АБАЙ ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ ИНТЕРМӘТІНДІЛІК

Сөз өнері үшін мәнді өмірлік құбылыстың қайсысының болмасын өмірде болмас бұрын өмірде көрінбегі, суреткерді толғандырмас бұрын қауымды ойландырғаны шарт. Әдеби шығармашылықтың интермәтіндік болмысының бір сыры осында. Әлемді мойындатқан әрбір көркем туынды  — жалпы адамзаттық эстетикалық бірлік пен ұлттық әдеби танымның ерекше симбиозы деген пікір орныққан, өйткені терең үндестік пен айқын ерекшеліктің мұндай көріністері таң қалдырады. Қай кезде болсын өнер атаулы қырық құйқылжып жатқан әлеуметтік құбылыстардың астарына үңіліп, өткен тарих тәжірибесіне сүйеніп, болашағына көз сала отырып, дамуға тырысар. Машықты пайымдау, айшықты психологиялық талдау, пәлсапалық толғам, мифопоэтикалық алмастырулар, бүгінді – бағзыға, бағзыны – бүгінге көшіру, өңді – түске, қиялды – шындыққа, әсерді – тұжырымға айналдыруда талай ауыс-түйіс жатыр.

Адамдардың әсер-түйсігіне, ой-санасына, парасат-құлқына, іс-әрекетіне, қиялы мен қиянына әсер ету үшін суреткер алдыменен сөз құдіреті мен құзіретіне жүгінер, өткенге қарайлар, алдағыға ұмтылар, сырласып, жырласып, жарысып, тартысып, табысар. Бұл үрдіс өте күрделі, өйткені ақын-жазушылар арасында қайшылық, жалғастық, үндестік, ынтымақтастық, ықпалдастық, қарсыластықтық түр-түрі болып жатады. Мұндай шығармашылық әсер-ықпалды, алыс-берісті, ауыс-түйісті интермәтіндік зерттеулер қарастыруда.

Ғылыми айналымға ХХ ғасырдың 60-жылдары Ю.Кристева енгізген бұл ұғым кез келген мәтіннің іргелі мінездемесі, органикалық қасиеті ретінде қабылданған. Уақыт өте келе постмодернисттердің жетекші категориясына айналып, өзінің тиімділігін төмендетіп алғаны да рас. Мәтінді филологиялық тұрғыдан түсіндіру үшін ондағы өзгенің ойы мен сөзін анықтауға, сілтеме, үзінді, аллюзия, пастиш, палимсест, репродукция, римейк, реминисценция, плагиат, бейімделу, иемдену сияқты көріністердің төркінін анықтауға ден қойды. Мәтіннен тыс тұрған ақпараттарға да интермәтін деп қарау кездесіп қалады. Көбінесе полимәтіндік бірліктер сөз болып жүр. Ортақ нысандар мен тақырыптар, образдар мен персонаждар, стильдік ұқсастықтар, поэтикалық сарындастық, имиотикалық және мифтік байланыстар да интермәтіндік ыңғайда қарастыруға лайық. Демек, өткен мен бүгінді қарама-қарсы қойып, біреуін еңсеруші, екіншісін еңсерілуші күш ретінде қарастыруға мықты негіз керек. Олардың кейде жарысушы ретінде көрініп, көбіне бір-бірін толықтыруға тырысатынын ұмытпаға жөн. Әдеби шығарманың өзіне дейінгі туындыға жауап ретінде жазылатыны да тарихтан белгілі. Осындай «көркем диалог» барысында, «өзгенің» сөзін өзгерітіп, дамытып қолдануға, жаңа мағына үстеуге әуестену жиі байқалады. Қысқасы, әдеби шығарманың мәтінаралық қатынастары мен байланыстарын жүйелі анықтау, оның мәні мен мағынасын толығырақ түсінудің бір жолы екен. Әрине, мәтіннің әрбір тілдік белгісінен басқа бір шығарманың сілемін іздеп, әуре-сарсаңға түсетіндер де табылып қалар.

Әдеби мәтіндегі «бөтен» құрылымдарды, «басқа» дискурстарды анықтау, көркемдік қызметін сараптау да интермәтіндік зерттеулерге тән.

Интермәтіндік функцияға ие бола алатын элементтердің сипаты мен түрі сан алуан, олардың ішінен басты құрылымдар қатарына мыналар жатқызылып жүр: 1) басқа шығармаға сілтеме жасайтын атаулар («Созақтан шыққан Гамлет», «Абайдан соң»); 2) мәтін құрамындағы басқа туындылардан алынған сілтемелер, үзінділер; 3) аллюзия тудыратын сөздер; 4) реминисценциялар 5) эпиграфтар; 6) римейк 7) басқа шығарманы сынау, мазақтау, мұқату арқылы туған мәтін; 8) синтаксистік қайталаулар; 9) авторлық сентенция; 10) белгілі әдеби тұлғаларға жүгіну, мифтік кейіпкерлердің атын пайдалану.

Әдеби тұлғалар арасынан Абай, Махамбет, Қасым, Мағжан есімдері интермәтіндік мағынада жиі қолданылып жүргені белгілі. Дегенмен, шығарманың мазмұндық бітімін, мағыналық қабаттарын анықтауға көмектесетін интермәтіндік құрылымдар бұлармен шектелмейді.

Қазақ поэзиясындағы интермәтінділіктің ерекше көрінісі ретінде арнау өлеңдерін атап айтуға болады. Бұл арнау өлеңнің жанрлық табиғатымен, яғни белгілі бір тұлғаға, қауымға, ортаға қаратыла нақты адресатқа бағышталуы, сол нысанның  өзіндік ерекшелігін ашу немесе сырласу арқылы дарытылатын диалогиялық сипатымен  байланысты.  Мысалы, Ғ.Жайлыбай «Ардакүрең» атты өлеңдер жинағында ақын Абай Құнанбайұлына төрт өлеңін арнаған. Олар: «Абаймен сырласу», «Шыңғыстаудың шырағы болып», «Жидебайда жазылған жыр», «Жаңғырық» өлеңдері [1].

Төрт өлең де Абай өмірі және поэзиясымен мазмұндық, мағыналық байланыста. Бірақ әр өлеңнің құрылысындағы интермәтіндік қызмет атқаратын элементтер әр түрлі. Олардың қатарында өлең атауы, эпиграф, мәтін құрылымындағы цитата, реминисценция, аллюзиялар бар. «Абаймен сырласу» өлеңінің атауының өзінде Ғалым Жайлыбай мыңмен жалғыз алысқан Абайды өзіне сырлас тұтып, бүгінгі қазақ қоғамындағы міннің Абай заманынан еш өзгермегеніне, ұлтының ұлы бола алмай жатып, ұлы болуға ұмтылатындарға налып, мұңдасып, «Сен көрген қазақ – сол қазақ» деп пайымдайды.

«Шыңғыстаудың шындығы болып» өлеңінде ұлы ақынның Абайдан, «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой» — деген сөзін эпиграф ала отырып, заманның нысанасына ілігіп жамбы болып кеткен қалың ел, қазақтың, қайран жұрттың нәубетке ұшыраған руханиятының жайын айтып,

«Адасып кеткен күшік ойларым,

Жұртына келіп ұлыды» — дейді.

«Жидебайда жазылған жырда» мәтін құрылымына Абай өлеңдерінен орайына қарай «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жазды күн шілде болғанда» секілді цитаталар ала отырып бүгінгі күн үшін өзекті рухани азаттық мәселесін көтереді. Жалпы, цитаталық ойлау бұл қазіргі постмодернисттік мәтіндерге тән сипат екендігі мәлім. Ғ.Жайлыбай да өз шығармашылығында қолданатын цитаталардан негізінен қазақ халқы жиған рухани құндылықтар бастауына ұмсыну, сақтау, өзіне дейінгі идеяларды қастерлеу көрінеді. Мәселен, халық әнінен «Қарқаралы басында жалғыз арша» [1, 172], «Баянауыл басында балалы құр» [1, 156], «Өтеді екен дүние қас-қағымда, Ойнап-күлген жарасар, жас шағында» [1, 53], «Оралыңның барында ойна да күл» [1, 118], «Басында Қамажайдың бір тал үкі» [1, 57], Мәди Бәпиұлынан «Сая таппай сарғайған сайғақ құрлы» [1, 173], Иманжүсіп Құтпанұлынан «Талай қатын қазақта ұл туғанмен, Бәрібір Иманжүсіп бола алмай жүр» [1, 146] деген жолдар алынған.

«Жаңғырық» өлеңі Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңімен реминисценциялық  байланыста деп айтуға болады. Реминисценция – бұл өзге ақынның танымал шығармасының жекелеген детальдерін, образдарын, сарынын алып өз шығармасында пайдалану. Алынған сарын, деталь, образ қайтадан өзінше ой талқысына түсіп, қосымша жаңа мағынаға, жаңа мәнге ие болады.

Абайтану ғылымында «Сегіз аяқ» өлеңінің көркемдік қуаты, мәні мен мағынасы, тақырыбы мен идеясы, өлеңдегі дәстүр мен жаңашылыдық элементтері секілді т.б. мәселелер туралы көптеген зерттеулер жасалған. М.Әуезов: «Ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған белгідей, әрі мол, әрі бар жағынан көркем, келісті шыққан, зор шығарма» — дейді [2, 232 б.].  Сондай-ақ, «Сегіз аяқ» туралы зерттеушілер С.Мұқанов, З.Ахметов, Қ.Жұмалиев, Ж.Ысмағұлов, Ж.Дәдебаев, Қ.Мәдібай өз пайымдауларын жасаған. Ж.Дәдебаев: … ақынның «Сегіз аяғының» әр сегіз аяқ шумағы – өз алдына бүтін, біртұтас құбылыс. Бұдан да гөрі түсініктілеу айтқанда, «Сегіз аяқтың» әр сегіз шумағы – бір өлең. «Сегіз аяқтың» мағыналық-құрылымдық сипатының осы ерекшелігі оның бір өлең емес, мазмұны тектес, пішіні бір, бірақ әрқайсысының өзіне лайықты болмыс-бітімі анық, толық бір топ өлеңдердің циклы деп бағалауға болар еді» — дейді [3, 232 б.].

Ғ.Жайлыбай өзінің «Жаңғырық» өлеңінде «Сегіз аяқтың»

Жартасқа бардым,

Күнде айқай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

Есітсем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас – [1, 141 б.].

деген бір ғана шумағына тура сілтеме жасап отыр. Алайда мәтін астарына үңілсек Абайдың күллі шығармашылығынан туындаған мазмұнмен үндес.

Оқырманға айтар ойымыз анық болу үшін өлеңді тұтас берейік.

Дауысым шықты жаңғырып,

Жан-жағым толған жаңғырық.

Сізден соң өмір – өлеңге,

Біз қайдан келдік қаңғырып.

Адасқан күшік секілді,

Ойларым жұртта қалды ұлып.

Тұлпар тұяғы кетілді,

Алашқа тілеп Арлылық.

Ей, Шыңғыстаудың баласы,

Запыран құстым

Зар қылып,

Қазақтың қайран даласы –

Жаңғырықтардан мәңгіріп,

Есімнен кетті тандырып…

Беу, елімнің ерен Абайы,

Теңіздей терең Абайы,

Ататын таңның арайы,

Шұғыла тұнған маңайы.

Санама мені пендеге,

Өзіңді көрем түсімде.

Жартасқа бардың сен неге,

Жаңғырық есту үшін бе?…

Қара көңілдің жарағы ең,

Халқымды бастар мәңгілік.

Абай! – деп айқай салып ем,

— Абайла! – деді жаңғырық.

Аймалап өстік Күн, Айды,

Көкейде көктеп көп өлең.

Жаңғырық шықса жылайды

Абаралы, Мыржық, Дегелең…

Жаңғырық естіп құрсақтан,

Ұрпақ боп тудық күнәлі.

Абайдың өзі мұң шаққан –

Меңіреу жартас тұр әлі.

Жаңғырды бүгін тау іші,

Жанымда менің жанды үміт.

РУХ-ымның өлмес дауысы –

Шыңғыстан шыққан жаңғырық…

 Ғ.Жайлыбайдың «Жаңғырығы» 8 буынды, 14-12-12 тармақтан құралған 3 шумақтан тұрады. Өлең атауының өзінен «Сегіз аяқ» шығармасына мағыналық меңзеуді көруге болады. Абай тудырған «жаңғырық», «жартас» секілді көркем образдар Ғалым Жайлыбай өлеңінде де қайталанады, бірақ олар қазіргі заман көріністеріне сәйкес пайымдалған. Қазақтың данасына жас ұрпақ атынан есеп беру, медет тілеу де байқалады.

Абайтанушы – ғалым Ж.Дәдебаев Абай өлеңіндегі жартас образының мәнін Құран кәрім аяттары негізінде былай түсіндіреді: «Дыбыстағанда, үнді, айғайды ғана естіп, түсінбейтін біреу тәрізді; саңырау, сақау және соқыр. Сонда олар еш нәрсені аңғармайды» [Құран: 2:171],  «Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді» [Құран: 7:179], «Оларды тура жолға шақырсаңдар, олар естімейді. Олардың саған қарағанын көресің. Бірақ олар сені көрмейді» [Құран: 7:198]. Осы аяттардағы сурет пен ақын суреттеп отырған жартастың бейнесі арасында айырмашылық жоқ. Себебі жартас та саңырау, сақау, соқыр, ешнәрсені аңғармайды, байқамайды. Құран аяттарында құбылыстың аты мен заты белгілі, нақты, тура мағынада сипатталған. «Сегіз аяқта» осы нақты, затты құбылыс дерексізденіп (абстракцияланып), ешнәрсені байқамайтын жартас күйінде жұмбақталады. Ақын жартасының архитипі, осылайша Құраннан табылады» -деп [3, 236] Абай өлеңдерінің протомәтіндік, архимәтіндік байланыстарын айқындаған.

Ғалым Жайлыбайдың лирикалық кейіпкері:

 «Жартасқа бардың сен неге?

Жаңғырық есту үшін бе?» — [1, 141 б.].

 деп толғанып, өзі де айқайлайды.

«Айқай» мен «жаңығырық» — бұл екеуі бинарлық оппозициядағы концептілер. Алыстың – берісі бар, келістің – барысы болуы секілді, адам баласы кез-келген істен қайтарым күтетіні заңды. Жартас екеш жартасқа да тіл қатсаң, айқай салсаң, жаңғырық шығады. Ал ақынның өзі қайырылып ақыл айтып отырған адресаты ақыл-сана берілген адамдар ғой. Абай жұртының, тындаушысының, ортасының өз сөзін ұққанын қалады. Олардан түсіністік күтті. Ақынның жаңғырық деп образды түрде алып отырғаны – осы. Мұны «Сегіз аяқ» өлеңі деңгейінде «Қайрылып сөзді кім ұқсын?», «Ойланар елдің сиқы жоқ», «Көңілсіз құлақ – ойға олақ», «Құлағын салмас, Тіліңді алмас, Көп наданнан түңілдім» деген жолдардан көреміз. Ал Абайдың бүкіл шығармашылығы деңгейінде қарастырсақ, «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне», «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» секілді т.б. аһ ұрған күйініш сөздері дәлел. Сонда ақын үшін жаңғырық – ізденістің бастауы, құпияны тануға түрткі, әрекет үшін уәж (есітіп үнін, білсем деп жөнін, көп іздедім қаңғырып).

Ғалым Жайлыбай өлеңінде жаңғырық сөзі жеті рет қайталанған және белгілі концептінің өз заманына қатысты қосымша мағынасын ұсынған. Ол автор өмір сүріп отырған кезеңнің әлеуметтік дискурсымен, бүгінгі қазақтың қайғы-мұңымен байланысты.

Әуелі жаңғырық бұл атом-ядролық жарылыстардың жаңғырығы. Өлеңде бомба, полигон, жарылыс деген бір ауыз сөз жоқ, бірақ мәтіннен имплициттік ақпаратты аңдау қиын емес. Ақын:

 Жаңғырық шықса жылайды,

Абыралы, Мыржық, Дегелең –

 деген ұлт қасіретіне айналған ядролық сынақ алаңдарына айналған өлкелерді тізуінен-ақ әлеуметтік-саяси мәселелердің мәнмәтіні ашылады. Бұл мағынаны Ғ.Жайлыбайдың өлеңдерімен таныс оқырман түсіне алады, себебі бұл жүрек сыздатарлық қасірет ақын шығармашылығын көктей өтіп жатыр. Ақын сынақтардан туындаған залалға туған жердің келбетінің өзгеруіне, тағдырлары талқыға түскеніне алаңдаулы. «Жетім құлын» өлеңінде  «Протонның» уынан енесі өлген, жетім құлын көлеңкеде жыласа, өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болған жарын сағынған жесір әйел түн баласы көз жасын көл етеді. «Сарыарқа. «Протон құлаған жыл»  өлеңінде уды у қайтарады деп арақты сілтеп жатқан құрдастар, күйзелген, түңілген қайран ел, жусаны жұпар шашпайтын, ақбөкені ауып, ерні кезерген жер, құлазыған дала, құлақ кесті құлға айналып бара жатқан атан жілік азаматтар, елдің зығырданы қайнағанына қарамастан зымыранын зулатып жатқан қатігездік суреттелген. «Өң мен түс», «Киікқашқан» т.б. шығармаларында да ел басындағы ауыр экологиялық нәубет жан жанарында таңбаланған. Яғни жаңғырық сөзіне ақын өзінше қосымша әлеуметтік мән үстеп отыр.

 «Тұлпар тұяғы кетілді

Алашқа тілеп Арлылық

Ей, Шыңғыстаудың баласы,

Запыран құстым зар қылып,

Қазақтың қайран даласы –

Жаңғырықтардан мәңгіріп,

Есімнен кетті тандырып…» — [1, 141 б.].

 Мұнда ақын Арлылық сөзін бас әріппен беріп отыруының терең мәні бар, себебі бұл сөз – өлең идеясына жол ашатын идеологема. Абай адамшылық жолын нұсқап, мыңмен жалғыз алысты, «Пайда ойлама АР ойла!» дегенді кеңес етті, Ғалым да алашқа арлылық тілеп, санасын сарсылтады. Мазмұндық палимсест екі ақынның азаматтық ұстанымындағы үндестікті көрсетіп тұр. Осы мәнмәтінде, яғни адами құндылықтар үшін мәңгілік күрес мәнмітінінде алып қарастырсақ жаңғырықтың мәңгіртетін, естен тандыратын мағыналық ауқымы ашылады. Яғни жаңғырық – өткеніңді ұмыттырып жіберуі мүмкін дүлей күштей. Әрине, ұлымен тілдесудің талабы жоғары. Ғалым ақын сол үдеден шығуға тырысқан. Абай сөздерін өзінше ойнатып, құбылтып, түрлі тіркестерге түсіре отырып, оған түрліше рең береді. Енді бір жолдарда жаңғырық керісінше сабырдың көзі секілді.

 «- Абай! – деп айқай салып ем,

 — Абайла! – деді жаңғырық» —  [1, 141 б.].

 мұнда жаңғырық жанды, кәдімгідей тіл қатып, адамзаттың санасын дамытатын, зердесін нығайтатын образ. Аталмыш образ өлең соңында үдей түсіп, салмақтанып жаңғырық енді бернелік деңгейге айналады.

 Жаңғырды бүгін тау іші,

Жанымда менің жанды үміт.

РУХ-ымның өлмес дауысы –

Шыңғыстан шыққан жаңғырық… [1, 141 б.].

 Абай сарыла күткен жаңғырықты, бүгінгі ақын Ғалым естігендей. Ол іздеген жоғын Абайдан тапқандай. Рухына қуатты хакім сөздерінен алғандай. Абай мұрасы бүгін «Халқын мәңгілік бастап жүретін қара көңілдің жарығы», «рухының өлмес дауысы». Демек, данышпан ақын еңбектері тек Ғалым үшін ғана емес, бүгінгі барша қауым үшін рухани дамуға, адамшылыққа, имандылыққа үндеуші, жарыққа шақырушы негіз.

Тұжырып айтсақ, Ғ.Жайлыбаевтың сілтеме, аллюзиялық меңзеулер, астарлы емеурін, мәнді қайталаулар, мазмұндық палимпсесттер, образды пастиштер сияқты интермәтіндік элементтерді тарихи тамырластықты, рухани жалғастықты бейнелеу үшін қолданғаны анық. Екі ақын арасындағы дәуірлер ықпалдастығын көрсету ниеті бар. Оған қоса шығармашылық диалог үдерісі де байқалатындай.

Т.О. Есембеков, филология ғылымдарының докторы, профессор,

Е.М. Солтанаева, филология ғылымдарының кандидаты,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Жайлыбай Ғ. Ардакүрең. Өлеңдер. – Алматы: Қайнар, 2008. – 288 б.

2 0Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – ХХ том. – Алматы: Жазушы, 1985. – 448 б.

3 Дәдебаев Ж. Абайдың антропологизмі. – Алматы: Қазақ университеті, 2014. – 238 б.