Ыcқақ ДҮЙСЕНБАЕВ: АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Әдебиетіміз тарихындағы ерекше зор орнына орай, Абайдың өмірі мен шыққан ортасы, жасаған дәуірі мен қалдырған мұрасы және кемеңгер классиктің кейінгі буын ақындарға тигізген әсерін сөз ететін үлкенді-кішілі еңбектер, мысалы жеке мақалалар, көлемді монографиялар, дипломдық жұмыстар мен диссертациялар аз жазылған жоқ. Алайда, қазақ әдебиетіне Абайдың әкелген соны жаңалықтары ұшан-теңіз көпекенін, сонымен қатар Абай сынды ұлы тұлғаның асыл мұрасын әрбір жаңа ұрпақ өзінше қайталап оқып, одан тосын өрнектер, тың әшекейлер тауып, сарқылмас нәр ала беретінін ескерсек, бұл салада әлі де болсын талай-талай кітаптар жазылуын да ешбір күмән жоқ. Демек, Абай мұрасын зерттеу қаншама кемелдене түскенмен бұл жұмыс келешекте де тоқталмақ емес.

Міне, сондықтан да біз Абай мұрасын меңгерудегі табыстар мен кемістіктерді есте тұта отырып, бұл жолы ұлы ақынның тек поэзиясына ғана тоқтап өтуді мақұл таптық. Сондағы ойымыз Абай творчествосы турасында ілгеріректе орын теуіп келген қайсыбір теріс кезқарастардан бас тартып, бұл салада соңғы жылдары жеткен ғылыми табыстарға сүйену арқылы өз пікірімізді ортаға салсақ дейміз.

Абайдың жас шағында шығарған елеңдері. Абайдын, бала кезінде жазған өлеңдері төңірегінде бір кездерде қызу айтыстар да болған еді. Бірақ Абайдың жас шағында жазылды деген шығармаларына күдік туғызған қайсыбір сыншылардың көкейге қонарлық ешбір дәлелі болмаған соң, біз оларға арнайы тоқтап жатуды мақұл көрмедік. Ақынның қалған асыл қазына толық жетпеген соң ол жөнінде талас пікірлер, субъективті жорамалдар, батыл топшылаулар тууы заңды нәрсе. Абайды тану ғылымының қазіргі жай-күйіне келсек, классик ақынның әдеби мұрасын ғылыми жүйеге келтіруге байланысты он шамалы ұсақ өлеңдер мен экспромттарды 1858—1880 жылдардың арасында жазылған деп санап жүрміз, кейде бұл топқа Абайдың белгілі шығармасының бірі «Сап, сап, көңілімді де» қосып қоямыз. Ең алдымен айтатын бір сөз: бұл шығармалардың әлеуметтік мәні мен көркемдік қасиеттерінің деңгейіне қарамастан көпшілігіне тән бір ерекшелігі бар. Бұлар, сөз жоқ, жазба әдебиетінің туындылары (бұл арада біз Абайдың шығыс ақындарына еліктеп жазғандарын айтып отырмыз. Ы. Д.) Демек, ауызша айтылып, бірден-бірге жатқа орындау арқылы таралып жүрген шығармалар емес.

Алдын ала басын ашып алатын тағы бір мәселе бар. Ол — Абайға шығыс әдебиетінің әсері. Тегі бір кездегі орын тепкен: шығыс атаулынын, бәрінен безу, шығыс әсерін мойындаған адамдарды орынсыз кіналау салдарынан туған болса керек, Мұхтар Әуезов те Абайға арналған өзінің белгілі монографиясында ақынның шығыспен байланысын жұқалап айтуға тырысқан, керек десеңіз, оның арабша-парсыша жетік білетіндігіне лажсыздан шүбә келтіргендей боп, Абай Науаиді ескі өзбек тіліне аударғанын оқып үйренді деген жорамал жасауға мәжбүр болған. Ал расында, Абай творчествосын Шығыстың ұлы классиктерінің әсерінен тыс қарап, баға беру кеңілге қона ма? Бұл жерде ақынға көбірек ықпал еткен кім? Батыс па, әлде Шығыс па деп безбенге салып өлшеудің қажеті бола қоймас.

Әдетте Абайдың шығыс ақындарына еліктеп жазған өлеңдерін сөз еткенде ең алдымен үш шығармасын («Иузи-рәушан, көзі-гәуһар», «Фзули, Шәмси, Сәйхали», «Әлиф-би») атаймыз. Бұл өлеңдерді 1933 жылы ақын жинағына түңғыш рет енгізген—Мұхтар Әуезов. Үстірт қарағанның өзінде де бала ақынның шығысқа сырттай еліктегені ап-айқын көрініп тұр. Жас Абай шығыс дегенде белгілі классиктердің поэзиядағы өзіндік өрнегі мен үздік шеберлігінің байыбына барып жатпайды, бүкіл шығыс әдебиетінде эталон ретінде қолданылатын үйреншікті теңеулерді сол қалпында қабылдап, шығыс өлеңнің ырғағын, ритмикасын сақтауды ғана мақсат етіп қояды. Мысалы, «Шығыс ақындарынша» деген шағын өлеңінде жүзді-рәушан, көзді-гәуһәр, бетті-лағил деп теңесе, бір шумақ екінші өлеңінде сол шығыстың ұлы ақындарының есімдерін тізіп, оларды өзіне пір тұта сиынады, «мәдет» тілейді. Бұл тұста бала шәкірт шығыс әлемінің тарихынан өзінің, хабардар екендігін білдіргендей Сүлеймен, Ямшид, Ескендір секілді патшалардың есімдерін атап өтеді («Иузи-рәушан…» өлеңінде).

Жоғарыда аталған екі өлеңге қарағанда «Әлиф-би» көлем жағынан үлкенірек болғанмен айта қаларлық жаңалығы аз. Мұнда да Абай шығыс ақындарына тек сырттай еліктеп отыр. Жас ақын шығысқа тән ерекшеліктердің бәрін жинап, осы өлеңінде толығырақ көрсетуге тырысса да, ақырғы екі жолын мүлдем басқаша бітіреді:

 

Үтір мен асты-үстілі жазу да бар.

Болуға асты-үстілі көнсең өзің!..

 

Демек, «ай йузиңе ғибрат еттімнен» бастап, шығарманың аяқ шенінде аузына құдайды алып «Лә илаһа иллаллаға» басқан ақын ақыр соңында сүйікті сұлуына жолдаған хатын тұрпайылау, нақтылау тілек айтып бітіреді. Өзінің дін жолын тұтуға міндетті шәкірт екенін ұмытып, әншейін жүрген ауылдағы қалжыңшыл бозбаланың бірі боп шыға келеді. Екінші сөзбен айтқанда, жас Абайдың, сезімі сергек, ойы дінге уланбаған, шығыс түрін сырттай қабылдаса да, мүлгіп отырып сарнаудан аулақ екенін анық аңғарамыз. Ол тек бір сәтке жаңа түрдің әлеміш бояуларына, яки араб сөздерінін, үнділігіне қызыққан болар, немесе өзінің ақындық өнерін жетілдіру жолындағы мұны да жаттығудың бір саласы деп таныған шығар.

Абайдың осы жылдардағы жазылды деген басқа өлеңдері мен экспромттары ішінен екеуін ғана бөліп алып, ерекше тоқтауға болар еді. Олар: ажуа-сықақ өлең «Абралыға» мен ақынның жастық шағымен қоштасуының поэтикалық айғағы «Сап, сап, көңілім…» деп аталатын әйгілі шығармасы. Әркездерде таныс, кейде тіпті жақын деген адамдарды сықақтап-ажуалаған, сынап-мінеген Абайдың өлеңдері көп екені мәлім. Ақын осы әдетінен өмір бойы танбаған. Бұған дәлел ретінде Көкбайға, Күлембайға, Көжекбайга, Қыздарға, Жақсылыққа, Дұтбайға, тағы басқа адамдарға арнаған бір шумақтан тұратын экспромттан бастап, ел билеуші әкімдердің ұсқынсыз суретін беретін сатираға дейінгі көлемді шығармасын келтірсек те жеткілікті.

Абайдың сондағы мысқылдап отырған адамы кім? Оның бойында күлкі туғызарлық қандай мін бар? Абралы Тобықтыдан шыққан, ақынмен ауылдас, замандас, сөзге жүйрік тапқырлығы үшін кезінде «Сары жорға» деп те аталып жүрген. Міне, осы кісінің өзі намаз білмесе де өтірік діндарсып құдайға құлшылық еткен түрін әжуа етеді:

Намазшамның артынан

Құржаң-құржаң етеді;

Жер ұшық берген кісідей.

Тоңқаңдай ма, не етеді.

Нәпіл, түгіл, намазы

Бәрі желге кетеді…

 

Білмесің бар намаз сенін, не теңің, құран сөзіне тілің келмесе, оны бұзсаң құр құлшылығыңнан не пайда, құлақпен есту аз, көңілге тоқып, ұққан абзал дейді ақын. Бұл жалғыз Абралы емес, бүкіл қазақ даласында сол кездегі жиі ұшырасатын көрініс болатын-ды.

«Сап, сап, көңілім…» осы топтағы шығармалардың ішіндегі ең бір оқшау тұрған өлең. Ең алдымен, бұл өлеңнің ішінде Шығысқа еліктеудің ізі мүлдем жоқ, бастан-аяқ таза қазақ тілінде және өте шешен жазылған. Мүрсейіт қолжазбасында да бұл шығарманың жылы белгісіз екендігі көрсетілген. М. О. Әуезовтің жорамалдауынша «Сап, сап, көңілімді…» Абай жиырма-жиырма бес шамасында жазған болу керек:

Демек, ақыннын, сондағы суреттеп отырғаны не? Әлдебір оқшау халде, яки қиын тағдырды ыспаттап отыр ма? Жоқ, пәлендей тосын ештеңе кездеспейді, бар болғаны ел жігітінің күнделік тіршілігі. Мұнда трагедиялық болмыстан гөрі, өмірін босқа өткізіп жүрген талапсыз жастың күлкілі де құнарсыз жайы десе де болғандай. Алайда, осы өлеңімен Абай өзінің алғашқы қадамындағы шығарған, жазғандарына қорытынды жасап, ақындық өнеріне шындап бет қойғанын көреміз.

Ақынның жастық шағындағы шығармаларына тоқтай келе, М. О. Әуезов төмендегідей дұрыс қорытынды шығарады: «…ең алғаш қолына қалам алып жазған. «Иузи-рәушаннан» бастап, осы соңғы екі өлеңге шейін жеткен Абайдың жас ақындық жолы бар екені ап-айқын сезіліп түр. Оның басы жеңіл сыртқары еліктеуден басталып, соңғы кезеңі ойы да, көркі де өсіп, пісіп қалған болашақ ойшыл, сыншыл ақынның іздену, өсу, кезеңін көрсетеді».

Абайдың лирикасы. Ақын мұрасының ең бір мол саласына тоқтағалы отырмыз. Ақын өмірінің ең бір жемісті шағы 1886 жылға дейін не бары үш қана өлеңі («Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жасымнан ғылым бар деп ескермедім») және бірнеше аудармалары ғана сақталған.

Сырт қарағанның өзінде бұл өлеңдердің жазылу түрі біркелкі болғанмен (он бір буын қара өлең) мазмұн-тақырып жағынан алғанда олар бір-бірінен мүлдем алшақ жатыр. Егер «Қансонарда..» аңшылық, саятшылық сөз болса, «Қақтаған ақ күмістейде» сұлу әйелдің сымбаты мен көркі сипатталады. Ал «Жасымда ғылым бар деп ескермедімде» тіпті басқаша жай: ақын өзінін, жас кезінде өнер-білім жолын қумай, босқа алданып, ғылымнан махрұм қалғандығына қатты өкініш білдіреді.

Үшеуі де, тақырып жағынан жанаспай қадау-қадау болып, жеке-жеке тұр. Дегенмен бұларды өзара қосатын бір ғана жәйт бар. Ол жазған автордың бұрынғы өткен ақын-жыраулардың ешқайсына ұқсамайтын, жазба әдебиеттің өкілі екендігі.

Ал, сонымен «Қансонарда…» өлеңінде Абай қандай жаңалықтар әкелді? Бұл шығарманы ақын бастан-аяқ реализм негізінде жазды дегенде, осы байламды немен дәлелдеуге болар еді? Ең алдымен аңғаратын нәрсе «Қансонардағы» тақырып етіп, Абай қиядан туған көріністі, немесе романтикалық бұлдыр болмысты, яки ертегі-аңыз боп үлгірген өткендегі көне оқиғаны алып отырған жоқ. Күнделікте ұшырай беретін әншейін бір тіршілікті сөз етеді де, ақын соны бар әрекеті, тұтас қалпында бұлжытпай суреттейді. Бірақ мұнысы тұрмыстың жабайы фотографиясы емес. Ақын қыстың бір кезіндегі аңшылардың әрекетін, бүркіт салып жүрген салт атты бір топ адамды ыспаттайды. Аңшылық, көбінесе кәсіп болса да, кейде ермек, қызық орнына да жүреді. Абайдың суреттеуінде қызықтау жағы басымырақ. Өлеңнің кіріспесінде-ақ ақын:

 

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет

Ынғайлы ықшам киім аңшы адамға…—

дей келе, ақырында:

Сілке киіп тымақты, насыбайды

Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,

Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда…

деп аяқтайды, ақын бұл көрініске өзінің енжар қарамайтындығын да білдіреді. Өлеңге оралалық. Абай бүркіт салуды өнер дәрежесіне көтере білгенде, оның ешбір деталін ұмытпастан, орны-орнында мүлтіксіз берген. Тауға келіп із кесуден бастап, қашан түлкіні қанжығаға байлағанға шекті аралықтағы әрекет-қимылдардың орнын ауыстырып, немесе аңға қатысып жүрген адамдардың ролін шатыстырып көріңізші, не болар екен? Демек, Абай бұл өнердің заңын жетік білгендіктен өлеңін де қатал композицияға құрған. Бұл да реалистік шығарманың басты ерекшелігінің бірі.

Екінші бір ерекшелігі: оқиға болып жатқан жердің географиясы бар. Ол — қазақ сахарасы, елсіз жердегі қар басқан меңіреу тау бойы. Мұнда ертегі-аңыздарда кездесетін бұлдыр түсінік, шартты ұғым жоқ.

Үшінші бір қасиет: ақын өзі жазып отырған аңшылықты жете біледі. Аңшылдықтың ерекшелігіне қарай, ақын оған лайықты сөз өрнектерін де таба білген.

Ақынның бұл шығармадағы төртінші бір табысы: табиғат көркіне сұқтану, эстетикалық сүйсіну үшін алмаған, аңдағы адамдар мен таудың тікелей байланысы бар, өйткені аңшылардың бар тәсіл-қимылдары сол таудын, ерекшеліктеріне сай, соларға өлшеніп жасалған. Бір ғажабы әрекет үстіндегі адамдар жекеленіп, дараланып бейнеленбесе де, біз олардың әрқайсысын анық көріп тұрғандай боламыз.

Ақынның зор табысының бірі тіл өрнегінде, оның керкемдігі мен байлығында, бұрынғы әдебиетімізде кездеспейтін теңеулер, метафоралар бар.

Сонымен бірге Абай аңшылық картинасын сондай қанын тамыза, қызықтыра, құлпырта бергенде, мұны осылайша бір тек кез тартатын әсем сурет ретінде ғана сыпаттамай оны адам тіршілігінің бір көрінісі есебінде бейнелеп отыр. Міне, осылардың бәрі «Қансонарда…» өлеңін реалистік негізде жазылған өте көркем шығарма етеді. Бір ғажабы орыс классиктерінен үйренген, солардың реалистік әдісін қолданған Абай таза қазақ тіршілігін, өзіне тән ерекшеліктерімен, асқан шеберлікпен суреттейді.

«Қақтаған ақ күмістей…» деген өлеңін Абай 1884 жылы жазған. Қай елдің әдебиетінде болсын сұлу әйелдің сымбаты мен көркіне арналған өлеңдер аз емес. Мысалы, шығыс ақындарында сол сұлу әйелді сипаттағанда, оның көзі мен мұрнын, қасы мен кірпігін, тісі мен ернін, қолы мен аяғын бейнелейтін, күн бұрын қалыптасып қойған белгілі бір теңеулері де бар. Мұны кейінірек басқа ақындардың шығармаларынан көргенде Абай қатты сынға да алған болатын. Әзірге «Қақтаған ақ күмістейде» Абайдың қандай сұлуды сөз етіп отырғанына көңіл бөлелік. Бұл өлеңде қазақ қызының сырт пішіні, келбеті мен көркі көз алдыңызға келеді.

Үңіле оқыған шақта «Қақтаған ақ күмістей» екі өлең бе деп қаласыз. Өйткені шығарманың кіріспе бөлімінде жоғарыда айтқанымыздай қыр сұлуының әсем сипаты, сүйкімді мінезі («Сөйлесе сөзі әдепті әм мағыналы» емес пе? — Ы. Д.) берілсе, екінші тарауы тіпті басқаша: сұлулықтың шын қасиетін қорлап жүрген сол заманның шолжаң, ұшқалақ қызының жағымсыз портретіне тап боласыз. Кім білсін, әсерлі, шабытты сөздермен жас сұлудың сүйкімді сырт көрінісін қызыға берген ақын, өмірде жиі кездесетін ұсқынсыз шындықты әдейі алдына тартып, «Сен мұндай болмағайсың» деп ескертіп отыр ма? Қайткен күнде де әйел сұлулығының үлгісі боларлық тұтас портрет шықпаған. Бұл ретте М. О. Әуезовтің осы өлеңдерге арналған кейбір сындары орынды тәрізді. Алайда, әлеуметтік ерекше мән беріп, осының бәрі Абайдың қазақ қызына феодалдық ортаның көзімен қарағандығынан туып отыр деген үзілді-кесілді тұжырымға біз бармаған болар едік. Себебі әдетте суретші үлкен полотноны салуға кіріспес бұрын жеке этюдтармен шүғылданбай ма? Оның бер жағында, шағын өлең аумағында әрі сырт болмысын бейнелеу, әрі адамнын, ішкі дүниесін қоса беру әрдайым кездесе беруі шарт емес қой. Сөйтіп, бұл шығармадағы Абайдың басты табысы: жазба ақын дәрежесінде қалуы фольклор үлгісіне соқпауы демекпіз.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп аталатын Абайдың шағын өлеңі 1885 жылдың жемісі. Мұнда айта қаларлықтай ештеңе жоқ секілді. Әйтседе, тақырып жағынан оны «Қансонарда…» немесе «Қақтаған ақ күмістеймен» салыстырғандай болсақ, аралары тым алшақ жатыр. Әрине, қысқа өлең көлеміндегі бір ғана шығарма бойынша алысқа мегзейтін терең тұжырымдар жасау ерсі де көрінер, көкейге де үнемі қона бермес. Мәселе басқа да: «Жасымда ғылым бар депте» Абай екінші бір, жаңа қырынан көрініп, сол замандағы әлеуметтік-қоғамдық кейбір мәселелерге өзінің көзқарасын, қорытқан ойын ашып айтуында болып отыр. Ең алдымен, ақын не нәрседен «махрұм» қалғанына өзегі сөгіле өкінеді және бұл жерде Абай қандай ғылымды айтқысы келеді? Тексере келсек, ақын тілінің ұшында тұрғаны: орыс халқының ұлы мәдениеті, «мен болсам, дер кезінде ұмтыла алмай, нағыз ғылым-білімнен махрұм қалған жайым бар, ал ендігі жастар емін еркін оқып білім алыңдар, бірақ шен-шекпенге ие болуға қызықпай, туған еліңе адал қызмет етуге ұмтылыңдар!» — дейді ақын. Қысқасы, Абайдың ағартушылық, адамгершілік, халыққа пайдалы еңбек ету жолындағы шығармаларының бастамасы «Жасымда ғылым бар деп» өлеңі екенінде дау жоқ.

Абай үстем тап өкілдеріне, әсіресе олардын, ішінен момын бұқараны жеп ығыр қылған би-болыстар мен атқамінер-старшындарды шенеп-мінеп қарсы шыққанда, халық деген ұғымның өзін саралап, жіктеп жатпайды. Сондықтан күштілерден қанау көрген көпшіліктің ішінде кедей де, орта шаруа да, керек десеңіз, «момын» бай да жүреді. Демек, Абай соңғы кезде ел ішінде көбейген сұм-сұрқия, пысықтарға, сондай-ақ еңбек сүймейтін арам тамақ кезбелерге, мал баққан еңбек иесі шаруаны, дау-жанжалда ісі жоқ момын бұқараны қарсы қояды, өзін сол езу-қанау көріп келген еңбекші халықтың арашашысы, қамқоры, жоқшысы санайды.

1886 жылы жазылған Абайдың шығармаларын тақырыбына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Мысалы, ең бір мол саласы, өз заманындағы елдің жай-күйіне арналған, көбінесе, қазақ даласында жиі кездесетін ұсқынсыз көріністерді (кертартпа салт-сананы, надандықты, мешеулікті, өтірік-өсек пен дау-жанжалды, зорлық-зомбылықты тағысын-тағылар) өлтіре сынайтын өлеңдері («Қартайдық, қайғы ойладық…» деп басталатын екі өлең, «Қалың елім, қазағым…», «Көңілім қалды…», «Адасқанның алды жөн…» т. б.), кейде ақын ел жайын баяндау, ондағы қайшылықтарды әшкерелеумен бірге, ара-тұра өзінің өсиет сөздерінде айтып, ұғындырып отырады. Екінші тобы: жас буындарға арналған «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемді-күнге бозбалалық» алуандас ақыл-насихат өлеңдері. Үшіншісі: көңіл-күйінің лирикасы («Патша құдай, сиындым», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп»). Бұл топтардан оқшаулау тұрған «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,», «Жаз» әлпеттес те шығармалары бар.

1886 жылға дейінгі Абайдың өлеңдері күш сынау, ақындық өнерді көркемдік тұрғыдан машықтау, іздену болып келсе, енді ол өзінің тың жолға шыққанын, өзі мән бермей келген өлең арқылы халық мүддесін қорғауға болатынын жақсы ұғынады. Сондықтан да болу керек, ел тіршілігіне, онда ұшырасатын жеркенішті мінез-құлықтарға қарсы шенеу-мінеу өлеңдерін көбірек жазады.

«Қартайдық, қайғы ойладық…» деп басталатын екі өлеңнің тақырып бірлігі, өзара үндестігі болғанмен, аздап айырмасы да бар. Алғашқы өлеңінде ақын өз басының мұңын, кейбір ойларын басымырақ айтса, екіншісінде елді жеген обырлардың бейнелері айқын, ашық берілген. Сонымен бірге ақын қазақ даласын жалмайтын осындайлар бар деп баяндап, сырттай суреттеп қана қоймайды, олардың сан түрлі екенін, айла-тәсілдерінің де қилы-қилы болып келетінін әшкерелейді де, өзінің қатал үкімін шығарады:

 

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір

Өз үйінде шертиген паңы құрсын…

Сондағы ақынның «жүзі күйгір» деп қарғап отырғаны кімдер? Олар: «Кезінде көп беретін байлар», күшін сатқан би мен болыстар, шар салуын міндет еткен елу басылар, қысқасы қырды жайлаған алармандар-обырлар. Абай ашық жау жалаңқая жат мінездермен қатар, қысқа күнде қырық құбылып, бірде «дос», бірде сырт беретін сұм-сұрқиялардың да бар екенін ескертеді.

Сөйтіп, бұларды ел билеген әміршілер десек, олардың нені кәсіп етіп, кімді аңдып, торып жүргенін білсек, сонда берушілер жағының халы қалай?

Бұл сұраққа Абай «Қалың елім, қазағым…» деген әйгілі өлеңінде өз халқының ауыр халын есіркей, қамыға жауап береді. Ел халы аянышты, өз малын өзімдікі дей алмайды, түнде ұйқысы, күндіз күлкісі бұзылып шермендеде жүр. Көзге шыққан сүйелдей көрінетін ел билеушілер тобын ақын тағы да түйреп өтеді:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың…

 

Елдің ұйтқысын шайқап, сиқын бұзған азғындарды Абай «Қиқымға» теңеп, жер-жебіріне жетеді, солардан құтылмай еңбекші халықтың бағы ашылмайтынын жақсы сезінеді.

Сөз жоқ, ақын тек осы топты ғана көріп, сол кездегі қазақ өмірінде кездесетін басқа да сүреңсіз, мінді болмыстарды ескермесе, шығармаларының реалистік күші әлсіреген, немесе бірдеңесі жетпей жатқандай болар еді. «Адасқанның алды жөн…» деген өлеңінде Абай жаңа бір көріністі: ел мойнына масыл болған, еңбексіз күн кешіп, малы бар, тамағы мол ауылдарды шарлайтын арам тамақ, тоғышар кезбелерді шенейді. Ойшыл ақынның түсінігінде егер билеуші топтың өкілдері біреулерді алдап, екіншілерін қорқытып, еңбексіз, кәсіпсіз өмір өткізсе бір сәрі, өйткені мұндай тіршілік олардың табиғи болмысы, үйреншікті қалпы. Ал халықтың жуан ортасынан шыққан сап-сау, жап жас жігіттерді паразиттік өмірге салынуы. Абайдың тұжыруынша, сол замандағы қазақ аулының басындағы ең ауыр трагедияның бірі, оған қарсы күреспеске ешбір ылаж жоқ, себебі мұндайлар көбейе берсе елде ырыс-береке болмақ емес. Осы өлеңнің тағы бір ұтымды жағы, ақын сараң штрихпен сол өзі айтып, қатты сынап отырған «шаруаға олақ, сидаң жігіттің» портретін, қолға ұстатқандай етіп шебер жасаған.

«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты өлеңінде де сол ел жайын баяндап, «жақын-алыстың» бәрінен көңілі қалып, әбден түңілгенін мұқая, қапалана жырлайды, осы сарын кейінірек ақынның көптеген шығармаларында да кездесіп отырады.

Тегі Абайдың «момын байлар» турасындағы жаңылыс түсінігінің салдарынан туған болу керек, «Байлар жүр» деп басталатын шағын өлеңінде өзі айтып жүрген: сол «Момын байларды елді талан-таражға салып мезі еткен сұм-сұрқиялар мен білгіш-пысықтардан қорғап, арашаға алғандай болады.

Абайдың төңірегіне өнер-білім қуған талапты жастардың шоғырлануы, ағартушы ақынның әрдайым айтып келген ұстаздық өсиеттері жалпыға мәлім. Өлеңдерінде, қарасөздерінде болсын оның бұл мәселеге қашанда айрықша көңіл бөліп отырғанын айқын көреміз. Осыған орай, ақынның жаңа өспірім жастарға арнаған шығармаларын сөз еткенде ең алдымен «Интернатта оқып жүр» деген атақты өлеңін еріксіз еске түсіреміз. Бір есептен бұл түсінікті де, демек ақын жаңа оқу арқылы туған халқына адал қызмет істеудің жолы қандай екенін осы өлеңінде ашық айтып, тереңнен қозғайды.

Бұл шығарманың үлкен қасиеті, бір жағынан, өз заманының міндерін бадырайта көрсетіп шенесе, сонымен қатар ел қамын жейтін өзекті ойлары да бар. Егер өткендегі ақын-жыраулардың көпшілігі: заман бұзылды, ел азды, жұрт тозды деп жалпылама айтып күңіренсе, Абай дәл түсіп, царизмнің системасына қарсы шығады. Сонымен қатар ақын оқу керек деп жас буынды үгіттегенде: «Орыс оқуының да парқын айыр, оқу-білімнің де бәрі бірдей емес. Бір оқу бойынша патша үкіметі өзіне қажетті қызметкерлерді дайындайды, олар тілмаштар мен ұсақ чиновниктер, әкімшілік аппаратының кішігірім орындаушылары. Мұндай жолға қызыққан жастардан береке шықпайды, олар халқына зияннан басқаны келтірмейді». Әрине, жас баланың өзі оқу таңдамайды, бар билік ата-анасында ғой:

Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы…

…Орыс тілі, жазуы —

Білсем деген таласы

Прошение жазуға

Тырысар келсе шамасы…

…Аз білгенін көпсінсе,

Көп қазаққа епсінсе,

Кімге тиер панасы?..

 

Демек, баланы оқуға берген әкесі атқамінер, пысық, арызқор болса, бар бәленің бәрі содан басталады. Міне, бұлардан жирену керек, қашу керек деп ақын бір түйсе, аржағында ұсынары белгілі, алған білімің халық игілігіне жұмсалсын, сол үшін «Алыс та болса, іздеп тап Кореннойға кіруге…» деген құнарлы қорытындыға келеді. Абай түсінігінде «коренной» дегеніміз елге қызмет істеудегі барлық ауыртпалықты көтеретін шын азамат, ертең царизм аппаратымен алысып, халқына арашашы болатын да сол.

Абай өз ойын еркін және дәлірек беру үшін саналы түрде орыс сөздерін қолданады: интернат, закон, прошение, виноват, адвокат, военный, коренной, счет, здравомыслящий т. б. Ақынның жас буынға үлгі ретінде Толстой мен Салтыковты тануында да үлкен мән бар. Данышпан ақын бұл кезде орыстың поэзиясын ғана емес, прозасын да оқып меңгеріп қалған кезі болу керек, оның үстіне Толстойдың суретшілігі, дана ойлары қызықтырса, Салтыков-Щедриннің улы сатирасы, батыл сындары өзіне тартуында сөз жоқ.

Асыл ойлар мен ізгі тілектерге толы өлеңі «Ғылым таппай мақтанбада» Абай жастарға өсиетін тіке жолдап, ғылымның мәнін, оның адам тіршілігіндегі зор маңызын өте терең сипаттай келе, жастардың неден безіп, нені машықтауы шарт екенін ашып айтады. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым тәріздес бес асыл іске ұмтыл да, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ әлпеттес бес дұшпаныңнан әрдайым без, қашық бол. Бір қызығы бұл жолы Абай бұрынғысындай сол кесепаттар ұялаған би-болыстар, атқамінер-пысықтар, жатыпішер-арамтамақтарды сипаттамайды, олардың аттарын атамай, тек сорақы-сұмдық мінез-құлықтарын тізіп өтеді. Өйткені өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектіктің кімдерге хас «қасиеттер» екенін жұртшылық өзі де біледі, таниды деп санайды. Ақынның мақсаты кейінгі буынды солардан жеркендіре-жиренте тәрбиелеу, қашық ұстау. Ал егер күреспесең, ұмтылмасаң, жақсы сипат дегеніңіз өз-өзінен пайда бола қалмайды, ендеше ғылымның сара жолына түскен жастарға бес асыл іс деп ұсынғанда, Абай, ең алдымен, талапты атайды, содан кейін бұған қоса еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты адамдықтың сәнін беріп, көркін енгізетін басқа қасиеттерді атайды. Жаңа сапарда ескінің бөгесінін болдырмау үшін азамат ақын «ақсақал айтты, бай айттыға салына берме, алаңдап жалтақтама, ендігі болашақ, бақыт өнер қуған жастардың қолында деген өте құнарлы, терен, мағыналы қорытынды жасайды. Бұл шығарманың «Интернатта оқып жүр» өлеңінен бір айырмасы: ақын өсиет сөздерін жалпы оқушы жасқа арнамай, «осы ұғады-ау, осы түсінеді-ау деген парасатты ұрпаққа жолдап отыруында.

Ұлы ақынның, жастарға жолдаған шығармаларына тоқталғанда тағы бір ұзақ өлеңін атай кетпесек, осы тақырыптың бір жағы толыңқырамай олқы тұрғандай көрінер еді. Демек, алғашқы екі өлеңінде Абай оқу-білім жолына түскен талапты жас-жеткіншектерге ағалық ақылын, ұстаздық өсиетін айтса, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат та» ер жетіп, есейіп, үй қожасы, сөз иесі болуға жарап қалған жастардың ойын-қызығы мен қуаныш-сүйінішіне, жолдастық-достық қарым-қатынасына арнайды. Сондағы бөліп айтып отырғаны қалтқысыз достық:

 

…Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,

Қажымас, қайта айнымас қайран тату —

 

дейді Абай. Бұл жерде татулық, достықты терең мағынасында алып, адам баласының аз күнгі тіршілігіндегі барлық өмірінің гүлі, көркі осы деп отыр ақын. Сонымен бірге Абай әйелдің ер жігіттің, жар жолдасы, теңдей досы, үйінің ырысы, берекесі екені жөнінде тың ойын білдіреді.

Абайдың кейбір өлеңдерін кеңіл күйінің лирикасы деп жеке топқа жіктеуімізде көрінеу көзге шарттылық бар. Себебі әлеуметтік тақырыпқа, немесе ағартушылық қызметке, табиғат көріністеріне яки ақынның ішкі сезімін білдіруге арналатын өлеңдері әрқайсысы бір-біріне араласпай таза күйінде дүниеге келетін шығармалар емес, көбінесе олар аралас, қатар жүреді. Мысалы, сол әлеуметтік тақырыптағы делініп жүрген өлеңдерден көңіл күйін, философиялық топшылауды білдіретін яки ағартушылық-гуманистік идеяларды уағыздайтын жолдар кездесуі мүмкін ғой. Сондықтан, Абайдың «Патша құдай, сиындым». «Өкінішті көп өмір кеткен етіп» алуандас өлеңдерін осы тұрғыдан алып тексергенде ақынның бір сәтке өз басының сезімін басымырақ шертіп, тереңірек толғанғанын ескереміз.

Абайдың асқан шеберлігін, ісмер суреткер екендігін айқын дәлелдейтін өлеңдері «Жаз» бен «Аттың сыны».

Реалист ақынның тағы бір зор ерекшелігі табиғат суретін бергенде, оны, яғни жаратылыс құбылысын адам тіршілігінен тыс, өз алдына даралап қарамайды. Бір жағынан Абай жалаң созерцаниеге салынбай өмір шындығын қонымды бейнелесе, сонымен қатар адамдардың әрекет-қимылдарын, өзара қарым-қатынастарын бір келкі дәлдікпен ыспаттау үшін табиғат көріністерін шебер пайдаланады. Мысалы, «Жаз» өлеңінде осы мезгілдегі табиғат көркі мен адам тіршілігінің қызықты бір шағын көрсету үшін автор әдейі көкорай шалғын, бәйшешегі толысқан күркіреп жатқан өзен бойына жаңа ғана қонғалы тұрған ауылдың болмысын алады. Демек, бұл жағдайда көшпелі ауыл адамдары қауырт әрекет үстінде, қыс азабынан құтылып, емін-еркін тыныс алу үшін ең алдымен аз уақыт болса да жайлайтын қонысын тәртіпке келтіріп алуы керек. Көшпелі ел үшін жайлауға шығу үлкен той, қызық мереке тәрізді. Сондықтан да Абай «Жаз» өлеңінде әлеуметтік сарындарды тұншықтырғандай (приглушить) болып, өмірдің жарқын, жайма-шуақ жағы басымырақ сипатталады. Сондағы ақынның көзіне ілінген не, қандай көріністер. Әуелі сол көкорай шалғынға саялаған көп жылқыны, бүйірі шығып ыңқылдаған ат, айғыр, биелерді, асыр салып шапқылаған құлын тайды, өзен үстінен жоғары-төмен сымпылдап ұшып тұрған үйрек-қазды көреміз. Ал бұл сәтте адамдар немен шұғылдануда? Әзілдесіп-күліскен қыз-келіншектер үй тігіп жүрсе, малын аралап, көңілі шаттанған бай да ауылға оралады, бір бөлек жиналған жасы үлкендері қара сабадан қымыз құйдырып, көй-көйлесіп кеңес құрса, жас бала да ошақ басындағы шешесінен ет сұрап қыңқылдайды. Осындай динамикалы суреттің тағы бір көрінісі, неліктен екенін кім білсін, салтанатты байлар мен ел ағасы үлкендердің топтарына кірмей қалған, ауылдың бір шетінен шығып, малшыларға «малыңды әрі қайтар» деп айғайлап, байға жағынбақ болған ақ көйлекті, таяқты шал да жалбақтайды. Жайбарақат ауылдың жайлаудағы болмысын толықтыра түсу үшін түні бойы салпылдап жылқы күзеткен, енді асау мініп теңселе келіп жеткен жылқышылардың шаршаған бейнелерін ұсынған ақын, еш нәрседе ойы жоқ тағы бір қызық қызықтаған топты суреттейді:

 

Мылтық атқан, құс салған.

Жас бозбала бір бөлек.

Су жағалап қутыңдап.

Қайырып салған көк құсы.

Көтеріле бергенде,

Қаз сыпырса жарқылдап.

Өткен күннің бәрі үмыт,

Қолдан келер қайрат жоқ,

Бағанағы байғүс шал

Ауылда түрып күледі

Қошемет қылып қарқылдап.

 

Жалпы алып қарағанда «Жаздағы» ұйқастар еркін, белгілі тәртіп сақталмағандан боп көрінсе де, өлеңнің ішкі ырғағы мен кейде бір жолды, я болмаса екі-үш жолды аттап түсіп үйлесудегі заңдылық осы шығармаға тұтас бітімділік және ерекше жігер беріп тұрғандай. Оның үстіне «қылтылдап», «ыңқылдап», «шылпылдап», «сымпылдап», «бұлтылдап», «сыңқылдап», «аңқылдап», «қаңқылдап», «жарқылдап», «қарқылдап» деген үйлесімге дәнекер етістіктер сол өзен төңірегіндегі әрекеттердің сыр-сипатын аша түскендей ерекше әсер етеді.

Ақынның «Аттың сыны» деп аталатын белгілі елеңі Абайдың шешен, шебер ақын екендігін тағы да дәлелдей түсумен бірге, туған елінің тіршілігінде үлкен орын алатын жылқы малының, оның ішінде ежелден ер қанаты саналып келген жүйрік аттың мүсін-мүшелерін даралап сынауда өзінің білгіштігін, танығыштығын көрсетеді. Бұл орайда мал баққан қазақ елінің, тіл қоры да шексіз бай, өте оралымды екенін де аңғарта түседі. Абайдың күнделік тіршілікке қажеттірек күш-көлігін алмай, бәйгі атын таңдап сөз етуінде де мән бар. Өйткені ноқта тұғыр, жабайы жануардың бойынан тұлпарға лайық мүсін-мүшелерді, айрықша сұлулықты табу қиын болар еді. Бұл жерде ақын бір кезде әйелдің әсем сымбаты мен ажар-көркіне сүйсінгендей, бағы заманнан ер серігі есептелген жүйріктің мінсіз тұлғасына сұқтанып қарағанын көреміз.

Келесі жылдар (1887, 1888) Абайдың творчестволық қарқыны біраз бәсеңдегендей болса да (екі жылда не бары II өлең ғана жазған Ы. Д.) соның өзінде «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса», «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол», «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Қыс» тәріздес көлемді де көркем өлеңдерін жазады, өз бетімен тынымсыз сан түрлі кітаптарды оқып, білімін молайтады, орыс классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне аударуға дайындалады.

Ақын өзі бұрын қозғаған тақырыпқа қайта оралғанында өткендегі көріністерді сол қалпында қайталауды қанағат етпейді, өмір ағысында болып жатқан өзгерістерді, әсіресе билеуші топ өкілдерінің мінез-әрекеттеріндегі трансформацияларды ашып әшкерелей түседі. Бұрын жиынтық түрінде жалпылама сынап-мінеген жексұрын, пасық болмыстарды, енді жеке-даралап, олардың ұсқынсыз, жиренішті кескін-келбеттерін бадырайта бейнелейді.

«Сабырсыз, арсызда…» Абайдың кімді айтқалы отырғанын бірінші жолдарынан-ақ аңғарамыз:

 

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсе қызар, жалмауыз…

 

немесе:

 

Ұрлықпен мал табам деп,

Егессе ауыл шабам деп,

Сүйтіп құдай атады…

…Қызмет қылып мал таппай,

Ғылым оқып ой таппай,

Құр үйінде жатады.

Ел қыдырып ас ішіп,

Еркек арын сатады…

Ия, мұнын, бәрі ескі, танымал көріністер. Жатыпішер паразиттің, барымташыл ұрда-жықты, ұры ұстап байыған бай-жуандарды, ел кезіп тамағын асыраған тоғышарларды Абай бұрында талай рет шенеген, ызамен түйреп, қатал үкімін айтқан. Қазақ даласында тағы қандай жаңалық бар десеңіз:

 

Пысық кім деп сұрасаң,

Қалаға шапса дем алмай,

Өтірік арсыз кеп берсе,

Көргендерден ұялмай.

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ,

Өтірік, өсек, мақтанға

Ағып тұрса бейне су.

Осы өлеңнің аяғында елдің ауыр жағдайын ескертіп барып, ақын сөзін мұңды жолдармен бітіреді: «Бар тілек-үміт өзіңе артылады, түзелетін уақытың жетті, жан-жағыңа қарап еңбек істе, арамдық жолдан без!» — дейді ол.

Абайдың сатиралық шығармаларының ішіндегі ең көлемді және көрнектісінің бірі — «бөтен елде бар болса» деп басталатын (Көжекбайға арналатын) ұзақ өлеңі.

Мұндағы Абайдың өте шебер сипаттаған тағы бір көрінісі: ауылдағы билеуші-төстеуші топтың өздері емес, соларды туғызған ортаның кейбір азғын өкілдері, демек, сол Көжекбайларға жемтіктес, сыбайлас, сұм-сұрқиялардың пасық бейнелері. Іріп-шіри бастаған ортаның моралі де тұрақты болмайтыны ондағылардың өзара қарым-қатынастарының жалған антқа, опасыздыққа құралатыны мәлім. Досты көрсе көлгірсіп, қасты кездестірсе жалбақтайтын хамелеондар сол кезде көп болғанын ақын жасырмайды, керек десеңіз, жақын-жанашыр саналатын адамдардың өздері де жүз құбылып, біресе жау жағына шығып, итше өршеленіп тақымдайтын болса, күшейгеніңді көргенде жағымпазданып табаныңды жалауға әзір түратыны да жиі ұшырасып отырады. Сондықтан осының бәрін өз көзімен көрген ақын:

Әркімде-ақ бар ғой туысқан,

Қайсысы жауды қуысқан?

Күн жауғанда қойныңда,

Күн ашықта мойнында,

Арылмас міндет болған соң,

Әркімнің көңілі суысқан…

 

деп түйеді. Сөйтіп, бұл шығармаларында да («Сабырсыз, арсыз…», «Бөтен елде бар болса»), Абайдың ұстаған бағытынан таймай, ел арасындағы жексұрын-жиренішті құбылыстарды әшкерелеуін үдете, тереңдете түскенін айқын көреміз.

Қазақ халқы ежелден сөз өнеріне ерекше көңіл бөліп, жоғары бағалап келгені аян, оған мынадай қанатты сөздер, мақал-мәтелдер дәлел бола алады: «Өнер алды — қызыл тіл», «Сөздің көркі мақал», «Сөз тапқанға — қолқа жоқ», «Аталы сөзге арсыз таласады», «Қаһарлы сөз — қамал бұзады» тағысын тағылар. Алайда, өлең жөнінде арнайы айтылған нақыл сөздер жоқтың қасы. Ескі ақындар өздерін көтермелеп мадақтағанда да өлеңнің мәніне тоқталмай, кебінесе, қарабасының қасиетін дәріптеумен болатын.

Поэзиямен бірыңғай шұғылданып, оның қоғамдық өмірдегі келелі орнын, тәрбиелік күшін жақсы түсінген Абайдың өзі де ақынның мақсат-міндеті, өлең өнері турасындағы ойларын көпке дейін ортаға сала қоймайды. Біраз уақыт өткен соң, өзінің ақындық даңқы қазақ даласына кеңінен тарай бастаған кезде, «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» деп басталатын атақты шығармасында түңғыш рет өлең өнеріне қойған талабың эстетикалық кредосын жариялайды. Бірінші шарт (бұл жерде маңызына қарай алынып отырған жоқ) шеберлік мәселесі.

 

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол — ақынның білімсіз бишарасы…

…Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар тацдамэсы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?

 

Абайдың эстет ақындардан бір айырмасы өлеңді сөз еткенде, оның түрі мен мазмұнының арасына шек қоймайды, екеуін егіз қалпында қатар алып, бірінсіз-бірі болмайтынын ашып айтады. Шын көркемдік пен терең мазмұнсыз нағыз поэзиясының тууы мүмкін емес дейді Абай.

Сонымен бірге Абай өзінен бұрынғы «айтушы мен тыңдаушының» көпшілігі надан болып келгенін, ақындық өнер мүлде бағаланбай, аяққа басылып жүргенін де ескертеді, ескі билер мен көне ақындардың істеп келген әрекеттеріне тоқтап, оларды қатты сынайды. Тыңдаушы, көруші, қабылдаушы жүрттан тыс өнер жоқ, егер бір кезде пайдалы, ақыл сөз айтқанда олар тез жалығып, қайдағы бір жоқ, әлеміші көп қыздырма әңгімеге құмар тұратын болса, енді айтушысымен бірге тыңдаушысы да түзелуі керек деп екінші шартты ұсынады.

Өлеңнің құдіретті күшінің жойылмауының тағы бір үлкен шарты қоғамды тәрбиелеудегі ерекше ролі, маңызы.

Сол өлеңнің қасиеттерін ашудағы Абайдың қолданып отырған сөз өрнектеріне қарасақ ол дін ұғымындағы беделдерге сүйенгендей болады. Әйтпесе, бұл арада Абай діни атрибуттарға, яғни алла, пайғамбар, ғұлама, әулиелерге неге жүгінеді, аят, хадис, құтпаларды неге атап отыр деген сұрақтар тууы да мүмкін. Біздіңше ақынның басқаша айтуға лажы жоқ, сол заманның түсінігі көлемінде осылардың бәрі орынды, себебі өлеңді алла, пайғамбар, ғұламалардың өздері сүйді деу арқылы бұл жөніндегі өзінің жоғары бағасын білдіргелі отыр.

Келесі жылдың туындысы болса да, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол» деген өлеңнің жаңа ғана біз сөз еткен «Өлең — сөздің патшасына» тікелей байланысы бар. Ең алдымен, қазақ өмірінде өлеңнің, қандай роль атқаратынын мейлінше терең және өте дәл бейнелеген:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңменен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең…

 

Осы төрт жолға ақын қазақ өміріндегі қызық-қуаныш, шылдақана, қыз ұзату, келін түсіру («Жар-жар», «Бет ашар» т. б.) айт пен той немесе қайғы-өкініш естірту, жоқтау, көңіл айтулардың бәрін сиғызып отыр.

Бұл шығармасында Абай, бір жағынан, ілікте ұсынған пікірін тереңдете түсіп, өлең өнерінің қиындығын айтса, сонымен қатар өзінен бұрын болып өткен ақындардың еңбегіне сын көзімен қарайды. Жаңа дәуірдің жаңа талаптары мен қатал талғамдарын паш етеді.

Абай халық алдындағы өзінің міндетін ашып айтады:

Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның, көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ…

 

деп қорытады. Ұлы ақын осы ізгі ойына кейінде талай рет оралып отырады.

Жылдың төрт мезгіліне арналған белгілі циклын ақын тек әр мезгіліндегі дала пейзажын беру үшін ғана шығармағанын дәлелдеу үшін сол 1888 жылы жазылған «Күз», «Қараша, жел токсан мен…», «Қыс» деген өлеңдерінен анық көре аламыз. Мысалы, «Жазда» табиғат көркі мен ондағы адамдардың қимыл-әрекеттеріне сүйсіну-сұқтанудың біраз ізі болса, мына үш шығармасында тіпті басқаша, күз бен қыс кезіндегі қиындықты, әсіресе осы мезгілдердегі қазақ кедейлерінің мүшкіл халын Абай реалистік тұрғыда шебер суреттеген. Бұл сарынды біз «Қараша, жел тоқсан мен…» айқын сезінеміз. «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан» («Күз») өлеңінде күз мезгілінің жалпы суретін, адам, мал, басқа жан иелерінің осы шақтағы іс-әрекеттерін сырттай бейнелеумен қанағаттанса, екінші шығармада («Қараша, жел тоқсан мен…») әлеуметтік әуеннің күшейе, тереңдей түскенін аңғарамыз. Мұнда күзеуге қонған бай «кәрі қойын ептеп сойып», жылы киіз үйде отырса, кедей бейшараның өзі далада байдың малын бағады, ал қатыны «тоңған иін жылытып» тон илейді, бүрсең қағып шекпен тігеді. Бай баласы мен кедей ұлының тіршілігіндегі айырмашылық та ақын назарынан тыс қалмаған.

«Қыс» өлеңі бұлардан сәл оқшауырақ, демек табиғатты сырттай сипаттау жағы басымырақ, оның үстіне адамдарының арасындағы қарым-қатынастың сыры ашылмай қалған. Ал мұндағы үлкен жаңалық, Абай қысты кәрі шалдың бейнесінде, тірі жан есебінде сипаттайды. Тегі ақынға орыс классиктерінің әсері де күшті болса керек. Бірақ ақын сол қысты жаңа тұрпатта суреттегенде қазақ тұрмысына жат ұғымдардың бірде-біреуін пайдаланбайды, қайта көпшілікке түсінікті, қонымды теңеулерді қолданады. Бұл ретте М. О. Әуезовтің тағы бір сөзін келтірелік: «Кәрі құда» ең сұрамсақ, әсіресе алымпаз, тойымы жоқ жеміт құда. Ол және қызын бермей талдырумен қатар, сан рет қайталап, еселеп соқпай, ала бармай тынбайды. Әрдайым айналып соғып отыратын қысты, осы құдаменен теңеу арқылы, Абай аяз бабайды орыс әдебиетінен алып келіп, оқушысына өзінің құрдасы етіп қабыстыра кетеді».

Сөз жоқ, бұл шығармасында да Абай өзінің жаңа бағытынан таймай, реалистік жолын дамыта, шеберлігін нығайта, жетілдіре түскенін байқаймыз.

Абайдың асқан лирик, шебер ақын екендігін дәлелдей түсетін тағы бір шағын ғана елеңі — «Желсіз түнде жарық ай». Мұнда күрделі сюжет жоқ. Жазғы түн. Ауыл жанындағы терең сайда күрілдеп тасыған өзен. Жұрттың бәрі ұйқыға кеткен, тек күзетшінің айтағы мен иттің үргені тауды жаңғыртады. Құлпырған жасыл жер, сыбырласқан қалың ағаш жапырағы, айнала табиғат тынысы мен тірлігіне толы, басқа ешнәрсеге селт етпейді: жым-жырт… Міне, осы шақта жасырын аулақта жолығысқан ынтық екі жастың кездесуі, олардың лүпіл қаққан жүректері былайша сипатталған:

 

Сөз айта алмай бөгеліп,

Дүрсіл қағып жүрегі.

Тұрмап па еді сүйеніп,

Тамаққа кіріп иегі?

 

Бұл көріністе де ешбір дерексіз деталь, бұлдыр құбылыс жоқ, өмір шындығының бір тынысы, ақихат болмысы. Ақын соның өзін орынсыз әсірелемей нағыз поэзияның күшімен өте қонымды, әсем етіп берген.

Ұлы ақын творчествосының айрықша жемісті кезеңінің тағы біреуі — 1889 жыл. Абай өзі шығарған 19 өлеңнен басқа, осы бір жылдың ішінде А. С. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бірнеше үзінділер аударады. Орыс классиктерін қазақшаға аудару Абайдың өмір танудағы көзқарасының тереңдей түсіп, ақындық өнерінің жетіле, кемелдене беруіне кеңінен жол ашады. Мұны әсіресе сол 1889 жылы жазған шығармаларының түрлі-түрлі тақырыбымен бірге: ақын поэзиясының көркемдік дәрежесі шырқау биікке көтерілген шабытты қалпынан анық абайлайтын боламыз. Өзі сынап-мінеп келген сол ауыл тіршілігіндегі мерез, пасық, кеселді кесепаттарды аяусыз әшкерелейтін өлеңдері бұрынғысынан анағұрлым өткірлене, зілдене түсіп, ащы мысқыл, улы сатираға шекті көтеріледі. Бұл ретте бірден тілімізге оралатын Абайдың «Болыс болдым мінеки» деп басталатын Күлембай болысқа арналған тамаша шығармасы. Бұл өлеңнің талдауына айырықша тоқтауымызға екі түрлі себеп бар: біріншісі: оның болыс бейнесіне қайта-қайта орала беретіні, сол кездегі қазақ ауылын басқаруда болыстың ролі басқалардан гөрі сонағұрлым зор болды. Екіншісі: ақын бұл жолы бір Күлембайдың образы арқылы қырдағы елді жеген талай Күлембайлардың жиынтық бейнесін жасап, халық алдына ұсынып әшкереледі. Сөйтіп, «…бір Күлембай емес, сол арқылы Абай бүкіл қазақ сахарасындағы XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі, болыс, феодал, әкім атаулының, барлығын сыпаттап, зор обобщениелік шығарма туғызады. Болыс атаулының бәріне ортақ анық шындықты ерекше шебер мысқыл, сатирамен әйгілейді. Бұрынғы шығармаларында да, зиянкес содыр-сойқын атқамінер тобының іс-әрекетін әшкерелеп жырлағанда, Абай болыстарды жиі айтатын. Ал, мынау өлеңде, ел ішіндегі көрнекті әкім пәлебасы анығында болыстар болғандықтан, нақтылап тұрып, бөліп алып шын содырдың өзін әшкерелейді… Көркемдік, суретшілік, сыншы мысқылшылық жағынан ерекше толық шыққан бұл шығарма, ең алдымен болыстың психологиялық портретін береді. Оның ішкі есеп, айла, тәсілін сан құбылған мінез-құлқын, қимыл-әрекетін қапысыз толық бейнелеп шығады».

Қазақ даласын билеп-төстеген әкімдердін, ішінен Абай болысты бөліп алғанда, оның заман орайына қарай бейімделгенін, бұрынғысындай емес айла-тәсілдерін өзгерткенін, сөйтіп, бір жағы, үстінен қарайтын ұлықтарға жағынып, жалбақтаса, екіншіден, өзі билеген қалың бұқарадан да қорқып жалтара бастайтынын, көлгірсіп көзін алдайтынын, қысқасы болыс дегеніңіздің ұсақтап тозып бара жатқанын ашып айтады:

 

Болыс болдым мінекей,

Бар малымды шығындап.

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап.

Сүйтсе дағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап…

деп бастайды да, тағы бір жерінде ел билеудегі өзінің саясатын жасырмайды:

Қайраттанып халқыма

Сөз айтып жүрмін күпілдеп:

«Құдай қосса, жұртымның

Ақтармын осы жол сүтін» деп,

Қайраттысып, қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп.

Оңашада оязға

Мақтамаймын елімді,

Өз еліме айтамын:

«Бергенім жоқ, — деп, — белімді».

Жағымсыз кейіпкерге, бұл өлеңде Күлембайға, сөз беріп, оның елді, өзінен жоғары әкімді алдаудағы амал-айласы мен сұм-сұрқия қылықтарын өзіне әшкерелетуі де Абайдың қазақ әдебиетіне әкелген тың жаңалықтарының бірі еді.

Қорыта келгенде, бұл шығармадан аңғарылатын тағы бір шындықты ескермеске орын жоқ. Оқта-текте ел аралайтын қаладағы ұлықтар немесе қалың бұқараны күнде ығыр етіп жүрген ішкі әкімсымақтардың қайсысы болсын өздерін нық сезінбей «ертең күнім не болар екен» деп күдіктенуі, халықты мызғымас күш санап қорқа бастауы зор жаңалық, үміт атарлық жақсы нышана дер едік. Мүмкін, сол содырлар жаңа тәсіл қолданып, үстемдігін алдап-арбау арқылы білдірмей жүргізуге де көшкен шығар, бірақ, қайткенде де бұқара халықтың меңіреу, үнсіз күш емес, санасы аздап болсын ояна бастаған топ екенін сезінудің өзі қоғам өмірінің бір адым ілгері басқанын көрсетпей ме? Міне, осы алға басуды (сдвигті) Күлембайдың психологиясын ашу арқылы Абай өте шебер бере білген.

Жоғарыда келтірген ойымызды дәлелдейтін, бұл да болысқа арналған Абайдың сол жылы жазылған тағы бір өлеңі — «Мәз болады болысың». Әрине, Күлембайға деген өлеңінде соншама терең, соншама шебер бейнеленген болыс сиқының тағы бір қырын ашады, сол әкімсымақтың ар-ұяттың бәрінен безіп, оқалы тон мен шенді шекпен үшін сатылғанын әшкерелейді. Бірақ, ол қаншама жеттім, жетілдім деп асып-тасса да, одан қорқып-жасқанудың ешбір қажеті жоқ дейді ақын.

«Ішім өлген, сыртым сау», «Біреуден біреу артылса», «Білімдіден шыққан сөз», «Сәулең болса кеудеңде», «Қажымас дос халықта жоқ», «Жастықтың оты қайдасың» деген бір топ өлеңдерінде ақын бірде көңіл күйін білдіріп, ішкі сырын мұңын шертсе, екінші бір сәтте ел ішінде арылмай келе жатқан кеселді көріністерді шенейді, жастық шағын еске түсіріп, ғылым-білімге шақырады, өзіне жақын жүрген жандардың бойындағы кемістікті, мінез оғаштығын, тоғышар топастығын сынға алады.

Абайдың ақындық творчествоға әрдайым қайта оралып, бұл жөніндегі өзінің, бұрын айтқандарын, жазғандарын толықтырып отыруы өте заңды, түсінікті. Себебі бір шығарманың бойында үлкен өнердің, яғни поэзиянын, барлық сыры мен қырын ашып, егжей-тегжейіне жете жан-жақты көрсету мүмкін емес қой.

Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген белгілі өлеңінде ақын мен оның қоғам алдындағы міндеті деген тақырыпқа қайта оралады. Кіріспе бөлімінде Абай өз алдына қойған мақсатын ашып айтады да тыңдаушы жүрттың бойындағы бар мінді екі шумаққа сыйғызады. Алайда, ақынның бұл өлеңде ескертейін деп отырғаны басқа бір жағдай:

 

Сөз айттым «әзірет Әлі, айдаһарсыз»,

Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз,

Түбі терең сез артық, бір байқарсыз…

 

Осы бір шумақ өлеңнің ішіне көп мағына сыйып тұр.

Абай «Мен жазбаймында» шығыстың керенау күшіне, діншіл кертартпа үлгісіне жасанды, жалған әлеміш дүниесінің бәр-бәріне қарсы шығады, поэзияның шын мақсаты неде екенін өзі баяндайды:

 

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге,

Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез

Қанша қызық болады өзіңізге?..

 

Әрине, бұл жерде Абай өз қарабасының нені қалап, неден безетінін тәптештеп отырған жоқ. Мәселенің төркіні тереңіректе, сол кездегі заман тілегінен туған игі міндеттер бойынша ендігі әдебиет басқа жолмен дамуы  керек, ескіден  бас тартып, жаңа жол іздегенде, сол бағыт халық мүддесінен туатын, халық тілегіне қабысатын ең құнарлы, ең ізгі жол болуы шарт деген өнімді қорытындыға келеді Абай.

Осы 1889 жылдың, ішінде улы ақын махаббат лирикасының да небір тамаша үлгілерін ұсынады: «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі», «Білектей арқасында өрген бұрым», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» т. б. Бұлардын, ішінен біз бірнешеуіне ғана тоқтап өтелік. Осы өлеңдерде ақын адам сезімінің ең нәзік тебіреністерін ете әсерлі, терең сырлы етіп те беру үшін жаңадан түр іздегені көрініп тұр. Рас, кей сәтте дағдылы ескі дәстүрді пайдаланса, мысалы «Қор болды жанымда», өзі бір кезде қатты еліктеген шығыс лирикасының өрнегін қуса, басқа өлеңдерінде жаңа нақыш, тың бояу тапқанын да анық танимыз.

«Сен мені не етесің?» деген өлеңнің өзгешелігі тек түрінде ғана емес, оның мазмұны да қызық, өзіндік ерекшелігі бар. Сүйген жарынан түңілген жігіт, оған өкпесін айтып, көрген жәбір-жапасын қанша тізгенімен, сол ғашығын опасыздығына қарамастан әлі де сүйетіні, тек оның аузынан бір ауыз жылы сөз естісе, ұшып жеткелі, бәрін де ұмытқалы әзір-ақ тұр, бірақ, амал қанша, қатігез сұлу сыр бермейді, көңілі басқада болу керек:

Ойыңды сен маған

Бір бөлмедің,

Тез келмедің

Мені іздеп.

Ішінде ыстық

Қан жоқ,

Тас бауыр жар, бол қош аман!

 

Налып жалбарынып ешнәрсе шығара алмайтынын білген соң, ақырғы сөздерін тіпті басқаша аяқтайды:

Сен аттың жөнсіз оқ,

Тәңір — қазы

Тас — таразы,

Тентекті

Сұрамас деп

Қалма,

Серт бұзғанның, біл, орны — шоқ.

 

Біздің байқауымызша, ақын бұл орайда әншейін түр қууды машық етпей, жапа шеккен кейіпкерінің ішкі сезімін, өкінішін, нала-зарын бұлжытпай беру үшін сөз интонациясын айнытпай әдейі сақтап отыр. Сондықтан бір жолы кейде бірнеше сөзден құралса, кейде бірер ғана сөзден тұрады, біз күйзелген, қиналған шерлі адамның үзіп-үзіп айтқан мұң-зарын естігендей боламыз. Мұнда орыс поэзиясының, дәлірек топшылағанда Лермонтов лирикасының күшті әсері бар екендігінде ешбір күмән жоқ.

Осы топқа жататын басқа бір шығармалардың («Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі») түрі де, мазмұны да жоғарыда келтірілген екі өлеңнен басқарақ, оқшауырақ. Ең алдымен, қазақтың ауылындағы бір-біріне ынтық болған екі жас өздерінің ғашықтық сүйіспеншілік сезімдерін хат арқылы білдіреді. Мүмкін, сезім билеген жастар нәзік сыр шертудің орнына кей шақта белгілі шектен аттап өтіп тұрпайылау да сөйлеп қалар, сыпайы, ізетті сөздерді қолданбай тура тартып та отырар. Бірақ соның бәрі албырт жастың ынтық сезімнен туған ақ сөздері, махаббатының шын айғағы.

Қайталап айтсақ, бір тақырыпқа үш алуан өлеңнің жазылуы Абайдың тынбай ізденуінің, көркемдік шеберлігін жетілдірудегі жемісті еңбегінің куәсі демекпіз.

Махаббат тақырыбына жазылған Абай шығармаларын сөз еткенде, ақынның не бары сегіз жолдан тұратын ғажап бір өлеңіне айрықша тоқталмасқа болмайды. Ол — «Жарқ етпес кара көңілім не қылса да» деп басталатын шын сүйе білген жанның жарына қалтқысыз бас июінің куәлігі: жүрегін жарып шыққан серт-сенімі, шын ашықтықтың жыр-гимні. Бұл ыстық, керемет әсем жолдарды тағы бір рет оқып көрелік:

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табылса да…

 

Ия, бұл жолдарды түсіндіруден гөрі ішіңнен күбірлеп өзіңе-өзің оқи бергің келеді. Әйелге деген шексіз махаббатты бұдан асыра жырлау қиын-ақ шығар. Ақынның бар сиқыры: сезім тазалығының, оның сарқылмас байлығы мен мызғымас тұрақтылығын терең тебіреңіп жырлай білуінде.

1889 жылы дүниеге келген сан-салалы өлеңдерінің ішінен, Абайдың атақты «Сегіз аяғын» әдейі бөліп алып, жеке талдауымыздың өзіндік себебі, мәні бар. Өйткені ақылгөй ұстаздығы және кемелденген ақындық өнерімен бүкіл қазақ даласына даңқы жайылған Абай, осынау бір ұзақ толғауында заманасына, өзін қоршаған ортаға, қоғам өміріндегі қайшылықтарға, өз басының мұң-шеріне тоқталып, баршасына қорытынды жасайды. Ұзақ толғаудың өн бойында өмірде ұшырасатын сан түрлі құбылыстар мен көріністерді сөз еткенде, ақын оларға әрдайым өз қатынасын, өз көзқарасын білдіріп отырады. Әуелі ақын өз замандастарынын, оғаш мінездерін көргенде «Қаны қайнап, жаны ашыса» тағы бірде «тәні ауырмай, жаны ауырып», не істерін біле алмай дал болады. Бұл айтып отырғаны өзінің ескі таныстары: «Күлкішіл кердең надан, күпілдек мақтаншақ, сөзуар білгіш, законшік көргіш, еңбектен безген тоғышар, ұрлық пен өсекті кәсіп еткен сұмырайлар». Осыларға қарсы күресіп ақын біраз торыққан тәрізді, ол «Мақсұты — алыс, өмірі — шақ», немесе «Кеш деп қайтар жол емес, жол азығы мол емес» екенін мойындап, ақыр аяғында:

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым — тап шыным!..

 

деген ащы қорытындыға да келеді.

Бірақ, Абайдың бұл жолдарында өмірден мүлде түңілу, безу жоқ, айнала қоршаған ұсқынсыз болмысқа ызалы жүректің жасаған қарсылығы, халқына жаны ашып шерткен мұңы, жарқын болашақты аңсаған ұлы арманы. Сонымен бірге ақынның озғын ойы мен өзі өмір сүрген заманы арасындағы алшақтықты тағы да ескеруіміз керек, өйткені Абай қанша алға ұмтылып, бақытты ертеңге асыққанмен күнделік мешеу тіршілік, ескінің шырмаулары аяққа оралып жібермейтін-ді.

1889 жылғы сәтті кезеңнен кейін Абайдың творчестволық қарқыны сырттай қарағанда біраз бәсеңдегендей көрінеді, 1890, 1891, 1892 жылдардың ішінде ол өлеңді көп жазбайды, бірақ осы кезде аудармаға молырақ көңіл бөледі, оның үстіне (1890 жылдан бастап) қарасөзбен де шұғылданатын болады. Осы жазылған өлеңдерінің ішінен бірнешеулерін атап көрсетіп, оларға айрықша тоқтап өтсек дейміз («Бай сейілді», «Келдік талай жерге енді», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Жазғытұры», «Көзімнің қарасы», «Менсінбеуші едім наданды», «Қайғы шығар ілімнен» т.б.).

Қандай үлкен ақын болсын әрбір келесі шығармасымен үнемі тың дүние туғыза беруі бұлжымас шарт емес қой. Кейде ол өткендегі тақырыпқа қайғы оралып, соны екінші бір қырынан танып, жаңа леппен, өрнекпен жырлауы да мүмкін емес пе? Абайдың да тың формалар, тосын теңеулер, үйлесімді ұйқастар іздегені бірден-ақ көрініп тұр. Оған мынадай дәлел бар: ақын тек бір ғана өлеңін ескі дәстүр бойынша (он бір буынды қара өлеңмен — Ы. Д.) жазған, ал қалғандарының бәрі жаңа ырғақтар және жаңа өлшемдермен орындалған. Сол секілді бұрынғы шығармаларының мазмұнында қаз қалпында қайталамаған, оған да тиісті өзгерістер, тосын байламдар, штрихтар кіргізіп отырған.

Ақынның ілікте айтқанымыздай «момын байлар» жөніндегі ұғымның, салқыны аздап болса да «Бай сейілді де» кездеседі. Ел ішіндегі бұзықтардың кесірлі іс-әрекеттерін, жүріс-тұрыптарын сипаттағанда, ақын бір бейілді момын байлардың сиреп бара жатқанына езінің өкінііиін білдіреді, налығандай болады,

Абайдың осы жылдардағы шығармаларын да бірнеше топқа бөліп тексерген дұрыс. Өйткені кейбір өлеңдерінің өзара азды-көпті айырмашылықтары бола тұрса да, тақырып бірлігі яки іштей үндестігі олар жөнінде айтылатын ойларды еріксіз қайталатып отырады. Ал шығармаларды жіктеп және әр саладағы өлеңдерді салыстыра зерттегенде жоғарыда көрсетілген келіссіз жағдайдан, демек орынсыз қайталаудан біраз арылатын боламыз.

Жылдар озған сайын ұлы ақын өмірдегі тоғышарлықты, надандықты, әділетсіздікті қатты сезінеді де, оларды улы тілімен шенейді, кейде солардың өзін, яғни надандықты, әділетсіздікті, жалғыз-жарым адам төтеп бере алмайтын дүлей күштей көріп, торығады, оларға қарсы күресу үшін бойынан енді күш-жігер таба алмайтындай ыңғай білдіреді. Абайдың осындай кезеңдегі көңіл күйін сипаттайтын өлеңдерінің ішінен айрықша ескеретініміз «Келдік талай жерге енді» деген өлеңі. Себебі ақын мұнда мазмұн-тақырып жағынан бұрынғы шығармаларын қайталағанмен жаңа түр, тың теңеулер іздегені көрініп тұр. Шумақтардың іштей ұйқастары өзгеріп отырса да, бүкіл өлең бойында сол шумақтың, соңындағы бір жолы сол қалпын бұзбайды. Мәселен, «жерге енді», «көрге енді», «сөзге енді», «белге енді», «өрбі енді» т. б. Өлең өнерінің күшіне сенген ақын бұл шығармасында өзінің жабырқаған көңіліне дем беріп, көтермелеп отырады. Абайдың нақыл сөзге айналып кеткен: «адам деген даңқым бар, адам қылмас халқым бар» деген жолдарынан ақынның торығып түңілгенін де абайлауға болады.

Азамат ақын қазақ арасында ежелден келе жатқан өзінің ескі жаулары надандықты, тоғышарлықты үнемі шенеп-мінеп, жер-жебіріне жетеді. «Көзінен басқа ойы жоқ» деп басталатын өлеңінде молданы өлтіре сынап, ол халыққа жарық әкелу былай тұрсын, өзі уағыздап отырған діннен де хабары жоқ, бар көксейтіні қараңғы елді алдап мал табу:

Мал құмар көңілі — бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?..

деп қорытады. Демек, бұқара көпшілікті езіп отырған басқа арам тамақ жауыздардан молдалардың да ешбір айырмасы жоқ, солардың тағы бір түрі деген ой түйеді.

«Менсінбеуші ем наданды» деген өлеңінде Абай надан көпшілікке жалғыз адамның қарсы тұра алмаитынын мойындап мұңаяды, торығады:

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып…-

 

дейді де, ақырында мынадай тоқтамға келеді:

Мұндай елден бойың, тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не лажы?..

 

Демек, ақын меңіреу күні надандық осал жау емес, оны жеңу, үшін тек ізгі тілек пен жалаң өсиеттің аз екенін ескертеді, оған қарсы күресте басқа бір жол, жаңа әдісті айтып сілтемесе де, жақсылықты аңсаған жалғыздың қолынан ештеме келмейтінін еріксіз мойындайды.

Кемеңгер ақын жастарға тәрбие беруді, олардың ішінен халқына адал қызмет ететін азамат ұлдарды дайындауды әрдайым арман етті, оларға үнемі назарын аударумен болып келді. Сондықтан біз сөз етіп отырған жылдарда да ақынның жастарға жекелей арнаған бірнеше өлеңдері бар («Жастықтың оты жалындап», «Ата-анаға көз қуаныш», «Тайға міндік», «Заман ақыр жастары»).

Бірақ, бұл өлеңдердің тақырыбы бір болғанмен олардын, өзара айырмасы бар, мән-мазмұны басқаша. Мысалы, «Жастықтың оты жалындап» деген шығармасында, Абай, бір жағы жастық шақтың еркіндігін, қайғы-қасіретті білмей бар үміті алдында екенін санап өтіп, сол бір мезгілді сағынғандай болса, сонымен қатар тәжірибесі жоқ, сенгіш, адал жастың тез алданып, «аһ» ұратынын да ұмытпайды, оған араша түсіп:

Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда, сөкпейін,

Балы тамған жас қамыс

Ормасаңшы көктейін!..-

 

деп өзін құрбандыққа беріп, жауыз алдында жалынғандай болады. Біз бұдан өсиетші, ақылгөй Абайдың қамқорлығын, жас буын ұрпақтың ішіндегі «балы тамған» нұрлылары мен ақ жүрек тазаларына жаны ашып, әр кез аяушылықпен, аталық мейірбандықпен қарайтынын анық ацғарамыз. Солай бола тұрса да, реалист ойшыл өз заманындағы жастардыц, ішіндегі бұзылған, тоғышар топты да тани білген. «Заман ақыр жастары», «Жас өспірім замандас қапа қылды» деген шағын өлеңдерінде ондайлардыи, жексұрын бейнелерін бүлжытпай суреттеген.

«Ата-анаға көз қуаныш», «Тайға міндік» деп басталатын өлеңдерде ақын адам баласының өмірдегі ең зор қуанышының бірі бала екенін атап өтеді де, оның әр кезеңдеп роліне тоқталады. Әуел баста бала деген ата-ананың көзі қуанышы, көңіл жұбанышы ғана, келешекте сүйіндіре ме, күйіндіре ме оған есеп беріп отырған ешкім жоқ. Кейінірек жас нәресте өседі, шәкірт ретінде молда алдына барады, ата-ана тыным таппай балаларын тәрбиелеп, өзіне сүйеніш, әрі кетсе еліне тірек болар деп те үміттенеді, Соьгдьтқтан да ақын бір сәтте былай дейді:

Сүйер ұлың болса, сен, сүй,

Сүйенерге жарар ол.

Сүйкімі жоқ құр масыл би

Сүйретіліп өтер сол…

 

Сүйтсе де ата-ананың күткен үміті орындала бермеуі де мүмкін ғой. «Тайға міндікте» осы тақырып қайталанады.

Осы жырлардың бойында (1890, 1891, 1892, 1893) Абай жазған махаббат лирикасы сан алуан, Мәселен, «Қызарып, сұрланып та» жат көздерден ұрланып, аулақта кездескен екі жастың ыстық сезімдерін табиғаттың әсем құшағына бөлеп өте әсерлі етіп бейнелесе, сондай-ақ ғашықтың жолығысу сәтін үнсіз-тілсіз берсе де, ақын осы кезеңді асқан шеберлікпен, жеріне жеткізе сипаттаған. Бұл кездесуде қорқу мен қуану, ынталану мен қымсыну, күйіп-жану мен тітіркеніп-шіміркену, жүректің елжіреуі мен дамылсыз лүпілі, екі жастың өзге дүниені түгелдей ұмытып, тек өзді-өзімен болуы—осылардың бәр-бәрі аралас жүр. Алайда, осы алабұртқан әсем көріністе шындықтан тыс, әсірелеу немесе тұрпайылықтың бірде-бір ізі болсашы, екі ғашықты билеген сезімді бір тыныстың үстінде зор шабытпен бере білген, өлеңнің ритмикасы да соны айқын дәлелдеп тұрғандай.

Ал екі ғана шумақ «Ғашықтың тілі — тілсіз тілде» ақын нені айтады? Сол жастардай кездесу шағының өтіп кеткенін өкініп отырған жоқ па? Ақынға сөз берелік:

Ол тілге едік оңдайлы,

Қарыпсыз біліп сондайды,

Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,

Енді ішіме қонбайды…

Бұл екі өлеңді өзара қосып тұрған Абайдың реалистік әдісі, өмір шындығын терең және көркем суреттей білуі.

Осы кезде жазылса да, «Көзімнің қарасы» стиль жағынан алғанда жоғарыда аталған өлеңдерге мүлдем ұқсамайды. Мұнда ғашықтық билеген жастардың ішкі сезімін ашып, ыспаттаудан гөрі сұлу; әйелдің көркін мадақтау жағы басымырақ жатыр. Сонымен бірге Абай «Көзімнің қарасын» шығыс классиктерінің әсері бойынша жазғандығын да аңғару онша қиын емес. Бұл ретте ақынның көркем әйел сипатын беруде алла мен пайғамбардың сөзіне жүгінуін келтірсек те жеткілікті ғой демекпіз. Біз тоқталған өлеңдер тобынын, біріне де қосылмай оқшауырақ тұрған шығарма Абайдың жыл мезгілдеріне жататын «Жазғытұрысы». Бұл өлеңінде де ақын ұзақ қыстан мезі болған елге жарқыраған жэздың келуі үлкен мереке, зор қуаныш екенін айтумен бірге, сол жазды бала-шаға, жасжелең, кәрі-құртаң адамдармен барабар мейірімді ана-жердің де сағына күткенін баяндайды.

«Жазғытұрыда» Абай әлеуметтік мәселелерді қозғамағанымен көшпелі ауылдың тіршілігін, кәсібін, ондағы табиғат суретін, жаз мезгілінің мал баққан шаруаға әкелетін шарапаттарын түгел тізіп, шебер бейнелеген. Рас, осы қуаныш ізгі нышандардың бәрі бір алланың рахметінен деп қорытады ақын, сол ұлы тәңірінің құдіретіне таңырқап:

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге,

Рахметіне алланың көңіл сенер.

Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,

Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қара тастан басқаның бэрі жадырап,

Бір сараңнан басқаның бейлі енер.

Тамашалап қарасаң тәңрі ісіне,

Бойың балқып, ериді іште жігер…

 

Бұл жерде мәселе Абайдың қайта-қайта алла, тәңіріні атай беруіне, яки оның (яғки алланың) кереметіне бас иіп, таңдануына ғана барып тірелмеу керек. Өйткені діни көзқарастан арылмаған ақынның солайша топшылауы да мүмкін я болмаса сол құдайдың құдіреті, мейірбандылығы арқылы жаратылыс құбылыстарын түсіндірсем сөзім бұқара көпшілікке ұғымдырақ, өтімдірек болар деп шамалаған шығар. Қалайда, бұл шығармасында Абай сырт көріністерді тізбектеп, табиғаттың өзгерістерін көбірек сөз етеді де, адам арасындағы қарым-қатынасқа көп көңіл бөле бермейді. Бұл үшін ақынды кіналауымыз онша орынды бола қоймас.

Абайдың осы жылдарда жазылған Оспан өліміне арналған екі өлеңі бар («Жайнаған туың жығылмай», «Кешегі Оспан»).

Адамның жеке басында үнемі ұшырасып отыратын мұң-зарын, қайғы-қасіретін жырлау қай елдің болсын салтында бар ең көне көріністің бірі. Сырқат адамның көңілін сұрау, немесе өлген кісінің жақындарына көңіл айту, яки дүние салған жанды жоқтау ертеден келе жатқан игі дәстүр бола тұрса да, осы өлеңдердің түрі мен мазмұнында белгілі бір қалыптасқандықты, тұрақты канонды көреміз. Сондықтан да болу керек, сол жеке адамның қайғы-қапасы дараланбай, сезім күші терең сипатталмай, діни яки әдет-ғұрыптың ритуалын орындаған тәріздес болып қала береді. Оспанның өлімін жоқтағанда Абай ескі канонды сырттай сақтаған тәрізді көрінсе де, ішкі мазмұн жағынан зор жаңалық әкелгенін байқау қиын емес. Ең алдымен жоқтаушы адамның өз бейнесі анық көрініп, оның ішкі сезімі, қасірет-қайғысы ашылса, сондай-ақ, жоқталып отырған адамның кім екені, оның бойында қандай қасиеттері болғандығы, керек десеңіз, қаза тапқан сол жанның адамгершілігі, қоғамдағы орны, ағайын арасындағы қадіріне дейін саналып өтеді. Рас, Абай, аза үстінде туған інісі Оспанның бойындағы мін-кемшіліктерін көрмей бірыңғай әсірелеп жіберген жерлері де болар. Бұл арада біз жеке кісінің басындағы жақсы-жамандарын тізгеннен гөрі, ақынның бүл саладағы енгізген жаңалықтарын бөліп айтып отырмыз. Абай бұл тақырыпқа кейінірек сүйікті ұлы Әбдірахманның сырқаты мен өліміне байланысты молырақ оралып, тереңірек тебіренетін болады.

Жоғарыда айтқанымызға тікелей қатысы болмаса да, Абайдың көңіл күйін білдіретін тағы да бірнеше өлеңдерін атап өтсек дейміз: «Ем таба алмай», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай соқпа енді», «Қарашыда өмір тұр» т. б.

Ілікте жасаған қысқаша шолудың өзінен де ақынның осы жылдар ішінде көп ізденгенін, поэзияның әр саласынан тартқан желісін, енді жетілдіре, құлпырта түскені айқын сезілгендей. Абай әсіресе өзінің ақындық шеберлігін кемеліне келтіріп, жаңа түр, тың өрнек іздеп қана қоймай, осы майданда зор табысқа, мол жеңіске жеткенін айқын танимыз. Мысалы, осы мерзімнің ішінде жазған отызға тарта төл шығармаларының біреуі ғана («Жазғытұры») ескіше түрмен, қара өлеңмен орындалған.

Абайдың 1894-1895 жылдардағы творчествосының қандай ерекшелігі бар деген сұраққа жауап іздегендей болсақ, ең алдымен, ақынның өз басындағы қайғылы шақты, көп үміт артқан, сүйікті перзенті Әбдірахманның ұзақ аурудан кейін сыртта жүріп қайтыс болғанын ескермеске болмайды. Себебі Абайдың басқа тақырыпқа жазған шығармаларында да сол ауыр қасіреттің әсері, салқыны білінеді.

Абай осы екі жылдың (1894, 1895) ішінде Әбдірахманға арнап оннан астам өлең жазған. Қаншама әсерлі және күшті шықса да бұл өлеңдер тек бір ғана адамның жеке басындағы қайғы-шерін білдіретін болса, біз оларға арнайы тоқталмай-ақ ат үсті атап өткен болар едік. Ақиқатта олай емес: Әбдірахманды жоқтағанда Абай өзінің өзегін жарған ащы қасіретін ақтарып қана қоймай, бір жағынан өзі секілді халық атасының жапа шеккен қаралы бейнесін берсе, екіншіден, Әбдірахмандай оқыған жастың тек әке перзенті ғана емес, еліне тірек, сүйеніш боларлық шын азамат екенін ескертеді. Демек, кемеңгер ақын жеке басының мұң зары арқылы көпшілікке ортақ ауыр қазаны тебірене жырлап, іштегі қапа-зарын шығарады.

Әбдірахманның сырқаттанып жатқан кезінде ақынның өзі жолдаған сәлем хат өлеңдері («Я, құдай, бере көр», «Алланың рахматын»), Абай көңіліңдегі қауып-қорқынышын білдіріп ауру баласын көруге асықса, оның басына сәлеметтік тілеп, аллаға жалбарына зар шексе, сол Әбдірахманға Кәкітай атынан жазған екі хатында («Тілім, саған айтайын», «Көзімнің нұрысыз») әзіл де, наз да, сағыныш та, арман да бар. Ал, Әбіш қайтыс болғаннан кейін туған бір топ өлең-толғаулары мен жоқтауларында, Абай бірде «Талаптың тұлпарына мініп» өнер жолын қуған жігерлі, дарынды жастың жарқын бейнесін көз алдына келтіріп, сүйсіне суреттесе, тағы бір шақта Әбдірахманнан өзінің не күткенін «Аһ ұрып», егіле паш етеді:

 

Жаңа жылдың басшысы — ол,

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

Сүйекке тиді, қарт едім…

 

Абайдың өзіне-өзі және келіні Мағрипаға (Мағышқа) айтқан жұбату өлеңдерінен немесе сол Мағышқа ақынның шығарып берген жоқтаудан қайғы-шерге толы мұңды жүректердің көңіл күйі мен зар-наласы білінеді. Тағы бір ескеретін жәйт: осы толғаулар мен жоқтаулардың көпшілігі ескі дәстүрді бұзып, жаңа өрнекте, жазба әдебиетінің үлгісінде жазылған. Демек, Абай бұл арада өлімге байланысты ескі әдет-дәстүрді сақтаудан гөрі бұл шығармаларында жан күйер адамдардың жақынынан айырылғандағы көңіл күйін шерткенін береді.

Ал енді ссы жылдардағы ұлы ақынның басқа шығармаларына келсек, олар сан жағынан тіпті аз, не бары сегіз ғана өлең: «Әсемпаз болма әрнеге», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Аш қарын жұбанама майлы ас жемей» «Лай суғамай бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» т. б. Солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқтап өтелік.

Абай өз заманындағы ұсқынсыз көріністерден безіп, түңілгенде мұнысы өмірден үміті кесіліп, бірыңғай торығуға салынғандық емес еді. Ол қашандй жарқын болашаққа сенді, сол ертеңгі өмірдің иелері жастардың тәрбиесіне, моральдық тұрпатына үнемі ерекше мән беріп отырды. «Әсемпаз болма әрнеге» деп басталатын тамаша өлеңінде де ақын жастарға өзінің ақыл-өсиетін айтып, өмірге келе қалған екенсің, ендеше «аха-ахалап» бос жүрмей халқыңның керегіне жара, оқу оқып білім ал да, сен де кетігін тауып, керек кірпіштің бірі боп қалана біл дей келіп, адамгершілік қасиеттер жөніндегі түсініктерін санап етеді:

 

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға…

 

дей келе мынадай қорытынды шығарды:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас

Үйретуден балаға.

 

Осы жылдар жазған шығармаларында Абай діни сөздерді жиірек қолданып, алланың атын аузынан тастамайды, тегі бұған, бір жағы, сүйікті перзенті Әбдірахманның өлімі себеп болса, сондай-ақ жасы ұлғая бастаған ақын өмір мен адам болмысының сырын ашуға ұмтылып, философиялық топшылаулар жасайды. Мұны «Лай суға май бітпес…» және «Өлсе өлер табиғат…» деген шығармаларынан анық аңғаруға болғандай.

Әрине, шағын ғана бір өлеңнін, көлемінде, бұл арада біз «Лай суға май бітпесті…» айтып отырмыз, Абайдың дін турасындағы түсініктерін түгел ашу мүмкін емес. Бірақ негізгі бір мәселені, яғни ақыннын, құдайға сенудегі арқа тұтатын тірегі не екенін айыруға әбден болады. Рас, Абай ешуақытта Да мұсылманшылықтың түп негізіне күдіктеніп көрмеген адам екенін жақсы білеміз. Алайда, сенудің де сенуі бар. Құрандағы аяттар мен пайғамбар аузымен айтылған хадистерде алланың бірлігі мен Мұхамедтің хақтығына илануды сарапқа салып, ой елегінен өткізудің қажеті жоқ, қайта керісінше, мұның өзін күпіршілік деп бағалайды. Шын мұсылман ойланып, толғанбай-ақ көзін жұма, мұнажатын айта қалтқысыз сенер болар. Діннің ежелден бері қойып келе жатқан бірден-бір талабы осы. Ендеше өзі мойындап:

 

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңрі,

Өзіне құмар қылған оның әмірі -

 

деумен қолын қусырып отырған Абай,  шынтуайтқа келгенде осы берілген қалпын бұзады да былайша түйеді:

Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын…

 

Сөз жоқ, Абай ислам діні туралы ойын өзгертіп, жаңа бір дүние тану; сатысына көтерілді, сол діннің қағидаларына, керек десеңіз, «Құдайдың барлығы мен бірлігіне» шүбалана бастады десек, мұнымыз тым үстірт байлам жасау, дәлелсіз қорытынды шығару болар еді. Бұл сәтте бізді елең еткізіп отырған басқа нәрсе, яғни ақынның неге де болса ақылдың күшінсіз, араласынсыз сенуге де, қабылдауға да болмайды деген құнарлы ойы және талғаусыз, толғанусыз иланудан бас тартуы демекпіз.

Адам болмысын терең, толғайтын екінші бір өлеңі «Өлсе өлер табиғатта» Абай өзінің ой дүниесін аша түсумен бірге философиялық топшылауыйың түп төркіні қайда жатқанын анық аңғартады. Мұндағы елеулі жаңалық, ақын құр мүлгуді қанағаттанбаймын деген жай тұжырымнан енді ілгері аттағанын да, демек, ол жаратылыстын, жасырын сырын тануға ұмтылып, бұл жөніндегі өз ойларын ірікпей ортаға салады, ұғындырмақ болады. Мүмкін, ақынның бұл түсініктерінде шалағайлық болмағанмен шалғай кетушілік табылар, яки Европа елдерінде ертеден ірге тепкен кейбір көзқарасты қайталап, қостап отырған шығар. Шындап келгенде мәселе бұларда емес. Дін догмаларын үнсіз, ойсыз қабылдау керек деген кертартпа ұғымнан Абайдың қол үзіп, өмірдегі бар болмысқа ой жүгіртіп ізденгені сияқты алла мен жаратылыс сырын адам ақылына салып, сын көзімен қарау дәрежесіне көтерілгенінде болып отыр.

Бұлардан басқа Абай өзінің қамқорлық, ұстаздық міндетін де әсте ұмытпайды, қайткен күнде де «қалың елі қазағы» түбінде бір түсінер, сөзге құлақ асар деген үмітін үзбейді, сол туысқан халқына ақылын айтудан шаршамайды:

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,

Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.

Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,

Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай…

 

деп бір жаны ашыса, сол ел арасындағы орың тепкен кемшіліктерді, яғни өзінің ескі жаулары надандық пен тоғышарлықты тағы да сынап-шенеумен болады («Аш қарын жұбана ма майлы ас жсмей», «Қыздарға»).

Жеке басының қайғы қасіреті, немесе сөзін ұғарлык, адам таба алмай, қажығандық ұлы ақынды өмірден мүлдем түңілтпейді, бірыңғай торығуға салындырмайды. Сондықтан, сол кездегі елдің халінде тыңнан жол салып, қалың көпшілікті еңбек пен өнер-білімге баулу, үйрету өте қиын екенін жақсы түсіне түрса да, Абай өз борышын ұмытып, өз қызметін бір сәтке де бәсеңдетіп, саябырлатып көрген жоқ, ол болашақ үшін жан аямай еңбек етті, зор талантын осы жолға жұмсады.

1896-1897 жылдардың үлесінде жиырмаға тарта үлкенді-кішілі өлеңдер бар. Солардың кейбіреулеріне, атап айтсақ: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Адамның кейбір кездері», «Көк тұман — алдындағы келер заман», «Құлақтан кіріп, бойды алар» тәріздес шығармаларына ерекше көңіл бөлуді лазым көрдік.

Қазақ даласындағы тойымсыз обырлар мен арамтамақ тоғышарларды өлтіре шенегенде, ақынның өзі ел ұйтқысы деп танитын еңбекші топқа, кейде момын шаруалармен қатар қайсы бір байларды қосып жіберетіндігін біз Абай қайшылықтарының бірі санап келдік. Мүмкін, бұл көріністі «қайшылық» деуден гөрі сол дәуірдің өресінен туған кенже түсінік ретінде танысақ қайтер еді? Сонымен, біздің қазіргі айтқалы отырғанымыз мынау: Абай өз заманының бел баласы болғаны себепті сол өзі шыққан ортадағы таптық қарым-қатынасты ашып, оны өзара жіктеуге бармай, әлеуметтік мәселелерге көбінесе жалпы адамгершілік тұрғысынан қарады. Бірақ, солай бола тұрса да, біз әңгіме еткелі отырған шағын өлеңде, Абай қазақ байларының құнарсыз тіршілігі мен тоғышар болмысын қатты әшкерелегенін көреміз. Бұл неліктен? Әлде Абай қоғамдағы өзгерістің істің кілті неде екенін түсінетін болған ба? Біздіңше қазақ байларының бұқара көпшілікті шеңгелдеп езіп-қанап отырған қас жауы екенін реалист Абайдың түсінбеуіне, көрмеуіне жол жоқ еді, сол себепті кемеңгер ақын:

 

Мал жияды мақтанып білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар.

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.

Ақылды деп, арлы деп, ақбейіл деп

Мақтамайды ешкімді бұл күнде кеп…

 

дейді де, ақырында мынадай дұрыс қорытынды жасайды:

 

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

 

Адамның көркі нелер екенін ақын осылайша тізіп өткенде, әрине, жоғарыда ғана өлтіре соққы берілген «өзі шошқа бола тұра өзгені ит» санайтын қауымнан мұндай қасиеттерді күтпейді, күтуі мүмкін де емес. Сонда, Абайдың айналып келгенде үміт артатыны — талабы бар адал жастар мен еңбегімен бүкіл елді көгертіп отырған шаруа адамдары.

Гуманист ақынның әйел мәселесіне жаңаша қарап, бұл жөндегі феодалдық кертартпа санаға қарсы шығатынына ешкім шүбалана қоймаса керек. Дегенмен, Абай өзінің бұрынғы шығармаларында қазақ әйелінің правосы яки қоғамдағы орны жөнінде сөз қозғаған емес. Ақын бірде әсем әйелдің сырт мүсіні мен көркін сипаттап сұқтанғандай болса, тағы бір сәтте оны махаббат гүлі, аулақта кездесудің себепкері, объектісі ретінде бейнелейді. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» атты белгілі өлеңінде ақын әйел басына байлгнысты сан алуан мәселелердің бәрін қозғап, оларға жауап іздемесе де (өйткені ол мүмкін емес қой. — Ы. Д.), қазақ өміріндегі әйел теңсіздігінің бір қырын ғана сөз етеді. Соның өзінде де ел еркесі саналған сұлудың трагедиялы бір халін ғаңа алып, оны іштей ашпай, тәптештеп көрсетией-ақ, нәтижесінің өзінен тиісті қорытынды шығартады. Мұндағы басты конфликт жас сұлуды зорлап шалға қосуында болып отыр. Ал, «Әмеңгерлік, жастай құда болушылық, жалпы малға сатып алушылық, жастары тең болғанда да, сүймегенге берушілік, осы сияқты толып жатқан әділетсіздік, дерттері, сан сорақылықтары, Абайдың осы өлеңінде түгел айтылмайды. Көбінше, өлеңдегі ой, өзінің сыншылық зәрін, жас айырмасына ғана арнағандай болады. Әрине, Абайдың заманы үшін, оның осы өлеңінің өзі де, өзгеше тарихтық бағасы бар өлең екенін ұмытпау керек. Шеттеп тисе де, қазақ әйелінің ол замандағы мың батпан болған ауыртпалық халін гуманистік, сыншылдық тұрғыдан қарап, ең алғаш рет өз елінің әдебиетін де сөз қылушы Абай ғана»

[1]

/
.

Бұл өлеңнің алғашқы шумақтарын оқығанда, оны белгілі бір сюжетке құрылған хикая ма деп те қаласыз, бірақ кейін ақын өлен, композициясының тұтастығын сақтамай, өзінің өсиет-нақылдарына кешеді де, аяғын ақыл айтумен доғарады. Осыған қарағанда, «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолынданы» баллада немесе әңгіме-өлең деп қарауға келе бермейтін тәрізді.

Абай творчествосында музыканың ерекше орын алатыны жалпыға мәлім. Ақын кейде орыс классиктерінен аударған шығармаларына, я болмаса өзінің төл туындыларының кейбіреулеріне сәйкес ән, әуен іздесе, сонымен қатар сол ән-күйдің өзіндік ерекшелігін, эстетикалық әсерін сөз ететін бірнеше арнаулы өлеңдер де жазады. Халық музыкасын өте жоғары бағалай отырып, Абай өз тарапынан да тың талаптар қояды, жаңа нақыштар іздейді. Мысалы, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Құлақтан кіріп, бойды алар» деген өлеңдерінде ақын музыка жөніндегі ойлары мен талаптарын толығырақ етіп айтқаны көрініп тұр.

«Көңіл құсы құйқылжырда» Абай әуелі қазақ әнінің қасиеттері мен ерекшеліктеріне тоқтағанда, сол әннің ұйықтап жатқан жүректі оятып, уатып қана қоймай, тебіренте қозғайтынын, айнала қоршаған өмірге көрік енгізіп гүлдендіре түсетінін, жанды ерітіп, жабырқаған мұңды көңілді көтеретінін айтады. Және сол әнді Абайдың өзі жақсы көретінін, ақын шабытына оның қанат бітіретін құдіретті күш екенін де жасырмайды. Бірақ әннің бәрі бірдей емес, өйткені:

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің есері бар… -

 

екенін ақын жақсы біледі. Әрине, ән мен күйді соншама сүйіп терең түсіне білуіне Абайдың музыканттық қабілеті де өз көмегін тигізуінде сөз жоқ, біз бұл арада ақынның жаңа бір қырын танумен қатар, оның диапазоны кең, халқының рухани тіршілігінде алатын орны зор, үздік қайраткер екенін айрықша ескертіп өтсек дейміз.

Сол әсем ән-күйге арналған екінші бір өлеңі «Құлақтан кіріп, бойды аларда» Абай өзінің музыка жөніндегі түсініктерін тереңдете түсіп, оның өмірден алатын орны мен мәніне ерекше тоқтайды, өзінің асқан сүйіспеншілігін білдіреді. Демек, «Жақсы ән мен тәтті күй» еріккеннің ермегі емес, жан азығы, шабытты еңбектің гүлі, жабырқаған көңілдің емі дейді ақын. Ән жөніндегі Абай ойлары осындай болып келсе, қазақ мәдениетінін, тарихында мұндай сөздерді ешкім бұрын айтып көрген жоқ-ты.

Айырықша тоқтауды талап ететін Абайдың тағы бір ғажап өлеңі «Адамның кейбір кездері» деп басталады. Егер ол өзінің іліктегі шығармаларында өлеңнің мән-мазмұнына, қоғам өміріндегі, яғни бұқара көпшілікті тәрбиелеудегі роліне тоқтап, зор бағасын бергенмен, сол өлеңді шығаратын ақынның өз басы мен шабыты туралы ештеңе айтпаған болатын-ды. Сондай-ақ өткендегі ескі ақын-жыраулардың көпшілігі де ақындық өнерді өздерінше толғап, бағалап келген еді. Бірақ, Абай ескі үлгіге еліктемей, тың жол, жаңа теңеулер табады, екінші сөзбен айтқанда, ол орыстың данышпан ақыны А.С. Пушкиннің дәстүрін қабылдап, соны мол меңгеріп, өзінше қайталағанын айқын көреміз. Қайсыбір зерттеушілер кейде А.С. Пушкиннен аударма деп жаңылулары да содан болса керек. Дегенмен, ақындық шабытты Абай қалайша түсінеді және ақынның өз басына қандай баға береді? Абайдың топшылауынша: күнделік өмірде ақын көпшіліктен бөлініп, көзге түсе қоймаса да, шабыт үстінде ол мүлде өзгеріп кетеді:

Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса,

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлттан ашылса,

Сылдырлап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өз ішін

Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңрінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз…

…Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін,

Білдірер алыс, жақынға

Солардың сөйле дегенін… -

деп толғайды Абай. Ең алдымен, ақындық шабыт күнде бола бермейтін ерекше бір шақ, алаңсыз мезет болып, өлең ұйқастары «тас бұлақтың суындай» сылдырлап өзінен-өзі келіп жатса, екінші шарт, іш тазалығы болумен бірге қуатты ойдың да қатынасы бар, міне, сол кезде ақын әділет пен ақылға бағынып шындықты төккенде, біреулерге қаттырақ тиіп кетуі мүмкін, өйткені:

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл… -

 

деп қорытады Абай. Ақындық шабыт пен ақын өнеріне мұндай көзқарас қазақ әдебиетінің бұрынғы тарихында болып көрген жоқ еді.

Абайдың осы жылдарда шығарған өлеңдерінің ішінде оқшау тұрған тағы біреуі: «Көк түман — алдыңдағы келер заман» деп басталатын философиялық толғауы. Осы шығармасында ақын өзінің өмірдегі болмысқа деген философиялық топшылауларын діни ұғымдарға, тәңірінің құдіретіне апарып тірейді, соларды арқа тұтып, тірек-сүйеніш еткендей болады. Тегі Абай түсініктерінің кейбіреулері материализмге соқпай алшақтап кетіп отыратынын аңғару қиын емес, бірақ сол үшін ағартушы-ойшылды неге сүйтесіз деп кіналаудың да қисыны бола қоймас. Демек, ақын өмір сүрген заман ерекшеліктерін де ұмытпаған абзал.

Осы жылдар ұлы ақын жеке кісілерге арнап шағын келемді сықақ-әжуа өлеңдер, экспромттар да жазған («Рахымшылға», «Күйіспайға», «Дүйсенқұлға», «Разаққа», «Ғабидоллаға»).

Келесі жылдарда (1898, 1899) Абай жемісті еңбек етеді, әсіресе, 1898 жылы ақын аудармамен көбірек шұғылданып, Крылов пен Лермонтовты қазақша сөйлететін болады. Осы екі жылдың ішінде Абай жиырмадан астам шығармаларды орыс тілінен қазақшаға аударған. Бұлар жөнінде сөз ерекше болмақ, әзірге ақынның осы жылдар жазған тума өлеңдеріне тоқтап өтелік. Бұл екі жылда жазылған өлеңдер сан жағынан онша көп емес («Болды да партия», «Қуатты оттай бұрқырап», «Сұм дүние тонап жатыр…», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма», «Жүректе қайрат болмаса», «Есіңде бар ма жас күнің», «Жүрегім менің — қырық жамау», «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен», т. б.)

Ақын бұрынғы тақырыптарын қайталап тереңдете түссе, өз шеберлігін жетілдіріп еркін толғайтын болса, енді осы кездегі шығармаларының бірінде жастық шақтың өткендігін мойындап өкініш білдіреді («Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Есіңде бар ма жас күнің») немесе бас мұңын айтып тебіренеді («Жүрегім менің — қырық жамау», «Ауру жүрек ақырын соғады жай») я болмаса өмір мен өлімді сөз етіп көңіл күйін шертеді («Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма»), кейде сықақ-әжуа, әзіл-мысқыл өлеңдер жазатын болады. Осылардын, ішінен біз «Өлсем, орным қара жерге…» айрықша тоқтап өтсек дейміз.

Өткендегілердің арасынан өлімді сөз етіп, толғанған ақын-жыраулар аз емес. Олардың біреулері адам жасының әрбір кезеңіне сипаттама беріп, ақыры өліммен тынатынын мойындаса, тағы біреулері өлімге діни көзбен қарап, «жазмыштан озмыш жоқ» деп, бұл дүниенің фәни екендігін айтып тоқырағандай болады, немесе бұл өмірден пәлендей-түгендей «ұлы» адамдар да өтті, енді біз де сапар шегеміз, кезекті қазадан құтылған пенде жоқ дегендей өздерін-өздері жұбатады. Абай өлеңінде тіпті басқаша, өйткені, ұлы ақын өткендегі өз өміріне көз жіберіп, келелі қорытынды жасағанда, өлімнің есік қағып, кезек күтіп тұрған сәтін сөз етпейді, өз басының қай мезгілде тіршілік жасап, кімдермен істес болғанын, халқы алдындағы борышын қаншалық атқарғанын ескертіп өтеді. Абай өлімнің біреуге тез, біреуге кешірек келетінін айтқанда, оның көңіл аударып отырғаны қаза табудың өкініші емес, басқа нәрсе: сол дүние салған адам туралы кейінгі ұрпақ не ойламақ, қалайша бағаламақ? Өз заманының адамдарымен айтысты-тартысты, достасты-қастасты, заманына қарсы болды, жақсысын жақтады, демек, сол маңдайға жазылған өмірдің жуан ортасында өсті, мейлі замандастары теріс түсініп, әділ бағаламағанның өзінде оларға жауап беретін, ұғындыратын өзі бар ғой. Ал келесі буынның жолы басқаша, өйткені болашақтың адамдары өткен өмірдегі болмыстардың сыр-сипатын айыра, біле бермеуі ықтимал, ендеше оларға ескерту керек:

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ.

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!..

Ақын өз өміріндегі бар шындықты осы үш шумак, өлеңге сыйғыза білген, сырын жасырмай ақтарыла баян еткен. Сонда оның келесі ұрпақпен тілдесудегі мақсаты не? Әлде заманнан кешеулеп қалғанын айтып, өз басына жеңілдік сұрағалы отыр ма, немесе өзін ешкім түсіне алмай өткен жұмбақ жан ретінде көрсетіп кешірім өтінбек пе? Біздіңше, бұлардың бірі де емес, гуманист ақын өмірге келген адамның қызметі өлгеннен соң да бітпейтінін, одан қалған игі мұраға кейінгі буын ие болатынын, яғни алдыңғы жүріп өткен жолаушылардың артқыларға мирас есебінде ізгі істері мен ұмытылмас белгілерін қалдыруы қажет екенін терең түсінген. Адамшылық қасиеттің зор нышаны, міне, осындай болмақ, әйтпесе: «Өзім өлгеннен кейін маған десе топан қаптасын» деушілер де көне тарихта болған. Қысқасы, Абай болашақ өмірдің тіпті басқаша, яғни әделетті, пәк, мағыналы ететіндігіне, ондағы жасайтын адамдардың өресі биік, еңбегі жемісті, достығы таза, тіршілігі жарқын болатындығына кәміл сенгендіктен сол жас жеткіншектер алдында өзі туралы күдік қалдырмай, бар сырды ашуды өзіне міндет етіп жүктеп отыр. Сондықтан да біз «Өлсем, орным қара жерді» ақынның үлкен қорытынды шығарған ғажап шығармасы деп танимыз.

Өмірінің соңғы жылдарында Абай творчестволық қарқынын біраз бәсеңдеткендей болып, ақыры 1903 жылы (не бары бір ғана өлең жазған). Алайда, 1900-1903 жылдардың бойында бірнеше өлеңдері қағаз бетін көрген («Жүрегім, нені сезесің», «Көлеңке басын ұзартып», «Ұяламын дегені көңіл үшін», «Жапырағы қуарған ескі үмітпен», «Қуанбаңдар жастыққа», «Осы қымыз қазаққа» «Тоты құс түсті көбелек», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жалын мен оттан жаралып». т. б.) Осылардың бәрінде дерлік Абай өзінің дағдылы гуманистік жолынан таймай, бұрын сөз еткен тақырыптарын тереңдете, кеңейте берумен бірге ақындық шеберлігін де кемеліне келтіріп, жетілдіре, құлпырта түседі. Ойшыл ақынның әрбір сөзінде, сөйлемінде өмір шындығын бейнелейтін, қоғамдағы қайшылықтарды, кемістіктерді ашатын құдыретті күш пен озат сана бар. Сол шығармалардың ішінен біз тек екі өлеңіне ғана арнайы тоқтап өтсек дейміз. Оның біреуі — «Көлеңке басын ұзартып» деген тамаша лирика, екіншісі — «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын ұзақ толғау.

«Көлеңке басын ұзартып» секілді шағын өлеңге айрықша көңіл бөліп отырған себебіміз, тек оның өте көркем, асқан шеберлікпен жазылуынан болмаса керек. Онда ақын табиғаттың сырт көрінісін, сырт әсемдігін суреттеуді қанағат етпейді, сол жаратылыс арқылы философиялық ой түйеді, тереңге сермеп топшылау жасайды. «Сұрғылт тартқан бейуақпен сырласып отырған» күңгірт көңілді ақын нені көріп, не нәрсеге мегзейді? Мұндағы ерекшелік — табиғатты жырлаушы Абай сол жаратылыстың тілін ұғып, жете түсінбеген жерлерін шарықтаған шабытты қиялымен толықтырып, оның сырын ашпақ болады. М.О. Әуезов сөзімен айтқанда: «Көрініп тұрған болмыс қана емес, көмескі сезім мен ойларға да алабұртып, ауытқып отырады».

Әдетте біз орыс әдебиетінің немесе шығыс поэзиясының әсерін, көбінесе, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәрсе ретінде қарап, іздейтін боламыз, ал ақиқатта бұл құбылыс тіпті өзгеше жолмен сіңісіп отырады. Мысалы, сол орыс классиктері мен шығыстың ұлы ақындарын еркін меңгерген Абай Пушкин мен Лермонтов, яки Низами мен Науаидың дәстүрінде шығарма жаза қалған күнде сіз оның кімге бой ұрып отырғанын әсте айыра алмайсыз, өйткені зор талант иесі ешқашанда басқаға сырттай еліктемейді, өз бойына сіңіргенін тек өзіне ғана тән ерекшелігімен, өзіндік сипатымен мүлдем өзгертіп, екінші бір сапаға енгізіп қайырады. «Көлеңке басын ұзартыпта» Абай осылай етіп отыр, демек, мына бір екі жолдың тек қазақ ақынының қаламынан туатынына кім таласа алады:

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой…

 

Қазақ өмірінде жиі кездесетін болмашы көріністен ақын оралымды теңеу, мағыналы бейне жасап отырған жоқ па? Алысқа шарықтаттым деген қанатты ойы адасқан күшік тәрізді құлазып қалған ескі жұртқа қайта оралса, сонда не болмақ? Сана дағдарысын бұдан артық кестелеп айтуға бола қояр ма екен.

Абайдың діннен бас тартпағаны, әрдайым өзін шын мұсылман санап келгені, бірақ сол ислам дініне фанатизм тұрғысынан қарамай, адамгершілік мұнарасынан көз жіберіп, өзінше танығаны азды-көпті сөз болып жүр. Бұл турасындағы оқта-текте айтылған ақынның топшылауларын оның шығармалары беттерінен де анық аңғаруға болатындай. Мысалы, «Қара сөздерін» былай қойғанда, өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін белгілі толғауында осы мәселеге, яғни дін туралы түсініктеріне молырақ тоқтаған.

Рас, бұл өлеңді оқығанда, оны жазған ақынның діндар адам екендігіне ешбір күдік келтірмейсіз, «аузында алласы, қолында құраны бар», дін шарттарын қадағалап күтетін тақуа бір жанның бейнесі көз алдыңа келгендей болады. Әрине, бұл сырттай көрініс. Дегенмен, біз Абайдың ислам діні негізіне иланатындығына сенімсіздік жасағалы отырған жоқпыз. Мүмкін, бір есептен, ол шын сенетін де шығар, өйткені заманының, салт-санасын аттау қиын ғой. Алайда, орыс халқының озат мәдениеті арқылы талай-талай философ-ғалымдардың, данышпан-ойшылдардың, ұлы ақын-жазушылардың еңбектерімен танысып қана қоймай, олар жөнінде терең толғана ойланған Абайдың құрғақ мүлгуге салынып, дін шеңберінде қалып қоюы миға қонбайтын ерсі көрініс екенін ескермеске тағы да лаж жоқ. Өлеңді оқи бастағанда-ақ бұған көзіміз бірден жетеді. Сондағы біздің сүйенетініміз ақынның өз куәліктері, ол бір жерінде: «Адамзаттың бәрің сүй бауырым деп» тәрізді жалпы гуманистік түсінікті ту етіп көтерсе, яғни мұсылмандардың басқа діндегі адамдарды кәпір санап, бітіспес жау тұтатынын «ұмытса», екінші бір сәтте өзі бас иіп отырған шариғаттың қағидаларынан ауа жайылып кетеді, өз зердесіндегі адамшылық ұғымдарды ұсынып, әділетті хақ жолы деп таниды да, «Пайда, мақтан, әуесқой…» шайтан ісі тауып, олардан безуді үгіттейді. Бұл арада дінге соқыр сенуден гөрі ақыл-парасатқа тізгін беріп, сол адамгершілік жолын қууды қалап отырған Абайды көреміз. Айналып келгенде діншіл Абайдың құдай, пайғамбар сөздеріне үнсіз, тілсіз бағынбай, адам баласына хас ақыл-сананың соңына ергендігін оның зор қасиетінін, бірі санап отырмыз. Осы өлеңнің тағы бір жерінде:

 

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

Хуснизән мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған… -

 

Деп, мұсылман дінінің тірегі саналған имамдардың өздерін Абай қатты сынға алады, бірақ, ақын оларды шариғатты дұрыс ұғындырмадың, «Сыртыңды қанша жуғаныңмен ішің оңбаған» деп жазғырып отыр. Әрине, бұдан Абай бүкіл исламиятқа қарсы шықты, немесе сол имамдардың өздерін маңсұқ етті деген ұғым тумасқа керек. Біздің осылайша қорытынды жасауымызға мына бір жолдар да куәлік етіп тұр:

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ.

Құран рас, алланың сөзі дүр ол,

Тә’уиліне жетерлік ғылымың шақ…

 

Ақырында айтарымыз Абай батыс, орыс даналарын, әсіресе, орыстың революцияшыл-демократтарын қаншама үлгі тұтқанмен, өз басы материалистік көзқарастың шыңына жетіп, құдайдан, діннен безу, екінші сөзбен айтқанда, атеизм дәрежесіне көтеріле алмады, оған заманасы мен ақын өскен ортаның өрісі тұсау болып жібермеді.

Абайдың поэмалары. Абай әдебиет майданына шығып, оның атағы жер жара бастаған кезде әріден келе жатқан қазақ поэзиясында европа түсінігіндегі поэма жанры әлі туып үлгірген жоқ деуге боларлықтай еді. Өйткені, ел аузында сақталып жеткен батырлар жыры («Қобланды батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр», т. б.), яки лиро-эпосты («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз жібек», «Күлше қыз», т. б.), немесе түбі шығыстан ауысып қазақ сахарасына мол тараған халық дастандары («Мұңлық-Зарлық», «Боз Жігіт», «Шаһмаран», т. б.) мен діни қиссаларды («Салсал», «Зарқұм», «Пайғамбардың миғражға шыққаны», «Кербаланың шөлінде», т. б.) шын мәнісіндегі, яғни біз сөз етіп отырған поэмалар қатарында қарауға келмейтін-ді.

Тегі мұндай жағдайдың орын тебуіне, ең алдымен, қазақ қоғамында жазба әдебиетінің іргесі қалануы мен қалыптасу процесі тым кешеуілдеп барып басталып, оның үстіне ұзаққа созылуынан болса керек. Сондықтан да қазақ өлеңін мазмұн мен түр жағынан дамытуда орасан жаңалықтар енгізіп, тың жолдар ашқан Абайдың өзі поэма жанрына келгенде оншама белсене кіріспегенін байқаймыз. Рас, кейінірек Абай өз төңірегіне шоғырланған жас таланттарға түрліше тақырыптар бөліп беріп, олардың романтикалық рухта, я болмаса реалистік стильде поэмалар жазуын талап еткені жалпыға мәлім. Бұл ретте, ең алдымен, Шәкәрім. Ақылбай, Мағауия, тағы басқалардың жазған поэмаларын атауға болар еді.

Ал енді Абайдың өз басына оралатын болсақ, ұлы ақын шығарған үш поэма бар: «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі». Бұл шығармалардың, сюжет төркіні әуел бастан-ақ дұрыс көрсетілгенмен, қай поэманың шығыстың қандай аңыз-ертегісінен алынғаны соңғы жылдарға дейін белгісіз болып келді. Ал қазір бұлардың дәл источниктерін анық көрсете аламыз.

«Ескендір» поэмасы. Осы шағын поэманы оқығанда қандай қорытындыға келеміз? Ең алдымен, атағы бүкіл жер жүзіне жайылған Ескендірдің өміріндегі сан қилы оқиғалардың бірде-біреуіне тоқталмай, Абайдың тек өзіне қажетті осы бір шағын эпизодты таңдап алуында үлкен мән бар. Егер Абай ескі дәстүрді қуаттап, қайта жаңартқысы келсе, аңыздар мен тарихтағы Ескендір туралы мол деректерді пайдаланып, «Ескендір нама» болмағанмен соған ұқсас дастан жазған болар еді. Абай бұған әдейі барған жоқ, оған негізгі себеп: өз заманының мінін көріп, үстем тап өкілдерін улы тілімен аяусыз сынап келген реалист ақын сол ертедегі өткен хан-патшалардың өнегелісі саналған Ескендірдің жиынтық жағымды бейнесін әшкерелеуді өзіне міндет етіп қояды. Міне, осы арқылы өз тұсындағы ұсқынсыз, кертартпа, кесепатты көріністерді шенемек, даттамақ болады. Мұны поэманың аяғындағы қорытынды шумақтардан да айқын аңғарамыз:

 

…Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер.

Ұятың мен арыңды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер…

 

дейді де, поэманы былайша аяқтайды:

Ақылсыз өзін мақтап былжырайлды,

Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?

Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,

Өз бағыңды өзіңнен кім сұрайды?!

 

 

«Ескендірді» жазғанда Абай поэмамен шұғылданып, оның жаңа өрнегін туғызуды өзіне негізгі талап етіп қойған жоқ, ақын әдетінше өсиет сөздерін осы әңгіме-өлең арқылы өткізбек болды деушілердің пікірлері асылында шындықтан алшақ болмасқа керек.

Абайдың екінші поэмасы — «Масғұт». Бұрын бұл шығарманың тақырыбы Шығыстан деген жалпылама жорамал болғанмен, оның қайдан алынғаны дәл көрсетілмей келіп еді. Мүрсейіт Бікейұлының қағазға түсірген Абай қолжазбаларының бірінде (1907 жылғы, қазір ол М.О. Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінде сақтаулы. — Ы. Д.) «Масғұт» поэмасының тұсына «Тургеневтен» деп жазылған ескертпе сөз көзге түсті, іздестіре келгенде, бұл шығарманың тақырыбы И.С. Тургеневтің «Шығыс аңызы» деп аталатын шағын әңгімесінен алынғандығы анықталды.

И.С. Тургенев бұл шығармасын өлеңмен жазылған проза деп тегін атамаған. Сол себепті де оның стилінде көтеріңкілік, композициясында ерекшелік бар. Ал, Абай өзінің поэмасында «Шығыс аңызының» тек сюжетін ғана пайдаланған.

Шығарманң бас қаһарманы И.С. Тургеневтің аңызында Джиаффар атанса, Абай поэмасьшдағы есімі — Масғұт, сондай-ақ, оның, мекен еткен жері екеуінде де Бағдат шаһары, бірақ Тургеневтегідей емес, Абай өз геройы Масғұттың қай халифаның кезінде өмір сүргенін анықтап көрсетеді де, араб ертегілерінен, әсіресе, «Мың бір түннен» белгілі Арун-Рашидтің есімін келтіреді. Ал, аңыз бен поэмадағы екінші кейіпкерге келсек, И.С. Тургеневте ол — қайыршы шал кейпіндегі жұмбақ бір адам болса, Абай оны шығыс халықтарының түсінігіне жақындатып, Қыдыр деп атайды. Сол Қыдырдың, (кейде Хизр да дейді) Әбілхаят суын ішкендіктен мәңгі жасайтын және әрдайым кездескен адамына бақ-дәулет әкелетін киелі жан екені мұсылмандардың дін аңыздарында баяндалып келген болатын-ды.

Аңыздағы оқиғаға қарасақ, автордың мақсаты басқаша. Бағдат шаһарына даңқы тегіс жайылған, бүкіл әлемнің күні саналған Джиаффардың шалды тонап жатқан екі бірдей қарақшыға қарсы тұрып, ерлік көрсетуінің өзі — таңқаларлық, үлгі аларлық нәрсе, адамгершілік зор қасиет. Оның үстіне қария ұсынған жемістердің ішінен Джиаффардың таңдағаны сарғыш алма, оны жеген кісіні әйелдер ұнататын көрінеді. Ендеше бас қаһарманның осы көзге жұпыны жемісті таңдауында қандай астар бар екені ашылмайды, бірақ оның тағы да бір ізгі істің соңында жүргендігін  халифтің  сарайын  сұрағанынан  аңғарғандай  боламыз. Алайда, біз Джиаффардың келешекте де тек игі істер істейтініне кәміл сеніп қаламыз, демек аңыздың аяқталғаны осыдан-ақ айқын сезілгендей.

Ал енді Абай сол аңыздағы оқиғаны қалай пайдаланған? Ең алдымен ұлы ақын өзінің өсиет-нақылдарын бас қаһарман арқылы үгіттегісі келеді. Бұл жерде ескерте кететін бір жәйт: Бағдаттың тұрмысын, Масғұттың тіршілігін суреттейін деген ой Абайда жоқ. Екіншіден, ақын аңыздың тар көлемінен шығып, жалпының бәріне ортақ, бәріне қажет зор бір қасиетті, яғни адамгершілік ожданды жырламақ болады. Сол себепті поэмадағы Масғұт, аңыздағы Джиаффардай әйгілі адам емес, жай қарапайым кісі, күнде кездесетін көптің бірі. Ал, мұнда қандай мән бар? Егер ақын жақсылығы мәлім даңқты геройды алса, оның игі істері ешкімді де таңдандырмаған болар еді, оның бержағында мұндай некен-саяқ адамдардан гөрі халық ортасынан шыққан кейіпкерді көрсету анағұрлым қонымды, анағұрлым әсерлі екенінде күмән жоқ. Расында да, Абай бұл поэмасында «Ескендірдегідей» емес, адамның күнделік тіршілігінде кездесетін оқиғаны сөз етіп отырған жоқ па? Қасиетті жемістер мен Қыдыр шал жай ғана фон немесе аңыздан қалған сарқыншақ, бұлар Абайдың ойына, айтпағына негіз болып отырған жоқ. Сайып келгенде, кейінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық бейне ретінде Абай Масғұтты ұсынып отыр деп айта аламыз ба? Әдебиетте кездесетін жағымды геройдың қайсысы болса да оқушы көпшілікке әрдайым әсерін тигізетіні және оның тәрбиелік мәні зор екендігі рас. Алайда, Масғұтты идеал боларлық үлкен дәрежеге көтерілді деу қиын. Өйткені, Абай мұндай міндетті өз алдына қоймағанын сол поэманың екінші бөлімінен айқын аңғарамыз. Бір ғана мысал келтірелік. Ақын «Масғұттың» бірінші бөлімінде бас қаһарманының аузына мынадай сөз салады:

Қызылды жесем, мені әйел сүйер,

Арамдыққа жүрмесем.. не жан күйер?

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едім бір пайдасы маған тиер.

Еркектің еркек адам болса қасы,

Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы?

Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма арашашы!

Тегінде адам басы сау бола ма?

Бойыңда тексерілмес дау бола ма?

Ері ашу айтса, әйелі басу айтып

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?..

 

Әйелдер жынысының қоғамдағы роліне, еркектердің өз ара татулығына, олардың тигізетін әсеріне, ақынның қалайша қарап, қаншама терең бағалайтынын осы жолдардан анық көргендейміз. Демек, Масғұттың қызыл жемісті жеудегі көздегені әйелдің махаббатына оңай ие болу немесе тойымсыз нәпсінің соңына ерушілік емес, керісінше, сол әйелдер қауымын қадір тұту, адам өміріндегі олардың зор ролін тани білу демекпіз. Енді екінші бөлімнен оқып керелік:

Сол заманда-ақ надандар шырық бұзған,

Жалғанның дәмін бұзып қауіп қылғызған.

Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,

Арашашы іздепті қатын, қыздан.

Ендігіге не сұрау бұл жалғанда?

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жібермейді,

Әйтпесе тұрмас едім осы маңда…

Әрине, бұл сөздеріне қарай, гуманист ақын әйелдерден арашашы іздеген еркектерді кекетіп отыр десек, онымыз тым шолақ қайырғандық, бірыңғай түсінгендік болар еді. Шынына келгенде, Абай өзін қоршаған ежелгі жаулары надандық пен әділетсіздікке қарсы ыза үстінде айтып, сол кездегі «шырық бұзған надандарды» сынап-мінеп отыр. Дегенмен, осынын, өзінен-ақ, поэманың екінші бөлімінде ақынның басқа сарынға түгелдей көшпесе де, Масғұтты жаңа бір қырынан көрсетуге тырыспай, енді ел арасына «Шәмсижиһан» атанып даңққа бөленген Масғұтты да өзінің негізгі идеяларына уағыздауға тағы да пайдаланып отырғанын абайлаймыз. Қорыта келгеңде, бұл шығармадағы («Масғұт» поэмасын айтып отырмыз. — Ы. Д.) екі бөлімнің арасындағы алшақтық сырт қана көрініс, түптеп қуаласақ, Абайдың сол шығыс аңызын жалпы фон ретінде алып, өзінің заманасы жөніндегі ойларын, сындарын айтпақ болғаның тану онша қиын емес.

Абайдың «Әзім әңгімесі» аталатын шығармасын шын мәніндегі поэма деуге келе бермейтін тәрізді. Ең алдымен бұл аңыз аяқталмаған, оқиғаның ақыры немен тынатынын және онда келесі жайлар қалай суреттелетінін, ақынның қандай идеяны уағыздайтынын біз білмейміз, екіншіден, соңғы жылдардағы зерттеулер бойынша «Әзім әңгімесі», «Мың бір түндегі» (774-827 түндер) «Хасан зергер туралы әңгіменің» сюжет желісіне негізделіп құрылғаны анықталды. Ендеше бүл жайдың да өзіндік маңызы бар, ең, болмағанда ертегінің де салқыны болуы ықтимал ғой.

М.О. Әуезов «Әзім әңгімесі» жөнінде былай дейді: «… 1927 жылы осы поэманың текстін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырыспайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбада өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да «төлеу» салып, аламыштап жіберген сияқты, өйткені, поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар»

[2]

/
.

Әлемге әйгілі «Мың бір түн» ертегісінде бас қаһарманнын, есімі Әзім емес, Хасан. Аяр шалдың аты — Баһрам. Абай шығармасында тау басынан амалдап түскен Әзім екі-үш күн жүргеннен кейін алтынды үйге кез келіп, ондағы екі қызбен танысады.

 

Екі қыз естіп білді Әзім жайын,

Есіркеп-мүсіркейді айтқан сайын:

- Сен бізге бауыр болып, тұр осында,

Не керектің қылалық бәрін дайын…

 

Бала жігіттің бұл үйді қалай кезуіне де рұқсат берілсе де, жалғыз-ақ бір есікке кірмеуі қатты ескертіледі. Бір күні екі қыз бір жаққа кетеді, үйде Әзім жалғыз қалады да, салған жерден тыйым салынған есікті ашып кіреді:

 

Кірсе ар жағы дөңгелек қалың ағаш,

Ішінде бір қауыз бар ернеуі тас.

Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,

Салтанатын түгендеп айтып болмас.

Тас ернеуі — меруерт, ол көрінген,

Кеткісі келмес жанның мұны көрген.

Ер Әзім тамашалап қарап тұрса,

Бір түрлі таңғажайып құстар келген…

 

Абай шығармасында осы жерге шейін ғана сақталған. Ал «Мың бір түнде» оқиға қалай дамыды? Хасан сол қыздардың көмегімен жәдігөй шал Баһрамды өлтіреді. Тыйым салынған есікке кіргенінде, Хасан кептер кейпіне кіріп, ұшып жүрген жынның ұлы патшасының қызын көріп, ғашық болады. Өзіне апа саналған кіші қыздың көмегі бойынша, Хасан жын патшасының қызына үйленіп, еліне қайтады. Кәрі шешесімен кездесіп, сүйікті әйелімен бәрі бірге тұрып жатады. Арада біраз жылдар өтіп, Хасанның екі баласы дүниеге келеді. Бірде ол жол жүріп кеткен кезде, әйелі әке-шешемді сағындым деп, екі баласын алып кетіп қалады. Әйелін іздеп сапар шеккен Хасан сан қилы қиыншылықтарды көріп, азап тартады. Бұл кезде әйелі де адамзатқа шыққаны үшін апасынан жәбір көреді. Ақыры Хасан баяғы апасы, кіші қыздың көмегімен осы азаптың бәрінен құтылып, әйелі мен балаларын еліне алып қайтады. Кәрі анасын қуантады, сүйікті жарымен бақытты өмір сүреді.

Ертегінің желісі, міне, осындай. Ал, Абайдың «Әзім әңгімесі» аталатын шығармасы сол ертегінің негізіне құрылса, оның үстіне поэманың алғашқы нұсқасы сол қалпында жетпей, кейінгілердің жамау-жасқауларын көрсе, әрине, мұндай шығарма турасында толық талдау жасап, тұжырымды пікір айту өте қиын. Алайда, «Әзім әңгімесі» атты поэманың кейбір ерекшеліктеріне қысқаша болсын тоқталып өтсек дейміз.

Абай «Мың бір түн» ертегісіндегі әңгімені сол қалпында түгелдей өлеңге аударуды мақсат етпегенге ұқсайды. Мұнда, бір жағынан, өз еңбегімен күн көріп, тіршілік еткең Әзім секілді талапты жастың жарқын бейнесі ақынды қызықтырса, сол сияқты Шығыс пен Батыс аңызында ежелден бері суреттеліп келе жатқан аяр шалдың жұмбақ бейнесінде ақынның назарын өзіне аудармай қоймаған. Әдетте өміріндегі сан алуан және шытырман оқиғалары немесе жұмбақ сырларымен осындай кейіпкерлер бір еліктірсе, сонымен бірге олар өз заманындағы кейбір жаңалықтарды таратушылар болып та көрінеді. Мысалы, дүние жүзіне ертеден-ақ мол тараған алхимиктердің ғылым күшімен жай тасты алтынға айналдыру әрекеті жиі сөз болып келгені мәлім. Ендеше Абайды да осы проблема еліктіргендей, өйткені аяр шалдың Әзімді алдаудағы негізгі құралы сол алтын жасау емес пе? Поэмада шал қара тастан алтын шығарады, бірақ ол «философский каменнің» сырын ашқан жоқ, бір биік таудың басынан Әзім сияқты сенгіш аңқаулардың қолымен қара ұсақ топырақ жинап, соның қасиеті арқасында алтын жасап жүр. Бұл, әрине, тек ертегіде ғана болатын құбылыс, шындықта алхимиктердің әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын баяғыдан белгілі.

Сөйтіп, поэманың алғашқы бөлімінде Әзім мен аяр шалдың кездесуі, сол шалдың сұм әрекеттері арқылы таза жүрек баланың алданып қолға түсуі, кеме үстіндегі оқиғалар, ақыры Әзімнің айтылмыш таудың басына шығып, айдаһарлардың ортасында қалғаны, көп азап-қауіптен кейін аман-есен құтылуы, оңаша тұрған алтындаған үйге кез келуі баян етіледі. Әрине, бұл шығарманың алғашқы бір бөлімі ғана, кейінгі оқиғалар суреттелетін жолдар жоғалып кеткен. Сондықтан біз бұл жерлерін ертегідегі фактілермен толықтыруға мәжбүр боламыз. Қысқасы, бұл поэмада да Абай адалдықты, еңбекқорлықты арамдық пен аярлыққа қарсы қойғаны айқын көрінеді.

«Әзім әңгімесі» де он бір буын қара өлең үлгісінде жазылған, ақын бұл шығармасында көбінесе баяндау әдісін қолданып, кейіпкерлерінің ішкі сезімдерін ашуға онша бара бермеген.

Абай аудармалары. Абай кезінде қазақ арасында аударма ісі жөнді тарамаған болатын, бірен-саран шұғылданушылар кездесе қалса, олар аударманы өздерінің негізгі мамандықтары қажетіне байланысты жүргізетін еді. Бұл ретте сол замандағы белгілі қайраткерлердің ішінен көрнекті ағартушы және тамаша педагог Ыбырай Алтынсаринды атаған болар едік. Оның өзінде ол балаларды оқытуға қажетті бірнеше ғибрат әңгімелерін аударғаны болмаса, кең көлемде бұл іспен айналыспағанын көреміз. Екінші сөзбен айтқанда, аударма дегеніміз ол кезде, шын мәніндегі өнер дәрежесіне көтеріле алмай, әуесқойлық көлемінен аспаған еді.

Сөз жоқ, Абайдың өз басы аудармамен шұғылданған шақта бұл салада арнайы қызмет етуді, сөйтіп, аударма ісін профессионалдық сатыға көтеруді нысана етіп қоймаған. Әйтсе де, ұлы ақын өзінің творчестволық тәжірибесінде әрдайым орыстың озат мәдениетіне сүйенгендіктен, өзі сүйсіне оқып, үлгі-өнеге тұтқан классик ақындарды қазақшаға аудармай отыра алмаған. Керек десеңіз, Абайдың ақындық өнерінің кемелденуіне, шеберлігінің шыныға түсуіне аударманың да белгілі ролі, игілікті әсері болғанына ешбір күмән жоқ. Қайткен күнде де Абай әдеби мұрасының ішінде аударма нұсқаларының да өзіндік орны мен салмағы бар. Бірер цифрлар келтірелік: оқта-текте болсын аударма ісіне арналған өмірінің 15 жылында Абай үлкенді-кішілі 53 шығарманы орысшадан қазақшаға аударған. Сонда ол А. С. Пушкиннін, «Евгений Онегин» атты өлеңмен жазылған әйгілі романынан жеті үзінді, М. Ю. Лермонтовтан 28 шығарма, И. А. Крыловтан 11 мысал, басқа ақындардан 7 өлен, аударған. Ал енді солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқтап, ақынның бұл саладәғы жемісті еңбегіне баға беріп өтсек дейміз.

Абай аудармаларын А. С. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» жасалған үзінділерінен бастайтын себебіміз қазақ ақынының, бұл саладағы тұңғыш қызметі, алғашқы адымы осы дерлік еді. Бұл ретте ең алдымен орыстың энциклопедиясы саналған тамаша шығарманыц қай қасиеттері Абайдың назарын аударып қызықтырды және сол үзінділерді аударғанда ақын алдына нендей мақсат қойды деген сұраққа жауап іздемеске болмайды. Өйткені, осыған байланысты біз Абайдың аударма өнеріндегі әдіс-тәсілін де жол-жөнекей анықтайтың боламыз.

Романды түгелдей аудармағанына қарағанда ондағы орыс қауымының сол кездегі өмірін жан-жақты көрсететін көптеген жайлары Абайды онша қызықтырмаған болу керек. Рас, аударма ісімен бұрын машығы жоқ ақынға, ол қаншама дарынды бола тұрса да, бірден «Евгений Онегин» тәріздес күрделі және классикалық ғажап шығарманы меңгеру оңайға түспес те еді. Сонымен қатар Абай заманындағы қазақ ортасынан мұндай кемел туындыны терең түсініп оқитын мәдениетті жұртшылықты табу да қиын екеніне күмән болмасқа керек. Сондықтан да, Абай жалпы көпшілікке түсінікті екі жастың басындағы ғашықтық жайды ғана алады да, оны біріне-бірі тең пак жастардын, сәтсіз махаббаты түрінде ыспаттайды. Қазақ ақынының осынысында А. С. Пушкин текстінен мүлде алшақ кеткендік немесе көрінеу көзге қиянат жасап бұрмалағандық бар ма? Біздіңше, жоқ. Мәселе Пушкиндегі Онегиннен Абай аудармасындағы Онегиннің азды-көпті айырмасының барлығында емес, себебі түптеп келгенде соншама зор айырмашылық, оларды біріне-бірін жат ететін алшақтық жоқ. Пушкин Онегині саяхаттан қайтып оралғаннан кейін Татьянаны екінші рет, жаңа жағдайда көргеніңде оған бірден ынтызар болып, жүрек мұңын ашпай ма? Ендеше, Абай осыған сүйене отыра, романның басқа перипетиялары сөз болмайтынын ескеріп, екі жастың хаттарын келтіргенде, ол шындықтан алыс кетпейді. Және мұндай шешімнің сол кездегі қазақ жастары үшін де тәрбиелік маңызы ұшан-теңіз еді, Абай міне осы жағын қатты ескерген тәрізді. М. О. Әуезов өзінің, Абай творчествосына арналғаң белгілі еңбегінде ақынның осы аудармаларын эпистолярный роман деп атайды. Бұл қүнарлы пікірдің, негізінде шындық бар десек те, жоғарыдағы Абай аударған үзінділерді олай деп үзілді-кесілді атауға келе бермейтін секілді. Демек, бұл алуандас шығармалар, әсіресе, прозалық түрде, Европа әдебиетінде өте көп ұшырасады, бірақ, олардын, қай-қайсы болсын қалыптасқан заңдылығы бар, бір тұтас туындылар. Хат формында жазылса да сол шығармалардың қаһармандары әр қырынан көрініп, өздерінің көркемдік шешімдерін тауып отырады, қысқасы көркем шығармаларға әдетте қоятын қатал талаптарды оларға да жасауға әбден болады. Ал, Абай аударған үзінділерде мұндай жымдасқан тұтастық жоқ және олардың бәрі жияалып келгенде екі жастың басындағы бір ғана кезеңді суреттейді, яғни Онегин мен Татьянаның басқа мінез-құлықтары мен қарым-қатынастары ашылмайды, назардан тыс қалады.

А. С. Пушкнннің «Евгений Онегинінен» аударылған үзінділер женіндегі сөзімді аяқтамас бұрын тағы бір мәселеге айрықша көңіл бөлгіміз келеді. Сол «Евгений Оңегиннен» жеті үзінді қазақшыланған болса, олардың бәрі бірдей Пушкиннің оригиналымен мүлтіксіз дәл түсе бермейді, кейде біраз алшақ кетіп отырады. Бұл неліктен? Абайдың алғашқы адымы, демек аударма ісіндегі тәжірибесі аз болғандықтан туды дейін десек, аталмыш үзінділердің ішінде ақынның, әрі көркем, әрі дәлірек аударғандары да бар ғой. (Мысалы, «Онегинніц сипаты», «Амал жоқ қайттым білдірмей», «Барасың қайда, қайда болмай маған» т. б.) Тегінде негізгі себеп басқада болса керек. Сайып келгенде, өз заманындағы оқушы көпшілікке аударманы ұғымды ету үшін мұндай азды-көпті алшақтыққа Абай саналы түрде барған сияқты, бірақ ол еш уақытта да Пушкиннің негізгі сарынын, рухын мүлде өзгертіп көрген емес. Қайталап айтсақ, Пушкинді қазақшалағанда Абай қайтсе де оны текстіне тың жолдар енгізіп, өнер таластыруға немесе орыс ақыны тартқан желіні бұзып, соны тақырыпқа бұруға әдейілеп барған жоқ. Ал, ара-тұра болсын Пушкиннің түп нұсқасынан кейде алшақтап кетуі қазақ оқушыларының қамын жеуден туған өте заңды көрініс…

Қысқаша қайырғанда Абайдың Пушкинге келуі осылайша болған. Ал, Абайдың жалпы аударма көлемінде не істегенін, өз творчествосына және кейінгі қазақ әдебиетіне бұл еңбегінің қаншама құнарлы әсері болғанына осы тараудың аяғында тоқтап өтуді мақұл көрдік.

Абайдың ерекше сүйіп аударған екінші ақыны—М. Ю. Лермонтов. Ең алдымен, қазақ ақынының Лермонтов шығармаларымен жете таныс екенін және оның жеке өлеңдерімен бірге кейбір поэмаларынан да үзінділер аударғанын көреміз. Мұндағы екінші бір жаңалық, Абай аударма өнерін жақсы меңгеріп, оның көркемдік сапасы мен оригиналға дәлдігін айта қаларлық дәрежеге көтере білген.

М. Ю. Лермонтовтың әйгілі поэмасы «Демоннан» немесе оның басқа да кесек шығармаларынан («Измаил-Бек», «Исповедь») үзінділерді қазақшылағанда Абайдың көздеген мақсаты түсінікті сияқты, ол, ең алдымен, өз көңіл күйін білдіретін, сонан соң оқушы жұртшылыққа қатты әсер етіп, өнеге болатын жолдарды аударады.

Аударманың дәлдігін кейде біз тым тар көлемде түсініп, бір жақтылау сөз етіп жүрміз. Әрине, аударылған өлеңнің ішкі тынысын, форма ерекшеліктерін сол қалпында бұлжытпай бере білуге не жетсін, оған ешкім таласпайды да. Бірақ, тәжірибе жүзінде, түрліше себептер билеп оригиналдан біраз алшақ кетуге тура келеді делік, сонда қайтпекпіз? Егер бұл жағдай түп нұсқаның көркемдік қасиеті мен эмоционалдық әсеріне зақым келтірмей, қайта жеңілдік жасайтын болса, онда үзілді-кесілді тыйым салудың үнемі қажеті жоқ. Өйткені, мәселе жол санын сақтап, орны орнын ауыстырмай сол куйінде беруге тырысуда ғана емес, түп нұсқадағы ақынның ойларын бұзбай, көркем теңеулері мен айшықты сөздеріне төлеу таба білуде, қысқасы, жаңа тілдің байлығы мен мүмкіндігін дұрыс пайдалана отырып, орыс классигін өзіне тәң шешен де шебер сөйлетуде демекпіз. Абай міне осы жағына әрдайым назар аударып отырған. Сырт қарағанда Абай «Теректің сыйын» аударған кезінде Лермонтовтың текстін әрі қысқартқан және көбінесе алшақ кеткенін көреміз. Лермонтовта бұл өлеңнің көлемі Абайдың аударғанынан екі есе көп, 77 жол. Бұл ретте М. О. Әуезовтің жорамалы дұрыс тәрізді: Мысалы, «Теректің сыйын» Абай көп қысқарту жасап аударды… Себебі, оригиналдың ішіндегі бір ер жігіт кабардинецті әкеле жатырмын дейді. Жігіттің сауыт қаттауында жазылған «Құранның аяты да бар» дейді.

Абай өз оқушысына осы жерді қалпында беруді қолайсыз көрген тәрізді. Сол бөлімді алып тастаумен бірге, Лермонтовтың кейбір жолдары мен кей шумақтар ішіндегі мазмұндарын аударыстырып, не өзгертіп алады. Жалпы алғанда, тамаша көркем шыққан өлеңнің дәлдік жағынан өзгешелігі бар.

Мұндағы ескеретін бір нәрсе, Лермонтовты қазақшалағанда Абай ұлы ақынның текстін өз жанынан беталды «әдемілеуге» тырыспайды, қайта кейбір әсем теңеулерді Лермонтовтыц өз шығармаларынан алып, орынды пайдалана білген. Мысалы, Абайдың аудармасында мынадай бір тамаша жолдар бар:

 

Асау терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстанның жалындан бұйра толқын

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып…

 

«Теректің сыйында» тап мұндай теңеулер кездеспегенмен осыған жақын сөздерді «Демон» поэмасынан ұшыратуға болады:

 

И, глубоко внизу чернея,

Вился излучиотый Дарьял,

И Терек, прыгая, как львица

С косматой гривой на хребте,

Ревел, — и горный зверь и птица,

Кружась в лазурной высоте,

Глаголу вод его внимали…

 

Жоғарыда келтіргендеріміз Абай тәжірибесінде сирек кездесетін жайлар, өйткені ол, көбінесе, Лермонтов шығармаларын әрі шебер, әрі дәл аударып отырған. Бұған дәлел ретінде «Жалау», «Жартас», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» сияқты өлеңдердің аудармаларын атаса да жеткілікті.

Абайдың А.С. Пушкин мен М.Ю. Лермонтов шығармаларын аудару тәжірибесінен туған тағы бір қызықты құбылысты сөз етпеске болмайды. Мысалы, Абай кейде бір өлеңнің (мейлі Пушкиннің я болмаса Лермонтовтың делік. — Ы. Д.) бас жағын аударып келе жатады да, кенет өз тақырыбына көшеді де, өзінше толғап кетеді. Мұны аударма қатарына жатқызайын десеңіз, сол Пушкин мен Лермонтовтан тым алшақтап, мүлде алыс кеткен, ал ақынның төл шығармасы деуге бастапқы жолдарының шын аударма екенінде күмән жоқ. Ендеше бұл жағдайда не істеу керек? Біздіңше бұл мәселені дұрыс шешудің бір ғана жолы бар секілді. Демек, аударушы ақынның өз жанынан қосқан тың жолдары түп нұсқаның сарынымен кетсе, немесе сонда көтерілген идеяны дамытатын болса, ол уақытта мұндай еңбекті аударма деп атағанмен Пушкиннен (немесе Лермонтовтан) яки Пушкин (Лермонтов) бойынша деген ескертпе берген жөн. Ал егерде сол жоғарыда аталмыш орыс классиктерінің шығармалары әуел баста Абайға әсерін тигізіп, өлеңдерін аударуға кіріссе де кейін өзінше шешіп, соны тақырыпқа түсіп кеткендей болса, мұндай туындыларды аударушы ақынның төл шығармалары қатарына қосқан жөн. Жасыратыны жоқ, ана бір жылдарда ет қызуымен Абайдың көптеген тума өлеңдерін аударма деп санаған кездеріміз болды. Әрине, сыпайылап айтқанда, мұнымыз бояушы дегенге мәз болып, сақал-шаштан түк қалдырмай бояғандық болып табылады. Қашанда, қай елде болсын, данышпан деген ақындардың бір тақырыпқа, бір сарынға әрі үндес, әрі түрлес шығармаларын жазып келгені тарихта бұрыннан-ақ мәлім.

Абайдың тағы да ерекше көңіл бөліп аударғаи адамы, орыстың атақты мысалшылы — И.А. Крылов. Сол бір кезде, аударма жұмысы жолға қойылмай тұрған шақтың өзінде Крыловтын, бір мысалын («Қарға мен түлкі») тұңғыш рет Ыбырай Алтынсарин аударған болатын-ды, содан кейін Абай молырақ, жемістірек еңбек етіп, оның он бір мысалын қазақшылады.

Крылов мысалдарының ішіндегі жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен жауыздықы, адамгершілік пен ар-намысты, надандық пен топастықты сөз ететін тәрбиелік мәні зор шығармаларының қазақ ағартушыларын қызықтырғанын абайлау онша қиын емес. Сопдықтан да, Крыловтың сол кездегі орыс өмірінің ұсқынсыз жақтарын шенейтін сатиралық мысалдарын қазақшылауға бармай, оның «өсиетшілдік бағыты» басым мысалдарын Абайдың көбірек аударуы тегін болмаса керек. Оның бер жағында, өз заманасының кесепат-кемшілітерін бадырайта көрсетіп, жалпыға жете түсіндіруді мақсат етіп отырған сыншыл Абай үшін астарлап, Эзоп тілімен сөйлеу оншама тиімді болмаған тәрізді. Тағы да ескертетін бір жағдай: Крылов мысалдарын Абай негізінде шебер аудара тұрса да, екі жағдайда түп нұсқадан алшағырақ кеткенін аңғарамыз. Бірінші, мысалдың өзіне тән ерекшелігін сақтамай оны әншейіндегі өлең түрінде аударған, екінші кейде Крылов текстінен ауа жайылып, өз тарапынан қорытындылар жасап отырған. Әрине, бұл кездейсоқ құбылыс емес, өйткені ұйқасты сөзге үйреніп қалған қазақ журтшылығына өлеңге жатпай-тын бөлек жанр басняны өз ерекшеліктерімен (оның шумакққа бөлінбеуі, көбінесе сөйлеп айтатын ауызша әңгімеге, халықтың нақысты ырғақты қара сөзіне бейімірек келуі, тағысын тағылар) сол қалпында аудара қою оңай емес еді. Абай да, Алтынсарин да бұл жерде жаңа жол, тың тәсіл іздемей, қазақ поэзиясындағы мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр болды.

И.А. Крыловтан аудармаларды сөз еткенде ескеретін тағы бір жәйт: орыстың ұлы мысалшысынан Абайдың қанша шығарманы қазақшалады деген сұраққа жауап беру. Себебі, Мұхтар Әуезов бұл жөнінде былай деп жазады: «осындайдың салдарынан, Абайдың 1945 жылы шығатын толық жинағында, Крыловтан Абай ғана емес, өзге адамдардың жасаған аудармалары да, жаңсақ басылып кеткен. Әсіресе, жинақтың тізілуін басқарған кейбір адамдардың шалағайлығы бойынша, жаңағыдай қолдарына түскен Абай қолжазбасының кейбір өзгешеліктерін аңдамауы бойынша, өзге тұста болмаса да, дәл осы Крыловтың мысалдарын тізген бөлімде көрінеу қателіктер кеткен. Мен өзімнің, бала күнімнен білетін, ескі қолжазбаларды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармалары төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары: 1. «Есек пен бұлбұл»; 2. «Бүркіт пен қарға»; 3. «Шегіртке мен құмырысқа»;  4. «Түлкі мен қарға»; 5. «Піл мен қанден».

Соңғы жылдардағы зерттеулердің нәтижесінде Абай аудармасының саны он бірге жетіп отыр. Олардың бәрі дерлік ұлы ақынның 1909 жылғы баспасына енген және Мүрсейіт қолжазбаларының бәрінде де бар (1905, 1907, 1910).

Жоғарыда аттары аталған орыстың үш классигінен басқа, Абайдың аудармасы бойынша қазақ әдебиетіне кірген тағы да алты шығарма бар: «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» (Адам Мицкевичтен), «Сұрғылт түман дым бүркіп» (романс, сөзі А. Дельвигтікі, музыкасы М. Глинканікі), «Қорқытпа мені дауылдан» (И. Буниннен), «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп» (авторы белгісіз, Лермонтовка таңылып келген өлең), «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» (И.А. Крыловтан), «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» (Я.Молонскийден). Бұл аудармаларында да Абай өзінің шеберлігін, көп жағдайда терең түсініп, дәл аударатынын көрсеткен.

Абайдың аударма өнеріне қосқан зор үлесін сөз еткенде қандай қорытындылар жасауға болар еді? Ең алдымен, мұндай игілікті жүмысқа Абай еріккеннің ермегі немесе көлденең кәсіп ретінде қарамаған. Керісінше, мұндай шабытты жолдар қазақ ақынының орыс халқының ұлы мәдениетімен танысып, Пушкин, Лермонтов — сынды сүйікті ақындарымен сырласу сәтінде туған. Сондықтан да Абай, бір жағынан, өзінің творчествосын жаңа биікке көтеріп, орыстың классикалық тамаша поэзиясынан үлгі алса, екіншіден, сол кездегі қазақ қауымын тың бір дүниемен таныстырды, келешек ұрпаққа өнеге боларлық ұмытылмас еңбек етті. Рас, Абайдан бұрын, жалғыз Алтынсарин болмаса, өзге тілден аударма жасағап қайраткерлер қазақ тарихында кездеспейтін-ді. Шығыстың ертегі-аңыздары көбінесе ауызша айтылып тарап келген еді. Міне осындай жағдайда Абайдың аударма ісімен шұғылдануы өте қиын, тіпті тың қадам еді. Мұндай ауыр жұмыста Абайға көмек көрсеткен, жеңіске жеткізген өзінің асқан дарыны, керемет интуициясы. Данышпан ақын аз жылғы тәжірибесінде шын мәніндегі ісмер аударушы дәрежесіне көтеріледі, сондықтан да болу керек, қазірдің өзінде Абайдың кейбір аудармалары көркемдік қасиеттері мен дәлдігі жағынан кейінгі буын ақындардың бәріне қол жетпес үлгі болып келе жатыр. Бұл бір жағы ғана. Ал, ең қымбаты мен ұтымдысы басқада: меңіреу қараңғылықты жамылып жатқан қазақтың байтақ даласына гуманист ақын Россияның озат ойын, ұлы арманын, демократиялық мәдениетімен қатар, жарқын жүзді адамдарын да таныстырды, сөйтіп, ежелден көршілес келе жатқан екі елдің арасындағы туысқандық қарым-қатынасы мен мызғымас достығын нығайту ісіне жан аямай қызмет етті. Әрине, бұл екінің бірі атқара беретін оңай нәрсе емес еді. Феодалдық-мешеулік пен ислам діні фанатизмінін, белең алып тұрған сол бір шақта қағбасын Россия жақтан іздеу тек Абай-сынды көреген, данышпан адамның, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаган бел баласының ғана қолынан келетін ерлік қадам еді.

Сонымен қабат орыс халқының ұлы мәдениетінен нәр алу Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алып еңбегінің тезірек және құнарлы жеміс беруін жеңілдете түсті, жаңа бағытты, шын мәніндегі өскелең енердің (бұл жерде көркем әдебиеті мен әдеби тілін айтып отырмыз – Ы. Д.) негізін қалауына даңғыл жол ашып берді. Сайып келгенде, орыс поэзиясының тамаша үлгілерін қазақ тіліне аударуда да Абай зор еңбек етіп, аударма өнерінің де негізін қалады.

Дүйсенбаев Ы. Абай Құнанбаев // Дүйсенбаев Ы.

Ғасырлар сыры. – Алматы, 1970. – 84-137-беттер.