағандығын ойлап, сол себепті өлең жазудан өзі тілеп тоқталды ма екен? He болмаса:
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Зия ғып өмірімді бос жүріппін (1901 ж),-
дегеніндей Абайдың өмірінің ақырындағы үмітсізденуі оның ақындығын бүтіндей сөндіріп қоймайды ма?
Шынында, біз Абайда шын ақындық сыртқы тұрмыс сезімінің әм сыртқы тұрмыстың өзі үшін қайғыру дегеннің 1898 ж. кейін біраз күшсізденгенін көреміз.
Абайдың ең бірінші бастап жазғаны 1884 ж. жазған «Сұлу қыз» туралы өлеңі. Бұл өлең Абайдың өлең шығара бастауында бірінші адым болса, мұнан соны аңғарамыз: Абайда бірінші адымнан-ақ суреттеу қуаты өзгеше күшті болған екен. Әрі сыртқы тұрмысқа жақын болған яки сонан алынып жазылған екен.
VIII
Бұл өлеңнің жазылуы Абайдың 39 жасындағы шағына тура келеді. Бірақ өлеңнің қуатына қарағанда, Абай бұл өлеңді жасырақ уақытта шығармады ма екен деп ойлауға жоқ емес. Абайдың өзі шығарған өлеңдерінің бәрі маңызды, әдемі болып әрі көп шығарған жылы — 1886 жыл Абайдың табиғатты суреттеген ең жақсы өлеңдері және сол халде шығарған. Абайдың жұрт үшін қайғыруы да көбірек сол жылда болған. «Жаз» деген ес кетірерлік ұсталықпен, тіпті жеңіл әм табиғи шығарылған толық көріністі әм шындықпен суреттеген өлеңі мен «Аттың сыны» деген өлеңі де сол жылы жазылған.
«Өлең туралы» айтқан қуатты өлеңдерінің көбі әм «Сүю туралы» деген аса шебер өлеңдері 1887-1897 жылдар арасында шығарылған. 1899 жылдан бастап, 1902 жылға Абай орысшадан тәржімамен барады. Абайдың соңғы өмірінің көбі тәржімамен өткендігі көрінеді.
Және әуелде аллаға онша жақын болмаған әм көбірек дүние үшін, халық үшін қайғырған Абай 1898 жылдан соң аллаға жақындап, алланы жат етеді. Алла туралы көбірек ойлап, сол ретте халыққа алла туралы пәлсапа сөздер сөйлеп, алла туралы діни үгіттер үйретеді.
1886 жылдарда Абайдың үгіті дүние, тұрмыс үшін болса, енді алла ахрет үшін болуға айналады. Абайдың бұл жылдан соңғы өлеңдерінде Толстой сықылды адамдардың жазған сөздерінің ізі көріне бастайды. Абай өмірінің бұл бөлімінде, шынында, қазақ халқына діни жол басшылық сипатын көрсетеді. «Ой туралы» деген өлеңдері бәрі соған куә. Солай қылып Абай 1895 жылда «Халыққа1 махлұқ ақылы жете алмайды, Оймен білген нәрсеміз бәрі дәһрі2»,- дейді.
Әм алла туралы: «Сонда да оны ойламай қоя алмаймын» әм «және оған қайтпақсың. Оны ойламай өзге мақсат ақылға тола ма екен»,- деп, өзінің енді аллаға мықтап берілгендігін аңғартады.
IX
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»,- деп Абай енді дүниедегі өмірден соң тағы мәңгі жасау жанның мәңгілік болуын көксейді. Сөйтіп шындап та ахретке, машһараға әзірлене бастайды:
Дүниеге ынтық, машһараға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас,-
деген өлеңдері Абайдың сол сырын ашып береді. Абай 1897 жылда:
Алла деген сөз жеңіл
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл
Өзгесі хаққа қол емес,-
деген болса, 1902 жылда:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,- деп, ойы, пікірі аллаға, ахретке берілгендігін тағы мықтап айтып қояды. Сол жылда және:
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болды имани гүл
Әм:
Дін де осы, дін ойлаған тағат та осы,-
дейді. Міне бұл сөздері Абайдың бұл жылдарда шынында да Толстойдың шәкірті болып, ол арқылы Ғайсаның үйреткен жолымен кетіп, сол жолдағы пікірлерін халқына үйретуге кіріскенін көрсетеді:
Абайдың сондағы табиғаттағы өлеңдері мынау: Солардан қысқа, ашық бір нәтиже шығарғанымыз мынау:
1) Абайдың 20 жылдық әдеби өмірі бар. Соның әуелгі жартысында Абай күштілік көрсетеді. Соңғы жартысында әлсізденіп, өлеңнің табиғатын, ішкі рухын бүтіндей өзгертіп жібереді.
2) Өмірінің әуелгі жартысында Абайдың өлеңдері табиғат ішкі рухы мен тұрмысқа жақын дайым тұрмыс қайғыларын, тіршілік пікірлерін шешеді.
Соңғы жартысында (айрықша соңғы 70—80 жылдарында) алла әм ахрет туралы терең ойларға кетеді. Яғни Абай өлеңдерінің табиғаты, үміттері тұрмыстың түрлі дерттерімен суарылған болса, соңғы жартысы діни пікірлер әм машһараға даярлану атымен суарылады. Идеализм деген пәлсапа жолына бұрып тұйықтайды.
3) Абай өлеңдерінде өзінің ашық сипаттарын өздігін көрсетеді. Абай кітабында түсірілген суретте қандай көрінсе, өлеңдерінде де сондай көрінеді.
Абайдың суретте көрінген маңдайы — өлеңдерінде көрінген маңдайының өзі. Абайдың маңдайында ойшылдық пен толқындаушылық бірлеседі. Бірақ кейіннен ойшылдық жеңіп кетеді.
4) Абай өлеңдері халықшылдық, қазақшылық рухымен шығарылған.
5) Абай өлеңдерінде (әсіресе әдеби өмірінің соңғы жылында) шындық (реальность) күшті, хатта діни мәселелерге де шын ынтасымен қарайды.
6) Абайға мұсылманшылдық дүниесіндегі сопылық әсep бермеген. Абай — мұндай сипатпен уланбаған кісі. Оның өлеңінен сіздер өтірік монтанылықты сезбейсіздер. Ол оны сезбейді де. Жалғыз-ақ Абайдың кемшілігі өмірі ақтығында дінге берілгендігі. Әм машһар қорқынышынан жеңілгендігі.
7) Абайдың кейбір өлеңдерінің бір пікірден екінші пікірге, бір сезімнен және басқа сезімге бірден секіргендігі, асығыстықпен көшкендігі көрінеді. Соның үстіне бағзы бір келіспегендіктер әм бір-біріне қарсы болған пікірлер де жоқ емес. (Газет жүзінде орын аздықтан мысал келтіріп болмайды).
8) Абайдың әдеби өмірінің әуелгі жартысында орыс әдебиетінің берген әсері сезілмейді. Абайдың өзінен өлең шығарушылық дәуірінде ешбір халықтың әдебиетіне әм ешбір адамға еліктегендігі білінбейді.
X
АБАЙДЫҢ ТІЛІ ҺӘМ ӨЛШЕУЛЕРІ
Әр халықтың ақындары сол халықтың сөйлеген тілінің жемістері болады деген сөз бар. Біз де сол сөзге қарай Абайды қазақ тілінің жемісі дейміз. Абай тілінің кеңдігін, өткірлігін қазақ тілінің кеңдігі, өткірлігі деп аңлау керек. Бұл тілдің байлығы, әдемілігі Абай өлеңдері арқылы ашық көрінеді.
Абай — қазақ тілінің кең, әдемі бір әдебиет тілі болуға лайықты екенін ашық көрсетіп кеткен бір ақын.
Бұл тілдің әдеби жақтан істелуіне де Абайдың көп қызметі тигендігі Абай өлеңдерінде ашық көрініп тұр.
Абай одағай сөздерден жасалған етістіктерді көп қолданады. Яки сондай етістіктерді көп жасайды әм бұл туралы шеберлігі таңданарлық.
Абай пәлсапа сөздерді, аса терең пікірлерді де еш қиналмастан жеңіл, ашық тілмен аңдата алады:
Ақыл мен жан — мен өзім, тек менікі
«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан
«Менікі» өлсе өлсін оған бекі.
Һәм:
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес,-
деген өлеңдері соған дәлел.
Абайдың бұл алты жолдық өлеңдерімен идеализм пәлсапасын қандай ашық аңдатып бергендігін көріп отырмыз. Абай жалпы түрік тілдерінің халық өлеңдерінде қолданған өлшеулерден басқа тағы өзінен шығарған жаңа өлшеулері жоқ емес.
Абайдың жаңа өлшеулерінің әсерінен жас қазақ ақындарында ғана емес, яки жас татар ақындарының бағзыларынан көріп отырмыз.
Абайда ескісі әм жаңасы бәрі сегіз түрлі өлшеу бар, бірақ оның бәрін көрсетуге газет бетінде орын аз болғандықтан, оларды мысалдармен келтіріп отырмаймыз.
Сонымен Абай туралы сөзді тоқтатып, басқа ақындарға көшеміз.
___________
1Халыққа, жаратушыға деген сөз, шахмұң — жаратушының жаратқан заттары деген сөз
2Замана туралы заманға қас деген сөз. Ташкент баспасындағы көрсету бойынша мәңгілік, дінсіздік деп ұғу қате (Ғ. С.).
Ташкент, «Ақжол», 1923 жыл. №335,
№356, №359, №363, №369, №372.