Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығына орай «Шабыт» өнер академиясында Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа» атты көрме ұйымдастырды.
Көрме: «Білімділерге бес сауал», «Әрқашан ұмытылмасқа», «Үш анық», «Шәкәрім және өнер», «Шәкәрім кітапханасы», «Шәкәрім және дін», «Шәкәрімнің ұрпақтары», «Шәкәрім – Алашорда сотының төрағасы», «Шәкәрім музыкасы» атты бөлімдерден тұрады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы елінің қамы үшін ерінбей еңбектеніп, келешек ұрпағына өшпестей мұра қалдырған ақын. Абайдың ақын шәкірттерінің ішіндегі бас шәкірті Шәкәрімнің ақындық өнерімен қоса, ойшылдық тереңдігі, философиялық толғаныстары – теңдесі жоқ қайталанбас рухани қазына болып табылады.
Көрме аясында, көрермен қауым Ш.Құдайбердіұлының туып-өскен жері, шежіресі, рухани ұстазы Л.Толстоймен байланысы туралы материалдар мен сондай-ақ қажылыққа барған сапарына қатысты деректермен танысты.
Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа» атты жылжымалы көрме Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасын табады.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің баспасөз қызметі