"АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП..." КӨРМЕСІ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залына «АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП» атты жылжымалы  көрмесін қойды.

Бүгінде ақынның сан салалы өнері ұрпағына мәңгілік азық. Абай үлгісін өлшем ете отырып тудырған ақын шәкірттерінің шығармалары бүгінгі таңда қазақ қауымының рухани қажеттілігін өтеуге қызмет етуде. Қазақтың сөз өнері ұлы Абай арқылы әлемдік деңгейге ие. Абай өнері - біздің бойтұмарымыз.

Көрме «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Білімдіден шыққан сөз», «Өлең сөздің патшасы - сөз сарасы», «Абай – терең теңіз, алып мұхит», «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған», «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар», «Замандардан асқан заңғар» бөлімдерінен тұрады.

Көрме ақынның дәуірін көрсетіп, Мәскеудің, Омбының мемлекеттік мұрағаттарынан табылған құжаттар, архивтік материалдар, фотосуреттер Абайдың қоғамдық қызметімен жан-жақты таныстырады.

Ақынның аяулы әжесі Зеренің, әкесі Құнанбайдың, анасы Ұлжанның бейнелері Е.Сидоркиннің гравюраларының репродукциялары арқылы ұсынылды және Ә.Қастеев, М.Кенбаев, В.Третьяков, т.б. суретшілердің жұмыстарын, ақынның фотосуретін  осы көрмеден көруге болады. Ақын өлеңдері мен қара сөздері, аудармалары, ақындық айналасы, сазгерлігі туралы да мағлұмат берілген. 

 

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

 қорық-музейінің баспасөз қызметі

тел.: 8(7222) 36-06-34